Американ тарихнамасы. Осман империясы мен Германия арасындағы саяси және экономикалық байланыстар тарихы соңғы кезде американ тарихшылары мен саясаттанушы ғалымдары тарапынан да үлкен қызығушылық тудырып келеді. Бұл мәселе бойынша американ университеттерінің ғалымдары көптеп айналысуда. Тақырыпқа қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізген бірден-бір американдық тарихшы Калифорния университетінің профессоры Шон Мак Микин болып, ол аталған кезеңде екі мемлекеттің саяси және экономикалық байланыстарының [24] темірқазығы болған Берлин-Бағдат теміржолының тарихы туралы ғылыми монография жариялады. Бұл тақырып американ тарихшылары арасында енді қолға алынып келе жатқан тақырыптардың қатарынан орын алады. Осман-герман саяси және экономикалық байланыстарына қатысты Техас университетінің докторы Нилс Илличтің зерттеу жұмысы маңызды [25] зерттеулер қатарынан орын алады. Автор осман-герман байланыстарын зерттей отырып, Германияның Осман империясындағы империялық көзқарастарына қатысты докторлық диссертациялық жұмысын жариялаған. Н. Иллич зерттеу жұмысында империялар арасындағы саяси байланыстардың деңгейін көрсетеді. Сонымен бірге американ тарихшылары арасында аталған тақырыпқа қатысты Джорджтаун университетінің докторы Чайс Гуммер зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ч.Гуммер осман-герман байланыстарына бойынша диссертациялық зерттеу жұмысын жариялап, [26] ғылыми жұмыста Германиядағы Осман империясы мен түркі әлеміне қатысты мемлекеттік және саяси көзқарастар мен ұстанымдар тарихын зерделеген.
Кеңес және Ресей тарихнамасы. XVI-XVІI ғасырлардағы Осман империясының сыртқы саяси тарихы кеңестік дәуірде де көптеген кеңес тарихшыларының еңбектері де жарық көрді. Алайда, кеңестік идеологияның қатаң тәртібіне мойынсұнуға мәжбүр болған кеңестік тарихшылар, кеңестік тарихнамада тек Осман империясының XVI-XVІI ғасырлардағы басқыншылық соғыстары мен жорықтарын жазуға баса мән берген және Осман мемлекеті мен еуропалық мемлекеттер арасындағы түрлі саладағы байланыстарға баса назар аудармаған. Оның ішінде Осман мемлекеті мен Германия арасындағы саяси және экономикалық байланыстар бойынша да ғылыми жұмыстар жүргізілген жоқ. Олардың қатарында А.Ф. Миллердің [27] және А.Д. Новичевтің [28] зерттеулері тағы басқа да Кеңестік кезеңде жарық көрген оқулықтарды айтуға болады.
Аталған мәселелер бойынша ХХ ғасырдың 40-жылдары айналысқан кеңестік ғалымдардың бірі Г.Л.Бондаревский болып, ол Таяу Шығыс пен Орта Шығыс аймақтарының халықаралық қатынастар мәселелеріне қатысты көптеген ғылыми еңбектер жазды. Г.Л.Бондаревский кеіестік ғалымдар арасынан осман-герман саяси байланыстарына қатысты ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізген бірден-бір ғалым. Ол Осман империясы мен Германия арасындағы Берлин-Бағдат теміржолының тарихы мен оның саяси және экономикалық маңыздылығы туралы зерттеулер жүргізді. Оның қаламынан туған Багдад темір жолы тарихына байланысты монографиясы Кеңестік османистикада аталған тақырыпқа қатысты ірі жаңалық болды [29].
Ал, 90-жылдардың басында кеңестік қысымның басылғандығын сезінген тарихшылар өз еңбектерін шынайы жазуға көше бастады. Олардың қатарында Ю. Петросянның «Осман империясы. Күшеюі мен құлдырауы» [30]. Бұл ретте, XІХ ғасырда Осман империясының Еуропа елдерімен, оның ішінде Германиямен саяси және экономикалық байланыстар орнатуы туралы қарастырылған. Ю.Петросянның еңбегіндегі басты ғылыми тұжырым, Осман империясының құлдырауына әсер еткен басты сыртқы саяси фактор ол Еуропа мемлекеттерінің саяси және экономикалық қысымы болды. Сондай-ақ, кеңестік османтанушы ғалымдар Еремеев. Д. Е. пен М. С. Мейердің «История Турции в средние века и новое время» [31] атты зерттеу жұмысында осман-герман мәселелері қарастырылып, таптық көзқараста ғылыми талдауға түскен. Десек те, авторлар Осман империясының Еуропадағы оның ішінде Германиядағы сыртқы саясатын, барынша жан-жақты көрсетуге тырысқан.
Сонымен қатар, шетелдерде Осман империясы мен Германия арасындағы саяси және экономикалық байланыстарды дамытқан Отто фон Бисмарктың Герман мемлекетінің экономикасын құруына қатысты да көлемді зерттеу жұмыстары орын алды. Шетелдік тарихнамада Герман империясының канцлері Отто фон Бисмарк пен оның үкіметінің экономикалық саясаты жайлы бұған дейін аз айтылды. ХІХ ғасырдан бері қарай жалпыға танымал болған ғылыми ұстанымдар бойынша, Отто фон Бисмарк экономикалық мәселелерге бой ұрмаған деген ғылыми тұжырым басым болып келді. Еуропа тарихшылары, жалпы Бисмарктың кезеңіндегі герман тарихын зерттеушілер канцлердің ішкі саясаты, оның саяси бірігу жоспарлары және «темір мен қан» саясаты жайлы айрықша жазды.
Неміс тарихшы-ғалымдары мен саясаттанушыларының еңбегі бойынша екінші империяны шартты түрде бірнеше топқа бөлуге болады. Бірінші топқа Германияның жаңару үрдісінің аяқталу кезеңі жайлы жазған авторларды жатқызамыз. Екінші топқа сипаттама берсек, XIX ғ. 70-80-жж. неміс зерттеушілері Бисмарктың экономикалық саясатын зерттеумен және бағалаудан тартынғандарымен нақты дәлелденген ғылыми материалдарды ұсынды. XIX ғ. 1870 жылдары тарихшылар Г. Блумо мен К.Булле [32] Бисмарктың саяси және экономикалық басқару ісіне қатысты бірнеше ғылыми сын айтып, Германияның империялық саясатын бағалады. Бұдан шығатын қорытынды, аталған ғалымдар Бисмарктың экономикалық саясатына қарағанда саяси істеріне көбірек назар аударған. Канцлер Отто фон Бисмарктың ішкі және сыртқы саяси ұстанымдарын демократ А. Бебель [33] мен либерал Л. Паризиус [34] ерекше суреттеді. Кейіннен І Дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін құрылған Веймар республикасы кезеңінде де тарихшылардың ғылыми жұмыстарында да Отто фон Бисмарк пен оның тұсындағы Германия үкіметінің сыртқы саясаты сынға түсті [35]. Немістің атақты қоғамтанушысы, заңгер эмигрант Э. Эйк Бисмарктың өмірбаянына арналған үш томдық басылымында неміс канцлерінің пруссиялық ескішілдігін сынға алды [36]. Ал В.Моммзен болса, Бисмарктың Германияны біріктіруде лайықты әрекетін әділ бағалады [37]. ГДР тарихшылары Бисмарктың әрекетін кертартпа, басқыншыл деп сипаттады [38]. Германияның бірігу мен Отто фон Бисмарк құрған герман империясының қалыптасу мәселелеріне ресейлік ғалымдар да тоқталды. Оның ішінде революцияға дейінгі зерттеуші Дживелегов [39], кеңестік кезеңде И.Галкин [40], А. Ерусалим [41], Ф. Ротштейннің [42] еңбектері көлемді ғылыми жұмыстардың қатарынан орын алады.
Ендігі кезекте, Отто фон Бисмарк тұсындағы Германияның экономикалық саясаты бойынша жүргізілген зерттеулерге қысқаша шолу жасайтын болсақ, Бисмарктың экономикалық саясатына қатысты зерттеулер аз болмады. XIX ғасырда алғаш рет германиялық басшылықтың экономикалық саясатына қарсы шыққан марксизм классигі Ф. Энгельс [43] болды. Ал одан кейінгі зерттеулер XX ғасырдың орта шенінде тағы да көбейе түсті. ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейінгі уақыттағы жаңа неміс экономикасының модернизациясына байланысты, ГФР және ГДР деп аталатын герман мемлекеттерінде Герман империясының экономикалық даму тарихын зерттеуде неміс тарихшыларының жаңа көзқарастары мен жазбалары жарияланды. Атап айтсақ, неміс тарихшысы Л. Тройе өзінің неміс императорларына арналған жазбасында тек Бисмарктың либерал экономикалық саясатына мән берді [44]. Т. Ниппер Германияның саяси және экономикалық тарихын қарастырды [45]. Тарихшы Г. Велер өзінің «Неміс империясы 1871-1918» атты еңбегінде Германияның даму картинасын өте маңызды материалдарды пайдалана отырып суреттеген [46].
Қазіргі таңдағы тарихшылардың зерттеулерінде Отто фон Бисмарктың экономикалық саясатын қатты қараған. В. Чубинский Германия канцлерінің саясатына үңіліп, бастысы, Бисмарктың саяси биографиясын ұсынған [47]. Ресей ғалымы С.Оболенская неміс канцлері өз бағытын өзгертіп, протекционизмге өткенін жазған [48]. Сондай-ақ, Отто фон Бисмарктың Солтүстік Германия одағын құрғаннан кейінгі оның ішкі саяси жабалары мен Осман империясындағы экономикалық бағыттары Ресей тарихшыларының назарынан тасада қалмады. Бұл тақырыпты профессор В. Степанова «Политический кризис 60-х годов XIX века в Пруссии и его последствия для Германии» атты ғылыми жұмысында қарастырған. Оның зерттеулері Бисмарктың XIX ғ. 60 жылдардағы Германиядағы болған экономикалық және саяси өзгерістерін қамтыған [49].
Достарыңызбен бөлісу: |