Әож 94(574. 1)«1920/2001»: 622. 692. 4 Қолжазба құқығында Әбденов айдын жақсанұЛЫ


Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негізі



бет2/3
Дата25.02.2016
өлшемі492.14 Kb.
#19963
түріДиссертация
1   2   3

Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негізі. Еңбекті жазуда ғылыми таным принциптері – тарихилық, объективтік, жүйелілік қолданылды. Тарихи процестер мен нақты оқиғаларды зерттеуде ғылыми ұстанымдар пайдаланылды. Жұмыста арнайы тарихи әдістер жиынтығы қолданылған: тарихи-салыстырмалы, тарихи-жүйелілік және статистикалық. Нақты әдістерді таңдау түрлі факторларға, яғни пайдаланудағы деректердің мазмұны мен сипатына, диссертацияның мақсатына байланысты жүргізілді.

Мәселенің хронологиялық шегі. ХХ ғасырдың 1920 жылынан, яғни Кеңес үкіметінің қалыптасуы қарсаңындағы кезеңнен бастап, еліміз егемендік алғаннан – 2001 жылдар аралығына дейінгі бір ғасырдай кезең қамтылады.

Зерттеудің территориялық аумағы. Зерттеу жұмысының территориялық шегі республикамыздың батыс өңірін – Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары аралығын қамтиды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы.

- жұмыс Батыс Қазақстан аймағындағы 1920-2001 жж. мұнай тасымалы құбырларының қалыптасуы мен даму барысын тұтастай зерттеген алғашқы тәжірибе болып табылады;

- Ресей Федерациясы мен Қазақстан мұрағаттарының құжаттарынан алынған жаңа деректер ғылыми қолданысқа енгізілді;

- Кеңес үкіметі мен Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы мұнай құбырлары басқармаларының рөлі мен басқару ерекшеліктері анықталынды;

- мұнай құбыры көлігі жүйесінің даму динамикасы кезең-кезеңдерге бөлініп негізделді;

- мұнай құбыры көлігі саласының өркендеуіне күш салған жергілікті ұлт өкілдерінің жаңа есімдері танылды;

- Қазақстан энергоресурстарын экспорттауда Ресей, Қытай басқа да алыс, жақын шетелдермен арадағы саяси-экономикалық байланыстар мен «ҚазТрансОйл» Ұлттық мұнай тасымалдау компаниясының қызметі қарастырылды.

Зерттеу жұмысының ғылыми-практикалық маңыздылығы.

Зерттеу жұмысын жазу барысында қолданылған мұрағаттық құжаттар, тарихи деректер және жасалған тұжырымдар мен қорытындыларды Қазақстанның экономикалық тарихы, тарихи география бойынша жоғарғы, орта, арнаулы орта оқу орындарында лекция, семинар сабақтарында, сонымен қатар энергетика тарихынан арнайы курс ретінде қолдануға, жұмыстың негізгі бөлігін Қазақстанның мұнай-газ өндірісінің даму тарихына қатысты еңбектерге пайдалануға болады.



Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Жұмыстың негізгі мәселелері бойынша тұжырымдалған ой пікірлер әр түрлі ғылыми, әдістемелік, қоғамдық-саяси басылымдарда жарық көрді. Барлығы – 10 мақала, оның 5 – ҚР БҒМ Бақылау комитетінің тізіміне кірген ғылыми журналдарында, 5 – халықаралық конференциялар материалдарында жарияланды.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

- ХХ ғасырдың 20-шы жылдары елде отын тапшылығы орын алды. Бүкіл елді шаруашылықтағы күйзелушілік және аштықпен қатар аса қиын отын дағдарысы жайлады. Отын тапшылығын шешудің негізгі көзі – Ембі мұнайы еді. Мұнай құбырын салуға бағытталған жұмыстардың барлығы мемлекеттік маңызы бар және әскери-шұғыл тапсырмалармен пара-пар деп танылды. Еліміздің батыс облыстарының мұнай өнеркәсібінің дамуына орасан кедергі болған жағдай солтүстікке бағытталған шойын жолдар мен құбыр жолдарының тапшы болғандығы бірден-бір себеп еді.

- Қазіргі кездегі мұнай тасымалдайтын труба құбырлар жүйесі негізінен КСРО-ның өмір сүру кезеңінде қалыптасты. Қазақстан Ресей үшін шикізат базасы ғана болды және барлық өндірістік-өнеркәсіптік орталықтар сол елдің аймағына шоғырландырылды. Елдегі мұнай құбырлары басқармалары толықтай Мәскеудің бақылауында болды. Екінші бесжылдық жоспардың ең күрделі тапсырмасына, басты құрылыс нысанына айналған «Каспий-Орск» мұнай құбырының (1932-1935 жж.) құрылысы аяқталынып, ембінің мұнайы орталыққа айдалды.

- Республикада құбырлық тасымал жүйесі Маңғыстау түбегінің бай кен орындарының игерілуіне байланысты, әсіресе 60-80 жылдары күшті қарқынмен дамыды. Осы жылдардан бастап мұнай құбырлары басқармасының дамуына жағдай жасалына бастады. Мұнай өндірудің тез қарқынмен артуы мұнайды аралық мұнай құбырлары арқылы еліміздің мұнай өңдеу зауыттарына тасымалдау міндетін шешуді жүктеді. Сондықтан да еліміздің батыс өңірінде мұнай тасымалдауды жүзеге асыратын бірнеше басқармалар құрылды. Әлемдегі ең ірі «ыстық» «Өзен-Атырау-Самара» магистралды мұнай құбыры, өнеркәсіпке аса қажетті «Өзен-Жетібай-Ақтау», «Қаламқас-Қаражанбас» «Кеңқияқ-Орск» және тағы басқа да маңызды бірнеше арналық мұнай құбырлары қолданысқа беріліп, халық игілігіне жарады.

- Кеңес үкіметі тұсында геологтар, инженер-мұнайшылар, техниктер, бұрғылаушылар, мұнай өндіру жөніндегі операторлар сапалық тұрғыдан жетілді. Олар заманауи техниканы жете меңгерді, ұлттық интеллегенцияның, техник-мұнайшылардың үлкен легі өсті, қарапайым жұмысшыдан басшылық қызметке көтеріліп, ғұмырын сол салаға арнаған қазақтардың саны еселене түсті. Мұнайшы мамандар алғаш білімдерін ФЗО-дан бастап, кейін Мәскеудің, Бакудың, Уфаның, Алматының жоғарғы политехникалық институттарынан біліктіліктерін шыңдап, ісінің қас шеберлеріне айналды. Еліміздің мұнай өнеркәсібінің өркендеуіне өз үлестерін қосты.

- Қазақстан Республикасы егеменді ел болып жарияланғаннан кейін осы сала бойынша бірнеше мәселелерді шешу қажеттілігі тұрды, ең алдымен мұнайды бөлу мен тасымалдаудың ортақ жүйесінің құлауына байланысты жаңа реформалар жүзеге асырылды. Әлемдік рынокқа қазақ мұнайын шығару бағыттарын айқындайтын ұзақ жылдық жоспарлар әзірленді, бұлар мұнай компанияларының мұнай экспортындағы ішкі, сыртқы қатынастарын дамыту арқылы Республиканың экономикалық әл ауқатын еселеуге негізделді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылдың 2 сәуіріндегі № 461 бұйрығы бойынша «ҚазТрансОйл» Ұлттық мұнай тасымалдау компаниясы құрылды, Үкімет басшылары 2001 жылы компанияға мұнай экспортындағы барлық жобаларды жүзеге асыратын бірден-бір құзырлы мекеме деп таныды. Ұзақ жылдар құрылысы жүрген Каспий Құбыржелілік Консорциумы жүйесінің алғашқы кезеңі аяқталынып, қолданысқа беру 2001 жылдың желтоқсан айында жүзеге асырылды. Бұл Ресей мен Қазақстаннан жылына 15 млн. тонна шикі мұнайды экспорттауға мүмкіндік жасады, кіріс көлемі 1,5 млрд. долларды құрады.

- ХХІ ғасырда Қазақстан көмірсутек шикізаты қорына аса бай мемлекеттердің қатарынан көрінуге әбден мүдделі. Мемлекетіміз Ресейдің, АҚШ-тың, Қытайдың және басқа елдердің ірі мұнайгаз корпорацияларымен ұзақ жылдарға келісімге келіп, өзінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып әлемнің дамыған елу елінің қатарына қосылу үшін маңызды стратегиялық тапсырмаларды жүзеге асыруға талпыныс жасап отыр, әрине бұл ретте құбыр көлігі маңызды рөл атқарады. Қазақстан мұнайының басым бөлігі Атырау – Самара мұнай құбыры арқылы тасымалданады, ал құрылысы қызу жүріп жатқан Батыс Қазақстан – Батыс Қытай мұнай құбырларын салу Қазақстанның саяси-экономикалық өмірінде өте маңызды, себебі ол еліміздің барлық аймағын байланыстырып, біртұтас жүйе құруға септігін тигізетіндігі анық.

Диссертация құрылымы. Диссертация белгілеулер мен қысқартулардан, кіріспеден, екі тараудан, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ БӨЛІМІ

Зерттеу жұмысының кіріспесінде тақырыптың өзектілігі, мәселенің зерттелу деңгейі негізделеді, зерттеу жұмысының нысаны, пәні, хронологиялық және территориялық шегі, әдіснамалық негізі анықталады, диссертацияның мақсат-міндеттері, ғылыми жаңалығы көрсетіліп, тәжірибелік маңызы, сыннан өтуі, деректік базасы баяндалады.



«Батыс Қазақстан аймағындағы мұнай құбырлары жүйесінің қалыптасуы (1920-1985 жж.)» деп аталатын бірінші тарауда Батыс Қазақстан аймағындағы мұнай құбырлары жүйесінің қалыптасуы мен дамуына жан-жақты зерттеу жүргізілді. Бірінші бөлімінде Қазақстандағы мұнай құбырлары жүйесі басқармасының ерекшеліктері белгіленіп, анықталынды.

Батыс Қазақстандағы мұнай құбыры көлігі жүйесінің қалыптасуының тарихи алғышарттары ХХ ғ. 20-40 – шы жылдарына сай келеді. Орал-Ембі мұнайлы аймақтарын интенсивті түрде игеру (Доссор, Қосшағыл, Мақат, Темір, Жақсымай кенорындары) мен көліктік коммуникациялардың құрылысына тапсырмалар берілді, ол темір жол мен мұнай құбырларына да қатысты болды. Бірақ, бұл кезеңде жаңадан мұнай кен орындарын ашу мен өндіруге көп көңіл бөлінді, ал мұнай құбырлары жүйесінің қалыптасуына тек алғашқы қадамдар жасалынды.

Отын-энергетикалық кешеннің бір бөлігі ретінде мұнай құбырлары көлігінің мақсаты – көмірсутек шикізатын ішкі және әлемдік рынокқа жеткізумен маңызды рөлге ие. Бұл кезекте мұнай құбыры көлігінің пайда болуы мұнайды өндірудің дамуымен қатар жүрді. Республикада барланған мұнай қорының 90 % Батыс Қазақстан өңірінде шоғырланған.

Бұл аймақтың географиялық орналасуы өте қолайлы – ол оның бірінші басымдылығы. Себебі, Одақтың басқа да мұнайлы аудандары (Баку, Грозный және Майкоп) КСРО-ның шеткі аймақтарында орналасты, ал Орал-Ембі ауданы одақтың нақ ортасында шоғырланды және аймақтан өндірілген өніммен Еуропа мен Азия елдерін қамтамасыз етуде екі жақты тиімді болды. Бұл әрине, елде үстемдік еткен коммунистік партияның аймақтарды индустрияландыру бағытындағы саясатында үлкен маңызды рөл атқарды. Екінші басымдылық – Одақтың басқа мұнайлы аудандарына қарағанда Орал-Ембі ауданында бұрғылау жұмыстарының жеңіл жүруі. Ал үшінші басымдылық – мұнай қорына байлылығында.

Өкінішке орай, барлық назар бұрынғы Баку мен Грозный аймағына бөлінді. Алғашында осы мұнай құбырымен тасымалданатын Ембі мұнайын өңдеуге қажетті зауытты Ақтөбе облысының территориясында салмақшы болған, бірақ жоғарғы басшылықтың бұйрығы бойынша мұнай өңдеу зауытын Ресейдің Орскі қаласында салды.

Ал ХХ ғ. 50-80-шы жылдары мұнай кен орындарын игеру қарқынды жүргізілді, осы кезеңдерден бастап мұнай құбырлары көлігі инфрақұрылымын құрудың бастамасы қолға алынды. 60-шы жылдары Оңтүстік Маңғышлақтың мұнайлы аудандарында жаңа кен орындарының көптеп ашылуымен ерекшеленді. Түбек енді Одақ көлемінде ғана емес, бүкіл әлемге танымал бола бастады.

Осындай артықшылықтарға ие болып отырған Батыс Қазақстан мұнайлы аймағын «орталық» басшылары тек шикізат қоймасы ретінде пайдаланып, басқа аймақтармен бір-бірімен байланыстарын шектеп отырды. Оның айқын көрінісі Батыс Қазақстан аймағы республиканың басқа аймақтарымен экономикалық, көліктік байланыста болмады. Және өндірілген шикізатты өңдеп, сапалы өнім шығаратын фабрика, зауыттар, кәсіпорындар біздің елден тыс, солтүстіктегі алып державаның территориясында салынды. Өндірілген қара алтынымыз құбыр арқылы және басқа да қатынас жолдары арқылы Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына (Орск, Ярославль, Самара, т.б.) тасымалданылды. Міне, осыдан келіп еліміздің мұнай құбырлары жүйесі ортақ бір басқарманың құзырында болмады, олар бөлек сала күйінде қалды.

Тараудың екінші бөлімінде мұнай құбырлары жүйесінің ХХ ғ. 20-50 жж. қалыптасуы, құбыр құрылысын салудағы тапсырмалар мен орындалған іс-шаралар кеңінен қарастырылады. Орал-Ембі аймағы ақгвардияшылардан босатылғаннан кейін осы аймақты өнеркәсіптік тұрғыдан кеңінен игеру мәселесін 1920 ж. В.И. Ленин көтерді. Оның пәрменімен Александров-Гай-Ембі темір жолы салына бастады, бұл жолды тұрғызудың мақсаты осы қашық та шөлді аймақты ел орталығымен байланыстыру болатын. Темір жолды тарту шаралары қуатты мұнай өнеркәсібін құруға және оны қарыштата дамытуға қажетті бірден-бір негіз болатын. В.И. Ленин 1920 жылдың 17 наурызында Жұмысшылар Кеңесімен ақылдаса келе «Ембі мұнайлы ауданынан Саратов қаласына дейін мұнай құбырын салу жөнінде» Қаулы қабылдады. Сол бойынша шұғыл атқарылатын шаралар белгіленілді: мұнай құбырын салуға бағытталған жұмыстардың барлығы мемлекеттік маңызы бар және әскери-шұғыл тапсырмалармен пара-пар деп танылып, толық назарға алуды бұйырады. Осы тұста құжаттарда «Алгемба» сөзі пайда болады, бұл термин - күрделі, алып әрі аса қуатты құрылыстардың жүруіне байланысты аталынды. Егер де 1920-шы жылдарға дейін негізгі мұнай тасымалдау көлігі мал-жануар, әсіресе жылқы мен түйе болса, кейінгі жылдары олардың орнын бірте-бірте техника автомашиналар, тракторлар, тіркемелер толықтырды.

1931 жылы құрылған «Ақтөбемұнайбарлау» трестінің №10 ұңғыманы бұрғылауымен Ақтөбе облысында Шұбарқұдық кен орны, екі жылдан кейін Жақсымай кен орны ашылды. Екі кен орны да Гурьевтен алыс болды. Көп ұзамай, өндірілген мұнайды тасымалдау проблемасы туындады, ол Шұбарқұдық пен Жақсымай кен орындарын Доссор және Мақат кен орындарымен біріктірген Гурьев-Қандағаш темір жолын салу жоспарланды, және де еліміздің батыс облыстарын орталықпен байланыстыратын солтүстікке бағытталған шойын жолдар мен су жолдары жетпіспеді. Сондықтан, 1932 жылы Еңбекшілер мен Қорғаныс Кеңесі «Каспий-Орск» мұнай құбыры желісінің құрылысын бастады, онда жылына 1,5 миллион тонна мұнайды тасымалдау көзделді.

Құбыр көлемі мен ауыртпалығы жағынан КСРО-дағы екінші (Баку-Батуми труба құбыр желісінен кейінгі) күрделі құрылысқа айналды. Сонымен қатар, бұл жоба осы ғасырдағы ірі құрылыстар Днепр СЭС, Түркісіб және тағы басқа индустриальды өнеркәсіп нысандары қатарына жатқызылды.

1935 жылдың 11-ші қазанында сағат 9 жарымда «Каспий-Орск» құбыры құрылысы аяқталынды, өзіне Қосшағыл, Жақсымай-Шұбарқұдық, Оңтүстік Ескене магистралдарын қосып, барлығы 972 километрді қамтыды. Жыл сайын еліміздің миллиондаған тонна «қара алтыны» Орскі мұнай өңдеу зауытына жеткізіле бастады. Кейін бұл магистралдың бойында мұнай қысымын күшейтетін 11 арнаулы станция іске қосылды. Жүздеген километрге созылған сортаң және құмайтты өңірлерді кесіп өткен мұнай магистралын салуға Гурьев, Орал, Ақтөбе облыстарының еңбекшілері ат салысты. Магистралды мұнай құбыры «Нефтепроводтресті» арқылы жобаланып, салынды. Құбырдың салынуы Батыс Қазақстанда көліктік инфрақұрылымның қалыптасуына жағдай жасады.

Бүкілодақтық Коммунистік Партиясының ХҮІІ съезінде В.В. Куйбышев екінші бесжылдық жоспар бойынша есеп бере келе, «КСРО ауыл шаруашылығының дамуына Қазақ АКСР-і ерекше үлес қосты, әсіресе, отын өнеркәсібінде мұнай өндіру 7 есеге артты, ондағы негізгі жетістік қуатты, алып Каспий-Орск мұнай құбырының салынуында» деп атап көрсетті.

Ұлы Отан соғысы қарсаңында жүргізілген іздеу – барлау жұмыстарының нәтижесінде Байшонас, Оңтүстік Ескене, Қосшағыл, Құлсары, Шығыс Сағыз тағы басқа мұнай кен орындары ашылды. 1937 ж. жаңадан Ракуша-Море, Ескене-Аралық (Промежутка) жаңа мұнай құбырлары қолданысқа берілді, нәтижесінде Байшонастың шығыс мұнайы Ескене үстімен Орскіге айдалынды.

Соғыс жылдарында ұзындығы 49 шақырым болатын Нармонданақ (Комсомол) – Мақат мұнай арнасының құрылысы қызу жүрді. Жалпы соғыс жылдарында құрылыс алаңына қажетті жұмысшылар саны 4600 адамға жетіп жығылды, олардың орнын Астрахань лагерінен және жаудың тұтқынға түскен өкілдерімен толтыру белгіленді. 1943 ж. 10 қаңтарында құрылыста іс жүзінде 1064 жұмысшы болса, оның 313-і сотталғандар, 751-і тұтқындалғандар. Олар негізінен мұнай құбырын төсеу жұмыстарына жұмылдырылды.

Соғыстан кейінгі бесжылдықта Қошқар-Сағыз, Сағыз-Мақат, Тентек- Сор-Байшонас, Қаратон-Қосшағыл, Мұнайлы-Құлсары секілді мұнай құбырларының құрылыстары жүрді. Бірақ та, 1948-1950 жылдарда өндірілген өнімді жөнелтуге арналып салынатын Қаратон-Қосшағыл, Мұнайлы-Қосшағыл мұнай құбырларын салу мәселесі тым кешеуілдетіп, тапсырыстар уақыты орындалмады. Құрылыс жұмыстары бірнеше айлап тоқтап тұрды. Оған негізгі кедергі жыл сайын құрылыс нысандарына бөлінетін қаржының мардымсыз болуынан.

Тараудың «ХХ ғ. 50-85 жж. мұнай құбырлары жүйесінің дамуы» атты үшінші бөлімінде Батыс Қазақстанның қазіргі мұнай құбырлары жүйесінің қалыптасып дамуының негізгі кезеңдері сипатталады. 50-60-шы жылдары магистралды мұнай құбырлары басқармасы жүйесі үлкен өзгертулерді талап етті. Жалпы барлық магистралды мұнай құбырлары желісі Министрлер Кеңесінің Одақтық республикаларының қарамағына берілді.

Барлаушы-геологтардың еңбегі арқасында ірі кен орындар Кеңқияқ (1959 ж. Ақтөбе облысы), Прорва (1961 ж. Атырау облысы), Өзен, Жетібай (1961 ж. Маңғыстау облысы) кен орындары ашылады. Еліміз бен әлемді таң қалдырған мұнай байлығын кәсіпке игеру мақсатында 1964 ж. Маңғышлақта тұңғыш рет «Өзенмұнай» мұнай өндіру басқармасы құрылады. Оның алғашқы басшысы Рахмет Өтесінов болды. Қорға бай кен орындардың ашылуы Батыс Қазақстанды еліміздің негізгі мұнайөндіру орталығына айналдырды. Ендігі кезекте өндірілген көмірсутек шикізатын тасымалдау мәселесіне назар аударыла бастады.

1965 жылдың 16 маусымында Батыс Қазақстанның мұнайын тасымалдау үшін қос бірдей басқарма: Гурьев магистралды мұнайөнімі құбырлары басқармасы мен Шевченко магистралды мұнайөнімі құбырлары басқармасы дүниеге келеді. Гурьев ММӨҚБ-ның міндеті Ембі мұнайын Гурьев, Орскі және Ярославтың МӨЗ-на жеткізумен тікелей айналысты, тасылған мұнай көлемі 1968 жылы 1583,2 мың тоннаға жетті.

Басқарманың алдына қойылған ең маңызды мәселе өнеркәсіпке аса қажетті «Өзен-Жетібай-Шевченко» құбырын іске қосып, оны қолданысқа тапсыру. Магистралды мұнай құбыры қолданысқа 1966 жылы берілді, ұзындығы 141,6 шақырымдық құбырдың жобасын «Южгипротрубопровод» институты жасады. Сонымен қатар, Ақтау қаласында мұнай қабылдайтын айлақты салу да қатар жүрді, Ақтау, Астрахань, Махачкала, Баку, Волгоград қалалары аралығында теңіздік коммуникацияның қалыптасуы Маңғышлақ мұнайын тасымалдауға жағдай жасады. 1966 ж. 10 қазанында Каспийлік «Джебраил» атты алғаш танкерге мұнай құйылып, Волгоградтың МӨЗ жөнелтілді. 1966 жылдың өзінде Волгоградтың МӨЗ – 211883 тонна, ал Гурьев МӨЗ - 1077014,182 тонна мұнай жетіп үлгерді.

Және де ұзындығы 1500 шақырым болатын әлемдегі ең көлемді әрі «ыссы» Өзен-Құлсары-Куйбышев магистралды мұнай құбыры іске қосылды, жобасы мен құрылысын ұйымдастыруда атқарған маңызды жұмыстары үшін «Южгипротрубопровод» институтының авторлық ұжым мүшелерінің жұмыстары 1969 жылы үздік деп танылып, Одақ көлеміндегі аса жоғары Мемлекеттік сыйлық табыс етілді. Трасса Маңғыстау түбегін, Үстіртті, Каспий маңы ойпатын, Гурьев (Атырау), Орал (Батыс Қазақстан), Орынбор және Куйбышев облыстарының территориясын кесіп өтіп, солтүстікке еліміздің мол байлығын тасымалдауға арналды. Құбыр жолы 133 табиғи және жасанды өткелдерден өтеді, соның ішінде: 39 өзен, 6 шойын, 14 автомобиль жолды, 23 сорды кеседі. Құбыр жолындағы ең ірі өзен - Орал.

1965-1967 жж. «Кеңқияқ-№6 МАС» магистралды мұнай құбырын салу туралы сұрақ туындады. Кеңқияқ мұнайының қаншалықты бағалы байлық екенін мына деректерден көруге болады. Тауарлы мұнай өткізудің орташа жылдық көлемін ақшаға шаққанда бүкіл аудан совхоздары тапсыратын барлық ауыл шаруашылығы өнімдеріне тең екен.

Өткен ғасырдың 70-ші жылдардың орта тұсында Бозащы түбегінде – Қаражанбас, Қаламқас, Солтүстік Бозащы мұнай кенорындары ашылды. 1979 жылы алғаш болып ұзындығы 202,5 шақырымдық Қаражанбас-Ақтау құбыр желісінің бөлікшесі іске қосылынды. Екінші бөлікше ұзындығы 62 шақырым, диаметрі 520 мм болатын Қаламқас-Қаражанбас арнасы 1980 жылы Жетібай-Ақтау мұнай құбырына жалғанды. Бұл жоба авторларына 1980 ж. Қазақстанның ғылым мен техника саласындағы жетістіктері үшін Мемлекеттік Сыйлық табыс етілді.

ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының ортасына таман Қазақстандағы ең ірі – Теңіз кен орны ашылды. Оны белгілі геолог-барлаушы Б.С. Сағынғалиев тапты. Ал 1994 жылы Б.С. Сағынғалиев керемет Теңіз мұнайлы кен орнын ашқаны үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Теңіз алаңынан алғаш өндірістік мұнай бұрқағы 1979 жылы 5396 метр тереңдіктен атқылаған болатын. Жүргізілген зерттеулер бұл алаңды түмендік кен орындарымен пара-пар екендігін көрсетті.

Мұнайды өндіру мен тұтыну көлемінің артуы трубақұбыр көлігінің дамуымен тығыз байланыстылығын көрсетеді. Тек мұнай құбыры арқылы мұнайды мол көлемде және ұзақ қашықтыққа тиімді тасымалдауға ғана болады. Одақта мұнай құбыры көлігінің дамуы қаржы көлемінің бөлінуіне тікелей байланысты болды, 80-ші жылдары өндіріс саласында ілгері қадам басу анық байқалды, ол алдымен жаңа автоматтандырылған техникалар мен өндірістің механикаландырылуымен ерекшеленді.

Нәтижесінде, ХХ ғ. 60-80-ші жылдарынан ембінің, маңғыстаудың мұнайын трубақұбыр транспорты арқылы тасымалдаудың үлесі артты, оған дәлел салынып, қолданысқа берілген жаңа құбырлар желісі негіз болады.

Ал тараудың төртінші бөлімінде мұнайшы-кадрларды дайындаудағы алғашқы оңды қадамдар 1920 жылдардан бастап қолға алынғандығы, 1920 жылғы 1-ші ақпандағы есеп бойынша Доссор кен орынында 590 жұмысшы еңбек еткендігі келтіріледі. Оның 351-і қазақ ұлтының өкілдері. 1921 жылы осы кен орнында арнайы кәсіби мамандар 36,6 пайыз, қара жұмысшылар – 39 пайызды құрады. «Орал-Ембі» мекемесіндегі есеп бойынша, 268 қызметкер болса, 1922 жылғы есепке сәйкес 333 қызметкер болды. Жұмысшылардың ұлттық құрамы: орыстар - 1,181 (51,8 пайыз), қырғыздар (қазақтар. Ә.А.) - 1,012 адам (44,5 пайыз), татарлар- 82 адам (3,7 пайыз). Жалпы мұнайшылардың 1448-нің отбасы болса, 827 адам басы бос, 261-і әйел азаматтар еді.

ХХ ғасырдың 20-40-шы жылдарында мұнайшыларды дайындау ісімен мұнай кәсіпшіліктері жанынан құрылған арнайы курстар мен мектептерде жүргізілді, мысалға Доссор мен Гурьевтегі ФЗО-да, Темірдегі арнайы мектептерде т.б. Батыс аймақта орналасқан кен орындары әуелден-ақ мұнайшы кадрларды тәрбиелеудің ұлағатты ұстаханасы болғаны белгілі. 1950-1960 жж. мұнай саласына маманданған қазақ жастары аз болды. Дегенмен де, 1960 жылдары республиканың әр түпкірінде арнайы маманданған айлық курстар ашылып, 9-10 сыныптағы оқушыларды мұнай-газ саласына бейімдеп оқыта бастады. Алғашқы дайындық курстарынан өткен мамандар жоғары білім алу мақсатында Мәскеу, Баку, Уфа, Грозный мұнай институттарында, кейін елімізде ашылған Атырау, Алматы қалаларындағы политехникалық техникумдарда оқып, жоғары маманданған кадрлар есебінде қызметтерін жалғастырады. 1970 жылы Оңт. ММӨҚБ ұжымында 2771 адам жұмыс жасаса, олардың арасында инженер-техникалық жұмысшылар – 139, қызметкерлер – 245, жұмысшылар – 2063, қызмет көрсетушілер – 78 адамды құрады.

КСРО билік орындары мен саяси басшылығы тарапынан ХХ ғасырдың 60-80-шы жылдары жас жұмысшы кадрларды даярлау ісіне ерекше маңыз беріліп, бұл салаға жан-жақты қамқорлық көрсетілген. Яғни, осы кезде елдегі кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі реформаланып, ондағы оқу-тәжірибе, тәрбие ісі кең қанат жайып жаңа деңгейге көтерілген. Тіпті оқу орындарының ХХ ғасырдың 30-40-шы жылдары пайда болған фабрикалық-зауыт оқуы деген атауы енді кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі /училищесі/ деген атауға көшірілген.

Сонымен, ХХ ғ. 20-40-шы жылдары Батыс Қазақстан аймағының мұнай тасымалы құбырларының қалыптасып, даму процесі баяу жүрді, оған бірнеше объективті себептер әсер етті. Осы жылдары қазақ мұнайшыларының әсіресе, техникалық интеллегенцияның үлкен легі қалыптаса бастады, алғаш рет мұнай құбырларын басқаратын басқарма құрылды. Ал 60-80-ші жылдары Қазақстанда мұнай қорына бай Каспий маңы ойпатынан, Маңғыстау мен Бозащы түбегінен бірнеше кен орындар ашылып, игерілді. Осыған байланысты елімізде ірілі-ұсақты мұнай құбырлары салынып халық игілігіне жарады және мұнай құбырлары жүйесі басқармасы да жаңа арнаға түсе бастады.

«Мұнай құбырлары жүйесінің қазіргі жағдайы мен даму әлеуеті (1985-2001 жж.)» деп аталатын екінші тарауда қайта құру кезеңіндегі әкімшілдік-әміршілдік басқару жүйесінен бастап нарықтық экономиканы таңдаған тәуелсіз Қазақстанның мұнай құбырлары жүйесінің дамуы зерделенеді. Тараудың бірінші бөлімінде 1980 жылдардың ортасына таман Одақтың экономикасында даусыз орын алған құлдырау Қазақстанның мұнай құбырлары басқармаларына да тікелей әсер етті және орталықтан бөлінетін қаржы көлемінің шектелуі кәсіпорындардың өндірістік қуатын кеңейту мүмкіндігін азайтты.

1986-1987 жылдары Прорва-Құлсары, Мартыши-Атырау, Теңіз-Құлсары арналық мұнай құбырлары іске қосылды. Ал күніне 200 мың баррель мұнай өткізетін Атырау-Самара мұнай құбыры Кеңес Одағы құлағаннан кейінгі Батыс Қазақстан кен орындарынының өнімдерін Ресейдің трубақұбыр жүйесімен байланыстыратын жалғыз құбыр болды және сол арқылы қазақстандық мұнайды әлемдік саудаға шығаруды қамтамасыз етті.

КСРО ыдырағаннан кейінгі алғаш жылдарында Мәскеу осы құбыр арқылы еліміздің мұнайын тасымалдау көлемін де қысқартты, тек аз мөлшерде өткізуге мүмкіндік болды. Дегенмен де ескере кетсек, Каспий аймағындағы трубақұбырлардың экспорттық бағыттары кеңейіп, іс жүзіне аса бастаған кезеңде, Ресей өзінің құбырларымен каспийдің мұнайын тасымалдауды шектеу әрекетінен бас тартты. Соңғы кездері қазақстандық мұнайды Ресей территориясы арқылы тасымалдау мәселесі жалпы тұрақталды деуге болады.

Тараудың екінші бөлімінде 1991-2001 жж. мұнай құбырлары жүйесінің дамуы, шетел ивесторларын тарту, ұзақ жылдық келісімдер жасау мәселелері кеңінен баяндалады. Қазақстан Республикасы егеменді ел болып жарияланғаннан кейін осы сала бойынша бірнеше мәселелерді шешу қажеттілігі тұрды, ең алдымен мұнайды бөлу мен тасымалдаудың ортақ жүйесінің құлауына байланысты жаңа реформаларды жүзеге асыруды талап етті. Қазақстанның мұнайын жүйелі түрде тасымалдау алдымен мұнай өндіру саласына көлемді қаражат бөлуді талап етті. Қазақстанда мұнайгаз өнеркәсібін өз алдына қаржыландыратын еш мүмкіндік болмады, сондықтан да шетел инвестициясын елге жұмылдыру маңызды болды, ол үшін төмендегі іс-шараларды жүзеге асыру маңызды:

- мұнайгаз кешенінің барлық саласы базасын қайта құру, мұнай өндіру мен тасымалдауда қазіргі жаңа технологиялық қондырғылармен жабдықтау;

- республика мен аймақтың мұнайгаз кешенінің өндірістік және әлеуметтік дамуына жағдай жасау;

- Қазақстан Республикасының мұнайгаз кешенінің тұрақты дамуы үшін шетелдерден тәжірибе ала отырып өз ұстанымдарымызды батыл көрсете білу.

Каспийдің Қазақстандық бөлігіндегі мұнайды тасымалдауға арналып салынатын магистралды мұнай құбыры туралы мәселені алғаш рет 1990-шы жылдардың басында Оман сұлтандығы көтерген болатын. Бұл тұста Ресейлік бағыт ең қолайлысы болды, өйткені қолданысқа берілгелі тұрған 1200 шақырымдық Теңіз-Грозный құбырына Новоресейге дейінгі желіні жалғау тиімді болды. «Шеврон» компаниясының өкілдері де осы ресейлік бағытты таңдаған, Каспий құбыржелілік консорциумының (КҚК) ең қысқа маршрут екендігі және бұл ең үлкен басымдылық деген пікір айтқан.

Ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келген Қазақстан (Теңіз кен орны) – Ресей (Тихорецк-Кропаткин Новоресейдің солтүстігіндегі жаңа терминал) экспорттық мұнай құбырына баса назар аударылды. Оны жүзеге асыру үшін 1992 жылы «Каспиан Пайплайн» - Каспий құбыржүйелік консорциумы (КҚК) құрамында Қазақстан, Ресей, Оман, алғашында оны қаржыландыруды мемлекеттер өзара бөліске салды: Қазақстан мен Ресей – 25%, Оман – 50% акциядан келді.

КҚК – халықаралық байланыста жақсы шешімін тапқан шынайы көрініс, оның негізін құрған үш мемлекет пен мұнайөндіру компаниялары осы жобаны жүзеге асыру үшін көп еңбектенді. Бұл жобада мемлекеттік және коммерциялық, ұлттық және халықаралық қызығушылық бар. Құбырдың құрылысына жалпы 2,3 млрд. АҚШ долларынан аса қаржы жұмсалмақ, оны толықтай мұнай өндіру компаниялары қаржыландырады. Ал жобаның толық құны 4 млрд. АҚШ долларына бағаланды. КҚК мұнай құбыры жүйесінің алғашқы кезегінің құрылысын аяқтап, қолданысқа беру 2001 жылдың желтоқсан айында жүзеге асырылды.

Оңтүстік-Шығыстағы алып көршіміз Қытай Халық Республикасы да біздің елдегі мұнай-газ кешенін игеруге ат салысуда. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қытаймен арада достық, экономикалық байланыстар едәуір нығайды. 1997 жылдың 21 ақпанында Н. Назарбаев Пекинге ресми кездесуге келді. Сонда еліміз Өзен кен орны (барланған қоры – 140 млн. тонна мұнай) мен «Ақтөбемұнайгаз» АҚ (барланған қоры шамамен 100 млн. тонна мұнай) «ашық» түрде тендер жариялап, оны келісілгендей қытайлықтар жеңіп алды.

Қазақстан Қытай арқылы дүние жүзілік нарыққа шығуды және жаңа ірі сауда әріптесін табуды көздеді. Ақтөбе облысындағы Жаңажол мен Кеңқияқ мұнай кеніштерін игеру мақсатында Ақтөбе мұнай-газ акционерлік қоғамы Қытай Ұлттық мұнайгаз компаниясы арасында келісім шартқа қол қойылды. Мемлекеттің 66,7 пайызын Қытай Ұлттық мұнайгаз компаниясы иеленді. Шарт бойынша қытайлықтар біздің елде жиырма жыл бойы жұмыс істейтін болды. 1997 жылдан бастап «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ ретінде кен орындарында мұнай өндіру мен мұнайды жөнелту ісімен айналысуды қолға алды.

1997 жылдың 1 қаңтарынан бастап Оңтүстік мұнай құбырлары басқармасы қайта құрылғаннан кейін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылдың 2 сәуіріндегі №461 бұйрығы бойынша жүзпайыздық мемлекеттік акцияның негізінде «ҚазТрансОйл» Ұлттық мұнай тасымалдау компаниясы құрылады.

«ҚазТрансОйл» АҚ құрылғаннан қазірге дейін компания алдына қойылған стратегиялық маңызды тапсырмалар мен жұмыстар атқарылды. Жасалған жұмыстардың нәтижесі жыл сайынғы мұнай тасымалы көлемінің еселенуі болып отыр. Егер 1998 жылы магистральды трубақұбырлар жүйесімен тасымалдау көлемі 24 104 мың тонна мұнайды құраса, 2001 жылы – 32 023 мың тоннаға жетті. Мұнай тасымалдау мөлшерінің өсуі ауыр жүк айналымының да артуына жағдай жасады: 1998 ж. – 15 337 млн. тонна-километр; 2001 ж. – 21 811 млн. тонна-километрге жетті. Бюджетке: 1998 ж. – 2 998 млн. теңге, 2001 ж. – 21 811 млн. теңге қаржы құйды.

Бұл ерекше көрсеткіштерден соң 2001 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен барлық билік «ҚазТрансОйл» Ұлттық мұнай тасымалдау компаниясының еншісіне беріледі. Енді компания мұнай тасымалдау, экспорты мен импорты мәселелерінде Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін сақтау, кәсіпорындарды басқару құрылымын оңтайландыру, инвестициялар тарту, барлық магистралды мұнай құбыры үшін бірыңғай тариф саясатын жүргізу жолында мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы болып отыр.

Осы аралықтарда жаңадан Кеңқияқ – Атырау, Әлібекмола – Кеңқияқ, Солтүстік Бозащы – Қаражанбас, Атасу – Алашаңқай мұнай құбырлары іске қосылды, Атырау – Самара мұнай құбырының, Ақтау кемежайының, бірқатар темір жол қотару және құю терминалының қуаты кеңейтілді.

Болашақта Қазақстан мұнайын тасымалдаудың бірқатар бағыттары таңдалып отыр. Олар: Ақтау-Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры, Батыс Қазақстан-Қытай мұнай құбыры жобасы. Бұл құбыр арқылы Қазақстан мұнайын Қытай және Азия-Тынық мұхит аймағы елдерінің рыногына шығару көзделген. Мұндағы бір ерекшелік – құбыр өзге мемлекеттердің аумағын кесіп өтпейді, яғни транзиттік тәуелділігі жоқ. Ал Қазақстан-Түркіменстан-Иран мұнай құбыры жобасы Қазақстан мұнайын Парсы шығанағындағы елдерге экспорттау үшін экономикалық тұрғыдан тиімді нұсқалардың бірі болмақ.

Әлемдік экономикада ең тез зерттеліп, ұшқыр игерілген саланың бірі саналатын мұнай өнеркәсібі ХХІ ғасырда үлкен қарқынмен өндіріліп, дамуда. Қазақстан ТМД елдерінің арасында мұнай өндіруден Ресейден кейінгі орында, ал дүние жүзінде алдыңғы қатарлы мұнай өндіруші державалармен терезесі тең мемлекетке айналды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет