Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университеті
Пәннің оқу-әдістемелік кешені
Басылым:
алтыншы
Т. Кун ғылыми пәннің дамуында парадигманың кезеңдерін: парадигмалық кезең,
парадигма үстемдігі кезеңі, дағдарыс және революция кезеңі деп бөлген. Т. Кунның
парадигмалы ғылыми тұжырымын талдай отырып, қазақстандық ғалым Ұ.Ж. Әлиев оның
тұжырымдамасының негізгі қағидаларын сипаттай отырып, ғылым өз дамуындағы әр түрлі
кезеңдерді басынан өткізетіндігін атап көрсетті: аномалды, дағдарысты, қалыпты. Т. Кун
бойынша, ғылыми білімнің өсу заңдылықтары: қалыпты ғылым (ҚҒ), ғылымдағы аномалия
(ҒА), жаңа парадигма (ЖП), яғни балама теориялардың бәскекелестігі және ескі
парадигманың жаңа парадигмамен алмасуы, ғылыми революция (ҒР) қайтадан қалыптасқан
ғылым (ҚҒ) және ары қарай дамудың келесі сатысы. Т. Кунның тұжырымдамасына сүйене
отырып, философ Г.И. Рузавин парадигманы қоғамда қабылданған қандай бір ғылыми
саланың белгілі кезеңдегі дамуын қамтамасыз ететін, негізі қаланған теория ретінде
қарастырады.
Ғалым Г.Б. Корнетов «Педагогикалық парадигма – теориялық және практикалық іс-
әрекеттің олардың рефлексия дәрежесіне байланыссыз мазмұнды бірлігін анықтайтын
тұрақты сипаттамалар жиынтығы» деген мағыналы анықтаманы бере отырып,
педагогикалық парадигманың төмендегі түлерін анықтайды: авторитарлық, манипулятивтік,
қолдау педагогикасы.
Қазіргі кезеңде «білімді адам» парадигмасына көшу орын алып отыр, жаңа
парадигманың артықшылығы – адам еркін ойлана алады, өз ойын шығармашылыққа
ұштастыра алады, өз бетінше дами алады, интеллектуалдық, тәндік және адамгершілік
тұрғыда өзін қалыптастыра алады. Жаңа парадигма жаңа білім мен ақыл-ойдың
жалпыәлемдік принципіне сүйенеді, машиналық технологиядан әлеуметтік технологияларға
өтуді көздейді, күтілетін нәтиже ғылыми білімді меңгеру емес, оны өмірде пайдалану – іс-
әрекеттік әдіснамасы болып табылады.
Қазақстандық ғалымдар Ж. Наурызбай, А.П. Сейтешев, Қ.М. Арынғазин және т.б.
ҚР білім беру жүйесіне жаңа парадигманың қажеттілігін ашып көрсетеді. Мәселен, ғалым
Қ.М. Арынғазин мағыналы педагогиканы ұсынса, академик А.П. Сейтешев
– «суперобъектілер: адам, әлеумет, өркениет» және білім берудің өзара байланысын
көрсетеді, ғалымдар «ғылыми зерттеулер барысында шешілетін нақты мәселелер мен оларды
шешудің әдіс-тәсілдері» деген ұстанымды ұстанады.
Парадигма ғылыми және білімдік деп екіге жіктеледі:
Ғылыми парадигма – барлық ғылыми қауымдастықтар мойындаған, жаңа ғылыми
зерттеулер үшін негіз бола алатын ғылыми жетістіктер жиынтығы. Ғалымдардың берген
анықтамасы бойынша, ғылыми парадигма бұл тек қана теория емес, ғылымдағы іс-әрекеттер
тәсілі, зерттеу міндеттерін шешудің үлгісі. Парадигма ғылымда екі жақты рөл атқарады; бір
жағынан ғылыми мәселелерді шешуді жеңілдетеді,ал екінші жағынан, жаңа идеяларды
қабылдауға тосқауыл болады, себебі белгісіз, дәстүрлі емес бағыттағы ғылыми ізденіске
шектеу жасалынады, яғни жаңаның өмірге келуіне кедергі жасайды.
Ғылымтанушылардың пікірінше, ғылыми парадигма бұл тек қана парадигма емес,
сонымен қатар ғылымдағы тәсіл, модель, зерттеу міндеттерін шешу үлгісі. Басқаша
айтқанда, парадигма – бұл ғылыми мәселелер мен оларды шешу әдістеріне жататын
ақиқаттың тиісті аспектісін ғылыми айналымда көрінуінің белгілі бір айқындалған тәсілі.
Қазіргі кезде «парадигма» термині мәдениет тарихының ірі ілгерілеуінің, әртүрлі
ғылым мен ғылыми мектептер негізі болып табылатын өмірлік түсініктер кешенінің
мағынасы ретінде қолданылады. Білімдік парадигма – педагогикалық қауымдастықтың
қабылдаған теориялық, дүниетанымдық алғышарттарының жиынтығы. Парадигма ғасырлар
бойы мәдени-тарихи жағдайларға сай білімнің әлеуметтік феномен ретіндегі негізгі
параметрлерінің басым болуымен қалыптасады. Белгілі парадигмалар ішінен білімге тұрақты
қызмет атқарған екі парадигманы ашып айтуға болады, олар: ізгілік және классикалық
парадигмалар.
|