Әр шаруашылық бойынша есепке алуды жүргізу және тіркеу жазбаларын жүргізуді ұйымдастыру нысандары бойынша статистикалық әдіснаманы бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі Төрағасының 2010 жылғы 10 маусымдағы N 136 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2010 жылғы 15 шілдеде Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6334 болып енгізілді
Қолданушылардың назарына!!!
Қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.
«Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңының 12-бабының 2) тармақшасына және 16-бабының 2-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Әр шаруашылық бойынша есепке алуды жүргізу және тіркеу жазбаларын жүргізуді ұйымдастыру нысандары бойынша статистикалық әдіснама бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің Құқықтық және ұйымдық қамтамасыз ету департаменті Тіркелімдер және сыныптамалар департаментімен бірге заңнамада белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің жауапты хатшысына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Төраға Ә. Смайылов
«КЕЛІСТІМ»
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрі
А. Күрішбаев ___________
2010 жылғы 14 маусым
Қазақстан Республикасы
Статистика агенттігі төрағасының
2010 жылғы 10 маусымдағы
№ 136 бұйрығымен бекітілген
Әр шаруашылық бойынша есепке алуды жүргізу және тіркеу
жазбаларын жүргізуді ұйымдастыру нысандары бойынша
статистикалық әдіснама
Ескерту. Әдіснама жаңа редакцияда - ҚР Статистика агенттігі төрағасының 03.02.2014 № 23 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1. Жалпы ережелер
1. Әр шаруашылық бойынша есепке алуды жүргізу және тіркеу жазбаларын жүргізуді ұйымдастыру нысандары бойынша статистикалық әдіснама «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңының 16-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасындағы әр шаруашылық бойынша есепке алуды жүзеге асыру әдісін анықтайды (бұдан әрі – Әдіснама).
2. Әр шаруашылық бойынша есепке алуды жүргізу және тіркеу жазбаларын жүргізуді ұйымдастыру нысандары бойынша статистикалық әдіснаманың негізгі міндеті үй шаруашылықтары бойынша тіркеу жазбаларын жүргізуді ұйымдастыру, дәйектілікті және кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімдерінің әр шаруашылық бойынша есепке алу деректерін ұсынуын қамтамасыз ету болып табылады.
3. Осы Әдіснаманың мақсаттарына арналған мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) сыртқы қабырға материалдары – үйдің сырты (сыртқы қабырғасы) тұрғызылған құрылыс материалдары. Егер қабырғалар бірнеше материалдардан тұрғызылса, басым материал көрсетіледі;
2) павильон – бір немесе бірнеше жұмыс орындарына көзделген тауар қорларын сақтауға арналған сауда залы және бөлмелері бар жабдықталған құрылым;
3) бөлек жеке үй шаруашылықтары – жалғызілікті (жанұясы жоқ) адамдардың шаруашылықтары.
Осы әдіснамада пайдаланылатын өзге де терминдер мен анықтамалар Заңға сәйкес қолданылады:
4. Осы әдіснаманы сақтау төмендегілерді:
1) алғашқы статистикалық ақпараттың құпиялылығын;
2) әр шаруашылық бойынша есепке алу мен басқа статистикалық байқаулар арасындағы үйлестіруді қамтамасыз етуі қажет.
2. Тіркеу жазбаларын жүргізу
5. Тіркеу жазбаларын жүргізу келесі нысандар бойынша жүзеге асырылады: әр шаруашылық бойынша есепке алу кітабы (нысан) осы Әдіснаманың 1-қосымшасына сәйкес; кенттің, ауылдың, ауылдық округтің аумағында (нысан) уақытша тұратын адамдардың тізімі осы Әдіснаманың 2-қосымшасына сәйкес; әліпбилік кітабы (нысан) осы Әдіснаманың 3-қосымшасына сәйкес.
6. Мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган әр шаруашылық бойынша есепке алуды жүргізуге арналған тіркеу жазбаларының нысандарымен кенттің, ауылдың, ауылдық округтер әкімдерін қамтамасыз етеді.
Тіркеу жазбаларының барлық нысандары қатаң түрде осы Әдістемеге сәйкес жүргізілуі тиіс.
Бұл құжаттарда ешқандай тазартуға және мәтіндік жазбада көрсетілмеген түзетулерге жол берілмейді. Кез-келген түзетулер мен сызып тастау жергілікті атқарушы органның әкімімен немесе маманымен келісілуі және қолымен расталуы тиіс.
7. Көрсетілген нысандар бойынша тіркеу жазбаларын қарамағындағы елді мекендері бойынша кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімдері жүргізеді. Әр шаруашылық бойынша есепке алудың кітаптары мен тізімдері жергілікті атқарушы органда ақшалай құжаттармен және бағалы қағаздармен тең дәрежеде сақталады. Олардың сақталуына және жазбалардың уақытылы және дұрыс жазылуына жауаптылық кенттің, ауылдың, ауылдық округ әкімдеріне дербес жүктеледі.
8. Кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері бес жылда бір рет 1 қаңтардағы жағдай бойынша әр шаруашылық бойынша есепке алу кітаптарының және әліпбилік кітаптарының бетін белгілеуді жүргізеді. Әр шаруашылық бойынша есепке алу кітаптарының бетін белгілеу 1 және 15 қаңтар аралығындағы кезеңде барлық үйлерді аралап шығу және халық арасында сауалдама жүргізу арқылы жүргізіледі.
Кенттің, ауылдың, ауылдық округтің аумағында уақытша тұратын адамдардың тізімі жыл сайын жасалады және жыл бойы жүйелі жүргізіледі.
Кейінгі төрт жылда жылына екі рет кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері бұрын жүргізіліп келе жатқан әр шаруашылық бойынша есепек алу кітаптардағы тіркеу жазбаларын нақтылауды жүргізеді. Тіркеу жазбаларын нақтылау 1 қаңтардағы жағдай бойынша – қаңтардың 1-інен 15-іне дейін, 1 шілдедегі жағдай бойынша – шілденің 1-інен 15-іне дейін жүргізіледі.
«Тіркеу жазбаларын нақтылау қорытындылары бойынша мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган мен кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерімен бірлесіп графикке сәйкес тіркеу жазбаларын салыстырып тексеру елді мекендерге шығу және үй шаруашылықтарына бару жолымен жүзеге асырылады. Бір немесе сол елді мекенге шығу жылына бір рет жүзеге асырылады.
Тіркеу жазбаларын салыстырып тексеру және үй шаруашылықтарына бару жүргізілгеннен кейін осы Әдіснаманың 4-қосымшасындағы нысанға сәйкес әр шаруашылық бойынша есепке алу нысандарындағы тіркеу жазбаларының сәйкессіздігі немесе сәйкестігі актісі жасалады.
9. Жекелеген тұрғын үйлердің және ұсақ елді мекендердің қамтылмауын болдырмау үшін жергілікті атқарушы органның маманы әр шаруашылық бойынша есепке алу кітаптарының бетін белгілеуден немесе ондағы жазбаларды тексеру мен нақтылаудан бұрын кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің аумағында орналасқан барлық елді-мекендердің тізімін нақтылайды. Мұның өзінде тізімге барлық ұсақ елді мекендердің және жеке орналасқан тұрғын үйлердің (жол айырықтарының, қыстаулардың, мал жайылымдарының, ішкі шаруашылықтардың, станциялардың) енгізілуіне назар аудару қажет. Сондай-ақ кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің аумағында ведомстволық үйлерде, қосалқы шаруашылықтарда, мал жайылымдарында, жатақханаларда, оқушыларға арналған интернаттарда, балалар үйлерінде, қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйлерінде, ауруханаларда тұратын азаматтардың отбасыларының болуын тексеру қажет.
Ірі елді мекендерде жергілікті атқарушы органның маманы барлық үй шаруашылықтарын (бұдан әрі – шаруашылық) 15 күнтізбелік күннің ішінде жеке аралап, осы мерзімде әр шаруашылық бойынша есепке алу кітаптардың бетіне белгі қоюды немесе ондағы жазбаларды анықтауды жүзеге асыра алмаса, онда оған көмекке кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі жергілікті атқарушы органнан басқа мамандарды қосымша тартады. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органның маманы елді мекендердің тізімін нақтыланғаннан кейін, оны жекелеген шекті учаскелерге бөледі, бұл учаскелерді жұмысқа тартылған мамандар арасында бөледі және бұл тізімді кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкіміне бекітуге ұсынады. Өз шешімінде кенттің, ауылдың, ауылдық округтің Әкімі жұмысқа тартылған мамандар тізімін бекітеді және осы жұмысты кімнің, қай елді мекендерде, қай көшелерде (ірі елді мекендерде) жүргізу керек екендігін тапсырады. Жұмысқа тартылған мамандардың барлық жұмысына кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі басшылық жасайды. Ол әр шаруашылық бойынша есепке алу кітаптарын оларды толтыру немесе ондағы жазбаларды тексеріп, анықтау үшін береді, сондай-ақ ол жазбалардың ресімделу дұрыстығын, енгізілген нақтылаулардың негізділігі мен дәлділігін, үй шаруашылығы иесінің қолы қойылғандығын бақылай отырып, әрқайсысынан толтырылған (тексерілген) кітаптарды жеке қабылдайды.
10. Жаңа әр шаруашылық бойынша есепке алу кітаптарын бетін белгілеу немесе бұрын арналған әр шаруашылық бойынша есепке алу кітаптарын жазбаларды тексеру мен анықтау кезінде, сондай-ақ осы жұмыстар аяқталғаннан соң аудандық атқарушы органның мамандары әр шаруашылық бойынша кітаптар мен тізімдердің толық және дұрыс толтыруына тексеру жүргізеді және әлипбилік кітап пен тізімдегі уақытша тұратын адамдарға анықталған кемшіліктерді жоюда көмек көрсетеді.
11. Әр шаруашылық бойынша есепке алу кітаптарының деректері қолданылады:
статистика органдары – ауылдық елді мекен халқының жасы мен жыныстық құрамы туралы және жеке меншік құқығында азаматтарға тиесілі тұрғын үйлер туралы деректер алуға, жеке пайдаланудағы малды және басқаларды есепке алу үшін;
жергілікті атқарушы органдар – жалпы білім беретін мектептерде оқуға тиісті мектеп жасындағы балаларды анықтау үшін пайдаланады.
12. Шаруашылықтардың дербес шоты әр шаруашылық бойынша есепке алу кітабында (нысан) 1 қаңтардағы жағдай бойынша кітаптардың бетін белгілеу кезінде кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің аумағында тұрақты тұратын барлық адамдарға ашылады. Әр шаруашылық бойынша есепке алу кітаптарының дербес шоттарындағы барлық жазбалар үй шаруашылықтарына барған кезде тікелей жүргізіледі.
Әрбір шаруашылыққа, тұрақты тұратын азаматтардың шаруашылықтарын қоса, жеке дербес шот ашылады. Жеке шаруашылық деп бірге тұратын, үй шаруашылығын жүргізетін адамдарды (отбасын) айтады. Әрбір бөлек үй шаруашылықтарына сондай-ақ жеке дербес шоттар ашылады. Егер кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің аумағындағы иесіз үйлер немесе иелері үй кітапшасынан шығарылған немесе тұрақты тұрмайтын, яғни маусымдық (саяжайлық) үйлер болса олар әр шаруашылық бойынша есепке алу кітаптарында ескерілмейді.
13. Әр шаруашылық бойынша есепке алу кітабына олардың елді мекенде орналасу тәртібі бойынша оларда құрылыстың, үй-жайдың және малдың бар болуына қарамастан, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің аумағында тұрақты тұратын барлық шаруашылықтардың мүшелері жазылады. Әр шаруашылық бойынша есепке алу кітабына жазбаны әрбір шаруашылыққа бармай енгізуге болмайды.
Кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің аумағында уақытша тұратын адамдар әр шаруашылық бойынша есепке алу кітабына (нысан) жазылмайды, ал жекелеген тізімдер «Кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің аумағында уақытша тұратын адамдар тізімі» нысанға енгізіледі.
14. 20-дан астам ауласы бар әрбір елді мекенге жеке әр шаруашылық бойынша есепке алу кітабына арналады. Ұсақ елді мекендердің (қыстақтардың, орманның күзет үйлерінің, теміржол күркелерінің) шаруашылықтары олар жақын орналасқан ірі елді мекендердің әр шаруашылық бойынша есепке алу кітабына жазылады. Олардың әрқайсысына нақты парақ саны бөлінеді. Әрбір елді мекен немесе көше (ірі елді мекен) шаруашылығының жазбасы аяқталғаннан соң осы елді мекенде немесе көшеде жаңадан пайда болған шаруашылықтарды жазу үшін кітапта бірнеше бос парақ қалдыру қажет.
15. Әрбір әр шаруашылық бойынша есепке алу кітабының титулдық парағында осы елді мекендер шаруашылығының дербес шоттары орналасқан беттер нөмірлерінің әрқайсысына қарама-қарсы белгісі бар елді мекендердің атауы жазылады. Ірі елді мекендерге арналған әр шаруашылық бойынша есепке алу кітаптарында елді мекеннің атауынан басқа, сондай-ақ осы көшелерде шаруашылықтардың дербес шоттары орналасқан беттер нөмірлерінің әрқайсысына қарама-қарсы белгісі бар көшелердің атауы жазылады.
Кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әр шаруашылық бойынша есепке алу кітаптары оларды тура нөмірлегеннен кейін нөмірленеді. Әр шаруашылық бойынша есепке алу кітаптарына нөмір беру «Әліпбилік кітабын» толтыру кезінде пайдаланылады.
16. Барлық елді мекендердегі аулаларды аралау және барлық шаруашылықтарды әр шаруашылық бойынша кітаптарға жазу аяқталғаннан соң шаруашылықтардың дербес шоттарын нөмірлеу жүзеге асырылады, ол барлық кент, ауыл, ауылдық округ бойынша үздіксіз және бірыңғай болуы керек. Әрбір елді мекен үшін дербес шоттарды жеке нөмірлеуге жол берілмейді.
Кенттің, ауылдың, ауылдық округтің аумағында кітаптар бетін белгілегеннен кейін жаңа шаруашылықтың құрылуы кезінде бұл шаруашылықтың қай елді мекенде құрылғандығына және кітап бетін белгілеу кезінде осы елді мекеннің кітабы қай шаруашылықтың нөмірімен аяқталғандығына қарамастан, кент, ауыл, ауылдық округ бойынша кезекті нөмір беріледі.
Жаңа шаруашылықтарға кезекті нөмір беруді қолайлы ету мақсатында әліпбилік кітаптың соңында (нысан) таза қағаз бетінде жадынама жасалады, оған кент, ауыл, ауылдық округ бойынша соңғы шаруашылықтың нөмірі жазылады.
17. Дербес шоттың нөмірі осы шаруашылық үшін барлық кезеңге (бес жыл) тұрақты болып табылады. Осы дербес шоттың нөмірімен шаруашылыққа хабарлама, шақыру қағаз жіберіледі, ол қаржы, статистика және басқа да органдармен өз жұмыстарын жүргізу кезінде жасалатын шаруашылықтар тізімінде көрсетіледі.
Дербес шот нөмірі сол немесе өзге шаруашылықтың (отбасының) барлық мүшелерінің бір және сол кенттің, ауылдың, ауылдық округтің шегінде бір елді мекеннен екіншісіне тұрақты мекен-жайға көшуі кезінде өзгермейді. Бұл жағдайда осы шаруашылықтың дербес шотын шаруашылық мүшелері шығатын елді мекеннің әр шаруашылық бойынша есепке алу кітабында жауып (сызып), олар жаңа тұрғылықты жерге көшіп келетін елді мекеннің әр шаруашылық бойынша есепке алу кітабында, осы шаруашылықтың дербес шотының бұрынғы нөмірін сақтай отырып, дербес шот ашу керек. Шаруашылықтың бұрынғы тұрған жері бойынша оның дербес шотының жабылуы туралы белгі оның жоғарғы бөлігінде жабылу күні мен себептерін көрсете отырып қойылады. Тиісті түзетулер бір уақытта, сондай-ақ шаруашылықтардың әліпбилік кітабына да енгізілуі тиіс (нысан).
Сонымен бірге шаруашылық мүшелерінің бір және сол ірі елді мекен шегінде бір көшеден екіншісіне тұрғылықты тұруға көшуі кезінде де осындай түзетулер енгізу керек.
Шаруашылық (отбасы) иесі сол шаруашылық құрамынан ауыстырылған жағдайда (мысалы, өліміне немесе басқа себептерге байланысты) дербес шот нөмірі өзгермейді. Мұндай жағдайларда шаруашылықтың дербес шоты жаңа дербес шотқа қайта жазылмайды, мұның өзінде:
дербес шоттың жоғарғы бөлігінде шаруашылық (отбасы) иесінің тегі, аты және әкесінің аты жазылады, бұрынғысының аты-жөні сызылады;
«Отбасы мүшелерінің тізімі» 1-бөлімдегі «Бірінші жазылған шаруашылық мүшесіне қатынасы» 2-жолда – оның тегінің астына «иесі» деп жазылады, ал қалған отбасы мүшелерінің тегіне қарама-қарсы олардың шаруашылықтың (отбасының) жаңа иесіне туысқандық қатынасы жазылады – «әкесі», «анасы», «күйеуі», «әйелі», «ағасы», «әпкесі», «қызы», «ұлы». Шаруашылық (отбасы) мүшелерінің бұрын жазылған туысқандық қарым-қатынастарының асты сызылып көрсетілуі және өзгертілуі тиіс.
18. Бір шаруашылықты екіге бөлу кезінде дербес шоттан ескі шаруашылық құрамынан бөлініп көрсетілген адамдар шығарылады (сызылып тасталады). Жаңадан құрылған шаруашылыққа оның орналасқан орнына байланысты тиісті әр шаруашылық бойынша есепке алу кітабында жаңа дербес шот ашылады. «Қосымша мәліметтер» бөлімінде осы шаруашылықтар бойынша төмендегідей белгілер жасалады: «№…. шаруашылықпен бөлінді» немесе «№… шаурашылықтан бөлініп шықты» және ескі шаруашылықтың бөлімі ресімделген құжаттың атауы мен күні көрсетіледі.
Бір уақытта шаруашылықтардың әліпбилік кітабының соңына (нысан) әліпбидің тиісті әрпіне жаңадан құрылған шаруашылықты, ал 6-бағанда шаруашылық иесінің тегіне қарама-қарсы «№… шаруашылық бөлініп шықты (күні көрсетіледі)» деп жазуы керек.
19. Екі шаруашылықты бір шаруашылыққа біріктірген кезде (мысалы, шаруашылық мүшелері некелескен жағдайда) осы шаруашылықтардың бірінің дербес шоты бұрынғы нөмірмен сақталады, мұның өзінде оған «Отбасы мүшелерінің тізімі» – 1-бөлімге және басқа бөлімдерге қосымша жазбалар енгізіледі. «Қосымша мәліметтер» бөлімінде «№…шаруашылықпен біріктірілді» деген белгі жасалады. Ал басқа шаруашылықтың дербес шоты оның жоғары бөлігіне «№… шаруашылықпен біріктірілуіне байланысты дербес шоты жабылды (күнін көрсету қажет)» деген белгі қойылып жабылады. Осы шаруашылықтың дербес шотының жабылуы туралы тиісті белгі сондай-ақ шаруашылықтардың әліпбилік кітаптарының 6-бағанында жасалады.
20. Шаруашылық таратылған немесе шаруашылықтың барлық мүшелері осы әкімшіліктің шегінен тыс аумаққа тұрақты мекенжайға көшіп кеткен барлық жағдайларда, мұндай шаруашылықтардың дербес шоты әр шаруашылық бойынша есепке алу кітабында дербес шоттың жоғары бөлігінде көрсетіліп жабылады, сондай-ақ шаруашылықтардың әліпбилік кітаптарының 6-бағанында, дербес шоттың жабылу күні және себебі көрсетіліп, бір уақытта дербес шот сызылып тасталады.
Жабылған дербес шоттардың нөмірлері пайдаланылмаған болып қалуы керек, оларды жаңадан құрылған басқа шаруашылықтарға беруге болмайды.
21. Әр шаруашылық бойынша есепке алу кітабы мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган әзірлеген бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалана отырып, бір уақытта электронды түрде жүргізіледі.
Ескерту. Әдіснама 21-тармақпен толықтырылды - ҚР Статистика агенттігі төрағасының 06.05.2014 № 84 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
3. Әр шаруашылық бойынша есепке алу деректерінің
дәйектілігіне нақтылауды жүргізу тәртібі
Ескерту. Әдіснама 3-тараумен толықтырылды - ҚР Статистика агенттігі төрағасының 06.05.2014 № 84 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
22. Әр шаруашылық бойынша есепке алу деректерінің дәйектілігіне нақтылауды аумақтық статистика органдарының лауазымды тұлғалары мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырады:
1) Әр шаруашылық бойынша есепке алуды жүргізудің осы әдіснаманың талаптарына сәйкестiгі;
2) әр шаруашылық бойынша есепке алу кiтаптарындағы жазбаларды тұрғын үй қоры статистикалық тіркелімінің (бұдан әрi - ТҚТ) деректерімен өзектендіру мақсатында салыстырып тексеру және нақтылау;
3) әр шаруашылық бойынша есепке алу кiтаптарындағы жазбаларды ұсынылған 2012 жылғы 10 тамыздағы Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі төрағасының № 209 бұйрығымен бекітілген, № 7900 нормативтік-құқықтық актілермен мемлекеттік тіркеу реестрінде тіркелген «Үй шаруашылықтарындағы мал мен құстың, ауылшаруашылық техникасының және құрылыстардың нақты бары туралы мәліметтер» (коды 1761103, индексі 7-ж (халық), -кезеңділігі жартыжылдық) (бұдан әрі - 7-ж статистикалық нысан) және «Үй шаруашылықтарында пайдаланатын жердің бары туралы мәліметтер» жалпы (коды 1771104, индексі 7-р (халық), кезеңділігі жылдық (бұдан әрі - 7-р статистикалық нысан) ұсынылған жалпымемлекеттік статистикалық байқаулардың статистикалық нысандарымен нақтылау;
4) Үй шаруашылықтарына бару кезінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 31 желтоқсандағы № 2331 қаулысымен бекiтiлген Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ережесіне сәйкес толтырылатын ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер қорындағы (бұдан әрі – АШМБ ДҚ) бар ақпаратты қолданып, әр шаруашылық бойынша есепке алу кітаптарындағы жазбаларды салыстырып тексеру және нақтылау.
23. Нақтылауды жүзеге асыру үшiн аумақтық статистика органдарына тиiстi облыс әкiмдiгiнiң басшылығымен келiсiм бойынша жыл сайын осы Әдіснаманың 5-қосымшасына сәйкес нысан бойынша Әр шаруашылық бойынша есепке алу деректерінің дәйектілігіне нақтылау жүргізу кестесі (бұдан әрi - Кесте) бекітіледі.
Кестеде есепті жылдың 15 қаңтарынан 15 маусымына дейiн және 15 шiлдесінен 15 желтоқсанына дейiн ай сайын жүргізілетін Нақтылауды өткізу орны мен мерзімі көрсетіледі. Кезектi есепті жылға арналған кесте алдыңғы есепті жылдың 25 желтоқсанына дейiн құрастырылады және бекітіледi.
24. Есепті жыл iшiнде тиiстi облыстардың барлық аудандарын Нақтылаумен қамтылады Есепті жылы Нақтылау жүргізу үшін аралауға жататын кент, ауыл, ауылдық округтердің санын тиісті облыстың аумақтық статистика органының басшысы анықтайды, бірақ облыстың кенттерінің, ауылдарының жалпы санынан 50 пайыздан кем болмауы керек.
Нақтылауды жүргізу жұмысы екi кезең бойынша жүргiзiледi.
25. Бірінші кезеңде жұмыс жүргізу тәртібі өзіне әр шаруашылық бойынша есепке алуды жүргізудің Әдiснаманың талаптарына сәйкессiздiктерiн анықтау, әр шаруашылық бойынша есепке алу кiтаптарындағы жазбаларды ТҚТ деректерімен және 7-м және 7-ө статистикалық нысандарында тапсырылған алғашқы статистикалық деректермен салыстыру жұмыстары жүргізіледі.
Әр шаруашылық бойынша есепке алу кiтаптарының барлық бөлiмдері бойынша оның толтырылуы, сонымен бiрге өшірілген, түзетілген айғақтардың болуы, үй шаруашылығының иесі қолының болмауы, дербес шоттың нөмірі, кәмелетке толған үй шаруашылығы мүшесiнiң ЖСН-і болмауы, жынысының, ұлтының, туған жылының, қайтыс болған күнінің, некеде болуы, келген және кеткен күні туралы, білімі туралы, жұмыспен қамтылу жағдайы туралы деректердің көрсетілмеуі, күнкөрістің қаражат көздері, жер - кадастр кiтабы бойынша нөмірінің, үйдiң сәйкестендіру кодының қойылмауы тұрғысында көзбен шолу жүргізіледі.
Әр шаруашылық бойынша есепке алу кiтабының «1 қаңтардағы тұрғын үй жағдайлары» II бөлімі бойынша жазбалар ТҚТИ деректерімен салыстырылады. Бұл салыстыруды жүргізу үшін аумақтық статистика органдары нақтылаумен қамтылған елдi мекен бойынша тұрғын үйлердің тізбесін алдын ала қалыптастырады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 31 желтоқсандағы № 2336 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының тұрғын үй қорын мемлекеттік есепке алу ережесінің 3-қосымшасына, Кестеге (осы Әдіснаманың 5-қосымшасына) сәйкес ТҚТ жүргізу жөніндегі ақпараттық жүйеден тұрғын үйлердің тізбесі қалыптастырылады. Үйдің сәйкестендіру коды бойынша ТҚТ деректерімен салыстырып тексеру кезінде жалпы және тұрғын алаң көлемінің, тұрғын үй түрінің, тұрғын үйдің меншік түрінің, бөлме санының, сыртқы қабырға материалдарының, тұрғын үйжайды абаттандырудың (электр, су құбыры, ыстық сумен қамтамасыз ету, кәріз, ванна, себізгі, ЖЗО-дан жылыту, жеке қондырғыдан жылыту, газ (табиғи, шеттен әкелінген), электроплита, жеке су жылытқыштан ыстық сумен жабдықтау, пештен жылыту) сәйкестігіне жазбаларды салғастыру жүзеге асырылады.
Әр шаруашылық бойынша есепке алу кітабының «1 қаңтардағы кенттің, ауылдық округтің шегінде немесе шегінен тыс жалға берілген (алынған) жеке меншіктегі жер» III-бөлiмі бойынша деректер 7-ө статистикалық нысанда ұсынылған деректермен салыстырылады. Салыстырып тексеру үшін әр шаруашылық бойынша есепке алу кітаптарындағы (ауылшаруашылық дақылдарының түрлерi бойынша алаңы) тиісті күнге белгілі елді мекен бойынша толтырылған көрсеткіштерді қосу жүзеге асырылады. Әр шаруашылық бойынша есепке алу кiтаптарындағы толтырылған көрсеткiштер бойынша алынған қосынды 7-ө статистикалық нысанда тапсырылған тиiстi көрсеткiштерімен салыстырылады.
Әр шаруашылық бойынша есепке алу кiтаптарының «Шаруашылықтың жеке меншiгі болып табылатын мал (басы), ағымдағы жылғы 1 қаңтардағы және 1 шілдедегі жағдай бойынша» IV бөлiмі бойынша, «Ауыл шаруашылығы өнiмдерін қайта өңдеуге арналған ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарының бары туралы мәліметтер» V бөлімі бойынша, «1 қаңтардағы ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға және мал ұстауға арналған құрылыстар, басқа да құрылыстар» VI бөлiмі бойынша деректер 7-м статистикалық нысанының деректерімен салыстырылады;
Әр шаруашылық бойынша есепке алу кітабының (ауылшаруашылық мал түрлері бойынша мал басы) IV бөлiмі бойынша cалыстырып тексеруді жүргізу үшін тиісті күнге белгілі елді мекен бойынша толтырылған көрсеткіштерді жинақтау жүзеге асырылады;
Әр шаруашылық бойынша есепке алу кітабының (ауылшаруашылық техникасы және жабдықтары түрлері бойынша, сонымен қатар ауылшаруашылық құрылыстарының түрлері бойынша саны) V және VI бөлiмдеріне сәйкес салыстырып тексеруді жүргізу үшін тиісті күнге белгілі елді мекен бойынша толтырылған көрсеткіштерді жинақтау жүзеге асырылады;
Әр шаруашылық бойынша есепке алу кiтаптарындағы толтырылған көрсеткiштер бойынша алынған қосынды (белгілі елді мекен бойынша тиісті күнге) 7-м статистикалық нысанында тапсырылған тиiстi көрсеткiштермен салыстырылады.
Орта елді мекендерде (200 үй шаруашылығынан астам) әр шаруашылық бойынша есепке алу кiтаптарының III, IV, V және VI бөлiмдерiнің әрқайсысы бойынша салыстырып тексеруді жүргізу үшін 2-3 негiзгi көрсеткiш іріктеледі, сол көрсеткіш бойынша жинақтау және 7-ө және 7-м статистикалық нысандарында ұсынылған тиісті көрсеткіштермен одан әрі салыстыру жүзеге асырылады;
26. Екiншi кезеңдегі жұмыстарды жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 31 желтоқсандағы № 2331 қаулысымен бекiтiлген Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ережесіне сәйкес өзіне толтырылатын ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер қорындағы (бұдан әрі – АШМБ ДҚ) бар ақпаратты пайдаланып, әр шаруашылық бойынша есепке алу кітаптарындағы жазбаларды үй шаруашылықтарына іріктеу арқылы бару жолымен салыстырып тексеру жөніндегі жұмыстарды жүргізу қамтылады.
Аумақтық статистика органының лауазымды тұлғасы қарапайым кездейсоқ iрiктеу әдiсімен іріктеп, баруға жататын үй шаруашылықтарының саны мен тізбесін анықтайды. Іріктеме арнайы бағдарламалық қамтамасыз етудің (SPSS, R) көмегімен жүзеге асырылады. Iрiктеме мөлшері шағын елдi мекенде (200 үй шаруашылығынан аз) 10%-ды құрауы керек, орта елді мекенде (200 үй шаруашылығынан көп, бірақ 1000-нан көп емес) ірiктеме мөлшері 3%-дан 5%-ға дейін, бiрақ 20 үй шаруашылығынан кем емес, ірі елді мекендерде (1000 үй шаруашылығынан астам) ірiктеме мөлшері 1-3% құрайды, бірақ елді мекендегі барлық үй шаруашылықтарының санынан 20 үй шаруашылығынан кем болмауы тиіс.
Аумақтық статистика органының лауазымды тұлғасы ветеринария саласындағы маманмен бiрлесiп (келісім бойынша) бару үшін іріктеліп алынған үй шаруашылықтарының тізбесі бойынша әр шаруашылық бойынша есепке алу кітабының деректерін АШМБ ДҚ көрсеткіштерімен мал түрі және саны бойынша салыстырып тексеруді жүзеге асырады. АШМБ ДҚ үй шаруашылығы иесінің немесе мүшесінің тегі, аты-жөні бойынша іздеу жүргізіледі. Бұдан әрі әр шаруашылық бойынша есепке алу кітабының IV-бөлімінде көрсетілген ауыл шаруашылығы малының жасы және жыныстық топтары бойынша саны АШМБ ДҚ-дағы ауыл шаруашылығы малының жасы және жыныстық топтары бойынша жазбалар санымен салыстырылады. Ауыл шаруашылығы малының түрі мен санын нақты үй шаруашылығы бойынша ағымдағы жылғы 1 қаңтардағы және 1 шілдедегі жағдай бойынша әр шаруашылық бойынша есепке алу кітабының деректерін салыстырып тексеру ағымдағы жылғы 1 қаңтардан және 1 шілдеден кейін болған ауылшаруашылығы малының қозғалысын (сатып алынуын, төлденуін және қатардан шығуын) есепке ала отырып жүзеге асырылуы қажет. Ауыл шаруашылығы малы қозғалыстарын есепке алу үшін АШМБ ДҚ «Есепке алу күні» және «Есептен шығару себебі» бағаналарындағы ақпарат пайдаланылады.
Әр шаруашылық бойынша есепке алудың тіркеу жазбаларын салыстырып тексеру және олардың дәйектілігін растау үшiн кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі немесе әкімдігінің, аумақтық статистика органдарының лауазымды тұлғаларының қатысуымен және ветеринар саласындағы маманымен (келісімі бойынша) іріктеп алынған үй шаруашылықтарына бару жүзеге асырылады.
Іріктеп алынған үй шаруашылықтарына бару кезінде әр шаруашылық бойынша есепке алудың тiркеу жазбаларын салыстыру:
ауыл шаруашылығы малын нақты қайта есептеу арқылы. Егер нақты қайта есептеуді жүзеге асыру мүмкiн болмаған жағдайда, салыстырып тексеру ауылшаруашылығы мал басының нақты бары туралы үй шаруашылығының иесі немесе осы шаруашылықтың кәмелетке толған мүшесiнен сұрау арқылы;
картоп, көкөністер және жеміс-жидек дақылдарына арналған егістік алаңдарын өлшеу арқылы жүргізіледі.
Ауыл шаруашылығы малдарының саны және түрлері бойынша салыстырып тексеруді жүргізу кезінде ауылшаруашылығы малдарының ағымдағы жылғы 1 қаңтардан және 1 шілдеден кейінгі болған қозғалысы (сатып алынуы, төлденуі және қатардан шығуы) есепке алынады.
27. Нақтылауды жүргізу қорытындысы бойынша аумақтық статистика органдарының лауазымды тұлғалары осы Әдiснаманың 4-қосымшасына сәйкес мiндеттi түрде әр шаруашылық бойынша есепке алу нысандары бойынша тіркеу жазбаларының сәйкессіздігі немесе сәйкестігі туралы акт (бұдан әрi - Акт) жасайды. Акт екi данада жасалады. Актінiң бiр данасы ауылдық округтің әкiмдiгінде, екiншiсі аумақтық статистика органында қалады.
28. Әр шаруашылық бойынша есепке алуды жүргiзудің Әдіснаманың талаптарына сәйкессiздiгі бөлігіндегі бұзушылықтар, сондай-ақ АШМБ ДҚ-дағы деректермен сәйкессіздіктері анықталған жағдайда айқындалған бұзушылықтар мен сәйкессiздiктер туралы ақпаратты аудандық статистика органдарының лауазымды тұлғалары қорытынды анықтамада көрсетеді және облыстық статистика департаменттеріне жібереді.
29. Дәйексіз алғашқы статистикалық деректерді ұсыну анықталған кезде 7-м және 7-ө статистикалық нысандарын ұсынуға жауапты тұлғаларға қатысты аумақтық статистика органдарының лауазымды тұлғалары «Әкімшілік құқық бұзушылық» туралы Қазақстан Республикасы Кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырады.
30. ТҚТ өзектендіру үшін әкімшілік деректерді уақтылы ұсынбау, дәйексіз деректерді ұсыну анықталған жағдайда әр шаруашылық бойынша есепке алу кітаптарын жүргізуге жауапты тұлғаларға қатысты аумақтық статистика органдарының лауазымды тұлғалары «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырады.
Достарыңызбен бөлісу: |