Ә. Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы махаббат, адамгершілік мәселесі


Жыр-дастандардағы әйелдер бейнесі



бет5/7
Дата24.02.2016
өлшемі0.52 Mb.
#15568
1   2   3   4   5   6   7

Жыр-дастандардағы әйелдер бейнесі

Тапанова С.Е.,

ф.ғ.д., профессор,

Еуразия ұлттық университеті

Көркемөнер, нақтылай алғанда, әдебиет халықтың сана-сезімін, көркемдік ойлау қабілетін дамытатын рухани дүние бола отырып, адамзат өркениетімен, адам тағдырымен байланысты сан-салалы мәселелерден құрылады. Солардың бір арнасы – екі адамның арасындағы ғашықтық сезім. Әр тағдыр иесінің көзімен көріп, көңілімен түйсінетін бұл қасиетті ұғым адам баласымен бірге жасап келеді. Адам ата мен Хауа анадан бастап бірде қуантып, бірде жылатып келе жатқан махаббат құдіреті терең.

Қазақ әдебиеті тарихындағы көркем туындылардың бәрі де өзінің түп төркіні халық ауыз әдебиетінен нәр алып, дәстүрлік жалғастық табады. Бүгінгі таңдағы биік сатыға көтерілген, әлем әдебиетінің алтын қорына қосылған іргелі туындылары бар қазақ әдебиетіндегі алуан тақырыптар, сан түрлі сарындар, өлмес идеялар, өміршең мұраттардың қай-қайсысы да о баста ауыз әдебиетінде, оның ішінде поэзия саласында көрініс тапқан, дәстүрлік тұрғыдан бұрынғыдан жалғастық тауып, мол арна тартқан. Бұл орайда біз сөз етіп отырған махаббат тақырыбы да алғаш осы халық ауыз әдебиетінде, нақтылап айтқанда, халықтық ән-өлеңдерінде, эпостық жырларда кең көрініс тапты. Көнеден жеткен, авторы белгісіз мына шумақтар соның бір дәлеліндей:

Көрдім де бір сұлуды болдым ғашық,

Алашқа білдірмедім аузымды ашып.

Жарасқан бал, шекерге күміс қасық,

Жүрерміз сүйтіп қашан араласып [1,188-б.]

деген жігіт арманы,

Мен нәзік болсам да едім текті нәзік,

Сөзіңді келем деген еттім азық.

Кезінде келем деген келмеген соң,

Құлындай сақау шыққан кеттім азып [1,188-б.]

деген қыз назын білдіретін шумақтағы қыз жүрегінің ықыласы мен ғашықтық сезімнің көрінісі махаббаттық сарынның халықтық әдебиетте суреттелген алғашқы үлгілердің бірі деуге болады.

Ал қазақ ауыз әдебиетінің үлкен бір саласы болып табылатын жырлардағы суреттелетін ғашықтық сарыны өзінше бір төбе.

Фольклорлық үлгілердің қашаннан-ақ эстетикалық сипаты мол болып отырған, онда әсемдік ойдан жырақ сұлулықтан тыс дүние жоқ. Бұлар халықтық ой сананың туындысы ретінде үнемі эстетикалық оймен терең астасып жатады. Фольклор туындыларында көркемдік сын мен түсінік егіз ұғым болып құрылып, әуел бастан әсемдікті жырлау талабымен ұштасып отырады. Өмірдегі құбылыстар: ел қорғаған батыр, бас бостандығынан айырылып сол үшін күрескен ұл мен қыз, ақылгөй дана қарт әсемдік заңдарына сәйкес жырланады.

Эпостық жырлардың ең көне үлгілерінің бірі – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры.

Жыр Қарабай мен Сарыбайдың түзде жүрiп құда болуымен басталады. Жырдың басты тақырыбы, негiзгi идеясы – махаббатты дәрiптеу. Тiлi көркем, композициясы шебер құрылған. Оқиғаны дамытуы, көркемдiк шеберлiгi, образ жасау жағынан бұл – күрделi де кесек туынды. Бас кейiпкер Қозы Көрпеш кiршiксiз таза махаббат иесi болып бейнеленедi. Ол батыр, аңғал, адамгершiлiгi мол жiгiт ретiнде суреттеледi. Қозы сияқты Баян да адал ниеттi, ақ жарқын, кiршiксiз таза махаббатты көксеген өзiнiң сүйгенiне қосылуды арман еткен, ақылына көркi сай қыз ретiнде бейнеленген.

«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры басталғаннан-ақ оның басты тақырыбы сұлулық пен әсемдiк екендiгiн бiрден-ақ байқауға болады. Нәзiк ойлы музыка сазындай жайдары, ашық, әсем әнмен басталатын жыр қалың тоғай iшiнде адасып елеңдеп жұрген маралды әдемi, нәзiк қылды сезiмге әсер ету мақсатымен суреттейдi. Марал мен Баян арасында үлкен жақындық бар. Бiрi – табиғаттың еркесi, аң сұлуы болса, екiншiсi – ел еркесi адамзаттың сұлуы. Жырдағы осы ғайыптан келген табиғаттың ерке сұлу маралы болашаққа кiршiксiз, таза махаббаттың символындай жарқ етiп көрiнедi. Табиғаттың өзi елжiреп, сұлулық нұрын төгiп тұрғандай сезiледi. Жыр әсемдiктi тап басып, тiлсiз табиғат пен адам өмiрiн қатар алып, сұлулықтың құпия әсем сырына бой ұрады.

Қазақтың лиро-эпос жырларына көш басшы болған «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырынан кейiнгi тiлi көркем, көлемдi сюжеттi жыры – «Қыз Жiбек» жыры болып саналады. Ел арасына ауызша да, жазбаша да кең тараған жыр. Төлеген Базарбайдың еркiнен тыс сүйiспеншiлiк iздейдi. Жiбекке ғашық болады. Жiбек сияқты сұлуға ғашық тек Төлеген ғана емес. Сол елдiң атқа мiнер азаматтарының бiразының қолы жетпей жүрген аруды, сырттан келген Төлегенге жетектетiп жiбермейтiнi белгiлi. Сондай елдегi көп ғашықтарының бiрi - Бекежанның қолынан қаза табады.

Жырдың суреттеуi бойынша батырдың сүйген жары елден асқан сұлу, ұзын бойлы, талдырмаш, сүмбiл қара шаш, қасы қияқтай, оймақ ауыз, күлiм көз, айқабақ, алтын кiрпiк, қызыл ерiн, алма мойын, аршын төс болып келедi. Оның өзi түгiлi басына таққан үкiсiн, зерлi бешпентiн, алтын жүзiгiн, қызыл түймесiн, әсем қылықтарын жырға қосады. Онымен бiрге болған күндер дүниенiң бар қызығына татиды. Ғашықтық сезiмнiң барлығы бiрдей ойын-күлкi, назды қылық, қызықты дәуренмен өте бермей, сүюдiң азабын да тартады. Кiшкенеден бiрге өскен ғашық жарынан қапелiмде айырылып қалып, зарығып, оның көшiне iлесiп, соңғы рет жолығып, сақинасын алып қоштасады.

Жырлардағы Қозы Көрпеш пен Төлегеннiң елден жалғыз аттанып, ұзақ шөлдi кезiп, жапандағы жалғыз үйге кезiгiп, не жол тосқан анталаған жаумен жалғыз алысуы аса қорқынышты, қауiптi оқиғалар. Олардың әрекеттерiнен ерлiк пен асқақтық сезiледi. Оларға iлесе мұңды, аянышты оқиғалар туып отырады.

Лиро-эпостық жырларда көбiнесе кейiпкердiң қиындықпен қолы жеткен аз уақыт iшiндегi бақытты өмiрi мен қуанышы жырланады. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының Шөже ақын жырлаған нұсқасында Қозы мен Баян қайта тiрiлiп, отыз бiр жыл өмiр сүредi. Сөйтiп, аз уақыт болса да бақытты болсын деп, тыңдаушысы жасып, сағы сынып мұқалмасын дегендей, тамсандырып, өкiнiш тудырмай, көңiлiн жайландырады. Халық идеясынан туған тiлек, қысқа бақытсыз өмiрдi қолдамай, мәңгiлiк халық жадында қалатын өмiрдi көксейдi.

Қазақтың лиро-эпосындағы әсемдiк – сұлу табиғаттың қойнында туып, алтын арай сәуле мен нұрға шомылып жасалады. Табиғаттың тылсым күшi мен сұлу көркi, жыр әсемдiгiн өткiрлей түсу үшiн кеңiнен пайдаланады. Ең әлсiз, момын құс бозторғай да, қанатымен су шашқандай, ғашық жарларға көмектескен болып, хабар жеткiзiп отырады. Қозы Көрпеш Баянды iздеп шыққанда жүгенi шылдырап күрең ат келiп, Қозы оны ерттеп мiнедi. Баянның асыранды, бақпа тотысы мен торғайы болады. Қозы Көрпеш өлiп Баян жалғыз қалып, оны жоқтағанда, менiмен бiрге зарлансын деп, ботасы өлген боз түйенi алдыртады. Төлегеннiң өлiмiн алты қаздың естiртуi лиро-эпос жырына тән адам мен табиғаттың арасындағы үйлесiмдiлiктi (гармония) аңғартады.

ХІХ ғасырдың алғашқы жартсындағы қазақ елiнiң әлеуметтiк-қоғамдық тiршiлiгiн, тұрмыс-салтын қамтитын, халық арасына кең тараған, оқиғасы реалистiк өмiрден алынған қазақтың лиро-эпостық жырларының бiрi - «Айман-Шолпан» жыры. Жыр Маманның екi қызын әуелi сұлулық, бақыт, салтанат құшағында көрсетедi де, кейiн екеуiн тұтқынға түсiрiп, теңсiздiкке ұшыратады. Бұл шендестiру Маман мен Көтiбардың бақ салтанатын мақтай келiп, олардың өте ұсақ, халықтық мiнезге жат адамдар екенiн, феодалдық зорлық бар жерде қазақ қызының бағы жанбайтындығын көрсетедi. Жырдағы Шолпан мен Арыстанның махаббаты екi елдi бiтiстiруге себеп болады. Ал, жырдағы Айман – өте ақылды, сирек кездесетiн би қызының үлгiсi. Айманның махаббаты романтикалық-трагедиялық сарында емес, прозалық-реалистiк арнада баяндалған. Өз басының мүддесiне келгенде, ол – бас бостандығын iздеген, үлкен махаббат иесi болған образ.

Жоғарыда талданған қазақтың ғашықтық жырларынан басқа Х1Х ғасырда туып, сюжеттiк негiзiне әлеумет теңсiздiгiн, феодалдық қоғам қайшылығын арқау еткен «Мақпал қыз», «Құл мен қыз», «Күлше қыз-Назымбек», «Есiм серi-Зылиха» жырларының да көркемдiк-тарихи мәнi ерекше. Мұндай жырлардың Кеңес дәуiрiнде де туғанын ескерсек («Құралай сұлу», «Сұлушаш»), олардың реализмi алғашқы лиро-эпостық жыр үлгiлерiнен өмiрге тереңдеу қабысып жататынын көремiз [2,237-б.].

Бұл жырларда айтылатын Мақпалдың сүйгенi – Әбен, Айымның ғашығы – Талайлы, Зылиханың жары – Есiм бұқара халық ортасынан шыққан кедей-жалшылар. Қолдары қысқа кедей жiгiттерiнiң өздерiнiң сүйген қыздарына қосыла алмай, ру қоғамының ескi салтынан соққы жейдi.

«Құл мен қыз» жырындағы Айым үшiн байлық пен бақ мақсат емес, өз басының еркiндiгi қымбатырақ. Жырда бұрынғы қазақ салтында сирек кездесетiн азатшыл қыздың «жiгiт таңдау» салты суреттелген. Небiр сұмдық жiгiттердiң iшiнен есiктегi құл Талайлыға өзi ғашық болады. Жiгiттiң бойынан өзiне қажеттi деп есептейтiн – ақылдылық, серiлiк, шешендiк, батырлық т.б. азаматқа тән қасиеттердi табады. Жырдың негiзгi идеясы – еркiн махаббат. Мақпал мен Сегiздiң арасындағы сезiм аз күндiк құмарлықтың құлы емес, тағдырға мойынсұну, өмiрлiк заңға бағыну. Десек те, санаға салып мойындағандарымен, жүрек өз әмiрiне бағындырып, қос ғашық жасырын кездесiп шер тарқатысады. Бұл екеуi де ескi көзқарас, яғни әдет-ғұрыптың құрбаны болған жандар. Жырда осы жағына баса назар аударылған. Жырда басы артық кейiпкер де жоқ. Көлемi қысқа, эпизоттары аз, тiлiнде екiжақтылық басым: қара өлеңмен айтылған жерде салт өлеңдерiнiң, ал жыр үлгiсiндегi өлеңдерде батырлық жырлардың әсерi айқын сезiледi. «Мақпал – Сегiз» деп аталатын бұл дастанның Әлқуат жазып алған нұсқасы толық, он бiр буынды қара өлеңге құрылған

«Күлше қыз - Назымбек» жыры мазмұны жағынан «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырына ұқсас келген. Жыр бесiкқұда салтымен басталады. Оқиғасы ХV1 ғасырдағы Орманбет хан мен қырық сан Қырым жұртының заманымен байланысты. Баян мен Қозы махаббатын Баянның екi апасының зары тудырса, Назымбек пен Күлше қыз махаббатын жырда сары бота тудырған. Бұл - жырдың өзiне тән ерекшелiгi. Жырдың сюжетi қазақ халқының төл өмiрiнен алынып, айтыс элементi аралас келетiн фольклор стилiнде жазылған. Бұған дейiнгi талданған жырларда жоқ ғашығын iздеуге шыққалы жатқан Назымбекке бiр сәуегей қарияның өнерлi жiгiттер мен ат-тұрманын сай етiп, ақ батамен аттандыру салтын көрсетедi. Бұл жағынан Төлеген сапарындағы салтқа ұқсайды. Жалпы жырлардағы батырдың сүйгенiне немесе жауға батамен аттануының астарында көп мән бар. Көбiне жырдағы бата беру салты кейiпкердiң тағдырымен, алдағы iс-қимылымен тiкелей байланысты болып отырады. Батасыз аттану, немесе терiс бата алу жырдағы болатын трагедияны да алдын-ала сездiрiп тұрады. Бұны бiз «Қыз Жiбек» жырынан анық білемiз. Ал, «Күлше қыз – Назымбек» жырында Назымбекке сәуегей қарияның берген батасы қабыл болып, кейiпкер дегенiне жетедi. Жаныс байдың антын бұзып, екi ғашықтың дегенiне жетуiне тiлектестiк бiлдiрiп, жыр сәттi аяқталады. Жырдың көркемдiк ерекшелiгi әлсiз болғанымен, оқиғасы тартымды.

Лиро-эпос жыры әсемдiктi көбiне лирикалық тәсiлде суреттейдi. Жыр ойлы, нақышты, нәзiк сазбен аса көркем, биiк талғамды жандарға арналады. Жағымды кейiпкерлер ақылды да тапқыр, жаужүрек әрi асқан көрiктi болып келедi. Мұндағы негiзгi сарын адам өмiрiндегi әсем сезiмдi аялау, кiршiксiз саф, таза күйiнде өмiрден өту болып саналады. Кейiпкерлер өмiрдiң қиын-қыстау шатқалынан жасқанбастан, өз көңiлi сүйiп ұнатқан ғашық жар iздейдi. Лиро-эпос жыры өзiнiң тақырыбы жағынан өткен дәуiрдiң күрделi әлеуметтiк проблемасына құрылған мазмұнды, шыншыл шығарма.

Лиро-эпостық жырларда көбiне адам еркiндiгi, әйел теңдiгi мәселелерi көтерiледi.

VІІ-ХІІ ғасырларда ең жоғары өркендеу дәрежесiне жетiп, дүниежүзiлiк тарихи маңызға ие болған бiртұтас араб-мұсылман мәдениетiнiң ықпалына басқа елдер сияқты қазақ сахарасы да iлiктi. Араб-мұсылман мәдениетiнiң өзi көптеген халықтардың жасаған мәдени мұраларының көркем де озық үлгiлерiн сiңiру арқылы биiкке көтерiлiп, өзiндiк өрнек қалыптастырған болатын. «Шығыс мұралары қазақ даласына әр түрлi жолмен келiп жеттi. Бiрiншiден, олар халықтардың күнделiктi қарым-қатынастары арқылы ауызша түрде жеттi. Екiншiден, бұлар қолжазба күйiнде таралды. Бiрақ шығыс сюжеттерi қазақ халық ауыз әдебиет творчествосының арасында жырланды. Сондықтан қазақ эпикалық дәстүрi өз әсерiн тигiзбей қойған жоқ» [3,8-б.].

Шығыс халықтары әдебиеттерiнiң өзара байланысы және бiр-бiрiне жасаған игi әсерi әр түрлi. Солардың бiрi – көркем шығармалардың адамгершiлiк мазмұн-мағынасын, оқиға желiсiн, жазу-өрнек тәсiлдерiн түсiне, өрбiте, өсiре қабылдау болып табылады. Соның айқын дәлелi ретiнде Рудаки, Фирдоуси, Низами, Физули, Новаи, Саади, Хафиз, Жәми шығармаларын қазақ ақындары өзiнше дамыта жырлап, тыңнан толғап, “нәзира” дәстүрiмен, халық арасына таратқан нұсқаларын айтуымыз керек. Атақты Абайдың өзi шығыстық желiге «Масғұт», «Ескендiр», «Әзiм» дастандарын жазса, Ш.Жәңгiров «Ескендiр Зұлқарнайды», Т.Iзтiлеуов «Рүстем-Дастанды» жырлады. Бүгiнде араб, парсы, үндi аңыз-ертегiлерiнен келген «Мың бiр түн», «Тотынаме», «Жүсiп-Зылиха», «Сейфүлмәлiк», «Мұңлық-Зарлық», «Бозжiгiт», «Шәкiр-Шәкiрат» сияқты ғашықтық дастандар қазақ топырағында қайта түлеп, жаңарып, бай фольклорлық мұраларымыздың қатарын толықтырды.

«Бозжiгiт» жыры «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырымен ұқсас, сарындас болып отырады. Оқиғасы да Қозы мен Баянның қайғылы өмiрiн, өкiнiштi махаббатын еске түсiргендей. «Бозжiгiт» жырының қай нұсқасын алсақ та, Бозжiгiт пен Қарашаш сұлудың махаббаты күштi, әсерлi, аянышты болып жырланған. Әсiресе, Қарашаш бейнесi өте сәттi шыққан. Шығыс дастандарының көбiне ортақ тәсiл – бiр-бiрiн түсiнде көрiп ғашық болса да, оқиға желiсiнде ол өз бақыты үшiн күрескер ретiнде, сүйгенi үшiн байлықтан да, мансаптан да бас тартқан асыл жар ретiнде жырланады. Бозжiгiт қазаға ұшыраған кезде оның басына там тұрғызып, ежелден келе жатқан ғашықтар дәстүрiн бұзбай, өзiн-өзi өлтiрiп, сүйгенiмен мәңгiлiк құшағында ғана кездеседi.

Жырда Бозжiгiт тәрбиелi, бiлiмдi, адал махаббатты аңсайтын адам ретiнде суреттеледi. Махаббат жолында кездескен қиыншылықтарға төзе бiлген қайратты, алға қойған мақсатына жету үшiн алған беттен қайтпайды. Қиындықты жеңе отырып сүйгенiн тапса да, қыз әкесiнiң қатал, рақымсыз қыңырлығын жеңе алмай, қаза табады. Жырдағы Қарашаш зарында төрт түлiк малды өлеңге қосуы немесе екi ғашықтың алғашқы кездесу қуанышында қыздардың жар-жар айтуы, естiрту, көңiл айту сияқты қазақ ауыз әдебиетiнiң жоғалған шiдерiн тiлге тиек ете отырып, өзi қонып шыққан үйдiң сұлу қызы Ләйлiмге деген iшкi жан толқынысы, көңiл-күйi сөз етiледi. Бiржан патриархалды-феодалдық заманның етектен тартқан ескiлiгiне, қарадүрсiн заң-жосығына, зорлықшыл iсiне, әлеуметтiк әдiлетсiздiгiне асқақ әндерiмен, уытты жырларымен қарсы тұрған суреткер.

Батыстың «Ромео мен Джульеттасы», шығыстың «Ләйлi-Мәжнүнiмен» үндесiп жатқан, махаббат мұңын шертетiн «Таһир-Зуһра» дастанының сюжетi араб, үндi елдерiнде бұрыннан кездесетiнi белгiлi. Қазақ арасында бұл жырдың екi нұсқасы бар. Бiр вариантында өлең мен қара сөз араласып баяндалып, тiлi шұбар болып келсе, екiншiсi таза өлеңмен баяндалады. Бұл жырда да осыған дейiнгi талданған дастандар сияқты бiрiн-бiрi шын сүйген екi ғашықтың бақытына жетуiне, керi кеткен әдет-ғұрып пен күштiлер билеген кезеңнiң құрбаны болған жастардың өмiрi суреттеледi. Екi жастың қайғылы махаббаты жыр болған бұл дастанда өмiрдегi ең аяулы нәрсе – жан сұлулығы; достыққа, ғашықтыққа берiк болу; арманына жету үшiн қара күш иелерiмен, қиындықпен күресе бiлу, көңiлi сүйгенiн кiршiксiз сақтай бiлу керектiгi жырланады.

«Жүсiп-Зылиха», «Сейфiлмәлiк-Бәдiғұлжамал» – ел арасына кең тараған ғашықтық дастандар. Шығыс сюжетiне құрылса да, қазақ халқының ауыз әдебиетiмен орайласып, үйлесiп кеткен шығармалар[4,124-б.].

«Жүсiп-Зылиха» дастанының ауыз әдебиет нұсқаларымен қатар, жазба варианттары шығыс әдебиетiнде, түрiк тiлдес халықтардың әдебиетiнде өте көп жайылған. Бұл дастанның ұзақ кiрiспесiнде, жырдың ұзын-ырғасында ислам дiнiн, құдайды, пайғамбарларды мадақтайтын шумақтар берiлiп, араб-парсы сөздерi, сөз тiзбектерi көп қолданылса да, поэманың негiзгi идеясы адамгершiлiктi, гуманизмдi уағыздайды және ғашықтық жеңбейтiн кедергi жоқ деген ұғымды Зылиханың Жүсiпке деген махаббаты арқылы суреттейдi.

«Жүсiп-Зылиха» – гуманистiк идеяға толы, поэтикалық образдары қарапайым, көркем шығарма. Бұл дастандағы ғашықтық желiсiн дамыта түсуде парсы ақындары бiраз еңбек сiңiрген. Зылиханың Жүсiпке деген ынтықтығын ақтап, дәлелдей көрсету жолында ақындық iзденiстер жасалған. Өз күйеуi бола тұра, қолбаласына ғашық болған әйел бейнесi шығыс салтына келiспес едi. Осыдан барып, «түсiнде көрiп, сырттай ғашық болу» желiсi кiргiзiледi.

Зылиха түсiнде Жүсiптi 3 рет көредi. Үшiншi түсiнде: «Сен мендiк, мен – сендiкпiн, тезiрек кел!» [4,16-б.] -деп аян бередi.

Әли қиссасын негiзге ала отырып ХХ ғасыр басында нәзира үлгiсiмен жаңғырта жазған Жүсiпбек Шайхұсламұлы болды. Жәмиге дейiнгi нәзиралық үлгiлерде Жүсiп сюжеттерiнен негiзгi мәселе ретiнде әке мен бала махаббаты ғана сөз болса, Әлиде Жүсiп пен Зылиха сүйiспеншiлiгi де қатар жүрiп отырады. Түрiк әдебиетiндегi ғашықтық тақырыбы Әлидiң «Қисса Жүсiбiнен» басталады деуге болады

Шығыс тақырыбына жазылған қазақ дастандары – ғасырлар бойы халқымызбен бiрге жасасып келе жатқан аса құнды мұралар. Махаббат пен ерлiк қоса өрiлген осы аталған ғашықтық дастандар тақырыптық, идеялық жағынан болсын, оқиғаны суреттеуi, көркемдiк ерекшелiктерi жөнiнен болсын қазақ халқының ауыз әдебиетi нұсқаларымен орайласып, үйлесiп жатады.

Ғашықтық дастандар мен лиро-эпостарда өмiрдегi ең аяулы нәрсе – жан сұлулығы, достыққа, ғашықтыққа берiк болу, арманына жету үшiн қиындықпен күресе бiлу керектiгi жырланады.

Лиро-эпостарда екi ғашықтың мәңгiлiк сүйiспеншiлiгi, ескi салт-санаға қарсы күресi, замана сыны, көршiлес елдермен өз елдерiмiздiң арасындағы тарихи байланыс көрiнiс тапқан. Бұл жырлардың ұрпақ тәрбиесiнде адамгершiлiк, гуманистiк, эстетикалық маңызы зор. Аталған жырлардың қай-қайсы да жар таңдаудағы адамның ақыл парасатының биiктiгiн тiлге тиек ете отырып, махаббат пен сүйiспеншiлiктiң нәзiк сырларын, сұлулық пен сыпайылықтың көңiл қобызын қозғар сиқырын, адамзат баласының өмiрлiк идеясы мен идеялын паш етедi.

Қазақтың лиро-эпостық жырларымен сарындас, үндес, идеялас, түр жағынан да соларға өте жақын болып келетiн Алтын Орда дәуiрiнiң ең таңдаулы туындыларының бiрi саналатын ақын Хорезмидiң «Мұхаббат-наме», Құтбтың «Хұсрау Шырын» дастандары.

«Мұхаббат-наменiң» негiзгi бөлiмiнде жiгiттiң сүйген қызына деген мөлдiр махаббаты жырланады. Махаббат тек адамзатқа ғана тән ғажайып, асыл қасиет екенiн ақын зор шеберлiкпен суреттейдi. Дастанның басты қаһармандары бiрiн-бiрi сүйген екi ғашық қыз бен жiгiттiң арасындағы сүйiспеншiлiк. Сүйгенiне қосылу үшiн барлық қауiп-қатерге бас тiгетiнiн айтады.

Дастанда Хорезми қыздың тек сұлулығын ғана жырламай, оның асқан ақылдылығын, адалдығын, адамгершiлiгi жоғары, инабаттылығын айта отырып, махаббатты әлеуметтiк мәселе дәрежесiне дейiн көтере бiлген. Адамдар бойындағы жақсылық қасиеттердi дәрiптей отырып, жамандықтан жирендiредi. Осындай ой-пiкiрлерi арқылы өзi өмiр сүрген ортаның әдiлетсiздiгiне бiршама наразылығын бiлдiргендей болады. Ал дастанда феодал-клерикал топтың адам бойындағы асыл сезiмдi аяқасты етiп, қыз-келiншектердiң еркiмен ешкiм санаспайтыны жөнiнде, соның салдарынан бiрiн-бiрi ұнатқан екi жастың қайғылы оқиғаға ұшырап жатуы жайында сөз қозғалмайды. Мұның басты себебi сол кездегi тарихи-қоғамдық жағдайға байланысты болған жайт. Сондықтан дастанда жырлаған махаббат тақырыбына әлеуметтiк-қоғамдық тұрғыдан мән берiп қараған жөн деп бiлемiз.

«Хорезмидiң «Мұхаббат-наме» шығармасын танып-бiлу арқылы бiз бүгiнгi қазақ әдебиетiндегi поэма жанрының өмiрге келу жолдарын, қазiргi қазақ тiлiнiң даму сатыларын, халқымыздың өткендегi әдет-ғұрпын, салт-санасын т.б. тереңiрек ұғынатын боламыз» [5,47-б.]- дейдi Н.Келiмбетов.

ХІІІ-ХІV ғасыр әдебиетiнде ғашықтық желiсiн негiзгi мәселе етiп алған қисса-дастандар да туа бастайды. Көпке белгiлi Низамидiң «Хұсрау уа Шырын» дастанын Оянушылық дәстүрiмен халық тiлiнде түрiкше сөйлеткен ақын Құтб (1341-42). Құтб дастанның бұрыннан мәлiм құрылысы мен сюжетiн толық сақтай отырып, өз оқырманының түсiнiгiне лайық жазған [6,37-б.].

Дастанға арқау ретiнде алынған негiзгi кейiпкерлер – 590-628 жылдары Иранда патша болып, өз баласы Шируяның бұйрығымен өлтiрiлген Хұсрау мен оның сұлу әйелi Шырын.

Шығарманың оқиғасы Шырын мен Хұсраудың махаббаты, iзгiлiк пен адамгершiлiктi үлгi етуге құрылған. Кейiнгi қисса-дастандарға тұрақты желi болып тартылған: Балаға зарығу, оның көрiктi, бiлiмдi, қайратты болып өсуi, сұлудың даңқын естiп, сырттай ғашық болуы, iздеп баруы, түрлi қиыншылықтары, қызға ғашық болған бәсекелес кейiпкермен (Фархад) арадағы қақтығыстың шешiлуi, т.б. тұрақтылықтар бұл дастанда жүйеге түскен. «Қисса Жүсiпке» қарағанда да, «Хұсрау уа Шырын» нағыз ғашықтық қисса-дастан ерекшелiктерiн қалыптастырған шығарма деуге болады.

Дастанда Шырын өз махаббатына өле-өлгенше адал жан. Хұсрауды жан-тәнiмен берiлiп сүйедi. Сүйiспеншiлiк жолындағы қиыншылық атаулының бәрiн жеңедi. Хұсраудың жағымсыз қылықтары мен жеңiл-желпi мiнездерiне де кешiрiмдiлiкпен қарайды. Махаббат жолында құрбан болады.

Осы шығармадағы тағы бiр көңiл аударатын бейне – Фархат. Фархат арқылы нағыз ғашық адамның бейнесi жасалған. Шырынға деген шынайы сүйiспеншiлiгi оған күш-жiгер бередi. Фархаттың өлiмi оның жеңiлiсi емес, жеке басының трагедиясы болып табылады.

ХVІІІ ғасырдың екiншi жартысында жыраулармен бiрге ақындар творчествосы көрiне бастады. Жыр мен жырау және толғау қаншалықты көне болса да, арғы замандардан келе жатса да, ақын мен өлең - кейiнгi дәуiр жемiсi. Жыраулар көбiне елдiк, ерлiк iстердi, замана жайын сол қалпында алып толғаса, ол туралы ой қозғаса, топшылаулар жасаса, ақындар негiзiнен күнделiктi өмiр құбылыстарын, адамдар қатынастарын, мiнез-құлықтарын, махаббат, сезiм сырларын т.б. поэзия тiлiнде сөйлеттi, өмiрде iрiлi-ұсақты шындық сипаттарын нақты көруге, суреттеуге ойысты. Аз да болса осының алғашқы нышандарын Шал, Көтеш т.б. ақындар өлеңдерiнен көремiз.

Шал ақын өзінің мына бір өлең жолдарында сұлу қыздың келбетін былай суреттеп өтеді:

Дегдар қыз екенсің бір алма мойын,

Ұжмақтан жаратылған жұпар қойын.

Жарқырап зуһардай екі қөзің

Таранған әр тарапқа созып мойын [7 ,122-б.].

Ұлтымыздың өркендеу тарихында, мәдени және әдеби өмірімізде ХІХ ғасырдың орны бөлек. Қазақ мәдениетiнiң жарық жұлдыздары Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев творчестволары қазақ ғылымына, мәдениеті мен әдебиетіне жаңа арна әкеліп қана қойған жоқ, осы тұста жарқырап көрiндi.

Қазақ әдебиетінде сүйіспеншілік, ғашықтық мәселесіне тұңғыш рет арнайы тоқталған Абай болатын. Ауызбен айтуға ұят саналып, әркімнің өз жүрегінде тұншықтырылып келген сүйіспеншілік сезім ешқандай есерлік емес, қайта, адамгершілік асыл қасиеттердің қатарына жататын, мораль нормаларының мықты бір өлшемі екенін танытқан. Абаймен бірге әдебиетке махаббат лирикасы келді.

Ақын Абай уағыздаған махаббат- адам санасы мен сезiмiнiң, жан мен тән сұлулығының, үзiк-үзiк ғашықтық пен құшақ құмарлығының, жүрек дiрiлi мен дiлғарлығының үндесiп, үйлесiп, ортақ тiл табысқан, ырғақты, сазды күй боп толқып, толысқан нағыз өмiршең, жасампаз махаббат. Ақын Абайдың махаббат сөзi, ақын уағыздаған махаббат сезiмi - нағыз адамдыққа, сұлулық пен әсемдiкке негiзделген, мәңгi өшпейтiн, мәңгi жарқырап, маздап тұратын мәндi де үлгiлi сөз, махаббаты да құдiреттi сезiм. Махаббат - адамдық сезiм. Адам бар жерде махаббат бар. Бiрақ сол адамның өзiн де адам қып ұстап тұрған нәрсе- махаббат. Егер махаббаттан айрылса, адамның өзi де адамдық қасиеттен айрылады, адам болудан қалады. Мiне, осы - ақын, әрi ойшыл Абайдың махаббат турасындағы негiзгi қағидасы, пәлсапасы, берiк тоқтамы.

«Махаббатпен жаратқан адамзатты» деген қағида Абай, Шәкәрім секілді ислам ілімінен сусындаған қазақ ойшылдары шығармаларының негізгі мәні мен маңызы болғандығы мәлім. Пәктікті сүюге, сұлулықты түсінуге, кемелдікті тануға талаптанудың барлығы махаббаттан басталатындығын айтқан.

Қазақтың жазба әдебиетiндегi алғашқы поэмалардың ХIХ ғасырдың екiншi жартысында пайда бола бастағанын айта келiп, ғалым Ә.Нарымбетов: «Революцияға дейiнгi қазақ әдебиетiнде шығыс немесе халықтың аңыз әңгiмесi негiзiнде жазылған поэмалар болды. Қиссашыл ақындардың «Мұңлық-Зарлық», «Шәкiр-Шәкiрат», «Алтын балық» сияқты дастандарын былай қойғанда, Абайдың немесе оның дәстүрiндегi ақындардың жазған «Масғұт», «Ескендiр», «Дағыстан», «Еңiлiк-Кебек» сияқты поэмалар т.б. – бәрi де жаңа европалық поэзияның үлгiсiне толық көшiп болмаған едi, негiзi шығыстың дастандық поэзияларының үлгiсiнде жатыр. Демек, шын мәнiндегi, яғни орыстың және дүние жүзiлiк классикалық поэзияның үлгiсiндегi сюжеттi поэмалар жасау қазақ совет ақындарының творчестволық тәжiрибесiнде шешiлдi» - дейдi [8,4-5-б.].

ХХ ғасырдың басында шынайы көркем үлгiдегi, мазмұндық және идеялық астары терең поэмалар көбейдi. Бұл кезеңде С.Торайғыровтың, Ш.Құдайбердиевтiң, М.Сералиннiң т.б. түрлi сипаттағы поэмалары жазылды. Ал осынау реалистiк поэма жасау дәстүрiнiң түп тамыры оның алдындағы Абай шығармашылығында жатқаны бәрiмiзге мәлiм. Абай қазақтың ұлттық әдебиетiнде бұрыннан бар дастаншылдық, хиссашылдық дәстүрдi өз талантымен өңдеп, жаңғыртып, оған жаңа дәуiрдiң ыңғайымен жаңалап, туған жұртына қайта ұсынды. Романтикалық поэмалардың табиғатына реалистiк қасиет дарыта жырлады. Сөйтiп, соны сипаттағы қазақ поэмасының негiзiн қалады.

Шәкәрiм дастандарының барлығы романтикалық сарынның үнiн бәсеңдетiп, шынайы суретке, терең философиялық толғамдарға, әлеуметтiк мәселелердi нақтырақ бейнелеуге бет бұрды.

Ақын поэмаларының барлығында екi жастың арасындағы махаббат оқиғалары баяндалады. Бұл – сонау шығыстық поэзиядан келе жатқан дәстүрлi тақырып. Шәкәрiмнiң шығармаларында жырланатын махаббат мәселесi ақынның «… жалпы гуманистiк көзқарастарының бөлiнбес бiр саласы ретiнде көрiнiп, жаңа ғасыр басындағы бостандық идеяларына, адамдық право туралы ойларға шебер үндеседi» [9,245-б.].

Ел аузында аңыз болып бұрыннан айтылып жүрген “Қалқаман - Мамыр” дастанындағы ғашықтар арасындағы трагедиялық оқиғаға ақынның құлағы қанық болып өскен.

«Ғашықтар трагедиясы Шәкәрiмге өзгелерден өзгеше әсер еттi. Ақын осынау махаббат мұңлықтарының басындағы қайғылы хал мен ел, қоғам басындағы трагедияны асқан шеберлiкпен, ақындық көрегендiкпен ұштастыра отырып, ол туралы тамаша туынды жасай бiлдi. Ел iшiндегi бiр ғана махаббат тарихын баяндау арқылы ақын қазақ қоғамының сол кезеңдегi этнологиялық, психологиялық сыр-сипатын ашып бердi. Поэманың басты құндылығы оның әлеуметтiк астарының тереңдiгiнде жатыр дейтiнiмiз сондықтан» [9,109-б.].

Қорыта айтқанда, қазақ әдебиетіндегі махаббат сарыны алғаш рет ауыз әдебиеті үлгілерінде көрініс тапты. Сан ғасырлар бойы ауыздан ауызға көшіп, халық көңілінің сүзгісінен өтіп өңделген, жаңарған, қалың тыңдарман қалауына, әр дәуірдің талғамы мен талабына, әр ұрпақтың түсінік-пайымына, ой-өрісінің даму деңгейіне орай өзгеріп отырған халықтық шығармаларында қалыптасты. Қазақтың қара өлеңінде, батырлық, ғашықтық жырларда махаббат сезімінің, сүйіспеншілік белгісінің бар болмысымен өзіне құштар етіп жан толқынысына түсірген сүйген жанға деген жүрек лүпілінің көңіл тербер сырлары өрнектеледі, алуан түрлі образдар арқылы сезім күйлері шертіледі.

Осы ауыз әдебиетін арда еміп, халықтық жырдан сусындап өскен сал-серілер шығармаларында махаббат тақырыбы нақтылана түсті, шындық өмір аясында соны бояумен көріне дамып, жетілді. Сегіз, Біржан, Ақан т.б. шығармашылығы оған дәлел.

Қазақтың жаңа жазба әдебиетінің көшін бастаушы Абай шығармашылығы арқылы махаббаттық сарын ұлттық әдебиетімізде кәсіби жаңа биікке көтерілді. Ғашықтық сезімді беруде тың өрнек, соны суреттер жасалды, терең сырлы ойлар айтылып, әсерлі бейнелер сомдалды.

Бұл орайдағы Абай дәстүрі Шәкәрім шығармашылығы арқылы жалғастық тапты, дами түсті. Тарихи негізі бар «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» поэмаларында өмірлік шындық аясындағы биік сатыға көтерілген махаббат көрінісі бейнеленді.

Аңыз-жырлардағы өмір үшін, махаббат үшін күрес, жақсылыққа ұмтылу, түрлі әрекеттер арқылы сол дәуірдегі әлеуметтік жағдайды жақсартуға тырысу, сол жолдағы қаһармандардың ерлігі – халықтың өмірге құштарлығын, арман-мұраттарының биіктігін танытады. Халықтық мұралардан арна тапқан ғашықтық сарын, өршіл де асқақ арман-аңсарлар одан әрі роман жанрында өрбіп, жалғастық тапты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет