Егемен Қазақстан. – 2014. №96. – 17 мамыр Тұрапбайұлы А



жүктеу 46.87 Kb.
Дата09.06.2016
өлшемі46.87 Kb.
Егемен Қазақстан. – 2014. - № 96. – 17 мамыр

Тұрапбайұлы А.
Экономика дамуының кілті – инновация
Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төра­ғалығымен «Өңір» тобының «Білім, ғылым және кәсіп­керліктің серіктестігі – ұлттық инновациялық жүйеcінің және ғылымға негізделген экономиканың стратегиялық даму жолы» тақырыбына арналған кеңейтілген отырыс болып өтті.

Үкімет мүшелері, жетекші жо­ғары оқу орындары мен ғылыми ме­кемелердің, даму институттары мен кәсіпкерлік секторлары субъектілерінің басшылары қатысқан отырысты сөз сөйлеп ашқан Сенат Төрағасы бүгінгі Қазақстан қоғамының жаңа құнды бағдары – инновация негізінде индустрияландыру екенін ерекше атады. Инновациялық жүйенің қағи­далық тұрғыдағы жаңа нысандары – Инновациялық технологиялар паркі мен Назарбаев Университе­ті құрылып, қажетті заңнамалық база да жасалғандығын тілге тиек еткен Төраға ғылымға негізделген экономика құру үшін ең алдымен қазақстандық ғылымның әлеуетін ұлғайту қажеттігін баса айтты.

Президенттің тапсырмасы бойынша ғылымды қаржыландыру ұлғайса, бұл өз кезегінде нақты жаңалықтар мен инновацияларды, технологиялар трансферттері мен шетелдік инвестициялардың келуін ынталандырмақ.

Парламент бұл ретте венчурлік қар­жыландыру, зияткерлік меншікті қор­ғау, зерттеулер мен инновациялар­ды қол­дау, сондай-ақ, ғылыми зерттеулерді ком­мерцияландыру жөніндегі заңна­маны жетілдіруге бағытталған заң жобалары топтамаларын қарауды жоспарлап отыр.

Төраға өз сөзінде «Қазақстан-2050» Стратегиясында Мемлекет басшысы инновациялық дамудың жаңа стратегиясын ұсынғанын жеткізді. Мұндай стратегия  шетелдік технологиялар мен ұлттық ғылыми-техникалық ресурстарды оңтайлы үйлестіруді қамтамасыз етуі тиіс. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, шетелдік тәжірибе мен технологияларға негізделген ұлттық инновацияларды құру стратегиялық маңызды міндет болып табылады. Мұндай жолмен Сингапур, Малайзия, Қытай, Оңтүстік Корея және Германия жүріп өткен. Сенат Төрағасы бұл ретте инновация тақырыбын бұлғаққа салмау қажеттігін де ескерте кетті. Бұл жерде әңгіме алдыңғы қатарлы технологияларды игеруде болып отыр.

Осындайда, әсіресе, ғылымның алар орны ерекше. Білім беру жүйесі инновацияға бағытталуы тиіс. Білім беру сапасын арттыру мәселесінің күн тәртібінде тұрғандығы да сондықтан. Бұл тұрғыдан келгенде, білікті де білімді әрі бәсекеге қабілетті мамандарды даяр­лау – уақыт талабы. Инновациялы эко­номиканы құруға шығармашыл кадр­лар қажет-ақ. Оларды таңдау колледж­дер мен ЖОО-ларда жасалғаны орынды болмақ. Мемлекет басшысы үнемі талап етіп келе жатқан жаңа пішіндегі педагогикалық кадрларды даяр­лауды Білім және ғылым министрлігі қолға алатын кез жетті. Болжамдарға қарағанда, жоғары технологиялық өнімдер жақын 15-17 жылда (2030 жылы) шикізат ресурстары рыногынан шамамен 9-10 есеге артады.

Қазақстанда жоғары технологиялық сектор атом энергетикасында, гендік инженерияда, роботты техникада, нано және ғарыштық технологияларда, мобильдік және мультимедиялық, ақпараттық-коммуникациялық технологияларда, инжинирингтік қызметте және геологиялық барлау сияқты салаларда үлкен әлеуетке ие. Қ.Тоқаев Финляндияның тәжірибесін де ұтымды келтіре кетті. Бүгінгі таңда аталған ел ғылыми-зерттеу жұмыстарына ІЖӨ-нің 3,5 пайызындай қаржы салып келеді. Бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің ішінде ең бір қомақты қаржы саналады. Осы қаржының 70 пайызы кәсіпорындардан түссе, қалған 30 пайызын мемлекет береді екен.

Ал Қазақстандағы ғылыми қызмет­кер­лер саны 24 мыңға жақындап қалған­дығын жеткізген Премьер-Министр­дің орынбасары Гүлшара Әбдіқа­лықова «Ғылым туралы» Заңда ғылымды басқарудың жаңа моделі мен қаржыландырудың жаңа үлгісі ал­дыңғы қатарлы халықаралық тәжіри­беге барынша бейімделгендігін алға тартты. Вице-премьер ғылымды қар­жы­ландыру 2013 жылы 53 миллиард теңгеге дейін, яғни шамамен 2,5 есеге дейін артқандығымен бөлісті. Бұл көрсеткішті «Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес  кезең-кезеңмен арттыру жолымен ІЖӨ-нің 3 пайызына дейін жеткізу жоспарлануда.

Мемлекет тарапынан ғылымға көр­сетіліп отырған қамқорлықтың нәти­жесінде кадрларды қамтамасыз ету­дегі тұрақтылық байқалады әрі ғылы­ми қызметкерлердің саны да тұрақ­ты артып келеді, деді осы орайда Г.Әб­ді­қалықова. Мәселен, 2009 жылы 15,8 мың ғылыми қызметкер болса, қа­зіргі уақытта олардың саны 23,7 мың адамға жетіпті. Жастардың да ғы­лымға бет бұруы артып келеді екен. Атап айт­қанда, 35 жасқа дейінгі ғалым­дар үлесі 38 пайызға, 45 жасқа дейін­гі ғалымдар үлесі 56 пайызға дейін көбейіпті.

Отырыс барысында жоғары білім мен ғылымның қазіргі жағдайы, кә­сіпкерлік сектор субъектілерімен өзара іс-қимыл, отандық ғылыми жаңалықтар мен технологиялар трансферттерін енгізу мәселелері жан-жақты талқыдан өтті.  Әсіресе, зерттеу университеттерін дамытуға ерекше мән беріліп, мамандар даярлау және ғылыми нәтижелерді енгізу қажеттігі ерекше айтылды. Отандық жоғары білім беру жүйесін реформалаудағы негізгі басымдық осыған берілуі тиістігі де атап көрсетілді.



Бұл тұрғыдан келгенде «Назарбаев университеті» дербес білім беру ұйымының президенті Шигео Катсудың өзі басқарып отырған білім беру ұйы­мының халықаралық деңгейдегі қазіргі заманғы зерттеу университетін құру жөніндегі тәжірибесімен бөлісуі әсерлі шықты. Аталған үлгі бойынша елімізде басқа да зерттеу университеттерін дамыту жоспарланып отыр екен.

Зерттеу университеттерін трансформациялау жөніндегі жүргізіліп жатқан жұмыстар барысымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректорлары баяндап берді. Бұдан басқа, зерттеу университеттерінің мәртебесін өзгерту, оларды мемлекеттік қолдау шаралары және білім беру мен ғылым саласындағы қолданыстағы заңнамаға қажетті өзгерістерді жүйелеу, ғылыми зерттеулерді үдету және алдыңғы қатарлы шетелдік технологиялар бойынша жұмыстарды күшейту сияқты көптеген ұсыныстар ортаға салынды.

Негізінен, ғылыми-техникалық жә­не инновациялық даму саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арт­тыру жөніндегі нақты  ұсыныстар әзір­леуге құрылған «Өңір» депутаттық то­бының отырысы сәтті өтті. Соның нә­тижесі бойынша қабылданған ұсы­ныс­тар жұмысқа пайдалану үшін Қазақ­стан Республикасының Үкіметіне жіберілді.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет