Өткізгіштердің, диэлектриктердің және жартылай өткізгіштердің қасиеттерін салыстыру. Барлық заттарды электрөткізгіштіктері бойынша үш класқа бөлуге болады екен (3.27-сурет). Суреттен көріп отырғанымыздай, өткізгіштерде меншікті кедергілерінің мәндері 10-5-нен 10-8Омм.-ге, ал диэлектриктерде бұл шама 108-нен 1017Омм-ге дейінгі интервалда жатады екен. Осы аталған заттардың арасында меншікті кедергілері аралық қалыпта болатын, жартылай өткізгіштер деп аталып кеткен заттар орналасқан. Олардың меншікті кедергісінің мәні 104 -нен 10-5Омм.-ге дейінгі аралықта жатыр.
Түрліше заттардың, оның ішінде жартылай өткізгіштердің кедергісі олардың тазалығына тәуелді болады. Металл өткізгіштерде басқа қоспалардың болуы тоқтың қозғалғыш тасымалдаушыларының концентрациясына әсер етпегенмен, олар осы тасымалдаушылардың қозғалғыштығына күшті әсер етеді. Мұның себебі қоспалар кристалл торында кемтіктер тудырып, ал бұлар металдың электр тоғына кедергісін арттыра түседі.
Диэлектриктердегі қоспа атомдарының атомдармен әлсіз байланысқан электрондары болады. Олар өз атомдарынан жеңіл босанып кетіп, еркін күйге өтеді. Сондықтан диэлектриктердің электр өткізгіштігі ондағы қоспаның мөлшерімен анықталады. Демек, диэлектриктегі қоспалар оның электр кедергісін азайтады.
Жартылай өткізгіштерде де диэлектриктердегі тәрізді қоспалар олардың кедергісін бірталай азайтады. Қоспаларды таңдап ала отырып, жартылай өткізгіштердің кедергілерін керекті бағытта өзгертуге болады. Міне, сондықтан да, қоспалық жартылай өткізгіштер қазіргі заман техникасында кең қолданылып жатыр.
Түрліше заттардың кедергілерінің температураға тәуелділігін де салыстырғанда мынаған келер едік. Металдарда кедергі оны қыздырған кезде артады да, ал суытқан кезде азаяды, нөлдік температура кезінде асқын өткізгіштікке келеміз. Диэлектриктердің кедергісі температура артқан кезде кемігенмен, ол әлі де үлкен мәнін сақтайды. Диэлектриктерде электронды атомнан жұлып алу үшін өте зор энергия қажет болады, сондықтан, қатты диэлектриктерде жеткілікті өткізгіштікке жетем дегенше, ол балқып кетеді.
Жартылай өткізгіштерде электрондарды атомнан жұлып алуға қажет энергия диэлектриктерге қарағанда көп аз болады. Сондықтан жартылай өткізгіштерді қыздырған кезде қозғалғыш тоқ тасымалдаушылар саны тез артып, олардың кедергілері күшті төмендейді. Ал температура төмендегенде жартылай өткізгіштердің кедергісі артады.
Жартылай өткізгіштердің кедергісіне тек температура ғана емес, сонымен қатар жарықталыну да әсер етеді екен. Жарықталыну жартылай өткізгіштің кедергісін едәуір азайтады, өйткені сәулелену жартылай өткізгіштердегі қозғалғыш тоқ тасымалдаушылардың санын біршама арттыруға қажетті энергия береді. Сөйтіп, жартылай өткізгіштердің өткізгіштігі температураға және жарықталынуға күшті тәуелді болады екен. Жартылай өткізгіштердің осы қасиеттерінің практикалық маңызы үлкен.