Экономикалық пәндерді оқытудағы инновациялық технологиялардың рөлі



Дата17.07.2016
өлшемі55.08 Kb.
#205120
Экономикалық пәндерді оқытудағы инновациялық технологиялардың рөлі
Оспанбаев Ж.А.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Алматы. Қазақстан
Қазақстан үшінші мыңжылдыққа күрделі өзгерістермен аяқ басты. Ол өзгерістер әлемдік шаруашылық жүйесінің жаһандануымен, отандық экономиканың және білім беру саласының жедел модернизациялануымен байланысты орын алуда. Әлемдік қоғамдастықтың бір мүшесі ретінде мұндай тенденцияларды Қазақстанның білім беру жүйесінен, сондай-ақ тұтас экономиканың даму барысынан да байқауға болады.

Ақпарат ғасыры ретінде мойындалған ХХІ ғасырда білім беру мен тәрбиелеудің біртұтас жүйесі де күрделі өзгеріске ұшырауда. Сондықтан да аталған саладағы өзгерістерді алғашқылардың бірі болып меңгеріп, оларды оқыту әдістемесінде ұтымды пайдалана білу педагог мамандардың қызметіне де орасан зор талаптар қойып отыр. Білім берудегі жаңа ақпараттық, сондай-ақ инновациялық технологиялардың қажеттілігін, яғни оған деген сұраныстың орын алуын келесідей артықшылықтарымен негіздеуге болады:



  1. Периферияда орналасқан оқу орындарының оқыту деңгейі бойынша артта қалушылығын жоюға септігін тигізеді.

  2. Әлемдік білім беру кеңістігінің дамуына, білім беру қызметінің экспорты мен импортына, әлемдік интеллектуалдық, шығармашылық, ақпараттық және ғылыми-педагогикалық әлеуеттің бірігуіне қолайлы жағдайды қалыптастырады.

  3. Оқытудың жаңа тиімді технологиясын жасауға, білімнің сапасын және қол жетімділігін арттыруға, оқытудың дистанционды, виртуалды, тренингтік және басқа да инновациялық әдістерінің дамуына мүмкіндік береді.

Оқытудың жаңа ақпараттық және инновациялық технологиялары және оларды қолданудың мүмкіндіктері В.С. Гершунский, В.М. Левина, Е.И. Машбиц, Г.К. Нұрғалиева, Е.С. Полат, В.Г. Разумовский, А.К. Мынбаева және т.б. ғалымдардың еңбектерінде зерттелген. Аталған еңбектер білім беру процесінде жаңа ақпараттық, инновациялық технологияларды қолданудың психологиялық, педагогикалық мүмкіндіктерін ашып көрсетеді.

XXI ғасыр – ақпарат ғасыры болғандықтан адамзатқа компьютерлік сауаттылық қажет. Білім беру жүйесін ақпараттандыру білім беру үшін үлкен перспективалар ашады. Соңғы жылдары компьютерлік, телекоммуникациялық техника мен технологиялардың қоғам өмірдегі рөлі мен орнында түбегейлі өзгерістер болды. Ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды игеру қазіргі заманда әрбір жеке тұлға үшін оқу және жазу қабілеті сияқты сапалармен бірге қажетті шартқа айналды. Әрбір елдің технологиялық даму дәрежесіне оның экономикалық қуаты мен халқының тұрмыс деңгейі ғана емес, сол елдің әлемдік қоғамдастықта алатын орны, басқа елдермен экономикалық және саяси ықпалдасу мүмкіндіктері, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік мәселелерін шешуіне байланысты. Сонымен қатар, әлдебір елде қазіргі технологияның дамуы мен қолданылу деңгейі оның материалдық базасының дамуымен емес, негізінен қоғамды парасаттандыру деңгейімен, оның жаңа білімді туындату, игеру және қолдана білу қабілетімен анықталады.

Экономикалық пәндерді оқытуда білім берудің дәстүрлі технологияларын қолдану, алдымен студенттердің экономика және онымен іргелес ғылымдар саласы бойынша білімдерді экстенсивті жинақтаумен ғана байланысты болады. Бірақ, өте кең көлемдегі оқу және ғылыми мәліметтерді меңгеру қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайда болашақ мамандардың кәсіби және өмірлік қалыптасуы үшін жеткілікті болып отырған жоқ. Сондықтан, ақпараттық технологияларды меңгеру дағдылары нарық жағдайында бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастырудағы міндетті талапқа айналып отыр. Оқытудың жаңа инновациялық технологияларын қолдану ғылыми білімді меңгеру және бекіту процестерін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Себебі, студенттің тапсырманы орындау жылдамдығын, тұлғалық ерекшелігі мен даярлық деңгейіне сәйкес тиімді жаттығуы оқу процесін дараландыруға және ізгілендіруге жағдай жасайды.

Экономикалық пәндерді оқытуда кеңінен қолданылатын инновациялық оқыту әдістерінің ішінде SWOT-талдау, «635» әдісі, «515» әдісі, «шешімдер ағашы» әдісі мен «Балық сүйегі» әдісін атап өтуге болады. SWOT-талдау әсіресе, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін таразылап, оны шешу жолдарын қарастыруға қолайлы. Ол ағылшынның strengths(күшті жақтары), weaknesses(әлсіз жақтары), opportunities(мүмкіндіктер), threats(қауіп-қатерлер) түсініктері арқылы компанияның әлеуетін, мемлекеттік саясаттың тиімділігін, сондай-ақ басқа да күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешімін табуда кеңінен қолданылатын әдіс болып табылады. Ал, «635» әдісінде студенттер 6 адамнан топқа бөлініп, 5 минуттың ішінде 3 идея ұсынуы керек және ол идеяларын жазбаша, сызба немесе сурет түрінде жеткізеді. Әдістің мақсаты, студенттердің қандай да бір идея ойлап тауып, оны кескіндеп материалды жеткізе білу қабілетін жетілдіру болып табылады. Сол сияқты, «515» әдісінде оқытушы студенттерге мәселе қояды, студенттер 5 минут ішінде жазбаша түрде 15 идея ұсынуы қажет. Оның мақсаты қалыптасқан жағдайдан шығу жолдарын үйрету болып табылады. Әрине, бұдан да басқа инновациялық оқыту әдістері өте көп. Енді, осы әдістердің ішінде SWOT-талдауға мысал келтіріп көрейік.

SWOT-талдауымыздың тапсырмасы ретінде Қазақстанның Кеден одағына мүшелігінің экономикалық қауіпсіздікке әсерін талдаймыз.(1 сурет)

Бүгінде экономикалық ғылымдағы теория мен тәжірибені байланыстыру жоғары оқу орындарының оқу жоспарларындағы бірқатар мәселелердің шешімін табуды талап етуде:


  • еліміздегі және әлемдегі әлеуметтік-экономикалық дамудың қазіргі кезеңіне сәйкес тұлғаның ғылыми дүниетанымын қалыптастыру;

  • әрбір тұлғаның өмірдегі өз орнын тауып, кәсіби жағынан өзін-өзі айқындауына жағдай жасау;

  • тұлғаның қазіргі жағдайда өз бетімен шешім қабылдауы, өз қабілетіне сәйкес әлеуметтік жағынан бейімделуі;

  • әр түрлі әлеуметтік құрылымдармен өзінің қарым-қатынасы, коммуникативтік дағдылары мен іскерліктерінің пайда болуы.


1-сурет. Қазақстанның Кеден одағына мүшелігінің SWOT-талдауы


Оқытудың инновациялық технологиялары білімдерді әр түрлі формада, әр түрлі күрделі деңгейде ұйымдастыруға, қажетті модульге тез арада қол жеткізуге, қолайлы жылдамдықпен бірнеше рет қайталап отыруға мүмкіндік береді. Оқу үдерісіндегі ақпараттық технологиялар табиғи және дәстүрлі жағдайда қол жетпейтін көрнекіліктерді қолдануға, мотивацияны жоғарылататын материалдарды жақсы меңгеруге көмектесе алады. Жаңа ақпараттық технологияларды білім беру процесінде қолдану білімнің жаңа сапалық деңгейіне қол жеткізеді, себебі бұл потенциалдық мүмкіндік ақпараттық технологияның мәнінде жатыр.

Компьютерлік модельдеу объект пен құбылысты түрліше жағдайда, әр түрлі көзқараста зерделеуге мүмкіндік туғызады. Ал мультимедиялық технологияны пайдалану жаңа материалды игеруде адамның барлық сезім мүшелерін жұмылдыра отырып, зерттеліп отырған объектінің әсем әрі көрікті бейнесін қалыптастыра алады. Ұсынылып отырған материалды тиімді меңгеруге мүмкіндік беретін ассоциативті байланыстарды қалыптастырады.



Қорыта айтқанда, соңғы жылдары оқытудың ақпараттық, инновациялық технологияларының дамуы оқыту формаларын айтарлықтай молайтуда: конференциялар, ғылыми жарыстар, еркін пікірталастар, оқуға байланысты кездесулер, саяхат сабақтар және т.с.с. кеңінен қолданылуда. Оқытудың жаңа инновациялық, ақпараттық технологиялары тұлғада жекеленген пәндік білімдермен қатар, интеграцияланған білімдерді қалыптастыруға бейім. Оқытудың инновациялық-педагогикалық технологияларын білім беру мазмұны сабақтастығының сақталуына, оқушылардың жас, жеке және психологиялық ерекшеліктеріне байланысты таңдап, тәжірибеде сынап қараудың маңыздылығын атап айтқан жөн. Сөз соңында, қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше толыққанды жан-жақты педагог-маман болу мүмкін емес деген қорытынды жасауға толық негіз бар.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі


  1. Ә. Мұханбетжанова, А. Қасымова. Білімді интеграциялау процесінде жаңа ақпараттық технологияларды қолдану. «Білім/Образование» журналы №4 (22) 2006ж 11-13 бб.

  2. Т.С. Сарбасова. Методика преподавания экономических дисциплин Учебное пособие. Алматы 2008

  3. Т.С. Сарбасова, А.Қ. Сарбасова, Л.А. Бимендиева. Білім беру саласының әлеуметтік-экономикалық мәселелері. Оқу құралы. Алматы 2007

  4. А.К. Мынбаева, З.М. Садвакасова. Инновационные методы обучения, или как интересно преподавать. Учебное пособие. Алматы 2009


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет