Әож 378. 18: 378. 4 К. З. Халықова информатика мамандарын кәсіби даярлау үдерісіндегі жобалық Әдістің пайдаланылуы



Дата09.06.2016
өлшемі151.45 Kb.
ӘОЖ 378.18:378.4
К.З. ХАЛЫҚОВА
ИНФОРМАТИКА МАМАНДАРЫН КӘСІБИ ДАЯРЛАУ ҮДЕРІСІНДЕГІ ЖОБАЛЫҚ ӘДІСТІҢ ПАЙДАЛАНЫЛУЫ
(Алматы қ., Абай атындағы ҚазҰПУ)
Андатпа. Мақалада болашақ информатика мұғалімдерін кәсіби даярлау үдерісінде жобалық әдісті пайдалану қарастырылады. Жобалық әдісті пайдаланудың мәні, мүмкіндіктері мен практикалық мәнділігі келтірілген. Аталған әдісті қолданудың негізгі талаптары ерекшеленген. Жобамен жұмыс істеудің негізгі кезеңдері талданған. Аталған мамандықтың 2- және 3-курс студенттері арасында арнайы пәндерді оқытуда жобалық әдісті пайдаланудың мысалдары мен нәтижелері келтірілген.

Түйін сөздер: жеке тұлғаға бағдарланған оқыту технологиясы, педагогикалық үдеріс, кәсіби даярлау үдерісі, педагогикалық технология, жобалық әдіс, жобалау технологиясы
Кәсіби білім берудің негізгі мақсаты еңбек нарығында бәсекеге қабілетті уақыт талабына сай құзырлықтары қалыптасқан, өзінің кәсібін жақсы меңгерген, жауапкершілігі мол білікті мамандар даярлау болып табылады. Қазіргі ақпараттық қоғамның өзгермелі жағдайына жылдам бейімделуге мүмкіндік беретін педагогикалық әдістерді пайдалану педагогикалық теория мен практиканың басым бағыттарының бірі. Қазіргі білім беру жүйесінің жеке тұлғаға бағдарланған технологияға бағытталғандығын ескерсек, осындай тәсілдің бірі ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен интеграциялауға негізделген жобалық әдіс болып табылады. Ол студенттердің өзін дамытуға деген жоғары мотивациясын қамтамасыз етеді, жаңа білім алуға, топтық іс–әрекетпен жұмыс істеуде жауапкершілік сезімін арттыруға мүмкіндік береді.

Педагогикалық үдерістің жеке тұлғаға бағдарлануы, әрбір индивидумда табиғатынан қаланған қабілеттерін іздеп дамыту, жеке тұлғаға бағдарланған жүйені құру бүгінгі күні білім берудің маңызды талаптары болып табылады. Қазіргі педагогикалық технология оқушылардың икемділіктері мен қызығушылықтарына тәуелді құзырлықтарын ашып қалыптастыруға бағытталған оқыту әдістерін маңызды деп есептейді. Осындай оқыту әдістерінің бірі - жобалық әдіс.

Жобалық әдіс әлемдік практикада жаңа болып есептелмейді. Ол АҚШ-та өткен ғасырдың басында пайда болды. Оны проблемалық әдіс деп те атады және ол американдық философ, педагог Дж.Дьюи ұсынған философиямен білім берудегі ізгілендіру бағытының идеяларымен байланыстырылды. Жобалық әдіс XX ғасырдың басында көптеген педагогтардың назарын аударды. 1905 жылы С.Т.Шацкийдің жетекшілігімен оқыту практикасында жобалық әдісті белсенді пайдалануға ұмтылған шағын қызметкерлер тобы ұйымдастырылды. АҚШ-та, Ұлыбританияда, Бельгияда, Финляндияда, Германияда, Италияда және басқа да көптеген елдерде Дж.Дьюидің білім беруге ізгіліктілік тәсіл идеясын қолданған мемлекеттерде жобалық әдіс кеңінен қолданылып, айтарлықтай танымал болды. Жобалық әдістің қазіргі түсінігінің негізгі тезисі: “Мен танып білетінімді, оның маған керек екенін, бұл білімді қайда және не үшін қолданатынымды білемін”, бұл академиялық білім мен прагматикалық іскерліктер арасындағы саналы тепе-теңдікке ұмтылатын көптеген білім беру жүйелерін өзіне жақындатады [1].

Жоба - бұл әртекті теориялық өнім құруға қажетті шынайы объектіні, затты құруға арналған белгілі бір әрекеттердің, құжаттардың, мәтіндердің жиынтығы және барлық уақытта шығармашылық іс-әрекет болып табылады. Мектептегі білім беруде жобалық әдіс класс сабағы жүйесіне қандай да бір балама әдіс ретінде қарастырылады. Студенттердің уақыт талабына сай қазіргі жобасы – бұл танымдық іс- әрекетін белсенділендірудің дидактикалық құралы, креативтілігін дамыту және бір мезгілде жеке тұлғалық сапаларын қалыптастыру. Жобалық әдіс – бұл шынайы білімді интеграциялауға емес, жаңа білім алып, соны қолдануға бағытталған педагогикалық технология. Студенттерді қандайда бір жоба құруға белсенді түрде жұмылдыру, оларды әлеуметтік мәдени ортадағы адамзат іс-әрекетінің жаңа тәсілдерін меңгеруге үйрету.

Жобалық әдісте педагогикалық технология ретінде американдық педагог философ Дж.Дьюи ұсынған идеялар кешені орын алған. Ол төмендегідей қағиданы тұжырымдайды: «баланың жастық шағы – оны болашақ өмірге даярлау аралығы емес, толыққанды өмір. Барлық іс-әрекет, оның ішінде, оқыту олардың қызығушылықтарын, қажеттіліктерін, оның жеке тәжірибелерін ескере отырып құрылуы тиіс».

Жобалық әдіс негізіне студенттердің танымдық, шығармашылық дағдыларын дамыту, өз бетімен білім алу іскерлігі, ақпараттық кеңістікте бағдарлай білу іскерлігі, сындарлы ойлауын дамыту алынған. Жобалық әдіс барлық уақытта студенттердің өзіндік іс-әрекетіне бағдарланады: дербес, жұптық, топтық, мұны оқушылар белгілі бір уақыт аралығында орындайды. Бұл тәсіл оқытудың топтық тәсілімен жақсы үйлеседі.

Жобалық әдіс көбінесе әр түрлі әдістерді пайдалануды қарастыратын қандай да бір мәселенің шешімін табуды ұсынса, екінші жағынан әр түрлі ғылым саласынан интеграцияланған білім, іскерліктерді пайдалануға негізделеді. Жобалық әдіс бойынша жұмыс істеу қандай да бір мәселенің болуы мен оны түсінумен шектелмейді, сонымен бірге, оны ашу, шешімін табу нақты әрекеттерді жоспарлауды, проблеманың шешуін көздейтін ойдың немесе гипотезаның бар болуын, рөлдерді нақты бөлуді қамтиды (әрбір қатысушыға араналған тапсырманың болуы және олар бір-бірімен өзара тығыз байланыста болуы тиіс). Орындалған жобалардың нәтижелері пәндік болуы тиіс, яғни теориялық проблема болса, оның нақты шешімі болуы тиіс, егер практикалық болса, оның нақты практикалық нәтижесі қолдануға дайын болуы тиіс [2].

Жобалық әдісті пайдалану іскерлігі оқытушының жоғары біліктілігінің, оның прогрессивті оқыту әдістемесінің көрсеткіші. Бұл технологияны ақпараттық қоғамдағы адамның өзгермелі жағдайға жылдам бейімделу іскерлігін қамтитын XXI ғасыр технологиясына жатқызады. Жобалау әдісін пайдалануға қойылатын негізгі талаптардың бірнешеуін ерекшелейік.

1. Зерттеу шығармашылық сипаттағы проблеманың немесе есептің болуы. Мұндай мәнді мәселе интеграцияланған білімді оны шешу үшін зерттеу сипатындағы ізденісті талап етеді. Мысалы, әлемнің әртүрлі аймақтарындағы демографиялық мәселені зерттеу, белгілі бір тақырыпты ашатын әлемнің түпкір-түпкіріндегі ортақ мәселені шешетін оқиғалар сериясын құру; экологиялық мәселені шешу және т.б.

2. Болжанатын нәтижелердің теориялық, практикалық, танымдық мәнділігі. Мысалы, ортақ мәселені көтеретін газет шығару, оқиға орнынан болып жатқан үдерістерді, құбылыстарды бейнелеу және т.б.

3. Оқушылардың өзіндік іс-әрекеті (дербес, жұптық, топтық).

4. Жобаның мазмұндық бөлігін (кезеңдік нәтижелерді көрсете отырып) құрылымдау.

5. Зерттеу әдістерін пайдалану: мәселені анықтау, оны шешуге қажетті міндеттерді айқындау, зерттеу болжамын қою, зерттеу әдістерін талқылау, қорытынды нәтижені безендіру, алынған мәліметтерді талдау, нәтижені қорытындылау, түзету енгізу, қорытынды жасау (бірлесе зерттеу жүргізу барысында дөңгелек үстел, статистикалық әдістер, шығармашылық есептер және т.б.) әдістерді пайдалану [1].

Әр түрлі жағдайларға арналған жобалардың тақырыптары әр түрлі болуы мүмкін. Кейбір жағдайларда тақырып бекітілген бағдарламаның шеңберінде білім беру саласының мамандарының көмегімен тұжырымдалуы мүмкін. Кейде мұғалімнің көрсетуі бойынша оқу жағдайларына байланысты белгілі бір пәннің шеңберінде студенттердің табиғи, кәсіби қызығушылықтарын және қабілеттерін ескере отырып, таңдалуы мүмкін. Үшінші жағдайда жобаның тақырыбын студенттер өздері ұсынуы мүмкін, ол өздерінің қызығушылықтарына, жеке қабілеттеріне байланысты танымдық, шығармашылық, қолданбалы және т.б. болуы мүмкін.

Жобаның тақырыбы жеке пәндерден алынған білімдерін тереңдету мақсатында мектеп бағдарламасының теориялық мәселелеріне, оқыту үдерісін саралауға қатысты болуы мүмкін. Орындалған жобалардың нәтижелері материалдық болуы тиіс, ол талап етілген деңгейде безендірілуі, мысалы, видеофильм, альбом, компьютерлік газет, альмонах және т.б. болуы мүмкін. Жобалық мәселені шешу барысында студенттер әр саладан алған білімі, іскерліктері мен дағдыларын пайдалануына тура келеді. Мысалы, физика, химия, математика және т.б. тілдер. Педагогикалық үдерісті жеке тұлғаға бағдарлау әрбір индивидуумның бойындағы қабілеттерін дамыту, бүгінгі білім беру талаптарына жауап беретін жеке тұлғаға бағдарланған педагогикалық жүйені құру білім беру технологияларын өзгертпей жүзеге асыру мүмкін емес. Білім беру технологиялары оқушының субъектілік тәжірибесін ашуды қамтамасыз етуі тиіс: оқушы үшін жеке тұлғалық мәнді болып табылатын оқу жұмысының тәсілдерін қалыптастыру, өз бетімен білім алу іскерлігін меңгеру. Олар қарастырылатын ақпараттық технологиялар мен қазіргі мектептің ақпараттық орталарымен біріге отырып, оқушыны өзіндік дамыту режиміне көшіретін, жоғары міндетті жұзеге асыруға мүмкіндік беретін оқытудың әрекеттік тәсілін қамтамасыз етеді. Дж.Дьюи жобалық әдісті мектеп практикасындағы әмбебап әдіс ретінде қарастырады. Ол бұл әдісті қалыптасқан жүйені алмастыратын әдіс ретінде емес, дамыған ақпараттық ортада оқушының өзіндік жұмысын ұйымдастыруды толықтыратын әдіс деп есептейді. Оқушының білім алуын ұйымдастырудағы оның ролі бұрынғыдан да мәнді бола түседі, өйткені өз бетімен оқытуға бағытталған оқу үдерісін ұйымдастыруда: оқушы егжей-тегжейлі талданып, ұтымды ұйымдастырылған оқу ортасында ол өзінің білім алу траекториясын таңдайды. Ұжыммен бірлесе жұмыс істей, ерен ойлы оқушылармен шығармашылық тұрғыда өзара қарым-қатынас жасай отырып, ынтымақтастық принципі туралы өзінің болжамын қалыптастырады. Сонымен бірге, өзінің оқу, зерттеу іс-әрекетінде алынған білімді тиянақтап, субъектілік өзінің танымының қалыптасуын белгілеп, нақты іс-әрекетте жеке тұлғалық «Менін» жан-жақты дамыта отырып, алған білімін іс-әрекетінде пайдалана білу дағдысы қалыптасады. Бұл студенттің өзін дамытуға, оқу үдерісіндегі субъектілік мәртебесін арттыруға мүмкіндік береді.

Оқытудың мұндай формада ұйымдастырылуы оқыту тиімділігін арттырады. Ол әрекеттік кері байланыстар жүйесін қамтамасыз етеді, өз кезегінде студенттердің жеке тұлғалылығын дамытуды, өзін жүзеге асыруды қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен бірге жобаға қатысатын педагогтардың да іс-әрекетінің белсенділігін арттырады. Оларға өзінің тәжірибесін түсінуге, кәсіби шеберлігін жетілдіруге, педагогикалық ынтымақтастығын ары қарай тереңдетуге, пәнаралық байланысты арттыруға, оқу үдерісінің оңтайлылығын қамтамасыз етуге, бірыңғай талаптар жүйесін жасауға жаңа мүмкіндіктер ашылады.

Мұның бәрі қазіргі уақытта жобалық оқыту негіздерін құру туралы айту мезгілінің жеткендігін білдіреді. Н.Г.Чернигова жобалық оқытуды теориялық білімдерді меңгеру үшін кешенді оқу жобаларын ретімен орындауға негізделетін дамыта оқыту ретінде қарастырады. Бұл анықтама жобалық оқытуды дамыта оқыту типіне жатқызатындығын көрсетеді.

Жобалау технологиясына қатысты әрекеттерді талдап көрейік. Оқытудың мақсаты:

- әр түрлі білім салаларынан қажетті білімді өз бетімен және қалауымен алу;

- танымдық және практикалық есептерді шығару үшін бұрын алынған білімді пайдалана білуге үйрену;

- әр түрлі топпен жұмыс істей отырып, қарым-қатынас іскерлігін қалыптастыру;

- зерттеу іскерлігін дамыту (мәселені аша білу іскерлігі, ақпарат жинақтау, бақылау жүргізу, эксперимент жүргізу, талдау, гипотеза қою, жалпылау);

- жүйелі ойлауын дамытатындай студенттерге жағдайлар құру болып табылады.

Жобалық оқытудың алғашқы теориялық ұстанымдары:

- басты назарда - студент, оның шығармашылық қабілеттерін дамытуға әсер ету;

- білім беру үдерісі оқу пәнінің логикасы бойынша құрылмайды, студент үшін жеке тұлғалық мәні бар іс-әрекет логикасына құрылады, ол оның оқудағы мотивациясын арттырады;

- жобамен жұмыс істеу барысындағы студенттердің дербес қарқыны әрбір студенттің өзінің даму деңгейі бойынша жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;

- оқу жобаларын жасауға кешенді тәсілдің қолданылуы студенттердің негізгі физиологиялық және психикалық функцияларының тепе-теңдікте дамуын қамтамасыз етеді;

- терең, ұғынықты меңгерілген білім оны әр түрлі жағдайларда пайдалану есебінен қамтамасыз етіледі.

Сөйтіп, жобалық оқытудың мәні студент жобамен жұмыс барысында шынайы үдерістер мен объектілердің мәнін түсінуге қол жеткізеді. Ол студенттердің нақты жағдайларды меңгеруіне, оның мәнін терең түсінуіне, жаңа объектілерді құрастыруға мүмкіндік береді. Жаңа құбылысты зерттеуге, білімді құрастыруға, оның мәнін терең түсіну үшін оқытудың ерекше формасы қажет. Олардың ішіндегі бастыларының бірі – имитациялық ойындар.

Жобалық әдіс бойынша студенттердің жұмысын ұйымдастырудан бұрын олардың дербес қабілеттері, қызығушылықтары, әрқайсысының өмірлік тәжірибелері зерттеледі. Содан кейін, оның жеке тұлғалылығының дамытып, қалыптастыруды қамтамасыз ететін есептер іріктеледі. Жобалық әдіс бойынша жұмыс істеу студенттерден әртүрлі программалық құралдармен жұмыс істей білу іскерлігі мен дағдысының болуын талап етеді. Информатика мамандарын кәсіби даярлау процесінде жобалық әдіс бойынша информатикалық пәндер циклінен төмендегідей тақырыптарды жоба ретінде студенттерге ұсынуға болады:

–  мультимедиалық технологияларды пайдалана отырып, презентациялар құру;



  •  ақпараттық жүйелер құру;

  •  модельдер құрып, оларды зерттеу;

  • тестілеу жүйелерін құру;

  • электрондық оқулықтар құру;

  • Web сайттар құру және т.б.

Кез келген жоба жұмысы төмендегідей кезеңдерді қамтиды:

– даярлық кезеңі;

– жоспарлау кезеңі;

– зерттеу жүргізу кезеңі;

– зерттеу нәтижелерін ұсыну есебі;

– жобаның орындалу нәтижесінің бағалау кезеңі.

Студенттерінің жобалау іс–әрекетін ұйымдастыруға төмендегідей тәсілді пайдалануға болады. Жаңа тақырыпты өтіп болғаннан кейін жобамен жұмыс жасайтын топты қалыптастыру жүзеге асады. Бұл даярлық кезең. Студенттер өз еркімен жоба жұмысы бойынша серіктестерін таңдайды. Мұнда студенттердің жұмыс істеу қабілеті, пәнге деген икемділігі және таңдаған тақырыптарына қызығушылығы ескерілуі тиіс. Сөйтіп, бұл кезеңде жеке тұлғаға бағдарланған оқытудың мынадай принципі сақталуы тиіс. Студенттің дербестігі өзіндік құндылығы таңдаған тақырыптағы мәселеге қызығушылығына басымдық беріледі. Ол тәжірибені белсенді тасымалдаушы қызметін атқарады, сондай–ақ, білім беру үдерісіндегі барлық жобаға қатысушылар арасында орындайтын жұмыстарын ұжыммен келісе отырып, бөлуді ұйымдастыру жүзеге асады. Келесі кезең жоспарлау кезеңі. Бұл кезеңде құрылатын программалық өнімнің соңғы нәтижесі қандай болу керек, оның мақсаты, оны пайдаланушылар кімдер болатынын анықтайды. Топтағы студенттерге бөлінген міндеттеріне байланысты ақпарат іздеу тәсілдерін таңдайды.

Келесі кезең зерттеу кезеңі. Бұл кезеңде студенттер лабораториялық жұмысты орындауға көшеді. Ақпаратты жинау және талдау жүзеге асырылады. Бұл кезеңде студенттер өз бетімен жұмыс істейді. Оқытушы олардың тек іс–әрекетін ұйымдастырушының рөлін, ақпаратты жинақтау тәсілдері мен алынатын ақпарат көздерін көрсетеді. Мұнда студенттер әртүрлі АКТ құралын пайдалануы мүмкін. Сонымен қатар, өмірден жинақтаған білімдері мен тәжірибелерін пайдаланады.

Барлық даярланған материалдар жобаны қорғауға даярланады. Бұл зерттеу нәтижелері бойынша берілетін  есеп түрінде ұсынылады.

Жобаны ашық түрде қорғау жобалық әдіс бойынша жасалынған жұмыстың ең маңызды бөлігі болып табылады. Бұл кезеңде студенттер жүргізілген зерттеу барысында алынған білімдерін жалпылап, жүйеге келтіреді.

Нәтижені бағалау жобамен жұмыс істеудің соңғы кезеңі болып табылады. Жобалау іс–әрекетінің нәтижесін бағалауда мониторинг негізінде рейтинг түрінде бағалауды пайдаланған орынды, мұнда өзіндік бағалау элементтері қарастырылады: кім не орындады, қандай элемент ұнады, қайсысы ұнаған жоқ және қай жоба өте жақсы орындалды. Жеке тұлғаға бағдарланған технология болғандықтан студенттердің пікірін тыңдау аса маңызды. Сонымен бірге, бұл кезеңде студенттердің бір–бірімен пікір алмасуы және алған әсерлерімен бөлісуі олардың әрі қарай осындай жоба жұмыстарын жоғары деңгейде орындалуына әсер етеді.

Жобалық әдістің ең маңызды жағы ол студенттердің оқуға деген мотивациясын туғызып жоғарлатады, соның нәтижесінде олардың білім сапасы да артады. Жобамен жұмыс істей отырып, студент өзінің қаншалықты ұтымды жұмыс істегенін өзі көріп бағалайды, жобаның қойылған мақсатқа жетуі, алынған нәтижелер студенттің әрі қарай өз бетімен ізденіп, өзіндік оқу іс–әрекетін ұйымдастыра білуіне жол ашады. Студенттің жеке тұлғалық сапаларын оқытушының бағалауы, оның әрі қарай дамуына, ақпаратты іздеп, өңдей білуіне көмегін тигізеді. Нәтижесінде студент өзіндік оқу іс–әрекетінің субъектісіне айналады, ол тек дайын білімді тасымалдаушы емес, өзінің өзіндік, танымдық зерттеу іс–әрекетін ұйымдастырушыға айналады [3].

Студенттердің алғашқы жобалық әдіс бойынша орындайтын жұмысы қолданбалы программалық құралдардың жұмысын қарастырғаннан кейін еркін тақырыпта фильм презентация құру болып табылады. Студенттер өз бетімен аудиториядағы компьютердің мөлшеріне байланысты екі немесе үштен бөлінеді. Өзара тақырыптарын ойластырып, кім нені орындайтын міндеттерін бөліседі. Қажетті ақпаратты кітаптан (суреттер немесе мәтінді сканерлеу арқылы енгізу) немесе интернеттен іздеп алуы мүмкін. Тапсырманың орындалуына қарай, алынған нәтижелер топ ішінде талқыланады. Студенттер жұмыс үдерісінде бір–біріне көмектесіп, білмейтін тұстарын үйретеді. Оқытушы студенттердің танымдық іс–әрекетін белсенді бақылаушының, ұйымдастырушының рөлін атқарады. Соңында жоба жұмысы талқыланып, бағаланады.

Мәліметтер қорын құру бірінші курс студенттері үшін MS Access МҚБЖ–де, ал, екінші курста программалау пәнін оқу барысында Delphi ортасында МҚБЖ өткен кезде алдыңғы бірінші курстағы құрылған жобалар ары қарай жалғасады. Студенттерге MS Access МҚБЖ–де құрылған МҚ–ын Delphi ортасында компоненттер арқылы байланыстырып, алдыңғы жобаларын жалғастырады. Студенттерге жоба ретінде «Кітапхана», «Аптека», «Студенттер», «Бітірушілер», «Кафедра оқытушылары», «Мектептегі информатика курсын программалық қамтамасыз ету» және т.б. ақпараттық жүйелерін құру ұсынылады. Мұндай жобалар нақты қолданбалы міндетті жүзеге асыруда студенттердің алған білімдерін бесенділендіруге, МҚ жобалаудан бастап, аяқталған ақпараттық жүйе жасауға дейінгі барлық кезеңдерді өтуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл бойынша студенттер пәнаралық байланысты жүзеге асырады, осындай жобалар арқылы кәсіби даярлығын жетілдіріп, болашақ кәсіби іс–әрекетінде пайдаланатын программалық құралдардың базасын жасауға бейімделіп, орындайды. Осындай ұсынылған дербес танымдық тапсырмалар олардың орындайтын өзіндік жұмыстарының негізгі өзегі болып табылады. МҚБЖ–не байланысты жобалар студенттердің МҚ–ның негізгі ұғымдарын берік меңгеріп, жоғары деңгейде пайдалана білуіне мүмкіндік жасайды. Аталған жоба барысындағы практикалық жұмыс біріншіден, МҚ бойынша демонстрациялық программаны пайдалану арқылы МҚ–нің негізгі ұғымдарын еске түсіріп бекітеді, одан кейін, дербес жоба бойынша өзіндік жұмысқа көшеді. Мұндағы негізгі мәселе студенттердің білімін бақылауды ұйымдастыру. Негізгі теориялық материалдар өтіліп болғаннан кейін студенттердің теориялық білім негіздерін қаншалықты меңгергендерін тестілеу жолымен және фронталдық сұрақтар арқылы тексеріледі. Соңынан олардың практикалық МҚ құру іскерлігі мен дағдыларын қаншалықты меңгергендігін құрылған жобаны қорғау барысында бағаланады.

Мұндай жобалардың негізгі мақсаты:

- оқытушылар мен студенттердің білім ресурстарын жасау жөніндегі бірлескен жұмыстарын ұйымдастыру;

- оқу әдістемелік материалдарын жариялау;

- маңызды мәселелерді талқылауды ұйымдастыру;

  - мәселенің шешімін ұжыммен іздеу, ұжымдық әңгіме, эсселер жазу;

- желілік конференциялар мен конкурстар өткізу.

Университет порталының бетіне жаңалықтарды, қызықты жұмыстарды орналастыру ұжыммен бірлесе мақалалар жазу, виртуальдық экскурсиялар, пікір, аннотация, түсіндірмелер жазу.

Жобалық іс-әрекет барысында студенттердің алдына төмендегідей міндеттер қойылады:

- интернеттен сауатты түрде ақпарат іздеуді жүзеге асыру, оның ішінде, өздерінің іздеу жүйелерін пайдалану;

- әртүрлі материалдарды бірлесе сақтау, әр түрлі құжаттарды бірлесе құрып жөндеу, құжаттарға іріктеуді бірлесе жүзеге асыру;

- алынған мәліметтерді талдап, жалпылап бағалау, өздерінің көзқарастарын тұжырымдап дәлелдеу;

- интернет ресурстарын жауапкершілікпен сауатты пайдалану.

Жобалық әдісті дәл осылайша кез келген информатикалық пәндер циклын оқыту барысында ұйымдастыруға болады. Биылғы жылы «Программалау» курсын (объектіге бағытталған программалау) оқу барысында студенттерге жоба тақырыптары ұсынылды. Студенттер олардың ішінен бес тақырыпты таңдап алды: «мәтіндік редактор құру», «электрондық оқулық жасау», «тестілеу жүйесін құру», «Алматы қаласының таңғажайып орындары», «телефон анықтамалығын құру». Оқу процесінің соңында «Информатика – 5В011100» мамандығы 2 –курс студенттері арасында «Программалау өнері: Кім жүйрік?» атты интеллектуалдық сайыс ұйымдастырылды. Сайысқа аталған мамандықтың 3-курс студенттері қатысушылар ретінде шақырылды. Әрбір топ өздерінің құрған жобаларын таныстырып, қорғады. Сайыс нәтижелерін талдауға 3-курс студенттері ат салысып, өз пікірлерін айтты. Ең үздік деп танылған жобалар дипломдармен марапатталды. Жобалық әдіс негізінде даярланған жұмыстарын студенттер өздерінің электрондық портфолиосына орналастырады.

Қорыта келгенде, ұсынылып отырған әдістің оң нәтиже беріп келе жатқанын жыл сайынғы тәжірибелі сынақ жұмыстары көрсетуде. Бұл біріншіден, студенттердің оқуға деген қызығушылығын арттырса, екіншіден, студенттерді ізденісті зерттеу жұмысына жұмылдырып, олардың шығармашылық және креативтілік қабілеттерін арттырады. Үшіншіден, әрбір пәндер бойынша жинақталған жоба жұмыстары олардың болашақ кәсіби іс-әрекетіне қатысты материалдарының жинақталуына (Е-портфолио) және тәжірибелерінің қалыптасуына негіз болады.



Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Халықова К.З. Жоғары оқу орындары студенттерінің өзіндік оқу іс-әрекетін ұйымдастырудың теориясы мен практикасы: Монография - Алматы: Абай ат.ҚазҰПУ, 2009. – 284 б.

2. Болашақ маманның интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыру негіздері: Оқу құралы // Пірәлиев С.Ж., Оразбаева Ф.Ш., Иманбаева С.Т., Берікханова А.Е., Шолпанқұлова Г.К., Халикова К.З., Нұрғалиева Д.А./ - Алматы: Абай ат.ҚазҰПУ: «Ұлағат» баспасы, 2014. – 296 б.

3.  Халықова К.З. Болашақ маманның интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыру. Абай ат.ҚазҰПУ хабаршысы. № 4 (44), 2013. - 153-158 бб.


Аннотация. В статье рассматривается использование метода проектов в процессе профессиональной подготовки будущих учителей информатики. Приведены сущность, возможности и практическое значение использование метода проектов. Выделены основные требования к применению данного метода. Проанализированы основные этапы работ с проектами. Приведены примеры и результаты использования метода проектов в преподавании специальных дисциплин среди студентов 2 и 3 курсов.

Ключевые слова: технология личностно-ориентированного обучения, педагогический процесс, профессиональная подготовка, педагогичtская технология, метод проектов, технология проектирования.
Abstract. The article discusses the usage of a projects’ method in the process of professional training of future teachers of computer science. Given the nature, opportunities and practical value to use a projects’ method. There is given the basic requirements for the application of this method. It analyzes the main stages of the project. Examples of the method and the results of projects among students 2 and 3 courses of this specialty in the teaching of special disciplines.

Keywords: technology student-centered learning, teaching process, training, educational technology, project method, design technology
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> І бөлім. Кәсіпкерліктің мәні, мазмұны
publications -> Програмаллау технологиясының көмегімен Internet дүкен құру
publications -> Тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы Отандық тарих ғылымының методологиялық мәселелері
publications -> Магистр юридических наук Муйденова А. К., магистр юридических наук Э. О. Тойлыбекова
publications -> Қызылорда облысының экологиялық Қолайсыз аймақтарында тұратын халықТЫҢ медициналық-демографиялық жағдайының сипаттамасы
publications -> К. э н. Айдосова Б. Х., Магистр экономических наук Жунусова Э. Ж
publications -> Ибн сина, оның Өмірі, философия мен медицинадағЫ Үлесі
publications -> Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының негізі
publications -> Программа аудита денежных средств
publications -> Әож 351. 79: 556. 536. 2 Трансшекаралық суларды қҰҚЫҚТЫҚ реттеу тарихы жайында


Достарыңызбен бөлісу:


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет