Әділ шешім – судьяның іскерлік өлшемі



жүктеу 89.88 Kb.
Дата23.02.2016
өлшемі89.88 Kb.
Әділ шешім – судьяның іскерлік өлшемі

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және Судьялар одағының төрағасы Қайрат Мәмидің Қазақстан Республикасы Судьялар одағының III съезінде жасаған есепті баяндамасынан («Заң газетінің» 2001 жылғы 11 маусымдағы 26(357) нөмірінде жарияланған)


Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Құрметті съезд делегаттары мен меймандары!
Судьялардың ІІ съезінен бері екі жарым жыл уақыт өтті. Осы аз мерзім ішінде сот реформасы шынайы түрде алға жылжыды, сот жүйесінің ұйымдық және құқықтық негізі нығайды, судьялар тәуелсіздігінің базалық мәселелері шешімін тапты, жалақылары айтарлықтай өсті және сонымен бірге әлеуметтік беделі артты. Бұл ел басшылығы қабылдаған уақытылы және шынайы шаралардың арқасында мүмкін болғанын ашық айтуға тиіспіз. Мұның бәрі елде судья қоғамдастығы қызметімен тығыз байланысты сот билігін нығайту үшін жасалған шаралар. Есеп беріліп отырған уақыт ішінде судьялар қоғамдастығы сот қызметі мәселелері жөніндегі заң жобасын жасау және талқылауға, ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар өткізуге, халықаралық байланыстарды нығайтуға белсене қатысты.

Қазақстан судьялары одағы екі съезд аралығында Ресей, Армения, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғыз Республикаларының судьялар қоғамдастықтарымен белсене жұмыс жүргізді. Қазақстан Республикасы Судьялар одағының мүшелері судьялар қоғамдастықтарының шақыруымен АҚШ-та, Германияда, Египетте, Пәкістанда, Голландияда және басқа да елдерде болды. Ал өз жерімізде Сауд Арабиясының, Оңтүстік Кореяның, Қырғызстанның және Тәжікстанның судьяларын қабылдадық. Қазақстан Судьялар одағының Орталық кеңесі Орталық Азия судьяларының халықаралық ассоциациясын құруға атсалысты.

Судьялар одағы «Заңгерлер одағы» халықаралық үкіметтік емес бірлестіктің құрамына енді, ал одақ өкілі ұлттық бірлестіктің үйлестіруші комитетінің мүшесі болып сайланды. Орталық кеңестің мәжілістерінде 20-дан астам мәселе қаралып, Парламент пен Үкіметке үндеу қабылданды.

Әрине, судьялардың реформаға қатысуы Орталық кеңес арқылы жұмысқа қатысуымен шектеле қойған жоқ. Көптеген облыстық, қалалық және аудандық соттар, сондай-ақ, жекелеген судьялар реформаның барлық желісі бойынша ұсыныстар енгізіп, бұқаралық ақпараттық құралдары арқылы сөз сөйледі. Сот корпусының және сот-құқықтық реформаны жақтаушылардың күш салуымен 2000 жылғы желтоқсанның аяғында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң қабылданды.

Судьяларды тағайындаудағы жариялылықты қамтамасыз ету мақсатымен аудандық және облыстық судьяларды лауазымға конкурстық негізде таңдау тәртібі жүзеге асырылды. Судьялардың еркіндік кепілдігі принциптерін одан әрі жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Тәртіп өндірісі ісін қозғаумен айналысатындар азайып, енді ол Жоғарғы Сот төрағасы мен облыстық сот төрағаларына қатысты болды.

Ел Президентінің Жарлығында және одан кейінгі конституциялық заңда ұзақ уақыттан бері сот реформасында қозғалмай келген жергілікті соттарды юрисдикциядан босату мәселелері дұрыс шешімін тапты. Енді соттарды ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету қызметі Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет пен оның жергілікті жердегі әкімшіліктеріне жүктелген. Бұдан былай судьялар өздерінің тікелей міндеттерін орындауға алаңсыз кірісуіне мүмкіндік туып отыр.

Мұның алдындағы съезде судьялардың жалақысы туралы, соттарды ғимараттармен, көлікпен қамтамасыз ету мәселелері өткір қойылғаны сіздердің көпшілігіңіздің естеріңізде болар. Экономикалық қиындықтың барына қарамастан мемлекет басшысының тікелей қолдауы арқасында судьялардың жалақыларын айтарлықтай ұлғайту жөнінде мүмкіншіліктер іздестірілді. Алматы қаласының, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері сот ғимараттарын жөндеуге айтарлықтай қаржылық көмек көрсетті. Алматы мен Қарағанды қалаларында жаңадан ұйымдастырылған ауданаралық экономикалық соттарға жақсы ғимараттар бөлінді. Атырау облысының әкімі облыс орталығында бой түзейтін Әділет сарайын салуға көмек көрсетпек.

Соттар өз кезегінде өткен жылы жергілікті бюджет кірісіне мемлекеттік баждан миллиард теңгеге жуық қаржы қосты. Және бұл сома жыл сайын ұлғайып отырмақ. Биыл еліміз тарихында бірінші рет судьялар легі Қазақстан Республикасының ордендері және медальдарымен марапатталды.

Қазірдің өзінде сот ісін жүргізуді жетілдіру жөнінде жұмыстар басталып та кетті. Республика Парламентінің Мәжілісі «Кейбір заңнама кесімдеріне өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Жоғарғы, облыстық және аудандық соттардың құзыретіне жатқызылған мәселелер нақты айқындалуда. Істі қайта қарауға жібермей, көптеген істердің нақты шешімін табуына мүмкіндік жасайтын апелляциялық саты енгізілуде. Азаматтық істерді қадағалау тәртібі дұрысталып, шағым беру мерзімі қысқаруда. Шағымды қадағалау іс жосығы қатаң түрде реттелуде.

Осыған орай, Жоғарғы Сот съезге сот жүйесін дамытудың ұлттық концепциясы жобасын қарауды енгізіп отыр. Бұл делегаттарға таратылған. Жарыссөзге шыққандар өз ұсыныстары мен пікірлерін айтулары тиіс. Бұл пікірлер жобаны қараған кезде ескеріледі.

Мемлекет басшысының Жарлығымен екі қалада – Алматы мен Қарағандыда мамандандырылған экономикалық соттар құрылды. Мұндай соттар сот шешімі сапасын жақсартып қана қоймай, сонымен бірге республика экономикасына елеулі ықпал ететініне сенімдіміз. Осы соттарға конкурстық таңдау арқылы жаны таза, тәжірибелі судьялар тағайындалатынына бәріміз де мүдделіміз. Экономикалық соттарға баруға тілек білдірушілер өте көп. Бірінші болып Алматы қаласындағы Түркісіб ауданының судьясы Т.Дүйсенғалиев экономикалық сотқа ауыстыруға арыз берді. Алайда, оны судья этикасы нормасын бұзғаны үшін лауазымдық қызметінен босату туралы мәселе қойылып отыр.

Сот істерінің көпшілігі сапалы және уақытында қаралғанына қарамастан судьялар тарапынан заңдылықты бұзудың жекелеген фактілері еліміздің бүкіл сот жүйесіне өз көлеңкесін түсіруде. Мысалы Саяқов, Шаталов, Калючаев дегендердің қылмыстық істері Алматы қаласындағы Бостандық ауданының судьясы Қалиевтің өндірісінде төрт жыл бойы жатқан. Бұл уақыт ішінде айыпталғандар екі мәрте қамаудан босатылған. Оның ақыры қылмыскерлердің бой тасалап, іздеу жариялануына байланысты өндіріс тоқтатылған. Бұдан кейін екі жыл бойы іс судья Кертаевтың қолына өткен. Шынтуайттап келгенде үкім шығарылғанша іс сотта 6 жылдан астам уақыт жатқан.

Бізде ұзақ уақыттар бойы бір судьяның бір айда қарайтын сот ісі жөніндегі ғылыми негізделген және бекітілген нормативтік жүктемесі болмай келді. Мұндай нормативсіз мемлекеттік органдарға, қаржы ісіне жауаптыларға судьялардың орта айлық жүктемесі туралы айтып, соттардың штат санын сәйкестендіру жөнінде дәлелдеу қиындық келтіріп келді. Көптеген соттардың атқарар жұмысы көп екені бәрімізге белгілі. Мұның өзі жұмысты ұйымдастыруға, сот ісін жүргізу мәдениетіне, тұтастай алғанда, әділ сот жүргізу сапасына ықпал етеді. Соңғы он жылда өздерінің азаматтық құқықтарын қорғау жөнінде сотқа шағым жасаған адамдар саны шұғыл көбейіп отыр. Қаралған азаматтық істер саны, шешім шығаруын қоса алғанда, екі есе дерлік өсті. 1991 жылы ол 97,7 мың болса, 2000 жылы 188,8 мыңға жетті.

Жаңа кодекс қабылдануымен байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс саны 54-тен 218-ге дейін артты. Бұл істерді қарау тәртібі күрделене түсті.

Осындай проблемалардың күрделілігін еске ала отырып, жуықта біз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, аудандық соттың бір судьясының орта айлық нормасын жасап, бекіттік. Ол ұзын ырғасы 23 іс болып отыр.

Қазіргі уақытта аудандық соттардың бір судьясының бір айда атқарар жүктемесі орта есеппен 45 іс екені белгілі. Есепке қарағанда республика соттарына ең кем дегенде тағы да 955 судья алу қажет. Соған сәйкес сот мәжілістерінің хатшылары, атқарушылар, кеңсе қызметкерлері қажет.

Әділ сот шешімінің сапасы көбіне көп қабылданған заң сапасына байланысты. Бір құқықтық қатынас түрлі заңдарда әрқилы реттелгені туралы мысалдар аз емес. Соның бірін ғана келтірейін. «Семей ядролық полигоны туралы» заңда түрлі жеңілдіктер, соның ішінде жалақыға үстеме қосу көзделген. 1996 жылға арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда айлық жалақы ұғымы айлық есеп көрсеткіші ұғымымен алмастырылған. Алайда, «Семей ядролық полигоны туралы» заңда мұндай өзгеріс тек 1999 жылдың қарашасында енгізілді. Қорытындысында соттарға 1996 жылдан 1999 жылдың қарашасына дейінгі кезеңде жалақыға экологиялық үстеме қосу туралы ондаған мың талап келіп түсті. Ал, 1996 жылғы бюджетке айлық есеп көрсеткішіне сәйкес есептелген сома салынғаны белгілі. Сөйтіп, жетілдірілмеген заңнамалар кінәсінен Жоғарғы Сотқа дейінгі соттарда бұл дау-дамайлар түрліше шешіліп жатты. Мұның өзі шағым санын көбейтіп, Шығыс Қазақстан аумағында белгілі дәрежеде әлеуметтік шиеленісті туындатты.

Әділеттілік сапасымен байланысты басқа да проблемалар баршылық.

Соңғы жылдары халықтың аз қамтылған топтары адвокатура тарапынан білікті заң көмегінен айрылды. Егер бұрын әрбір адвокат тегін заң көмегін көрсетуі міндетті болса, қазір кедейлер үшін адвокат кеңсесінің есігі шын мәнінде жабылған.

Біліктілік емтиханын қалалық заңгерлер тапсыратыны белгілі. Селодағы заңгерлер біліктілік талабының өте-мөте қаталдығына байланысты адвокаттық қызмет үшін лицензия ала алмауда. Мұның өзі жұмыс істеуші адвокаттар үшін өте қолайлы. Яғни, олардың бәсекелестері жоқ деген сөз. Ал, ауылдық жерлерде білікті адвокаттар жоқтың қасы. Республикамызда жыл сайын бірнеше мың заңгерлер даярланып жатса да, тіпті, адвокаты жоқ аудандар да баршылық.

Көптен бері әділеттілік ісіне қаяу түсіріп келе жатқан проблеманың бірі істі шешу мерзімі. Ресми статистика көрсеткіші дұрыс болғанымен, соттарда істі қарауда сарсаңға салу әдеттегі жағдайға айналған. Бұл кемшілікпен біз күресіп те келдік және әкімшілік әдістер арқылы күресе отырып, судьяларды лауазымдық қызметінен босатуға дейін баруға тиіспіз.

Статистикалық деректерге сәйкес еліміз бойынша айыптылардың 52 пайызы бас еркінен айрылады екен. Бұл адамдардың елеулі бөлігін бас еркінен айыру туралы баптарға сәйкес қоғамнан аластатылған. Ал мемлекеттің бұл адамдарды қалыпты ұстауға жағдайы жоқтың қасы. Соңғы жылдарда «Амнистия туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 4 Жарлығы қабылдануы тегіннен тегін емес.

Мені дұрыс түсінулеріңізді өтінемін. Әңгіме жеке адамдарға немесе жеке меншікке қарсы ауыр қылмыстар жасағандарға жеңілдік беруде болып отырған жоқ. Қайта қылмыс категориялары бойынша жауапкершілікті дифференциялауда болып отыр.

Алматы қаласының Бостандық ауданының Алатау сот учаскесінде бұрын сотталмаған, кәмелетке толмаған Лебедь бір шиша арақты қымқырғаны үшін бір жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Алматы қалалық соты үкімді өзгеріссіз қалдырған. Сөйтіп, бірінші және екінші сатыдағы соттар оның жасын, оқу және тұрғылықты орнынан алынған мінездемесін, айыпталушының өзінің бас бостандығынан айырмауды, қылмысқа жасы үлкендердің ықпалы арқылы барғанын сұрап жалынғанын еске алмаған.

Жазалау тәжірибесінің проблемалары судьялардың біліктілік дайындығы мен құқықты сезінуінен ғана емес, заң шығарудың жетілдірілмегенінен де болып отыр. Бұрын соттар үшін мұндай жаза тағайындау міндетті түрде еңбекке тарту немесе халық арасында айтылғанындай, «химияға» жіберумен аяқталатын. Жаза тағайындаудың бұл шарасы аса тиімді болып, халық шаруашылығына да пайдасын тигізіп жататын. Мыңдаған адамдар «зонаның» ықпалынан қашқақтайтын. Енді судьялардың таңдауы мүлдем жоқ десе де болғандай. Не бас еркінен айыру немесе шартты түрде жаза тағайындау болып отыр. Жұмыссыздық жағдайында түзеу жұмыстарын қолдану ақылға сыймайды. Ал айып төлеу тек айып орындығында отырғысы келмеген қалталыларға ғана қатысты.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген еркіндікті шектеу, өмір бойы бас бостандығынан айыру, қоғамдық жұмысқа тарту сияқты жаза тағайындаудың жаңа түрлері 2003 жылдан кешіктірілмей қолданылмақ.

Судья қауымдастығының аса маңызды міндетінің бірі жемқорлықпен күрес болып табылады. 2000 жылы 6 судья сотталғандардан ақша талап еткен жемқорлық пиғылдары үшін қылмыстық жауапқа тартылды. Олардың үшеуі Алматы облысының, қалғандары Жамбыл, Павлодар облыстары мен Алматы қаласының судьялары.

Әрбір төртінші судья тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Ал кейбір судьялар бұл жазаға екі және үш реттен тартылды. Мүның өзі өте жоғарғы көрсеткіш.

Судьялардың І съезінде Судьялар этикасы кодексі қабылданған болатын. Кодекстің 1-бабында судья тәртіптің жоғары стандартына ұмтылуы және сот билігінің беделіне нұқсан келтіретіннің бәрінен безінуге тиіс деп атап көрсетілген. Амал не, Орталық кеңес пен облыстық филиалдар Судьялар этикасы кодексін сақтауды назарынан шығарып алған. Мәселен, Алматы облысындағы Талдықорған қалалық сотының судьясы Сағындықов мас күйінде, қоғамдық орын саябақта кәмелетке толмаған жасөспірімге жөнсіз тиісіп, оған 18 мың теңгесі бар портфельді ұрлады деген айып тағып, оған қылмыстық іс ашқан. Осы соттың судьясы Н.С.Кунчаев арыз беруші Н.Ф. Держбинаны жыныстық қатынас жасауға итермелеген. Ал, судья Д.С.Молдабаев сотталушы Руденконың пәтерінде арақ ішкен.

Жалпы, Талдықорған қалалық сотының 11 судьясының 4-і тәртіптік, ал біреуі қылмыстық жауаптылыққа тартылған.

Жемқорлықпен күресте бұқаралық ақпарат құралдары аз рөл атқармайтыны белгілі. Бұлардың сот қызметі туралы қоғамды ақпараттандыру жөніндегі маңызын атап көрсете отырып, соттар мен бұқаралық ақпарат құралдары органдарының өзара қарым-қатынасы сенімділігін, әріптестерінің әрқайсысының егемендігін түсінуге, жұмыс ерекшелігін есепке алуға ұмтылған жөн.

Съезде Судьялар одағының жекелеген судьялардың абыройы мен қасиетін қорғау жөнінде талаптар қоюды тәжірибеде жалғастыруды талқылау қажет. Өздеріңізге белгілі Орталық кеңес есеп беру кезеңінде осындай бірнеше талапты ұсынған болатын. Менің ойымша мұндай тәжірибені қайта қарау қажет-ақ.



Құрметті делегаттар, өз баяндамамда мен судьялар қоғамдастығының негізгі проблемаларын атап өтуге тырыстым. Әрине, бұл бір айдың немесе бір жылдың жұмысы ғана емес. Бұл барлық судьялар қоғамдастығының, оның Орталық кеңесінің және жергілікті жерлердегі органдардың жоспарлары мақсатты қызметін талап етеді.






©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет