Уәжиб – (واجب) болуы міндетті іс, болатынына сенімсіздік таныту мүмкін емес іс. Мәселен, ақылға салсақ: Хақ Тағаланың құдіретті болуы - міндетті.
Хадис –
Уәжиб – (واجب) болуы міндетті іс, болатынына сенімсіздік таныту мүмкін емес іс. Мәселен, ақылға салсақ: Хақ Тағаланың құдіретті болуы - міндетті.
Хадис – (حديث) жаңалық, хабар, әңгіме. Мұсылман қауымы өмірінің әр алуан діни-құқықтық мәселелерін қамтитын, Мұхаммедтің сөзі мен істерін дәріптейтін аңыз-әңгімелер. Хадис - Құраннан кейін екінші құқықтық құжат.
Хақ – (حق) анық, Алла тағала.
Хақиқат – (حقيقه) ақиқат, шындық.
Хамса – (جمسة) бес.
Харам – (حرام) тыйым салынған, адал емес. Хауас – (حواص) түйсік, сезім.
Хауаси хамса заһри – (حواص خمسة ظاهرى) сыртқы бес сезім мүшесі.
Хикмет – (حكمة ) даналық, ғажап, керемет. Адамдық құндылықтардың ең жоғарғысы. Бұл тек теория немесе логика жолымен ғана емес, сонымен қатар өзінің көңіл көзін ашудың, өзін-өзі табудың нәтижесінде жүзеге асатын жүйелі интуициялық ақиқатқа негізделген ілім.
Шариат-ул ислам –Мұсылманшылықтың тұтқасы.
Шариғат– (الشريعة) тура, дұрыс жол. Беделді билік арқылы орындалуы міндеттелген заң, нұсқау) мұсылмандардың иманын айқындап, адамгершілік мұраттары мен діни ожданын қалыптастыратын, сондай-ақ олардың мінез-құлкын реттеуші нақтылы өлшемдер бастауы болып табылатын, бәрінен бұрын Құран мен сүннеттер арқылы пысықталған нұсқаулар жиынтығы
Шарияр– парсы тіліндегі «чор-иор» торт дос деген сөз тіркесінен алынған.
Экзегетика – киелі мәтіндер герменевтикасы.
Ыхлас– (اخلاص) ынта, шын көңіл.
Кіріспе
Зерттеудің жалпы сипаттамасы. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің даму үрдістеріндегі діни негіздер ұзақ жылдар бойы идеология ықпалында бұрмаланып, біржақты ұғындырылып отырды. Кейінгі кезеңде осы бағытта жүргізілген мақсатты зерттеулердің нәтижелерін негіз ете отырып ХІХ ғасырдағы әдеби даму фактілерін дін желілері негізінде арнайы саралап, зерделеу әлі де, күн тәртібінде тұр.
Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиеттану ғылымы қағаберіс қалдыруға мәжбүр болған түйткілді тақырыптың бірі әдеби шығарманың діни мазмұны болды. Мұраны игеруде қолдан жасалған түзету, қысқартулар қаншама мәтіндік нұсқалардың қалпын бұзды. Оның зардаптары қазіргі уақытқа шейін сақталып келеді.
ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерінде ислам дінінің, Шығыс әдебиетінің әсері басым. ХІХ ғасырдағы қисса-дастандарда Құран желісінің негізінде көптеген идеялар, сюжеттер, мотивтер көркемдік өріс түзді. Діни мазмұндағы дастандар тек араб-мұсылман әдебиетінен алынған тікелей аудармалар ғана емес, ұлттық әдебиетімізде шығыс әдеби үлгісінің әсерінен туындаған назира дәстүрінде де өрістеді. М. Әуезов: «Олар біреуінің тақырыбын біреуі алуды заңды жол еткен. Тек алдыңғының өлеңін алмай және көбінеше алдыңғы айтқан оқиғалары негізінде пайдаланса да, көп жерде өз еркімен өзгертіп отырып, тыңнан жырлап шығаратыны болады. Бұлайша, бір тақырыптың әр ақында қайталануы ешуақытта аударма деп танылу керек емес. Ол өзінше бір қайта жырлау, тыңнан толғау немесе ақындық шабыт-шалым сынасып, жырмен жарысу есепті бір салт еді.
Шығыс поэзиясы бұл салтты заңды деп біліп, осы дәстүрге «Назира», «назирагөйлік» – деп атау да берген» – деп, назира дәстүрінің шығыстан бастау алып, қазақ ақындарының да Шығыстың озық шығармаларына еліктегенін атап кетеді [1]. Идеологиялық қысым нәзира дәстүрінің тікелей дін негіздерін ұғындыру мақсатында өрістеген шығармашылық құбылыс болғандығын атап айтқызбады.
ХІХ ғасырдағы ақындар шығармашылығына Құран мазмұны жай ғана еліктеуден енген жоқ, халықтың Ислам дініне, яғни Аллаға деген сенімінің нәтижесінде туды.
Кейінгі 30 жыл уақыт көлемінде қазақ әдебиетіндегі діни желіге, дін мотивіне құрылған шығармалардың ислам тарихындағы сопылық ағыммен сабақтастығы мәнінде ден қойған еңбектер де жазылып келеді. Исламның ішкі ағымдарына тән әдеби мұрадағы айрықшылықтар мен басым сипаттарды ғылыми-теориялық негізде түбегейлі зерттеулерге тарту мақсатында бұл еңбектердің қолайлы алғышарттар туындатып отырғанын атап айту керек.
Қазақ әдебиетінің тарихын экзегетикалық дәстүр негіздерінде зерттеу методологиясы енді-енді қалыптасу үстінде. Осы міндетте белгілі бір кезеңнің тарихи ерекшелігі, туындаған саяси-әлеуметтік, рухани ахуал аясында дін негіздерін ұғындыру мұратында туған әдеби мұра үлгілерінің басты даму сипаттары тұрғысында арнайы зерттеулер мейлінше толымды, сан-тарап мағлұмат жинап алып, соны біртіндеп игеру міндеттері ауқымында саралау, ғылыми мәнде қисындау тәсілдерін айқындау, қалыптастыру бойынша жүргізілуі тиіс.
Әдеби мұрадағы дін негіздері бойынша жүйелі, нақтылы ғылыми методологияға негізделген зерттеулерге қажеттілікте тұтас, кешенді танымға тарту арқылы ашылатын, айқындала түсетін көркемдік кеңістікті әлемдік мұсылмандық ағартушылық бағыттың басым ұстанымдарында игеру өзектілігі айқын. Қазақ әдебиеті және ислам тақырыбында соңғы 30 жылдан астам уақытта жазылған зерттеулердің концептуалды бағыттарындағы саралау; танымдық қисындар қорытылып, тұтастандырылып, басым тенденция өзектілігінде айналымға тартылуы керек.