Аккумуляторлар. Элементтің электродтарының поляризациясы кейбір кездерде электролиттегі тоқ біткеннен кейін де ұзақ уақыт сақталып қалуы мүмкін. Мұны аккумулятордың құрылысында пайдаланады.
Егер қорғасын электродтарды күкірт қышқылының ертіндісіне батырса, онда олар PbSO4 күкірт қышқыл қорғасынмен жабылып қалады. Екі пластиналарда да бірдей химиялық процестер өтетін болғандықтан, олардың арасындағы потенциалдар айырымы нөлге тең болады.
Ваннаны тізбекке қосайық (3.24,а-сурет). Тоқтың өту процесі кезінде анодта қорғасынның PbO2қос тотығы пайда болады, ал катодта таза қорғасын пайда болады. Пластиналар енді әр тектес болып шыққандықтан, олардың арасында потенциалдар айырымы пайда болады, оның мәні ағытылған тізбек кезіндегі поляризация ЭҚК -не тең болады. Енді батареяны алып тастап, оның орнына қыздыру лампысын қосатын болсақ, онда тізбекті тұйықтаған кезде лампы жанады. Демек, прибордың өзі электр энергиясының көзіне айналады және де онда поляризацияның электр қозғаушы күші сақталып қалады (3.24,б-сурет). Екі пластинаның екеуі де қайтадан күкірт қышқыл қорғасынмен қапталғаннан кейін тоқ тоқталады.
Енді тағы да электр энергиясының көзін қосып, аталған процестерді қайталауға болады; бұл дегеніміз – процестер қайтымды деген сөз. Мұндай приборлар аккумуляторлар деп аталады. Аккумуляторлар арқылы тоқ жіберуді зарядтау деп, ал олардың өздерін тоқ көзі есебінде пайдалануды разрядтау деп атайды. Зарядталған кезде алған энергиясының қандай бөлігінің разрядталған кезде қайтарылатындығын көрсететін санды аккумулятордың пайдалы әсер коэффициенті деп атайды:
. (3.62)
Аккумуляторлар ПӘК-мен қатар сыйымдылығымен де сипатталады. Аккумулятордың сыйымдылығы деп разрядталған кезде тізбек арқылы өтетін максимал электр мөлшерін атайды. Аккумулятордың сыйымдылығының бірлігі ретінде ампер-сағат қабылданған: 1 А-сағ=3600 Кл. Қышқыл аккумуляторлардың ЭҚК-і 2 В шамасында болады, ал ПӘК-і 80% шамалас. ЭҚК -ті арттыру үшін элементтерден батарея құрайды.