Екінші бөлім Ғазали ғибыраттары


науырыз. Салихлы. Бесағаш



бет14/17
Дата13.06.2016
өлшемі11.32 Mb.
#133916
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17

25 науырыз. Салихлы. Бесағаш. Таңғы салқынмен ерте ояндым. Тау іші, Өзен сарыны. Сайраған бұлбұлдар. Таңғы азан дауысы жаныңа жағымды-ақ. Өзен бойын араладым. Айналаны қоршаған сұлу шоқылар. Соның ішінде ұшар алқымдағы бес бәйтерек шайқалып тұрған ғимаратқа көзім түсті. Шіркін, таңдап-ақ салған екен! Таңды елден бұрын қарсы алып, күнді елдің ең соңынан шығарып салатын құдайдың қандай сүйген құлы екен? Әр есіктен әркім басын көрсетіп жатыр. Бір араба боп Шүкірәли, Рамазан келді. Ішіндегі аса шаққан, өзімсінгенге өкпесін емес, бауырын ұсынатын, шоқша сақалды, мырза киімді, екі бетінен қаны тамған «тақиялы періште» сиқтанған қария : «Бауырым!» – деп бас салды. Мен де онша қиналмай бауыр баса қалдым. Сөйтсем, Түркияға келгеннен бері «шайтанқұлақтан» тегін сәлем жаудырып жүрген Шүкірәли мен Рамазанның әкесі Көксеген ақсақал осы кісі екен! Шүйіркелесе кеттік. Әуеліде арыдан бір шалып, беріден бір шалып шашыраңқырап кетсек те, сәлден соң әңгіме жүйесін таба бастады. Суыртпақтың ұшы табылды. Мен: бүгін осындағы қарияларға сәлем беремін, Қалибек кәкім мен Қамза Ұшардың үйіне құран оқып шығамын, зират басына барамын. Елмен араласамын, – дедім. «Пәледилерім» келісті. Тек орталық мәдениет майданындағы тігулі киіз үйге бәрі келеді екен. Сонда бір-екі ауыз сөз сөйлеген соң тізгінімді босататын болды.

Көксеген қария: «Бәрі де дұрыс. Түркі елі жер бергенде Қалибек хакім осы араны таңдады. Екеуміз тура осы арасанның анау тұсына күрке тігіп, ем-дом алдық. Хакім ағамыз он төрт жасымнан мені қасына алды. Содан бері үйірінен шыққам жоқ. Көрегенін айтамын. Сонда; «Ей, Көксеген! Түбі түркі жұртына да ес кіреді. Жер тараяды. Күнде кеңшілік жасалмайды. Дәл қазір осы арасанның бойынан жер алайық. Сен де жан басының санын көбейт. Әр қайсың әр түрлі сой алыңдар»,– деді. Сөйтіп осы арасанның бойынан жер алып, үй салдық. Анау текшедегі бес терек егілген үй сонда алынған жерге салынды», – деді. Тура таңертең өзім қызыққан үйім! Енді сатуға бейім сияқты. «Ағайындасқанымыз рас па, менің бұйымтай сұрауыма бола ма?», – дедім. Қауқылдасып қалды. «Онда ана ағаш егілген текшеге Бесағаш деп ат қоямын. Сол ағаштың біреуін маған қиясыздар ма? Онда қисаңыздар ол ағаш мәңгілік менікі, баламның баласына мұра болып қалады және ешқашан сатылмайды. Менің ықтиярымсыз сатсаңыздар халықаралық сотқа беремін. Өйткені, ел өседі, көшеді. Жер мәңгілік қалады. Жерсіз қалсаңыздар – отансыз қаласыздар», – дедім. Көксеген ақсақал: «Уәде!», – деп қос қолын ұсынды. Төс қағыстырып сөз байластық. Бұл әңгімені біздің қыз-жігіттер қуаныса қабылдады. Сонымен, Салихлының таңы мені «помещик» жасады.Ой сала жүрсін дегенім ғой. Әйтпесе... Дегенмен де, меншіктің аты –меншік, уәденің аты – уәде емес пе. Үрім-бұтағының мұны да ескере жүргені жөн. Шіркін, балаларыма бір көрсетсем-ау!


Көксеген ақсақал Бесағаш төбесін көрсетіп тұр. Салихлыдағы наурыз мейрамы кезінде: Көксеген қария, Тұрсын Жұртбай, Мәлік қажы, Хадиша апй, Бәтима Ұшарқызы, Бекарыс ақын.


Салихлының өзі де сергек қала көрінді, соған орай адамдары да, ондағы қазақтар да сергек екен. Қалалық мәдениет майданына келгенде әлем-жәлемденген, Түркия мен Қазақстанның жалауы асқақ желбіреген, салтанатты киінген, екі қазақ үй қатарласа тігілген, ақ шатырлы шаңқан алаңқайға тап болдық. Дуылдасқан қазақтар мен түріктер аралас-құралас, әзіл-қалжыңмен айқараласып жүр. Көз қуанады. Салихлыда Қазақ ауылы бар. Ауыл дегеніңіз болмаса бәрі де екі-төрт қабатты үйлер. Қаумаласа амандастық. Қамза Ұшардың қызы Бәтима апаймен Алматыда танысып ек. Сол кісі Қалибек хакімнің бәйбішесі Хадиша апайға қарай жетеледі. Бекарыс екеуміз солай ойыстық. Керей мен найманның дәстүрін араластыра ізет жасап (ол кіслер үшін бұл аса маңызды дәстр), қолдарын маңдайыма бастым. Екі қайтара жауаптасқаннан соң-ақ әңгіме жөніне көшті де еркінсіп алдым. Көңілін де, тілін де тауып тұрсаң, иімейтін ана бола ма? Келісті, сөзі де орнықты, Абайдың немересі Ақылия апайды еске түсіретін нағыз ел анасы екен. Астарлы сөзді қалай түсініп, қалай бабымен жауап береді десеңші. Сөзге деген қыбым бір қанып қалды. Қарттар да қатарласа қалды. Жедел сұхбаттың жауабы да тез қайырылып отырды. Азаттық аңсаған көштің бұйдасын ұстаған Мәделім қажы, Көксеген, Мәлік сияқты ежелгі қарт жауынгерлердің әңгімесінің ұшығын тыңдағанда осынау шағын жұрттың қаһармандық рухына таң қаласың. Салтанатты науырыздың көтеріңкі көңіл-күйін түсіргім келмей, Бекарысты таныстырғансып, ауылдың алты ауызын сылтауратып, дауыстарыңыз құлағымызда жүрсін – дегендей уәжге көштім. Қолымды қыса ұстап отырған Халибек хакімнің жамағаты, тоқсан екі жастағы Хадиша кейуана кенет:

Ауылым – Қызыл өзен, жар басында,

Алтайдың жылқы жайдым қырқасына.

Тең болып терезесі, білімі де,

Керейдің таңдап тидім мырзасына, –

дегені. Атақты айтыскер Бекарысқа емеуірін танытқанымызда Хадиша анамыз:

Қалдың-ау, амал бар ма, мекенім-ай,

Қалдың-ау, керей, найман екі елім-ай.

Өлеңді енді айтып не қылайын,

Жасым келді тоқсанның екеуіне-ай, -

деп Бекарысқа қарап өлеңдете жөнелгенде, айтулы ақынымыздың өнебойы шымырлап қоя берді.

«Біз де көкбөрінің тұқымымыз!». Салихлының уәлиі Қазақстан елшісі Бағдат Әміреев пен «Түріксойдың» бас директоры Дүйсен Қасейінов бастатқан қазақстандықтарды ресми қабылдады.

Еруліге қарулы қайрып, батасын алды. Аз уақытқа созылған, бірақ ұмытылмайтын сәт болды. Асықтай үйіріліп ығына жығылып, идіріп-тартып: «Қай партияға дауыс бересіз? Қай сайын башқанды жақсы көресіз», – дегенімде оң қолын көтеріп, бас бармақ пен ортан теректі, шылдыр шүмекті бүге қойып, сұқ саусақ пен кішкентай бөбекті шошайта қойды да: «Башқандардың ішінде Мендерес пен Тұрғыт Өзалға жететіні жоқ. Мендерес жазықсыз атылды. Нағыз түрікшіл сол еді. Ал партияға келетін болсақ, өз басым бөріліктен жаңылмаймын. Ағарған мыналар ағара берсін», – деді. Бәріміз күлдік. Сөйтсек, бір үйдегі бірнеше адам әр партияның өкілі екен. Мысалы, Хадиша апайдың төркіндері «Ақ партияға», балалары «Бозқұртқа», тағы бір туысы демократтарға мүше екен. Бауыры Шүкірәли осы Салихлы қаласының Веледиесіне (мәслихатына) «Ақ партияның» атынан сайлауға түсіп жатыр. Соны мекзегені. Сонымен, қазақтар да демократияланып-ақ тұр екен. Мәслихатқа қазақ ілінбеген кез жоқ көрінеді. Бұл да амал! Сайлау қарсаңы болғандықтан ба, жоқ, жөн білгендері ме, қазақтың наурызына қаланың әкімдері, барлық партияның басшылары, «Түріксой» мен «Түрік дүниесінің» өкілдері, көпестер, Ізмірдегі қазақтар мен қазақ студенттері келіпті. Барлық «веледиелер» қазақтармен құшақтасып көрісіп, қал сұрасып жаты. Демек бір-бірін жақсы біледі, қазақтардың қадірі бар деген сөз. Мұнда да маған таныс өренжілер – өрендер кезікті. Кейде дәріс бергеннің де пайдасы бар екен. Әкімдер де, біз де сөйледік. «Аққудың» концерті де көңілден шықты. Әсіресе, Алтайдың әнін Меруеш тамылжыта жөнелгенде қарттардың жігіт шағы, әжелердің қыз кезі есіне түсіп, аһыласып-уһілесіп қалды. Еркін сөйлесіп, арқамыз жазылды. Анда-санда Көксеген ақсақалға тауды нұсқап: «Бесағаш осы жақта ма еді?», – деп қоямын қуланып. Көңілді тарқастық та біз қалалық зиратқа бет алдық.

Салихлы – жиырмасыншы жылдардағы еуропалық басқыншыларға қарсы майдан өткен жер. Жалпы теңіз жағалауының бәрі де майдан даласы болған. Сонда Салихлы деген жас жігіт ерлікпен қаза тауып, қала соның есімімен аталыпты. Мұнда ұлт үшін құрбан болған шаһиттер жерленеді екен. Сондықтан күтімі де ерекше. Бас қақпаның сол қапталындағы Қалибек хакімнің зиратына құран оқып, орынымнан тұра бергенімде ... төбе құйқам шымырлап кетті. Қара таста жылы көрсетілмеген «Хасен Оралтай» деп жазулы тұр. Бұл қалай? Көзінің тірісінде өзінің жер бесігін дайындатып қойған ба? Сонау Мюнхенде жүрген адамның бұл харакетіне қалай қарасақ екен? Түсінемін. Түсінемін. Қайбір еріккеннен дейсің. Оның себептерін тереңдеп сезінген сайын түнде ғана сөйлескен Хасекеңнің кеудесіне толған шердің ащылығын ұғып: «Осы мен орынсыз шымшымалап жүрген жоқпын ба?», – деген ой да келді. Бірақ бір сәтке де жымиыспен жұбаныш сыйласам, соның өзі дертіне дауа емес пе? Енді мүләйімсігенім болмас. Кейін шешесінің үйінде телефон шалдырып, әріден орағытып отырып сөз арасында: «Көрдім... көрдім» – дедім. Одан артық сөз айта алмадым. Тамағыма жас тығылып қалды. Сонда да сөздің артын әкесі марқұмға аударып, жаймашуақтатып жібердім. Қамза Ұшардың басына да бардық. Бұл кісінің хаттарын кезінде кітапқа жариялап едім. Содан шығып Қалибек хакімнің үйіне келіп, шешем аттас Хадиша апаймен қайта көрісіп, дастарханынан дәм таттым. Айқын есімді «Бозғұрт» баласы бір уыс белгіше әкеп берді. Хадиша апай екеуміз тәп-тәуір ақтарылдық. Ол әңгіменің көлемін «Күнделік» көтермейді. Жеке желінің арқауы. Тек: «Гималайдың ыс тауынан асқаннан кейін әйелдердің барлағы да бала көтере алмай қалды. Мен де алты жылдан кейін ана атандым», – деді. Осының өзі-ақ осынау аналардың жан қасіретін көрсетеді емес пе. Ақыры шешесі мен ұлының қоштасқанындай көңіл-күйде, «Көкбөрінің» белгісімен саусағымызды шошайтып тұрып қоштастық. Балалары: «Тоқсан екідегі шешемізді ұшықтап кеттіңіз. Сіз келіп едіңіз мейрамға да барды, дастарханға да отырды, қонақ шақыртып та үлгерді. Бір сергіді», – десті. Оған біз де марқайып қалдық. «Қызбала қаншыл келеді. Мәселе іздеп келген бауырға байланысты», – дедім.

Әрине, ол жай сөз. Бәрі де көңілден. Одан шығып Көксеген ақсақалдың қоржасына бардық. Шүкірәлидің тон тігетін шеберханасы бірінші қабатта, ал қалған ұлдарының үйі екінші, үшінші қабатта екен. Өз шаңырағы өзге үйде. Әдепті келін, тәрбиелі қыз, өнегелі ұлдың ортасында отырып ұзақ әрі қанып шай іштік. Көксеген ақсақалдың әңгімесін тыңдадық. Айтқандарының барлығын қағазға түсіріп үлгере алмайтын болғандықтан да, үш айдың ішінде қағазға түсіріп жіберуді аманаттадым. Оған уағда берді. Ажал ауызынан өткен тағдырдың таңдаулылары ғой – дегеннен басқа теңеу табыла қояр ма екен. Екінтіде Салихлының әкімі Бесағаштың басындағы мейрамханада дәм берді. Бағдат Әміреев пен Дүйсен Қасейінов Анкараға барып, келгені осы. Ендігі тізгін өздерінде. Биіктен қаланы тамашаладық. Көк көл мен шоқының арасындағы қыратты жерге орналасыпты. Мұндағы қазақтардың әкімі жалтақ емес, өзгелермен тең сөйлеседі. Бәріміз де сөйледік. Көксеген ақсақалдың сөзі көңілге қонды. Кешкі концерттің де уақыты болып қалды.

Алтай мен Салихлы ауылына өнерпаздарды еліміздің елшісі Бағдат мырза мен Дүйсен мырзаның бастап жүруі, олардың тілек-ниеттерімен танысуы мерекенің ғана емес, аймақтық, қалалық, аудандық әкімдердің алдында жергілікті әкімшіліктің тізгінін ұстаған, мәслихатқа сайлауға түсіп жатқан Мұстафа мен Шүкірәли сияқты азаматтардың да мерейін өсірді. Арқа сүйер елің болғанға не жетсін! Елші мырза бастауыш класқа дәріс беретін мұғалім жіберуді, оқулықпен қамтамасыз етуді өз мойнына алды. Сөйтіп, бұл наурыз мейрамы тойлай жүріп ойлай білген, орайлы істің ұйытқысы болды. Кешкі концерт «аққулатып», «гаккулатып» өтті. Станболдан келген Салихлының бір серісі бір сағат концерттің соңынан концерт қойды. Ол да жарасымын тапты. Маниса уәлаятының әкімі келесі бір шоқыдағы мейрамханада дәм татырды. Жанболат Әуіпбаев: «Станболда бір кафеге шәй ішуге кірсек, Станболдың әкімі көптің бірі боп сонда отыр екен», – деп таң қалып келгені бар. Мұнда да «пәледиелер» көпшілікпен араласып жүре береді екен. Ал біздің әкімдердің ғана емес, жай шенеуніктердің алқымы ісініп, иіле алмай жүретіні бар. Үйренетін үлгі. Кеш қайтып, арасанға түсіп, сүйегіміз балқып, көңілден шыққан күнге деген ризалықпен жастыққа бас қойдым.


26 науырыз. Салихлы – Ізмір – Селжүк – Эфес – Шанаққала (Троя) – Станбол. Бұл күнді аңызбен аралас өткен күн десе де болады. Мың шақырымға жуық жол жүрдік және қандай жол десеңші. Кеше Ізмір арқылы Трояға соғатынымды естіген талдықорғандық қыз бала: «Ізмірге Эфес, Селжүк қалалары жақын. Мария Магдалинаның құжырасы бар», – дегенді естіген соң қалайда баруға тырысып, Рамазанға жолдың жөнін біліп алу туралы тапсырма бергем. Адамзаттың бүкіл тарихын көз алдыңнан өткізіп шығатын мұндай сапардың сәті түсе бермейді.

Енді, міне, ертелетіп аттанып барамыз. Ізмірге дейінгі аралық Кония мен Салихлының арасы сияқты ауа райы құбылмалы жер. Көріністі шоқылар, орман-тоғайлы. Асудан асқанда әуелі көк теңіз, содан кейін Эгей теңізін жағалай орналасқан Түркияның қонысты қаласының бірі Ізмір иегіміздің астынан шыға келді. Халқы төрт миллион төңірегінде. Мүйіс-мүйісті, қолтық-қойнауды, бұғазды, түбекті қуа қанат жайған қала. Көне шаһардың күмбезді мешітінің мұнарасы мұнартады. Көкжиектен кемелер ғана көз тоқтатады. Басы қайсы, орталығы қайсы, аяғы қайсы, белгісіз. Бір жақ шеті тау, бір жақ шеті теңіз, ортасы ой. Биік шоқыны асып түссең алдыңдағы сәулетті қала тағы да Ізмір болып шығады. Сөйтіп, Қаратұмсық, Алтынтүбек деп кемерлеп кете беретін, етегін кең жайып бара жатқан шаһар екен. Жарды, жағалауды жағалап, бірде жаңбыр, бірде бұршақтатып, кемпірқосақты жетелеп жүре бердік.

Қалайда «Одиссей» мен «Илиаданың» оқиғасының ізі бар, жыл қайыруымыздан мың жыл бұрын іргетасы қаланған Эфес қаласы өркениеттің басы болып есептеледі. Ұмытпасам жыл қайыруымыздан жеті жүз жыл бұрын Мәди бастатқан скифтер ат басын тіреген, жеті кереметтің бірі – Артемис храмы да осы бұғазда болуы тиіс. Ол сонымен қатар ХІІ ғасырда Селжүктер ат басын тіреген жер. Рамазан бауырым жүйткітіп-ақ келеді. Теңізге тірелген мүйістер қандай сұлу. Таңдайымды қаға-қаға құрғап кетті. Бір кезде көздің ұшындағы ұшар биіктен сымбатты қорған көрінді. Бұл – жай қорған ғана емес, теңіздің бағдар шырағы (маяк). Қолтыққа кіре бергенде төбенің үстін тұтас жауып, қонған құстай қомданған тартымды көне ғимарат көз бен қоса қолқамызды қоса тартты. Аңғарды екіге бөліп тұрған бәйгетөбенің бауырындағы Селжүк қаласының үстінен төніп тұр. Қабырғалары да құсқанатты, бағаналары да жеңіл топшылы, текшені тұтас бауырына басқан алып самұрық сияқты. Тура кіретін жол жоқ, айналып артынан кіресің. Жөн көрсеткендер – Селжүк қорғаны деді. Түркияның үлкенді-кішілі шаһарларына тән тар көшені сыналап Айдыноғлы әулетінен шыққан Исабей 1375 жылы салдырған мешітке тірелдік. Еңселі қақпасы мен кірер бетнің қабырғасыы ысқыланған мәрмәрдан өрілген. Төрт бұрышты ауланың ортасындағы қауызды бойлай қойылған ұстындар Эфестен әкелініпті. Қабырғаларды жағалай тізілген ғұсни жазулы құлпытастар. Сәлделерінің өзі өнер туындысы. Тиянақтап оқыса адам аттарын анықтауға болады. Мешіттің іші кең. Көне заттай мұралар қойылыпты. Тізерлеп отырып құран оқыдық та, қол созым жерде тұрған бағанағы төбедегі қорған мен Селжүк сұлтандарының құтты қонысына қарай-қарай Эфеске беттедік. Алда мың шақырымдық жол бар, Троя қаласына ерте жетуіміз керек. Сондықтан қарбаласпыз.

Жолдың екі кемеріндегі бәйтеректермен жарысып, үш шақырымға созыла қаз-қатар тізілген, ежелгі үлгіде мүсінделген арыстан айкелдердің жол көрсетуімен маң төбенің – Айасұлық шоқысының бауырына бауырын баса салынған көне Эфестің қақпасына тірелдік. Енді бұл әсерді қалай жеткізуге болады? Неге осыншама қиғаш жол жүріп келдік? Ол үшін монография да аздық етеді. Мектеп қабырғасындағы ежелгі тарихтан бастап бүгінгі күнге дейінгі адамзаттың өркениетіне шолу жасауға тура келеді. Сондықтан да мені осында алып келген Геродоттың «Тарихында», оның ішінде біздің «Дулыға» атты еңбегімізде қамтылған скифтерге, «ерапаларға» – амазонкаларға және Геростратқа қатысты есімде сақталған, көрген кезде ойға оралған екі-үш оқиғаға ғана тоқталамын.

Жыл қайыруымыздан үш мың жыл бұрын жан-жағын теңіз қоршап жатқан Айасұлық – Айсұлу бұғазындағы аралға арзауандар Апас деген атпен астаналарының негізін қалайды. Геродоттың мәліметінше, элладалықтардың Кіші Азияны отарлауы осы Эфестен басталған. Афин ханзадасы Андроклосқа көріпкел: «Сіздің астанаңыздың қайда салынатынын балық пен қабан көрсетеді», – дейді. Афиныдан неғұрлым алыс кетуді көздеген ханзада оған мән берместен кемеге отырып ашық теңізге шығады. Телегейде теңселіп жүріп бір бұғазды аралға тіреледі. Жағалауда балық пісіріп отырғанда өрт кетеді де тоғайдың тасасына қашқан қабанды қуып жүріп олжалайды. Сол кезде көріпкелдің айтқаны есіне түсіп, өзінің астанасын осы арада салуға пәрмен береді. Міне, осы арада ханзада көшпелілер әлемімен, ер апалармен – амазонкалармен тоғысады. Эфестің іргетасын олардан бұрын скифтердің жауынгер қыздары «ерапалар» қалаған екен. Амазонкалардың Эфесті өз астанасы ретінде өте аялай қорғағанын Страбон да, Паусаниас та жазып қалдырған. Сөйтіп, ер жүрек жауынгерлер мен қыз жүректі жауынгерлер армиясы осы арада махаббат армиясына айналған-мыс. Сол махаббаттың белгісі ретінде «ер апалар» – амазонкалар Артемис храмын тұрғызуға бәйге жариялайды, сөйтіп, аралтөбеде әлемнің жеті кереметінің бірін тұрғызады. Міне, біздің кіндігіміздің Эфеске байланған бірінші түйіні. Әрине, бұл арқылы: «Эгей теңізі» – «ағай теңізі» дегеннен шыққан, демек, бұл аға баласы арғынның атына қойылған», – деген ағаларымыздың сандырағын қайталағымыз келіп тұрған жоқ. Бірақ та «ерпалардың» махаббатымен бекітілген тағдырлы тарих тоғысын сыртқа да теппейміз. Ал амазонкаларды көшпелі қыздар армиясы екенін, оларды скифтер «ер апалар» деп атайтынын Геродот дегдар да, Страбон да жазып кеткен. «Ер апалардан» бас тарта қоятындай біздің қандай құқымыз бар?

Араға ғасырлар өткізіп барып біздің дәуірімізге дейінгі ҮІІ ғасырда скифтер ақинақтарын беліне байлап, садақтарын қарына іліп, жиендерін «іздеп барады». «Жиендерінің елдіктен кеткеніне» ыза болған қара теңіздік кемерлер мен скифтер «ер апаларының» отауы – Артемисті жермен жексен етеді. Бұл туралы «Дулығада» жазған едім.

(Осы арада жанр шартын бұза отырып, атақты ғалым және ақын Каллимахтың «Артемидаға» арнаған мадақ жырындағы скифтердің кіші Азияда жиырма сегіз жыл үстемдік құруының қарсаңын бейнелейтін:

«... Содан кейін сен қасиеттейтін жерге (Эфеске) кең сарай салынды; таң шапағына бөленетін одан асқан сұлу, одан асқан салтанатты сарай жоқ; ол Пифоннан да керемет. Сондықтан да томырық Лигдамис (скифтердің патшасы – Т.Ж.) оны жермен жексен еткісі келіп, бие сауатын кемерліктердің қаптаған қолын әкелді, олар Инақ бұғазында өзгелерден оқшау тұрады. О, бишара патша, қалай қателесті десеңші! Оның өзіне де, басқаларға да, Кайстр өзегін арбамен қоршағандардың барлығына да Скифияға қайтып оралу жазылмапты, себебі, сенің жебеңді Эфестің өзі жебейтін еді», – деген жолдарды жақша ішіне алып кіріктіре кетуді жөн көрдім).

Каллимахтың жазғанындай, скифтер кері қайтпады, «қымызын ішіп жүріп» осы өлкені жиырма сегіз жыл биледі (Айтпақшы, Түркиядағы бірден-бір қымызхана да осы Ізмірде, Хасен ағамыздың Шеризад атты қарындасы қазір де бие бау ұстап отыр екен). «Махаббат майданының» белгісі болған Артемис храмын тас-талқан етеді. Заман ауысқан тұста тағдыры скифтерге жанаса қалыптасқан Ликияның Кроисос патшасы б.д.д. 560 жылы қаланы басып алып, аралтөбедегі әлемнің жеті кереметінің бірі – Артемисс храмын қайта жаңғыртады. Сәулет өнерін дамытады. Бұдан кейін бұл бұғазға қазіргі қазақ даласына бірі басын қалдырып, бірі абыройдан айырылып қайтқан парсы патшалары Дарий мен Кир де ат басын тірейді. Тура Ескендір Зұлхарнайын туған күні түнде «атымды жер өртеп қалдырамын» деп Герострат Артемисс храмын өртеп жібереді. Сөйтіп, ол өзінің атын тарихта мәңгі қалдырды. Ескендір Зұлхарнайын Артемиданы қалпына келтіруге ұмтылғанда тұрғындар: «Бір құдай бұзған храмды, екінші құдай қалпына келтіруге болмайды», – деп ризашылықтарын бермейді. Оның есесіне Эфес шаһарын көркейтті.

Көне дүниенің куәсі Эфестің үлкен театрының орыны және көз жетсе де қол жетпеген Артемисс храмының орыны.

Міне, аңызға айналған Эфестің дәуірлеу кезеңі содан басталады. Қос өркешті Айасұлықтың – Айсұлудың етегінен басына дейін сатылана қаланған мәрмәр мен әк тастан қаланған ғимараттар, етегін белдеулей шаршылана созылған құдіретті колонналар, мәрмәр көшелер, Цельсу кітапханасы, бүкіл бір қыратты алып жатқан 24 мың адам сиятын үлкен ашық театр, кіші театр, мемлекеттік салтанат алаңы, мәңгілік от жанып тұратын сарай, сұлулықтың тәңіриясы Афродита мен Дионистің, Геракльдің, Герместің ұстынды мүсіндерімен өрнектелген қақпалар мен ғимараттар, арасан монша, «көпшілік үйі», сенат сарайы, стадион, гимназия, Мариям ана шіркеуін аралағанда ежелгі дүние ертегісінің ішінде жүргендейсің. Майданнан қайтқан жауынгерлер әптігін басатын «Көпшілік үйін» көрсетіп тұрған мәрмәр тақтадағы әйелдің табанының суретінен бастап Артемисстің мүсіні орналасқан киелі ошаққа дейінгі көне ескерткіштерді көріп, әр қайсысымен танысып шығу үшін апталап жату керек шығар. Ал мұндағы «ер апалардан» бастап Артемиске, Клеопатраға, Мария Магдалинаға, түркілік Айасұлуға қатысты әсіреәфсаналар мен ескеркіштердің, ғимараттардың тарихы исі өркениет тарихшылары жазып тауыса алмай келе жатқан ұлы жыр. Эфес – сол оқиғалардың мәрмәрмен жазылған дастаны. Ал Селжүктің орталығындағы Эфес мұражайы соның оқулығы. Оны көріп барып көңіліңе түйе аласың. Өзім де қалам тартсам да, ежелгі дүиненің құдіретін дәл осы арадағыдай жақын әрі терең сезінген емеспін. Мына Айасұлуды – бір кездері теңіз шайып жатқан жағалау, сонау алыста мұнартқан Артемиданы (қазіргі Селжүк шаһары) – аралтөбе ретінде елестетіп, скифтік «ер апаларды», Лигдамис пен Мәди патшаларды, Камбисті, Дарий мен Кирді, Геростратты, Ескендірді, Цезарды, «Інжілді» жазған Иоан әулиені, Еділ (Аттила) патша елшілік алысқан Юстинанды, Сүлеймен халифті еске алып шығудың өзіне де тәулігіңіз тар келеді.

Сонда да Иса пайғамбар кергіге қағылған соң, оның Құддыстан қуылған үмметін ертіп, осы Эфеске келіп, христиан дінінің негізгі хадистерін қалыптастырған «жеті жынның иесі», пайғамбардың көңілдесі Мариям Магдалинаның мінәжат шіркеуі мен құжырасының орынына көрмей кетуге болмайтын еді. Магдала қыстағынан шыққан Марияның табанды уағызының нәтижесінде ғана христиан діні қалыптасты. Осынау көпшіл әйел болмаса, әлемдегі ең көп таралған дін дүинеге келмейтіндігін барлық дін тарихшылары мойындаған. Мария – Исаны әйелі ме, көңілдесі ме, жоқ, үмметі ме – деген сұрақтың жауабы ғана дүдәмал. Кейін жіктеліп кеткен Иса пайғамбардың тақуалары 431 жылы осы құжырада дүниежүзілік когресс өткізеді. Үш айға созылған діни талас нәтиже бермейді. Сөйтіп Эфес діни көзқарастың ғана емес, діни бақастықтың да орталығына айналады (Қазір де жыл сайын осы Мария Магдалина шіркеуінің жартылай құлаған мінәжатханасында дүниежүзілік діни бас қосу өтеді екен). Сүлеймен халифа басқарға мұсылман сақабалары 716 жылы Эфестің мұнарасына пайғамбарлың ақ туын тігеді. Селжүктер таудың атын – Айасұлық (Айсұлу) деп өзгертеді. Шіркеулер мешітке айналады. Эфес – Селжүк аталады. Скифтердің түпкі арманы орындалып, ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында афиынданған жиеншарларының біреуін қалдырмай юнанға шығарып салыпты. Қазір олар тек саяхатшы ретінде ғана келетін көрінеді.

Селжүктің ортасында түріктің туы тігілген аралтөбеге қарай-қарай, Артемисс пен Геростратты еске алып, Эгей теңізін жеті жүз шақырым бойы жағалай-жағалай Трояға – Шанаққалаға аттандық. Қарамұрынды жоталап асқанда тура теңіздің үстінен төнесің, Алтынтүбекті кесіп өтіп, Сағыз өзенінен өтесің де Бұрыншықты (Мұрынды немесе Сіргелі) басасың, алдыңнан жолдың екі жағын кемпірқосақпен доғалата жалғаған Зейтінтал үстірті шығады. Бүкіл Түркияны және бізді де зейтінмен қамтамасыз ететін үстірт осы. Шандырлыдан Айбалыққа, Ақшайға теңізді жағалай ернеулеп Айуа бағына келіп, содан Езине, Лапсеке асуына көтерілесің. Ақиық ақберен Ғафакеңнің – Ғафу ақынның Бетпақдалада келе жатып:

Деме мұны асылық,

Сенбесеңіз, қараңыз.

Ұлытауға асығып,

Киік жегіп барамыз!, –

деген өлеңін еске түсіріп, біз де Трояға асығып, Эгэй теңізінің кемелерімен жарысып келеміз.

Олар да қалыспай біз асуға көтерілгенде алдымыздан орағытып шыға келеді. Толқындар бірде көгілдірленіп аспанмен астасады, бірде ақ езуленіп көбіктеніп, бірде бұрқан-талқаны шығып, өзімен-өзі арпалысып жатқаны. Әрине, қар, жаңбыр, бұршақ, күншуағы араласып отырды. Шанаққалаға жарықта жетуіміз мүмкін еместігі біліне бастады. Дегенмен де ақшамға туралаған Рамазан арабасын жүйткітіңкіреп жіберіп еді, жол полициясы ақ таяғын көтере қойды. Тура біздің «алатаяқтардан» айнымайды. Екі жүз доллар айып салды. Жарайды, Трояның садақасы!..

Эфестің теңізбағдаршамы және Троямен түнгі қоштасу
Міне, Эгей теңізіна қаратылған көне дүниенің қарауылы Бұлбұл тауындағы қаруыл қорғаны һам теңіз шырағы. Алыста жымыңдаған оттардың желкесінде Троя қаласы қараңғыға оранып қалып барады.

Бірақ садақамыз қабыл болмады. Езине асуындағы ойнаған найзағай мен қара нөсер ол үмітті сөндірді. Шатыр ете қап жарқылдағанда жарық көз қарықтырады. Бұл Түркияның қасіретті де қасиетті тарихы жазылған, жалғыз өзі мұқым еуропаның құрама армиясымен соғысы өткен майданды мойнақ. Ең талмалы тұс. Трояның да шабуылға ұшырып, «Одиссея» арқылы тарихта аты қалуы сол теңіз жолының торабында орналасқандығы. Ұлы жолдан бұрылудың мүмкіндігі еш болмады. Бүкіл Түркияны аралағанда маңдайымызды ұстаған Трояға бес шақырымдай жерден бетімізді бұрып өттік. Ол өзі шоқының үстінде, толық қазылмаған қала, түн ішінде күзет те кіргізбейді және мына найзағайлы нөсер ешнәрсе көрсетпейді. Өзегім шым-шым қызып, өкіне Эгей теңізі мен мәрмәр теңізін жалғастыратын мойнаққа келдік. Паромға отырып, он шақырымдай жерде жарқарап тұрған еуропалық қалаға шықтық. Содан Болғарияның шекарасын сызып отырып Тақыртас үстірті арқылы Станболға ... түн ортасында, сағат екіде жеттік.

О, кейуана! Түс ауа шайтанқұлақпен әлсін-әлі мазасыздана хабарласқан Ғалия апай ыстық, қою шайын демдеп, сорпасын дәмдеп, қабағынан мейірім төгіліп бізді күтіп отыр екен! Сонда ғана Хасекең еске түсті. Ол кісі де бірнеше рет хабарласыпты. Ес жиып барып, есеп бердік. «Жолдасын жолда тастамайтын нағыз жігіттің төресі екен» – дедім, әрине, іштей. «Таңғы ырыс – Тәңірден» деп Ғалия апайдың жайлы төсегіне жамбас тигіздім. Қаншама бойкүйезденсем де еріксіз «Күнделікке» самарқаулау қол создым. Түнгі сағат үш жарым екен.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет