Заттың сұйық күйінің сипаттамасы. Сұйық күйіндегі зат өзінің көлемін сақтайды, ал формасын (пішінін) сақтамайды, ол өзі құйылған ыдыстың формасын қабылдайды. Мұны молекулалық -кинетикалық теория тұрғысынан қалай түсіндіруге болады?
Сұйықтың көлемін сақтауы оның молекулаларының арасында тартылыс күшінің бар екендігін көрсетеді. Демек, сұйық молекулаларының ара қашықтығы молекулалық әсер радиусынан кіші болуы тиіс. Сөйтіп, сұйықтың қайсы-бір молекуласының төңірегінде молекулалық әсер сферасын сызатын болсақ, онда осы сфераның ішінде көптеген молекулалардың центрлері қамтылып, бұл молекулалар сфера центріндегі молекуламен өзара әрекеттеседі. Осы әрекеттесу күштері сұйықтың молекуласын оның уақытша тепе-теңдік қалпында
10-12-10-10 с шамасында ұстап тұрады да, осыдан кейін ол өзінің диаметріндей жерге секіріп өтіп, жаңа уақытша тепе-теңдік қалпының төңірегінде тербелмелі қозғалыста болады. Бір қалыптан екінші қалыпқа өту аралығы уақыты отырықшылық өмір уақыты деп аталады.
Отырықшылық өмір уақыты ішінде (10-11с шамалас) сұйық молекулаларының басым көпшілігі тепе-теңдік қалпында ұстап тұрылады, тек олардың азғантай бөлігі ғана осы уақыт ішінде жаңа орындарға ауысып үлгереді. Ал бұдан ұзағырақ уақыт ішінде молекулалардың басым көпшілігі жаңа орындарды қабылдап үлгереді. Сондықтан сұйық аққыш болады да, өзі тұрған ыдыстың формасын қабылдайды.
Сұйықтың молекулалары бір-біріне жанаса орналасқан деуге болады, сондықтан, біршама үлкен кинетикалық энергия алып, олар өздеріне жуық орналасқан молекулалардың тартылыс күшін жеңгенімен, басқа молекулалардың әсерімен маталып қалады да, жаңа уақытша тепе-теңдік қалыпта қалып қояды. Тек сұйықтың еркін, ашық бетінде орналасқан молекулалар ғана сұйықты тастап кете алады, кебу міне осымен түсіндіріледі.
Сөйтіп, егер сұйықтың ішінде өте кішкентай көлемді бөліп алса, онда отырықшылық уақыт ішінде онда, қатты дененің кристалдық торында орналасқан молекулалардағы тәрізді молекулалардың реттелген орналасуы болады. Сосын ол быт-шыт боп кетіп, жаңа бір орында қайтадан түзіледі. Сөйтіп, сұйық алып тұрған түгел кеңістік кристалдық бастама – ұрықтардан тұратын секілді, бірақ олар орнықсыз, бір жерде ыдырап, екінші жерде жаңадан пайда болып жатады.
Сонымен, сұйықтың кішігірім көлемінде оның молекулаларынң реттелген орналасуы бақыланатын болса, оның қалған басым көлемінде хаостық қозғалыс болады екен. Осы мағынада, сұйықта молекулалардың орналасуында жуық тәртіп бар, ал алыс тәртіп болмайды дейді. Сұйықтың мұндай құрылымы квазикристалдық (кристалдыққа ұқсас) деп аталады. Сұйықты жеткілікті қатты қыздырғанда ондағы отырықшылық өмір уақыты азайып, сұйықтардағы жуық тәртіп жоғалады дерлік.
Сұйықтың қатты денелерге ұқсас механикалық қасиеттері де болады. Егер сұйыққа әсер уақыты өте аз болса, онда оның серпімділік қасиеті білінеді. Мысалға, суды қатты ұрған кезде таяқ қолдан шығып кетеді, не болмаса таяқ сынады. Тасты су бетіне бірнеше рет шоршып түсетіндей түрде лақтыруға болады. Егер әсер уақыты жеткілікті ұзақ болса, онда сұйықтың аққыштығы білінеді. Сұйықтың сынғыштық, үзілуге беріктік қасиеттері де болады. Сұйықтың сығылғыштығы да азғантай болады (бірақ қатты денеге қарағанда артығырақ). Мысалы, қысымды 1 атмосфераға арттырған кезде судың көлемі 50 миллионнан бір бөлікке ғана азаяды. Механикалық әсерлерінің арқасында сұйықтарда қуыстар да пайда бола алады, бірақ олар тез жабылып қалады, яғни жоғалып кетеді. Бұл құбылыс кавитация деп аталады (грекше “кавитас” қуыс дегенді білдіреді).
Сонымен, сұйықтардың көптеген қасиеттері қатты денелермен ортақ болады екен. Бірақ температура жоғарылаған сайын сұйықтың қасиеттері тығыз газдың қасиеттеріне жақындай түседі, қатты дене қасиеттерінен алшақтай береді. Бұл сұйық күйдің заттың қатты және газ күйлерінің аралық күйі екендігін білдіреді.
Заттың қатты күйден сұйық күйге өтуі кезіндегі қасиеттерінің өзгерісі сұйықтан газ күйіне өту кезіндегі өзгерістерден азырақ болады. Бұл дегеніміз, заттың сұйық күйінің қасиеттері газ күйіндегіге қарағанда қатты күйдегі зат қасиеттеріне жақынырақ болатындығын білдіреді.