Еңбекақы төлеудің формалары мен жүйелері.
Еңбекақыны ұйымдастыру деп еңбек саны мен оған төлеу шамасы арасында өзара байланыс орнатуды және оны қамтамасыз етуді және оның құрамдас бөліктерінің жиынтығын айтады. Еңбекақыны ұйымдастырудың негізгі элементтері тарифтік жүйе, еңбекақы төлеу формалары мен жүйелері, еңбекті нормалау.
Тарифтік жүйе – жұмыскердің біліктілігіне, еңбек жағдайына және географиялық орналасуға байланысты еңбекақы деңгейі тағайындалатын түрлі нормативтік материалдар жиынтығы. Еңбекақы төлеудің формалары мен жүйелері – бұл еңбектің саны мен сапасына қарай еңбекақыны тағайындау механизмі.
Еңбекті нормалау –еңбек пен оның нәтижелерінің ғылыми негізделген шығынын қою (уақыт нормасы, адам нормасы, қызмет көрсету, өнімділік нормалары мен нормаланған тапсырмалар қою, оларсыз жеке жұмыскердің жалпы нәтижедегі үлесін анықтау мүмкін емес).
Еңбек ақының тарифтік жүйесінің құраушы элементтеріне тарифтік ставкалар, бірыңғай тарифтік тор, аудандық коэффициенттер және тарифті- біліктілікті анықтамалар жатады.
Тарифтік ставка – уақыт бірлігіндегі еңбекақының абсолюттік шамасы.
Тарифтік тор (сетка) тарифтік ставкалар мен коэффициенттер шкаласы.
Тарифтік разряд – жұмыстың күрделілігінің, жұмысшының біліктілік деңгейінің көрсеткіші.
Тарифтік коэффициент – берілген разряд ставкасы бірінші разряд ставкасынан неше есе артық екендігін білдіретін көрсеткіш
Тарифті - біліктілік анықтама жұмыскерлерге разряд беру үшін және жұмысты тарификациялау үшін белгіленген нормативтік құжат. Бұл өндіріс бойынша және жұмыс топтары бойынша бөлімдерге топталған барлық мамандар мен жұмысшылар үшін тарифті біліктілікті сипаттамалар жиынтығы. Тарифті біліктілікті анықтама арқылы жұмыстың әр түрі оның орындалу деңгейі бойынша және жұмысшы біліктілігінің деңгейі бойынша өлшенеді. Мамандықтың тарифтік біліктілік анықтамасы және қызметкерлер қызметтерінің біліктілік анықтамасы халық шаруашылығындағы жұмыстың барлық түрінің тарифті торының белгіленген разряды бойынша оларды орындаудың ұйымдық және техникалық жағдайларын ескере отырып бөлу үшін қызмет етеді. Біліктілікті анықтамалар үш бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлімде өзінің мамандығы мен біліктілігіне сай жұмысшы өзінің құрал жабдығы жөнінде, жұмыс режимі туралы, өңделген материалдарының, технологияның және өңдеу процестерінің тізбектілігінің қасиеті, құрал туралы, құрал жабдық жұмысының ұтымды режимі туралы, сондай-ақ құралдарды таңдауға және жөндеуге қойылатын талаптар туралы білу керектігі айтылған. Тарифтік - біліктілік анықтамаға сай жұмысшыға белгілі бір разрядты берудің негізгі шарты - берілген разрядқа қатысты жұмыстың орындалуына қажетті білімі және еңбекке қабілеті болуы қажет. Жоғары разрядты жұмысшылар осы мамандық бойынша төмен разрядталатын жұмыстарды орындай білуі қажет.
Жұмысшыға біліктілік разрядын беру және оны өзгерту кәсіподақ комитетінің келісімімен кәсіпорын әкімшілігі арқылы жүзеге асады. Бұл құрамына әкімшілік өкілдері, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, өндірістік техникалық қамту бойынша және техникалық қауіпсіздік мамандары кіретін комиссия жұмысшының теориялық және практикалық білімдерін тексергеннен кейін жүзеге асады. Бұндай тәртіп жұмысшының тәжірибесі мен білімін бағалауға мүмкіндік береді.
Экономиканың барлық саласында ұйымдар әрекет ететін кәсіптердің Бірыңғай Тарифтік Біліктілік Жүйесі мен қызметкерлер қызметінің Біліктілік Жүйесінің Бірыңғай тарифтік торы негізінде тағайындалған тәртіптегі кәсіптік сипаттамалар бойынша кәсіптен мен қызметтерді жіктейді.
Жұмысшыларды қайта тарификациялау үш жылда бір рет өткізіледі.
Тарифтік ставкалар жұмысшының әртүрлі тобы мен категориясының жұмыс уақытының бірлігіне шаққандағы еңбек ақысының абсолютті көлемін анықтайды. Сондықтан да сағаттық, күндік, айлық тарифтік ставкалар деп бөлінеді. Олар біліктілікті разряд бойынша белгіленеді.
Уақыт нормасын белгілеу арқылы нормаланатын жұмыстарда сағаттық тарифтік ставка қолданылады, ал өңдеудің сменалық сағаты бойынша жұмысты нормалауда күндік тарифтік ставка қолданылады. Жеке мамандықтағы жұмысшылардың еңбек ақысын төлеу үшін айлық тарифтік ставка қолданылады. Мұндай тәртіп өндірістің сандық нәтижесіне тікелей әсерін тигізбейтін мерзімді еңбек ақы алып жүрген жұмысшыға қолданылады.
Бірыңғай тарифтік тор халық шаруашылығы саласындағы барлық категориядағы жұмысшылардың тарифтендіру мен жалақы сызығын көрсетеді. Кез келген мамандықты біліктілікті топ ,мамандық, қызмет төменгі деңгейдегі жұмысшылардан бастап ұйым, мекеме, бірлік, кәсіпорын басшыларына дейін бірыңғай тарифтік торда разрядтардың сәйкес диапозонына ие.
Разряд бойынша еңбек ақы ставкасының дифференциациясы бірыңғай тарифтік торда орындалатын жұмыстардың, қызметтік лауазымдардың күрделілік белгісі бойынша және жұмысшы біліктілігін есепке ала отырып жүзеге асады.
І разрядты төлеу ставкасы заңмен енгізілген минималды еңбек ақы деңгейінен төмен болмауы қажет. Разряд бойынша төлем ставкасының өсуі жұмыстардың күрделілік деңгейінің өсуін білдіреді.
Бұрынғымен салыстырғанда қазіргі Бірыңғай тарифтік тор ерекшелігі:
- І разряд ставкасы минималды еңбек ақы болып белгіленеді.
Сондай- ақ қазір 1-4,24 құрайтын тарифтік коэффициент диапазоны қысқартылды.
Еңбек ақыны ұйымдастырудың Бірыңғай тарифтік тор негізінде алмасуы бұл еңбек ақы реформасы болып табылады.
Еңбек ақыдағы аудандық коэффициент кәсіпорындардың орналасқан жеріне байланысты еңбек ақы көлемінің өзгергендігін көрсетеді және жалақыны аймақ аралық реттеу құралы болып табылады. Мұндай реттеу тұтыну құрамының әрбір аймақтағы айырмашылығын көрсетеді.
Тарифтiк сетка кез келген саладағы маман еңбегiнiң бiлiктiлiгi мен бiлiксiздiгiнiң арасын айқындауға қызмет етедi. Сетка белгiлi сандық разрядтардан тұрады және оған сай келетiн коэффициенттер болуы керек.
Тарифтiк ставка жұмыскердiң разрядқа байланысты уақыт өлшемiнде еңбекақы размерiн айқындауға қызмет жасайды. Тарифтiк коэффициент әртүрлi разрядтың ставкасы қанша ретке өскендiгiн 1-разряд ставкасымен салыстыра көрсетедi.
Еңбек шығыны жұмыс уақыты немесе өнім санымен есептеледі. Қазір осыған байланысты еңбек ақының екі түрі қолданылады: мерзімді, кесімді
Мерзімді еңбек ақы төлеуде еңбек өлшемі жасалған жұмыспен көрінеді, ал еңбек ақы оның тарифтік ставкасына сәйкес есептеледі немесе нақты жұмыс жасаған уақытына берілетін ақымен есептеледі.
Мерзімді еңбек ақы төлеуді ұйымдастырғанда төлеу принциптерімен көрінетін қарапайым талаптар сақталуы тиіс:
әрбір жұмыскердің нақты жұмыс жасаған уақыты есепке алынып және қатаң бақылау орнату;
мерзімді еңбек ақы алатын жұмыскерлерге дұрыс біліктілік разряд беру, яғни оның біліктілігі мен жұмыстың күрделілігіне сәйкес болу;
жұмыскерлердің әрбір категориясы бойынша адам саны мен қызмет көрсету нормаларын қолдануды негіздеу, жұмыс күні ішінде жұмыскерлер еңбек шығынының бірдей емес деңгейі;
салалық нормативтер, хронометраждық бақылау және жұмыс күнін фотографиялау негізінде жасалынған нормаланған тапсырмаларды әрбір мерзімді ақы алатын түрлі кәсіптегі жұмысшылар үшін енгізу;
Мерзімді еңбек ақы алатын жұмыскерлердің жалақысы былайша анықталады:
Ем=Т*Қ
Мұндағы Ем - мерзімді еңбек ақы;
Т- уақыт бірлігіндегі (сағ, күн, ай) біліктілікті разрядты жұмысшыға берілетін тиын немесе теңгңмен есептелген тарифтік ставка,
Қ- нақты орындалған жұмыс уақыт қоры,күн,сағ.
Мерзімді еңбек ақы жәй мерзімді және мерзімді сыйақылы деп бөлінеді.
Жәй мерзімді еңбек ақы жүйесінде жұмысшының еңбек ақысы берілген разрядтың тарифтік ставкасымен және жұмыс жасалған уақыт санымен есептеледі. Мерзімді жұмысшының жалақысы екі тәсілмен анықталады:
1. жасалған жұмыс сағаты бойынша және сағаттық тарифтік ставкалар бойынша;
2. жасалған жұмыс күн санымен және күндік тарифтік ставкамен
Егер мерзімді жұмысшыға қатаң айлық ставкалар қойылса, онда жұмысшы жалақысын бір айға есептелген график бойынша сағат саны толықтай таусылған соң алады. Егер жұмысшының уақыты бір айға жетпесе, онда еңбек ақы орта сағаттық немесе орта күндік окладпен және нақты жасалған уақытпен есептеледі.
Мерзімді сыйақылы жүйеде тарифтік ставка бойынша жасалған жұмыс уақытша қосымша қажетті сандық және сапалық көрсеткіштермен қамтығаны үшін сыйақы төленеді.
Жеке жағдайда шешілетін тапсырмаларға байланысты мерзімді жұмысшылар сыйақы алады:
олар қызмет көрсеткен жұмыс орны, участок, цех жүмыстарының нәтижесі үшін;
нормаланған тапсырмаларды орындағаны үшін;
технологиялық жабдықтарды қадағалау және олардың жөндеу мерзімін қысқартқаны үшін,
материалдық бағалылықты үнемдегені үшін.
Бұдан басқа мерзімді жұмыскерлердің көпшілік тобы өндірістік қуаттың жобалық деңгейін игергені, ақауды азайтқаны үшін де сыйақы төленеді.
Кесімді еңбек ақы төлеуде еңбек шамасы болып жұмысшының өндірген өнімі (жасалынған жұмыс көлемі) саналады және жалақы өндірілген өнімнің саны мен сапасына тікелей байланысты. Мұнда жұмысшының жалақысы тағайындалған кесімді баға бойынша әрбір өнім бірлігіне есептеледі(дана, кг,метр т.б.)
Кесімді еңбек ақы төлеу мынандай жағдайларда қолданылады:
еңбектің нақты шығынын көрсететін және дәл қолдану мүмкіншілігін көрсететін өнімділіктің сандық көрсеткіштері бар;
жұмысшыларға қойылған нормамен салыстырғанда өнім санын көбейтуге нақты мүмкіндіктер жасалғанда
берілген жұмыс орнында өндіріс пен жасалатын жұмыс көлемін көбейту қажеттілігі болғанда;
еңбекті нормалауды ұйымдастыруға және жасалған өнім мен орындалған жұмыс көлемін дәл есепке алуға шығындардың тиімділігі анықталғанда
өнім мен жасалынған жұмыс сапасының төмендеуін болдырмайтын өнімділіктің өсуі қамтамасыз етілгенде;
Егер жоғарыда келтірілген жағдайлардың ең болмағанда біреуі болмаса мерзімді еңбек ақы төлеу қажет.
Кесімді еңбек ақы төлеу нысанында жұмысшының жалақысы мына формула бойынша анықталады:
Ек=Бк*ШӨ
Мұндағы Ек - жұмысшының кесімді еңбек ақысы;
Бк- өнім бірлігіндегі кесімді баға, тг
ШӨ- тағайындалған өлшемдегі шығарылған өнім саны.
Өнім бірлігінің кесімді бағасы мына формула бойынша анықталады:
Бк=Тс х Ну немесе Бк=Тс х Нө
Мұндағы Ну - уақыт нормасы,сағ;
Нө - өнімділік нормасы, дана,кг,м.
Кесімді еңбек ақы өнімділікті есепке алу әдісі мен қолданылатын қосымша ынталауларға (сыйақы, бағаны көтеру) байланысты бірнеше жүйеге бөлінеді: тікелей кесімді, жанама кесімді, кесімді сыйақылы, кесімді прогрессивті, кесімді аккордты.
Жұмысшының жалақысы жұмыстың жеке және топтық көрсеткіштер бойынша анықталуына байланысты жеке және ұжымдық жүйе болып бөлінеді.
Жеке тікелей кесімді ақыда жұмысшының жалақысы тікелей оның өнімділігіне байланысты, яғни өнімнің саны мен сапасына қатысты. Тікелей кесімді еңбек ақы төлеуде жұмысшының барлық өнімділігі тұрақты кесімді баға бойынша төленеді. Бұл жүйенің артықшылығы оның қарапайымдылығы және әрбір жұмысшы үшін жеткілікті түрде түсініктілігі. Жұмысшы жалақы мен өнім санының арасындағы байланысты көріп, өнімділікті арттыруда мүдделі. Кез келген кезеңдегі жалақыны шығарылған өнім санын кесімді бағаға көбейтіп тез анықтауға болады. Бұл жүйе тек жұмысшыларға ғана емес, кәсіпорындарға да пайдалы, өйткені, өзгермеген кесімді бағадағы өнімділіктің өсуі тұрақты қосымша шығындардың үлесін азайта отырып өнімнің өзіндік құнын азайтуға әкеледі. Бірақ ол участок, смена, жалпы цех жұмысының көрсеткіштерін жоғарылатуда жұмысшыларды әлсіз ынталайды.
Тiкелей кесiмдi немесе жәй кесiмдi жүйеде еңбек өндiрiлген өнiм бiрлiгiне қойылған баға бойынша төленедi:
Еж= Ес/Өс немесе Еж=Ес* tн,
Мұндағы Еж-өнiм бiрлiгiне немесе жұмысқа қойылатын жеке кесiмдi баға(расценка);
Ес-жасалатын жұмыстың разрядына сәйкес келетiн сағаттың тарифтiк ставкасы, тг/сағ;
Өс- берiлген өнiмнiң 1 сағаттық өнiмдiлiк нормасы;
t н – бiр өнiмге (жұмысқа) келетiн уақыт нормасы,сағ.
Сонда жұмысшының жалпы жалақысы кесiмдi бағаны есептi кезеңде өндiрiлген өнiм санына көбейту арқылы табады: Ежұм = Еж*V
Жанама кесімді еңбек ақы жұмыс орындарын, машина мен агрегаттарға қызмет көрсетуді жақсартуда көмекші жұмыскерлерді материалдық жағынан ынталайды. Жанама кесімді ақы бойынша еңбек ақы төлеу жанама баға бойынша және онсыз үш әдіспен жүргізіледі. Жанама кесімді еңбек ақы мына формула бойынша есептеледі:
Бж=Тсағ(Сж Нө)
Мұндағы Бж жанама кесімді баға
Тс - көмекші жұмысшылардың сағаттық тарифтік ставкасы,тг;
Сж - қызмет көрсетілетін жұмысшылардың саны,адам
Нө - қызмет көрсетілетін жұмысшылар үшін өнімділік нормасы.
Көмекші жұмысшының жалпы жалақысын есептеудің басқа әдісі орындалған уақыт үшін тарифтік ақыны орташа өнімділік нормасының орындалу коэффициентіне көбейту арқылы табу.
Және тағы бір әдісі көмекші жұмысшылардың тарифтік ставкасының қатынасын сипаттайтын коэффициентті тарифтік ставкаға көбейту арқылы анықтайды.
Кесімді прогрессивті еңбек ақы жүйесінде қойылған норма шегінде өнімділікті орындауда тікелей (өзгермейтін) кесімді баға бойынша төленеді, ал осы нормадан артық орындалған барлық қосымша өнімділік жоғарылатылған (біржарым немесе екі еселенген) баға бойынша төленеді.
Нормалардың артық орындалуы соңғы үш айда орындалған нақты норма деңгейімен анықталады, бірақ нормадан төмен болмауы керек. Нормадан жоғары деңгейге байланысты кесімді бағалаудың көлемі бір екі сатыдан артық болмайтын арнайы шкаламен анықталады. Бірінші сатыда кесімді бағаның өсу коэффициентінің шкаласы ал екіншіде, шкаланың әрбір сатысы бойынша нормалардың артық орындалу интервалы анықталады.
Кесімді прогрессивті еңбек ақының қолданылуы өзін өзі ақтау үшін бағалаудың жоғарылау шкаласын анықтау қажет, өнімді өндірудің дәл есебін үйлестіру қажет.
Кесімді сыйақылы жүйеде жұмысшы кәсіпорындардың сыйақыландыру жүйесімен қарастырылған белгілі бір сандық және сапалық көрсеткіштері үшін сыйақы алады. Сыйақыландыру жүйесі және көлемі кәсіпорын жағдайын жақсартуға арналған тапсырмалармен, берілген өндірістік участоктардың мәні және рөлімен, норма сипатымен, жоспарлы тапсырмалардың көлемі мен күрделілігі арқылы анықталады. Жұмысшыларды сыйақыландыру бір айда жасалған жұмыс нәтижелері бойынша есептеледі. Кесімді сыйақылы жүйені қолданудың сапасы берілген жұмысшы еңбегінің нәтижесіне тәуелді болатын сыйақыландыру жағдайлары мен көрсеткіштерін дұрыс таңдауға байланысты болады.
Кесiмдi сыйлықақы жүйесiнде жұмысшы өзiнiң еңбегiне жалақыны тiкелей кесiмдi баға бойынша алады және оған қосымша сыйлық қосылады. Ол белгiлi-бiр көрсеткiштерге байланысты төленедi: жоспардың орындалуы, өнiмдiлiктiң өсуi, ақаусыз жұмыс жасау, өнiм сапасын арттыру, өндiрiстiк тапсырманы орындау, техникалық-нормативтiк құжатты сақтау, шикiзатты, материалды үнемдеу, т.б.
Аккордты кесімді жүйеде бағалау жеке операцияларға емес, өнімнің бүкіл көлеміне бекітіледі. Аккордты төлем көлемі уақыт нормасы мен баға негізінде анықталады, олар жоқ болғанда осыған ұқсас жұмыстың нормасы мен бағасы бойынша төленеді. Әдетте бұл жүйеде жұмысшыларды берілген тапсырманы қысқа мерзімде орындағаны үшін сыйақымен марапаттайды, бұл еңбек өнімділігін арттыруды ынталайды.
Бұл жүйені сапалы қолданудың негізгі жағдайларына негізделген уақыт нормасын бекіту және берілген жұмыс көлемін бағалау, жұмысшылардың сапалы орындалуына сыйақы және бақылау енгізу жатады.
Соңғы кезде өнеркәсіп салаларында еңбек ақының ұжымдық жүйесі кеңінен таралған. Олар бригаданың, участоктың, кәсіпорынның мүдделілігін туғызады. Егер жұмыскерлердің жеке еңбегі ұтымды қолданылмаса ұжымдық жалақының әртүрлі жүйесін, соның ішінде ұжымдық кесімді жалақыны қолдану қажет. Сондықтан жұмысшылардың жалақысын бригада, участок, сменамен өндірілген өнім көлеміне тәуелді етіп қою қажет.
Лекция 12 . Құрылысты материалды - техникалық қамтамасыздандыру.
Достарыңызбен бөлісу: |