Әож 94 (574. 1): 396: 338. 43 «1966/1985» (043) Қолжазба құқығында



бет1/3
Дата24.02.2016
өлшемі337.5 Kb.
түріДиссертация
  1   2   3

ӘОЖ 94 (574.1):396:338.43 «1966/1985» (043) Қолжазба құқығында



МҰХАНҒАЛИЕВА ЖАНАР ҚАЖМҰХАНБЕТҚЫЗЫ

1966-1985 жылдардағы Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудағы әйелдердің ролі (Батыс Қазақстан аймағы материалдары бойынша)

07.00.02 – Отан тарихы

(Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Орал, 2010

Жұмыс М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің

Қазақстан Республикасы тарихы кафедрасында орындалды

Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының докторы

Б.Г. Шинтимирова

Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы

А.С. Сарсенов

тарих ғылымдарының кандидаты,

доцент К.Ж. Жұбатқанов

Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ ұлттық

педагогикалық университетінің

Отан тарихы кафедрасы


Диссертация 2010 жылы 29 қараша күні сағат 10.00-де М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы БД 14.61.26 Біріккен Диссертациялық Кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Мекен-жайы: 090000, Орал қаласы, Достық даңғылы, 162.

Диссертациямен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.

Автореферат 2010 жылы 28 қазанда таратылды.


Диссертациялық Кеңестің

Ғалым хатшысы,

тарих ғылымдарының докторы Ә.С. Тасмағамбетов






КІРІСПЕ

Мәселенің өзектілігі. Республиканың тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемен ел ретінде дамуы төл тарихымыздың ұлттық мүдде тұрғысынан жаңаша зерделенуіне мүмкіндік берді. Өйткені тәуелсіздікпен келген шығармашылық азаттық ғылыми ізденістерге жаңа өріс ашып, еліміздегі тарихи мәселелерге деген методологиялық ұстаным, тұжырымдардың өзгеруіне, тақырып аясын кеңейтуіне негіз қалады. Дегенмен кеңестік Қазақстан тарихының қазіргі көзқарас биігінен жаңаша зерттеліп, ақтаңдақ беттері айқындалып, түпкілікті бағасын алмаған тұстары әзірге баршылық. Солардың бірі 1966-1985 жылдардағы Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудағы әйелдердің ролі болып табылады. Тәуелсіздік жағдайында тарихымыздың кеңестік кезеңіне қатысты қаншама өткір сындар айтылып жатқанымен, аталған уақыт аралығында кеңес өкіметі әйелдерді ауыл шаруашылығы саласына дайындап, түрлі қоғамдық-шаруашылық қызметтерге тартуы, біртіндеп олардың қызмет дәрежесін көтеру, саяси және экономикалық шешімдер қабылдау деңгейінде ауыл шаруашылық істеріне белсенді түрде араластырудың өзіндік құрылымын қалыптастыру мәселелерімен жүйелі түрде айналысты. Алайда зерттеу нысанына алынған 1966-1985 жылдар ауыл шаруашылығының тарихында ішкі қарама-қайшылықтарға толы кезең болды. Бір жағынан, 60-жылдар ортасындағы КСРО және Қазақстан Республикасы үкіметі тарапынан қабылданған жаңа аграрлық саясаттың жүзеге асырылуындағы жинақталған озық тәжірибелер мен үрдіс іс-қимылдардың жетістігі, екінші жағынан, 70-жылдардың аяғы мен 80-жылдардың бірінші жартысында бұл экономикалық саясатта кездескен дағдарыс құбылыстар мен келеңсіз жәйттер кезеңі болды. Батыс Қазақстан аймағының ауыл шаруашылығы үшін де бұл ауыр кезеңдердің бірі болды. Сондықтан, социализм тұсындағы ауыл шаруашылығы саласында маңызды аграрлық реформаларды өмірде жүзеге асырып, күрделі тарихи кезеңді бастан кешіріп, жемісті еңбек еткен қарапайым еңбек адамдарының, орта және жоғарғы буын маман-кадрлардың, ұжым басшыларының, әсіресе, ауыл-селоларда еңбек еткен әйелдердің роліне баға берудің маңызы зор. Міне, осы ХХ ғасырдың 60-80 жылдарындағы агроөндірісте қызмет еткен әйелдер өмірінің және қызметінің түрлі қырларын қарастырған еңбектерді сыныптау қорытындысы, бұл мәселеге жылма-жыл қызығушылықтың артып отырғандығын көрсетеді. Бірақ, жарық көрген зерттеулердің көбінде сол кезеңнің идеологиялық бағыттылық белгісі – әйел мәселелерін шешуде коммунистік партияның жетекші ролін көрсетуге деген ұмтылыс жатыр. Осыған орай кейбір авторлар мәселенің өзара байланыстарын аша алмай, бұл бағыттағы кейбір партиялық органдардың қызметтеріндегі кемшіліктерді көрсетпеген, сәйкесінше, сол уақытта қоғамда орын алған келеңсіз бетбағыттарға толық сипаттама бере алмаған.

Демек, зерттеліп отырған кезеңдегі ауыл-селолардағы аграрлық өндірісте нәтижелі еңбек еткен әйелдердің іс-тәжірибелерін қайта қарап, жаңаша зерделеу, тарихи ой елегінен өткізу, осы тұрғыдағы жетістіктер мен қиындықтарды ашып көрсету, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жағдайында бұл үрдіске нақты баға беру қажетілікке айналып отыр. Осы орайда, тақырыптың өзектілігі еш күмән туғызбайды. Біздің бұл ойымызды бүгінгі нарықтық жағдайда қоғамның барлық салаларында нәтижелі қызмет атқарып жүрген іскер әйелдердің іс-тәжірибелерін жинақтау қажеттілігі одан әрі нақтылай түседі. Сонымен қатар, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық ұйымдар жүйесіне енуі оған әлемдік гуманитарлық саясаттың барлық процестеріне тең құқықта қатысуына мүмкіндік берді. Ал, әлемдік гуманитарлық саясаттың ажырамас бөлігі әйелдерге қатысты саясат болып табылады. Қазақстан барлық дамыған елдер секілді адамзаттың тұрақты дамуына және әйелдердің жағдайын жақсартуға, олардың құқықтарын қорғауға қолайлы жағдай жасауға ұмтылыс жасап отыр. Бұл тұрғыда 1998 жылы Қазақстан БҰҰ-ның «Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы» конвенциясына қосылды. БҰҰ-ның «Әйелдердің саяси құқығы туралы» және «Тұрмыстағы әйелдердің азаматтығы туралы» тұжырымдамасы бекітілді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев өмірдің барлық саласында гендерлік теңдік принциптерін жүзеге асыру мақсатында 2003 жылы 27 қарашада № 1190 үкімет Қаулысымен Қазақстан Республикасын гендерлік саясат тұжырымдамасын, 2005 жылғы 29 қарашадағы № 1677 Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға гендерлік теңдік Стратегиясын бекітуі бұл тақырыппен өзінің үндестігін нақтылай түседі [1, с. 34-38]. Еліміздің осындай маңызды құжаттарының әйелдер мәселесіне арналуының өзі бұл мәселенің маңыздылығын айғақтайды. Осыған орай 1966-1985 жылдардағы Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудағы әйелдердің ролін саралау арқылы тәуелсіз Қазақстан әйелдерінің өткен тарихына көз жіберіп, Кеңес өкіметінің осы мәселе бойынша атқарған жұмысына сын көзбен қарап, талдау жасау, одан сабақ алу тақырыптың өзектілігін одан әрі күшейте түсері анық.



Мәселенің зерттелу деңгейі. Қазақстанның аграрлық өндірісін дамытудағы әйелдердің роліне тарихи баға беру үшін, алдымен сол кезеңдегі ауыл шаруашылығының даму тарихын зерделеуге бағытталып жазылған ғылыми еңбектерге, тарихи әдебиеттерге талдау, саралау жасаған орынды. Өйткені зерттеу нысанына қатысты арнайы еңбектер болмағанымен, сол тұстағы ауыл шаруашылығына байланысты арналған зерттеулерден тақырып аясындағы мәселелер туралы ішінара мәліметтер алуға болады.

Қазақстанның 1940-1950 жылдардағы ауыл шаруашылығы тарихына арналған еңбектерде аграрлық саясатты жүзеге асыруда әйелдердің белсенділігі ашып көрсетілген. Т.Б. Балақаев өз зерттеуінде соғыс жылдарындағы колхозшы шаруалар қатарындағы әйелдердің майдан мен елді азық-түлікпен, ал өнеркәсіпті ауыл шаруашылығы шикізаттарымен қамтамасыз етудегі үлкен еңбегіне баға берсе, Б.А. Төлепбаев Қазақстанды елдің ірі астықты және мал шаруашылық базасына айналдыру жолын, кемелденген социализм кезіндегі Коммунистік партияның аграрлық саясатын көрсетіп, соғыстан кейінгі жылдары ауыл шаруашылығында күрделі ерлер мамандықтарын игерген әйелдер қызметін сипаттаған [2]. Соғыстан кейінгі жылдары аграрлық өндірісті қайта қалпына келтіру, әрі қарай дамыту жолында кездескен жетістіктер мен қиындықтарды ашып көрсетуде В.К. Савосько, И.Ш. Шамшатовтың еңбектері маңызды [3]. Онда колхоз құрылысының тарихи тәжірибесі: колхоз өндірісінің материалдық-техникалық базасын, ұйымдастыру мәселесін және еңбектің өтем ақысын, мамандардың сандық, сапалық өсімін күшейту мәселелері қарастырылса, И.Ш. Шамшатов келесі зерттеуінде колхоздардағы шаруалар шаруашылықтарын қамти отырып, КОКП ОК-нің наурыз пленумының шешімдерін жүзеге асыруда аграрлық саясаттың әлеуметтік-экономикалық нәтижелеріне баса көңіл бөліп, мектеп бітіруші еңбекші қыз-жігіттердің кеңінен аграрлық өндіріске тартылуын баян етеді.

1950-1980 жылдардағы елдің аграрлық дамуындағы еңбеккер әйелдердің қызметін тыңғылықты талдаған Х.М. Мадановтың, А.Б. Тұрсынбаевтың, Ж. Жұмабеков пен К. Нұрпейісовтың, М.Т. Кенжебаевтың, А.Ж. Қарабаевтың [4] еңбектері ауыл-селодағы өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың даму барысын, ұжымшар-кеңшар өндірісінің динамикасы мен тағдырын, оның мамандармен, механизаторлармен қамтамасыз етілу деңгейін, мәдени өмірі мен инфрақұрылымын зерделеуде фактілік материалдар беруімен құнды.

Ұжымдастырудан бастап кеңестік дәуірде асыра бағаланған «кемелденген социализмге» дейінгі Қазақстанның 60 жылдық әлеуметтік-экономикалық дамуы С.Б. Баишевтың экономикалық зерттеуінде көрсетілген [5]. Еңбек ауыл шаруашылығы өндірісінің материалдық-техникалық базасын, кадрлық әлеуетін, басқару жүйесін, ғылыммен байланысын зерделеуде маңызды.

Ауыл шаруашылығы мамандарының қалыптасу мен даму тарихын зерделеген ғылыми еңбектерге тоқталсақ, кеңестік интеллигенцияның қалыптасу мен даму мәселелеріне, бұл процестің Кеңестік Қазақстандағы заңдылықтары мен ерекшеліктеріне арналған Ш.Ю. Тастанов зерттеуінде кең көлемді фактілі жадығаттарды, әлеуметтік зерттеулердің қорытындылары сараланып, Қазақстанда жинақталған тәжірибе негізінде ауыл шаруашылығы кадрларының құрамы, даму динамикасы көрсетілген [6]. Селолық мектептер, селолық кәсіптік-техникалық училищелер, техникумдар мен жоғарғы оқу орындарының ауыл шаруашылығы мамандарын дайындаудағы ролі ашылған С.Н. Соскиннің, ауыл-село интеллигенциясының өсу жолдары, әлеуметтік келбеті, олардың экономикалық және мәдени құрылыстағы орны мен роліне қатысты мәселелер кешенін қамтыған Х. Абжановтың, ауыл шаруашылығы интеллигенциясының ішкі жіктелісін сипаттаған Н.К. Капесовтың еңбектерінің ғылыми құндылығы жоғары [7]. Сонымен қатар, республикадағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының өмірі, олардың халық шаруашылығын мамандармен қамтамасыз етудегі ролі Ф.К. Михайловтың, К.Ж. Жаманбаевтың, О. Керимбаевтың еңбектерінде жан-жақты сипатталған [8].

Жоғарыда аталған еңбектермен қатар, қарастырылып отырылған мәселе шағын жинақтарда, брошюрларда, баспасөз басылымдарында да қамтылды. Атап айтсақ, Г.М. Панковтың және оның В.И. Рубинмен бірлесіп жариялаған еңбектерінде 1975, 1977, 1980 жылдардағы социалистік жарыстарда жеңіске жеткені үшін Паша Ангелина атындағы сыйлықтың иегерлері атанған әйел-тракторшылар, комбайншылар туралы, олардың қызметтерінде кездескен қиындықтар баяндалған [9].

Келесі жинақтарда батыс өңірдегі қой, жылқы шаруашылықтарын жедел қарқынмен өркендету, осы салалардың экономикалық тиімділігі, қой, жылқы өсіретін мыңдаған ерлермен қатар әйел шопандардың, жылқышылардың, мамандар мен ғалымдардың осы мақсатқа бағытталған жұмыстары баяндалған [10]. Ал, Орал облысы озат «Орал» кеңшарының мал бордақылаудағы қол жеткізген табыстары мен еңбекті ұйымдастырудағы, жұмыс үрдісін механикаландырудағы озық әдістері және елімізде қой шаруашылығын өркендетуде табысты жолда еңбек істеген Орал облысындағы «Қалдығайты» кеңшар ұжымының, олардың қатарында қой өсірудің озат әйелдерінің қажырлы еңбектері партия басшылығымен тығыз байланыстыра отырылып баяндалған келесі еңбектердің теориялық мазмұны өте құнды [11].

1968 жылы жарық көрген «Жетінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары» атты жинақта 1967 жылы 12 наурызда Гурьев, Орал облыстарының әйелдерінен сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары туралы деректер келтірілсе, М.Х. Абилованың еңбегінде 1974 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне сайланған К. Дөненбаева, А. Плахина, К. Шойбекова, Ұ. Алтайбаева және тағы басқа қазақстандық әйелдер жөнінде мәліметтер берілген [12].

М.А. Абдулкадирова, М.Х. Абилова, Н.К. Крючкованың бірлесіп шығарған құжаттар мен материалдар жинағында, М. Бейсенованың, Т.М. Костыгова мен И.Я. Кошелеваның зерттеулерінде [13] ауыл-селоларда еңбек еткен әйелдердің социалистік құрылысқа тартылу жағдайы, осы тұрғыдағы Коммунистік партияның басшылық ролі сипатталған.

М.М. Молдабаеваның диссертациясында 1966-1975 жылдары Алматы қаласындағы жеңіл өнеркәсіп саласында қызмет еткен әйелдердің сандық және сапалық құрамы, әйелдерден жұмысшы кадрларды даярлау жолдары, әйелдердің еңбек етуіне қолайлы жағдайды қалыптастыру мәселесі және олардың тұрмыс жағдайы сараланған [14]. Қ.С. Алдажұмановтың, К.Ж. Абиловтың [15] зерттеулері агроөндірісті дамытуда шешуші рөл атқаратын ауыл шаруашылық мамандарын, соның ішінде жоғары және орта арнайы білімді, жаппай әйел кадрларын даярлау жолдарын, оларды орналастыру мәселесін, сандық сапалық құрамын жан-жақты талдауға мүмкіндік береді.

Ал, тарихшы-ғалым Т.З. Рысбеков «Советы Казахстана» деген монографиясында кеңес органдарындағы әйелдерді қоғамдық-шаруашылық қызметтерге тарту мәселесін ішінара қарастыра отырып, кеңестер және басқа қоғамдық ұйымдар қызметі әлеуметтік салада шектелді, бұл жағдай ауыл-селолардағы әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілуінде қарама-қайшылық туғызды деген ой-қорытындыға келген [16].

Ауыл-село әйелдерінің еңбек және әлеуметтік, саяси белсенділіктерін көтерудегі кеңес өкіметінің жүргізген шараларын айқындауда Б.Ғ. Шынтемірованың, Н.Ш. Жамансариннің, Ж.Ж. Жұмабекованың [17] еңбектерінде келтірілген фактілер мен ой-пікірлердің маңызы зор.

Село еңбекшілерінің өмірлік мүдделерін кәсіподақ ұйымдарының қорғауы мен өндірістік белсенділіктерін арттырудағы кәсіподақ қызметі мәселелерін зерттей отырып, Б.З. Жұмабаев өз диссертациясында кәсіподақ ұйымдарының еңбекшілерді қоғамдық-шаруашылық қызметтерге тартуда қолданған ең тиімді әдісі – социалистік жарыстарды өрбіту екендігін атап көрсеткен. Сонымен қатар, ол Ақтөбе облысы «Жұрын» кеңшарының табыншысы, Қазақ КСР Социалистік Еңбек Ері Балым Бірімова жөнінде құнды мәліметтер береді [18]. Ал еңбекшілердің материалдық тұрмысы, мәдени даму деңгейі қарастырылған Х.И. Қожабергенова еңбегінде 1971-75 жылдары ауыл-селода еңбек еткен ерлер мен әйелдердің сауаттылық деңгейі өскен деген қорытындыға келген [19].

Аграрлық әйел мамандардың жағдайы мен олардың табыстары да сандық көрсеткіштерде нақты сипатын тапты. А.Н. Алексеенко өз еңбегінде халық санын, Қазақстан ауыл халқының ұлттық, әлеуметтік-таптық құрамын, ауыл халқының білім деңгейінің өзгерістерін талдай отырып, 1959, 1970, 1979 жылдардағы Бүкілодақтық санақ материалдары бойынша колхозшы-әйелдердің білім деңгейлерін көрсеткен [20].

Отандық тарих ғылымының жаңаша даму кезеңі, бұрынғы еңбектерді ой-елегінен өткізіп талдау жасау, оған жаңаша көзқарас егемен ел болудан басталды. Осы кезден бастап кеңестік кезеңдегі Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуметік-экономикалық мәселелеріне, маман кадрлар мен ауыл-село интеллигенциясына, әйелдер мәселесіне арналған бірнеше зерттеулер жарияланды. Б.Қ. Бірімжаровтың монографиясында 1965 жылдан басталған жаңа аграрлық саясатты жүзеге асыру жолындағы еңбекшілердің, әсіресе әйелдердің қоғамдық-саяси және әлеуметтік белсенділіктері, ауыл-селолардағы әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани салалардағы ауқымды жетістіктері сипатталған [21]. М.Н. Сдыковтың зерттеуінде 1970-1980 жылдары Батыс Қазақстан облысындағы қоғамдық топтардың даму жағдайы, соның ішінде колхозшы әйелдер санының даму динамикасы анықталған [22].

Сонымен қатар, қарастырып отырған мәселенің қыр-сырын ашуда ғылыми құндылығы жоғары бірнеше диссертациялар жарық көрді. 1960-1980 жылдардағы мемлекеттік аграрлық саясаттың Батыс Қазақстанда жүзеге асыру бағыттарын зерттеуде С.А. Байтіленнің, Б. Сүлейменовтың, А.К. Есеркеповтың [23] жұмыстары басшылыққа алынды. С.Т. Рысбекованың, М.Т. Илиповтың, А.С. Сарсеновтың [24] зерттеулері агроөндірісті дамытуда шешуші рөлді атқаратын ауыл шаруашылық мамандарын, соның ішінде жоғары және орта арнайы білімді, бұқаралық әйел кадрларын даярлау жолдарын, оларды орналастыру мәселесін, сандық, сапалық құрамын талдауға мүмкіндік береді.

Ал әлеуметтік-экономикалық қатынастар жүйесіндегі әйел еңбегін талдауға арналған Н.У. Шеденованың еңбегінде [25] әйел еңбегінің ерекшеліктері мен қоғамда әйелдерді еңбекке ынталандыру мақсатында жүзеге асып отырған әлеуметтік саясаттың бағыттары мен негізгі принциптері зерттелген.

Ауыл-селолардың әлеуметтік даму тарихын зерттеуге арналған А. Уржановтың диссертациясында Кеңес өкіметiнiң 1960-1970 жылдарда Қазақстанның ауыл-селоларының халқына қатысты жүргiзген әлеуметтiк саясатының мәнi мен оның даму эволюциясы және оның дағдарысқа ұшырауының себептерi ғылыми тұрғыдан зерттелініп, сол кезеңдегі социализмнiң жетiстіктерi туралы қалыптасқан бiржақты қағидалар мен бағалар қайтадан қаралып, объективтi нақты-тарихи тұрғыдан баға берілген [26].

Кеңес өкіметінің қазақ әйелдері бағытында жүргізген шаралары арнайы диссертациялық жұмыстарда талдауға алынды. Мәселен, А.К. Балтабаева мемлекеттілікке қол жеткізген 1920-1930 жылдары әйелдерді елді басқару ісіне тарту мен қатыстыру мәселесін саралай отырып, ХІХ ғасырдағы әйелдердің жағдайы мен Кеңес өкіметі орнаған жылдардағы әйелдердің әлеуметтік-саяси жағдайын салыстыра баяндайды [27]. Ал С.Қарпықованың еңбегінде Қазақстан әйелдеріне қатысты тарихнамалық мәселелер (20-80 жж.) қарастырылса, Ж.Р. Әбишева 1920-1940 жылдардағы саяси науқандардың барысын, қорытындысын, тағылымын және ондағы қазақ әйелдерінің орнын бүгінгі заман талабына сай қайта қарап, терең зерттеулер жүргізген [28]. А.Д. Қожабекова зерттеуі кеңес өкіметінің әйелдер мәселесі жөніндегі саясатының басты бағыттары мен Қазақстанда 1917-1990 жылдар аралығындағы қоғамдық-саяси белсенділігін, қазақ қыздарының халыққа білім беру саласындағы қызметін, экономиканы дамытудағы ролін жаңаша көзқараспен талдайды [29].

Қазіргі таңда әйелдер мәселесі шетелдік тарихшылардың да назарынан тыс қалмай, ғылыми зерттеулерге ұласуда. Қырғыз зерттеушісі К.А. Бектурганова өткен ғасырдағы Қырғызстанның әйелдеріне қатысты ұстанған кеңес саясатына нақтылы зерттеу жүргізсе, С.Д. Хамзаева қырғыз қоғамындағы әйелдердің демократиялық қайта құрулардағы орны мен ролін сипаттай отырып, Қырғыз Республикасындағы басқарудың барлық деңгейінде және саяси институттар жүйесіндегі әйелдер статусы, гендерлік баланс мәселелерін қарастырады [30].

Осындай мәселе аясын тәуелсіздік жылдарында зерттеген Г.А. Дуненкулова диссертациясында Қазақстандағы әйелдердің саяси, әлеуметтік-экономикалық статусы, әйелдер әлеуетін өндіріс пен бизнесті ұйымдастыруға пайдалану тағы басқа мәселелер қарастырылып, бұл процестегі бұқаралық ақпараттардың рөлі сипатталған [31]. Сонымен жоғарыда аталған еңбектерге, зерттеулерге тарихнамалық талдау жасау, көтеріліп отырған мәселенің бүгінге дейін арнайы зерттеу нысанына алынбағандығын айқындайды. Сондықтан, жұмысымыздың басты мақсаты да осы олқылықтың орнын толтыру.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. 1966-1985 жылдардағы Батыс Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудағы әйелдердің ролін жаңа көзқарас тұрғысынан саралап, талдау жасау зерттеу жұмысының басты мақсаты болып табылады. Осыған байланысты, зерттеу жұмысының міндеттері төмендегі мәселелерді қамтиды:


  • 1966-1985 жылдар аралығындағы Батыс Қазақстанның ауыл шаруашылығының даму бағыттары, аграрлық саланың алдында тұрған проблемалар және оларды шешу жолдарын көрсету;

  • ауыл шаруашылық органдардың жоғары білімді, орта буын мамандарын әйелдер есебінен толтыру, оны жүзеге асыру жолдарын анықтау;

  • әйелдерден дайындалған жаппай мамандардың механикаландырылған аграрлық секторды өрге бастырудағы ролін айқындау;

  • партия, кеңес органдарындағы әйелдерді қоғамдық-шаруашылық қызметтерге тартудың мәні мен сипатын, олардың шаруашылықтың дамуына ықпалын көрсету;

  • комсомол, кәсіподақ ұйымдарындағы әйелдердің белсенділігін арттыруда кеңес өкіметі саясатының шынайы бағыт-бағдарын, қайшылықтары мен зардаптарын айқындай түсу;

  • ауыл-село әйелдерінің еңбек және әлеуметтік белсенділік дәрежесін, сипатын, оның барысында қол жеткізген жетістіктер, қиындықтар мен қарама-қайшылықтарды ашып көрсету.

Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. Зерттеу 1966-1985 жылдар аралығын қамтиды. Оның негізіне КОКП Орталық Комитетінің 1965 жылғы наурыз Пленумының шешімдеріне сай қабылданған жаңа аграрлық саясат, оның басты төрт бағыты басшылыққа алынып, оларды 1985 жылға дейін орындау барысында адами фактордың, оның ішінде әйелдердің рөлін саралауға үлкен көңіл бөлінеді.

Зерттеу жұмысының территориялық ауқымы. Қазіргі Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарын қамтитын Батыс Қазақстан өңірі.

Зерттеу жұмысының деректік негізі. Диссертациялық зерттеудің деректік негізін құрайтын құжаттар мен материалдарды бірнеше топтарға бөліп қарастыруға болады:

1 1966-1985 жылдардағы Батыс Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудағы әйелдердің ролін зерттеуде Алматы, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Орал қалаларындағы мұрағат қорларында жинақталған құжаттардың маңызы зор.

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатының № 1481 қорында Қазақ КСР ауыл шаруашылығы министрлігі, № 1997 Қазақ КСР-нің ауыл шаруашылығы министрлігі Алматы зооветеринарлық институты, № 1650 Қазақ Республикасының ауыл шаруашылығы мен дайындау жұмысшыларының кәсіподақтарының комитеті қорларында мәселеге қатысты құжаттар сақталған.

Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының № 708 Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитеті қорынан КОКП құрамындағы әйелдердің саны, үлесі, құрамы, КОКП ОК-нің ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі кадр саясатына байланысты қарар-қаулылары пайдаланылды.

Ақтөбе облысының мемлекеттік мұрағатының № 13 Қазақстан Коммунистік партиясының Ақтөбе облыстық комитеті, № 171 Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, № 1994 Ауыл шаруашылығы мен дайындау жұмысшылары кәсіподақтарының Ақтөбе облыстық комитеті қорларындағы кәсіподақ есепте тұрған жұмысшылар мен қызметкерлердің түрлі жоспар, міндеттемелердің орындалу барысы жөнінде берген есептері, кәсіподақ мүшелерінің саны, құрамы жөніндегі мағлұматтар сараланды.

Атырау облысының мемлекеттік мұрағатының № 194 Қазақ КСР ауыл шаруашылық министрлігінің Гурьев облыстық ауыл шаруашылық басқармасы, № 1 Қазақстан Коммунистік партиясының Гурьев облыстық комитеті, № 855 Еңбекші депутаттардың Атырау облыстық Кеңесі қорларында Жергілікті Кеңеске, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне, сонымен қатар КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған әйелдердің саны, үлесі, шаруашылық және қоғамдық өмірдегі қызметтері, Кеңес органдарындағы әйелдердің социалистік жарыстарды ұйымдастыру шаралары туралы мәліметтер кездеседі.

Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағатының № 761 Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы, № 37 Қазақстан Коммунистік партиясының Орал облыстық комитеті, № 850 Еңбекші депутаттардың Орал облыстық Кеңесінің атқарушы комитеті қорларында Жергілікті Кеңеске, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне, КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған әйелдердің саны, үлесі, шаруашылық және қоғамдық өмірдегі қызметтері, Кеңес органдарындағы әйелдердің социалистік жарыстарды ұйымдастыру шараларына қатысты деректер мол.

Маңғыстау облыстық мемлекеттік мұрағатындағы Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының № 397 Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданы Ильич атындағы қаракөл шаруашылықты кеңшарының құжаттары, № 164 Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданы Октябрьдің 60 жылдығы атындағы қаракөл шаруашылықты кеңшарының құжаттары, № 191 Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданы «Бозащы» қаракөл шаруашылықты кеңшарының құжаттары, № 306 Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданы «Тұщықұдық» қаракөл шаруашылықты кеңшардың құжаттары, № 386 Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданы «Қызылөзен» ауыл шаруашылық артелінің құжаттары қорларында ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқарған әйелдердің роліне байланысты материалдар алынды.

2 Қарастырылып отырылған уақытта жарияланған партиялық құжаттар жинағының материалдары мен қоғамдық-саяси өмірде жетекші рөл атқарған Қазақстан коммунистік партиясының қалыптасу және даму тарихы, халық шаруашылығын басқарудағы саясаты баяндалған партия-кеңес органдарының басшыларының баяндамалары мен еңбектері.

3 Республикалық және жергiлiктi статистика органдарының баспадан шыққан материалдары. Қазақстанның кеңестік билік жылдарында жылма-жыл жарық көрген, экономикалық және әлеуметтік, мәдени дамуы туралы сандық көрсеткіштерінен тұратын статистикалық жинақтар Қазақстан бойынша, сонымен қатар, жекелеген облыстар бойынша да ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы даму қарқынын, еңбек, халықтық білім мен мәдениетінің даму барысын зерттеуде, қорытынды жасауда құнды дерек көздері болды.



4 Мерзімді баспасөз материалдарында кездесетін деректер құрайды. Ауыл-селолардағы әйел басшылары мен мамандарының және қарапайым еңбекші әйелдердің озат тәжірибелерін насихаттау үшін «Орал өңірі», «Прикаспийская коммуна», «Казахстанская правда» баспасөз басылымдарында жарияланған көптеген мақалалар 1966-1985 жылдардағы Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуда әйелдердің атқарған сан-салалы қызметтерін, оларға қатысты кеңес өкіметінің ұстанған саясатын анықтауда дерек көзі ретінде кеңінен қолданылды.

Каталог: images -> stories -> downloads -> avtoreferaty
avtoreferaty -> Демеуова нұРГҮЛ ҚажымұҚАНҚызы XIX ғ. екінші жартысы – XX ғ. басындағы Батыс Қазақстандағы жәрмеңкелер: тарихи талдау
avtoreferaty -> Әож 94 (574. 1): 664. 95 (574. 1) Қолжазба құқығында
avtoreferaty -> Ермағамбетова әния үржімбайқызы батыс Қазақстан қалаларының даму тарихы
avtoreferaty -> Әож 94(574. 1): 332 021(043) Қолжазба құқығында
avtoreferaty -> Ахметова ұлжан төлегенқызы орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясының құрылуы және қызметі
avtoreferaty -> Әож 94 (574) 02 /. 08. Қолжазба құқығында
avtoreferaty -> Қайрғалиева гулфайруз батырлар институты және оның дәстүрлі қазақ қоғамындағы орны
avtoreferaty -> Хvііі ғасырдың соңғы ширегімен ХІХ ғасырдың 70 жылдарына дейінгі Қазақ-қоқан қарым-қатынастары
avtoreferaty -> Гиззатов саялбек махамбетұлы бөкей Ордасындағы аграрлық саясат
avtoreferaty -> Боранбаева бақтылы сансызбайқызы ғұмар Қараштың өмірі мен қоғамдық саяси қызметі


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет