Әож 351. 79: 556. 536. 2 Трансшекаралық суларды қҰҚЫҚТЫҚ реттеу тарихы жайында



жүктеу 94.18 Kb.
Дата22.02.2016
өлшемі94.18 Kb.


ӘОЖ 351.79:556. 536. 2
ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ СУЛАРДЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУ ТАРИХЫ ЖАЙЫНДА
Батырбаев Н.М., Утегенова Г.А.

(Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ түрік университеті)
Бүгінгі әлемде су өткір мәселелердің бірі болып отыр. Жуырда Премьер-Министр Кәрім Мәсімов: «Алдағы он жылда су үлкен мәселеге айналғалы тұр. Тек Қазақстан ғана емес, әлемнің барша ғалымдары қазірден бұған бас қатыруда. Сондықтан, «бұл мәселені шешу керек», деп атап өткен болатын.

Трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың экономикалық негізі осы су объектісінде және оған іргелес аумақта биологиялық тепе-теңдікті ұстап тұру, ұдайы молайту және сақтау мақсатында трансшекаралық суларды тиімді және ұтымды пайдалану болып табылады [1].

Орталық Азиядағы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжiкстан, Түрiкменстан және Қытай сияқты мемлекеттердiң су-энергетика мәселесi жөнiнде ортақ проблемасының бар екендiгi ешкiмге де жасырын емес. Бұған тiптi, түрлi халықаралық ұйымдар да алаңдаушылық бiлдiрiп, мәселенi шешудiң амалдары мен жолдарын қарастырып отырған жайы бар.

Адамдардың табиғатпен өз қарым-қатынасын құқықтық реттеу тәжірибесі мол мұра қалдырып, сабақ болды, осыларды игеру арқылы қазіргі экологиялық мәселелердің тиімді шешімін іздеудің аяқталмаған процесін жеңілдетуге болады. Сондықтан шекаралас мемлекеттердің территориясында трансшекаралық ластану мәселесінің шығу тарихына тоқталып, трансшекаралық суларды пайдалану мен қорғауды құқықтық реттеу тәжірибесі бізге не қалдырғанын көре отырып, шекаралас мемлекеттер арасындағы трансшекаралық экологиялық дауларды шешудің тиімді үлгісін іздеуіміз қажет. Бүгінгі күннің талабы бойынша тұрақты қоғамның мәселелерін түпкілікті қарап, қоршаған табиғи ортамен қатынастың теңдестігін және оның жаңа қоғамдық-экономикалық жағдайда қалыпты дамуын қамтамасыз ету керек.

«Трансшекаралық сулар» категориясын қарастырудың және оның ерекшеліктерін анықтаудың тәжірибелік маңызы экологиялық шиеленістің алдын алу мүмкіндігінен көрінеді.

«Экологиялық құқық бірнеше мемлекеттердің территориясында орналасқан табиғи ресурстарды қорғайды» деп көрсетілгендей [2] трансшекаралық суларды қорғау мен пайдалануды нормативтік реттеудің даму тарихы туралы мәселені табиғатты қорғау туралы нормалардың даму тарихы шегінде қарастырғанымыз дұрыс.

Құқыққа дейінгі кезеңде адам мен қоршаған ортаның қарым-қатынасы адамдардың, олардың қауымдарының (ру, тайпа) табиғи қажеттіліктерімен реттелді және көп жағдайда табиғаттың өзіндік циклымен анықталды. Одан әрі құқықтық пайда болуымен табиғатты, аңдар мен құстарды құдайдың жаратуы деп түсіндірген кейбір ежелгі діни-құқықтық жүйелерде көрініс тапты.

Адам мен табиғаттың біртұтастығы идеясы Ежелгі Үндістанның діни-этикалық және құқықтық ескерткіші «Ману Заңдарында» (б.з.д.ІІғ.-б.з.ІІғ.) айтылған. Қоршаған табиғатты жою адамды да табиғи түрде әрі адамгершілігін өлтіреді деп ескерткен. Онда табиғат сыйларын, орман аңдарын, құстар мен адамдарды... саудалау жайында көрсетілген.

Шығыc славяндарда табиғатты қорғау туралы алғашқы актілер «ежелгі Рустік заңнаманың әдет-ғұрып нормаларымен байланысын айқын көрсетеді. Халықтың шаруашылық және тұрмыстық өмірі әрдайым табиғатпен тығыз байланысты болды әрі тұрғылықты жердің ландшафтына, маусымдық табиғи циклдер мен климаттық зілзала құбылыстарға тәуелді еді. Шығыc славян тайпаларының қоршаған ортаға деген бейімделген тәжірибелік қарым-қатынасы кейбір жерлерді, бұлақтар мен үңгірлерді әулие етіп көрсеткен діни уағыздарда көрініс тапқан. Мұндай жерлерде аңшылық пен шаруашылыққа тыйым салынған.

Тұрғындардың негізгі кәсібі болған егін шаруашылығы терімшілікпен, аңшылық және балық аулаумен үйлесті. Егін егу үшін орман алқаптарын жою жұмыстары өте аз көлемде жүргізілді. Қосымша кәсіптер заттай шаруашылықтың қажеттіліктерін ғана қамтамасыз етті және әлсіз айырбас сауда жағдайында тағылыққа апармады. Осылайша тұрғындар табиғаттың биологиялық-өсім процесіне зиян келтірмей өз қажеттіліктерін өтеді».

Сонымен қатар, табиғат қорғау туралы нормаларды ресей мемлекетінің алғашқы нормативтік актілерінен табуға болады. Мәселен, «Орыс Правдасында» (1016 ж) объектісі орман немесе княздің меншігі болған қауымдық меншікті қорғау туралы қарастырылған. Орман ресурстарын қорғау Русьте әскери қорғаныс мақсатында да жүзеге асырылған. ХІҮ ғасырдан бастап татарлардың шапқыншылығынан қорғаныc құралы болған орман қорғаныс тосқауылдарының қорық сипаты болған. Сол кезеңнің заңнамасымен қорық шегінің аймағында ағаш кесуге қатаң тыйым салынған. Мұндай ормандарды арнайы қарауылдар күзеткен.

ХІІ ғасырдағы неміс заңнамасы да қызығушылық тудырады, онда табиғат объектілерін қорғау идеясы жалпы бейбітшілікті, қоғамдық еңбек пен көші-қонның қауіпсіздігін қолдаудан шығады. Неміс заңнамасы бұл жерде тек «бөтен иеліктегі аңшылық немесе балық аулау фактісіне ғана емес жануарлардың табиғи орын ауыстыруына кедергі келтіретін және ормен немесе өзендер бойынша орын ауыстыратын бүкіл тіршілік иелеріне қауіп төндіретін құралды пайдалануға қарсы болған.

ХҮІ ғасырға дейін заңдар «ұлыкняздік, монастырлік және қауымдық иеліктердегі табиғи объектілерді басқа тұлғалардың қол сұғуынан қорғауға бағытталды. Ал иеленушілер ол кезеңде өздерінің табиғи байлықтарын қорғауға байланысты ерекше ықылас білдірмеген. Олар өздеріне тиесілі табиғи байлықтарды қажеттілік шегінде ғана пайдаланып, табиғатқа аса зиян келтірмеген: яғни табиғатқа антропогендік қысым байқалмаған». Тұтастас алғанда, басқа ежелгі және орта ғасырлық мемлекеттердегі сияқты табиғи объектілерді қорғау алдымен мемлекеттің меншік құқығын, экономикалық, әскери және салықтық мүдделерін қорғаумен жүзеге асырылды.

ХҮІІ ғасырда екі немесе одан да көп мемлекеттердің территориясынан өтетін немесе бір-бірінен ажыратып тұратын өзендердегі халықаралық кеме жүзуінің дамуымен трансшекаралық суларды пайдалану мәселесі туындайды. Халықаралық құқық ғылымында және халықаралық қатынас тәжірибесінде «халықаралық өзен», «халықаралық өзен құқығы», «халықаралық су құқығы» сияқты терминдер пайда болды. Кеңестік құқықтанушы Корбут Л.В. халықаралық өзен комиссиялары мәселесін зерттей отырып, оны ежелгі мәселелер қатарына қосып, «Рейндік Комиссия деп аталған алғашқы өзендік комиссия ...Франция мен Германия империялары арасындағы 1804 жылғы 15 тамызда қол қойылған келісім-шарт негізінде құрылды» деп көрсеткен. Одан әрі өзендік комиссиялар Еуропаның (Дунай, Эльба, Одер және т.б.), Азияның (Қытай өзендері), Африка (мысалы, Конго өз.) мен Американың (АҚШ пен Канада арасындағы шекаралас өзен және көл жүйелерінде және т.б.) көптеген өзендерінде пайда бола бастады.

ХІХ ғасырдың соңында АҚШ-тың әділет министрі Хармон мемлекеттің шектеусіз бостандығына қатысты абсолютті территориялық егемендік доктринасын ұсынды, ол бойынша кез-келген өзен суларын пайдалануға, яғни халықаралық сулардан қажетті көлемдегі суды өз қажеттіліктерін қанағаттандыруға алуға болады. Бұл доктрина Рио-Гранд өзені бойынша туындаған дауға байланысты АҚШ-тың Мексикаға қатысты ұстанымына негізделіп жасалған еді, себебі Мексика өзеннің төменгі ағысында орналасқан мемлекет ретінде суды аз бөлетін АҚШ-қа осы трансшекаралық су артериясы үшін қарсылықтар білдіретін. Рио-Гранд өзенінің суын ұтымды пайдалану бойыша бұл мемлекеттер арасындағы келіссөздер жарты ғасырдан астам уақытқа созылды, әлі күнге дейін бұл елдер осы мәселені реттейтін тиісті үкіметаралық құжатқа қол қоймады [3].

ХХ ғасырдың басында трансшекаралық объектілерді қорғау мәселесі өздерінің қолайлы өмір сүруі саласында жекелеген мемлекеттерді ғана ойлантып қоймады, 1913 жылы Берндегі халықаралық конференцияда табиғатты қорғау бойынша мынадай пікір айтылды «барлық елдер табиғатты қорғауға күш салса және оны бір ортақ жоспармен жүзеге асырса үлкен прогресс болар еді».

1923 жылдың 9 желтоқсанында Женевада «Гидроэлектроэнергиясының басқа мемлекетке әсері туралы» халықаралық құқық аясындағы алғашқы конвенциялардың бірі қабылданды. Қазіргі қазақстандық эколог-ғалымдар аталған құжатқа үлкен мән бере отырып, бұл конвенцияның мәні келісімге келген мемлекетке зиян келтірместен гидроэлектроэнергия өндірісіне мүдделі елдердің қажеттіліктерін қамтамасыз етуді көздейді деп атап көрсетіп отыр [4]. Шынында, аталған конвенцияның 2-бабының ережесіне сәйкес, гидроэнергияны неғұрлым ұтымды пайдалану үшін қажет деп табылса, қатысушылар «халықаралық масштабта тексеру» жүргізуге келісуге міндетті болды. Дегенмен, конвенция «халықаралық масштаб» ұғымын қалай түсіну керектігін және оны кім бекітуге құқылы екендігін нақты айқындамады. Женева конвенциясының қарама-қайшылық сипаты, шекаралас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты белгілейтін нақты айқын нормалардың болмауынан оны 11 ғана мемлекет ратификациялады және айтарлықтай маңызы болмады.

Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін ғылыми-техникалық революцияның нәтижесі ретінде адамның қоршаған табиғи ортаға деген күшейтілген ықпалы басталды. Корбут Л.В. және Баскин Ю.А. осыған байланысты былай деп атап көрсетеді, «тұщщы суға деген көптеген өндірістік циклдардың үздіксіз өсіп отырған қажеттілігі, гидроэлектростанциялар санының қарқынды дамуы халықаралық заң тәжірибесінде түпкілікті өзгерістер туғызды.

Инд өзенінің жоғарғы ағысының су ресурстарын пайдалану бойынша Үндістан мен Пәкістан арасындағы дау да трансшекаралық суларды ұтымды пайдалану мәселесінің күрделі екендігіне айқын дәлел бола алады. Инд өзенінің суы туралы келісімге келуіне бұл елдерге 13 жыл (1947 - 1960жж.) қажет болды.

ХХ ғасырдың 50-60 жылдарында кеңестік ғалымдар бірнеше мемлекеттің шекара аймағында орналасқан теңіздердің халықаралық-құқықтық режимі мәселесін зерттей отырып, ғылымға «жабық теңіз» терминін енгізеді. Кейбір ғалымдар жабық теңізді «бірнеше ғана елмен шектесетін және жағалаудағы мемлекеттер бекітетін ерекше құқықтық режимдегі теңіз кеңістігі» деп көрсетсе, келесі ғалымдар жабық теңізді «екі немесе бірнеше мемлекеттің жағалауымен қоршалған және жағалаудағы мемлекеттер үшін ғана транзиттік жол қызметін атқаратын теңіз жолы бар, осы елдердің заңымен реттелетін теңіз кеңістігі» деп түсіндіреді. Одан әрі «жабық теңіз» институты «тұйық немесе жартылай тұйық» теңіз институтымен ұқсастырылып, 1982 жылы теңіз құқығы бойынша БҰҰ Конвенциясында бекітілді.

1982 жылға дейін «Теңіз ортасын қорғау» атты ғылыми еңбектің авторлары көрсеткендей, қолданыстағы халықаралық құқықта «тұйық немесе жартылай тұйық» теңіз термині болмаған. Ол алғаш рет теңіз құқығы бойынша жаңа конвенция әзірлеу процесінде пайда болған, бірнеше сабақтас конвенция жобаларының мәтінінде қолданылған және қазіргі таңда 1982 жылғы теңіз құқығы бойынша БҰҰ Конвенциясында бекітілген. Конвенцияның 122 бабында «тұйық немесе жартылай тұйық» теңіз дегеніміз басқа теңіз немесе мұхитпен жіңішке жол байланыстырып тұратын екі немесе одан да көп мемлекеттермен қоршалған, немесе екі немесе одан да көп жағалау мемлекеттерінің толықтай не басты түрде теңіз территориясынан және тек экономикалық аймағынан тұратын түбек, бассейн не теңіз.

Осы анықтамаға және онда көрсетілген критерилерге сәйкес Каспий және Арал теңіздерін «тұйық немесе жартылай тұйық» теңіздер категориясына жатқызуға болады. Бір жағынан бұл географиялық объектілерді халықаралық құқықтың көрсетіп отырған категориясына жатқызу оларға халықаралық құқық объектісі деген құқықтық мәртебе береді. Ал бір жағынан бұл объектілер сонымен бір уақытта трансшекаралық ластану қаупі туындаған жағдайда мемлекетішілік экологиялық құқық нормаларының әрекет ету объектісі болады. Сондықтан бұл объектілердің категориясын трансшекаралық даулар туындаған сәтте экологиялық-құқықтық режимі халықаралық келісім нормаларымен де, көрсетілген территория бөліктері тиесілі мемлекеттің ұлттық құқық нормаларымен де анықталатын трансшекаралық табиғи объектілерге жатқызуды ұсынамыз.

Орталық Азиядағы су-энергетика көздерi мен құрылымдарының бәрi тұтас бiр кешен ретiнде қарастырылған кешегi Кеңес Одағының кезiнде, су саласындағы қарым-қатынастарды КСРО Су шаруашылығы реттеді. Суды республикалар арасында бөлу және энергетика мәселесi осы мекеменің құзіретіне кірді. Баса назар ауыл шарушылығына, оның iшiнде дәлiрек айтқанда, әсiресе, мақта мен күрiш өсiруге көбiрек ден қойылғандықтан, өңiрдегi су көздерi мен суландыру жүйелерiнiң бәрi осы мақсатқа жұмылдырылып, осыған қызмет еттi. Ал энергия өндiру үшін судың қуатын пайдалану екiншi кезекке қалды. Нәтижесінде Әмудария мен Сырдарияның суы шектен тыс егiншiлiк үшiн жұмсалып, қалыптасқан табиғи тепе-теңдiк бұзылып, мұның ақыры Аралдың қасiретiне, экологиялық апатқа апарып соқтырды.

Кеңес өкiметi ыдырап, республикалар егемендiк алған кезде, әр мемлекет өз тәуелсiздiгiн нығайтуға күш салып, экономикалық басым бағыттарын айқындады. Ал осы аймақтың халқы мен жерiн сумен қамтамасыз етіп келген Әмудария, Сырдария, Зарафшан, Шу, Талас, Вахш және Нарын өзендері трансшекаралық өзендерге айналып шыға келдi.

Бұл арада территориясының орналасуы солай болғандықтан төмендегi елдерге қарағанда Қырғызстан мен Тәжiкстан бiрқатар артықшылықтарға ие екенiн айта кеткен жөн. Өйткенi, iргелес жатқан бес мемлекеттi сумен қамтамасыз ететiн және Орталық Азиядағы iрi өзендер саналатын Әмудария мен Сырдария бастауларын қырғыз бен тәжiк жерiнен, Памир мен Тянь-Шань тауларының мұздақтарынан алады.

Сонымен өткенге кіші-гірім саяхат трансшекаралық суларды мемлекет аралық бөлу мен пайдалану мәселесі орта ғасырларда пайда болғандығын көрсетуді мақсат етті. Бұл мәселе бүгін пайда болған жоқ, оны шешу жолы қоршаған ортаны қорғау мен пайдалану саласындағы мемлекетаралық қатынастардың тарихи тәжірибесі көрсеткендей, тек мемлекеттер арасында жасалатын өзара кеңес беру, келісімге келу, келісім-шартқа отыру жолымен жүзеге асады.

«Пәленi басталмай тұрып шешуге ұмтылуымыз керек, болмаса су тапшылығы халықаралық жанжалдарға себеп болады», – деген Гарет Томас, Ұлыбританияның халықаралық даму министрi. Бұл – бүгiн қолға алатын маңызды iс.
Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының Су Кодексі 2003 жыл 9 шілде

2. Байдельдинов Д.Л., Бекишева С.Д. Экологическое право Республики Казахстан: Учебное пособие. - Алматы: Изд-во Интерлигал, 2004. – 312 с

3. Айдаров Н.Г. О Казахстанско-китайском переговорном процессе по трансграничным рекам. // Дипломатический курьер. - 2000. - №2. - С. 129-133

4. Калибаева А.Т., Дускаев К.К. К разработке экономического механизма управления трансграничными водными ресурсами Центральной Азии // Вестник КазНУ. Серия экологическая. - 2003. - №1(12). - С. 7-10

Резюме
В статье рассмотрены история и практика межгосударствнных отношений по использованию и охране окружающей среды, а так же вопросы правового регулирования по использованию трансграничных вод. Предложены пути разрешения проблем по эффективному использованию трансграничных вод, которые возможны лишь путем межгосударственных советов, согласований, осуществления договорных отношений.



Summary
The history and practice of intercountrial relations in use and protection of environment and the questions of right regulation of transborder water are considered in the article. The ways of solving problems in effective use of transborder water, which possible only by the intercountrial councils, coneordances, realization of agree mental relations are offered.




©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет