Эльмира ибраева «АЙҚАП» журналы және ұлттық идея



жүктеу 50.76 Kb.
Дата25.02.2016
өлшемі50.76 Kb.
Эльмира ИБРАЕВА
«АЙҚАП» ЖУРНАЛЫ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ
Көрнекті ғалым, т.ғ.д., профессор Ханкелді Әбжанов «Ұлттық идея: Қазақ елі. Азаттық. Бірлік» атты «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған мақаласында «... ұлттық идея міндетті түрде ұзақ мерзімді қамтып жатуы керек деп шарт қоюдың негізі жоқ»/1/, – деп жазған болатын. Жазушы Дидар Амантай: «ұлттық идея әрі мәңгілік, әрі кезеңдік ой-тұжырым»/2/, –деп пікір білдірген.

ХV ғасырдың ортасынан XVIII ғасырдың бірінші жартысына дейін яғни Қазақ хандығының құрылуынан бастап Ресейге қосылуына дейінгі аралықтағы тарих беттері қазақ даласының ел-жерін сыртқы жаулардан қорғау мақсатындағы шапқыншылық, жаугершілік заманы болғанын көрсетеді. Батырларын сын сағатта дүркін-дүркін аттандырып отырған қалың қазақтың арман-тілегі, ұлттық мұраты – ұлттың ыдырамай, ауызбіршілікте бір орталыққа бағынып, ұю, бейбітшілік, ел-жердің амандығы.

Күрескерлікке, ерлікке, бір орталыққа бағынған күшті мемлекет құруды ұран еткен, жорық шыршылары Жиембет, Марғасқа, Доспамбет, Үмбетей, Ақтамберді, Бұқар жырау, Тәтіқара мұраларынан көрінетін бүкіл елдің ұлттық мұраты мен мүддесі – одан берідегі:

Айтып-айтпай немене,

Құсалықпен өтті ғой

Махамбеттің көп күні! – деп күңіренген батыр ақын Махамбет, Қасым хан, Сырым Датұлы, Амангелді Иманұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістердің көксегені, ортақ идеясы – ұлттың азаттығы мен бостандығы, қазақтың қасиетті жері еді.

«Ел мен елді теңестіретін – білім». Қазақ мәдениетінің көрнекті өкілдері Абай, Шоқан, Ыбырай өз кезеңінде заманының ағысын аңғарып, қазақты оқу-білімге шақырды. Еуропа мәдени үлгісін орыс елі арқылы тану үшін орыс тілін үйренуге, ғылым игеруге үндеді. Мәдениеті озық елдермен тең дәрежеде болудың бірден бір жолы елдің жаппай сауат ашып, саяси білімді болу керектігін ұғынды.

ХХ ғасырдың басында елдің мұң-зары мен арман-аңсарын арқалаған қазақтың зиялы қауымы қалыптасты.

«Оқыған, тәрбие көрген адамдардың бәрін зиялы деп атап, оны сол адам өзіне тән болған ұлттың «ұлттық зиялысына» қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсіз қателесеміз. Біздіңше, белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттарды төңірегінде жиналған оқымыстыларды зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылардың қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады.»,/3/ – деп жазған Мұстафа Шоқай.

Білім мен ғылым заманында ұлт зиялыларынсыз ұлттың мұраты – ұлттық идеясы айқын болмайтыны дәлелдеуді қажет етпейді. Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық идеясы төңірегінде баспасөз беттерінде пікірлерін жариялаған ел азаматтарының бірі, жазушы Алдан Смайыл былай деп жазған болатын: «Ұлттық идея дегеніміз, белгілі бір тарихи кезеңге ұлттың сай болуын қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық мұраттар және оларды жүзеге асырудың жолдары. Оның негізгі нысанасы, ұлттық мемлекет құру. Бұл мынандай үш өмірлік міндетті алға тартады.», – деп автор ең алдымен сол өмірлік міндеттің біріншісі «ұлттық саяси элита қалыптастыру», /4/ – дейді.

ХХ ғасыр басында қазақ халқының ұлттық саяси элитасы қалыптасқан болатын. Қазақ халқының сол кездегі зиялылары туралы Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында: «Қазақтың мемлекет қайраткерлерінің тоталитарлық режим үшін ерекше қауіпті болғандығы сол – бұл адамдар саяси құрылыстың өрге баспайтын ескі түрлерін қайта жандандырамыз деп әуре болмай-ақ, шын мәнінде осы заманның мемлекетін құра алатын»/5/, – деп жазған.

Сол ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының мұраты қандай болды? Ұлттық мүдде, ұлттық идея нені көкседі?

Троицк қаласындағы «Энергия» баспаханасынан «Айқап» журналы 1911 жылдың қаңтарынан бастап, 1915 жылдың қыркүйек айына дейін тұрақты шығып тұрды. ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының бүкіл елдің мұратына айналған арман-тілектері мен ойлары осы журналда жарияланған публицистикалық мұраларында да арқау болғаны сөзсіз. Журналдың шығарушысы, редакторы, жазушы-журналист М.Сералин «Айқап» журналының аталуы туралы: «Біздің қазақтың «Әй, қап! демейтұғын қай ісі бар?» дей келіп: «... біздің қазақтың неше жерде «қап» деп қапы қалған істері көп. «Қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге ылайық «Айқап» болды» (Айқап, 1911, № 1) деп жазған.

ХХ ғасыр басында да қазақ үшін өзекті мәселелердің бірі – жер мәселесі болды. М.Сералин: «...Жақсы жерлерімізді қолда сақтау үшін қала салмақ болдық. Басымыз қосылмады. Қолайлы жерлер қолдан кетті. «Қап, ынтымақсыздығымызды-ай» дедік», ­– деп «Әй, қап! демейтұғын ісі жоқ» қазақтың бір өкінішін осылай көрсеткен.

ХХ ғасыр басында елдің оқымысты-зиялылары ұлтқа төнген қауіптен халықты сақтандыруды мақсат етті. Ендігі жерде елдікті сақтаудың жолы ­ретінде қазақты сауаттылыққа, ғылым-білімге үндеді. Бұл – ұлт мүддесін қорғаудағы зиялылардың ұлы мұраты еді.

Алаш қайраткері, ақын М.Дулатов «Айқап» журналындағы «Қазақ болу керек деушілердің пікірі» мақаласында: «... Жер көп-аз болса да бұл заман өнер-білім заманы болған шақта әр жерде жайылып жүргенде оқудан мақұрым қалармыз. Надан халық білімді халықтардың қасында өзінің діні, хақын сақтай алмай дүниеден ақыры есебін бітіруі ықтимал», – деп ең басты қауіпті ескеріп, қам жеген.

М.Сералин: «Біздің ілгері келешек күніміз де, бұл дүниеде күн көріп, жұрт қатарлы тұруымыз да жалғыз-ақ нәрсеге тірелген. Ол – оқу. Мұнан былайғы заманда оқып, өнер білмесек өнерлі халыққа жалшы болудан болудан басқа бізге ешбір де орын қалмайды.», – деп жазды.

Сонымен бірге «Айқап» журналы сол кездегі қазақ тілінің халіне назар аударды. Қазақ тіліне басқа тілдердің араласуы туралы мәселелерді көтерді. Қазақ тілін Абай, Ыбырай салған іздермен дамытуды бағыт ұстады. Қазақтың тілінсіз елдігіміз болмайтынын сол кездің өзінде-ақ аңғара білді. М.Сералин бұл туралы: «Тіл, әдебиет – бір ұлттың жаны мен рухы...» деп жазған. Сондай-ақ журнал редакторы ендігі бір сөзінде: ««Біздің де өзімізше тіл, әдебиетіміз бар... көміліп жатқан қазынаны дүние жүзіне шығаруға үлкен-кіші баршамыз борышты, қарыздармыз», – депті.

Тіл, ұлттық әдебиет, ұлттық құндылықтар тақырыбы – бүгінгі күнге дейін маңыздылығын жоймай келе жатқан өзекті мәселе екені белгілі.
Қазағым, көтер басты жатпа бекер,

Ғұмырдың жатуменен сиқы кетер.

Біздерден басқа халық алға кетті,

Ойласақ бұл надандық түпке жетер (Айқап, 1911, №3, 16-бет)


«Айқап» жинағын құрастырушылар бұл шумақ өлең жайында: «Біз Х.Бекмұхамедовтың «Қазақ халқына» атты лирикалы өлеңінен үзінді келтіре отырып, оның да ат төбеліндей сауатты қазақтардың көкейінде жүрген басты нәрсені – ізденудің, оқып үйренудің, жалқаулықтан жиренудің қажеттігін насихаттағанын еске сала кеткенді жөн көрдік», – деп жазыпты.

«Айқап» журналы өз кезеңінде ұлтқа қызмет еткен, ұлт мүддесі үшін жарық көрген басылым. Ондағы жарияланған ел зиялыларының мақалаларындағы жалғыз-ақ мұрат – елдік, елдің өз билігі өзінде болу идеясы еді.

«Айқаптың» 1-санында Ахмет Байтұрсынов «Қазақ өкпесі» атты мақаласында: «Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты», – деп қынжыла жазған.

Алаш азаматтары елдің елдігін көтеруге талаптанды. Қазақ мемлекетін құрып, елдің басын қосуға ниеттенген ел зиялыларының азаматтық-саяси ұстанымдарын көрсетуде «Айқап» журналының рөлі елеулі болғаны сөзсіз.


Сілтемелер:

1.Әбжанов Х. Ұлттық идея: Қазақ елі. Азаттық. Бірлік. // Қазақ әдебиеті, 29 тамыз, 2003 жыл

2.Амантай Д. Менің Қазақстаным // Қазақ әдебиеті, 24 сәуір, 2004 жыл.

3.Шоқай М. Таңдамалы. – Алматы: Қайнар, 1998. 1-том. 511 б.

4.Смайыл А. Ұлттық идея ұстыны // Егемен Қазақстан. 25 қаңтар 2006 жыл.

5.Назарбаев Н. Тарих толқынында. Алматы: Атамұра, 1999, 230 б.
Пайдаланылған әдебиеттір тізімі:

1.Құрастырушылар: Ү.Субханбердина, С.Дәуітов. «Айқап». – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1995.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет