Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1) Қабдолов З. Сөз өнері: әдебиет теориясының негіздері.- Алматы: Мектеп, 1983.- 368 б.
2) Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. Құрастырғандар: З.Ахметов, Т.Шаңбаев. – Алматы: Ана тілі, 1996. -240 б.
3) Сыдықов Т. Қазақ тарихи романының көркемдік тілі. – Алматы: Ер-Дәулет, 1996. -164 б.
4) Смағұл Елубай “Ақ боз үй”.Трилогия. – Алматы: Жазушы, 2005. -528 б.
5) Қазақстан Ұлттық энциклопедия. –Алматы: «Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 2003.Т.5. -720 б.
6) Ахметов З. Әдеби терминдер сөздігі /– Алматы: Ана тілі, 1996. – 240 б.
Лекция 13.
Тақырып: 1.Қазіргі қазақ романдарындағы (Ә. Нұрпейісовтің «Соңғы парыз»,
С. Жұбатырұлының «Абыржы», Қ. Жиенбайдың «Даңқ түрмесінің тұтқыны», т.б.) табиғат – адам – қоғам қарым-қатынастарын әлеуметтік-психологиялық сарынмен жазу ерекшеліктері.
2. Сәбит Досановтың «Қылбұрау», «Ұйық», Талаптан Ахметжанның «Ақиқат жолы», Ғабиден Құлахметтің «Үйірі жоқ көкжал») деректерден туындайтын қиял қосындылары
1. Көрнекті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романында уақыт шындығы Арал теңізі тартылуының экологиялық зардаптарын реалистік сипатпен қамтуымен ерекшеленеді.
Реалистiк сипат пен көркемдiк қиял тоғысуы арқылы эпикалық шығармалардағы кейiпкер мен табиғат, қоғамдық - әлеуметтiк орта байланыстары аясындағы поэтикалық мағына айқындалады. Әдебиет тектерi бойынша сараланатын жанрлар жүйесiнде көркем прозадағы романдардың өмір шындығы ортасындағы жеке кейіпкерлерлер тағдырымен табиғат тынысын сабақтастыратыны, тіршілік қозғалыстары мен құбылыстарының баламаланып суреттелеуі тәсілі қолданылатыны сезіледі. Бұл орайда, көрнекті жазушы Ә. Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романының идеялық-композициялық құрылымындағы үш кейіпкер арқылы Адам – Табиғат – Қоғам тағдырларының біртұтас өріліммен, бір-біріне баламаланумен берілетін психологиялық сипатты болмысын аңғарамыз. Романның тақырыбы – Арал теңізінің тартылуынан туындаған экологиялық - әлеуметтік дағдарыс ахуалы, идеясы - табиғаттағы, қоғамдағы күрделі қайшылықтар әлемін жеке адамдар тағдырлары арқылы ұқтыру.
Романның реализмі – ХХ ғасырдағы адам мен табиғатқа, қоғамдық-әлеуметтік ортаға тән өрлеу мен дағдарыстар, сабылыстар болуын психологиялық сипатымен аңғартуы. Бұл арада заманымыздың суреткер қаламгері Әбіш Кекілбаевтың осы роман туралы жазған «Сең соққандай сергелдең» атты мақаласындағы бағалаудың эпикалық шығарма реализмін айқын бағдарлауға себін тигізетіні ақиқат:
«Алғашқы сөйлемдерін оқығанда-ақ Нұрпейісовтің көзқанық әлеміне қайта оралғандай боласың. Таныс табиғат. Таныс орта. Таныс мінездер. Үлкен суреткерлердің қай-қайсысы болса да осылай. Тәңір жаратқан ортақ әлемнің үстіне әрқайсысы өзі әлемдерін орнатып алады. Нұрпейісов те солай. Арал теңірегінен тағы бір кесек суреткер туып, ол да Арал туралы жазса, бәрібір Нұрпейісовтің Аралстанын оқырман көз алдынан қалтарысқа әкете алмас еді. Нұрпейісовтің Аралы кесек мінездер мен кескекті тартыстардың қорығы сияқты. Ондағы сирек кескін-келбеттің өзін ешкім қайта сомдай алмайтындай. Аруларының өзі ақпанның ақтүтек боранындай долы.
Момындарының өзі әлі атыла қоймаған жанартаудай дүлей. Арзымсыз қып суреттейтін алаяқтарының өзі басқаның ақсүйектеріне бермейтіндей, сырбаздыққа, сарабдалдыққа ие» [144, 459-460-бб.].
Романның реалистік сипатын дәйектеп тұрған мәселе эпикалық баяндаулармен де кейіпкерлер диалогтарымен де, ішкі монологтарымен де оқырманның жан әлемін баурап алатын Арал теңізінің тартылып бара жатқан жағдайы. Роман композициясындағы бірінші («Сондай да бір күн болған»), екінші («Сондай да бір түн болған») кітаптарындағы табиғат келбетінің бейнеленуі Арал теңізі өңірін мекендеген халықтың негізгі күнкөріс кәсібінен ажырай бастаған мүшкіл жағдайын толық елестетеді. Бір кездері кең айдыны ұланғайыр атырапты алып жататын Арал теңізінің толқындары жағалауларды ұрып жатқан мол сулы болмысын кейіпкері Жәдігердің үнемі еске алуы түріндегі психологиялық күйзелістермен өрнектеген.
Романдағы Адам – Табиғат – Қоғам бірлігі аясында қамтылатын реалистiк сипатты танытуда автор бұрынғы және қазiргi хал-ахуалды салыстыруды негiзгi көркемдiк әдiс түрінде қолданған. Романның тақырыптық-идеялық желісін құрап тұрған теңіздің де, кейіпкерлердің де, қоғамның да бұрынғысы және қазіргісі поэтикалық желілі сипатымен ерекшеленеді. Табиғаттағы географиялық мекендердің (теңіздердің, көлдердің, өзендердің, ормандардың, таулардың, т.б.) тіршілік иелері үшін өмір сүруге кепілдік беретін жағдайының болуы – тепе-теңдіктердің сақталуын қамтамасыз ететіні мәлім. Адамдардың материалдық және рухани мәдениет құндылықтарын жасауы, оларды игіліктерге айналдыруы да табиғаттағы тепе-теңдіктердің сақталуы арқылы жүзеге асады.
Жазушы – уақыт пен кеңістіктегі үндесім мен үйлесім әлемін көркем кестелеуші шығармашылық тұлға. Романның басты кейіпкерлерінің бірі Жәдігердің туған өлкесіне келе жатқан сәттегі салдырлақ машинаның кабинасының терезесінен сыртқа қарап отырған сәтіндегі Арал теңізі мен зеңгір аспан тұтасқан пейзажды бейнелеудің реалистік сипаты айқын:
«Төбеде мөлиген көк аспан. Бір қапталда жарты дүниені алып жатқан көк теңіз. Сол екеуі ту-ту көз ұшында жігі білінбей, бір-біріне сіңіп кетіпті. Аспан да көк. Жер де көк» [144, 24 б].
Адам – Табиғат – Ананың саналы бөлшегі. Туған жердің топырағынан, ауасынан, суынан, ағашынан, өсімдігінен жан жүйесіне қуат дарыған перзенттер тіршіліктегі өзі атқарып жүрген тұрмыстық-әлеуметтік оқиғалар ортасындағы жаңа бағыттарға құлшынады. Қазақтың ежелгі заманғы әдеби жәдігерліктерінде де, фольклордағы мұраларында да атақоныс, атамекен, туған жер ұғымдары арқылы жаратылыстың өзара үйлесімді ұлы заңдылығы қалыптасқан. Түркі өркениетінің жазба жәдігерлігі Орхон жазуларындағы «Күлтегін» «Тоныкөк» жырларындағы қоныстар (Шантун жазығы, Інжу өзені, Байырғы жері, Өтүкен, Қадырқан қойнаулары, Темір қақпа, Ертіс өзені, т.б.) [145, 26-56 бб] туралы сағынышты тебіреністер әдебиетіміздің кейінгі дамуындағы шығармалардан тұрақты орын алды.
Романдағы басты кейіпкерлердің бірі Жәдігердің туған өңіріне келе жатқан сәтіндегі қуаныш пен өкініш қабаттасқан көңіл-күй психологиясын Арал теңізінің құрғап қалған жерлерімен жүріп келе жатқан бейнелеу суреттерімен жеткізген:
«Баяғыда кеме жүзген қолтық ба, саттардың бәрі қазір қара жер. Теңіздің бұл бетіндегі баяғы аралдар – Жалаңаш, Бұйырғынды мен сол анау көз ұшында бұлдырап қалып бара жатқан Көк-Арал – қазір қара жерге тұтасып кеткен. Баяғыда ата-бабалары қостанып жатып балық аулаған су ортасындағы сол аралдарды сен көбіне көп шамамен ойша танып, көңілі құрғыр күні бойы құлазыды да отырды» [144, 24 б]. Шығарманың кең тынысты эпикалық сипатына психологиялық-лирикалық шырай беретін кейіпкердің ішкі толғаныстары туған жердегі байырғы мекендердің бұрынғы атауларын, табиғат келбетінің бұзылмаған болмысын еске түсіре баяндай суреттеулер арқылы өрнектелген. Кейіпкердің туған жердің тұзды тозаңы бұрқыраған қазіргі апатты жағдайын көзімен көріп тұрып, артта қалған жылдарды, балығы тайдай тулаған көлдерді («Шөміш-көл», т.б.) балықшы ауылдарды (Көл-Қора, Көк-Арал, Ақ-басты, Ақ-Еспе, Сары-Басат, Тас-Түбек, т.б.) еске алатын табиғат пен адам берекесі тұтасқан ғажайып тіршілік кезеңі туралы тебіреністер әсерлі.
Жазушы – уақыт, кезең шындығының суреткері. Роман композиция-сындағы басты кейіпкерлердің көркем шындықпен жинақталуында өмір шындығы деректерін эпикалық шығарма арқауына алудың поэтикалық табиғаты айқындалады. Басты кейіпкерлер – кезең шындығының жемістері. Тұрмыстық-әлеуметтік оқиғаларға жеке адамдардың қатынастары, басқару-әкімшілік жүйесіндегі адам мен қоршаған орта қайшылықтарын туындатушы құбылыстар, кедергілер – бәрі де эпикалық шығармалардағы адамдар арқылы жүзеге асатын іс-әрекеттер нәтижелерін көркем шындық жүйесімен қамтиды.
«Соңғы парыз» романындағы Адам – Табиғат – Қоғам сабақтастығы жүйесінің әрқайсысына тән өзіндік іс-әрекеттер, қасиеттер тұтаса келе тіршілік қозғалысының күрделі болмысын бейнелейді. Адам – тіршілік қозғалысындағы жетекші тұлға. Табиғаттағы, қоғамдағы саналуан құбылыстарды, қасиеттерді тарихи шындықпен бейнелеуде саналы тіршілік иесі адамның өзіндік болмысы да, жаратылыс қоғам тынысымен өрілген сипаты да күрделі, кешенді сипатымен айқындалады.
«Соңғы парыз» романындағы басты кейіпкерлердің көрнектісі – Жәдігер. Романның идеялық-композициялық желісінде оның ғұмыр жолы бірнеше кезеңдерден құралатындығымен байқалады. Романда оның Арал теңізі жағалауына жақын балықшылар ауылында өскені, он жылдықты бітіріп, міндетті әскери қызметіне де барып оралғаны, одан кейін осы ауылдан аттанған үшеуінің (Жәдігер, Бәкизат, Әзім) де астанаға барып жоғары оқу орындарына оқуға түскендері – уақыт шындығына сай эпикалық авторлық баяндаулармен жеткізілген.
Жәдігер – туған ауылына, ата-бабалық кәсібіне мейлінше адал ұрпақтың көркемдік жинақтаумен дараланған тұлғасы. Оның тұлғасы арқылы жоғары оқу орынын бітіріп, жоғары білімді дәрежесімен балықшылар кәсіпшілігін басқарып жүрген қызметімен, туған ауылдарына үлес қосқан адал еңбегімен, жансебіл қалпымен азаматтық тұғырын биік ұстап жүрген қазақ азаматтары елестейді.
Жәдігердің романдағы көркем әдеби бейне болып тұлғалануында оның балықшылар кәсіпшілігін басқара жүріп, жылдың барлық мезгілінде де еңбек ортасындағы белсенді, жігерлі қалпынан айнымайтындығын көреміз. Оның еңбек етіп жүрген кезеңі – Арал теңізінің тартыла бастаған апатты жағдайдағы қалпы. Суы тартылған теңіздің маңайындағы көлдері де құрғап, балықшылық кәсіп тоқырап, халықтың күнкөріс қамымен жан-жаққа көше бастаған оқиғалары экологиялық апат қасіретін шындыққа айналдырды.
Жәдігер – күнде де, түнде де толассыз жүріп жататын балықшылар қауымының ауыр бейнетті жұмыстарының ортасындағы еңбек адамы. Жәдігердің балықшылау ортасынан ажырамай, отбасында, әйелі Бәкизаттың жанында бола алмайтын тынымсыз еңбек бейнетімен жүрген тағдыры өзінің маңындағы балықшыларға да, солар типтес әлемдегі барлық бейнеткештерге де ортақ өмір екендігін сезінеміз.
Романның идеялық-композициялық желісінде табиғат тынысының тарылуы, апатты құбылыстардың сипаты мен сондай кезеңде, мекенде өмір сүріп жатқан адамдар психологиясының егізделген жағдайы романтикалық және реалистік сарындар тұтастығымен айқындалған. Жазушының жан дүниесінде ана құрсағында пайда болғанынан қанына дарыған табиғи жаратылыс ортасының құдіретті ықпалын сезінуі шығарманың бүкіл поэтикалық құрылысы арқылы аңғарылады.
Эпикалық туындының құрылысындағы авторлық баяндаулар мен суреттеулер романның лирикалық-психологиялық және көсемсөздік сарынды ерекшеліктерін тұтастандырғандай әсерімен баурайды.
Романның екі кітаптан құралған сипатын тұтастандырып тұрған авторлық дүниетаным, өзіндік қоғамдық-әлеуметтік көзқарас айқындылығы идеялық желіні құрайды. Азаматтық-қайраткерлік ұстаным – қазақ романдарында басты кейіпкерлерді сомдау барысындағы көркемдік тәсілдермен айқындалатын ерекшелік. Туындының басталуынан аяқталуына дейінгі аралықтағы композициялық желідегі сюжеттік бөліктерде суы тартылған Арал теңізі жағалау өңірлерінің көңілсіз, қасіретті келбетінің суреттелуі үнемі назарға алынады. Көбінесе басты кейіпкерлерінің әртүрлі іс-әрекеттері, ойланыс-толғаныстары кезеңдерінде психологиялық егіздеулер суреттеулерімен бейнеленген.
Жазушы – халық тарихының өткені мен қазіргі келбетін салыстыра, сабақтастыра бейнелейтін тарихи шындық суреткері. Өмір деректерін шығарма арқауына алған суреткер өмір шындығының сапырылысқан құбылыстарының ішінен көркемдік-эстетикалық таныммен аса қажеттілерін екшеп, іріктеп алады. Шығарманың мазмұны мен пішініне арқау болған құбылыстар мен деректер тоғыса, тұтаса келе қаламгердің көркемдік шешімімен өмір шындығына тән эстетикалық таным нәтижелерін жүзеге асырады.
«Соңғы парыз» романының құрылысындағы сюжеттік бөліктердің бәрінде де, адамның жан ділі тебіреністері мен ойланыстары табиғат келбетімен, құбылыстарымен үнемі егізделе, қатарлас алынғаны – шығарманың идеялық-композициялық желісін құрайтын поэтикалық түйін.
Романның соңғы жағында кейіпкерлердің сең үстінде болуының өзі – психологиялық егіздеу поэтикасының көрнекті көрсеткіші. Сең – өзендердің, теңіздердің, көлдердің сыртқы беті айдындарында көктем және күз мезгілдерінде үлкенді-кішілі болып ағып жүретін мұз бөлшектері. Көлемдерінің әртүрлілігіне қарай өзендерде, теңіздерде ағыстың ыңғайымен қозғалады. Ал, көлдердің, ағыссыз теңіздердің айдындарында желдің ыңғайымен қозғалыстарға түседі. Су айдынында қалқып жүрген сеңдердің желдің немесе қуатты ағыстардың әсерінен аласапыран жағдайда болатыны мәлім. Әртүрлі себептермен көлемді сеңдердің үстіне уақытша жан сақтауына мүмкіндік алған тіршілік иелері (адам, мал, аң, т.б.) де болуы мүмкін. Бірақ, сең үстіндегі жансақтау кезеңі – өте сенімсіз хал-ахуал болмысы. Демек, жазушы Ә. Нұрпейісов романындағы «Сең» сөзінің аталуы – адамдар тағдырының баламалануы.
Өмір шындығы философиясы заңдылығы тұрғысынан қарағанда тіршілік әлемі бейне теңіз көл айдынындай көрінеді. Тіршілік теңізі айдынындағы адамдар тағдыры сең үстіндегідей су ағыстары мен желдің соғуына үндес тағдыр ықпалдарына тәуелді. Яғни, адамзат өмір теңізіндегі сең үстіндегідей жағдайымен айқындалады.
«Соңғы парыз» романын құрап тұрған екі кітапқа арқау болып тартылған тартыс – тіршілік қозғалысындағы қарама-қайшылықты көзқарастағы адамдар іс-әрекеттері. Бұл – романның идеялық-композициялық желісін құрап тұрған поэтикалық, көркемдік шешім желісі. Қаламгердің көркемдік шешімі – ХХ ғасырдың 70–90-жылдарындағы Қазақстанның саяси, қоғамдық-әлеуметтік құрылысындағы қайшылықтарды түсіндіру. Ең басты қақтығыс – Арал теңізінің тартылып бара жатқан тағдырына арналған екі түрлі көзқарас иелері арасында өрбиді.
Бірінші көзқарастағылар – Арал теңізін әртүрлі жолдармен қалайда аман сақтап қалуды жақтаушылар. Бұл пікірді ұстанушылар Сібір өзендерін бұрып әкелуді де, Орта Азия республикалары арқылы ағатын Сырдария мен Амудария өзендері суларының жеткілікті мөлшерде Аралға құйылуын қамтамасыз етуді де ойлаушылар. Екінші көзқарастағылар – Арал теңізін біржолата құрғатып, оның табанына суырмалы егін, бау-бақша егуді ұсынатындар. Бірінші көзқарастағылар – ғарыштық-ғаламдық кеңістіктегі бүкіл жанды, жанды денелердің, ауаның, судың, т.б. – бәрінің де Жаратылыс заңдылығының Ұлы жүйесіндегі тепе-теңдік, өзара сабақтастық, байланыстылық жағдайында болуын негізге алушылар. Бұл – ғылыми және тәжірибелік тұрғыда дәлелденген, дұрыс көзқарас. Ғарыш кеңістігіне орналасқан Жер планетасына тән өзіндік атмосфера ауқымында құрлықтардың да, мұхиттардың да, теңіздердің де, өзендердің де, ормандардың да, жазық далалардың да, аңдардың да, құстардың да, төрт түлік малдың да, ең бастысы адамдардың да – бәрінің де белгілі кеңістік жүйесіндегі жаратылыс тепе-теңдіктері заңдылықтарын сақтауы тиіс. Тепе-теңдік бұзылған жағдайда онда экологиялық проблемалардың бірінен кейін бірі туындайды.
Көркем шығарманың реалистік сипаты қаламгердің өзі жетік білетін өмір шындығының тарихи деректілігін сақтай отырып, көркемдік қиял сарынын да енгізе жазылуымен айқындалады. Жазушы қарапайым халық тұрмысындағы тұрмыстық қиыншылықтармен бетпе-бет келгенде де ата-бабалар бейіттері жатқан атамекендерінен кеткісі келмей қарайлап, жоқшылыққа да, ауа райының қолайсыздығына да төзген адамдардың көнбісті мінезді дағдыларын оқырмандарға шынайы қалпымен жеткізген. Арал теңізіндегі, оның маңындағы көлдердегі балықты аулауды ғана кәсіп еткен адамдардың сол кәсіптерінен еріксіз ажырап қалған жағдайдағы дағдарғандары, ақыры басқа жаққа қоныс аударуға бел байлағандары, Жәдігердің қарт балықшыларды үмітті сөздерімен («Бұл Арал баяғы ата-бабалар заманында талай тартылып, талай тасыпты. Осы жолы да аңысын аңдап көрелік. Кім біледі, Құдай оңдай су көтеріліп, кәрі Арал баяғы қалпына қайтып келер!») жұбатқанын оқимыз.
Халықтың тарих белестеріндегі кезеңдерінде талай қиыншылықтардан, әсіресе аштықтан сақтап қалған Арал теңізі мен оған құйып жатқан өзендер, маңайындағы көлдер – бәрі де кейінгі қиыншылық туындаған кезде халықтың жадында қайта жаңғырады.
Басты кейіпкер Жәдігер – Аралдың қайтадан қалпына келетініне сенетін үмітті ұрпақтың көркем жинақталған тұлғасы. Оның сюжеттік-композициялық желідегі шарықтау сәтте теңіздегі сең үстіне тап болуы, бүрсектеткен суық желдің өтінде, мұздың үстінде Бәкизаттың жанында көз жұмуы да жазушы қиялының көркем шындықпен өрілу шешімі. Бұл – Арал перзентінің сол теңіз буырқанысының ортасында дүниеге келіп, сол ауада көз жұмуының табиғи шындығы. Туған жердің ауасымен тыныстаған, соған қызмет еткен, сол өңірдің данасымен де, қиқарымен де жағаласып жүріп өмірден өтетіндер – дала перзенттерінің мәңгілік ұстанымы. Романдағы басты және жанама кейіпкерлер арқылы жазушы осындай көркемдік-эстетикалық байыптаулар желісін жасаған.
Романдағы қақтығыстардың негізгі себепкерлері – Арал теңізін біржолата құрғатып, құртып, оның босаған табанын ауыл шаруашылығы жүйесіндегі жаңа еңбек орындарына айналдыруды ұсынатындар. Яғни, ол – кеңестік кезеңнің әсіре романтикалық-революциялық, әпербақан, содыр ұстанымының белсенділері қолданған тәсіл. Табиғатты бағындыру, Жер –Ананы адамдарға табындыру, жасанды көлдерді, теңіздерді қолдан жасау, т.б. жасандылықты, жалғандықты шынайы өмір ағынына заңдылықтай етіп енгізуге тыраштану – материалдық және рухани мәдениет салаларындағы экологиялық апатты жағдайға жеткізгендігі мәлім.
Арал теңізінің тартылуына, құрғауына мүдделілердің сөздері шынында да, халықтың, ұрпақтардың қазіргі және болашақтағы тағдыры хақында шын жаны ашитын қайраткерлер-қамқоршылар секілді, сезілгендей әсер береді. Болымсыз мәселелерді жиып-теріп, әйтеуір итшілеп жүріп, хакім Абай айтқандай «өрмелеп жүріп жылан да шығатын» биік мансап – биік жартастың басына шығып алған мұндай сырты бүтін, іші бос жалған қайраткерсымақ-ғалымсымақ пенделердің мәңгілік дамудағы тіршілік қозғалысында үнемі өмір сүретіні де ақиқат. Романдағы негізгі әлеуметтік көзқарастар қақтығыстарына негіз болған сондай кейіпкерлердің сөздерін де жазушы реалистік болмысымен бере білген. Мысалы, мемлекеттік бағдарламаға айналдырылған бұл бағыттың ұстанымы кейіпкер Әзім мен оның маңындағылар ауызымен айтылғанда жаның тіпті түршігеді:
«Қазір халық жер бетіне симай барады. Демографтардың болжамы бойынша, таяу жылдарда әлі де екі-үш есе өседі. Сонша халықты бұрынғы ата-баба кәсібімен асырау мүмкін емес екенін әркім айта бастады. Ертең сонша халықты асырау ғана емес, жұмыс тауып беру үшін де балық шаруашылығынан гөрі мақта, күріш шаруашылығы тиімді, демек, келешегі күшті деп, прогрессивтік жолды ұсынып отырмыз» [144, 226 б].
Көркем эпикалық шығарманың реалистік сипатын айқындай түсетін ерекшеліктер қатарында кейіпкерлердің диалогтары мен монологтарындағы ойларды назарға аламыз. Кейіпкер сөзі – шығарма арқауындағы прототиптік негізге жинақталған адамдарға ортақ пікір.
Әзім және оның көзқарасын ұстанушылардың кеңестік тоталитарлық әмірлік-әкімшілікпен орталықтандырылған, шовинистік-отаршылдық санамен өктем күшке айналғандарға қосыла көзқамандық-сатқындық пиғылмен жүргенін аңғарамыз. Жалған теориямен халықтың басын айналдырған кеңестік саяси-идеологиялық рухтағы ғалымсымақтардың ортақ пікірі де сол уақыт шындығын көз алдымызға толық елестетеді:
«Бүкіл Аралдың берген балығын соңыра біз ақ мақтадан алған бір жылғы өніммен өтейміз. Соңыра Тұран ойпаты сияқты Арал ойпаты деп аталатын теңіз астынан босаған осынау жерден біздің ұрпақтарымыз ақ мақта өндіріп, дүние жүзілік рекорд жасайды» [144, 226 б].
Роман құрылысындағы көркемдік шешім жүйесінде осы жалғандықтың жаршыларына да ақыры бір үкім, жаза болатындығы айтылады. Бұл – көп жылдар бойы жалған теориясымен Мәскеудегі орталық басқару орынын да, Қазақстан басшылығын да, халықты да өз ұстанымдарымен айналдырып келгендердің жаңа кезеңдегі әшкереленуі де реалистік шығарма табиғатын дәйектейді.
Романдағы басты қақтығыстар желісінің негізгі кейіпкері Әзімнің республиканы басқарушы үлкен кеңседе өтетін мәжіліске арнайы шақырылады, осы уақытқа дейін атқарып келген қызметіндегі кемшіліктердің, сорақылықтардың бәрі де талқыланады, солардың бәріне Әзімнің жауап беруіне тура келеді. Өмірдің ағынындағы жалған дақпыртпен өрге өрлеудің түбінде бәрінен де айырылып төмен қарай құлдилауға ұшырайтыны шығармадағы Әзімнің тағдыры арқылы көркем жинақтала ұғындырылған.
«Соңғы парыз» романынындағы адамдар арасындағы қасиеттер қайшылықтарының салдарынан қоғамдық-әлеуметтік орта қарым-қатынастарының бұзылуы, сонымен қатарлас табиғат құбылыстарының да беймәлім сипатқа ауыса бастайтыны мегзеледі. ХХ ғасырдың 70-жылдарынан басталған ғаламдық көлемдегі әртүрлі деңгейдегі материалдық және рухани салалардағы тоқыраулар, дағдарыстар, экологиялық апаттар, т.б. – бәрі де адамдар санасындағы қайшылықтардан, қақтығыстардан туындағаны романның көркемдік түйіні арқылы байқалады.
«Соңғы парыз» романының реалистік сипатын айқындап тұрған ерекшеліктері қатарында бірқатар есімдері аталмайтын кейіпкерлер (Әзімнің астанадағы құрылысшы бастық ағасы, Жәдігердің қайын енесі, Жуан Жақайым, әртүрлі қызметтерді мансап иелері, т.б.) де сыншыл реализм рухымен бейнеленгенін аңғарамыз. Олардың әрқайсысының да өмір шындығы ағынындағы іс-әрекеттері, кескін-келбеттері әлем әдебиеттеріндегі (В. Шекспир, Л. Н. Толстой, Ф. М. Достоевский, Н. В. Гоголь, И. А. Крылов, Ж. Аймауытов, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, С. Мұқанов, т.б.) классикалық әдеби шығармалар кейіпкерлерімен үндеседі. Әлем әдебиеттерінде күнделікті тіршілік қозғалысындағы адамдар тағдырларын әралуан сипаттарымен даралап бейнелеуде әрқайсысына тән адамгершілік-имандылық қасиеттер деңгейлері танылатыны мәлім.
Классикалық әдебиеттер шығармаларында белгілі әкімшілік-басқару қызметінде отырғандардың көпшілігі өзінен қызметі жоғарылардың алдында құрдай жорғалайтын жалтақ болып келеді. Жалған марапатпен, өзінен қызметі жоғарыларға жағымпазданудың небір сорақы түрлерін қолданатындары да мол байқалады. Мансапты қызметі барда данышпансып, шіреніп, қызметінен айрылғанда бүрісіп жүнжіп мүсәпір күйге түсетіндер де осындай пенделер.
«Соңғы парыз» романында да ХХ ғасырдың екінші жартысында, әсіресе, 60–80-жылдары шамасында кеңестік қоғамды басқару жүйесінде жаппай орын алған мансапқорлық, жағымпаздық індеті де сыншыл бейнелеулермен өрнектелген. Жазушы мансапқор жағымпаздардың кейіпкерлік аталуын да поэтикалық шарттылықпен алады. Бұл – автордың көркемдік шешімінің көрінісі. Себебі, кейіпкердің нақты атауы түптұлғалық (прототиптік) көрініс бергенмен, бәрібір жалпы типтік ерекшелікті онша қамти қоймайды. Мысалы, романда ғылыми-зерттеу институтының директоры академик Әзімнің атағы аспандап тұрған кезеңі («Мақтаса да, даттаса да – сен ауыздасың; газет ашса – көзге сен түсесің; радио бұраса – ар жағында сені айтып саңқылдап тұрады; теледидар қосса – көгілдір экранда тағы да сен») де, уақыт шындығына сәйкес. Бұл – мансапқорлардың бәрінің тағдыры.
Көркем шығармадағы кейіпкердің отбасылық-тұрмыстық-тіршілігіндегі күйзелістерді, адамдармен болатын тұтпылдан туындайтын аласапыран жағдайы, өзін-өзін билей алмай қалатын сәттеріндегі жай-күйі, т.б. психологиялық сипатты мәселелер эпикалық туындының өмірлік шындыққа құрылған реалистік табиғатын айқын танытады. Жәдігердің қызғаныштың әсерімен Бәкизатқа қол жұмсағанының, ішімдік уытымен есеңіреген күйге ұшырағанының ақыры отбасының бұзылуына соқтырды. Бәкизат Жәдігерден ажырасады, қызын өзінің шешесіне қалдырады. Қызғаныш уытына шалдыққанмен жан әлемі ажырасуды қаламай тұрса да, Жәдігер амалсыз бұл жағдайға мойынсұнады.
Кейіпкерді үнемі оңашада ойландыру, өткен кезеңі мен қазіргі сәтін сабақтастыра толғандыру – романдағы жиі кездесетін ерекшелік. Жәдігердің отбасының бұзылуынан кейінгі ойланыс сәтіндегі толғаныстары адам іс-әрекеттерінің осы фәнидегі мәні, мағынасы туралы бағалау қорытындысындай айқындалған. Адамзат ұрпақтарының әуелгі пайда болуынан бастап қазіргі кезеңдерге дейін ұласқан жолындағы жасалған ғажайып жаңалықтар, жетістіктер сол уақыты мен кейінгі тіршілік қажеттілігі үшін пайдасын тигізеді. Өзі өмір сүрген кезеңдегі қат-қабат тіршілік қозғалыстарына лайықты үлесін қоса алған адам – тіршіліктегі парызын өтегендей ұлағатымен бағаланады. Романның басты кейіпкері Жәдігердің жабырқау, мұңды-шерлі көңіл-күйіне орай адамзат ұрпақтарының бұл фәниде өмір сүру мазмұны, мәні хақындағы кейіпкер ойтолғағымен берілген байыптаулары философиялық тағылымымен ерекшеленеді.
«Тоқта! Тоқта, жарық күннің арты қараңғы түн болса, бүгін туған кісі ертең өлу үшін дүниеге келсе, бүгінгі қуаныш ертең қара жамылар қайғының басы болса, осы адам кемді күнгі алдамшы жалғанға неге өлімін салады? Бүгін қолы жеткен болмашы бірденеге мәз боп бөркін аспанға атқан адам ертең әлдебір шаруасы ойлаған жерден шықпаса, құдды суы тартылған көлдей көңілі пәс бола қалатыны не? Неге сүйтеді? Не-ге?.. Жә, басқаны кәйтесін... Сен өзің ше? Сен өзің ше? Кеше балықшыларды ойға, қырға сүйрегенде сенің де аржақ ойың белгілі еді ғой. Құдай құрамаған байлық пен барлыққа өліміңді сатып, Тәңірінің бермесін алам дедің. Сүйтіп, Амударияның лай балығына қарық болдың. Сүйтіп, сенің Сырдариядағы қамау судың балығына қолың жетті. Іші-сыртың майланды. Ал, кәне, ойланшы. Соның бәрі кемдікүн көңіл делбеу, өзіңді өзің алдарқату емес пе? Әне бір Сахара шөлде қаны кеуіп, есінен танып құлаған кісінің өлі мен тірі арасында талықсып жатқанда түсінде мейірі қанып су ішкеніндей ғана алдамшы жұбаныш емес пе еді? Тіпті сол көзің тірідегі кемді-күнгі байлық пен барлық та, әрілесе басыңа қонған бақыт шіркін де әлгі бір тау басына айналған бұлттай, бір соққан дауыл, бір үрлеген желден қалмайтын түбі бос еді ғой» [144, 248 б]. Бұл – осы романның басты кейіпкерлерінің тағдырын арқау ете отырып, бүкіл адамзат ұрпақтарының фәнидегі кезеңіне берілген поэтикалық-идеялық бағалау.
Өмір шындығы қозғалыстарында адамдардың алға ұмтылған жолында жетістіктері де, кемшіліктері де болатыны мәлім. Басты кейіпкерлердің көркемдік жинақтаумен сомдалуында жанама қызмет атқарып тұрған көркем бейнелердің қызметі шығарманың көркемдік шешімін танытады. Яғни, басты кейіпкерлердің мінез-құлық психологиясын, іс-әрекеттерін толықтырып, дамытып қоршаған ортамен тығыз байланыстағы қалпын айқындауда жанама кейіпкерлердің болуы қаламгердің көркемдік шешімін дәлелдейді.
Жәдігердің роман композициясы желісіндегі іс-әрекеттері қарапайым қалпымен адамгершілік ұстанымынан айнымайтын ділі мықты адам екендігін дәлелдейді. Бәкизаттың өзін тастап Әзімге кеткеніне күйінсе де, тіршілік қозғалысынан ажырамай, өзін-өзі жоғалтпай, еңбек ортасынан ажырамайды. Роман сюжетінің ең бір шиеленісті, шарықтау шегінде де, яғни аласұрған теңіз айдыны үстіндегі сең үстінде үшеуі-ақ қалған сәтте де адамгершілік-имандылық қасиетінен, әсіресе ержүрек, батыл, мәрт мінезінен айнымайды.
Сең үстіндегі арпалысты алмағайып, қауіп-қатерлі сәтте де өзіне опасыздық жасаған Әзімге де, Бәкизатқа да адамгершілік зор ықыласпен қамқорлық жасайды. Әзімнің де, Бәкизаттың да аман қалуына жәрдемін жасайды. Бірақ өзі өледі. Өліп бара жатқанда да Бәкизат екеуін қоршаған қа-уіп-қатерге бой алдырмай, өзін-өзі бекем ұстап, тіршіліктің сергелдеңге толы сұр келбетін қия алмай бақиға жөнеледі. Романда Жәдігердің фәниден бақиға көшер сәті де реалистік сипатымен оқырманға таныс сурет қалпымен бейнеленген:
«Су тартылған теңіз орнында әр жер, әр жерде көз ойдымданып қалған тұз көл-көлшіктерді жұтқалы қос танауы, қатты басқан көріктей күсілдеп, ту сонау аспаннан аранын ашып салбырап түсіп келе жатқан, мына алып қызыл өгізді көргісі келмей бұл көзін жұма берді. Кірпігі кірпігіне айқасып, ақырын-ақырындап жұмылып бара жатқан көздің жанарындағы ақтық сәуле де әлсіреп сөніп бара жатты. Тас жұмылған көзбен бірге жанарында жалындаған жаңағы қызыл шоқ та сөнген еді» [144, 428 б].
Романдағы басты кейіпкердің бірі – Әзім. Романның «Сондай да бір күн болған» деген бөлімінде Жәдігер, Бәкизат екеуімен бірге ауылдан астанаға аттанғанын, жоғары оқу орнына түскенін, Бәкизаттың оны ұнатқанын, Жәдігердің әйелі Бәкизатты Әзімнен қызғанғанын оқимыз. Романның бірінші кітабында зерттеу жұмысы мен айналысатын көрнекті ғалым Әзімнің бар екендігінен оқырман хабардар ғана болады. Әсіресе, Бәкизаттың өзін ренжіткен Жәдігерден біржола ажырасып, астанаға Әзіммен бірге кететін жерін, одан кейін астанада қызметінен босап, Арал теңізі жағалауына Әзім мен Бәкизаттың келгенін, ақыры тағы да тағдырлары өзара сабақтасқан үш адамның теңіз, ке-нет сең үстінде кездесе кеткеніне күә боламыз.
Бұл, әрине, жазушының көркемдік шешімі. Жасөспірім шақтан есейген, ержеткен, жігіт ағасы және келіншек кезеңіне жеткен, өзара қақтығыстары, қайшылықтары мол адамдардың кездейсоқ бір нүктеде қауышуы – сирек оқиға. Жазушы Жәдігердің де, Бәкизаттың да, Әзімнің де бір-біріне қосақталған өмір жолын өрбіте отырып, сюжеттік-композициялық, желіде үшеуінің апатты жағдайда, теңіз үстіндегі сең үстіне шығып қалғандарын өзіндік қиял аясында алған. Үшеуі кездейсоқ теңіз үстінде қауышып қалған сәтте Әзімнің өркекіректенген сөздерінен кейін («Сенімен біз, – деді Әзім тілі күрмеліп, – қанша дегенмен ... жаңа заманның адамымыз. Өз басым сезімнің жетегіне еріп, қызғаныш деген пәлеге құл болуға қарсымын. ... – Кешірім сұрамаймын. Маған артық кеткен дәнеңең жоқ. Бар болғаны сенен өзімнің бергенімді қайтып алдым. Ал, сау бол!») [144, 252 б] құдіреттің әсері болар, бұлар тұрған теңіз мұзы үлкен сең болып дөнгелене жарылады.
Жаңа ғана маңғаз, менмен боп Бәкизатпен бірге кеткелі тұрған Әзім бір-ден бейшара, міскін күйге түседі! Теп-тегіс теңіз мұзы айдынынын үстінде кездескен үш кейіпкер ұйлығып су бетінде қалқыған бір сеңнің үстінде өлім мен өмір беттескендей ауыр хал-ахуалға душар болады («Қара дауыл қуған сең жаңағының арасында жағадан алыстап кеткен-ді. Ауыл жақ қап-қара. Қара жор да, Бел-Аран да көзден бір-бір ұшқан тастай. Қиыршық қар бара-бара жапалақтай бастады. Аядай жерде ұйлыққан үшеудің алды-арты ұйытқыған ақ түтек») [144, 254 б].
Романның екі кітабындағы Әзім бейнесін даралай танытатын оқиғалар желісі былайша өрбіген: біріншісі – оның ғылыми-зерттеу институын басқаруы, тартылып бара жатқан Арал теңізін біржолата құрғатып, оның орнына суармалы өнімдер өсіретін алқаптар болатынын жобылап мемлекеттен қыруар ақша бөлдіргені; екіншісі – экологиялық зардапта апаттарды жалған «ғылыми жобалармен» дәйектегені, Аралды апатты жағдайға ұшыратқаны үшін партиядан шығарылып, қызметтен қуылғаны; үшіншісі – адал, еңбекқор, жерлесі Жәдігердің отбасының бүлінуіне себепкер болғаны, әрі-сәрі ауытқу-мен жүрген Бәкизатпен қосылып, жалғандықты шыншылдық етіп, екі-жүзділікпен өмір сүргені. Романда Әзім типтес адамдарға ортақ жан жүйе табиғатының психологиялық-әлеуметтік болмысын да автор оқырманның назарына шынайы қалпымен жеткізуге тырысқанын көреміз. Қаламгердің реалистік сипатпен бейнелеген кейіпкеріне көркемдік қиял сарынын қоса отырып, Әзім тектестер жан әлемін оқырман санасына жеткізу үшін қолданған тәсілін де кейіпкер болмысының шын сипатын дәйектей түскендей:
«Иә, сен біз білетін бұрынғы Әзім болсаң... бұрынғы біз білетін Әзімнен бойыңда бірдеңе қалса, өлмелі кемпір-шалдың күңкілін қыртыңа да қыстырмассың-ау. Өйткені сен өзіңді жұрт алдында ешуақытта кінәлі санап көрген жоқсың ғой. Тіпті анада балықшы ауыл мұзға ығып кеткен Жәдігер мен Бәкизатты азалап у-шу боп жатқанда да ыңғайсыздансаң ыңғайсызданған шығарсың, бірақ өзіңді сонда да кінәлі сезіп қысылған жоқ едің ғой!» [144, 383 б].
Реалистік пен көркемдік қиял тұтастығы шынайы тіршілік қозғалысындағы жеке адамдар тағдырларын бір мекенде, бір аймақта ала отырып, тағдыр тәлкегінің талай соққыларына ұшырайтындарды көркем шындықпен бейнелейді. Жан әлемі адамгершілік қасиеттері жақтарынан бір-біріне қарама-қайшы болып жаратылған Жәдігер мен Әзім бейнелері арқылы шындық пен көркемдік қиял тұтастығымен бейнелеу тағылымын аңғарамыз.
Қазіргі қазақ романдары шоғарында тарихи шындықты халық, мемлекет тағдырындағы өзекті мәселеге арнап жазуда «Соңғы парыз» романы даралана көрінеді. Жеке адам жан ділінің халық тағдырына қатысты ғаламдық әлеуметтік мәселемен тікелей қатысты екендігі осы көркем бейнелер арқылы дәлелденеді.
Жәдігер де, Әзім де – қазіргі заман адамдары түптұлғалары негізінде көркем шындықпен жинақтала бейнеленген кейіпкерлер. Отбасылық-тұрмыстық қайшылықты тағдырлары да, тіршілік қозғалысындағы азаматтық немесе пендешілік іс-әрекеттері де, мінез-құлық психологиясындағы әрқай-сысының дара қасиеттері де реалистік пен көркемдік қиял қосындысының эстетикалық табиғатын аңғартады.
Романдағы Бәкизат – күрделі болмысымен дараланған кейіпкер. Жазушы қазақ ауылында туып-өскен қыздың астанадағы жоғары оқу орынында оқып, оқуын бітіргесін Жәдігерге тұрмысқа шыққанын, одан кейін бір ұлды, бір қызды ана болғанын, балықшылар ауылындағы мұғалімдік қызмет атқарғанын роман-желісіндегі сюжеттік бөліктерде қамти отырып оқырманға жеткізеді. Бәкизаттың бойжеткен кезінде де, институтта оқып жүргенінде де Жәдігер де, Әзім де оған қызыға қарады, бірақ екеуінің көзқарасы екі бағытта болды. Жәдігердің – Бәкизатты ұнатуы күштірек, ал Әзімдікі қызығу, ол қыз сезімін өзінің қосымша қолдаушы қуат, демеу әсері ретінде ғана қабылдады.
Бәкизат – өзіне серік болатын еркектің аса көрнекті көріктілігін, аса сезімтал шабыттылығын, қуаттылығын, сонымен бірге ерекше өткір мінезділігін, дарындылығын, барлық істе де қабілеттілігін, т.б. саналуан сырлы, көп қырлы адам болмысын тілейтін әйел жынысы болмысының жинақталған тұлғасы.
Институттағы оқу жылдарында Жәдігер, Бәкизат, Әзім және басқа да ауылдан бірге келгендер сабақтан қолдары босағанда бәрі бірге қыдырып, бірге думандатып, ойнап-күліп жүрді. Осы кезеңдегі Бәкизаттың мінез-құлық психологиясындағы ерекшеліктерді жазушы табиғи реалистік қалпымен де, көркемдік қиял сарындағы бейнелеулермен де – бәрін тұтастандыра өрнектеу жолымен оқырманның назарына эстетикалық талғаммен жеткізуге тырысқан:
«... бұл өзінің апа, сіңлілеріне мүлде ұқсамайтын; ал балықшы ауылдың жұрт алдында «ішімдегіні біл» деп жұмған аузын ашпай, төмен қарап тымырайып алатын бұйығы қыздарына, болса-болмаса да, ұқсамаушы еді; еркек алдында өзінің нәсілі әйел екенін ол, сірә, бір сәт есінен шығарып көрген емес. Қашанда болса назданатын жерде назданып, қылымситын жерде қылымсып, жанары шоқтанып тұратын қара көзін жанындағы жұртқа жалт-жұлт тастап, жайраңдап еркелеп тұратын» [144, 143 б.].
Бәкизаттың мінез-құлық, болмыс бітімін реалистік қалпымен суреттей келе, оның әйел жынысының әуелгі жарытылсынан бүгінгі күндерге дейінгі мыңдаған жылдар бойы үздіксіз жалғасып келе жатқан табиғи қасиеттерін, дағдыларын шығарма желісіндегі әртүрлі оқиғалар арқылы айқындай түседі.
Үшеуінің ең алғаш кездескен жері – Арал теңізі жағалауы, жаз мезгілі. Ал, ең соңғы кездескен жері де Арал теңізі жағалауы, мұз үстіндегі сең, қыс мезгілі. Автор негізгі үш кейіпкердің кездескен мекені бір болғанмен, мезгілі жағынан екі түрлі болуы арқылы жастық уақыттың жарқын жазбен, егделену, өмірден озуға бет алу кезеңінің қыс кейіптес екендігін мегзегендей.
Ең алғаш теңіз жағалауында екі бозбала жігіттің көз алдында олардың екеуінің де өзіне ынтыға қарағанын байқаған Бәкизат екеуін онан сайын құмарттыра түсу үшін, сыртқы киімдерін бұлардың көз алдарында шешеді. Теңіз суына шомылуға бет алған қыз мүсінін жазушы қарап отырған екі жігіттің бағалау көзқарасына сәйкес бейнелейді:
«Аралдың өрттей ыстық күні мен аптап желі аялаған жас дене құдды бақыған мыс буына тотыққандай. Қос самайлығы бұйраланған қалың шаш иығының басына түсіп кішкене қозғалса желк-желк етеді» [144, 133 б.]. Екі жігіттің арбалған торғайдай өзінен көз аудармай қалғанын сезген қыз теңізге жүзуге бет алады, артынан Әзім ереді.
Жазушы әйел жынысының осалдығы да, мықтылығы да болып саналатын еркек атаулының өзіне ғана қарауын көбірек тілейтін өзімшіл мінезін осы Бәкизат арқылы ұқтырғандай. Осы арада суреткер, қаламгер адам сезімінің алабұртқан, аласұрған жағдайы мен теңіз мінезінің үндес құбылысын психологиялық егіздеумен өреді:
«Әзім жете бергенде қыз құлаш ұрып жүзе жөнелді. Шіркін, сол күнгі теңіз жағасы-ай! Аспан да көк; теңіз де көк; екі арадағы ніл шайғандай көгілдір ауа тіпті көзге ілінбей күлің-күлің етеді; құлаш ұрған қыз қолы көгілдір ауада шұғыл, шалт сермеген құс қанатындай лып-лып; құлаш сермеген сайын кеудеден жоғары жағы судан суырылып шығып-шығып кетеді; қыз әлі артына бұрылған жоқ; теңіз өкіріп жатыр; қарсы алдынан кеуде қаққан толқынға да қарамай қиқарланып алған өжет қыздың су ішіндегі әрбір қимылы әсіресе, құлаш ұрып бара жатып оқтын-оқтын күн сәулесіне кеудесін жарқ еткізе шалқасына аунап түскеніне дейін ана жақта шырқап жатқан ән сазына бойы балқып бара жатқандай» [144, 134 б.].
Екі жігітті де осындай әсем, әсерлі қылықтарымен, оқу жылдарындағы сүйкімді, жұғымды қасиеттерімен әбден баураған Бәкизат екі жігіттің жан ділінен орын алады. Сабырлы, тұйық, сәл ынжықтау, денесі алып, жарқылдап көзге түсуден көрі елеусіздеу жүретін Жәдігерді де, мінезі шапшаң, өткір, денесі мүсінді, бет-әлпеті көркем, жарқылдап көзге түсуді, атақ-дәрежелі болуды жақсы көретін Әзімді де ұнатады. Бірақ жеме-жемге келгенде Әзімді қалайды, бірақ ол туысқан ағасының ұйғаруымен қызметі жоғары бастықтың қызын өзі ұнатпаса да үйленеді.
Ал, Бәкизат да Әзімнің сол табансыздығына, тұрлаусыздығына ызаланып, іші қаламаса да, өзін сүйген Жәдігерге өзі ұсыныс жасап тұрмысқа шығады. Бірақ, бәрібір әуелде Әзімге құлаған көңілі, жан сарайы Жәдігерге берілмеді. Әйелі болып жүріп, ақыры жақсы көре алмады. Ақыры, Алматыға демалысқа барып, Әзіммен бірге болып құмарын басты. Аралға қайтып келгенде, апталар бойы балық аулаумен ғана айналысып, үйге зорға жететін Жәдігер қызғаныштың улы тырнағына ілінді. Ақыры, Бәкизатқа қол көтерді, әуелден Жәдігерді ұнатпайтын қайын енесі де ашудың отын үрлей түсті. Бәкизат Жәдігерден ажырасты. Бұл кезде жалған жоспары күйреген, партиядан шығарылған, қызметінен алынған Әзімге қайта барады. Онымен қосылады. Бірақ тіршіліктегі арманындай еркек іздеген Бәкизат қиялы быт-шыт болады. Сең үстіне Жәдігер, Әзім үшеуі қалғанда ғана, өзін шын қадірлейтін адамның болуы сирек екендігін жан ділімен түйсінеді. Еркек пен әйел махаббатының қоғамды, ұрпақтарды өрбітетін ұлылығы, құдіреті Жаратушы бұйыртқан бақыттың қадірін білу екендігі Бәкизат тағдыры арқылы сездіріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |