Еңбек міндеттерін атқару кезінде азаматтың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы азаматтық істер бойынша сот практикасына шолу



жүктеу 239.3 Kb.
Дата23.02.2016
өлшемі239.3 Kb.
Еңбек міндеттерін атқару кезінде азаматтың

өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы

азаматтық істер

бойынша сот практикасына

ШОЛУ
Еңбек міндеттерін атқару кезінде азаматтың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы азаматтық істер бойынша сот практикасын қорыту республика соттарының негізінен осы санаттағы істерді материалдық және іс жүргізу заңына сәйкес қарайтынын көрсетті
Жазатайым оқиғаның нәтижесінде қызметкерге келтірілген зиян үшін жұмыс берушінің жауапкершілігінің дәлелдемелері ретінде:

өндірісте еңбек ету қабілетін жоғалтуға әкеліп соғуы- Н-1 нысандағы акт;

ауыр салдарға немесе қазаға ұшырау кезінде-Арнайы акт;

кәсіби ауру немесе улануға әкеліп соғуы - денсаулық сақтау орны берген Н-1 нысанды акт-танылады.

Қызметкерге:

жұмыс уақыты басталар немесе аяқталар кезде жұмыс орнын, өндіріс құралын, дербес қорғану затын және т.б. әзірлеу және ретке келтіру барысында;

жұмыс уақыты бойында жұмыс орнында немесе іссапарда болған, не жұмыс беруші немесе жұмысты ұйымдастырушының тапсырмасымен еңбек немесе басқа да міндеттерді орындауға қатысты басқа жерде (оның ішінде іссапар кезінде) болған кезде;

қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың әсер етуі нәтижесінде;

қызмет көрсету объектілерінің арасында қатынаумен байланысты қызметкер жұмыс берушінің тапсырмасымен жұмыс уақытында жұмыс орнына бара жатқанда;

жұмыс берушінің көлігінде болғанда;

жеке көлігін қызметтік сапарларға пайдалануға жұмыс берушінің жазбаша келісімі болса, жеке көлігінде болғанда;

жұмыс берушінің өкімімен өзінің немесе басқа кәсіпорынның аумағында болғанда, не жұмыс берушінің мүлкін қорғау үшін, не жұмыс берушінің мүддесі үшін өз бастамашылығымен басқа да әрекеттер жасағанда;

жұмыс орнында немесе іссапар кезінде қызметкердің денесіне жарақат салынғанда, не ол еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде қасақана өлтірілген болса - салынған жарақаттар мен денсаулығына келтірілген өзгедей зақымдар өндірістік (кәсіби) деп ресімделуге жатады.
Аталған тізім түбегейлі емес. Әрбір нақты жағдайда өндіріспен байланысты мәселені комиссия тексеру барысында анықтайды.

Б. Т-мен (талапкердің жұбайы) жауапкер "К" ЖШС, "Р" АҚ-нің арасында жасалған келісім-шартты жеке еңбек шарты деп, ал жұбайының қазасына әкеліп соқтырған жазатайым оқиғаны өндіріспен байланысты деп тану, сондай-ақ Т-мен еңбек қатынастары болмауына сілтеме жасала отырып, оған келтірілген зиян өтеуден бас тартылғандықтан, асыраушысының қайтыс болуына байланысты зиянды өтеу және 1 млн. теңге мөлшерінде моральдық зиянның орнын толтыру туралы сотқа талап арыз берген.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық сотының 2005 жылғы 19 тамыздағы шешімімен Б-ның талаптары ішінара қанағаттандырылған.

Т. мен жауапкердің арасында жасалған келісім-шарт жеке еңбек шарты және жазатайым оқиға өндіріспен байланысты деп танылып, тиісті өтемақылар өндірілген.

Жауапкер көлік қызметін көрсеткені үшін Т-ға сағатына қарай жалақы төлеуді белгілеген 2004 жылғы 23 ақпандағы №28 шартты бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар еңбек шарты деп, ал шарттың техникалық қауіпсіздік ережелерін бұзып, жол көлік оқиғасына ұшыраған жағдайда жауапкершілік қызметкердің өзіне жүктелетіні туралы 3.3 - тармағын заңсыз деп таныған, өйткені еңбек және азаматтық заңдардың нормалары бойынша зиянды өтеу жауапкершілігі жұмыс берушіге жүктеледі. Тиісінше, 2004 жылғы 15 наурызда жол көлік оқиғасының нәтижесінде Т-ның өлімімен аяқталған жазатайым жағдай өндіріспен байланысты деп саналады, өйткені Т. мастер К-ның тапсырмасы бойынша, оның өзімен бірге Зил-138 автомашинасымен “Е.”базасына бара жатқан жолда, қызметтік тапсырманы орындау кезінде апатқа ұшыраған.

Сот шешімі және апелляциялық алқаның қаулысы қадағалау тәртібімен жойылып, Б-ның талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған. Қадағалау сатысы Т. мемлекеттік тіркеу туралы куәлікке сәйкес, жеке кәсіпкер саналып, тұрақты түрде салық төлеп отырған және Зил-138 автокөлігін жүргізуге К. берген сенімхаты болған, яғни жауапкерге көлік қызметін көрсетумен шұғылданған, сондықтан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың 2004 жылғы 23 ақпандағы №28 шартты еңбек шарты деп тануы қате деп санаған.

Бұл жағдайда жұмыс берушінің мүддесі үшін тұрақты түрде автомашинаны жүргізу туралы сенімхат беріліп, орындалған жұмыс үшін ақшалай төлем жасалуы еңбек қатынастарын ұйымдастырудың азаматтық-құқықтық нысаны болып табылатынын Маңғыстау облыстық сотының қадағалау алқасы ескеруі тиіс еді. Сондай-ақ, кейінгі кезде еңбек шарттарының орнына түрлі қалыптағы азаматтық-құқықтық келісім-шарттар (тапсырма, мердігерлік...) жасасу орын алғаны байқалады, олар бойынша азаматтар белгілі бір жұмысты атқарады, ал жұмыс беруші ақысын төлейді.

Ақылы қызмет көрсету осындай шарттардың бір түрі болып табылады, ол бойынша орындаушы тапсырысшының тапсырмасымен белгілі бір әрекеттерді жасауға міндеттенеді, демек, мертігу, кәсіби ауруға ұшырау не денсаулығына өзгедей зақым келтірілу қаупі бар.

Мұндай шарттардың мәні бойынша орындаушы қызметкердің, ал тапсырысшы жұмыс берушінің рөлінде болады.
АК 917-бабына сәйкес, азаматтар мен заңды тұлғалардың мүліктік немесе мүліктік емес игіліктері мен құқықтарына заңсыз іс-әрекеттерімен (әрекетсіздікпен) келтірілген (мүліктік және (немесе) мүліктік емес) зиянды, оны келтірген тұлға толық көлемінде өтеуге тиіс.

зиян келтіргені үшін жауапкершіліктің шарттары болып:

зиянның болуы;

зиян келтірген адамның әрекетінің құқыққа қарсы болуы;

құқыққа қарсы әрекет пен келтірілген зиянның арасында себептік байланыстың болуы;

жұмыс берушінің кінәсіне қатыссыз жоғары қауіптілік көзінің зиян келтіруі табылады.

Алайда, іс жүзінде бұл мәселелер әртүрлі шешіледі.

Мысалы, З. жазатайым оқиғаны өндіріспен байланысты деп тану, жауапкерді Н-1 нысандағы акт жасауды міндеттеу және денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу туралы "К" РМҚК-ға қарсы сотқа талап арыз келтірген.

Талапкер өзінің талаптарын Зыряновск әскериленген құтқару бөлімі бастығының ауызша өкімі бойынша "П" туристік базасында болып, ВАЗ-2121 аввтомашинасымен жолаушы есебінде қайтып келе жатқанда жол көлік оқиғасына ұшырап, ауыр дене жарақаттарын алғанымен негіздеген.

Зыряновск аудандық сотының 2006 жылғы 14 наурыздағы шешімімен талаптар қанағаттандырылған.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Шығыс Қазақстан облыстық соты қадағалау алқасының қаулысымен шешім мен апелляциялық қаулының күші жойылып, талаптарды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.

Бұл орайда қадағалау алқасы Жоғарғы Соттың "Соттардың денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу жөніндегі Республика заңдарын қолдануының кейбір мәселелері туралы" нормативтік қаулысының 4-тармағына сәйкес, еңбек (қызмет) міндеттерін атқару кезінде қызметкердің денсаулығына келтірілген зиянды жұмыс беруші - ұйыммен немесе жеке тұлғамен өз кінәсі болған жағдайда ғана өтейді. Егер еңбек (қызмет) міндеттерін атқару кезінде қызметкердің денсаулығына жоғары қауіптілік көзінен зақым келсе, онда мұндай зиян келтіргені үшін жауапкершілікке қауіп көзінің иесі тартылады.

Іс материалдарынан көрінгендей зиянды келтірген жауапкер емес, жоғары қауіптілік көзінің басқа иесі, өйткені көлік инспекциясы органдарының тексеруінің нәтижелеріне сәйкес, жол көлік оқиғасының жасалуына "В" ААҚ атына тіркелген УАЗ-3303 маркалы автомобилінің жүргізушісі А. кінәлі болып танылған.

Қадағалау алқасы жұмыс берушінің Н-1 актісін жасау бойынша әрекеттеріне шағымдану бөлігіндегі талапкердің талаптарына тиісінше баға бермеген, онда Ереженің 4-тармағы қызмет көрсету объектілерінің арасында қатынаумен байланысты жәбірленушіге жұмыс берушінің тапсырмасы бойынша жұмыс уақытында жұмыс орнына барар жолда зиян келтірілсе, онда жауапкершілік жұмыс берушіге жүктелуі көзделген, бұл жағдай осылай болған.

Басқа бір мысал. Х. жазатайым оқиға туралы Н-1 нысанды актіні қайта ресімдеу және асыраушысын жоғалтуға байланысты келтірілген зиянды өтеу бойынша 2004 жылғы 3 желтоқсаннан 2005 жылғы 1 сәуірге дейін төленбеген сома мен жұбайының мерзімнен тыс және демалыс, мереке күндері істеген жұмыстарының ақысын төлеу, зақымданғанға дейінгі орташа жалақысын мерзімнен тыс жұмысты есепке ала отырып анықтау, сондай-ақ моральдық зиянның орнын толтыру туралы "K" АҚ-ның "Ш" филиалына қарсы талап арыз келтірген.

Талапкер өз талаптарын жұбайының автомашина жүргізушісі ретінде өз еңбек міндеттерін атқару кезінде жол көлік оқиғасына ұшырап қаза болғаны үшін жұмыс берушінің кінәсі бар екендігі туралы бір топ адамға қатысты жазатайым оқиғаны арнайы тексерген комиссияның қорытындысына қарамастан, жауапкердің Н-1 актіде кісі өлімі және өз кінәсі туралы көрсетпей, оған жол көлік оқиғасына кінәлі адамдардан келтірілген зиянды талап ету туралы кеңес бергенімен дәлелдеген.

Тараз қалалық сотының 2005 жылғы 20 қыркүйектегі шешімімен талаптарды қанағаттандырудан бас тартылған.

" Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы" Заңның 90-бабына және Жоғарғы Соттың "Соттардың денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу жөніндегі Республика заңдарын қолданудың кейбір мәселелері туралы" нормативтік қаулысының 4-тармағына сәйкес, еңбек міндеттерін атқару кезінде қызметкерге келтірілген зиянды жұмыс беруші өз кінәсі болған жағдайда өтейді, сот осы заң нормаларына сүйеніп талапты қанағаттандырудан бас тартқан.

Егер еңбек (қызмет) міндеттерін атқару кезінде қызметкердің денсаулығына жоғары қауіптілік көзінен зиян келсе, онда мұндай зиян үшін жауапкершілік жоғары жауапкершілік көзінің иесіне жүктеледі, ал зиян қызметкер жұмысқа бара жатқанда немесе қайтқан уақытында жұмыс берушінің көлігінің әсерінен келтірілген жағдайда ғана жұмыс берушінің жауапкершілігі туындайды.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасы сот шешімін жазатайым оқиға туралы Н-1 нысанды актіні қайта жасақтау туралы бөлігінде өзгертіп, Н-1 нысанды актіні тиісінше толтыру жөнінде жауапкерді міндеттеу және асыраушысын жоғалтуына байланысты келтірілген зиянды өндіру бойынша төленбеген соманы өндіру туралы жаңа шешім қабылдап, істі жаңадан қарауға жолдады. Сот шешімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.

Бұл орайда АК 931-бабының 2-тармағына сәйкес, жоғары қауіптілік көздерінің иелері қауіптілік көздері өзара соқтығысуы салдарынан үшінші тұлға- жәбірленушіге келтірілген зиян үшін ортақ жауапты болады. Аталған жағдайда жүргізуші Х. " K" АҚ-ның автомашинасының иесімен еңбек қатынасында тұрған үшінші тұлға болып табылады. Жол көлік оқиғасы "С" ЖШС-нің "Газель" автокөлігінің жүргізушісі О-ның кінәсінен болған.

Жамбыл облыстық сотының қадағалау алқасы сот шешімі мен апелляциялық қаулыны моральдық зиянды, төленбеген жалақыны өтеу және жарақаттанғанға дейінгі орташа жалақыны анықтаудан бас тарту бөлігінде бұзып, істі жаңадан қарауға жіберді, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың зиян екі көліктің соқтығысуынан болған, сондықтан жауапкер зиян келтіруші болып саналмайды деген тұжырымдарының қате екенін, АК 951-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына сәйкес, зиян азаматтың өмірі мен денсаулығына жоғары қауіптілік көзі арқылы келтірілсе, зиян келтірушінің кінәсіне қарамастан моральдық зиян өндірілетінін көрсеткен.


АК 938-бабында көзделгендей, денсаулығының зақымдануына байланысты жоғалтылған табыстың (кірістің) құрамына еңбекке ақы төлеудің жеке табыс салығы салынатын барлық түрлері кіреді. Бұл орайда жәбірленушінің нақты жалақысы туралы құжаттар болмаған, не ол зиян келтірілген кезде жұмыс істемеген жағдайда, осы кездегі оның біліктілігіндегі қызметкер сыйақысының жай мөлшері ескеріледі.

Ю. 1998 жылғы 14 шілдеде "Э." трестінің МК-163 автожүкшісімен жұмыс істеу кезінде болған жазатайым оқиғаның нәтижесінде 20% еңбек қабілетін жоғалтқаны туралы дәрігерлік еңбек сараптамасы комиссиясының 1990 жылғы 18 желтоқсандағы қорытындысына сүйене отырып, "Э." ААҚ-на 1992 жылғы қаңтардан 2018 жылғы 8 шілдеге, яғни жетпіс жасқа толғанға дейінгі жоғалтқан жалақысын өтеу туралы және басқа да талаптар келтірген.

Талапкер жұмыс берушінің кәсіпорын қайта құрылғанша бір жыл бойына жоғалтқан табысын өтеп тұрғанын, ал жауапкер заңды мұрагерлігі туралы ұзақ мерзімді хат жазысудан кейін заңды мұрагер болып табылмайтындығы туралы желеумен тиісті төлемдерді төлеуден бас тартқанын көрсеткен.

Павлодар қаласының №2 сотының 2005 жылғы 10 мамырдағы сырттай шешімімен жауапкердің заңды мұрагерлігі анықталып, талап жоғалтылған жалақыны өтеу туралы бөлігінде ішінара қанағаттандырылған, 1992 жылғы 1 қаңтардан 2001 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңдегі жалақы мөлшері туралы дәлелдеме келтірілмегендіктен осы кезеңдегі жоғалтылған жалақыны өндіруден және АК 944-бабының 1-тармағының ережесі ескеріле отырып, яғни талаптың мерзімінен бұрын берілгендігіне орай, 2005 жылғы мамырдан 2018 жылғы шілдеге дейінгі жалақыны өтеуден бас тартылған. Шешім заңды күшіне енді.

Сонымен бірге, сот құқықтық қатынастар туындаған мерзімде күшінде болған, Зиянды өндіру туралы ереженің 9-тармағын ескермеген, яғни зиянды өтеу туралы өтініш берілген кезде қызметкер еңбек зақымын алғанға дейінгі нақты жалақысы жөнінде құжаттар сақталмаса, онда зиянның мөлшері ол бұрын атқарған жұмыстың өтініш берілген мерзімдегі тарифтік мөлшерімен есептеледі.
Зиянды өтеумен байланысты талаптардың жекелеген түрлерін қараған кезде АК 47-бабының зиянды өтеу туралы ережелерін әртүрлі түсіндіру жағдайлары кездеседі.

П. арнайы көлік-"Запорожец" автомашинасын сатып алуға қажетті қосымша шығындарды өтеу туралы "М" АҚ-на талап қойып сотқа жүгінген.

Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотының 2005 жылғы 4 қазандағы шешімімен талапты қанағаттандырудан бас тартылған.

Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасы сот шешімінің күшін жойып, талаптарды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдаған.

Екі сот сатысы да 1970 жылы №23 "Л" тресінің шахтасында талапкерге байланысты өндірістік жазатайым оқиға болғандығын анықтаған. Оған "оң тобығы ортасынан кесілген - зақымдық ауру" деген диагнозбен 2-топтағы мүгедектік белгіленген.

Дәрігерлік әлеуметтік сараптама комиссиясының (ДӘСК) 1993 жылғы 23 маусымдағы қорытындысына сәйкес, ол дәрігерлік көрсеткіштер бойынша арнайы көлікпен - "Запорожец" автомашинасымен қамтамасыз етілуге тиіс болып танылған, автомашина жүргізуге дәрігерлік тыйым салынбаған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2005 жылғы 16 мамырдағы жауабында денсаулықты дербес қалпына келтіру бағдарламасы бойынша, П. еңбек зақымын алған К. атындағы шахта оны арнайы көлікпен қамтамасыз етуі тиіс екені көрсетілген.

Талапкер автокөлік үшін алдын ала төлем жасауға қаражаты жоғын көрсеткен.

Талапкерге бөлінген көліктің бағасы Еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының анықтамасымен бекітілген.

Сондай-ақ, Қарағанды қаласындағы "А" ЖШС арқылы мүгедектерге арналған арнайы автокөлік алуға болатыны туралы анықтама бар.

Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырудан бас тарта отырып, жәбірленуші көтерген шығындарды, яғни автомашинаның құнын төлегені туралы дәлелдеме ұсынуы тиіс деп көрсеткен.

Апелляциялық саты АК 937-бабында еңбек зақымын алған мүгедекті қажеттілігіне қарай арнайы көлік құралымен қамтамасыз ету туралы нақты көрсетілгендігін уәж еткен.

АК 944-бабының 2-бөлігіне сәйкес, қосымша шығындарды өндіріп алу медициналық сараптама қорытындысының негізінде белгіленген мерзімдердің шегінде алдағы уақытқа, сондай-ақ қызмет көрсету мен мүліктің құнын алдын ала ақы төлеу қажет болған жағдайда (жолдама сатып алу, жол ақысын төлеу, арнайы көлік құралдарына ақы төлеу ...) жүргізілуі мүмкін. Осыған байланысты, қосымша шығындарды алдын ала төлеу туралы талаптар, тек мұқтаждығы туралы мәлімет болғанда емес, талапкерлер аталған дәлелдемелердің жиынтығын толық ұсынған жағдайда қанағаттандырылуға жатады.
АК 937, 939, 940-баптарының мәні бойынша, жарақат немесе денсаулығына өзгедей зақым келтірілген кезде жұмыс берушінің есебінен зиянның орнын толтыруға мыналардың құқығы бар:

жәбірленуші азаматтар;

кәмелетке толғандар, онда болған немесе анық иелене алатын жалақысы (табысы), жоғалтқан, сондай-ақ денсаулыққа зақым келтіруден туындаған шығындар (емделуге, қосымша тамақтануға, дәрі-дәрмектер сатып алуға, протез салғызуға, бөгде адамның бағып-күтуіне, санаторий-курорттық емделуге, арнайы көлік құралдарын сатып алуға, басқа мамандыққа даярлауға және т.б.) түрінде, егер жәбірленуші көмек пен күтімнің осындай түрлеріне мұқтаж және оларды тегін алмайды деп танылса;

14 жасқа жетпеген және табысы жоқ кәмелетке толмағандар, денсаулығының зақымдануына байланысты шығындар түрінде;

14 жасқа толған және 14-тен 18 жасқа дейінгі жалақысы (табысы) жоқ кәмелетке толмағандар, денсаулығының зақымдануынан туындаған шығындар, сондай-ақ еңбек қабілетін жоғалтуына және еңбек қабілетінің төмендеуіне байланысты зиян түрінде;

табысы бар кәмелетке толмағандар, жоғалтқан табыс түрінде;

қайтыс болған адамның асырауындағы немесе ол қайтыс болған күнге дейін одан жәрдем ақша алуға құқылы болған еңбекке жарамсыз адамдар; қайтыс болған адамның асырауында болған және ол қайтыс болғаннан кейін 5 жылдың ішінде еңбекке жарамсыз болып қалған адамдар; ата-аналардың біреуі, зайыбы не жұмыс істемейтін және қайтыс болған адамның асырауындағы адамдарды күтумен айналысатын және күтуді жүзеге асыру кезеңінде еңбекке жарамсыз болып қалған отбасының басқа мүшесі, қайтыс болған адамның көзі тірісінде алған немесе алуға құқылы жалақы (табысы) түрінде жұмыс берушінің есебінен келтірілген зиянды өндіріп алуға құқылы.

Мысалы, П. асыраушысынан айырылуына байланысты бір жолғы жәрдемақы, жоғалтылған жалақы және моральдық зиянды ортақ тәртіппен өтеу туралы "Т." ЖАҚ, "А." ААҚ, "М." ЖШС-не талап арыз келтіріп сотқа жүгінген.

Ол "Т." ЖАҚ-та электр дәнекерлеуші болып жұмыс істейтін жұбайы П-ның 2002 жылғы 2 желтоқсанда "100 пәтерлік тұрғын үй" объектісінде болған жазатайым оқиғадан қаза болғанын өз талаптарына дәлел еткен. Марқұмның отбасының құрамы:

14 жасқа толмаған немересінің асырауымен шұғылданатын үй шаруашылығындағы зайыбы;

наубайшы болып істейтін қызы;

оқушы немересі екенін көрсеткен.

Тараз қаласы №2 сотының 2005 жылғы 31 қазандағы шешімімен бір жолғы жәрдемақы және немересі 14 жасқа толғанша айлық төлемақы төлеу туралы бөлігіндегі талаптарды қанағаттандырудан бас тартылған, моральдық зиянды өтеу бөлігі ішінара қанағаттандырылған.

Заңның жоғарыда келтірілген ережелеріне сәйкес, талапкер көрсеткен негізде зиян өтету құқығын қайтыс болған адамның асырауындағы адамдарды күтіп-бағумен шұғылданатын, жұмыс істемейтін жұбайы иеленеді.

Осыған орай, соттың жұбайы қайтыс болғанда талапкердің жұмыс істемесе де, еңбекке қабілетті жаста болғанына, марқұм П-ның асырауында болмаған 1995 жылы туылған немересін күтіп-бағумен шұғылданғанына сілтеме жасауы дұрыс.
Таратылған заңды тұлғада мүліктің болмауы немесе жеткіліксіз болуы себепті конкурстық басқарушы капиталдандырылған төлемдерді жүргізуі мүмкін болмаған жағдайда тағайындалған сомаларды азаматтар АК 945-бабына сәйкес капиталдандырылған төлемдерді заң актілерінде белгіленген тәртіппен мемлекетке төлетуді міндеттеу туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.

"Банкроттық туралы" Заңның 77-бабының 1-тармағына және Жоғарғы Соттың 2005 жылғы 28 қазандағы "Банкроттық салдарынан заңды тұлғаны тарату кезінде азаматтардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу заңнамасын қолдану тәжірибесі туралы" нормативтік қаулысының 3-тармағына сәйкес, жәбірленушінің денсаулығына нұқсан келгенше алып жүрген жалақысынан (табысынан) немесе оның бөлігінен айырылуына байланысты зиян үшін жауапты тұлға олардың орнын толтыру үшін төлейтін ай сайынғы мерзімдік төлемдері (борышкер банкрот деп танылған күнгі мөлшерінде) капиталға айналдыруға жатады.

Зиянды өтеу бойынша заңдармен белгіленген өзге төлемдер: емделуге, қосымша тамақтануға, дәрі-дәрмек сатып алуға, протез салуға, басқаның күтім жасауына, санаторлық-курорттық емделуге, арнайы көлік құралдарын сатып алуға және басқаларға арналған шығыстар капиталға айналдыру кезінде есептелмейді.

Істерді зерделеу, осындай талаптары бар істерді қараған кезде жекелеген соттардың қателіктер жіберетінін көрсетті.

З. денсаулығына зақым келуіне байланысты протез салуға қажетті 783 334 теңге сомасында шығынды өтеу туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарсы сотқа талап арыз берген.

Талапкер 783 344 теңге аталған қосымша шығындарды өтеу туралы "О" АҚ-ның конкурстық басқарушысына келтірген талабы соттың заңды күшіне енген 2003 жылғы 26 маусымдағы шешімімен қанағаттандырылғанын өз талаптарына дәлел еткен. Аталған сома кредиторлардың талабының тізіміне кіргізілген. Алайда, қаражаттың жоқтығынан және мүліктің жеткіліксіздігінен оған тиесілі шығындар өтелмеген.

Жамбыл облысы Мерке аудандық сотының 2005 жылғы 23 маусымдағы шешімімен З-ның талаптары қанағаттандырылып, апелляциялық сатыдағы сот шешімді өзгеріссіз қалдырған.

Жауапкердің шағымы бойынша қадағалау тәртібімен сот шешімі және апелляциялық қаулының күші жойылып, талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданды, өйткені, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар заңды қолдануда қателік жіберген, аталған жағдайда мерзімдік төлемдер, яғни жоғалтылған жалақының (табыстың) сомасы ғана капиталға айналдыру жолымен азамат 70 жасқа жеткенге дейін, бірақ 10 жылдан кем емес уақытқа төленуге жатады.


14 жастан 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар жәбірленушінің денсаулығына келтірген зиянды өздері өтеулері, ал олардың зиянды толық өтеуі үшін жеткілікті мүлкі немесе жалақысы болмаса, зиян олардың кінәсінен болғаны анықталған жағдайда ата-аналары (асырап алушылары) немесе қамқоршылары өтеуі тиіс.

Б. 32 633 теңге жоғалтқан жалақы, 25 380 теңге емделуге кеткен шығын түрінде денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу және 100 000 теңге моральдық зиянның орнын толтыру туралы Н. орта мектебіне, Ерейментау аудандық білім және спорт ММ-на, К-ға қарсы сотқа талап арыз берген.

Ақмола облысы Ерейментау аудандық сотының 2005 жылғы 18 мамырдағы шешімімен материалдық зиянды өтеу туралы талаптар толық қанағаттандырылып, моральдық зиянды өтеу бөлігінде ішінара, 25 000 теңгеге төмендетіліп қанағаттандырылған.

Істі сотта қарау барысында орта мектептің мұғалімі Б-ның 2005 жылғы 17 қаңтарда еңбек міндеттерін атқару үстінде, мектептегі үзіліс кезінде қарсы жүгіріп келе жатқан 10 "А" сыныбының оқушысы К. қағып кетіп құлағанының нәтижесінде миы шайқалып, оң жақ жауырынына сызат түсіп, бұғана буыны үзілгені, соның әсерінен уақытша еңбекке қабілетін жоғалтқаны анықталды.

Жазатайым оқиға бойынша 2005 жылғы 18 қаңтарда жұмыс беруші жасаған Н-1 нысанды актіде соңғының кінәсі анықталған.

Сот кінәлі деп :

10 "А" сыныбының оқушысы К. мектеп бойынша тәртіп сақтауға және оқушылардың үзіліс кезіндегі мінез-құлқын бақылауға жауапты кезекші бола тұра, өзі дәлізде жүгіріп келе жатып оқытушыны қағып кеткен, яки оқушылар үзіліс кезіндегі мінез-құлық тәртібін сақтамайды дегенге сілтеме жасап, оқытушылар мен оқушылардың техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай да бір жұмыс жүргізілмеген деп мектеп әкімшілігін;

оқытушылар мен оқушылардың техникалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша мектептің жұмысын бақыламағаны үшін Ерейментау аудандық оқу және спорт бөлімін;

тікелей ниеті болмаса да, оқытушы Б-ны қағып кетіп құлатқаны үшін 10 "А" сынып оқушысы К-ны;

мектеп оқушыларының үзіліс кезінде тәртіп сақтауы туралы мектеп оқытушысы ретінде тиісті түрде жұмыс жүргізбегені үшін Б-ны кінәлі деп тапқан.

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасы соттың шешімін Ерейментау ауданының оқу және спорт бөлімі ММ-дан 25 000 теңге моральдық зиян өтеу туралы бөлігінде өзгертіп, осы сома мен 486 теңге мемлекеттік бажды К-дан өндіру, зиянның орнын толтыру бойынша жауапкершілік міндеті тікелей зиян келтірушіге жүктелуі керек деген уәжбен, тиісінше Ерейментау ауданының оқу және спорт бөлімі ММ-дан сот шешімі бойынша өндірілуге тиісті мемлекеттік бажды 2226 теңгеден 580 теңгеге дейін түсіру туралы қаулы шығарған. Шешімді басқа бөлігінде өзгеріссіз қалдырған.

Алқа өз тұжырымын талапкерге кәмелетке толмаған, өзінің жеке табысы жоқ, ата-анасының асырауындағы мектеп оқушысы К-ның тікелей әрекетімен зиян келтірілгенімен, іске жауапкер ретінде тартылған ата-анасының ойға сыйымды мөлшерде зиян өтеуге келіскендерімен дәлелдеген.

Ақмола облыстық сотының қадағалау алқасы жауапкерлердің баласының зиян келтіру ниеті болмағанын, бірінші сот сатысында ойға сыйымды мөлшерде зиянды өтеуге келіскендері кінәні мойындағанын танытпайтынын және соттың Ерейментау ауданының оқу және спорт бөлімі ММ-на материалдық зиян үшін жауапкершілік жүктегені олардың моральдық зиян үшін де жауапты екенін білдіретінін көрсете келіп, апелляциялық қаулыны жоюды сұраған шағымдарын қарап, апелляциялық қаулыны өзгеріссіз, шағымды қанағаттандырусыз қалдырды.

Қадағалау алқасы, АК 951-бабының 2-тармағына сәйкес, зиян келтірушінің кінәсі болған жағдайда моральдық зиянды зиян келтіруші өтейді, балалардың тәрбиесі үшін тек мектеп қана емес, ата-аналар да жауапты, ал олардың ұлы менменсіп, оқушылардың мектеп ғимаратындағы мінез-құлық тәртібінің ережелерін ескермей, ол жерде басқа балалардың барына қарамастан сабақ арасындағы үзіліс кезінде мектеп дәлізінде жүгірген, оның іс-әрекеті ойластырмай, абайсызда оқытушыға зиян келтіру болып табылады деп тұжырым жасаған.

Аталған іс бойынша барлық сот сатылары зиян келтіргені үшін жауапкершілік тікелей зиян келтірушіге жүктеледі деп дұрыс шешімге келген.

Осы ретте Жоғарғы Соттың 1999 жылғы 9 шілдедегі "Соттардың денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу жөніндегі Республика заңдарын қолданудың кейбір мәселелері туралы" нормативтік қаулысының 20-тармағына сәйкес, өз мүлігі және жеке табысы жоқ кәмелетке толмаған балалары келтірген зиянды, оларға тиісті тәрбие бермегені немесе қарамағаны, заңсыз іс-әрекеттеріне мән бермегені үшін кінәлі болған жағдайда, олардың ата-анасы (асыраушылары, қамқоршылары) төлейтінін атап айту қажет. Мұндай жағдайларда ата-аналарының тікелей кінәсы бар екені анықталғанда ғана оларға жауапкершілік жүктеледі және нормативтік қаулыда келтірілген мән-жайлардың бар не жоқтығы сот отырысында зерттелмей, жай ғана кәмелетке толмағанның кінәсіне сүйеніп шектеу жасауға жол берілмейді.


АК 951-бабының 3-тармағында не заңдарда тікелей көзделген өзге жағдайларды қоспағанда, зиян келтірушінің кінәсі болған кезде моральдық зиянды зиян келтіруші өтейді.

К. асыраушысының қайтыс болуымен келтірілген зиянды, оның ішінде моральдық зиянды өтеу туралы "Қ. мамандандырылған күзет басқармасы" ММ-не қарсы сотқа талап арыз берген.

Қостанай қалалық сотының шешімімен моральдық зиянды өтеу туралы бөлігінде талаптарды қанағаттандырудан бас тартылған.

Іс материалдарынан көрінгендей, жәбірленуші 2003 жылғы 11 сәуірде жауапкердің иелігіндегі қызметтік автокөлігімен жұмыс орнына бара жатқанда жүргізуші С-ның автокөлігіне соқтығысып, қаза болған.

Жұмыс беруші жасаған Н-1 нысанды актіге сәйкес, жазатайым оқиға өндіріспен байланысты деп танылған.

Қарсы автокөліктің жүргізушісі С-ны кінәлі деп тапқан Рудный қалалық сотының 2003 жылғы 2 қыркүйектегі шешіміне сүйеніп, сот талаптар бір жолғы жәрдемақы өтеу туралы бөлігінде қанағаттандыруға, ал моральдық зиянды өтеу бөлігінде- жұмыс берушінің кінәсі жоқтығы себепті қанағаттандырусыз қалдыруға жатады деген тұжырымға келген.

АК 931-бабының 2-тармағына сәйкес, егер зиян осы баптың 1-тармағында көзделген негіздер бойынша, яғни дүлей күштердің немесе жәбірленушінің теріс пиғылының салдарынан пайда болғанын дәлелдемесе, жоғары қауіптілік көздерінің иелері қауіптілік көздерінің өзара іс-қимылының салдарынан үшінші тұлғаларға келтірілген зиян үшін ортақ жауапты болады.

Аталған жағдайда зиян келтіруші де, қарсы көліктің, яғни жоғары қауіптілік көзінің иесі де С. болғандықтан, сот тұжырымы зиянды өтеу бөлігінде АК 931 және 951-баптарының ережелеріне сәйкес келеді.


Моральдық зиянды өтеудің негіздерін әркелкі белгілеу жағдайлары кездеседі.

Атап айтқанда, еңбек жағдайлары зиянды өндірісте қызметкердің кәсіби ауруға ұшырауына әкеліп соққан зиян келтіруді өтеуге байланысты мәселелерді соттар әртүрлі шешеді.

Мысалы, кейбір судьялар, қызметкердің өндірісте кәсіби ауруға ұшырауына әкеліп соққан зиянды өтеуде жұмыс беруші моральдық зиянды өтеуге міндетті емес, өйткені қызметкерлер белгілі бір жеңілдіктер үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмысқа келіскенде, негізінен, кәсіби ауруға ұшырауы мүмкіндігін алдын ала біледі деп санайды.

Басқа судьялар, Жоғарғы Соттың 2001 жылғы 21 маусымдағы "Соттардың моральдық зиянды өтеу туралы заңнаманы қолдануы туралы" нормативтік қаулысының 3-тармағының ережелерін ескеріп, жұмыс беруші Н-1 нысандағы Акт толтырып және жәбірленушіге жәрдемақы, жоғалтылған жалақы түрінде зиянды өтеуге келісім бере отырып өзінің қызметкердің денсаулығына кәсіби ауруға ұшырауға әкеліп соққан зиян келтірген кінәсін мойындайды, демек, моральдық зиянды өтеуге де міндетті деп санайды.

Кәсіби ауруға ұшырауға әкеліп соққан моральдық зиян жұмыс берушінің кінәсіне қатыссыз өтелуге жатады, өйткені бұл жоғары қауіптілік көзі келтірген зиян екені күмәнсіз деген пікірлер де бар.

Соңғы пікір АК 931-бабы 1-тармағының және 951-бабы 3-тармағының ережелеріне сәйкес келеді, олардың мәні бойынша, қызметі айналасындағылар үшін жоғары қауіптілікпен байланысты заңды тұлғалар мен азаматтар (жұмыс беруші), оның ішінде өнеркәсіптік кәсіпорындары бар (шахталар, рудниктер), зиян дүлей күштің әсерінен немесе жәбірленушінің теріс пиғылынан келгенін дәлелдемесе, зиянды өтеуге міндетті.

Олай болса, қызметкердің зиянды еңбек жағдайына келісуі және жұмыс берушінің мұндай өндірісте жеңілдіктер беру шараларын қолдануы оны қызметкерге келтірілген зиянды өтеуден босатпайды.
" Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы" Заңның 90-бабының, сондай-ақ "Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы" Заңның 20-бабына сәйкес, еңбек міндеттерін атқару кезінде қызметкердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін жұмыс берушінің жауапкершілігі сақтандырылуы тиіс. Егер сақтандыру міндеті жүктелген жұмыс беруші оны жүзеге асырмаса немесе сақтандыру шартын заң актілерінде көзделгенмен салыстырғанда сақтандырылғандардың жағдайын нашарлататындай жағдайда жасаған болса, онда АК 808-бабында көзделгендей, сақтандыру жағдайы басталған кезде жұмыс беруші дұрыс сақтандыру кезінде сақтандыру төлемі қандай талаптарда жүзеге асырылатын болса, сақтандырылғандардың алдында сондай талаптарда жауапты болады. АК 835-бабының 3-тармағына сәйкес, егер сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушының дер кезінде білгендігі дәлелденбесе не бұл жөніндегі мәліметтердің сақтандырушыда болмауы оның сақтандыру төлемі міндеттеріне ықпал етпейтін болса, сақтандыру жағдайының басталғандығы туралы сақтандырушыға хабар бермеу оған сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тарту құқығын береді.

К. жұбайының 2005 жылғы 15 наурызда еңбек міндеттерін атқару кезінде қаза болғанын, бұл жағдайдың Н-1 нысанды актімен анықталғанын көрсете келе, сақтандыру туралы заң талаптарын орындамаған "К" ЖШС-не жұбайының жоғалтылған жалақысы түрінде 4 162 200 теңге сақтандыру төлемақысын және 10 млн. теңге моральдық зиянды өтеу туралы талап келтірген.

Талапкердің үлесін қоса есептегендегі жоғалтылған жалақының есебі дәлелденген жағдайда талаптар бұл бөлігінде сақтандыру төлемақысы емес, келтірілген зиян түрінде өтелуге жатады.

соттар осыған ұқсас талаптар келтірілген кезде, талаптың мәнін анықтауға, сондай-ақ жұмыс берушінің өз жауапкершілігін сақтандыру бойынша міндеттерін орындамағаны туралы жеке ұйғарымдар шығаруы қажет.

АК 924-бабының мәні бойынша, ерікті немесе міндетті түрде сақтандыру тәртібімен өзінің жауаптылығын сақтандырған жұмыс беруші, келтірілген зиянды өтеу үшін сақтандыру сомасы жеткіліксіз болған жағдайда сақтандыру сомасы мен залалдың нақты мөлшерінің арасындағы айырманы өтейді, айырмашылықты өтеуге қаражаты жеткіліксіз болғанда ғана субсидиарлық (қосымша) жауапкер-шілікке тартылады.

Нақты жағдайда, талапкерлер айыптыларды ортақ және субсидиарлық жауапкершілікке тарту негіздерінің аражіктерін ажырата алмайды.

Осыған орай, сақтандырушы мен сақтандырылушыға бір мезгілде негізсіз талаптар келтірілген жағдайда, соттар, істерді өз өндірісіне қабылдау сатысында тараптарға түсіндірме беруге тиісті.

Г. әкесінің қайтыс болуына байланысты 10 595 856 теңге ортақ сақтандыру төлемақысын өтеу туралы "С" компаниясына (бұдан әрі-жұмыс беруші) және " А сақтандыру компаниясы" (бұдан әрі-“А” СК ) ЖАҚ-қа талап арызбен сотқа жүгінген.

Талап арыздың мәнінен 2003 жылғы 12 желтоқсанда Ақтау қаласының Құрық кентінен жұмыстан қайтып келе жатқанда оның әкесі жол көлік апатына ұшырап қаза болғаны, жазатайым оқиға жөнінде жасалған Н-1 нысанды акт бойынша жұмыс берушінің кінәсі 100 % анықталғаны көрінеді. Сақтандыру шартына сәйкес, қызметкер қайтыс болған жағдайда сақтандырушы оның жалақысы қорының 10 жылдық мөлшеріндегі сомасын төлейтін болған. Қайтыс болған әкесінің жалақысының мөлшерімен есептегенде сақтандыру төлемақысы 10 595 856 теңгені құраған.

Аталған мән-жайларды сот анықтап, Батыс Қазақстан облыстық сотының 2006 жылғы 27 қаңтардағы шешімімен “А” СК ЖАҚ-тан Г-ның пайдасына 10 595 856 теңге және мемлекет пайдасына 105 978 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Жұмыс берушіні жауапкер ретінде, әсіресе ортақ тәртіппен іске тартуға негіз жоқтығының айқындығына қарамастан, сот құқықтық қатынастарды, тиісінше жауапты адамдар қатарын дұрыс анықтау шараларын қарастырмаған, осының нәтижесінде сақтандырушы - жұмыс беруші барлық сот сатыларында (Жоғарғы Сотқа дейін) жауапкер ретінде танылып келген. Заң бойынша талаптар сақтандыру компаниясының есебінен өндірілуге, ал азаматтық-құқықтық қатынастарды міндетті сақтандыру туралы заң талаптарын орындаған жұмыс берушіге қатысты талаптар қанағаттандырмауға жатады.

Соттар, 2005 жылғы шілдеде күшіне енген "Қызметкер еңбек (қызмет) міндеттерін атқарған кезде оның өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін жұмыс берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы " Заңға сәйкес, оның кері күші барын, яғни заң күшіне енгенге дейінгі қатынастарға да қолданылатынын, ол бойынша жаңадан жұмысқа қабылданушы, сондай-ақ бұрын жұмысқа қабылданған қызметкерлерге қатысты жұмыс берушінің жауапкершілігі сақтандырылуы тиістігін ескеруі қажет. Заңның 2-бабында жұмыс берушінің мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне қатысты азаматтық-құқықтық жауапкершілігін реттемейтіні көрсетілген.
АК 816-бабының 7, 8 - тармақтарына сәйкес, егер сақтандырылған адамның қайтыс болуы, сақтандыру шартында көзделген жағдай болып табылса, (сақтандыру жүзеге асатын адамға қатысты) онда бұл сақтандырылған адам сақтанушы болмаған күнде де, болған күнде де, бірақ шартта пайда алушы көрсетілмесе, сақтандырылған адамның мұрагерлері пайда алушы болып табылады, олар сақтандыру жағдайы басталған кезде тікелей сақтандырушыға сақтандыру шартында көзделген сақтандыру төлемін төлеу туралы талап қоюға құқылы.

Ж. " К" ЖШС-нің аппаратшысы болып істеген жұбайының 2005 жылғы 22 шілдеде, жұмыс ауысымы кезінде қайтыс болуына байланысты "В" сақтандыру компаниясына сақтандыру төлемін өтеу туралы талап келтірген. Н-1 нысанды актіге сәйкес, жазатайым оқиға өндіріспен байланысты деп танылып, жұмыс берушінің кінәсі толық анықталған.

Жұмыс беруші 2004 жылғы маусымда қызметкерлердің денсаулығы мен өміріне зиян келтірілген үшін жауаптылығын сақтандырып, ол бойынша сақтандыру төлемақысының сомасы 2 002 320 теңгені құрайтын шарт жасасқан.

Тараз қалалық сотының 2005 жылғы 28 қазандағы шешімімен талаптар "В" сақтандыру компаниясынан 2 002 320 теңге сақтандыру төлемақысын өндіру бөлігінде қанағаттандырылған.

Жауапкер сақтандыру жағдайының пайда болғанын мойындайтынын, бірақ талапкер мұрагерлік құқығы туралы куәлікті ұсынған сақтандыру төлемақысын төлеу бойынша міндеттемесін орындамайтынын көрсете отырып, сот шешіміне шағым келтірген.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасы сот шешімін өзгертіп, жауапкер талап еткен құжаттар ұсынылған жағдайда "В" сақтандыру компаниясы" ЖАҚ-нан сақтандыру сомасын өтеу туралы қаулы шығарған.

АК 1038-бабына сәйкес, мұраға алу- қайтыс болған азаматтың мүлігінің басқа адамға өтуі, аталған жағдайда азаматтың қайтыс болуы нәтижесінде зардап шеккен, зиян өндіртуге құқылы адам АК 940-бабының негізінде талап келтірген, яғни туындаған құқықтық қатынастар дұрыс анықталған.

Қорыту өндірістік жарақаттарды алудың негізгі себептері:

еңбекті қорғау ережелерін сақтау мәселелері бойынша қызметкерлердің тиісінше оқытылмайтыны және білімдерінің тексерілмейтіні;

жұмыс берушінің материалдық жағдайының тұрақсыздығына байланысты адамдардың токтан тартылыс, қорғаныш қоршау, қауіптің бетін қайтару жағдайлары жасалмаған, пайдалану мерзімі өтіп кеткен жабдықтармен жұмыс жасауы болып табылатынын көрсетті.




Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының

азаматтық істер жөніндегі алқасы


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет