Біріккен газ заңы. Газдың берілген массасы үшін оның қысымы, көлемі және температурасы арасындағы байланыс (2.23) қатынастың көмегімен тағайындалады:
р=n0kТ.
n0 дегеніміз газдың бірлік көлеміндегі молекулалар саны болатындықтан, n0=N/V болады, мұндағы N – молекулалардың жалпы саны, V – газдың көлемі. Сонда
р=(N/V)kТ, немесе рV/T=Nk (2.25)
болады. Газдың берілген массасы үшін N саны өзгеріссіз қалатындықтан, Nk көбейтіндісі де тұрақты болады, яғни
pV/T=const. (2.26)
(2.26)-дегі р, V және Т мәндері газдың бір ғана күйіне жататын болғандықтан, газдың біріккен заңын былайша тұжырымдауға болады: тұрақты газ массасы кезінде газдың абсoлют температурасына бөлінген көлемнің қысымға көбейтіндісі газдың осы массасының кез-келген күйлері үшін тұрақты шамаға тең болады. Демек, егер газдың берілген массасы үшін параметрлердің процестің бас кезіндегі мәндерін р1, V1 және Т1 арқылы белгілесек, ал процестің ақырындағы мәндерін р2, V2 және Т2 арқылы белгілесек, онда
Р1V1/T1= Р2V2/T2. (2.27)
(2.26) және (2.27) формулалар біріккен газ заңының математикалық өрнегі болып табылады. Практикада газдың берілген массасының қалыпты жағдайлардағы V0 көлемін, яғни газдың Т0=273 К және р0=1,013.105 Па кезіндегі көлемін анықтау керек болады. Егер газдың осы массасы үшін оның параметрлерінің қалыпты күйден өзгеше басқа кез-келген бір күйдегі мәндерін р, V және Т арқылы белгілесек, онда (2.27) негізінде V0 p0 / T0 = V p/ T болады, немесе
V0 = V p T0 /P0 T. (2.28)
(2.28) формула газдың берілген массасының көлемін қалыпты жағдайларға келтіруге мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |