Жұмыстың құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Дін негіздерін ұғындырудағы әдеби мұраның тарихи мәні. Тәжірибесі. Дәстүрі
ХІХ ғасыр әдебиет үлгілеріндегі дін негіздері
ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерінің діни дастандарда – кітаби әдебиетте арнайы мазмұндалатын дін негіздерімен желілес, сабақтас өрістері туралы ұзақ уақыттар бойы, айтылмады. Дінді дұрыс ұғындырмай жүрген, мал қуып, пенделік жеңген жекелеген ишан, молданы сынау фактісін тұтас исламға қарсылық етіп көрсету заман талабына қолайлы болғандықтан кейбір тегеуірінді, мығым білімді зерттеушілер мәселені түптамырынан тани тұрып, саяси ыңғайға бейімделіп бір жағынан ғана айтуға көндікті.
Бастауын Құран Кәрім негіздерінен алатын мұсылмандық ағартушылық әдебиеттің ізгі рухани миссиясының қызметіне жегілген сөз өнерінің ұлы парызы қазақ әдебиетінің де айнымас бағдары болған. Әлденеше ғасыр жазба дәстүрі тоқырап, ауызша тараған, қайта жаңғырған жазу әдебиет үлгілерінде, жаңа жазба әдебиет жанрларында жасап өрістеген қазақ әдебиетінің бай тарихының барлық кезеңіне де дарыған.
ХІХ ғасыр әдебиетіндегі айтыс өлең, ән өлең, тарихи өлең, дәстүрлі толғау үлгілері, зар заман толғау өлеңдердегі даралық сипаттар, оларды туғызушы шығармашылық тұлғаларға қатысты зерттеу еңбектерде әдеби дамудың мұсылмандық ағартушылықпен тамырласқан айрықшалығына баса мән беріп, тереңінен қозғауға мүмкіндік тапшы уақыттарда да әдеби мұраның дін негіздерімен сабақтастығы назарға алынып отырды.
«Сөйтіп, ХІХ ғасырдың орта тұсындағы қазақ поэзиясы әрі оның шығарушылары жайлы мынаны айтуға болар еді, біріншіден, би-ақындар болды, олар байырғы дәстүрмен, үлгімен тақпақ сөздер шығарды, екінші сарай ақындары болды, олар мақтау жырлар таратты, үшінші айтыс ақындары болды, олар мақтау өлеңдер мен айтыс өлеңдерді шығарды, төртінші шығыс әдебиетіндегі ғашықтар жайлы сюжеттерді (әрі қиссаларды) қайта жаңғыртып жазатын кәсіпқой ақындар болды, олар жыр, өлең үлгісіндегі ғашықтық дастандарды туғызды; бесінші дін ислам өкілдері жайлы шығармалардан, өлең үлгісінде қисса жазатын молда ақындар болды, алтыншы әрі айтысқа түсетін, әрі ауызшада, жазба түрде де толғау жыр шығаратын ақындардың жаңа тобы көрінді» [2].
XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінде ілгері заманалардан келе жатқан дүние мысалын термелеп айту, сабырға, төзімге шақыру, адам болып ғұмыр кешу, өмірмен қалыптасу дәстүрлі желілері жалғасын тауып отырды.
Қазақ арасына ислам дінінің тарауына елеулі септігін тигізген әдеби мұра туралы айтылғанда, негізінен қисса-дастандар алдымен аталып отырады. Бастауын Құран негіздерінен алған қиссалардың XIX ғасырдағы көп жанрлы, алуан бағытта дамыған қазақ сөз өнерінің барлық үлгілерінде де дәстүрі тамыр жайды, толғау өлеңде де, айтыс өлеңде де, тарихи өлеңде де, жаңа жазба өлеңде де, ән өлеңде де дін ғибраты өзекті желі, өмірлік арна болып өріс жайып, зор рухани кеңістік қалыптасты.
Қазақ кітаби ақындар шығыс әдебиеті шығармаларын мазмұн, сарын, не сюжеттік желісі тұрғысынан қайта өңдеп жырлап, халыққа жеткізіп отырған [3]. Қисса өлеңнің ХІХ ғасырда қазақ арасына таралуының тарихи-көркемдік алғышарттары тұрғысында, Ресей үкіметі жүргізген дін саясатының, бұлтарыс, қалтарысы, қилы кикілжің жағдайларының дін таралуындағы ықпал, себебі жайында қазіргі уақытта белгілі бір нақтылы таным түзілді. Кезінде Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, тағы да басқа зерттеушілер қисындап, қорытқан қиссаның таралуындағы қазақ жеріндегі тарихи алғышарттар, кезеңдік саяси себептер ауқымында әдеби мұрадағы экзегетикалық дәстүрдің орнығып, даму мәселелерін қозғап, қорытуға негіз бар.
«ХІХ ғасыр әдебиетіндегі қисса-дастандар – ауызша әдебиет пен жазба әдебиеттің аралық туындысы. ХІХ ғасырдағы жазба әдебиет жайына байланысты дерек, дәйектердегі Х.Досмұхамедұлы, А.Байтұрсынов, М.Әуезов атап көрсетіп отыратын, «жазба әдебиеттің негізін мұсылманша сауатты молдалар салған», «қазаққа жазу дінмен келген», «Қазақта жазба әдебиет Абайдан көп бұрын басталған», т.б. түйіндердің байлам, тоқтамы өлеңнің осы түрінде жатқандай. Бұл өлең – Абай дәуірінде кең жайылған өлең. Жаңа дәстүр туғызған өлең. Жаңа жазба өлеңге де ықпалы түскен, бірақ онан бөлек өлең» [4, б. 49-50].
ХІХ ғасырда қазақ әдебиетінің елеулі даму арналарының бірі болған кітаби әдебиет мұсылмандық діни ағартушылық мұраттары мен сабақтастықта өріс жайды. Ресей патша үкіметі тарапынан мақсатты түрде жүргізілген шоқындыру, қазақ балаларын орыс оқуына тарту, қазақтың сол тұстағы араб графикасындағы жазуын өзгертіп, орыс қарпінде жазуға бағыттап оқулық кітаптар шығару қазақ арасында дін оқуын дамыту мүддесіне тежеу салуды жеделдете түскен болатын.
В.В. Радловтың түркі халықтары әдебиет үлгілерінен құрастырылған көп томдық еңбегінің үшінші томында берілген (1870) «Бозжігіт» дастаны сол тұстағы құрылымдық ерекшелігімен назар аударады [5].
Алғы сөзде шығарушы бұл «Бозжігіт» кітабының Уфа шаһарында жарық көргенін, өзінің бұл кітапты 1842 жылы жазғанын хабарлайды.
ХІХ ғасырда кең тараған «Бозторғай» дастанында да ислам дінінің басым мұраттары уағыздалады. «Бозторғай» - Ортағасырлық түркі әдебиетіндегі нәзирагөйліктің ХІХ ғасырда қазақ арасына кең жайылу фактілерінің бір дерегі. Мазмұны діни желілерге құрылған бұл дастанда Әзіреті Ғалидың бір қарызға батқан кедей адамға көмектесуін баяндау арқылы, мұсылмандық парыз, ислами құндылықтарға зер салынады. Алланы мойындап, мұсылмандықты қабылдау туралы тарихи негізде баяндайтын ұлы мұрат дін қиссаларының барлығының да мазмұн желісін түзіп отырған.
Қазақтар арасында тараған «Бозторғай» дастанының баяндалу сипатына халық эпосының баяндау, айтылу стилі әсерін тигізгені айқын.
«Бозторғай» дастанының «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының айтылу ырғағымен мақамдас екендігін байқаймыз. Ал Орта ғасырларда жазылған Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» [6], Рабғузидің «Қисса-сұл Әнбиясы» сынды туындылардың айтылу, жазылу өрнегі [7] «Бозторғайдан» басқа үлгіде.
Шығыстық мығым негіздердің қазақ өлеңімен қатарласып, жаңа бір көркемдік тұтастық түзгендігі тұрғысында Шоқан Уәлихановтың «Қазақ халық поэзиясы үлгілері жөнінен» атты зерттеу жазбасында елеулі ойлар қозғалған [8].
«Бозторғай» буынды өлшемге құрылған. Бұл – қазақи қара өлең емес. Ырғағы, бунақ, буыны басқа түр. Бастапқы бунақтағы буын саны ұдайы үш буындық болып отыратындығы «Бозторғай» дастанының шығыстық негізін көрсетеді.
Қазақ өлеңіндегі қайым үлгісін қосып алып жазылғандығы дастанның белгілі бір көркемдеу тәсілдерінде трансформациялану үрдісін, тыңдаушы, оқушы жұрттың құлағына жұғымды, жанына сіңісті, дәстүрлі, дағдылы тәсілдерді жатсынбай сіңірудің сол тұстағы әдеби дамудың өзіндік бір ерекшелігін, өзгеше сипаттарын байқатады.
Жоқтықта қинар нәпсі кәріп жанды,
Көреді ол мүсәпір атпас таңды.
Күнінде он теңгесін өтей алмай,
Енді жарлы мойнына өсім салды.
Жоқтықта қинар нәпсі кәріп жанды,
Көреді ол мүсәпір атпас таңды.
Күнінде он теңгесін өтей алмай,
Мың қысып бір теңгесін хатқа салды [9].
Дастандағы жұмбақпен сөйлеу тәсілі, осы діни жұмбақтардың ХІХ ғасырдағы айтыс ақындарының шығармашылығында өріс алып, дәстүр түзген дін айтыстарына ықпалы болғаны байқалады.
Әдеби мұра қай дәуірде де имандылық негіздерін ұғындырып, таным түзіп, ғибрат жаю бағытында өлшеусіз рухани ықпалымен дәстүр түзіп отырды.
Не шара болса да Алланың ісі екендігін, қағынған кәпір жұртын ислам дініне енгізудің тарихы бағытында бұл дастанда ізгілік, адамгершілік баянды мұраттар мазмұндалады. Жақсылықты Алла жаратты. Ізгі адамдарды соған сәйкес жаратты.
Қиссада қиындық іс басыңа түспей тұрып Аллаға сыйыну туралы құлаққағыс бар. Осы тұс, зерттеушілер ұдайы атап көрсетіп отыратын, діни ағартушылық мұраттарда жандана түскен шығыстық қисса-дастандарды кітап етіп бастырып, ел ішіне тарату үдерісі бел алды. Қазақ әдебиетінде шығыстық сюжетке шығарма жазып, шығыс тілдеріндегі яғни, араб, парсы әдебиетінің құнды шығармаларын аударушы, байланыстырушы ақындар, «нәзирагөйлік» тәсілді жетік меңгергін кітаби ақындар болды [10].
ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің басты сипаттарының бірі – айтыс өлеңдегі дін желілерінің өріс ашуы.
Ақындар айтысында кітаби өлең үлгілерінің озық, ұтымды, оңтайлы тәсілдері шығармашылықпен дамытылып, етене, жанрлық бір сипатқа ойысты.
«Бозторғай» - дін айтыстарына ықпалы болған елеулі дастанның бірі.
Молда айтты Әлиге – нанармысың?
Менің айтқан тілімді алармысың?
Жұмбақ қылып айтамын он ауыз сөз,
Бір ауыздан қалдырмай табармысың?
Әли айтты молдаға: - нанармысың?
Менің айтқан сөзімді алармысың?
Тапсам таптым, таппасам өлемін ғой,
Тапсам үш ауыз сөз айтайын, табармысың?
- Сөйлейін сөйле десең, Жаппар құдай,
Шарапаты Мәдинаның тұрар былай,
Дереу басын кесермін, тапшы жылдам,
Екеу, үшеу болмақ жоқ, оным қалай?
Үндерде не үн жаңа – Құран үні,
Түндерде не түр жаңа – Қадір түні.
Ол неге үшеу болсын, кәпір дұшпан,
Жаратқан бір құдай-ды ай мен күнді [11].
Сәбит Мұқанов айтыс өлеңді түрге бөлгенде «Дін айтысы» деп арнайы тоқталды.
Дін айтыстарының кең тараған бірнеше үлгісін мысалға алып, бұл айтыстардың ислам дінінің әсерінен туғандығын, негізгі мақсаты қазақ арасына Ислам дінін сіңіру, исламның адамға, дүниеге қатысты негіздерін үгіттеу түрінде туғандығын, әрі дін жайында айтылған айтыстардың қазақ әдебиетінің тарихындағы бір дәуірді көрсететіндігін айта отырып, Сәбит Мұқанов бұл үрдістің елеулі бағыт, болғандығын айқындап көрсетеді. Саяси идеологиялық ыңғайда көп мәселені «төтесінен қойып қалып» айтуға ден қойғандай көрінгенімен, кішкенеден қисса жаттап өскен халқының дарқан жүрегіне лайықты перзенті Сәбит Мұқановтың сонау бір ХХ ғасырдың 40-жылдарында айтқан ойларының әдебиет тарихындағы айтыс өнері, оның белгілі бір тарихи кезеңдегі дін мазмұнынына құрылған үлгілері туралы нақты айтуымен маңызы зор [11,б. 206].
Айтыстың зерттелу тарихында әдеби дамудағы осы жанрдың діни негіздерін Темірхан Тебегенұлы түбегейлі зерделеуге бастайтын қисынды жүйе ұсынғанын айтқан жөн. Ғалым ақындар айтысын, ХІХ ғасырдағы айтыс өлеңді:
Мұсылмандық ағартушылық айтыстар;
Еларалық-ұлтаралық айтыстар;
Жазбаша айтыстар деп саралайды [12].
Кеңестік кезеңде ХІХ ғасырдағы Құран аяттары, Пайғамбар Хадистері негіз болған дін жұмбағы айтыстары елеулі мәтіндік қысқартулармен жарық көріп отырды.
Әйгілі «Шөже мен Кемпірбай» айтысында Шөже айтатын дін жұмбағы 1965 жылғы «Айтыс» кітабында (1 том) алынып қалған. Бұл тұста Шөже ақын Мұса пайғамбарға қатысты жұмбақ айтқан. Толық мәтін Сәкен Сейфуллин 1931 жылы құрастырған «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» атты хрестоматиялық жинақта сақталған [13]. Бұл мәтін берілмеген айтыс нұсқаларында Кемпірбайдың не себептен жеңілгенін ұғыну қиын.
ХІХ ғасырда айтысқа түскен ақындардың сөз қолданысындағы айқын бір ерекшелік – «Бір Алла» тіркесін қолданыста ұстап отыратындығы. Барлық ақын да Алланың бір, жалғыз, серігі жоқ құдірет иесі екендігін уағыздайтын исламдық ұстанымды сөзбен негіздеп бекітуді дағдыға айналдырған. Алла жалғыз деген иланым қазақ қауымында «Бір Алла» тіркесімен орныққан. Бұл қастерлі сөз қалыпты өмір жағдайында сәт сайын қолданысқа түсіп отырады.
Ақындар ұдайы зауал шақтың, махшар күнінде құрылатын таразының – ар таразысының, адамшылықтың таразысының жайын қайталап айту машығынан жазбайды.
Айтыс сөзде шариғаттың жайы, Алла міндет қылған адамшылық парыз тілге сәт сайын оралады.
«Шөже мен Тезекбай» айтысында тәңірі, құдай, намаз, борыш, кітап, шариғат, мақшар, т.б. діни ұстанымды бекіте түсетін жалпыға мағлұм тірек сөздер, термин мәнді діни ұғым атаулары әлсін-әлсін ауызға ілігетіндігі тек екі ақынның нақтылы бір айтысындағы сипат емес, кезінде баса мән берілмегенімен, бұл айтыс өлеңдердің барлығы дерлік дін негіздерімен, діни мазмұнмен құнарланған.
«Шөже мен Балта» айтысында иман, құл, Алла, Құран сөзі, қажы, т.б. қолданыстар көзге түседі. Шөже ақын пара алудың күнә екендігіне қаратып айтқан мына бір өлең шумағындағы ескерту бір ғана адамды шарпымағаны, көпке үлгі, өнеге жайғаны даусыз.
Алдыңда жеті тамық, сегіз ұжмақ,
Қайсысына кіруің екі талай!
Қазылықпен дүниеде жедің пара,
Бұл сөзді сен айтасың қалай-қалай? [11,б. 170].
Айтыс ақындарының көпшілігінің сөздік қорында діни, исламдық қолданыс екі сөздің бірінде өзіндік мазмұн ашып, сәуле шашып тұрады.
Шөже:
Құран сөзі ақиқат айнасындай,
Алшынбай ақ қайыңның жаңқасындай
Құдай артық жаратқан Өскенбайым –
Төрт жардың Омар, Оспан алқасындай [11,б. 170].
Осындағы төрт жар – Мұхаммед (с.а.с) пайғамбардың төрт серігі.
Шөженің пара алған Алшынбай ақыретте не айтпақ? деген төтен сауалынан кім-кім де тіксінері анық. Айтыс ақындарының жиі жүгінетін бір тоқтамы – өлімнің Хақ екендігі. Ауыздан түсірмей, естен шығармай, есеп күніне қарайлап сөйлеу, қарайлап жүріп ғұмыр сүру тәртібі бұл. Өмірді дала даналары Алланың аманаты деп қабылдаған. Өлімнен кейінгі дұға жасау парызы да ауыздан түспеген.
«Бақтыбай мен Тезек төренің» айтысында да діни маңыз тұнып тұр. Ел билеп отырған төре Тезектің Алла алдындағы парызын еске сала кету Бақтыбай ақынға міндет іспетті:
Сізді құдай жаратты
Нашарға көзін салсын деп.
Бізді құдай жаратты
Жақсыларға барсын деп [11,б. 180].
Бақтыбай шынды айтады. Ащы, батырып, аямай, буалдырлатпай, сырғақтатпай, бүкпей айтқанда бір Аллаға сүйеніп, бір Аллаға сеніп сөйлейді. Алланың жолын алға салып сөйлейді.
Тезек Бақтыбайдың ақындығын Ақиқаттың сөзін айтқаны үшін мойындаған. Небір шиеленісті тұстарда да сөзге тоқтау, шындыққа жүгіну, жығылу, Алла жолын ұстану, әділет-ғаделетке тізе бүгу – әлімсақтан адамшылықтың жөні.
Айтыс өлеңде адаммен ұстасудың, кектесудің керексіз әдет екендігі де көп айтылған. Айтыс өлеңде «Пір» ұғымына қатысты да тұрақты желі болды. Шортанбай ақын Орынбаймен айтысында «Пір болған жеті атаңа қожаң едім» десе, Орынбай осы тұстан ұстай алып, былайша сөз қайтарады:
Нәсілің төрт шар дейді, дегдар қожам,
Алдыңда сөзге жүйрік мен бар қожам.
Еліңе дәріс айтып, дін үйретпей,
Қазақтың өлеңінде нең бар қожам? [11,б. 195].
Төрт шар - төрт шарияр – Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) төрт сақабасы да айтыс ақындарының ұдайы бағалап, бағыт түзіп отыратын қастерлі кісілері.
Сералы қожамен айтысында әсіресе түбі қожа ақындарға дін сөзімен «соқтығуға» бейім Орынбай ақын тағы да былай деп төгіліпті:
Төрт шардан нәсілің артқан, дегдар қожам,
Қисық жүрме, түзу жүр жөн бар қожам.
Шариғат айтар болсаң кітап ұста,
Қазақтың өлеңінде нең бар қожам? [11,б. 195].
Айтыскер ақындар қырық парыздың жайын да көлденең ұстап отыратын.
Арыстан ақынмен айтысқанда Орынбай тағы бір қырын танытып, өзінің дін біліміне жүйріктігін алға салып сөйлепті.
Білмесең, қырық парыздан үйретейін,
Сөзімді өзегіңнен сүйретейін [11,б. 195].
Айтыс өлеңде ақындар ағайын татулығын, туыстың кетісуіне болмайтынын да тұрақты желінің бірі етіп қалыптастырған.
Құран Кәрімде, пайғамбар хадистерінде айтылатын ағайын араз болса, ырыс қашар деген ұстанымды қазақ баласы қатты қастерлеген.
Арыстан ақын Орынбайға бір жағдайдың мәселесінде айтатын:
Атығай, Қарауылмыз – бір ауылмыз,
Ырыссыздың тайындай тебіспеңіз, - [11,б. 195].
- деген тоқтам бір замандарда сахараны дүбілтіп жататын ақындар айтысындағы кісілікке тәрбиелеудің бір желісі болды. Айтыста ақындар күншіл болма, басқаның бағын күндеме дейтін тоқтамға да жиі жүгінетін.
Майкөт ақын Құлмамбет мінеп, сынаған туған жерін тұнып жатқан ислами құндылықтары аясында дәріптеген. Айтыс өлеңнің танымдық, тарихи сипаттары тұрғысында зерттеп, зерделенуі тиіс мәселелер әлі де аз емес. Осы айтыста Майкөт Оңтүстік өлкелердегі ислам өркениеті туралы, арғы тарих туралы тағылымдық ақпарат айтуымен, байлықтың кені қайда жатқанына меңзеуімен ұтты.
Сонша неге сөгесің,
Қаратау деген жерімді,
Тоқсан тоғыз машайық,
Сексен сегіз саруар.
Әулиелер жай қылған.
Қаратау деген жерімді,
Төрт пайғамбар туылған,
Кіндік қаны жуылған.
«Кіші Меке» деуші еді,
Сайрам деген жерімді
Мекелігін айтайын,
Айтулы тұр азаны,
Қызулы тұр базары.
Сәхәр тұрып тыңдасаң.
Құлаққа майдай жағады,
Шайықтың айтқан азаны.
Әзірет сұлтан Әлипан
Аяз құрған көп күмбез
Астананың қазаны [11,б. 105].
Құлмамбетке Майкөт еліңде өлім сәті жеткенде иман айтар молда жоқ деп мін тағады. Он күн молда іздеп тентіреп жүреді жұрт деп тиіседі.
Майкөт Бөлтірікпен айтысында да Түркістанның қадірін асырып сөйлейді.
Айтыскер ақындар дін жолындағы соғыс қаһармандарын, ислам тарихын, қыдыр дару, қажыға бару жайларын да айтыс барысында тақырыпқа тартып, елге сіңіріп айтып отыруды парыз тұтқанын көреміз.
Айтыста діни ұстаным, өмір ортасының қағидалары сәт сайын тілге оралатын. Дін жолынан тайып жүргендерге ащы айту, бетіне сөйлеу дағдысы айтыс өлеңнің жанрлық спецификасына мейлінше етене құбылыс болғандықтан да, дінге қатысты көкейкесті көп мәселе, қағаберіс қалдыруға болмайтын кісілік ұстанымдар шалқар мазмұн түзгені айтыс өлеңнің өтімділігін, өткірлігін, өзектілігін бекіте түскен айрықшалықтар болды.
Досмағамбетке Жамбылдың төпеп, төгіп айтуының осындай жанрлық жүгі де бар еді.
Молда емесссің, соқырсың,
Зекір айтып зарлаған.
Жаназа оқып өлгенге
Педия алып жалмаған.
Қараңғы надан халықты
Көзді жұмып алдаған
Кедей өлсе үйіне
Күңіреніп бармаған.
Аттана шауып бай өлсе,
Қирағаттап Құранды
Күні-түні сарнаған.
Жақсы көрсе молданы,
Көз бояушы зұлым деп,
Көпшілік неге қарғаған? [11,б. 125].
ХІХ ғасырдағы дін жұмбағын жасырған айтыстардың танымдық, тағылымдық маңызында «Ыбырай мен Құдайберген» айтысы да өзіндік мәнге ие. Ыбырай бала ақын Құдайбергенге дін жұмбағын жасырады. Тышқан жеген кәрі бүркітті тұспалдаған Құдайбергенді дін жайында сынап көруді көздегені анық.
Ыбырай:
Ия, балам, тыңдап отыр сөзді барлап,
Мен саған ұқтырайын сөзді ыңғайлап.
Мұқаммет пайғамбардың заманында
Бір ғарып дарияға салды қармақ.
Дарияға сол ғарыбың қармақ салып,
Алыпты дариядан нені қармап? [11,б. 145].
Достарыңызбен бөлісу: |