Әл-Фараби атындағы ҚазҰу шығыстану факультеті Түркітану және үндітану кафедрасының оқытушысы гуманитарлық ғылымдарының магистрі Ешметова Б. Б



Дата06.07.2016
өлшемі100.7 Kb.
#181172
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Шығыстану факультеті

Түркітану және үндітану кафедрасының оқытушысы

гуманитарлық ғылымдарының магистрі Ешметова Б.Б.

1 курс студенті Юсупова Г.

Алматы, Қазақстан

zhan_bal@mail.ru, gulmira_yussupova@bk.ru

Аңдатпа/Аннотация

Бұл еңбекте мақал-мәтелдер мен фразеологизмдердің(идиомаларның) қолданылуының тарихындағы ерекшеліктер, олардың қалыптасуындағы ұлттық ділдің қатыстығы мен этнолингвистикалық сипаттамасы жайында пікірлер айтылды.

Өз ара екі туыс (қазақ және ұйғыр) және оларға туыс емес (ағылшын және орыс) тілдеріндегі мақал-мәтелдер мен фразеологизмдердің (идиомаларның)этнолингвистикалық сипатын ашу, олардың ерекшеліктеріне талдау жасау, жалпы тіл білімі ғылымына, оның ішінде фразеология, этнолингвистика сияқты салаларына өзіндік үлесін қосатынына сенеміз. Мұнда жасалған тұжырымдар мен қорытындылар әр этносқа тән болған мақал-мәтелдер мен фразеологизмдердің (идиомаларның) өзіндік табиғатын, шығу тарихы мен даму жолдарын, оларға этнолингвистикалық түрғыдан сипаттама беруге септігін тигізеді деп ойлаймыз.

Annotation

This scientific article is devoted to the differences of usage of idioms in our everyday life in four language cultures – they are Uyghur, Kazakh, Russian and English language cultures. Moreover, there were also discussed other problems like what way the national and ethno linguistic features of each nation influenced on idioms and how they are related to each other.

We strongly believe, this research, where we tried to analyze the ethno linguistic properties and find out the differences between the usage of idioms, can help the linguistic fields like Phraseology, Ethno linguistics to develop further. The conclusions and hypothesis that were made in this work can help to define the nature, history and ways of development of idioms in each above mentioned languages.
Түйін сөздер: фразеологизм, идиома, халық даналығы

Қазақ, ұйғыр, орыс және ағылшын тілдеріндегі фразеологизмдердің көрінісі

Кез келген халықтың халықтығы мен ұлттық болмысын танытатын әр алуан өнері болса, сол «өнердің алды – қызыл тіл» – деген даналық сөз бар. Тілдің байлығын, терең тұңғиық сырлары мен құпияларын ашқан, сұлулығына тамсанып, шебер қолдана білген, сол тілде сөйлейтін халықтың кемеңгерлігі мен даналығын екені сөзсіз.

Қай халықтың болмасын фразеологизмдерінің ішкі формасынан ұлттық нақыш, ұлттық белгілер мен қасиеттер, мәдени ұлттық менталитетті айқын аңғаруға болады. Олар дер кезінде ұмытылып, қазіргі уақытқа жетпей, өшкен болса, тұтастай бір ұлттың мәдениеті, асыл қазынасы жоғалған болар еді. Фразеологиялық қордан ұлттық мәдени көрініс кеңінен көрініс тапқан. Себебі, сол ұлт топырағында қалыптасып, нәр алған сөздер, фразеологизмдер афоризмдер т.б. ұлттық қор бірліктері ұлт менталитетін, халық өмірінің шынайы тірлігін айқындап бере алады. Мағына тұтастығы, қолданылу тиянақтылығы, даяр қалпында қолданылу ерекшелігі арқасында фразеологизмдер ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, өмірді жалғастыруда. Оларды ұлт өмірінің айғағы десек те болады.

Халық тіліне баяғыдан келе жатқан тұрақты сөз орамдарының, яғни фразеологиялық бірліктердің сан алуан сыры бар. Олай болатыны халық тілінің өткен дәуірлеріндегі наным-сенімін, түйсік-түсінігін, ой-қиялын, тыныс-тіршілігін аз сөздің аясына сыйдырып, әрі нәрлі, әрі әрлетіп ерекше өрнектей білген. Әрине, сауда күсет болсын, let us return to our muttons, бить баклуши, лап урмақ деген тұрақты тіркестердің мағынасы жалпы алғанда түсінікті. Бірақ осындағы күсет, muttons, баклуши, лап жеке алғанда “қандай мағыналы” сөз екендігі мүлде белгісіз. Мұндай шешуі қиын “жұмбақтар” өте көп кездеседі.

Фразеологизм компоненттерінің бір-бірімен кірігіп, жымдасып өткені соншалық, олардың шығу тегі мен түп төркінің табу өте қиынға түседі. Сол себепті жалпы тұрақты тіркестерді үш топқа бөліп қарастырады:


  1. Фразеологиялық тұтастық

  2. Фразеологиялық бірлік

  3. Фразеологиялық тізбек

Фразеологиялық тұтастық (идиома). Фразеологиялық тұлғалардың білдіретін жалпы ұғымымен беретін мағынасына ой жіберсек, оларды құрастырушы сөздердің бірде-бірінің лексика-семантикалық мән мағынасына ешбір қатысы болмай, мүлде басқаша мағынаны білдіреді.

Құрамындағы сөздердің мағыналық жігін ажыратуға болмайды. Мысалы, “қас пен көздің арасында” лезде, тез; “бели бош” – жалқау; “a chip of the old block” – мінезі ұқсау; “осиное гнездо” – жау.

Сол сияқты “қырық пышақ болу” – араздасу; “пахта атмақ” – өтірік айту; “the fat in the fire” – жамандық; “душа ушла в пятки” – қатты қорқу деген тұрақты тіркестердегі жеке сөздер мен фразеологиялық мағына арасындағы тікелей байланыс жоқ. Идиоманың беретін ұғымы мен білдіретін мағынасы түсінікті, құрамындағы сыңарлар бөлініп ажыратылмайды және мағынасымен байланыспайтын әбден бітісіп, тұтасып кеткен томаға тұйық тіркестер. Мысалы “құлаққа ұрғандай танадай”, “итке тұмар жараспас”, “to be at one’s with end”, “to lose one’s head”, “the last straw”, “буря в стакане воды”, “дышать на ладан”, “көзи пишмақ”, “ағзидин ақ ишт кирип, қара ишт чиқмақ” т.б. мұндағы тіркес сыңарларының бір бүтін мағынасы құрамындағы сөздерден мүлдем алшақтап кеткен. Сөйтіп, бөліп жазуға болмайтын, басқа тілге сөзбе-сөз аударуға келмейтін лексика-грамматикалық тұрақты сөздер түйдегін идиомалар дейміз. Бұлар тілде лексикалық бір бүтін бірлік ретінде қолданылады. Идиом термині қазіргі қазақ тілінде фразеологиялық түйдектер (І.Кеңесбаев), фразеологиялық тұтастықтар (К.Аханов, Ә.Болғанбаев) деп те аталып жүр.

Фразеологиялық бірлік. Мұнда да фразеологиялық тұтастық тәрізді орын тәртібі жағынан өте тиянақты болып келеді. Алайда құрамындағы сөздердің бірі екіншісімен қалайда бір байланыста болатыны аңғарылады. Мәселен, “басын тауға да, тасқа да соғу”, “тез қасында қисық ағаш жатпас”, “йемишини бәрмәк”, “көзидин нери болмақ”, “put somebody in the cart”, “to sit on the fence”, “наматать себе на ус”, “выносить сор из избы”.

Мысалдағы бұл фразеологиялардың мағынасының жасалуына ең алғашқы еркін тіркестегі тура мағына негіз болады. “Көзіне көк шыбын үймелету” – сорлату, басыну, әлімжеттік жасау дегенді білдіреді. Бұл да о бастағы қимыл-әрекетті басқа әрекетпен салыстырып қолдану арқылы фразеологизмдерге айналып кеткен.



Фразеологиялық тізбекте еркін мағынадағы сөз фразеологиялық қалпында, екі сөздің тіркесуінен жасалып, өзгеріссіз тізбек күйінде қолданылады. Мысалы, “тас бауыр”, “қолаң шаш”, “саман қосақ”, “таш жүрәк”, “bear a grudge”, “to be the good at something”, “голубая кровь” т.б.

Жиналған фразеологиялық материалдардың мазмұнына қарай оларды бірнеше топқа бөлуге болады:



  1. Ертегілік, аңыздық сипат

  2. Салт-дәстүр, наным-сенімдер негізінде қалыптасқан

  3. Малға, аңшылық өнеріне қатысты

  4. Ұлт тарихына байланысты

Фразеологизмдердің ертегілік, аңыздық сипаты. Аңыз-әңгімелердің алғашқы үлгілері халық үшін қызмет еткен және тарихта болған адамдардың ісін, өмірін әңгімелеу негізінде туған. Аңыз-әңгімеде шындық оқиға мен қиял-ғажайып аралас келіп отырады. Бұл жағынан алғанда аңыз бен ертегі арасы жақын. Негізгі айырмасы аңыз-әңгіме көбінесе тарихта шын болған, кейін сондай адам болыпты деп, ел аузында лақапқа айналған адам туралы әңгіме етіледі. Аңыз-әңгімелерге қиял элементтері қаншама көп араласса да, әлгі аңызға айналған адамның өзі кәдімгі қарапайым адамның қатарында қала береді. Кез келген ертегі, аңыз – халықтың арман-мақсаты мен мұң-мұқтажының, таным түсінігінің көрінісі. Мәселен жер жұту тұрақты тіркесінің қазіргі мағынасы – ұзақ уақытқа жоғалып кету. Осы фразеологиялық мағынаның қалыптасуына ертегілік мотив себеп болған. Басты кейіпкердің ойда-жоқта жер астына түсіп кетіп, айлап, жылдап жүруі – ертегілердің көп бөлігінде кездесетін қалыпты мотив. Бұл да, әліде болса халықтың жер астында өмір бар деген сенімінің ертедегі көрініс болса керек.

Сол сияқты ағылшын тіліндегі rise a like a Phoenix from the ashes деген тұрақты тіркесі де ежелгі грек аңызына байланысты пайда болған деген пікір бар. Егер де біз сол мифке жүгінетін болсақ, онда миф бойынша Феникс құсы өмірі соңында өзін отқа өртеп, сол оттың күлінен жас және әдемі болып қайта жаңғырады. Жалпы алғанда, Феникс құсы мәңгіліктің жаңалықтың белгісі ретінде саналады. Рим империясы уақытында Феникс құсы беріктіктің тұрақтылықтың, баяндылықтың белгісі болса, ал христиандарда ол иса Пайғамбармен байланысты.

Орыс тіліне келетін болсақ, Вавилонское столпотворение тұрақты тіркесінің мағынасы бірін-бірі түсінбейтін қалың жұрт, бұл тіркестің пайда болуы библия аңызымен байланысты. Аңыз бойынша адамдар көкке жететін Вавилон мұнарасын тұрғызбақ болады. Осыған қатты ашуланған құдай адамдардың бірін-бірі түсінбейтіндей етіп тілдерін ауыстырып тастайды. Аяғында бірін-бірі түсінесе алмаған жұрт, ойлаған армандарын жүзеге асыра алмай, жер бетіне жайылды. Сонымен қатар орыс тілінде у черта на куличках тұрақты тіркесі де ертегімен байланысы бар. Себебі орыстардың сенімдеріне байланысты черт орыс фольклорындағы көптеген ертегілерде кездеседі және ол жамандықтың белгісі. Сонымен қатар бұл тұрақты тіркестен біз алшақ жер туралы айтып тұрғанын аңғарамыз. Ал кулички сулы, батпақты жер. Орыс халқының аңыздарына сүйенетін болсақ, сулы, батпақты жерлерді жын-шайтан мекендейді деген наным бар.

Алмисақтин қалған(тартип) тіркесі ежелден, ескі заманнан деген мағынаны білдіреді. Бұл тіркестің пайда болуы туралы Ш. Зунунов мынандай деп жазады: «Діні аңыздарда баяндалғандай, құдай дүниені жаратқаннан соң, оны бәрі рұхтар мойындап, оның жолынан қайтпауына сөз берген. Сол кезден бастап, “рози мисақ, әһди пәйман күни” халық арасында ежелгі заманнан деген мағынада қолданылып келе жатыр».

Салт-дәстүр, наным сенімдер негізінде қалыптасқан тұрақты тіркестер. Қалталы адамбұл тұрақты тіркестің қалта сөзі киімнің бір бөлшегі ретінде кездескенімен, оның символы “ақша” ретінде көрініс табады. Бет моншағы салбырау атты тұрақты тіркесі де осы топқа қатысы бар. Бет моншақ – сәукеленің екі жағына, маңдайына салбырата қадап қоятын бірнеше қатар төгілген моншақ. Оны сәукеленің бет моншағы деп атайды. Бет моншақ белге дейін, тіпті одан да төмен түсіп тұрған. Қалыңдықтың бет моншағы үзіліп қалмау үшін кеуде тұстан екі кішкене қалта тігіп қояды. Қазақ халқында жас келіннің бет моншағының үзіліп түсуі үлкен ұят болып саналған.

Smoke like the Baptist day bonfire деген ағылшын тұрақты тіркесінің мағынасы өте көп темекі тарту. Оны аударатын болсақ баптистер күніндегі оттың түтіні сияқты темеке тарту. Бұл тұрақты тіркес Баптистер дінімен байланысты, яғни олардың дәстүрлері бойынша Баптистер күні мерекесіне орай алаңда үлкен от жағады да, оның қасында билейді. Әлбетте, ол оттан қою – қара темекенің түтіні секілді түтін бөлініп, аспанға таралады.

Орыс тілінде прийти к шапочному разбору деген тұрақты тіркес мағынасы – бір жерге кеш келу немесе барлығы аяқталған кезде келу. Баяғы орыс ұлтының нанымына байланысты шіркеуге немесе қонаққа келген еркектер тымақ-малақайларын есіктің алдына шешіп, қалдырып кететін болған. Әр жиналыс, той-думан осы тақия-малақайлардың қожайындарына өзінің тақиясын табу салтымен аяқталған. Ал осы жиналысқа немесе тойға кешігіп келген адам осы салттың үстіне түсетін еді.



Ұйғыр тіліндегі сүритини тамға тартмақ тұрақты тіркесі жазалау, сазайын беру деген мағына білдіреді. Отырыста (мәшрәптә) олтарған жастардың бірі ойында жеңілсе, сол кісіні жазалайтын, яғни жеңілген кісіні қабырғаға жақын тұрғызып, оған су шашқан. Нәтижесінде адам тұрған жерге су тимейдіде, оның қабырғадағы суреті қалады. Осылай жастарды жазалау тәсілін сүритини тамға тартмақ (чүшәрмәк) деп атайды.

Малға, аңшылық өнеріне қатысты фразеологизмдер. Төрт түлік малдың болмысын табиғаттан бөлмей, жаратылыс заңдылықтарымен сабақтастыра бақылап, терең таныған қазақ халқы өз санасында соларға қатысты мифті, мәдени танымдар мен ұғымдарды қалыптастырған. Қазақ халқында молшылыққа кеңелу мағынасын беретін ақ түйенің қарны жарылу деген тұрақты тіркестің қалыптасуы да халықтың мал шаруашылығымен байланысты туындағаны мәлім. Төтенше жағдайда аңды жорықтан ең жақын туысы аман оралса, не көптен күткен әйелі ұл туса, өрісте жүрген ақ түйенің қарнына пышақ тығып алып қол беретін дәстүр болыпты. Бүкіл даланы басына көтеріп боздаған түйенің дауысын ел естігенде, қуанышты жаңалықтың болғанын біліп бір жерге жиналады екен.

It rains cats and dogs идиомасы жауын деген мағына білдіреді. Бұл идиоманың келіп шығуы ағылшын-ирланд сатира жазушысы Джонатан Свифтқа тән. Бұл идиома оның "Description of a city shower" туындысында кездеседі. Өйткені 17-18 ғасырларда Еуропа қалаларында сүсіңгіш жүйесі нашар болғандықтан, құбырлар жауыннан тез бұзылатын. Нәтижесінде құбырларның ішіндегісінің барлығы көшелерге төгілген соның ішінде жануарлардың өлігі де шығатын.

Драть как Сидорову козу біреуді өте қатты қайырымсыздықпен, мейірімсіздікпен ұру. Тұрақты тіркес Сидор мен ешкінің ауыспалы мағынасында қолданған. Орыс халқының нанымына көңіл аударатын болсақ Сидор өте қатыгез, надан адам, ал ешкі болса өте жағымсыз мінезді жануар ретінде қарастырылған.

Ешәк беши тутмиған . Ұйғыр халқы күнделік шаруасында есекті көп пайдаланған. Бұл идиома бірер жұмысты дұрыс атқаралмайтын адамға айтылатын. Өйткені ұйғыр халқында кез келген адам есекті қалай пайдалануды жақсы білген.

Ұлт тарихына байланысты фразеологизмдер. Дүние жүзі халықтары кез келгеннің өз ұлтының тарихын жасауда мәдениет тұрғысынан азды көпті алатын еңбегі бар. Тарихи даму сатысында түрлі дүбірлі дәуірлер сол ұлттың тілінде сақталып, сөздер мен тұрақты тіркестері арқылы келер ұрпағына жетеді. Мысалға ит шеккенге айдалу деген тұрақты тіркестің мағынасы алыс, шалғай. Бұл тұрақты тіркестің төркіні “Ресей патшалығының саясаты нәтижесінде қазақ даласына симаған қолайсыз ел азаматтарын жазалаудың бір түрі ретінде ел-жұртынан айырып, Сібірге жер аударып отырған.Ит шеккенге айдалу тіркесі Сібірдің кейбір халықтарының қыс кезінде шанаға ит жегіп, тіршілік ететін кәсібіне қарай айтылатын түсінік ретінде қалыптасқан. Ал ағылшын (as) fat as an aldermen тұрақты тіркесі жақсылығынан жамандығы көп деген мағына береді. Бұл тұрақты тіркес ағылшын тарихымен тығыз байланыста, себебі өткен заманда Англия көшелерінде қайыршы шарманщиктер адамдардың көңілін көтеру үшін және азын аулақ ақша табу үшін маймылдарды билететін. Бірақ бұл кәсіп шарманщиктерге көп табыс алып келмейтін, сонымен қатар маймылдар да адамдардан неше түрлі қорлық көретін еді.

Сол сияқты орыс тіліндегі потемкинские деревни жасанды, көзге көріну үшін деген мағынада. Идиома Г.А.Потемкин атымен байланысты. Ол ІІ Екатерина кезінде мемлекет қайраткері болып жұмыс атқарған. Крым мен Ресей қосылғаннан кейін ханшайым Новороссияға сапармен аттанған жылы Потемкин сол жердің гүлдеуін мадақтап, тек ханшайым жүретін жолға ғана әсем үйлер салғызған деген жорамал бар.

Ұйғыр тілінде тәйпүнәм заманида идиомасы ертеде, ежелгі заманда деген мағына береді. Бұл идиоманың шығу тегі туралы Т.Р.Рахимов қытай тілі мен байланысты деп есептейді, яғни 1850-1864 жылдары тайпиндер қытайлықтарға қарсы көтеріліс қозғайды. Көтеріліс жетерлікті дәрежеде ұйымдастырылмығандықтан жеңіліске ұшрайды. Осы тай – ұлы, пин – татулық, яғни улуғ тинчлиқ дәуірі ұйғырларның арасында тәйпинәм заманисида деп енген.

Әдебиеттер тізімі


  1. «Khalyk danalygy» Qaydar A.T, Almaty,Toganay T, 2004, 4-23 b

  2. «Uighur halkinin makal va tamsilliri» Almaty «Zhazushy» 2003, 33-36 b

  3. «Qazaqtyn 7777 maqaly men mateli» Almaty «Olke» 2002, 85-96 б

  4. «1001 qazak makal-mateli» Almaty «Ana tili» 2006, 25-31 b

  5. «2000 russkih i 2000 angliyskih idiom, phrazeologismom i ustoychivyx slovosochetaniy» «Poppury» 2002 88-102 b

  6. «Angliyskie poslovicy i pofovorki I ih ekvivalenty v russkom I kazakhskih yazykah» Alma-ata «Mektep» 1988, 33 b

Резюме

Мақалада фразеологизмдердің(идиомаларның) қолданылуының тарихындағы ерекшеліктер, олардың қалыптасуындағы ұлттық ділдің қатыстығы мен этнолингвистикалық сипаттамасы жайында пікірлер қарастырылған.

Түйін сөздер: фразеологизм, идиома, халық даналығы
Abstract

This article is devoted to the differences of us age of idioms in our everyday life in four language cultures – they are Uyghur, Kazakh, Russian and English language cultures.



Key words: idioms, folk elements

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет