Диссертация Ғылыми жетекші филол. ғыл док., проф. Мәдібаева Қ.Қ


ХІХ ғасырдағы діни-ағартушылық бағыттың алғышарттары. Ғылыми таным кеңістігі



бет21/35
Дата04.09.2024
өлшемі353.34 Kb.
#503363
түріДиссертация
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   35
sejsenbieva-eh-s-povtor-phd-s-sp

2 ХІХ ғасырдағы діни-ағартушылық бағыттың алғышарттары. Ғылыми таным кеңістігі
2.1 Шоқан Уәлихановтың қазақ өлкесіндегі ислам тарихын зерттеу өзектілігіндегі еңбектері
Қазақ халқының тұрмыс қалпын ХІХ ғасырдағы саяси-әкімшілік, экономикалық, географиялық тұрғыдан ғылыми негізде зерттеуге тартқан жас ғалым Шоқан Уәлиханов осы күнге шейін бүктемесі жазылмай келе жатқан ХІХ ғасырдағы дін саясаты, рухани мәжбүрлі ахуал мәселе бойынша туралы қазіргі кезеңнің зерттеу бағыттарын нақтылай түсуге септігін тигізетін толып жатқан деректер келтіріп, ауқымды заманалық тоқтамдар жасап отырған.
Шоқан Уәлиханов он екі жасында түсіп оқыған Омбыдағы кадет корпусы сегізжылдық оқу орны болатын. Мұнда жан-жақты, терең білім алуға әскери пәндермен бірге жалпы география, Ресей географиясы, жалпы тарих пен Ресей тарихы, орыс, Батыс әдебиеті, философия негіздері, химия, алгебра, геометрия пәндері, орыс, француз, шығыс тілдер сыныбында түрік, монғол, араб, парсы тілдері оқытылатын. Қазақ, татар, шағатай тілінде де сабақтар жүргізілген.
Кадеттер көне дәуірдегі мемлекеттер тарихын, географиясын оқыды.
Әлем әдебиетінің тарихы, этнография мен антропология, тілдердің топқа бөлінуі, типологиясы, діни ұстанымдар, тұрмыстық жағдай ерекшеліктері туралы да кең, толымды мағлұмат берілетін. Соның ішінде Азия елдері – Қытай, Үндістан, Ауғанстан, Персия жайында кеңінен айтылып, Азия халықтары, олардың шыққан тегі, ұстанған діні, тұрмыс-салты тұрғысында мол ғылыми-танымдық материалдарды оқытып, үйретуге мейлінше ден қойылады.
Қазақстан туралы жүргізілуі тиіс зерттеулер де ұдайы күн тәртібінде тұрды. Табиғатынан зерек, ұғымтал Шоқан кадет корпусында оқып жүрген кезінде өзіне «Зерттелмеген Азияны» зерттеуді мақсат етіп қойды. Қысқа ғұмырда тындырып кеткен қыруар шаруасының барлығы дерлік туған халқының тарихын, әдебиетін, саяси-рухани тұғырларын, тұрмыс күйін, географиялық жағдайын зерттеумен сабақтасып жатыр.
Кадет корпусына келгенде орыс тілінде бір ауыз сөз білмейтін Шокан арада 2-3 жыл өткенде озық білімімен көзге түсті.
1853 жылы кадет корпусын бітіріп, корнет деген офицерлік атақ алып шықты.
Сан-салалы саяси, ғылыми қызмет бағытында Шоқан Уәлихановтың айрықша көңіл бөліп, күн тәртібіне шығарып отырған маңызды мәселелерінің бірі қазақтардың діни ұстанымына қатысты болғандығы назар аударады. Сол дәуірде де, қазірде де аса бір түйткілді, шетен мәселе – дін мәселесі туралы Шоқан Уәлиханов барды барынша – бүркемелеп, бүкпей, буалдырландырмай нақты деректер, нақтылы саяси-әкімшілік пәрмендер бойынша баяндап беріп отырғанын көреміз. Кейінде Шоқан Уәлихановты исламды жат көрді деп таныту пиғылдары да бас көтеріп отырды, күні бүгінге шейін де бұл мәселеде біржақты ұйғарым жоқ. Шоқан Уәлихановтың зор тарихи тұлғасын тұтас тану бағытында әлде де кенде қалып келеміз.
Шоқан Уәлихановтың нақтылы бір еңбегі – «Сахарадағы мұсылмандық туралы» мақаласы осы пікірлерге түрткі де болған сияқты.
Ұшпа, ұшқары байламға заманалық тұғырда бой көтерген Шоқан Уәлиханов феномені ішін ашпайды. Оның еңбектерін түбегейлі, тұтас игеріп, әріде жатқан өрелі ғылыми зердесіне беттемейінше, бірер фактіні іліп алып тоқтам айту – қате. Рас, Шоқан Уәлихановтың аталған мақаласында қазақтардың провославие дініне шоқындырылуын құптайтындай ойлар қылаң береді. Алайда, Шоқан Уәлиханов проваславиеге «ынтық» болса, сол бір басын қатерге тігіп, Қашқар ауып бара жатқан күндерде мынадай жазбаларымен бөлісер ма еді?!
«Асығыспын. Күнделігімді жерге көміп жатырмын. Алла аман-сау қосса, күнделік шіріп кетпесе, жарыққа бір шығарармын. Өзіңді бір Аллаға тапсырдым, қош бол!» [79].
Шекараға тақау Теректі-Дауан шатқалы дейтін жерге дәптер-жазбаларын көміп кетіп бара жатып жазғаны.
«Сахарадағы мұсылмандық туралы» мақаласының басты бір ерекшелігі – Ресей отаршылдық саясатының тұрғылықты халықтың діни ұстанымына қитұрқылықпен тұмсық сұғу фактілерін айғақтап, ашып көрсетуі.
Әрбір халықтың өзінің ертеден келе жатҗан діни ұғымдары мен ескі наным-сенімдері бар. Қазақ халының осындай ұғымдары мен нанымдары Шоқан Уәлихановтың пікірінше, шамандық дәуірінде, яғни көп құдайға сыйынған кезде пайда болған [80].
Шоқан Уәлиханов мұсылмандық ұстанымдар мәселесінде ара-тұра біржақты пайымдаулар да жасағандай болып көрінгенімен, ХІХ ғасырдағы Ресей билігіндегі елдің ислам шариғатымен өмір сүру фактісін әкімшілік билік, саяси-әлеуметтік факторлармен сабақтастықта саралауға мол мүмкіндік туғызатын мақала жазған.
«Біздің діни кітапшылдарымыз ертедегі Русь кітапшылдары сияқты өздерінің халықтық салтын батыл аластауда.
...Татар молдаларының, Орта Азиялық ишандар мен өздерінің жаңа діни ілімін уағыздаушылардың ықпалымен біздің халық барған сайын жалпы мұсылмандық кейпіне түсіп келеді. Кейбір сұлтандар мен бай қазақтар өздерінің әйелдерін харамға қамағандай жеке үйге қамап қояды. Діндар қазақтар Меккеге баруды бастап, ал біздің жаршыларымыз халықтың батырлар жырының орнына халық өлеңдерінің түріне айналдырып алған мұсылмандық апокрифтерді жырлайды» [8,б. 198].
Шоқан Уәлиханов Ресей мұсылмандарының тарихына қатысты назар аударарлық мол дерек келтіріп отырған.
«Бір уақытта орыс үкіметі өзіндегі кейбір бөтен тайпалық халықтар арасында европалық білімнің таралуы небір себептермен өзі үшін пайдасыз деп саналған кезі болған. Қайткен күнде де Кавказ мұсылмандары мен қазақтар жөнінде ол осы саясатты ұстады» [8,б. 198].
Шоқан Уәлиханов бұл жазбасында қазақтардың шоқынуы жайлы ащы шындықты айтқан дерек те бар.
«Соңғы кезде сібірлік басшылар ислам жөнінде бұрынғы қамқорлық жүйесі қате екенін түсіне бастаған сияқты Христиандыққа өткен қазақтар жәйлі 1862 ж. облыстық басшылар қабылдаған бір маңызды шара да бізді осыған сендіреді. Сібір қазақтарын басқару жөніндегі жарлықтарда шоқынған қазақтарды егер өздері соны қаласа, мещандар мен қазақ-орыстар сослевиесіне енгізу, немесе оларды қырда бұрынғы бұратана қалдырмау заң түрінде бекітілді. Шамасы оларды бұрынғы ортасынан шеттету және соның арқасында жаңа дін аясынан орнығуға мүмкіндік беру үшін болса керек. 1861 жылға дейін барлық шоқынған қазақтарды мещандар мен казактар қатырына жазып келді. Христиандық тұрғыдан бұл шара құптарлық іс, ал саяси жағынан аса ірі қате болып шықты, үйткені шоқынған қазақтардың оған қоса қырдан кету әдеті қазақ халқы үшін ешқандай әсерсіз қалды. Бізде сыртқы округтер құрылғаннан бергі уақыт ішінде православиені қабылдаған қазақтардың есебі жөнінде ешқандай деректер жоқ, бірақ бұл сан аз болмаса керек деп тұжырымдау қажет. Кейбір қазақ-орыс станицаларындағы халықтың жартысына жуығы шоқынған қазақтардан тұрады, мысалы: Ямышевская, Чистая және тағы басқа кейбіреулерінде, 1861 жылы ма, әлде 62 жылы ма, оншама есімде жоқ, облыстық басшылар бірінші рет шоқынған қазақтардың кейбіріне қырда өзінің бұрынғы тұратын еркінде қала беруіне рұқсат етті» [8,б. 200].
Осы шағын мақалада Шоқан Уәлиханов исламды мал табу жолымен таратушылар, дін негіздерін ұғындырудағы дүмшелік қаупі; жалпы ғылым-білімге тежеу салатын қасаңдық туралы алаңдаушылық білдірген. Айтқанындай-ақ, ХІХ ғасырдағы дін оқуын оқытудағы ілгерілеушілік, дүние ғылымдарын игеру талаптарында біртіндеп усули жәдитке ойысу бағыттарының орнығуында Шоқан Уәлиханов сынды ағартушы тұлғаның дүние біліміне кедергі келтіріп, кеселін тигізер схоластикалық дүмшелікті айыптағандығы да өзіндік ықпалын тигізгендігін айтқан жөн.
Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасын, сан тараптан сыр тартқан зерттеу еңбектерін кеңестік кезеңде біржақты, саяси-идеологиялық, әсіре орысшыл мұраттарда дәріптегеніміз туралы жұмған аузымызды аша қойған жоқпыз.
Замананың ғұлама тұлғасы, әйгілі шоқантанушы, академик Әлкей Марғұлан «Шоқан Уәлиханов ислам дінінің реакцияшыл мазмұнын әшкереледі», - деп жазған болса, сол қыспағы көп заманның жеке тағдырлармен ойнаған тұрпайы болмысының бір айғағы.
«Шоқан Уәлиханов, әсіресе, ислам дінін қатты сынады. «Сахарадағы мұсылмандық туралы» мақаласында исламның реакциялық негізін сендіре әшкерелейді, мұсылмандық фанатизм мен діни реакционизмге батыл түрде қарсы тұрды, қазақ қауымының өркендеуіне бірден-бір тежеу, қырсық діннен деп түсінді.
Шоқан Уәлиханов ислам дініне, - алдап-арбаудың, надандықтың қайнар бұлағы, діннің зәрлі уымен халық бұқарасының санасын уландырып, ақымақ етудің құралы деп қарайды. Мұсылман діні ашықтан-ашық ортағасырлықты жақтап, феодалдық артықша праволарды қорғайтынын ол жақсы білді және де өзінің мақалаларында Шоқан патша үкіметі өзінің отаршылдық саясатын жүзеге асыруда мұсылман дінінің басшыларына сүйеніп, исламның реакцияшыл әрекеттерін әдейі қолдап отырғандығын үлкен наразылықпен айыптады. «Мұсылмандық әзірге біздің тәнімізге сіңіп, қанымызға араласа қойған жоқ. Бірақ ол бізге болашақта халық бірлігін жою қаупін туғызып отыр», - деп жазды Шоқан.
Уәлиханов молдаларды, ишандар мен қазыларды ақ сәлделі езушілер, сопысынған екі жүзді жауыздар дей отырып, оларға қарсы батыл күрес жүргізді» [8,б. 82].
Әлкей Марғұлан Шоқан Уәлихановтың надандық пен жоқшылықтан құтылудың озық, өркениетті жолдарына үндеген ағартушылық тарихи еңбегін жан-жақты саралай келіп, дін, ислам жайында Шоқанның кері тартып отырған ислам емес, соны уағыздаған болып жүрген жалған дүмшелік, «сопысынған» (сопы емес, сопысынған) алдамшылар туралы, ислам шариғатын түбегейлі ізгілік мұраттарынан бұрып, бұзып, бас пайдасына бұрмалап жүрген әлеуметтік топтар жайлы, ислам дінін биліктің қолшоқпары етудің түбінде апарып соқтырар зардаптары жайлы айтып отырғанын тәптіштеп саралап беруден тартыншақтап баяндауға мәжбүр болған.
Сонда да ғалым Шоқан Уәлихановтың түпкі ойын айқындайтын пайымдарын әлгі «қаралаған» деген пікіріне қатарластырып айтып өтуді парыз санағанын байқамау мүмкін емес.
«Мавренагрде ертедегі Шығыстың ең мәдениетті, ең бай елінде қазірде надандық пен жоқшылық қай жердегіден де анағұрлым басым болып отыр. Самарқандтың, Ташкент пен Ферғананың, Хиуа мен Бұхардың және басқаларының кітапханаларын, Самарқандтың обсерваториясын татар вандализмі мен Бұхар инквизадиясы талқандап жойды, олар діннен басқа білімнің бәріне де лағнет айтты» [81].
Шоқан Уәлихановтың Шығыстағы ислам өркениеті туралы, оның ендігі дін иелері тарапынан тәркіленгендей күйге түсуі туралы айтуы – мұсылмандықты айыптау емес. Шоқан Уәлиханов Ресей үкіметі жүргізіп отырған дін саясатының бұрыстығын Америка Құрама Штаттарындағы ағартушылық саясаттың озық фактілерімен салыстырып дәйектеуді де теріс көрмеген. Ел тұтастығы, мемлекет дамуы мүддесінде дін алауыздығын өршітпеу қажеттігі де меңзеледі.
Негізінде Шоқан Уәлихановтың сахарадағы мұсылмандық туралы ойлары осы бір мақала шеңберінде ғана айтылып қойған жоқ. Бұл мәселе Уәлихановтың жеке еңбектерінің барлығында да назарға алынып отырған.
Осы мақаласында Шоқан Уалиханов Қазақ даласына исламның орнығу, жайылу фактісіндегі елеулі бір фактор мүфтилік мәселесін де күн тәртібіне қояды. Негізінде бұл бағытта кейінде «Қазақ» газеті, Алаш қайраткерлері де ұдайы мәселе көтеріп отырған.
Шоқан Уәлиханов бұл мақалада орыс үкіметінің дін мәселесінде тек исламға қатысты дағдарысты бастан кешіп отырмағандығын да атап өтеді. Ел ішіндегі неке қидыру бойынша шариғат заңдарына мойынсұнбай, қалыптасқан салтқа сай жүріп жатқан шиеленісті жағдайларда үкіметтің неке бұздыру ісін молдаларға тапсыруы туралы ой бөліседі. Бұған себеп қазақтардың тұрпайы әдет-ғұрпы, қазақтардың бесіктен атастырып қою салты болса керек дейді.
Бұл мәселені әкімшілік жолмен реттеуге де болар еді, билік басындағылар құлықсыз деген ой айтады. Шоқан Уәлиханов неке ісінде шариғатқа мойынсұнбау, қазақтардың қалыңмал, әмеңгерлік салттарының белгілі бір тарихи кезеңдегі қалыпты жағдайын да егжей-тегжейлі баяндаған.
Осы мәнде қажеттілігі айқын сезіліп отырған өзгертулер механизмін де ұсынады. «Неке істері жөнінде қазірде де түсіп жатқан, саны жағынан айтып жеткізусіз шағымдар мұсылмандық шариғаттың қалыптасқан әдет-ғұрыпқа дәрменсіз екендігін көрсетеді. Діни сотқа байланысты көтерілген мәселені пайдалана отырып, біздің сахараның діни басқарылуына түпкілікті реформалар жүргізуге болар еді.
1-ші. Қазақ даласын Орынбор муфтиінің қарамағынан, дінге сиынуы жағынан татарлардан айырмашылығы бар халық ретінде бөліп алып, қазақтардың атынан қойылған кеңесші сияқты, жалпы облыстық басқарманың қарамағына кіретін облыстық ахун тағайындау керек.
2-ші. Молда атағын тек осы жердің қазақтарына немесе бұл туралы халық тарапынан қатты өтінім болатын болса, қазақ қожаларына ғана бару керек.
3-ші. Округке бір молдадан артық тағайындалмасын, ал облыстардағы жарлықшы қызметі таратылсын.
4-ші. Орта Азиядан татар семинаристеріне келіп жүрген ишандар мен қожаларға, қазақтар арасында Баянауыл мен Қарқаралы округтерінде болып отырғанындай, дәруіштік және мистикалық қоғамдар үшін, белгілі бір кәсіпсіз қазақ қоныстарында тұруға рұқсат етілмесін [8,б. 201].
Шоқан Уәлихановтың неке салты және шариғат заңдары туралы қазақтар үшін мейлінше түйткілді мәселені күн тәртібіне қойғандығы ел ішінде «жесір дауы» мағынасында етек алған әлеуметтік құбылысқа тарихи факт есебінде мән беруімен, белгілі бір кезеңдегі қалпын нақтылы сипаттап өтуімен де күрделі, күрмеуі көп дін мәселесінің көшпелі өмір салты қалыптасқан халықтар өмірінің тұрақты айрықшалығының бірі ретінде де айқындалып, таңбалануымен елеулі.
Шоқан Уәлиханов ел өміріндегі нақты құбылысты, ел әдебиетінде көп баяндалған әйел теңсіздігі мәселесінің тарихи-әлеуметтік түп-тамырларына қарай нақтылы ғылыми мәнде бетбұрыс жасаған зерттеуші, әлеуметтанушы ретінде де түбегейлі пайымдар жасаған. Ғалымның бұл бағыттағы ойлары оның «Сот реформасы жайында хат» атты мақаласында да қозғалған.
Бұл мақалада ХІХ ғасырдың белгілі бір кезеңіндегі мұсылмандық ағартушылық ағымның жандану үдерісіне байланысты келтірілген фактілер де белгілі бір тарихи уақыттағы дін жайының саяси-рухани негіздерін айқындауда кәдеге жарайтын деректер.
Шоқан Уәлихановты қазақ арасына ислам дінін тарату, орнықтыру үшін келген, үкімет тарапынан қолдау көріп отырған дін өкілдерінің түпкілікті, шынайы миссиясы әрдайым алаңдатып отырғанын көреміз.
«Ал біздің Сібірде үкімет мұсылмандықты бұрынғыдай қамқорлыққа алды, соның арқасында біздің облыста ислам ауа жайылып, етек алып отыр. Бүкілқырға татардың шала молдасы көбейіп, Орта Азиядан шаққан әулиелер қаптап кетті.
Біраз уақыттан бері шекаралық округтарға дәруіштік жолды тұтқан күрт, ноғай, түріктер келе бастады. Шет елдік мұсылман кезбелерінің әсіресе татар семинаристерінің (мен бұларды әулиеге нағыз табынушылар деп білемін) мүддесі қазақтарды соқыр наныммен шырмап, дінге бас шұлғыту; әрине мұндай кезде бұл қарттардың, қажы мен дәруіштердің де жағдайы жаман болмайды» [8,б. 148].
Шоқан Уәлиханов өзін соңғы пайғамбармын деп жариялаған Мұхаммед Шериф Мансұров туралы айтады.
Орыс үкіметі қазақтардың арасына дін тәрбиесін таратуға жіберген татардың діни ағзамдарының халықтың пиғылын, ниетін бұзғанын айтады. Пара алды, екіжүзділікке үйретіп, ортаазиялықтармен қосылып, аңқау қазақтарды алдап соғады дейді.
«Дүниеде орыстың мұсылман ағзамдарынан өткен парақорлар бар ма екен,» - дейді ашынып [8,б. 149].
Шоқан Уәлиханов халықты сауаттандыру ісінің молдалар қолына берілгендігін нақтылы фактілермен айыптап жазған. Бұл еңбектерде исламның ізгілік тәліміне Шоқан Уәлиханов тоқталмауы, осы бағыттың дін саудаға салынған азғын уақытта көмескі тартуының тарихи-саяси, рухани-әлеуметтік себептеріне баса ден қоюына қатысты деп ойлаймыз.
Шоқан Уәлиханов көтерген Ресей үкіметінің қазақтар арасында мұсылман дініне қатысты жүргізген саясаты, нақтылы шаралары ХІХ ғасырдың аяқ кезінде жандана түскен ұлт оянушылығы мұраттарында жекелеген зиялы тұлғалар еңбектерінде жан жақты сараланып, қозғалып, тұтас саяси-әлеуметтік, бостандық күрес бағыттарындағы елеулі бір фактор болып қалыптасады.
«Дін жұмысы туралы 1822 жылғы Сібір уставында айтқан: бұ күнгі қазақтардың дінінде мұсылмандықтан мәжусилік мол, сондықтан бұларды хриситан дініне кіргізуге үміт бар. Областной хакімдер қазақ ішіне миссионер жіберуін сұрау керек. Миссионерлер қазақты зорламақ, өз еріктерімен христиан дініне кіргізу керек деп («Басқарма»)» [60,б. 282].
«Қазақтың халқын бұзып, малының түбіне жететін бәленің ең зорының бірі – жесір дауы. Нағыз шатақ жұмыс қазақтың тұтынған дағдысы бойынша ұл мен қызды жасынан аталары атастырудан шығады» [60,б. 297].
Ахмет Байтұрсынұлы осы тарихи жағдайдың ел әдебиетінің даму үдерісіндегі ықпалын тұңғыш рет арнайы, егжей-тегжейлі қарастырды.
«Діндар дәуір ауыз әдебиет түріне түр қосып жарытқан жоқ. Анайы әдебиеттегі шығармалардың түрлерінен діншілдігімен ғана айрылмаса, айрықша түр-тұрпатымен айрыла қоймайды. Діндар жағының басымдығымен айрылатын түрлері мынау: қисса, хикаят, мысал, насихат (үгіт) мінажат, мақтау, даттау, айтыс, толғау, терме; бұлардың әрқайсысын қысқаша баяндап, мысал келтіріп, сыр-сипатын көрсетіп өтейік» [60,б. 435].
Ахмет Байтұрсынұлы әдебиет тарихындағы діни бағыт тұрғысында айқын тоқтамдар жасап, әдеби мұрадағы айрықша рухани негіз туралы ғылыми жүйемен келтіріп отырып, тарқата, тарата байыптады. Алайда ұзақ жылдарға жалғасқан саяси идеологиялық тоқырау көп мәселені мән-жайымен ұғынып, тануға тосқауыл болды.
Әдебиет тарихында ХІХ ғасырда баспа жүзін көріп кең тарауымен нақтылы ағартушылық бағыт түзген дін қиссаларының түп-төркініндегі дін негіздерін ұғындыру, насихат айту, үгіттеу мұраты Ахмет Байтұрсынұлының айқындамасында ғылыми негізде таным түзді.
«Қисса –өлеңмен жазылған, көбінесе діндар әңгімелер. Бұл әңгімелер қазақ тұрмысынан сөздер емес, басқа жұрттардың ертегілері. Мазмұнына қарағанда қисса екі түрлі:

  1. Дінді қасиеттеу үшін мұсылман дінінің артықтығын, асылдығын халықтың құлағына сіңіріп, көңіліне қондыру мақсатымен шығарған қиссалар, бұлар кәпірлермен соғысқанда құдай қолдап, мұсылманның жеңгендерін, кәпірлердің дінге енгендігін сөйлеп өтеді.

  2. Шариғат бұйрықтарын орнына келтірмеген адамдардың өмірінен де мысал келтіріп, шариғат бұйрығын орнына келтірген адамдардың өмірінен де мысал келтіріп, келтіргенге не болғанын, келтірмегенге не болғанын көрсетіп, елге шариғат бұйрығын істету мақсатпен шығарған қиссалар; мұндай қиссаларды өлеңшілікті тілекшілікке айналдырып жіберген ақындар, жыршылар сияқты алланы азыққа, тамаққа айналдырып жіберген молдалар шығарған: зекет, ғұшыр пітір, педие сияқты нәрселердің берілетін орнын айтпайды, беру керектігін айтып зарлайды (берсе, кімге беретінін айтушылар өзі біледі).

Бастапқы түрлі қиссалар «Зарқұм», «Салсал», «Сейфүл-Мәлік» сияқты ұзақ келеді. Соңғы түрлі қиссалар «Мұса мен Қарынбай», «Жұм-жұма» сияқты қысқа келеді; ұзақ қиссалардың мазмұнын айтып, мысал үшін көрсетуге көп орын алады, - деп қысқа қиссалардың бірінің мазмұнын баяндап береді [60,б. 436].
Ахмет Байтұрсынұлының ХІХ ғасырда кең тараған дін қиссаларын бұлайша жинап, саралау тәсілі, шынайы тарихи-әлеуметтік ахуалға сүйеніп отырып талдау әдісі қазіргі уақыттың да әдеби мұраны тану, игеру мәселелерінде де тұғырлы мәнге ие.
«Мәселен, алайық, «Мұса мен Қарынбай» қиссасы. Шығарушы Жүсіпбек Шайхысләмұлы (Бұл жерде Ахмет Байтұрсынұлы әдебиет тарихында кең етек жайған нәзира, нәзирагөйлік дәстүр туралы тоқталмайды. Жүсіпбек қожаның бұл қиссасы да, бастауын Құран желілерінен, пайғамбарлар туралы қиссалардан алады – Э.С.). Бұл қисса не мақсатпен жазылғанын қиссаның мазмұнынан, жазушының бастау сөзі мен аяқтау сөзінен де көрініп тұр. Бастамасындағы сөздің түрлері мынау:
Жарандар бұл сөзіме құлақ сал.
Аузымнан шыққан сөзім шекер мен бал.
Өзім білген кітаптан оқып көрдім,
Жарандар, арам дейді зекетсіз мал
Малайы құдіреті көп паруардегер,
Құдайға жаңа пенде құлдық қылар.
Малыңнан қайыр, зекет бермей өтсең,
Ақыретте қарныңнан тас шығарар» [49,б. 5].
Ахмет Байтұрсынұлы қиссаның қысқаша мазмұнын, ғибратын баяндап береді.
Бұл тұста Ахмет Байтұрсынұлы дінге ден бере ұғындырмайды, фактісін айтады. Заманның ыңғайында молдаға ғана пайдалы үгіт дегендей ойын жеткізген.
Бұл – ежелден айтылған, сараңдықтың адам бойындағы ең бір қайырсыз кесел екендігін көрсету үшін баяндалып келе жатқан тәмсіл. Һарунның – қазақша Қарынбайдың сараңдығы жалпыға мәлім әңгіме.
Малдан зекет бер дегенде мал союға қимай Һарунның мысық союы туралы, қара жерге батып кеткенше қатып-семіп сараңдығынан қайтпай өлгені туралы ауыр әңгіме адамдарға ой салумен келеді. Қазақтағы Қарабай да осы Қарынбайға туыс. Қарынбай қарынның қамын ойлаған жан деген мағынада орнықты қазақ арасында.
Зекет – мұсылманның бес парызының бірі.
Қисса соңында автордың айтқан тоқтам, уағызы Алланың бірлігін мойындау, малдан зекет беріп, хақ жолымен жүру, дін тазалығын қорғау ақиреттің жайы, зекетсіз жиған малдың арамдығы, шариғат сөзін айтатын молданың сөзін тыңдап, тілін алу жайы, өлшеулі өмірдің парыздары жайында.
Шоқан Уәлиханов ХІХ ғасырдағы қазақтар арасындағы мұсылмандық мұраттардың орнығу үдерісіндегі нақтылы тарихи-әлеуметтік ахуалдың қаншалықты күрделі жағдай туғызып отырғандығын саралады. Ғалым исламның ел әдебиетіне ықпалы туралы да біржақты дәріптеуден аулақ болған.
«Қазақ халық поэзиясының түрлері жөнінде» (1855-1856 жылдарда жазылғандығы ай тылады – Э.С.) атты ғылыми-теориялық негізде қазақ поэзиясының тұңғыш рет түрге, жанрға бөліп саралаған мақаласында Шоқан Уәлиханов қазақ өлеңін

  1. Жыр; 2. Жылау-жоқтау өлеңі; 3. Қайым өлең; 4.Қара өлең; 5. Өлең түрлеріне бөліп отырып, 5-түр өлеңнің туып, қалыптасу тарихына ден қойды.

«5. Өлең. Бұл форма, қазіргі кезде барлық жаңашыл ақындар тарапынан суырып салма өлеңдерге де, поэмаларға да, әсіресе Орынбай өлеңдеріне қатысты көбірек айтылады.
Өлеңнің жаңа түрін Орынбай Қарауыл ішіндегі атеке - тармағынан, атығайдың жаңа қырғыз тармағынан шыққан Шөже ақындар насихаттап, салт-санаға дарытушылар болды. Шөже ақын үнемі Әбілқайыр Ғаббасов сұлтанның жанында болатын-ды. Осы өлеңдердің тақырыптарының көбісі діни сарында айтылады. Қазір олар Сейіт Баттал қожа ерлігін, Зылиха мен Жүсіп махаббатын, Ибрагим өмірін, т.б. жырлапр жүр» [8,б. 65].
Шоқан Уәлихановтың осы діни үгіт түрінде өрістеген өлең түрінің теориялық, тарихи негіздерін тарқата айтудағы ғылыми танымы тұрғысында қазақ өлеңтану ғылымында кейінде жүйелі, кітаби әдебиет сипаттары туралы зерттеулер жүргізілгенімен, идеологияның көлеңкесінде қалған теориялық өзекті мәселелер әлі де маңызын тұтас аша қойған жоқ.
«Өлең деген, бұған дейін жоқ поэзияның ерекше формасының және атаудың қазақ даласына тарай бастағанына 50 жылдан асқан жоқ, бұл Қазан мен Тобыл татарларына қырға жол ашылғанынан кейін келген жаңалық. Ертеректе, татар қашқындарын қазақтар қойша матап, Қытайға, Бұхараға, Ташкентке апарып сатып жіберуші еді. Ал енді мұсылман дінінің арқасында татардан шыққандар қырда, дін үшін қасірет шеккен исламның мызғымас сақшысына айналды. Татар поэзиясының формалары қазақтардың гармониялық дыбыс пен ойға тұнып тұрған дәстүрлі батырлық жыр поэзиясының формаларын ығыстыра бастады» [8,б.165].
«Шоқан тек тарихшы ғана емес, әрі әдебиетші. Ол – Орта Азия халықтарының, көбінше қазақ, қырғыз халықтарының, ерте замандағы дін салттарын, мифтерін, ауыз әдебиеті үлгілерін жете зерттеген, ол жөнінде бағалы ғылыми пікірлер айтқан ғалым» [82].
Қазіргі кезде мұсылмандық ағартушылық мәселесі біршама ғылыми негізделіп, әлемдік тәжірибемен сабақтастық арналары айқындала түсіп отырғандығы байқалады. Осы негізде Шоқан Уәлихановтың қазақ өлкесіндегі ислам тарихы туралы ой-байламдарын тұтастай тану мәселелері де бой көтереді.
Ұлтжанды Уәлиханов ұдайы исламға тіксіне қарамағандығы, оны тарату, жаюдың саяси қитұрқы әрекеттермен бұрмаланып, бұзылу фактілеріне қынжылғандығы, терең ғылыми зерделеулерінің шын мәні мен құны туралы біржақты тоқтамдар жасаудың зардаптары, Шоқан Уәлихановтың ислам дініне қатысты жазбаларының тарихи негіздері туралы әлі де толғайтын мәселелер аз емес.
Шоқан және ислам мәселесінде басы ашық тұрған бір жай – Шоқанның жәдитшілдік қозғалыстың бастамасында тұрған тарихи тұлға болғандығы деп те қарауға болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   35




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет