Диссертация Ғылыми жетекші филол. ғыл док., проф. Мәдібаева Қ.Қ



бет28/35
Дата04.09.2024
өлшемі353.34 Kb.
#503363
түріДиссертация
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   35
sejsenbieva-eh-s-povtor-phd-s-sp

«621 не нәрсенің бәрі де тіпті, шексіздік пен дарындылық та Алланың әмірімен болады». Түсініктеме: Әр адам өзінше жаратылған, мінез-құлықтың құдіреті мен сан қырлығы осында. Алла Тағала пайғамбарлар арқылы бұл сезімдерді тізгіндеп ұстаудың жолдарын көрсетіп берді. Кімде-кім Алланың нұсқауымен өмір сүрсе, сол адам өзінің бойындағы осынау сезімдерді білгірлікпен басқара алмақ.
«626 Әрбір адамға өзі қабілетіне қарай көмек беріледі». Түсініктеме: Әр адамның өзіне тән генетикалық қасиеті болады. Соған байланысты Алла Тағала оның қабілетін көрсетуіне жол ашады» [104,б. 80].
Ыбырай Алтынсарыұлы жаман, бұзық іске жаман мінез бастайды деп келіп, бұл тұрғысында Құранда баяндалғандығын атап айтады.
«Соның үшін де Құдай табарак уа тағала Кәләм шарифінде бұйырды: «(ухсину ахлақуқум)» яғни «түзетіңіз хұлқыңызды» деп. Сол мінезіңізге әрқашан назар салып, өзіңізді жақсы мінезге үйретсеңіз, яғни жоғарыда айтылған жеті түрлі жақсы қылықты берік ұстап, жеті түрлі жаман хұлықтан сақтансаңыз, әлбетте, Құдай тағаланың уағдасы екі емес, мәңгі рахатта боласыз. Жақсы хұлық құр ахиретте пайдалы болып, дүниеде де залал емес. Дүниеде де ізгі құлықты адам һәм сүйкімді, һәм қадірлі, һәм ахиретте де Құдайдың сүйген құлдарынан болсалар керек (ин ша а Аллаһу тағала») [84,б. 83].
Абайдың әйгілі Жиырма бесінші қара сөзі кеңес заманында «дүниенің кілті – орыстың оқуында, балаңды орысша оқыт» деген тағылымымен баса дәріптелді. Орыс оқуы – тарихи жаңа кезең зәру еткен қажеттілік еді. Бұл мәселеде мұсылмандық ағартушылықтың, әлемдік тәжірибесіндегі жаңа реформаторлық бағыттар ықпалын да есте ұстаймыз (жұмыстың тарихи алғышарттарға қатысты тарауында ой қозғалды – Э.С.). Жиырма бесінші сөздің әр сөзін, әріп, нүктесін «түгендеп» оқығанда, тағы да кезінде айтыла бермеген, ден қойылмаған Абай мұратының түпнегіз қабаттарына қатысты фактілер мен факторларды ұғына түсеміз. «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды.Дінге де жақсы білгендік керек» [43,б. 107]. Орыс тілін білу дінге де қажет дейді Абай. ХІХ ғасырдың бел ортасынан бергі миссионерлік саясаттың күшею тұсында басымдық алған жәдидшілдіктің жағдайына қатыстыра айтылғандығы тұрғысында жиырма бесінші қара сөзге қарайлап айтылуы тиіс құбылыстар бар. Абай сөз басын «Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады» [43,б. 109]. Ендігі заманның білім беталысына құлшылық қыларлық дін негіздерін үйреніп барып, түркі жазуын – жалпы түркіге ортақ шағатай жазуын игеру де міндет дейді. Яғни білім негізінде мұсылмандық таным тұруын міндеттейді. Бұл бағытта оқудың өзіне заман күйі, әлеуметтік, тұрмыстық жай, кедейшілік, кіріптарлық күй зор қолбайлау болып отырғандығын да атап көрсетеді.
«Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Ашап-ішімге малдың тапшылығы да ағайынның араздығына уә әртүрлі пәлеге, ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатұғын нәрсе»  [43,б. 109]. Орыс оқуын оқыған балалардан артық жақсы кісі шыға алмай жүр, орыс ғылымын баласына үйреткендер тағы да қазақты аңдымақ, бұл ниет дұрыс емес дейді. Кірді, шықты, ілді қайтты басым, түбегейлеп оқуға жоқ дейді. Орыс оқуын дұрыс оқып, жұртына пайдасы тиетін азамат болсын. Бұл жол мал аяйтын жол емес дейді. Ит қазақ болып қалмасын, құдайдан қорық, балаңды оқыт дейді.
Жиырма алтыншы сөз. Мұнда да қазақ мінезі қазақ дегенде, адам баласының барлығына тән мінез. Атам заманнан арпалысып келе жатқан не жақсы, не жаманның бітіспес күресі. Абай өз қазағына қаратып айтады. Қуаныштың біреу жығылғанға қуану дейтін түрінен тіксінеді. «Біреуді ызаландырмақ – шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс» [43,б. 110].
Қазақтың баянсыз қуанышы, ұялмастан ұялатын парықсыздығы айтылады. Дүниенің өтпелі күйінде торығатын дүние осы ма еді, қуанып, шаттанатын бұл немене жетіскендік еді деген реніш.
«Бесінші, рияға қарсы насихат – әркімнің өзіне тілеген жақсылықтарды өзгеге һәм тілемек. Оның үшін дүниеде қанша адам болса – бәріміз бір Адам атадан өрбіген ағайынбыз. Пайғамбарымыз алайһиссалам айтқан: («ман кана фи ғауни ахики ал-муслими уа манфиғатиһи фалаһу сауабалмужаһидина фи сабили аллаһи») яғни, біреу мұсылман қарындасты аз нәрсемен ғана пайдаландырса, яки жәрдем берсе, ол адамдарға азат соғысқандардың сауабын беру» [84,б. 55].
Ыбырай Алтынсарыұлы еңбегінде де, Абайдың қара сөзінде де нақтылы мәнде, дін ілімімен, иман, шариғат жөнімен сабақтасып, салаласып мазмұндалатын, бастауын Құран мен Пайғамбар Хадистерінде баяндалған тіршілік қағидаларынан алатын адам әрекетіне, құлқына, мінез болмысына, дүние мен ахирет ақиқатына сүйенген терең ізгілік тәлімдері баяндалады. Халал мен Харамның тоғыспайтын тараптары туралы тағылым айтылады. Басты негіз – Алланың ақ жолымен жүру парызы. Арзанға арбалып, азып кетуден сақтандыру. Құдай тағала біздің амалымызға мұқтаж еместігі, жақсы-жаманның ақырын әр адам өзі көретіні туралы Құран ілімі негізінде ескертіліп отырады. Алдамшы, арзанға бола жанығудың жан баласына жақпайтын жат қылық екендігін діни иланым, ұстамдылық қағидаларын ұлтына, ұрпағына мұсылмандық парызбен, ұғындырудан қайтпаған Ыбырай Алтынсарыұлының, Абай Құнанбайұлының тарихи тұлғасын қастерлеуде замана ағымында жалпыадамзаттық игіліктердің исламдық қайнар көздерін талмай, тайсалмай дәріптеген мұсылмандық ағартушылық еңбегін ендігі ұрпақ сіңіріп, біліп қалыптасқаны – ортақ парызымыз. Екі сөздің бірінде өмір қағидаларын білім қайнарларынан жеткілікті сусындаған осы екі адамның әлемдік педагогиканың – діни ізгілік ұстанымдарының түбегейлі ғылыми негіздерін саралап түзу міндетінде жұмыстар атқарылуы тиіс. Абай ғылым тілімен айтқан құбылыстарды Ыбырай халыққа жақындатып баяндайды, енді бірде Ыбырай кітаби, діни лексиканы кіріктіріп, дін ілімі тілінде күрделендіре айтқан құбылыстарды Абай қазаққа жақындатып, құлағына құйып, «түбін түсіріп» кәнігі, кәдімгі ел тілімен ширықтырып, шыңдап жеткізеді. Ыбырай Алтынсарыұлы мен Абай қара сөздерінде салыстыра қарайтын мәселелердің басы ашық. Иман, амал, ахлақ, Құран сүрелері мен аяттар негізінде аталған «Шариат-ул ислам» еңбегі де, Абайдың қара сөздері де ұлтқа, ұрпаққа, адамзатқа сөз арнайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   35




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет