Диплом жұмысының мақсаты:
Тәрбие әдістері – тәрбие процесінің маңызды әрі өте күрделі құрамдас бөлігі. Себебі, тәрбиенің мақсат пен міндеттеріне сай оның мазмұны тек әдістерді қолдану барысында жүзеге асады. Тәрбие әдістерінің көздейтін мақсаты тұлғаның адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, соның негізінде олардың әрекеттерін ұйымдастыру.
Диплом жұмысының объектісі:
Қазіргі кездегі педагогика ғылымының дамуы, қазіргі педагогикадағы тәрбиенің жаңа әдістерімен тәрбие құрал – жабдықтары, формалары. Оларды топтастыру және тиімді пайдалану жолдары.
Диплом жұмысының практикалық қолданылымы:
Бұл еңбекті жоғары және арнаулы кәсіби білім беру педагогикалық оқу орындарының студенттері мен оқытушыларына, мектептің тәрбие жұмысын ұйымдастырушылары мен сынып жетекшілеріне қолдануға болады.
1.1ӘЛ-ФАРАБИ ЖАСТАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ТҰТАС ТҰЖЫРЫМЫН ҰСЫНДЫ
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты – интеллектуалдық ұлт қалыптастыру. Сондықтан «Интеллектуалдық ұлт – 2020» ұлттық жобасында жаңа қазақстандықтарды тәрбиелеу мақсатында білім беру үдерісін зияткерлендіру қажеттігі идеясы ұсынылды. Сол интеллектуалды ресурстың бірі – бүгінгі жастардың рухани-адамгершілік мәдениеті. Заманауи қазақ жастарының, Ұлы дала ұрпақтарының санасын рухани жаңғыртуда тарихи тұлғалардың әлемнің және өз Отанының біліміне, ғылымына, мәдениетіне қосқан үлесі, өмірлік қағидалары мен әділеттік жолындағы күресі, адамзатқа жасаған игілік істері сияқты құндылықтардың маңызы арта түсуде. Сондай тұлғалардың бірі – Әбу Насыр әл-Фараби.
14.04.2020
11949
Әл-Фараби немесе Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Ұзлағ әл-Фараби Ат-Түрки. Ат-Түрки – шыққан тегі түрік дегені, әл-Фараби – Фараб қаласынан шыққан дегенді білдіреді. Өзінің азан шақырып қойған аты – Мұхаммед, әкесінің де аты – Мұхаммед, атасының аты – Тархан, бабасы – Ұзлағ. Кейде оны жай ғана «Тархани» деп те атаған.
Әл-Фараби қазақ топырағында дүниеге келген ғұлама ғалым. Шығыстың ұлы ойшылы, әрі ағартушысы, әйгілі математик, философ, музыка зерттеушісі, тарихшы болған. Туған жері Отырар (Фараб) қаласы. Отырар ойшылдарының ең атақтысы, ең ғұламасы – «шығыстың Аристотелі», ұлы ғұлама. Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) ірі сауда орны, мәдениет орталығы болған Отырар қаласында туып, сонда білім алған, кейін Бағдат қаласында ұстаз болды.
Әл-Фараби алғашқы педагогикалық ой-пікірлердің жетістіктерін жаңғыртып, халық даналығы туғызған данышпандық ой-пікірлерге, шығыс мәдениетінің озық үлгілеріне ден қоя отырып, өзінің түпнұсқалық педагогикалық тұжырымдамасын жасады. Оның педагогикалық тұжырымдамасы әдіснаманы, дидактиканы, тәрбие теориясы мен әдістемені бірге қамтитын іргелі жүйе болып табылады.
Әл-Фарабидің тәлім-тәрбиелік идеялары теориялық дәрежесі жағынан іргелі педагогикалық ілімге бастапқы негіз бола алады, әсіресе оның күллі адамзат қауымдастығының жиынтығы ретінде ұлы қоғамды суреттейтін ізгілік тұғырнамасы қазіргі педагогиканың жетекші идеясы болып отыр.
Ғұламаның адамгершілік ізгіліктер туралы пайымдаулары «Өзін-өзі тану» пәні арқылы берілетін рухани-адамгершілік құндылықтардың негізі іспеттес. Әл-Фараби адам баласын жаратылыстың ең ұлы құндылығы деп есептеді.
Әл-Фараби жетілген тұлғаны тәрбиелеу үшін «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген басты қағиданы ұсынды.
Ғұлама өзінің трактаттарында педагогикалық, психологиялық, дидактикалық әдістемелік терминдер тізбегін ұсынды. Әл-Фарабидің гуманистік идеяларға толы педагогикалық көзқарастары ғұламаның «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері», «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Риторика», «Поэзия өнері» сияқты көптеген трактаттарында сипатталған. Бұл еңбектерде оқытудың мақсаты мен әдістемесі, білімнің беріктігі, жүйелілігі, оқытудың қолжетімділігі, көрнекілігі қамтылған, білім алушының белсенділігі мен мақсатқа ұмтылушылығына көңіл бөлінген.
Жалпы педагогиканың бір саласы болып табылатын тәрбие теориясының әдіснамасын әл-Фарабидің тәрбиенің заңдылықтарын, ұстанымдарын, мақсатын, мазмұнын, әдістерін, құралдарын, нәтижесін тұжырымдамалық тұрғыдан негіздейтін жетекші педагогикалық ой-пікірлері айқындайды. Тәрбиелеу – халықтардың бойында білімге негізделген этникалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту. Тәрбиелеу – жеке адамның кісілігін қалыптастыру деп көрсетеді. Ол тәрбие әрекетінде қатты әдіс (қатаңдық) пен жұмсақ әдісті (жұмсақтықты) ұштастыра білуді ұсынады. «Тәрбие тәжірибе және іс-әрекет арқылы беріледі», – деді әл-Фараби. Сол себепті әл-Фараби алдымен «Қайырымды қала» идеалы гуманистік және адамгершілік бағдар екендігін жүйеледі.
Әл-Фарабидің тәрбие идеалы. Әл-Фарабидің дүниетанымдық пайымы бойынша ақылдың төрт тұғыры болып табылатын топырақ, ауа, от, су ізгі мемлекетте әділ заң (құқықтық мемлекет), ақыл, парасат (ақылды мемлекет), дәулет, байлық (бай-қуатты мемлекет), қанағатшылдық (өмір сүру салты) арқылы толық жүзеге асады деген сенімде болды.
Әл-Фараби қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары арқылы жасөспірімдер тәрбиесінің тұтас тұжырымдамаларын ұсынған.
Әл-Фарабидің педагогикалық тұжырымдамасы оның әлеуметтік-этикалық, философиялық, музыкалық трактаттарындағы ойларымен ұштасып жатыр.
«Тәрбие кезінде адамдар мен халыққа білімге негізделген қасиеттерден шығатын әрекеттерді жасауды дағдыға айналдыру арқылы үйретіледі». Бұл анықтамалардың астарлы мағынасы қазіргі педагогикадағы «оқыту» мен «тәрбие» ұғымдарына берілген анықтамалармен сабақтасып, өзара байланысып жатқандығын айқын аңғаруға болады.
Қазіргі кезде педагогиканың негізгі ұғымдарына «тұлғаны қалыптастыру» ұғымы да жатқызылады. Жеке тұлғаны қалыптастыруды әл-Фараби былай анықтайды: «Жақсы мінез-құлық пен ақыл-күші - бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады. Егер осы екеуі бірдей болып келсе, біз өз бойымыздан және өз әрекеттерімізден абзалдық пен кемелдікті табамыз және осы екеуінің арқасында біз ізгі игілікті және қайырымды адам боламыз, біздің өмір бейнеміз қайырымды, ал мінез-құлқымыз мақтаулы болады».
Ғұламаның педагогикалық тұжырымдамалары негізінен «бақыт» және «парасат» ұғымдарының төңірегінде өрістейді. Әл-Фараби «парасат» ұғымын терең мазмұндады. Бұл ұғым ойлау мен болмыс, өнер мен ғылым диалектикасына, ал ғылымға баратын жол білім мен парасатқа негізделеді деп көрсетті ұстаз. Әл-Фарабидің педагогикалық тұжырымдамасы бойынша тәрбие мен тәлім, оқыту мен үйрету өзара тығыз байланыста, бірін-бірі толықтыра отырып жүргізілуі тиіс.
Бақытқа жету жайында: бақытқа жеткізетін негізінен денсаулық, еңбек және білім деп түсіндірді. Бақытқа жеткізетін ізгіліктер: теориялық ізгілік, ойшылдық, этикалық ізгілік, практикалық (әрекеттік) өнер. Демек, әл-Фараби этикалық категорияларға жақсылықты, достықты, өзара көмекті, әділеттілікті, абыройды, қанағаттануды, бақытты жатқызады.
Әл-Фарабидің педагогикалық жүйесіндегі «бақыт» ұғымы – этикалық категория, яғни, әрбір адамды бақытқа жеткізу мұраты. Бақытқа жетудің негізінде философия, ғылыми білімдер арқылы дүниедегі пәк тазалықты, әдемілікті бойға сіңіру, ойға, жүрекке ұялату, дарыту әрекеті жатады.
Әл-Фарабидің педагогикасының түпкі мақсаты – адамдарды бақытқа жеткізу. Ол адам баласын жаратылыстың ең ұлы құндылығы деп есептеді. Ғұлама білімнің жетекші салалары ретінде саяси және азаматтық ғылымдар жүйесіндегі этика мен педагогиканың маңызын ерекше атап көрсетті. Олардың ішінде негізгілеріне тоқталып өтейік. Әл-Фараби дадактикасы бойынша: оқытудың мақсаты – шәкірттің бойына білім беру мен зерттеуге үйрету арқылы білім, ақыл, парасат қалыптастыру, оқытудың түпкі мақсаты – адамдарды бақытқа жеткізу; дидактиканың негізгі ұғымдары: үйрету (халықтар мен қалаларға теориялық ізгіліктерді дарыту), оқыту (халықтардың қайырымдылықтарды игеруі. Оқыту ауызша тіл үйрету, дағдыландыру, әрекеттендіру арқылы іске асады), білім беру (ғылым теорияларын іске асыру әрекеті), тәрбиелеу (халықтардың бойында білімге негізделген этникалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту); оқыту ұстанымдары: оқытудың әдіснамалық негізі (оқыту ұстанымдарының жиынтығы), білім топтамасы мен мазмұны туралы ілім (жүйелілік пен бірізділік ұстанымы), парасат жайлы ілім (саналылық ұстанымы), заттардың адамның сезім мүшелеріне әсері туралы ілім (көрнекілік ұстанымы), ғылыми білімнің теориялық және эмпирикалық мәні туралы ілім (теория мен тәжірибенің байланысы ұстанымы), таным теориясы (ғылымилық ұстанымы), ізгілендіру ілімі (оқытудың тәрбиелілік сипаты ұстанымы); оқытудың негізгі әдісі – көрнекілік деп көрсетеді.
Әл-Фарабидің педагогикалық тұжырымдамасы бойынша тәрбие мен тәлім, оқыту мен үйрету өзара тығыз байланыста, бірін-бірі толықтыра отырып жүргізілуі тиіс. Әл-Фарабидің тәрбиелеу, оқыту, үйрету туралы идеялары оның психологиялық көзқарастарымен тығыз байланыста қарастырылады. Әл-Фараби психология жөніндегі көптеген еңбектердің («Ақыл-ой туралы», «Жан туралы», «Темперамент туралы», «Түс көру туралы сөз», «Жанның мәні туралы», «Ақыл-ой және ұғым», «Жасөспірімнің ақыл-ойы туралы кітап», «Ересектердің ақыл-ойы туралы кітап», тағы басқалар) авторы ретінде де танылды. Әл-Фараби Аристотельдің жан туралы ілімін дамытты, ол алғаш рет араб тілді елдерде жан туралы ілімнің жүйесін және психологиядан терминология ұсынды. Оның жас, педагогикалық, әлеуметтік, медициналық, музыкалық, психологиялық түрлі қырлары жайлы айтқан ойлары осы уақытқа дейін өзекті.
Ғұлама психологияның іргелі терминдеріне таным үдерісі негізіндегі қолданылуына қарай толық мазмұндық сипаттама берген (түйсік, қабылдау, ес, ойлау, түсіну, адамның жаны, тұлғаның жеке ерекшеліктері). Әл-Фараби отбасы ортасындағы тәрбиенің тиімділігі оның басшысының ақылдылығына байланысты деп тұжырымдады.
Әл-Фарабидің педагогикасында бақытқа жету формуласын іске асыратын адам – дана ұстаз. Ғұлама ұстаз бойында мына қасиеттердің болуын қалады: ізеттілік, даналық, асқан пайымдылық, аңғарымпаздық, шыншылдық, ар-ождан тазалығы, қанағатшылдық, тапқырлық, білгірлік, жігерлендіре білушілік, ұстамдылық, ынталылық, шеберлік, табандылық. Бұған қоса ол пайымдағыштық, көрегендік, тапқырлық, парасаттылық сияқты қасиеттерді жоғары бағалады.
Ғұлама мұрасында дағдылар, әдеттер, қабілеттілік сияқты педагогикалық ұғымдар, тәрбиенің әдістері (өзін сендіру, мәжбүрлеу және басқалар) талданған.
«Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет, өйткені бұлар, – жұрт айтқандай, – тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді», – деді ғұлама. Әл-Фараби ұстаз дана болу керек деп санады.
Қорыта айтқанда, әл-Фарабидің еңбектерін заманауи педагогика тұрғысынан талдау, оның тәрбиелік идеяларын жинақтап жүйелеу ғұламаның рухани-адамгершілік құндылықтарды кеңінен қамтығанын көрсетеді. Мұның өзі ұлы ұстаз, кемеңгер ғалым, ғұлама ойшыл әл-Фарабиді педагогика ғылымының негізін салушы деп атауға толық негіз бар екендігінің шынайы дәлелі болып табылады.
Қазіргі кезде педагог мамандар даярлауда әл-Фарабидің философиялық трактаттары мен білім беру туралы идеялары магистранттар мен докторанттарға ғылыми жұмыстың философиялық негіздері мен әдіснамасын қолдануды үйрету барысында кеңінен нақты тұжырымдары арқылы жүзеге асырылуда. Батыс философиясының таңдаулы шығармалары, антиктік және ортағасырлық философия, философияның қысқаша тарихы, әлеуметтану, оқыту теориясы, педагогиканың цифрлық дәуірдегі даму логикасы, стратегиялық менеджмент, кәсіпкерлік, мәдениетарлық коммуникация, әлеуметтік психология, оқыту теориялары қазақ тілінде жарыққа шығарылып жатқан тұста білім алушылардың философиялық пайымдау мен әдіснамалық мәдениетін қалыптастыру мақсатында әл-Фарабидің философиялық-педагогикалық жүйесін терең пайымдау қажеттігі өзектендіріле түсуде.
Кафедрада әл-Фарабидің ғылыми әдіснамасын зерттеушілер педагогикадағы әдіснамалық білімдерді жетілдіруде пайдалануда. Педагогика, әлеуметтік педагогика, өзін-өзі тану, интеллектуалдық, эстетикалық және рухани-адамгершілік тәрбие саласындағы пәндердің мазмұнын оқытушылар жетілдіріп, «Әл-Фараби педагогикасы» оқулығын жазып даярлауда. Психология саласындағы «бақыт» феноменін жас ғалымдар зерделеуде.
Көптеген зерттеушілер тарихи-философиялық, аксиологиялық және компаративистік тұғырлар негізінде орта ғасырдың ұлы ойшылы әл-Фарабидің идеяларының заманауи өмірмен рухани байланысын көрсетуде, сондай-ақ, Қазақстанда фарабитанудың дамуының нәтижелерін талдауды және жинақтап қорытуды іске асыруда.
Әл-Фарабидің педагогикалық мұрасы – гуманистік құндылықтардың жарқын туындысы. Әл Фарабидің идеялары заманауи жастарға ақылдылық, парасаттылық, қарапайымдылық, қанағатшылдық, үнемшілдік, ізеттілік, даналық, асқан пайымдылық, аңғарымпаздық, шыншылдық, ар-ождан тазалығы, тапқырлық, білгірлік, жігерлендіре білушілік, ұстамдылық, ынталылық, шеберлік, табандылық сияқты адами қасиеттер үлгісін теориялық және тәжірибелік деңгейде ұсынды.
Қазақстан жаһанданушы әлемге енуде, болашаққа мақсатты ұмтылуда. Осы үдерісте ол өз тарихына ерекше ден қойып, тәуелсіздік жағдайында тарихты жаңадан пайымдауда, өйткені тарихсыз халық және оның мәдениеті жоқ. Мәдениеттің рухани құндылықтарсыз өмір сүре алмайтыны ақиқат.
Достарыңызбен бөлісу: |