2.3.1. Сұйықтың бет қабаты.
Енді сұйықтың ішіндегі молекулалық күштердің әсерінің олардың сұйықтың бетіндегі әсерінен қандай айырмашылықтары бар екендігін қарастырайық.
Молекулалық күштердің сұйықтың ішіндегі М1 молекулаға түсірілген тең әсерлісінің орташа мәні нөлге жуық болады (2.23-сурет). Осы тең әсерлі күштің кездейсоқ флуктуациялары М1 молекуланы сұйық ішінде хаостық түрде қозғалуға ғана мәжбүр етеді. Сұйықтың беттік қабатында орналасқан М2 және М3 молекулалардың жағдайы басқаша болады.
Молекулалардың төңірегінде rм радиуспен молекулалық әсер сферасын сызайық (rм мәні 10-9 м шамалас). Сонда М2 молекула үшін төменгі жарты сферада жоғарғы жарты сфераға қарағанда көбірек молекулалар болып шығады, өйткені төменде сұйық та, ал жоғарыда бу мен ауа ғана. Сондықтан М2 молекула үшін молекулалық тартылыс күштерінің тең әсерлісі Rс төменгі жарты сферада жоғарғы жарты сферадағы молекулалық күштердің Rб тең әсерлісінен көп артық болады. Rб күші соншалықты аз болатындықтан оны ескермеуге болады. М3 молекулаға түсірілген молекулалық тартылыс күштерінің тең әсерлісі М2 молекуланікімен салыстырғанда аз болады, себебі ол тек қарайтылған облыстағы молекулалардың әсерлерімен ғана анықталады. Ең бастысы, М2 және М3 молекулаларға түсірілген тең әсерлі күштер сұйықтың бетіне перпендикуляр бағытта сұйық ішіне қарай бағытталған.
Сонымен, қалыңдығы молекулалық әсер радиусына тең болатын беттік қабатта орналасқан сұйықтың барлық молекулалары сұйықтың ішіне қарай тартылады екен (23-сурет). Бірақ сұйық ішіндегі кеңістікті басқа молекулалар алып тұрғандықтан, беттік қабат сұйыққа молекулалық қысым деп аталатын қысым тудырады. Теориялық есептеулер көрсеткендей, молекулалық қысымның шамасы соншалықты үлкен болады екен. Мысалы, су үшін ол 11108 Па, эфир үшін 1,4108 Па.
Достарыңызбен бөлісу: |