Бисимилла– (بِسۡمِ ٱللَّهِ) Алланың атымен. Құранның тоғызыншы сүреден басқа барлық сүресі басталатын исламдық термин: «Мейірімді және қайырымды Алланың атымен бастаймын.
Бәйіт –(بيت) өлең, жыр.
Ғазал– (غزل) негізінен кемі үш, көбі 12 бәйіттен түзілетін бірыңғай ұйқасы бар өлең. Парсы-тәжіктің классикалық поэзиясында Хафизден бастап кеңінен тараған. Негізгі мазмұны махаббат сезімін жырлау болып келеді. Сәтті, сәтсіз махаббат күйі шертіледі.
Ғазиз –(عزيز) қасиетті, күшті, бағалы
Дискурс – (фр. discours) тілдік коммуникация түрі. Кең шеңберде, дискурс дегеніміз уақыттың мәдени тілдік контексті. Оған рухани-идеологиялық мұра, көзқарас, дүниетаным кіреді. Тар мағынада, дискурс деп қандай да болмасын мағыналы, құнды іс-әрекеттің (актінің) нақты тілдік шындығын айтады.
Диуан – (парсы ديوان жазып алу, кітап) шығыс классикалык әдебиетіндегі бір немесе бірнеше ақынның шығармаларын қамтитын жинақтың атауы. Диуандағы шығармалар жанр бойынша, әліпбилік тәртіппен орналасады.
Жәдидшілдік – (طريقة جديدة) жаңа әдіс 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Ресей империясындағы түркі тілдес мұсылман халықтары арасында өріс алған қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық қозғалыс. Жәннат, Жаннат, Жәннәт– (الخنة) діни түсініктегі адам жанының о дүниеде мәңгілік рақатта болатын орны. Жәннат туралы түсінік жанның о дүниелік өмірі туралы алғашқы діни сенімдерден бастау алады.
Зәмзәм– (زمزم) Меккедегі қасиетті құдық. Кағбадан оңтүстік-шығысқа қарай 20 м. жерде, Бани Шайба есігінің қара тасқа (Хажар ул-Асуад) қарама-қарсы орналасқан. Зікір– (كرذ) еске алу, еске түсіру, жадына сақтау. Сопылық ілімде – Алла тағаланы еске алу, оны ұмытпай, үнемі ойлау. Зікір уақыт пен мекен талғамайды, жүрекпен жасалады және тілмен айтылады.