Әож 94 (574. 1): 396: 338. 43 «1966/1985» (043) Қолжазба құқығында



бет2/3
Дата24.02.2016
өлшемі337.5 Kb.
#12334
түріДиссертация
1   2   3

Диссертацияның теориялық негізі. Ғылыми жұмысты жазу барысында кейінгі жылдары отандық тарих ғылымындағы 1966-1985 жылдардағы Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудағы ауыл-село тұрғындарының еңбек және әлеуметтік белсенділіктеріне байланысты тарихи шындықты қалпына келтіру мақсатында жарық көрген тарихшылардың еңбектеріндегі, зерттеулеріндегі тұжырымдамалары басшылыққа алынды.

Зерттеу жұмысының методологиялық негізі объективтілік, тарихилылық, жүйелілік, салыстырмалық және талдау мен жинақтау сияқты ғылыми таным принциптеріне сүйеніп құрылған. Батыс Қазақстан аймағы материалдары негізінде зерттелген ХХ ғасырдың 60-80 жылдарындағы Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудағы әйелдердің ролі мәселесін жан-жақты ашу үшін осы кезеңнің ауыл шаруашылығы тарихына арналған еңбектердегі соңғы кезеңде қалыптасқан ғылыми әдіс-тәсілдер, қағидалар, ой-тұжырымдары назарға алынды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Диссертацияның басты ғылыми жаңалығы – ғылыми айналымға алғаш рет енгізіліп отырған мол мұрағат деректері және бұрын жарияланған еңбектерді сыни тұрғыдан талдау негізінде жинақтап, жүйелеп, Батыс Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудағы әйелдердің ролін алғаш рет кешенді түрде зерттелуі болып табылады. Зерттеуге енгізілген жаңалықты былайша топтауға болады:

  • Батыс Қазақстандағы аграрлық қатынастардың даму ерекшектері мен аграрлық өндірістегі дағдарыс себептерін қарастыра отырып, аграрлық саясат бағыттарына талдау жасалынған;

  • Кеңес өкіметінің жоғары және орта білімді ауыл шаруашылық мамандарын әйелдер есебінен толтыру бағытында Батыс Қазақстан өңірінде жүзеге асырған саясаты құжаттық деректер негізінде сараланған;

  • Батыс Қазақстан аймағында әйелдерден дайындалған мамандардың механикаландырылған аграрлық саланы дамытудағы ролі мен орны анықталып, ғылыми баға берілген;

  • Ауыл-селодағы басшы әйелдердің қоғамдық-шаруашылық жұмыстарға тартылу жағдайы мен қиыншылықтары, олардың еңбек өндірісін басқарудағы орталықсыздандыру саясатының ықпалы ашып көрсетілген;

  • Кеңес өкіметінің комсомол, кәсіподақ ұйымдарындағы әйелдердің белсенділігін арттыру бағытында Қазақстанның батыс облыстарында жүргізген саясаты сараланып, қайшылықтары мен зардаптары айқындалған;

  • Ғылыми айналымға енбеген мұрағат қорларының деректері арқылы ауыл шаруашылығында еңбек еткен әйелдердің еңбек және әлеуметтік белсенділігінің мәні мен сипаты, ролі жаңа көзқараспен пайымдалған.

Қорыта келгенде, зерттеуде 1966-1985 жылдардағы Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудағы әйелдердің ролі Батыс Қазақстан аймағы материалдары негізінде, бүгінгі тарихи көзқараспен зерделеніп, дәйекті түрде терең талданды.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. 1966-1985 жылдардағы Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытудағы әйелдердің ролін Батыс Қазақстан аймағы материалдары негізінде зерделей отырып, мынадай тұжырымдар жасалды:

- 1965 жылғы наурыз Пленумы жариялаған жаңа аграрлық саясатқа сәйкес Қазақстанның батыс аймақтарында едәуір жұмыстар атқарылып, ауыл шаруашылық саласын дамыту мен одан әрі жетілдіру шаралары жүзеге асырылды. Алайда, кеңес мемлекетінің аграрлық саясат жүргізу барысында орын алған олқылықтардың нәтижесінде 1970 жылдардың екінші жартысы мен 1980 жылдардың басында республикадағы сияқты Қазақстанның батыс аймағының экономикасында дағдарыстың көрініс табуына алып келді.

- Кеңес өкіметі өздерінің аграрлық саясатының негізгі бағыттарын әйелдердің көмегімен іске асыруға тырысты. Сондықтан да жоғары және орта арнаулы ауыл шаруашылық кадрлары қатарында әйелдердің үлес салмағын арттыруға ұмтылды. Алайда бұл бағытта түрлі қиындықтар мен кемшіліктер де орын алды. Өйткені, жоғары және орта арнайы білімді ауыл шаруашылық әйел мамандарын даярлау маңызды көрсеткшітерге ие бола алмай, олардың кәсіби біліктілігін көтерудің нашар ұйымдастырылуы және т.б. мәселелер өз шешімін тиянақты таба алмады.

- Ауыл шаруашылығын дамытуда кеңес өкіметі бұқаралық мамандары қатарында әйелдерді тарта отырып, әйелдерден бұқаралық мамандарын даярлау мен орналастырудың кешенді жоспарын жүйелі түрде жүзеге асырды. Сөйтіп, әйелдер арасынан бұқаралық кәсiби кадрлар мен механизаторларды даярлау ауыл шаруашылығындағы негiзгi және шешушi мiндетке айналды. Осының нәтижесінде механикаландырылған аграрлық секторды өрге бастыруда әйелдерден тұрған бұқаралық мамандардың ролі зор болды.



- Әйелдерді партия мен кеңес органдардың жұмыстарына тарту іс-шаралары саяси-шаруашылық қызметтерге тарту мәселелерімен қатар жүргізілді. Өйткені кеңес өкіметі әйелдерді мемлекеттік басқару жұмысына дайындау мен ауыл шаруашылық басқару істеріне белсенді түрде араластыру жұмыстарымен жүйелі түрде айналысты. Осыған байланысты партия қатарына қабылданып, кеңесте қызмет еткен әйелдер қоғамдық-саяси өмірге кеңінен қатысып, республиканың шаруашылығын ұйымдастырып, соның ішінде аграрлық саланы дамытуға бағытталған шараларды жүзеге асыруда зор күш болды.

  • Ауыл шаруашылығы саласындағы еңбекті ұйымдастыруда, еңбек белсенділігін, шығармашылығын арттыруда жетекші рол атқарған кәсіподақ, комсомол ұйымдарындағы әйелдер агроөндірістің барлық салаларында қажырлы еңбек етумен қатар қоғамдық-саяси өмірге тікелей қатысып, аграрлық салаладағы маңызды мәселелерді шешуге атсалысты. Дегенмен, сол тұста партия тарапынан кәсіподақ, комсомол ұйымдарына дұрыс саясаттың жүргізілмеуі олардың ауыл шаруашылығы салаларындағы қызметтерін шектеді және ауыл шаруашылығын ұйымдастыруда басшылық тарапынан қателіктердің жіберілуі түрлі қайшылықтар мен зардаптардың орын алуына әкелді.

- Ауыл шаруашылығындағы өзгерістер ауыл-селода еңбек етіп жүрген әйелдердің де еңбек және әлеуметтік белсенділігін арттыруды қажет еттті. Осыған байланысты аталған салада қызмет еткен әйелдер агроөндіріс өнімдерін молайтуға, еңбек пен өндірісті ұйымдастырудың жаңа әдістерін енгізуде елеулі еңбектерімен көзге түсіп, қомақты үлес қосты. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізіп, оны дамытуға зор үлес қосқан әйелдер озат еңбек және әлеуметтік белсенділіктері үшін мемлекет тарапынан түрлі марапаттарға ие болды.

Зерттеу жұмысының тәжірибелік маңызы. Зерттеліп отырған кезеңге байланысты айтылатын ойлар, жасалынатын тұжырымдар мен ұсыныстар тәуелсіз мемлекетіміздің ауыл-село тұрғындарының еңбек және әлеуметтік белсенділігін арттыруда ұстанатын саясатын айқындап белгілеуге көмектескен болар еді. Сонымен қатар, диссертацияның материалдарын Қазақстан тарихындағы ауыл шаруашылық тарихына арналған оқулықтар жазуда, арнаулы курстар мен семинар сабақтарын жүргізуде пайдалануға болады.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертация М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан Республикасы тарихы кафедрасының мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды. Диссертацияның негізгі мазмұны мен тұжырымдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің тізіміне енген «ҚазҰУ хабаршысы», «БҚМУ хабаршысы», «Қазақ тарихы» журналдарында жарияланған мақалаларында және М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясы ұйымдастырған дәстүрлі конференцияларында көпшіліктің назарына ұсынылды.

Диссертацияның құрылымы. Кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған деректер тізімінен тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Кіріспеде қарастырылып отырған тақырыптың өзектілігі көрсетіліп, мәселенің зерттелу деңгейі сараланады. Зерттеудің мақсат міндеттері, негізгі нысаны, хронологиялық шеңбері, методологиясы, деректік негізі, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдары мен тәжірибелік маңызы айқындалады.

«Батыс Қазақстандағы 1960-1980 жылдардағы аграрлық саясат және оны жүзеге асыруда ауыл-село әйелдерінің ролі» деп аталатын бірінші тарауда Батыс Қазақстандағы мемлекеттік аграрлық саясатты жүзеге асыру бағыттары, әйелдерден жоғары және орта арнайы білімді ауыл шаруашылық кадрларын, бұқаралық кәсіби кадрлар мен механизатор мамандарын даярлау жолында атқарылған іс-шаралар қарастырылады.

1960 жылдардың ортасына қарай ауыл шаруашылығында жалпы ел эконономикасының дамуына кері әсер еткен мәселелер шоғырланды. Оларды шешу жаңа аграрлық саясатты жүргізуді қажет етті. Тың игеру барысында орын алып отырған кемшіліктердің бірқатары КОКП Орталық Комитетінің 1965 жылғы наурыз Пленумында ашылып, оларды жоюдың шаралары белгіленді. Бұл тарихи құжатта кеңестік ауыл шаруашылығы дамуының мақсат-міндеттері айқындалып, ірі төрт бағыты ғылыми негізде белгіленіп, ауыл шаруашылығын ұйымдастыруда басшылыққа алынды. Осы күрделі де мақсатты стратегиялық саясатты жүзеге асыруда ауыл шаруашылығы еңбеккерлері ХХ ғасырдың 60-80 жылдары ірі табыстарға қол жеткізіп, нәтижесінде 1966 жылдан 1980 жылға дейінгі уақытта Батыс Қазақстан аумағында тауарлы еттің барлық түрінен 15 пайыздан астамы, жүннің 21 пайызы, сүттің 10 пайыздан астамы, қаракөл елтірісінің 27 пайызы өндірілді [32, 167 б.]. Алайда 1970-1980 жылдардағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің шексіз өсуіне, кеңшарлардың жылдық табыстарының артуына қарамастан, Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы шығыны көп халық шаруашылығының саласы болып қала берді. Оған шаруашылықты басқарудың әкімшіл-әміршіл тәсілі, нарықтық қатынастарды тиімсіздікке, жоққа шығарған «кемелденген социализм» теориясының басты орын алуы, аймақтың өндірісіндегі ескі техникаларды қуаттылығы жағынан біршама күшті жаңа түрлерімен ауыстыруға баса көңіл бөлмеуі, кадр мәселесінің кешенді шешілмеуі, аймақтың әлеуметтік-мәдени мәселелерін шешу үшін қаржының дұрыс бөлінбеуі себеп болды.

Ауыл шаруашылық мекемелерінің басты міндеттерінің бірі – 1965 жылғы аграрлық саясат бағыты жоғары, орта арнаулы және бұқаралық мамандарын, соның ішінде әйелдерден даярланған кадрларды іріктеу, орналастыру және тәрбиелеу, сол сияқты олардың біліктілігін бұқаралық арттыру болып табылады. Өйткені жан-жақты білікті маман жоғары сапалы, өнімді жұмысты атқаруды қамтамасыз ететін, күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шеберлікпен шеше алатын жағдайға жеткізеді.

1966 жылы республиканың Ауыл шаруашылық министрлігі жанынан ауыл шаруашылық жоғары оқу орындарының және техникумдардың күндізгі бөліміне оқуға 8053 адам қабылданса, 1985 жылы олардың саны 29 пайызға артқан. Олардың қатарындағы ауыл шаруашылық жоғары оқу орындарында оқитындардың 1965-1966 оқу жылында 15, 1970-1971 оқу жылында 20, 1971-1972 оқу жылында 20, 1972-1973 оқу жылында 21 пайызын әйелдер құраса, техникумдарда білім алушылардың 1965-1966 оқу жылында 21, 1970-1971 оқу жылында 28, 1971-1972 оқу жылында 27, 1972-1973 оқу жылында 28 пайызын әйелдер құраған [33, с. 356-357].

Қазақстанның батыс облыстары үшін жаңа мамандар легінің өсуі – заңды құбылыс. 1961-1980 жылдары аралығында аграрлық өндірісте ауыл шаруашылығы мамандарының саны 2,4 есе өскен [7, с. 29-30]. 1980 жылдардың ортасына қарай Қазақстанда ауыл шаруашылық мамандарының 51,6 пайыз тікелей аграрлық секторда жұмыс істеді. Бұлар жоғары білім алғандар еді. Орта арнаулы білімділер қатарында мамандардың 51,7 пайыз болды. Мәселен, Орал ауыл шаруашылығы техникумында 1969-1970 оқу жылында агроном, ветеринар, зоотехник мамандықтары бойынша күндізгі бөлімде 7766 адам, сырттай бөлімде 7896 адам оқыған. Оның 95 пайызын ауылдықтар, 64,5 пайызын жастар, 32 пайызын әйелдер құраған. 1970-1971 оқу жылында күндізгі бөлімде 860, сырттай бөлімде 774 адам оқыған, оның 94 пайызын ауыл жастары, 66,3 пайызын қазақ жастары, 33 пайызын әйелдер құраған. Осылай жастарды, соның ішінде елдің экономикасының дамуында маңызды рөл атқарған әйелдерді оқуға тартуда, олардың бойына біліктілікті сіңіріп, мамандыққа тәрбиелеуде іс-шаралардың әр алуан амал-тәсілдері: конкурстан тыс қабылдау, шаруашылықтар есебінен оқыту, республика аралық алмасу және тағы басқалары қолданылды. Нәтижесінде республиканың көптеген ұжымшарлары, кеңшарлары өздерін толыққанды мамандармен жарақтай алды.

Мамандармен республикааралық алмасуға Орал облысына 1967 жылы облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлестерін қосу үшін Ресейдің Орынбор, Мәскеу және Воронеж қалаларындағы жоғары оқу орындарын ауыл шаруашылық мамандықтары бойынша тәмамдаған бірнеше жас мамандар Л.А. Перепелкина, О.Д. Пальченкова, Н.И. Симакова, А.П. Гайсина, Л.И. Прибыткова, Б. Батишева, А.Х. Сарафанова, А.С. Деканова, 1968 жылы М.В. Швейкина-Сосновцева, Е. Барыбина-Карташова, В. Д. Борисова, Р. Алмуханова сияқты жас маман әйелдер келіп, аграрлық сала жаңа маман кадрлар қатарымен толықты. Сөйтіп өзге республикалардан білім алған мамандармен тәжірибе алмасу елдегі мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға өз септігін тигізді.

1968 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен республиканың Министрлер Кеңесі Жоғарғы оқу орындарының министрлігіне, Денсаулық сақтау министрлігіне және ауыл шаруашылық жоғарғы оқу орындарына жыл сайын конкурстан тыс алыс шалғай ауылдарда тұратын жастардан студенттер қабылдауына рұқсат етті. Конкурстан тыс қабылданғандар қатарында Ақтөбе облысының Байғанин ауданынан 1 әйел, Гурьев облысының Индер және Қызылқоға аудандарынан 2 әйел, Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданынан 1 әйел болған. Мұндай әдіс ауыл шаруашылығы мамандарына аса мұқтаж шалғай аудандарды мамандармен қамтамасыз ету үшін маңызды болды [34, 5-п.; 35, 1-п.; 36, 49-п.; 37, 181-п.; 38, 100-п.].

Сонымен қатар, ауылдың кадр әлеуетін нығайту мен проблеманы шешу үшін жоғары және орта арнаулы оқу орындарына жастарды оқуға шаруашылықтар өз қаржысы есебінен жіберіп отырған. Бұған 1969-1985 жылдары аралығында жоғары және орта арнайы оқу орындарында Гурьев облысы Маңғыстау ауданы «Бозащы» кеңшарының есебінен оқыған Р. Мерғалиева, Бейнеу ауданы «Маңғыстау» қаракөл кеңшарының есебінен оқыған Г. Қаржаубаева, Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы «Бозащы» кеңшарының есебінен оқыған Р. Омарова, Г. Шадибаева, З. Төлесінова, Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Ильич атындағы кеңшардың қаржысымен оқыған Қ. Алменова және басқалары мысал бола алады. Шаруашылықтың қаржысы есебінен жастарды оқыту нәтижесінде басшылық біріншіден, сол шаруашылықты қажетті ауыл шаруашылығы мамандарымен қамтамасыз етсе, екінші жағынан сол шаруашылықта тұрақтап қалуына қол жеткізді [39, 2-п.; 40, 1-п.; 41, 83-88 пп.; 42, 89-п.].

Осы жүзеге асқан іс-шаралар арқасында Гурьев облысында ауыл шаруашылық жоғары білімді мамандардың жалпы санының 51,3 пайызын, орта арнаулы білімді мамандардың жалпы санының 60,6 пайызын әйелдер құраған. Орал облысының халық шаруашылығында еңбек ететін әйел-мамандардың 1960 жылы жоғары және орта арнаулы білімі бар мамандардың жалпы санының 57 пайызын құраса, 1970 жылы 59, 1980 жылы 60, 1985 жылы 58 пайызын құраған. Олардың қатарында ауыл шаруашылығында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен Ақтөбе облысынан Еңбек Қызыл Ту, екі рет «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған ауыл шаруашылығы маманы И.Д. Профирьева, Гурьев облысынан 1961 жылдан Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген зоотехнигі, 2 рет Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен, 3 рет КСРО халық шаруашылық жетістіктері көрмесінің алтын медалімен марапатталған Ш.Х. Құбашева, сондай-ақ Орал облысы Теректі ауданы «Плодовоягодное» кеңшарының 1957 жылдан бергі директоры, КОКП мүшесі, 1978 жылы кеңшар көрсеткіші бойынша Күміс медалімен марапатталған Л.Н. Идарова және басқа еңбек ардагерлерін атауға болады.

Ауыл шаруашылығын интенсивтендiрудiң өсуiне байланысты бұқаралық кәсiби кадрлар мен механизаторларды даярлау және тәрбиелеу проблемасы өзектi мәселе болды. Механизатор кадрларын даярлау мәселесi билеуші партияның бюросында, Кеңестердiң атқарушы органдарында қаралып, нақты шаралар іске асырылды. Сол кезде баса назар аударылып, асыра дәрiптелген тенденция – әйелдердi механизаторлы мамандыққа бұқаралық тарту болды. Орал облысы бойынша селолық кәсіптік-техникалық училищелерде 1967-1969 жылдары әйелдерден 410 механизатор даярланса, 1970 жылы 778 әйел, 1972 жылы 318 әйел, 1973 жылы 285 әйел механизатор мамандығын игерген. Гурьев облысында 1968-1970 жылдары 262 әйел-механизатор дайындалған. Ал Ақтөбе облысының кеңшарлары мен ұжымшарларында 1967-1968 жылдары 103 механизатор дайындалып, 1969 жылы 200-ден астам әйелдер механизатор мамандығын игерген [43, 33-п.; 44, 23-п.].

Батыс облыстарда механизатор мамандығына әйелдерді тарту 1970 жылдардың екінші жартысы мен 1980 жылдардың басында өз жалғасын тапты. Мәселен, Орал облысының кеңшарлары мен ұжымшарларында 1972 жылы 353 [45, 5-п.; 46, 32-п.], 1978 жылы 191, 1982 жылы 215, 1984 жылы 339 әйел механизаторлар даярланса, Гурьев облыcының кеңшар, ұжымшарларында 1974 жылы 94, 1977 жылы 74, 1979 жылы 57 әйел механизаторлар даярланған [47, 1-п.; 48, 24-п.; 49, 28-п.; 50, 32-п.; 51, 98-п.; 52, 19-п.]. Бұл мәліметтер әйелдерден механизаторлар дайындау жұмыстарының жалғасқанын, алайда әйелдердің жалпы көрсеткіштегі үлес салмағының төмен болғандығын көрсетеді.

Селолық кәсіптік-техникалық училищенің тәрбиеленушілерінің көбі ауыл шаруашылығы еңбекшілері арасында құрметті орын алған. Ақтөбе облысының «Қопа» кеңшарының тракторшысы Е. Браун 1966 жылы «Құрмет Белгісімен», Байғанин ауданындағы К. Тарғынова Ленин орденімен мараппатталған. Гурьев облысы Қызылқоға машина-трактор станциясының тракторшысы Ә. Тәжіғалиева «Қазақ КСР-іне Еңбек Сіңірген механизатор» құрметті атағына ие болған [53, 22-п.; 54, 152-п.].

Басшылық осылайша түрлі тәсілдер арқылы әйелдердің ауыл шаруашылық жоғары, орта арнаулы білімді және бұқаралық мамандары арасында әйелдердің үлес салмағын барынша арттырса, ал олар аймақтың егін шаруашылығы мәдениетін және әр гектардың өнімділігін арттыруда, мал шаруашылығын интенсивті дамытуда, берік мал азығы базасын құруда шешуші рөл атқарды. Әрине, бұл орайда кездескен қиындықтар да, жұмыста орын алған кемшіліктер де аз болған жоқ.

«1960-1980 жылдардағы ауыл-село әйелдерінің еңбек және әлеуметтік белсенділігі» атты екінші тарауда әйелдердің партия, кеңес органдарындағы қоғамдық-шаруашылық қызметтерге тартылуы, кәсіподақ, комсомол қоғамдық ұйымдарындағы әйелдердің ынталылығының артуы, ауыл-село әйелдерінің еңбек және әлеуметтік белсенділігі, ондағы қиындықтар мен қарама-қайшылықтар зерттелінеді.

Кеңес өкіметі әйелдерді мемлекеттік басқару жұмысына дайындау, біртіндеп олардың ауыл шаруашылығындағы қызмет дәрежесін көтеру, саяси және экономикалық шешімдер қабылдау деңгейінде әйелдерді ауыл шаруашылық басқару істеріне белсенді түрде араластыру бағытындағы шараларын өзіндік дәрежеде жүзеге асырды. 1966 жылы коммунистер қатарындағы әйелдердің саны Ақтөбе облысы бойынша 2683, Гурьев облысында 1868, Орал облысында 2753, 1970 жылы Ақтөбе облысы бойынша 3324, Гурьев облысында 2645, Орал облысында 3414 [55, 55-67 пп.; 56, 46-53 пп.; 57, 38-48 пп.; 58, 44-56 пп.; 59, 41-49 пп.; 60, 45-57 пп.], 1984 жылы Ақтөбе облысы бойынша 3909, Гурьев облысында 2849, Орал облысында 3414 [63, 92-143 пп.; 64, 41-67 пп.; 65, 44-56 пп.] болған. Осылайша, коммунист әйелдердің үлесі Батыс Қазақстандағы партия ұйымында біресе артып, біресе кеміп отырса да, олар аймақтың саяси-шаруашылық өмірінде жетекші рол атқарды.

Коммунистік партия еңбекшілердің кең бұқарасы тартылатын Кеңес органдары арқылы қоғамды басқарды, халық бұқарасын саяси билікке тартты. 1960 жылдардың екінші жартысынан бастап Кеңес органдарының шаруашылық құрылыстағы рөлі артты. Нәтижесінде республиканың саяси өміріне әйелдердің белсене қатысуына байланысты 1959 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттарының 32,4 және республиканың жергілікті Кеңес депутаттарының 32,9 пайызын құраса, сәйкесінше, 1985 жылы 35,9 және 49,7 пайызын құраған [16, с. 125].

1967 жылғы 12 наурызда жетінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне сайланған 476 депутаттардың ішінде Батыс Қазақстан аймағынан шыққан депутаттар да болды. Олардың қатарында Орал облысынан алтыншы сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты С. Ғұбашеваны атауға болады. Ол 1950 жылдан 1961 жылға дейін колхозшы, 1961 жылдан бері алғашқы кезде Казталовка ауданындағы «Казталовка» кеңшарының, одан кейін «Тереңкөл» кеңшарының аға шопаны, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Сауда және халық тұрмыс қажетін өтеу жөніндегі комиссияның мүшесі. Сонымен қатар, Ақтөбе облысынан 1954 жылдан бері Ленин ауданындағы Чапаев атындағы ұжымшардың сауыншысы, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жоспарлау-бюджет комиссиясының мүшесі Л.Д. Клименко сайланған [12, 54, 111, 141, 161 бб.].

1969 жылы жергілікті Кеңес депутаттары ішінде Орал облысынан сайланған екі мыңнан астам әйел жалпы депутаттардың 36,5 пайызын құраған болса, 1972 жылғы сайлауда облыстың Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып 7 әйел, облыстық, қалалық, аудандық, поселкелік және селолық Кеңестердің депутаттары болып 2570 әйел сайланған. Ал, Ақтөбе облысынан 1971 жылы өткен сайлаудың қорытындысы бойынша республика Жоғарғы Кеңесіне 6 әйел сайланды. Республиканың жергілікті Кеңестеріне депутат болып 50284 әйел сайланды немесе бұл барлық депутаттардың 44,99 пайызын құрады. Соның ішінде облыста жергілікті Кеңестер депутаттарының құрамында 2681 әйел болған.

Еңбек етуші халықтың 1966-1985 жылдары ауыл шаруашылығындағы белсенділігін, шығармашылығын арттыруда, еңбегін ұйымдастыруда кәсіподақ ұйымы жетекші қызмет атқарды. 1966 жылы кәсіподақ құрамында 4 миллионға жуық адам болды. Әміршіл-әкімшіл жүйені ұстанған партияға барлық жағынан бағынышты болуына қарамастан, кәсіподақ құрамында болған жұмысшы әйелдер халық шаруашылығының маңызды саласы агроөндірісте еңбек етті, социалистік жарыстар ұйымдастырды, еңбекшілердің құқықтары мен әлеуметтік жағдайларын реттеді және басқа маңызды міндеттерді атқарды. Бұған Орал облыстық кәсіподақ ұйымының қатарында болған Жәнібек ауданы «Талов» кеңшарының жұмысшысы, 1974 жылы «МТЗ – 50» маркалы тракторында 700 гектарды жұмсақ жерге айналдыру міндеттемесінің орнына 1200 гектарды жұмсақ жерге айналдырып, 8 мың килограмм жанар-жағар май үнемдеген Г.Н. Ботова және өзіне бекітілген 926 бас қойдан тұратын отардағы әр бастан мемлекетке орташа 2,5 килограмм жүн және орташа тірі салмағы 50 килограмм болатын қой тапсыруға алған міндеттемесін іс жүзінде 1974 жылы орташа 2,5 килограмм жүн және орташа күндік салмағы 58 килограмға жететін қойды тапсырған Орда ауданы «Құрманғазы» кеңшарының аға шопаны О. Каримованы атауға болады. Сонымен қатар осы жылы Гурьев облыстық кәсіподақ ұйымының қатарында болған, оныншы бесжылдықтың жоспарын және міндеттемелерін асыра орындаған «Первомай» кеңшарының озат сауыншылары А. Төлегенова, К. Қуанбаева, Н. Қазбаева, озат егіншілер З. Мағзомова, М. Жұмашева, М. Есімова, Б. Көптлеуова мысал бола алады. 1981 жылы Ақтөбе облыстық кәсіподақ ұйымдары ұйымдастырған социалистік жарыстардың нәтижесінде кәсіподақ ұйымдары қатарындағы Ақтөбе облысы Исатай ауданы бойынша жақсы көрсеткіштерге «Жарық» кеңшарының және «Победа» ұжымшарының механизатор-әйелдерінің звеносы азық дайындаудан қол жеткізсе, тракторшылар А. Кушетерова, Д. Шумекеева тракторларында әрбіреуі 140-150 пайызға міндеттемесін орындаған [66, 9-13 пп.; 67, 28-29 пп.].

КОКП Орталық Комитеті жастарға коммунистік тәрбие беруде партияның жақын көмекшілері деп комсомолдарды таныды және партияның жастардың кең бұқарасымен идеялық-ұйымдастырушылық байланысын нығайтудың, олардың қоғамдық-саяси белсенділіктерін көтерудің ең тиімді жолы жігіттер мен қыздарды комсомолға тарту деп есептеді. Сондықтан, Қазақстанның ЛКЖО-сы мектеп оқушылары, селолық кәсіптік-техникалық училищелер түлектері, жас колхозшылар есебінен комсомолдардың сандық өсіміне қол жеткізу жолында көп іс тындырған. Нәтижесінде 1966 жылдың 1 қаңтарында олардың қатарында 964246 мүше саналса, келесі 4 жылда олардың қатарына 803 мыңнан астам жігіттер мен қыздар қосылған [68, 95-п.; 69, 19-п.].

Батыс Қазақстан аймағында да комсомолдар қатары өскен. Гурьев облыстық комсомол ұйымының 1968 жылы 1 қаңтардан 1970 жылы 1 қаңтарға дейінгі саны 41950-ден 45684-ке дейін жеткен болса, 1968, 1969, 1970 жылдары БЛКЖО қатарына 26081 қыздар мен жігіттер қабылданған. 1970 жылы олардың 9754-і жұмысшылар болған, олар бүкіл комсомол ұйымы құрамының 50 пайызын құраған. Ал, Орал облысының комсомол ұйымдарының қатарында 1968 жылы 43 мың жас жігіттер мен қыздар болған болса, 1970 жылы олардың қатарында 54647 жас жігіттер мен қыздар есептелінген. Ауыл шаруашылығында материалдық игіліктерді өндіруге 1965 жылы 43 мың облыстық комсомол бөлімдері, 1970 жылы 20 мыңнан астам комсомолдар қатысқан. Олардың қатарында 17803 жұмысшылар, 2089 колхозшылар болған [70, 58-п.; 71, 132-п.; 72, 283-п.; 73, 289-п.]. Осы комсомол ұйымдарындағы әйелдер біріншіден, республикадағы агроөндірістің барлық салаларында қажырлы еңбек етті, екіншіден, қоғамдық-саяси өмірге тікелей қатысып, аграрлық саладағы маңызды мәселелерін шешуге зор атсалысты.

Ауыл шаруашылығын өрге бастыру міндеттерін орындауда және барлық агроөнеркәсіптік кешенді жетілдіруде 1960-1980 жылдары бұқараның шығармашылығын одан әрі дамыту басты маңызға ие болды. Әсіресе, ауыл-село әйелдерінің еңбек белсенділігі егіншілік мәдениетін көтеруде ерекше байқалды. Мәселен, 1967 жылы 12 қаңтарда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы «1966 жылы астықты өсіріп, өндіруді арттырғаны үшін Орал облысының еңбекшілерін КСРО ордендерімен және медальдарымен, бағалы сыйлықтармен марапттау жөнінде» шығарған жарлығына сәйкес облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының агрономы Ф.К. Барабанщикова, өсімдіктерді қорғау станциясының бас агрономы Л.Б. Макшаева «Айбынды еңбегі үшін» медалімен және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының агрономы Е.Ф. Дряхлова «Үздік еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Сондай-ақ бар күш-жігерлерін астық өндірісіне жұмылдырған әйелдерден Орал облысы Бөрлі ауданындағы Пугачев кеңшарының аға агрономы В.В. Понамареваның еңбегінің арқасында кеңшар 1 гектар егістен жоспардағы 13,6 центнер бидай өнімінің орнына 21,8 центнер, жоспардағы жалпы орта өнімді 76816 центнерден 127772 центнерге жеткізіп, ортақ қамбаға зор үлес қосты [74, 67-68 пп.; 75, 36-п.].

Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығының екінші бір басты саласы – мал шаруашылығы. Бұл салада еңбек еткен әйелдер мал шаруашылығы өнімдерін арттыру, мал басын өсіру, сөз жоқ, мал азығын, жем-шөп қорын дайындау бойынша да елеулі еңбектерімен көзге түсті. Еңбек белсенділігін көрсеткені үшін одақтық деңгейде Орал облысы Каменка ауданындағы Крупская атындағы кеңшардың аға шопаны А. Мамбетова күміс медальмен және 100 сом ақшалай сыйлықпен марапатталса, Гурьев облысы Қызылқоға ауданындағы Энгельс атындағы кеңшардың аға шопаны Ә. Нұртазина және басқалары 1967 жылдағы КСРО Халық шаруашылық жетістіктер көрмесіне жолдама алған [76, 117-п.; 77, 31-32 пп.].

Ауыл-село еңбекшілері мал шаруашылығы өнімдерін кеңінен өндіріп, мемлекетке тапсыру көрсеткішін миллионға жеткізген. Оның негізгі өнімі сүтті мемлекетке тапсыруда «миллионерлер» деген атаққа ие болғандардың бірі, мемлекетке сүт тапсыру мен сатудың 1967 жылға арналған міндеттемесін орындаған Орал облысы Приурал ауданының ұжымшарлары мен кеңшарлары болды. Республикааралық деңгейде жоғары еңбек белсенділігімен танымал болған Панфилов атындағы ауыл шаруашылық артелінің сауыншысы, аудан бойынша мемлекетке сүт тапсырудан бірінші орынды иеленген М. Горячева, «Плодоовощной» кеңшарының сауыншылары М. Михайлюк мен Н. Нұртазина және т.б. еңбекшілер арасында үлкен құрметке бөленген [78, 9-10 пп.].

Ауыл-селолардағы аграрлық өндірісте нәтижелі еңбек еткен әйелдердің іс-тәжірибелеріне нақты тоқталсақ, кеңестік әйелдерді агроөндіріске кеңінен тарту насихатталды. Алайда әйелдердің кәсіби біліктілігін көтеруге, оларды қызмет бабында өсіруге аз көңіл бөлу, ауыр қол жұмыстарын көптеп жүктеу секілді теріс құбылыстар орын алды. Осыған қарамастан, әйелдерден даярланған мамандардың, механизаторлардың, малшылар мен егіншілердің кәсіби міндетіне адалдығының арқасында Қазақстандық миллиард пұт астық өндіріліп, мал басының өсуі мүмкін болды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет