ӘӨЖ 94(574): 331. 108: 669 (043) Қолжазба құқығында оразаева жазира жарасқызы



бет1/3
Дата25.02.2016
өлшемі409.73 Kb.
#20929
түріДиссертация
  1   2   3
ӘӨЖ 94(574):331.108:669 (043) Қолжазба құқығында

ОРАЗАЕВА ЖАЗИРА ЖАРАСҚЫЗЫ


Қазақстан металлургия өнеркәсібінің

жұмысшы кадрлары ( ХХғ. 60-80 жж. )

07.00.02 – Отан тарихы

(Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертацияның
Авторефераты

Қазақстан Республикасы

Орал, 2010

Жұмыс Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының

Қазақстан тарихы кафедрасында орындалды.
Ғылыми жетекші тарих ғылымдарының докторы,

профессор Н.А.Абдоллаев


Ресми оппоненттер тарих ғылымдарының докторы,

профессор А.И. Исмаилов


тарих ғылымдарының кандидаты,

Б.С. Нығметов


Жетекші ұйым Қожа Ахмет Ясауи атындағы

халықаралық қазақ-түрік Университеті


Диссертация 2010 жылы «30» желтоқсан күні сағат 10.00-де М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы БД 14.61.26. Біріккен Диссертациялық Кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Мекен-жайы: 090000,Орал қаласы, Достық даңғылы, 162.

Диссертациямен М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік уиверситетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.


Автореферат 2010 жылы «30» қарашада таратылды.

Диссертациялық Кеңестің

Ғалым хатшысы,

тарих ғылымдарының докторы А.С. Тасмағамбетов




КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Өндіріс саласында жұмысшы кадрлардың атқаратын рөлі, әсіресе, саяси-әлеуметтік, тарихи-философия теориясында алатын орны айрықша. КСРО тұсындағы жұмысшы-металлургтердің қоғамдағы орны мен тарихи тәжірибесін объективті тұрғыдан зерттеудің маңызы жоғары. Кеңестік қоғамдағы түрлі өнеркәсіп саласындағы жұмысшы кадрлардың өткен даму тәжірибесін тарихи шеңберде зерттеу арқылы отан тарихына елеулі үлес қоса аламыз. КСРО-да коммунистік партия «Жұмысшылар қоғамдық прогрестің баспалдақтарымен бірте-бірте жоғарыға көтеріледі» деген ұстанымды халық санасына күштеп енгізгені белгілі.

Бүгінгі таңда ХХ ғасырдың 60-80 жылдарындағы металл өндіруші сала жұмысшыларының кәсіби шеберлігі мен жалпы білім дәрежесінің тарихын зерттеудің өзектілігі даусыз. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Егеменді ел құру сапарындағы республикамыздың экономикасы мен саяси-әлеуметтік салаларын әлемдік озық елдер қатарына жеткізу өндіріске, ондағы жұмысшылар ұжымдарына аса күрделі міндеттер қояды»

[1, 7 б.] деген тұжырымы өндіріс тәжірибесін ғылыми әдіснама аясында зерттеу міндетіне жол ашады. Өйткені, болашақ даму өткеннің тәжірибесінсіз болмайды. Сондықтан, диссертациялық зерттеуде КСРО тұсындағы Қазақстан металлургия өнеркәсібінің жұмысшы кадрларының (ХХғ. 60-80 ж.ж) қалыптасу кезеңіне ғылыми тұрғыдан баға беру мақсатын алға қойдық. Осы кезеңде қара металлургия саласы КСРО өнеркәсібінің алып салаларының біріне айналды. Түсті металлургия индустриясының даму қарқыны 50-шы жылдар көрсеткіштерімен салыстырғанда үш есеге артқан. КСРО бойынша Қазақстан мұнай өндіретін ірі өңірге айналды, индустрия саласы қызметкерлеріне, жалпы және кәсіби мамандығы бар жұмысшы кадрларға сұраныс бірнеше есе өсті. Осы жылдары өндірістік аймақтарда кәсіптік-техникалық училищелер саны мен олардың мамандар даярлау түрі бойынша 3-5 есе ұлғайып, бұл оқу орындары түлектері металлургия өндірісінде елеулі орынға көтерілген.

Бұл тақырыпты зерттеу ісіне КСРО тұсында да қызығушылықтар жоғары болды. Көптеген зерттеушілер біршама құнды еңбектер жазып, Отан тарихына өз үлестерін қосты. Сол кездегі саяси идеология бағытына орай жоғарыда аталған жарияланымдар «Жұмысшы табы әлемдік эволюцияның және КСРО мемлекетінің жетекші қоғамдық саяси-әлеуметтік күші» деген тұжырымды берік ұстанды. Осындай ұстанымға коммунистік партияның бағдарламасы, қаулы – қарарлары негіз болды. Мұрағат қорларының деректерін талдай келе, «жұмысшы кадрларының жетекші ролін нығайту, сөзсіз, оның идеялық-саяси кемелденгеніне, білімділігіне және кәсіби мамандануына байланысты» деген тұжырым аясында жұмысшылардың мәдени-техникалық деңгейін көтеру мәселесі қолға алынғандығына көз жеткіздік. Бұл ұстаным біз талдаған деректерде техникалық және әлеуметтік прогреске байланысты объективті процестен, демек қоғамды билеген коммунистік партияның алдына қойған мақсат-міндеттерінен туындағаны анық байқалады.

Диссертациялық зерттеудің негізгі мақсаты металлургия өндірісі жұмысшы кадрларының кәсіби және жалпы білім дәрежесін жаңаша ғылыми тұрғыдан талдау. Бірқатар зерттеушілер металл-мемлекет экономикасының тірегі екендігін дәлелдеді.

Еліміз егемендік алған кезден бастап Отан тарихының объективті тұрғыдан зерттелмеген парақтары қайта қарастырыла бастады. 1960-1980 жылдардағы металлургия өнеркәсібі жұмысшы кадрларын даярлау, тәрбиелеу, олардың кәсіби дәрежесін жетілдіруін зерттеп, баяндау ісі әлі күнге дейін тарихи таным шеңберінде зерттелмеді. Осы мәселені Елбасы Н.Ә. Назарбаев қайта-қайта көтеріп, бұл мәселенің қай кезде болмасын өзектілігін айқындауда.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. 1960-1980 жылдардағы жұмысшы кадрлардың жалпы және кәсіби дәрежесін баяндайтын тарихи еңбектерге тарихнамалық талдау ісі 1970 жылдары қолға алынып, кеңестік тарихшылар еңбектерінде көрініс тапты. Жас жұмысшыларды оқыту және тәрбиелеу процесін, жалпы және кәсіби білім берудің өзара байланысының тиімді жолдарын баяндайтын 400-ге жуық диссертациялық зерттеулер мен монографиялар, шағын еңбектер мен баспасөз беттерінде көлемді мақалалар жарық көрген. Олардың ішінде Қазақстан өндірісі тарихының белгілі ғалымдары М.Х. Асылбековтың, А.Б. Галиевтың, В.В. Козинаның, Б.К. Сапарбаевтың, И. Уандыкованың [2] еңбектерін ерекше атауға болады. Егемендік алғаннан кейінгі кезеңдегі осы тақырыпта жазылған еңбектерге шолу жасайтын болсақ, жалпы өндіріс саласына, соның ішінде, нақты металлургия кәсіпорындарына қажет жұмысшы кадрларды даярлау ісі туралы казіргі заманғы тарихшы-ғалымдар Д.А. Шаймухановтың, А.Ш. Алтаевтың, М.Ж. Ташеневтің, Н.А. Абдуллаевтың, Е.Н. Сағындықов, К.И. Кужабергенованың диссертациялық зерттеулері мен монографияларын атаған жөн [3]. Осы еңбектерде республиканың жалпы өндіріс саласы бүгінгі ғылыми талаптар аясында жан-жақты талданып, тиянақты баяндалғанымен, аталған еңбектердің хронологиялық шеңбері біз зерттеп отырған кезеңді қамтымайды. Зерттеушілер Қазақстанның қара және түсті металл өндіруші кәсіпорындары мен жалпы индустрия саласындағы жұмысшы кадрларды даярлаудың дәстүрлі тәжірибелерімен қатар кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін ғылыми түрде талдаған. Сонымен қатар кеңестік ғалымдардың тұжырымдарына, әдіснамалық бағыттарына лайықты бағасын бере отырып, кәсіби шығармашылықпен жан-жақты талдау жұмыстарын жүргізген.

1960-80-ші жылдары жарияланған тарихи еңбектерде Қазақстан индустриясының қалыптасуы, отандық кәсіпорындарға жұмысшы мамандар даярлау ісіндегі ізденістер мен жаңашыл қозғалыстар жазылды. Кеңестік идеологияның қысымында болған тарихшы ғалымдар өз еңбектерінде коммунистік партияның ұйымдастырушылық-саяси қызметін дәріптеп көрсетті. Әсіресе, солардың ішінде жұмысшы кадрларды кәсіпорын мен кәсіптік-техникалық училищелерде даярлау ісі, олардың арасындағы түрлі өндірістік және қоғамдық белсенділік қозғалыстар жайын қозғаған А.Р.Ахметовтың [4], Д.А. Шаймұхановтың [5], А.В.Соловьевтың [6], В. А. Жаминнің [7], О. Ф. Федоров пен Б. Б. Исправниковтың [8], Я. Я. Броделистің [9], М. Н. Зиновьевтің [10] және тағы басқалардың еңбектері ғылыми әдіснамалық тұрғыдан айрықша ерекшеленеді [11]. Бұл еңбектерде 1960-1980 жылдардағы жұмысшы кадрлардың өндіріс және қоғамдық өмірдегі орны айқындалып ғана қоймай, сондай-ақ зерттеудің методологиялық бағыттары, оны жетілдіру жөніндегі ұсыныстар мен проблемалар да баяндалған [12]. Сол кезеңдегі шаруашылық-ұйымдастыру, ұйымдастыру-партиялық және идеологиялық жұмыстардың әртүрлі аспектілері, елдің өндіруші күштерін дамытуға, ғылыми-техникалық процесті жеделдетуге, жұмыстың жалпы білім және кәсіби деңгейін көтеруге байланысты басшылықтық түрлері мен тәсілдерін жетілдіру мәселелері бұл белгілі зерттеушілер жазған еңбектер мен көлемді жинақтарда, сонымен қатар олардың жетекшілігімен шыққан және ұжымдық монографияларда жан-жақты қарастырылады [13].

Жоғарыда аты аталған тарихшылардың еңбектерінде металл өндіруші саланың жұмысшыларын оқыту, тәрбиелеу жөнінде өндіріс орындарында, білім жүйесінде, еңбек ұжымдарында жинақталған тәжірибе, негізгі өндіріс салалары мен бөлімшелері қызметкерлерінің мәдени-техникалық дәрежесін жетілдіру жолдарының жалпылама проблемалары мүмкіндігінше баяндалған. Алайда, сол шығармалардың барлығы да бұл мәселені кеңестік қоғамда үстемдік еткен идеологиямен зерттеп, әлеуметтік мәселелердің шындығын көрсетпеген[14].

Жоғарыда аталған еңбектерде өндіріс ұжымдары мен қоғамдық ұйымдардың, жұмысшылардың қоғамдық-саяси белсенділігін көтеру аясындағы билік орындарының қамқорлығы талданып, өнеркәсіп жұмысшыларының кәсіби шеберлігінің дәрежесі насихатталған. Өндіріс жұмысшыларының дәрежесін көтеруде дәстүрлі оқыту мен өндірістік тәжірибеден тыс әдістер де орын алған. Сол жылдары ғылыми-техникалық жаңашылдық пен жетістіктерге елеулі көңіл бөлінгендігі жоғарыда аталған еңбектерінде барынша баяндалған [15].

Сонымен, коммунистік партияның жұмысшы табын қалыптастырудағы рөлі КСРО-ның белгілі ғалымдарының зерттеу тақырыбы болғанын анықтадық. Кеңестік авторлар жұмысшылардың өндіріс пен қоғамдағы жетекші рөлін айқындай отырып, коммунистік партияның міндеттерін мүлткісіз орындауға ұмтылған. Олар өздерінің еңбектерінде кадрларды даярлау мәселесін көкейтесті проблема ретінде қарағанымен, шындықты айта алмады [16].

Зерттеу тақырыбының нақтылы мәселелерін соның ішінде сала проблемасын жете меңгерген Михеенков В.П., Шафранова А.И. сияқты тарихшылары еңбектерінде баяндалған. Олар республикада жаңа металлургиялық кен орындарының іске қосылуы, әсіресе қара, түсті металлургия индустриясының қалыптасуы, даму жолдары және нәтижелері біршама зерттелгенімен, бір жақты тұжырымдармен өндіріс ақаулары көрсетілмеген. Бұл еңбектерде жұмысшы-металлургтерді кәсіби даярлау ісін мен олардың біліктілігін арттыруға байланысты өндіріс орындары мен қоғамдық-саяси ұйымдарындағы жасанды көріністер баяндалып, тарихи шындық бүркемеленген [17]. КСРО-ның зерттеушілері өз монографияларында кәсіпорындарды жұмысшы кадрлармен қамтамасыз ету мәселелерін кеңестік идеология аясында баяндап, өндіріс, кәсіп салаларына қарай жұмысшыларды оқытудың түрлері мен тәсілдерін тиянақты түрде қарастырып, нақты тұжырымдар жасады [18]. Сол кездегі кәсіптік-техникалық білім жүйесінде болған түбегейлі өзгерістер басқа да зерттеулерде, соның ішінде түрлі буындағы басшы қызметкерлер жазған мақалаларда, ғылыми-көпшілікке арналған кітапшаларда, мерзімді баспаның шағын басылымдарында көрініс тапты. Мәселен, КСРО кәсіптік білім беру жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы А.А. Булгаковтың кітабында елдегі кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің қалыптасу және даму мәселелері жан-жақты ашылды [19]. Бірақ, бұл еңбектің бір кемшілігі металлургия индустриясының бірі болып табылатын Қазақстан жөнінде материалдар үстірт сипатталып, тіпті жұмысшы кадрлар даярлау жөнінде мәселе қозғалмаған.

С.О. Жандосовтың өз еңбегінде Қазақстанның индустрия саласына жұмысшылар даярлайтын кәсіптік-техникалық білім жүйесін басқару мәселелерін біршама зерттеген [20]. Автор саяси құжаттар, мұрағат қорлары негізінде республиканың кәсіптік-техникалық білім орындарындағы оқу-тәрбие процесін жетілдіру жөніндегі өндіріс ұжымдары жинақтаған озат тәжірибені жан-жақты сипаттайтын даму динамикасын берген. Алайда, жұмыстың хронологиялық шебері біз зерттеп отырған кезеңді қамтымайды. Сонымен бірге кенді Алтай /Шығыс Қазақстан облысы/ аймағындағы кәсіптік-техникалық училищелердегі жалпы жас жұмысшыларды даярлау тәжірибесі ғана қаралған. Сол жылдары экономистердің, философтардың, әлеуметтанушы ғалымдар еңбектерінде жұмысшы-металлургтердің сапалық көрсеткіштерінің жоғарылауы көптеп жазылды. Олар кәсіби жұмысшыларды дайындау проблемасының әртүрлі аспектілерін жұмысшы ұжымдарындағы әлеуметтік өзгерістер аясында қарағанымен, деректерді мол пайдаланбаған. Өнеркәсіптегі, құрылыстағы, көліктегі жұмысшылардың мәдени-техникалық деңгейін жетілдіру, олардың еңбек және қоғамдық белсенділігін арттыру бірқатар диссертациялардың да өзекті тақырыбы болды. Олар сол жылдары бүкілодақтық көлемде және республика кәсіпорындарында жүзеге асырылып жатқан саяси-көпшілік мақсатты көздеген жалпылама бағыттағы шаралардан күтілген «нәтижелерді» сипаттауға көп көңіл бөлген. Бұл жарияланымдардың авторлары сол кезеңдегі халық шаруашылығы жоспарларын және көтеріңкі міндеттемелерді орындауды ұйымдастырушылар қатарында болып, шындыққа қанық болғандығын ескерген жөн. Сондықтан да олардың еңбектері құнды. Бұдан басқа жұмысшылардың жалпы білім және кәсіби деңгейін, еңбек белсенділігін арттыруға бағытталған ұйымдастырушылық-саяси шаралар мен көпшілік арасындағы жұмыстың мән мазмұны, түрлері, әдістері туралы деректер кәсіподақ, жастар одағы, шаруашылық басшыларының мерзімдік баспасөздегі мақалалар арқылы көпшілік санасына құйылған. Ол мақалаларда еңбек ұжымдарының өмірі жан-жақты баяндалып, коммунистік партия ұйымдарының қызметі дәріптелген.

Зерттеу тақырыбы төңірегінде КСРО тұсында ведомстволар мен кәсіпорындар басшылары, инженер-техник қызметкерлері мен озат жұмысшылар екі жүзге жуық публицистикалық материалдар жариялаған. Мерзімдік баспасөзде жарық көрген бұл жарияланымдарда өндіріс ұжымдары мен жұмысшылардың өндірістік, әлеуметтік және тұрмыстық өмірі баяндалған. Осы деректермен қатар өндіріс ұжымдарында жүргізілген түрлі саяси науқандар кезіндегі саяси-ұйымдастырушылық жұмыстар, ұжым мүшелерін өндіріс тапсырмаларын орындауға жұмылдыру шаралары мен өндірісшілердің кәсіби және жалпы білім дәрежесі туралы құжаттар да жарияланды. Оларда өндіріс ұжымдарының жалпы проблемаларымен бірге, кәсіпорын мүшелерінің мәдени-техникалық және кәсіби деңгейін көтеру түрлері мен жолдары, цех әкімшіліктері, кәсіпорындар басшылары мен инженер-техник қызметкерлерінің шаруашылық механизмін жетілдіру, өндірісті басқару арқылы жұмысшы кадрларының сапасын жетілдіру мақсатында белгіленген жоспарлары кең шеңберде баяндалған. Бұл мақалалардың бәрінде «іскерлік, мақсаткерлік, кемшіліктер мен олқылықтарды дер кезінде ескеру, жұмыста орын алған ақаулықтарды уақытында жою және болашақта жібермеу жолдарын іздестіру» сияқты т.б. шаралар жүйесі жазылды. Осындай деректер құнды болғанымен, алайда ақпараттық мәліметтер ғылыми тұрғыдан талданып жинақталмағандығын айтуымыз керек. 1960-70-ші жылдары индустрия мәселелері мен оның әр саласындағы жұмысшы ұжымдары туралы КСРО бойынша жыл сайын ондаған-жүздеген еңбектер жарық көріп отырған. Бірақ, зерттеушілер көкейкесті проблемаларды тарихнамалық талаптар тұрғысынан қарастыра алмай, тым шектеулі әдіснамалық ой-пікірлермен жазды. Осыған орай ХХ ғ. 60-80 ж.ж. Қазақстан металлургия өнеркәсібінің жұмысшы кадрларының тарихын бүгінгі заман талабына сай әрі мемлекеттік тілде зерттеу Отандық тарих ғылымына қосылған үлес болар еді.

Отандық зерттеушілер өткен ғасырдың 90-ші жылдарының екінші жартысында сын көзқарас тұрғысынан біршама еңбектер жазды [21]. КСРО-дағы саяси қуғын-сүргін салдарынан Батыс Еуропа елдеріне қоныс аударған авторлардың индустрия саласының жалпы даму тенденциясын өндіріс кадрларының сапалық дәрежесі және ұлттық құрамын қатал сын елегінен өткізіп жазған еңбектері де белгілі бола бастады [22].

1960-80-ші жылдары өндіріс, еңбек проблемаларын жұмысшы кадрлардың кәсіби дайындығы мәселесімен ұштастыра баяндаған еңбектер де көп кездеседі. Солардың ішінде, бірінші кезекте Қазақстан мен Ресей арасындағы өндірістік қатынастарды жан-жақты сипаттаған шығармалар мол екенін, екінші кезекте, бір топ авторлардың ТМД елдері арасындағы экономикалық қатынастары туралы өз еңбектерінде сол замандағы индустрия салаларында инженер-техник, жұмысшы кадрларымен алмасу тәжірибесінің тарихын тиянақты түрде қамтығанын, үшінші кезекте, мәдени аралық өзара байланыстардың өндірістік қатынастардың ауқымында шешіліп отырғанын, төртінші кезекте, КСРО мемлекетінің өмірдің барлық саласында да ынтымақтасып отырған мәселелер бойынша ортақ пікірде болғанын айта аламыз [23].

Д.Бофф, М.Джиллас, Н.Верт, Б.Мейснер, Д.Хеслер сияқты еуропалық зерттеушілер кеңестік өндіріс тарихын жазуда КСРО-ның индустриялық аймақтарындағы әлеуметтік және экологиялық ахуалдың ақиқатын баяндаған еді [24].

1990 жылдардың екінші жартысында жарық көрген еңбектерде КСРО жұмысшыларының жалпы және кәсіби дайындығы тарихын зерттеудің әдіснамалық проблемалары жаңаша тұрпатта қаралды. Қазақстандық тарихшылар Ү.Қыдыралин, Х.Б.Табылдиев, Т.З.Рысбеков, Б.Қ. Бірімжаров, Ә.Қ. Мұқтар, Б.Ғ. Шынтемірова т. б. тарихты зерттеудің әдіснамалық негіздеріне елеулі жаңалықтар қосқан [25].

Соңғы жылдары посткеңестік Орталық Азия тарихын арнайы зерттеген еңбектер көптеп жарық көре бастады. Оған мысал, Б. Румер мен П. Жуков қаламынан шыққан монографиядан Қазақстанның және Орталық Азия мемлекеттеріне қатысты көлемді деректік ақпарат пен қатар аймақтық даму статистикасын айқындайтын деректі материалдар, аймақтық зерттеу орталықтарының есептеу құжаттарын, жоғары кәсіби деңгейде құрастырылған елдің индустриялық өркендеу бағдарламасын, аймақтағы экономикалық ахуалдың әртүрлі маңызды аспектілері жөнінде мол мағлұматтар алуға болады [26].

Сондай-ақ, сол кездегі тарихи оқиғаларға тікелей араласып куәгер болған, белгілі өндіріс мамандары, мемлекеттік басшылар, атаулы ғалымдар еңбектерін, өндіріс озаттарының естеліктерін де ғылыми айналымға қосуды жөн көрдік. Өз заманында еліміздің экономикалық және саяси жүйесінің қалыптасып жетілуіне, Қазақстан индустриясының металлургия саласының кең қанат жаюына жеке үлестерін қосып, ғылыми еңбектерімен әлемге танылған тұлғалардың шығармаларында ХХғ. 60-80 ж.ж. Қазақстан металлургия өнеркәсібінің жұмысшы кадрларының тарихы біраз көрініс тапқан. Мемлекет қайраткері, республика металлургия өндірісін тұңғыш қалаушылардың алғы шебінде болған, осы сала ғалымдары Д.А.Қонаев, Қ.И.Сәтбаев және басқа да басшы мамандардың еңбектерінде аталған тақырып жан-жақты ашылған [27]. Олардың еңбектерінде мемлекеттік билік және өндірісті ұйымдастыру жұмыстар кешенді түрде талданып құнды ойлар айтылып, сол заманда қоғамда қалыптасқан жағдайдаларға объективті баға берілген. Өндірісшілердің еңбегін арттыру мақсатында жүзеге асырылған басқару-менеджерлік қызметтердің жаңа түрлері мен әдістері тиянақты талданған. Әрине, бұл еңбектерде де кеңестік идеологияның үстем қырлары өз ізін қалдырды.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың мақсаты- 1960-1980 жылдардағы металлургия өнеркәсібі дамуының басты бағыттары мен ондағы мемлекеттік ұстанымдарды, сала жұмысшыларын өндіріс кәсібіне даярлау, олардың біліктілігін жетілдіру шараларын обьективті тұрғыдан пысықтап зерттеу болып табылады. Сондай-ақ, ХХ ғасырдың екінші жартысында жан-жақты орталықтандырылған мемлекеттік және салалық буындардың ұйымдастыру – шаруашылық, тәрбие-тәжірибелік жұмыстарын, қоғамдық өмірді басқарудың технологиясын талдау, жинақтау және қорыту мақсаты көзделді. Осыған байланысты зерттеу жұмысының алдына мынадай міндеттер қойылды:

- тақырыпқа қатысты кеңестік кезеңде жазылған еңбектерге объективті тұрғыдан талдау жасау;

-өнеркәсіп жұмысшыларының білімі мен кәсіби дәрежесін жетілдіру бағытында қабылданған мемлекеттік шараларды сараптау, олардың нақты-тарихи мазмұны мен мақсатын, сол орындар тарапынан кезеңдегі міндеттерді іске асырудың түрлерін, әдістерін және нәтижесі арқылы жетістіктері мен кемшіліктерін бағалау;

-республика көлеміндегі металлургия өнеркәсібінің дамуындағы басымдылық пен негізгі бағыттарға сай жұмысшы кадрларын даярлаудағы іс-шараларды ашып көрсету;

-сала жұмысшыларын қалыптастырудағы билеуші партияның іс-шараларын, олардың саяси–тәрбиелік мазмұны мен мақсаттарын жан-жақты талдап бағалау;

-жұмысшы металлургтерді даярлаудағы кәсіптік-техникалық училищелердің атқарған рөлін көрсету;

-өндірістегі жұмысшылардың кәсіби шеберлігін жетілдіру шараларының нәтижелерін көрсету;



-республикадағы металлургия салаларында жас жұмысшылардың мәдени-техникалық деңгейін көтеру бойынша жинақталған тәжірибені ең басты екі бағыты – жалпы білім және кәсіби дайындығы негізінде кешенді зерттеп, елдің өнеркәсіп саласының дамуына қажетті ұсыныстар беру;

-ХХ ғасырдың 60-80-ші жылдарындағы республикадағы металлургия өнеркәсібінің негізгі даму бағыттарын, кәсіпорындардың жұмысшы кадрлармен қамтамасыз етілу проблемаларын объективті жолмен көрсету;

-жұмысшылардың жалпы білім деңгейін арттыру тәжірибесін жинақтап қорыту, еңбек ұжымдарындағы саяси-қоғамдық ұйымдардың идеологиялық, саяси-тәрбиелік қызметін талдап оған ғылыми баға беру.

Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. ХХ ғасырдың 60-80-ші жылдарын қамтиды. Бұл кезең-республиканың экономика саласының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында экономикалық айналымға жаңа табиғи қорлар игеріліп іске қосылған, өндірістің озық технологиясы мен техникалық дәрежесін арттыру бағытында мемлекеттік шаралар қолға алынған.

Зерттеу жұмысының нысаны ретінде. ХХ ғасырдың 60-80-ші жылдарындағы Қазақстан металлургия өнеркәсібінің дамуының басты бағыттарын анықтап, сала өндірісінің қарқынды дамуын қамтамасыз етудегі мемлекеттік саясаттың әралуан әдістері мен іс-шараларын тарихи деректер негізінде зерттеп, осы саладағы құрлымдық өзгерістерді анықтай келе металлургия саласының озық дамуын қамтамасыз етудің маңызды әдісі ретінде сала жұмысшыларының білім және кәсіби деңгейін көтерудегі мемлекеттік саясаттың бағыттарын анықтау.

Зерттеу жұмысының әдістемелік негізі. Бүгінгі уақытқа дейін тарих ғылымында қалыптасқан ғылыми-әдістемелік қағидалар мен тұжырымдар құрайды. Олардың негізгілері ретінде тарихилық, ғылымилық, шынайылық, нақтылық, жүйелілік сияқты қағидалар мен тұжырымдарды атап өтуге болады. Зерттеу мақсатына жету үшін салыстырмалық, статистикалық, сұрыптау, талдау әдістері кеңінен қолданылды.

Тақырыптың негізгі мақсат-міндеттерін зерттеуде Кеңестік тарихнамада коммунистік идеология қағидалары аясында қалыптасқан жекеленген теориялық тұжырымдар сыни тұрғыдан қарастырылды. Жұмысты зерттеп-зерделеуде Отандық тарих ғылымының егемендік тұстағы шыққан, тарихи шындықты қалпына келтіру мақсатында жарық көрген тарихшылардың ғылыми еңбектері негізге алынды. Ұлттық ұстанымдар мен пайымды әлемдік ой-сананың табыстарымен ұштастыра отырып, мәселені таптық және партиялық тұрғыдан тұжырымдау қағидатынан бас тарттық. ХХ ғ. 60-80 ж.ж. Қазақстан металлургия өнеркәсібінің жұмысшы кадрларының тарихы туралы бұрын айтылмай келген көлеңкелі жайттарды мұрағат деректеріне сүйеніп зерделеуге ұмтылдық.

Сонымен қатар зерттеу жұмысы сыңаржақты көзқарас тұрғысынан жазып қана қоймай, оның мән-мағынасына нұсқан келтірмей, тарихи жан-жақтылық, шынайылық, ұлттық идея негізінде ашып көрсетуге әрекеттендік.

Зерттеудің деректемелік негізі. Диссертациялық жұмыстың деректік негізіне мұрағат құжаттары мен баспасөз материалдары, сондай-ақ, ресми сипатты және статистикалық мәліметтер алынды. Диссертацияның деректік негізін мемлекеттік құжаттар мен материалдардың бірнеше топтары құрайды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Парламент, Үкімет, Қазақстан Халықтары Ассамблеясының сессиясында, ҚР-ның 10, 15 жылдығына арналған салтанатты жиналыстарда сөйлеген сөздері мен жарияланған еңбектеріндегі маманданған жұмысшы кадрлар қажеттілігі туралы ойлары [28]; кеңестік кезеңдегі мемлекеттік биліктің ең жоғарғы буыны қабылдаған «Орта жалпы білім беретін мектептердің жұмысын одан әрі жақсарту шаралары туралы» (1966 жылы, 20 маусым), «Жалпы орта білім беруге көшудің аяқталуы және жалпы білім беретін мектептерді одан әрі дамыту туралы» (1972 жылғы 20 маусым), «Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің оқу орындарында маман жұмысшыларды даярлауды одан әрі жақсарту шаралары туралы», (1969 жылғы 2 сәуір), «Кәсіптік-техникалық білім жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» (1972 жылғы 23 маусым) қаулылары назарға алынды. Қаулы-қарарларда жас жұмысшы кадрларға жалпы білім беру мен кәсіби дайындығын жақсарту бағыттары және жүргізілетін жұмыстардың әдіс-тәсілдері баяндалған. Сондықтан КСРО тұсындағы қабылданған қаулы-қарарлар, теориялық және тәжірибелік жинақтар мен ұсыныс-пікірлер ғылыми сипатта тұжырымдалып, сол кездегі еліміздің даму ерекшеліктеріне баға берілді.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет