Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Исабеков*Ақылбек*Қашкинұлы ежелгі түркі дәуіріндегі саяси-қҰҚЫҚТЫҚ ой тарихындағЫ



жүктеу 88.55 Kb.
Дата04.07.2016
өлшемі88.55 Kb.
Әл - Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Конституциялық және әкімшілік құқық

кафедрасының доценті,

заң ғылымдарының кандидаты

Исабеков*Ақылбек*Қашкинұлы


ЕЖЕЛГІ ТҮРКІ ДӘУІРІНДЕГІ САЯСИ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ОЙ ТАРИХЫНДАҒЫ, ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТІНІҢ ҚҰДІРЕТТІЛІГІ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІ БАСҚАРУШЫНЫҢ ҚАСИЕТІ ТУРАЛЫ КӨЗҚАРАСТАР
Ежелгі түркілердің өзінің дүниетанымы ауқымды, кең құбылыс болып келеді. Ежелгі түркілердің саяси-құқықтық ой тарихында ең негізгі мәселе түркі мемлекеттілігінің құдіреттілігі және оны басқарушы тұлғаның айбындылығы болып табылды. Сол кезеңдегі саяси-құқықтық ойдың өкілдері мен жазбаларында бұл туралы үлкен толғамдар мен танымдар жүйесі өрілген болатын. Түркі мемлекеттілігінң құдіреттілігін орағасырлық ескерткіштердің бірі, Күлтегін мен Тоныкөк жазбаларынан, Әл-Фараби ойларынан, Ахмет Иүгінекидің, Махмұд Қашқаридің сарабдал ойларынан көре аламыз.

Ежелгі түркі мұраларының бастауы болып табылатын, Орхон-Енисей жазбаларына кіретін Күлтегін, Тоныкөк жырларында түркі мемлекетінің айбындығы, асқақтауы және оның тарих сахнасынан өшу себептері сөз болады. “Күлтегін ескерткішіндегі жазуларды мұқият оқып, зердеміздің ой-елегінен өткізетін болсақ, мемлекетті нығайту және күшейту мәселесіне байланысты құнды идеялар мен қағидалардың бар екенін аңғарамыз. Оның беттерінде мемлекетті күшейтуде ірі тұлғалардың ерекше роль атқаратынын дәләлдітүрде баяндалады және дана қайраткерер ғана өз халқына бостандық пен тәуелсіздік бағын орната алады, оны нығайтуды өмірлерінің ең басты мақсаты деп таниды” [1, 14 б]. Осы жерде бұл жазбалардағы мына ойларға зер салайықшы:

“1. Жоғарыда көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы басқаруға ата-бабам Бумын қаған, Істемі қаған отырған. Отырып, түркі халқының елін, заңын ұстай берген, иелік еткен.

2. Төрт бұрыштың бәрі жау еді. Әскер жүргізіп, төрт бұрыштағы халықты көп алған, бәрін бейбіт қылған. Бастығы жүгіндірген. Тізеліні бүктірген. Ілгері Қадырқан қойнауына дейін, көрі Темір қақпаға дейін қондырған.

3. Екі арадағы қарусыз көк түркілерді осылай қоныстандырған екен. Білгіш қаған еді, алып қаған еді. Бұйрықтары да білгір еді, өздері ер болған екен. Бектері және халқы түзу еді. Сол үшін елін сонша билеген екен. Елді ұстап, заңды жасаған. Өздері ажалдарынан қайтыс болған” [2, 171 б.]. Бұл жыр жолдары түркі мемлекетінің айбынының артқан тұсын жыр етіп отыр. Сонымен қатар, жазбаларда мемлекетті дұрыс басқарудың жолдары сілтенеді. Ол жазбада мынандай ой арқылы берілген: “1. Тәңірідей тәңіріде болған түркі білгір қаған бұл шақта отырды. Сөзімді түгел есіткін: моңымдағы іні-жиенім, ұлым, бір-екі жақын руым, халқым, оңымдағы уәзір ұлық бектер, солымдағы тартқан бұйрық бектер, отыз...

2. Тоғыз оғыз бектері, халқы, бұ сөзімді жақсы есіт, қатты тыңда! Ілгері күн шығыста он жақта күн ортасында, кейін күн батыста, сол жақта түн ортасында-соның ішіндегі халықтың көбі маған бағынды, халықты осынша көп еттім.

3. Ол енді кексіз. Түркі қағаны, өйткені қойнауында отырса, елде мұң жоқ. ілгері Шаңтұң жазыққа дейін соғыстым, теңізге кішкене жетпедім. Бергеріде Тоғыз ерсенге дейін соғыстым. Тибетке кішкене жетпедім. Керіқарай Сырдария өзенін кешіп өттім.

4. Темір қақпаға дейін моғыстым. Терістікте Байырғы жеріне дейін соғыстым. Сонша жерге жүргіздім. Өтүкен қойнауында игі ие жоқ еді, елді ұстайтын жер Өтүкен қойнауы еді. Бұ жерде отырып, табиғат халқымен дұрысталдым” [3, 168 б.]. Әрине, түркі қағанатының өмірі әрқашанда күреспен, таласпен өтті. Бұл көшпелі өмірдің алға тартқан сол кездегі заңдылықтарының бірі еді. О туралы зерттеулерде мынандай пікір білдіріледі: “Үрім-бұтағымызбен ел билеу, ел бастау үшін жаралғанбыз, басыңды біріктіріп, ел ететін-біз, елді жосықтан, тұтқыннан құтқарған бізбіз, - деп жорығын, ерлігін айтып, Білге, Күлтегін тұр. Талай елді көрдім, көп қағанға ақылшы болдым, менің ақылым болмаса, ел де, қаған да оңға баса алмайды, - деп Тоңықұқ тұр.

Осылайша, ширығып айтудың жөні бар еді. Заман қатал, тағдыр ауыр болатын. Ел, ер намысы үшін атын өшірмей, ел жалғастыру үшін төңірегіндегі көп бәсекелес жұртпен күніге арпалысу, шайқасу керек еді” [4, 44 б.]. Бұл оймен келісе отыра, жалпы түркі мемлекетінің мұндай жанкешті күрестің мақсаты біреу екендігін аңғаамыз, ол мемлекет бірлігі. Елдікті сақтау үшін әрқашанда әскери жорықтарға шығу, сырт елермен соғысуда өмір талабы еді. Осы жерде Р. Нұрғалидің бұл мәселеге байланысты мына ойы орынды деп санаймыз: “Елдік, мемлекеттік болу үшін қорғаныстың, қарудың, жаугершіліктің, қажеттілігі мен маңызы Тоныкөк толғауларда ашық айтылады. Барлық билікті ұстап отырған қаған мен ақылгөй дана бірауыздылығы, сөз бен істің ажырамауы үнемі ескеріледі. Түркі елінің тұтастығы ынтымақтастықта, барлық күштердің ұйытқысында екендігі түп нысана болып табылады” [5, 188 б.]. Әрине, қандай да күшті қуатты ел болса да, тынымсыз соғыс мемлекетті қажытатындығы белгілі. Түркі мемлекетінің осы бір жанкешті әрекеті жыр жолдарында былай өрбіледі: “Күллі түркі қара халқы былай десті: “Елді халық едім, елім енді қайда?! Кімге елдік жасаймын?!” – десті. “Қағанды халық едім, қағаным қайда?! Қай қағанға күш-қуатымды берермін?!”-десті. Осылай деп, табғаш қағанға жау болды.

Жау болып, қолдарынан түк келмей және бағынды. Сонда күш-қуатын сарп өткенін ойламады. Түркі халқы: “Өлейік, тұқымсырайық”, - деп еді, жойыла бастаған еді. Көкте түркі тәңірісі, түркінің қасиетті жері-суы былай депті: “Түркі халқы жоқ болмасын дейін, халық болсын дейін... ” Әкем Елтеріс қағанды, шешем Елбілге қатынды тәңірі төбесіне ұстап, жоғары көтерген екен. Әкем қаған он жеті ер жиыпты.

Шетте жүр деген хабар есітіп, қаладағылар таудайболды, таудағылар төмендеді. Жиналып, жетпіс ер болды. Тәңірі күш бергені үшін әкем қаған әскері бөрідей еді, жаулары қойдай еді. Ілгері-кейін аттанып, жинапты, көтеріпті.

Бәрі жеті жүз ер болыпты. Жеті жүз ер болып, әлсіреген, қағансыраған халықты, күңгенген, құлданған халықты, түркі иелігінен айрылған халықты ата-бабам салтына қайта оралтты. Төліс, тардүш (тарға)” [6, 173-174 бб.]. “Ұзақ жылдарға созылған көтерілістерден мемлекет адамдары мен халық шаршаған болатын. Білге мен Күлтегін екеуі қосылып және Тоныкөк сияқты ақылды зиялылардың жәрдемімен бар жігер-қайратын Түріктеді бірлестіру үшін, Көктүрік мемлекетінің сыртқы және ішкі жауларымен күрес жүргізді. өздерінің тәуелсіздігін сақтау үшін, Қытай империясына әрдайым соққы бере отырып, өзінің ішіндегі тайпалардың көтерілістерін басып отырды” [7, 248 б.].

Көріп отырғанымыздай, ежелгі Орхон-Енисей жазбаларында негізінен мемлекеттік бірлік мәселесі елді алауыздықан сақтау, бірінші орынға қойылады. Мемлекетті бақарушы тұлғаға да мемлекет ісіне араласуда осы мәселег ерекше көңіл бөлуді оған мұқият қарауды жыр жолдарында меңзеп отырады. Сондықтан да болар кезінде түркі қағнаты Еуразия құрлығындағы ең құдіретті мемлекеттердің біріне айналды.

Ежелгі түркі дәуірінде мемлекеттің бірлігін меңзеген ойшылдар да болды. Солардың бірі, М. Қашқари болып табылады. Махмұд Қашқари түркі сөздігін жазып қана қоймады. Сонымен қатар, түркі жұртының бірлігін сақтауды өмірлік кредо ретінде тұтынған болатын. Оның жазбаларында түрік мемлекетінің құдіреттілігі былай баяндалады: “Мен Тәңірінің дәулет ұясын түріктер бұржысында жаратқандығын және ғарышты солардың заманы үстінде айналдырғанын өрдім. Тәңірі оларды “Түрік” деп атады және оларды мемлекетке еге қылды; Заманымыздың хақандарын түріктерлден шығарып, дәуір халықтың ақыл-ерік тізгінін солардың қолдарына ұстатты; оларды адамдарға бас қылды; хақ істерде соларды қолдады; олармен бірге күрескендерді әзіз қылды әрі түріктер ішінен оларды барша тілектеріне жеткізіп, жамандардан, зұлымдардан қорғады. Түріктердің оқтарынан сақтану үшін, олардың жолын берік тұту әрбір ақыл иесіне лайықты уа парыз іске айналды. Өз дертін айту уа түріктерге жақын болу, жағу үшін оларға түрік тілінде сөйлесуден пайдалы жол қалмады. Кім өз дұшпандарынан ажырап, түріктерге сағынып, мұңайып келсе, оларды түріктер қанатының астына алып, қауіптен құтқарады; олармен бірге басқалар да қамқорлық, пана табады.

Бір бұхаралық ғалым мен нисапурлық басқа бір ғалымның тәңір әзіз көрген Пайғамбарымыздан дәлел келтіріп айтқан төмендегі сөздерін анық естіген едім: Пайғамбарымыз қиямет белгілері, ақыр заман бітінәдәрі және оғыз түріктерінің жорыққа шыққандығы туралы айтқанда: “Түрік тілін үйреніңіздер, сонда олардың егелігі ұзақ дәуірлі болмақ”, - деген екен [8, 89 б.]. Жоғарыдағы жазбалардан кейінгі Махмұд Қашқаридің ойларынан бір нәрсені байқауға болады. Бұл түркі мемлекетінің құдіреттілігін сақтау, ақылды басшымен тікелей байланысты екендігін мемлекет басшысының жеке қасиеттері туралы ортағасырлық түркі жазбаларында көптеп сөз етіледі. Ортағасырлық түркі мәдениетінің ойшылдарының барлығы өзінің еңбектерінде осы мәселеге ерекше мән берді. Әлемдік ойда екінші ұстаз атанған, түркі әлемінің данышпаны Әл-Фараби да, бұл ойлардан сырт кете алмады. Әл-Фараби өзінің еңбегінде дана басшысына мынандай қасиеттер тән болуы керек дейді:

“Бірінші шарт- дана болу;

Екінші-қалаға арнап бірінші имамдар белгілеген заңдарды, ережелер мен әдет-ғұрыптарды жадында сақтап, жетік білу, өзінің барлық іс-әрекетін осыларға сәйкес жүргізу;

Үшінші-бұрынғылардан тиісті заң сақталмаған жағдайда, бірінші имамдардың үлгісімен әрекет жасай отырып, бұл жөнінде тапқырлық көрсету;

Төртінші-бірінші имамдар аңдай алмаған нәрселерді бұрыннан қалыптасып қалған жағдайды да, болашақ оқиғаларды да қалаған кезінде танып-біліп отырарлықтай тапқыр да білгір болу; өзінің іс-әрекетінде ол халықтың әл-ауқатын жақсартуды мақсат етуге тиіс;

Бесінші-бірінші имамдардың заңдарын және солардан кейін үлгісі бойынша өзі белгілеген заңдарды орындауға жұртты өз сөзімен жігерлендіре білу;

Алтыншы-әскери істерді жүргізу үшін қажетті дәрежеде қайратты болуы, оның бергі жағында әскери өнерді қызмет бабындағы өнер ретінде билеуші өнер ретінде біліп алу” [9, 29-30 бб]. Түркі мәдениетінің ортағасырлық өкілдерінің барлығы мемлекетті басқарушы тұлғаның жеке басының қасиеттерінен бастап, мемлекетті басқарушы деңгейіне көтерілуге дейінгі ұстанымдарына дейін өз жырларында ерекше мән берді. Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйы» атты еңбегінде мемлекетті басқарушы тұлғаның қасиеттері былай қослады:

“Сөйле тілім “мақтайтұғын сөз” дерлік,

Патша иеме сый тартудың даңқына арнап шаһымның

Оқыған жан сүйсініп бір сезерлік.

Қайырым мен адалдығы кіршіксіз

Мадақтасаң тұрған бойы-тек ерлік.

Мол парасат ақыл-ойдың кеніші,

Жақсылық пен білім ғана төрелік.

Нұры нәрлі жұлдызынан Симактың,

Берекесі дертке шипа себерлік.

Мінезі бар шапағатты Сәлімнен,

Ашуы бар арыстан боп кетерлік.

Шариғаттың жолын білер Омардай,

Мырзалығы Оспанға тең жетерлік.

Зеректігі асып кеткен аяздан,

Әділдігі оны Наушабардан етерлік.

Бұл ұялап оның берген сыйынан,

Дұшпандары пұшаймен жеп өтерлік.

Ей, санаушы қасиеті шаһымның,

Құм – қиыршық, тасты санау-бекерлік.

Саяси да іскер басшы, ақ - әділ,

Көріп пе едің дәл осындай бек ерлік?

Кең пейіл мен мол қайырым, ұлылық

Шаһ басына берген желеп-жеберлік.

“Көп”, “аз”-демей теңіз құптат алады

болса бұлт майда тамшы себерлік.

Ол теңізден мың есе ұлы падишаһ

Қабыл қылса осы аз сыйды-шеберлік” [10, 90 б.].



Ортағасырлық түркі мәдениетінің інжу-маржаны болып табылатын жазбалардың негізгі ой пікірі мемлекет бірлігін, ел бірлігін меңзейтіндігін көріп отырмыз. Бұл ойлар бүгінгі таңда да түркі мәдениетін, түркі бірлігін ортақтастыруда өзінің құндылығын жоймаған өзекті ойлар болып табылады.

Резюме
В данной статье рассматривается особенности могущества государства тюрков и лидерские качества главы тюркского каганата.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


  1. Өзбекұлы С. Қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікір тарихының өзекті мәселелері. – Алматы: Білім, 2004. – 128 б.

  2. Айдаров Ғ. Күлтегін ескерткіші. Зерттеунама. – Алматы: Ана тілі, 1995. – 232 б.

  3. Айдаров Ғ. Күлтегін ескерткіші. Зерттеунама. – Алматы: Ана тілі, 1995. – 232 б.

  4. Әміров Р., Әмірова Ж. Көне жазба ескерткіштері. – Алматы: Рауан, 1995. - 47 б.

  5. Нұрғали Р. Көне түркі ескерткіштеріндегі ел сарыны // Байырғы түркі өркениеті: жазба ескерткіштер: (Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары, Астана қаласы, 2001 жылғы 18-19 мамыр). - Алматы. – 2001. -185-189 бб.

  6. Айдаров Ғ. Күлтегін ескерткіші. Зерттеунама. – Алматы: Ана тілі, 1995. – 232 б.

  7. Шалекенов У.Х. Бірлік туралы Білге қағанның өсиеті // Байырғы түркі өркениеті: жазба ескерткіштер: (Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары, Астана қаласы, 2001 жылғы 18-19 мамыр). - Алматы. – 2001. -246-250 бб.

  8. Махмұт Қашғари // Дербісалиев Ә. Қазақ даласының жұлдыздары (тарихи-филологиялық зерттеу). – Алматы: Рауан, 1995. - 141-151 бб.

  9. Әл-Фарабидің саяси және құқықтық көзқарастары // Қазақстанның саяси және құқықтық ой тарихы. Хрестоматия: 1-Кітап / Құраст. Кенжалиев З.Ж., Қуандықов Б.Ж. – Алматы: Өркениет, 2004. – 24-49 бб.

  10. Ахмет Иүгінекидің “Ақиқат сыйы” атты еңбегіндегі саяси ойлар // Қазақстанның саяси және құқықтық ой тарихы. Хрестоматия: 1-Кітап / Құраст. Кенжалиев З.Ж., Қуандықов Б.Ж. – Алматы: Өркениет, 2004. – 49-83 бб.








©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет