3-тарау. ЖЕКЕ ЖӘНЕ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕ ҚОРҒАЛАТЫН
ТАБИҒИ АУМАҚТАР САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI
12-бап. Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи
аумақтар саласындағы құқықтары мен мiндеттерi
1. Жеке тұлғалар:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен пайдалануға;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелерi бойынша уәкiлеттi органға ұсыныстар енгiзуге;
3) табиғат қорғау ұйымдарымен бiрлесiп, мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн күзету, қорғау, қалпына келтiру және пайдалану жөнiндегi iс-шараларға қатысуға;
4) қызметi ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытуға бағытталған қорлар құруға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың қызметiне қатысуға;
5) тиiстi мемлекеттiк органдардан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және экологиялық желiлердiң жай-күйi мен олардың жұмыс iстеу мәселелерiне қатысты қажеттi ақпарат сұратуға және алуға құқылы.
2. Жеке тұлғалар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға мiндеттi.
Ескерту. 12-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
13-бап. Заңды тұлғалардың құқықтары мен мiндеттерi
1. Заңды тұлғалар:
1) уәкiлеттi органға ұсыныстар енгiзуге және мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң тiзбелерiн, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және экологиялық желiлер жүйесiн дамыту бағдарламаларын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және кеңейту жөнiндегi жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелердi дайындауға, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеуге қатысуға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық желiлер саласындағы бағдарламалар мен жобаларға қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзуге;
3) табиғат қорғау ұйымдарымен жасалған шарт бойынша мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерiн күзету, қорғау, қалпына келтiру және пайдалану жөнiндегi iс-шараларға қатысуға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту үшiн қызметi өтеусiз қаржылай көмек көрсетуге бағытталған қорлар құруға және олардың қызметi мен оларды басқаруға қатысуға;
5) тиiстi мемлекеттiк органдардан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық желiлердiң жұмыс iстеуi, оларды күзету, қорғау және пайдалану мәселелерiне қатысты қажеттi ақпарат сұратуға және алуға;
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ғылыми-техникалық кеңестерiнiң жұмысына қатысуға құқылы.
2. Қызметi ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытуға бағытталған, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту үшiн гранттар, қаржылай және техникалық көмек беруге маманданған заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын биоалуандылықты сақтауға және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытуға гранттар беретiн үкiметтiк емес ұйымдар мен қорлардың тiзбесiне енгiзiледi.
3. Заңды тұлғалар өз қызметiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға мiндеттi.
Ескерту. 13-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
4-тарау. ЕРЕКШЕ ҚОРҒАЛАТЫН ТАБИҒИ АУМАҚТАРДЫ ҚҰРУ
14-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың санаттары
мен түрлерi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң маңыздылығына байланысты республикалық немесе жергiлiктi маңызы бар санаттарға жатқызылады.
2. Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылу мақсаттарына және қорғалу режимiнiң түрлерiне байланысты мынадай түрлерге бөлiнедi:
1) мемлекеттiк табиғи қорықтар;
2) мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер;
3) мемлекеттiк табиғи резерваттар;
4) мемлекеттiк зоологиялық парктер;
5) мемлекеттiк ботаникалық бақтар;
6) мемлекеттiк дендрологиялық парктер;
7) мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi;
8) мемлекеттiк табиғи қаумалдар;
9) мемлекеттiк қорық аймақтары.
3. Жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылу мақсаттарына және қорғалу режимiнiң түрлерiне байланысты мынадай түрлерге бөлiнедi:
1) мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктер;
2) мемлекеттiк зоологиялық парктер;
3) мемлекеттiк ботаникалық бақтар;
4) мемлекеттiк дендрологиялық парктер;
5) мемлекеттiк табиғат ескерткiштерi;
6) мемлекеттiк табиғи қаумалдар.
4. Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiмен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өзге де түрлерi көзделуi мүмкiн.
5. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды республикалық маңызы бар санатқа жатқызуды - уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Yкiметi, жергiлiктi маңызы бар санатқа жатқызуды - уәкiлеттi органмен келiсе отырып, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары жүргiзедi.
6. Заңды тұлға мәртебесi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақты оның мәртебесiн төмендетуге әкеп соғатын бiр түрден басқа түрге ауыстыру, табиғи және (немесе) техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан оның ерекше құндылығы мен бiрегейлiгi сипатының iшiнара немесе толық жоғалуына байланысты жүргiзiледi.
Заңды тұлға мәртебесi бар ерекше қорғалатын табиғи аумақты оның мәртебесiн төмендетуге немесе арттыруға әкеп соғатын бiр түрден басқа түрге ауыстыру туралы шешiмдi жаратылыстану-ғылыми негiздеме жасалған мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы негiзiнде:
1) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша - уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi;
2) жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша - уәкiлеттi органмен келiсе отырып, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органы қабылдайды.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды «республикалық маңызы бар» санатынан «жергiлiктi маңызы бар» санатына ауыстыруға жол берiлмейдi.
Ескерту. 14-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
15-бап. Табиғат қорғау мекемелерiнiң құқықтық жағдайы
1. Мемлекеттiк табиғи қорықтар, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер, мемлекеттiк табиғи резерваттар, мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктер заңды тұлғалар болып табылады және мемлекеттiк мекеме нысанында құрылады.
2. Табиғат қорғау мекемелерiне жер учаскелерi тұрақты жер пайдалану құқығымен берiледi.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан үй-жайлар (құрылыстар және ғимараттар), тарихи-мәдени және басқа да жылжымайтын мүлiк объектiлерi табиғат қорғау мекемелерiне жедел басқару құқығымен берiледi.
4. Табиғат қорғау мекемесiн қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
16-бап. Мемлекеттiк кәсiпорын нысанында құрылған табиғат
қорғау ұйымдарының құқықтық жағдайы
1. Мемлекеттiк зоологиялық парктер, мемлекеттiк ботаникалық бақтар және мемлекеттiк дендрологиялық парктер заңды тұлғалар болып табылады және мемлекеттiк кәсiпорын нысанында құрылады.
2. Мемлекеттiк кәсiпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдарына жер учаскелерi тұрақты жер пайдалану құқығымен берiледi.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан үй-жайлар (құрылыстар мен ғимараттар), тарихи-мәдени және басқа да жылжымайтын мүлiк объектiлерi мемлекеттiк кәсiпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдарына шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығымен берiледi.
4. Мемлекеттiк кәсiпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдары өздерiнiң мiндеттемелерi бойынша өзiнiң иелiгiндегi ақшамен жауаптылықта болады.
Мемлекеттiк кәсiпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдарының қалған мүлкiн өндiрiп алуға жол берiлмейдi.
5. Мемлекеттiк кәсiпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдарын қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
17-бап. Заңды тұлға мәртебесi жоқ ерекше қорғалатын
табиғи аумақтардың құқықтық жағдайы
1. Мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiнiң, мемлекеттiк табиғи қаумалдардың және мемлекеттiк қорық аймақтарының заңды тұлға ретiнде мәртебесi болмайды және олар мемлекет қорғауында болады.
Заңды тұлға болып табылмайтын ерекше қорғалатын табиғи аумақта мемлекет меншiгiнде болатын жылжымайтын мүлiк объектiлерiн жедел басқару құқығы өзiнiң қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақ болатын табиғат қорғау мекемесiне немесе мемлекеттiк орман шаруашылығы мекемесiне берiледi.
2. Республикалық және жергiлiктi маңызы бар мемлекеттiк қорық аймақтары мен мемлекеттiк табиғи қаумалдар олардың негiзiнде мемлекеттiк табиғи қорықтар, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер, мемлекеттiк табиғи резерваттар, мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктер құру кезiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша республикалық маңызы бар мемлекеттiк табиғи қаумалдарды және мемлекеттiк қорық аймақтарын тарату кезiнде республикалық немесе жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тiзбелерiнен алынып тасталуға тиiс.
Ескерту. 17-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.01.21 № 242-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз), 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
18-бап. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың, мемлекеттiк
ұлттық табиғи парктердiң, мемлекеттiк табиғи
резерваттардың және мемлекеттiк өңiрлiк табиғи
парктердiң қорғау аймақтары
1. Қолайсыз сыртқы әсерлерден ерекше күзету мен қорғауды қамтамасыз ету үшiн мемлекеттiк табиғи қорықтардың, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердiң, мемлекеттiк табиғи резерваттардың және мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктердiң айналасында және олардың шекараларында орналасқан жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жерлерiнде, бұл аймақтар шегiнде осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйелерi мен оларда орналасқан мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң жай-күйiне және оларды қалпына келтiруге терiс әсер ететiн кез келген қызметке тыйым салынады және (немесе) шектеу жасала отырып, қорғау аймақтары белгiленедi.
2. Мемлекеттiк табиғи қорықтардың, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердiң, мемлекеттiк табиғи резерваттардың және мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктердiң қорғалу аймақтарының аумағында табиғат пайдаланудың мөлшерi, шекарасы, режим түрлерi және тәртiбi оларды құрудың жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелерiмен айқындалып, осы Заңға және Қазақстан Республикасының Жер кодексiне сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының шешiмдерiмен айқындалады.
Бұл орайда меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiнiң шекарасы бойынша немесе табиғи географиялық шептер бойынша белгiленетiн және жер бетiнде арнайы белгiлер қойылатын қорғау аймағының енi екi километрден кем болмауға тиiс.
Ескерту. 18-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
19-бап. Табиғат қорғау ұйымдарының рәмiздерi (эмблемасы
мен туы)
Ескерту. Тақырыпқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
1. Табиғат қорғау ұйымдарының рәмiздерi (эмблемасы мен туы) болады.
2. Табиғат қорғау ұйымдары өздерiнiң рәмiздерiн (эмблемасы мен туын) пайдаланудың ерекше құқығына ие болады және оларды жеке және заңды тұлғаларға ақылы негiзде пайдалануға рұқсат етуi мүмкiн.
Ескерту. 19-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
20-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру немесе
кеңейту
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақты құру немесе кеңейту туралы шешiм экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алған жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелердiң негiзiнде қабылданады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақты құрудың немесе кеңейтудiң жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негiздемелерiнiң жобаларын әзiрлеудi, сондай-ақ оларды түзетудi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен мамандандырылған ғылыми (ғылыми-зерттеу) және жобалау (жобалау-iздестiру) ұйымдары екi кезеңде жүргiзедi.
2. Бiрiншi кезеңде ерекше қорғалатын табиғи аумақты құру немесе кеңейту жөнiндегi жаратылыстану-ғылыми негiздемесi әзiрленедi, онда:
1) зерттелiп отырған аумақтың табиғи кешендерiнiң және онда орналасқан мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң бiрегейлiгi, маңыздылығы және репрезентативтiлiгi;
2) зерттелiп отырған аумақтағы әлеуметтiк-экономикалық жағдайлардың жай-күйiн бағалау;
3) зерттелiп отырған аумақтың мемлекеттiк табиғи-қорық қорының экологиялық жүйелерi мен объектiлерiнiң жай-күйi, оларды сақтау жөнiндегi тәуекелдер, қауiптер және оларды күзету, қорғау, қалпына келтiру және пайдалану жөнiндегi шаралар;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың ұсынылатын санаты мен түрi;
5) ұсынылатын шекарасы, ауданы, сондай-ақ функционалдық аймақтары және олардың қорғалу режимiнiң түрлерi және пайдалану айқындалады.
3. Екiншi кезеңде уәкiлеттi орган бекiткен немесе онымен келiсiлген жаратылыстану-ғылыми негiздеменiң негiзiнде ерекше қорғалатын табиғи аумақты құру немесе кеңейту жөнiндегi техникалық-экономикалық негiздеме әзiрленедi, ол:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың шекарасы, координаттары сипатталған жерлердi бөлудiң жерге орналастыру жобасын, меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құрамына алып қойылатын (мәжбүрлеп иелiктен шығарылатын) жер учаскелерiнiң санаттары мен аудандарын, меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiн алып қоймай олардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құрамына қосылатын санаттары мен аудандарын, сондай-ақ күзет аймағының шекарасы мен аудандарын;
2) меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн сатып алуға және (немесе) оларды алу жөнiндегi залалдарды жабуға, қорғалу аймақтарында шаруашылық қызметтi шектеуге байланысты, сондай-ақ жердi алып қоймай, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрған жағдайларда жұмсалатын шығындарды;
3) инфрақұрылым құруға және ерекше қорғалатын табиғи аумақты күтiп ұстауға, мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiн күзету, қорғау және қалпына келтiру жөнiндегi iс-шараларды орындауға жұмсалатын шығындарды;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақты белгiленген функционалдық аймақтарға бөлудi, қорғалу режимiнiң түрлерi мен рекреациялық жүктемелер нормаларын айқындай отырып, осы аймақтар шегiнде табиғи кешендердi реттелмелi туристiк, рекреациялық және шектеулi шаруашылық мақсаттарда пайдалану шарттарын;
5) экологиялық туризмдi дамытуды ескере отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақты жоспарлау жобасын және оның инфрақұрылымын (инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарын), туристiк соқпақтарды, қарап көру алаңдарын, демалу алаңқайларын, көлiкке арналған тұрақтарды, кемпингтердi, шатырлы лагерьлердi, қонақ үйлердi, мотельдердi, туристiк базаларды, қоғамдық тамақтандыру, сауда және басқа да мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектiлердi, құбырларды, электр және байланыс желiлерiн, жолдарды қамтиды.
3-1. Балық аулау үшiн пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкiн не балық ресурстары және басқа да су жануарлары қорларының өсiмiн молайту үшiн маңызы бар су обьектiлерiн және (немесе) учаскелерiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамына енгiзу жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша әрi осы су объектiлерi және (немесе) учаскелерi бекiтiп берiлген адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн ескере отырып жүзеге асырылады.
4. Техникалық-экономикалық негiздеме жер учаскелерiнiң меншiк иелерiмен және жер пайдаланушылармен, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарымен келiсiледi және осы Заңда белгiленген тәртiппен бекiтiледi.
Ескерту. 20-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2010.01.21 № 242-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз), 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
21-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесi мен
экологиялық желiлердi дамыту бағдарламалары
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесi мен экологиялық желiлердi дамыту бағдарламалары экологиялық желiлердi қалыптастыру және олардың жұмыс iстеу принциптерiнiң негiзiнде әрбiр табиғи аймақ шегiнде олардың оңтайлы алқабы деңгейiне дейiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесi мен экологиялық желiлердi қалыптастырудың мемлекет жоспарлап отырған кезеңдерiн айқындайтын негiзгi құжаттар болып табылады.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесi мен экологиялық желiлердi дамыту бағдарламаларын мүдделi мемлекеттiк органдардың, жеке және заңды тұлғалардың, оның iшiнде қоғамдық бiрлестiктердiң ұсыныстарын ескере отырып, оларды әзiрлеуге мамандандырылған ғылыми (ғылыми-зерттеу) және жобалау (жобалау-iздестiру) ұйымдарын тарта отырып, табиғат қорғау қызметi саласындағы бағдарламаларды ескерiп, уәкiлеттi орган әзiрлейдi.
22-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiне мемлекеттiк табиғи қорықтардың, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердiң, мемлекеттiк табиғи резерваттардың, мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктердiң, мемлекеттiк зоологиялық парктердiң, мемлекеттiк ботаникалық бақтардың, мемлекеттiк дендрологиялық парктердiң және мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiнiң жерлерi жатады.
2. Мемлекеттiк табиғи қорықтарды, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердi, мемлекеттiк табиғи резерваттарды, мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктердi, мемлекеттiк зоологиялық парктердi, мемлекеттiк ботаникалық бақтарды, мемлекеттiк дендрологиялық парктер мен мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiн құру кезiнде жер учаскелерi басқа санаттардағы жерлер құрамынан бөлiнiп, оларды осы жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларынан алып қою жолымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерiнiң санатына ауыстырылады.
3. Мемлекеттiк қорық аймақтары мен мемлекеттiк табиғи қаумалдардың, мемлекеттiк табиғи қорықтар, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктер, мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктер, мемлекеттiк табиғи резерваттар қорғалу аймақтарының жер учаскелерi, оларды жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алмай және жер санатын өзгертпей, басқа жер санаттарының құрамында бөлiнедi.
Мемлекеттiк табиғи қорықтар мен мемлекеттiк табиғи қаумалдардың және оларда орналасқан мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң жай-күйiне және олардың экологиялық жүйелерiн қалпына келтiруге терiс әсер ететiн кез келген қызметке ерекше қорғалатын табиғи аумақтар аумағы шегiнде шектеу жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерiне ауыртпалық болып енгiзiледi және жерге орналастыру құжаттамасында ескерiледi.
4. Жер учаскелерiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерiнiң санатына жатқызу туралы шешiмдердi:
1) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ үшiн - уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi;
2) жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ үшiн - уәкiлеттi органмен келiсе отырып, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары қабылдайды.
Мемлекеттiк орман қоры жерiнде мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парк құрылған жағдайда осы жердiң учаскелерiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерiнiң санатына жатқызу туралы шешiмдi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мемлекеттiк орман қорының жерiн ауыстыру туралы шешiмiнiң негiзiнде облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары қабылдайды.
5. Мемлекеттiк табиғи қорықтарды, мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердi, мемлекеттiк табиғи резерваттарды, мемлекеттiк өңiрлiк табиғи парктердi, мемлекеттiк зоологиялық парктердi, мемлекеттiк ботаникалық бақтарды, мемлекеттiк дендрологиялық парктердi және мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiн құру және кеңейту үшiн жер учаскелерiн алып қою Қазақстан Республикасының Жер кодексiне және Мемлекеттiк мүлiк туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады, бұл ретте жылжымайтын мүлiк меншiгiне құқық тоқтатылған жағдайда мүлiктi меншiк иесiнен алып қою Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Табиғи кешендер толық немесе iшiнара, мерзiмсiз немесе белгiлi бiр мерзiмге шаруашылық пайдаланудан алып қойылады және олардың ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық маңызы ескерiле отырып, осы Заңда белгiленген тәртiппен, мемлекеттiк табиғи қаумалдары мен мемлекеттiк қорық аймақтарын қоспағанда, төлем шартымен пайдаланылады.
Ескерту. 22-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2008.12.10 N 101-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi), 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
23-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерiнiң
құқықтық режимi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерi, сондай-ақ мемлекеттiк табиғи-қорық қорының объектiлерi орналасқан өзге де санаттардағы жерлердiң жер учаскелерi мемлекеттiк меншiкте болады және иелiктен шығаруға жатпайды.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерiн алып қоюға жол берiлмейдi.
Мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде шаруашылық қызметтiң шектеулi режимi белгiленген учаскелердi ғана, мемлекеттiк бағдарламаларда көзделген туризм объектiлерiнiң, ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы ғимараттарының құрылысы және жұмыс iстеуi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасының объектiлерiн салу, оларды жайластыру және күтiп-ұстау үшiн ықтимал орналастырудың басқа жолдары болмаған кезде Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен босалқы жерге ауыстыру жағдайларын қоспағанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерiн ауыстыруға жол берiлмейдi.
2-1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар осы Заңда көзделген тәртiппен және шарттарда ғылыми, мәдени-ағарту, оқу, туристiк, рекреациялық және шектеулi шаруашылық мақсаттар үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiнде олардың нысаналы мақсатына сәйкес келмейтiн кез келген қызметке тыйым салынады.
Ескерту. 23-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2008.12.01 N 94-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi), 2007.07.20 N 464-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
24-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру және
кеңейту үшiн жердi резервте қалдыру
1. Бекiтiлген жаратылыстану-ғылыми негiздемелерге сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге арналған жер учаскелерiн резервте қалдыру туралы шешiмдер қабылдайды.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшiн жерлердi резервте қалдыру жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан жердi алып қоймай жүргiзiледi.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерiнiң құрамына бергенге дейiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен резервте қалдырылған жерлердi бұрынғы мемлекеттiк немесе мемлекеттiк емес жер пайдаланушылар мен жер учаскелерiнiң меншiк иелерi пайдаланады.
3. Мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiн сақтауды қамтамасыз ету мақсатында резервте қалдырылатын аумақтағы жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметi ерекше қорғалатын табиғи аумақты құру немесе кеңейту туралы шешiм қабылданғанға дейiн шектелуi мүмкiн. Бұл ретте жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың резервте қалдырылатын жер учаскелерiндегi шаруашылық қызметiн шектеуге байланысты орын алған ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы өндiрiстерiнiң залалдарына өтем алуға құқығы бар.
4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға немесе кеңейтуге арналған резервте қалдырылатын учаскелердегi шаруашылық қызметтi шектеуге байланысты орын алған залалдарды жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға өтеу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
5. Қалалар шекараларының шегiнде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру немесе кеңейту кезiнде жерлердi резервте қалдыру белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарларды ескере отырып, не қолданыстағы бас жоспарларға, қала салу регламенттерiне және базалық деңгейдегi мемлекеттiк қала салу кадастрына қажеттi өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiле отырып жүзеге асырылады.
Ескерту. 24-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
25-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспорты
1. Қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар мемлекеттiк органдар әрбiр осындай аумақ бойынша белгiленген үлгiдегi паспортты толтырады және оны уәкiлеттi органда тiркейдi.
Тiркелген паспорттың әрбiр данасы түпнұсқа болып табылады.
Республикалық және жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың паспорттарын әзiрлеу және тiркеу (қайта тiркеу) қағидаларын уәкiлеттi орган бекiтедi.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспортында:
1) түрi мен санаты көрсетiлген ерекше қорғалатын табиғи аумақтың атауы;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақты құру немесе кеңейту жөнiндегi мемлекеттiк орган актiсiнiң атауы, нөмiрi және қабылданған күнi;
3) қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар мемлекеттiк органның атауы;
4) заңды тұлға мәртебесi жоқ ерекше қорғалатын табиғи аумақты қорғау жүктелген ұйымның атауы;
5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың туристiк инфрақұрылымы, географиялық координаттары, шекарасының сипаттамасы, аумағының көлемi және күзет аймағы көрсетiлген карта-схемасымен бiрге орналасқан жерi;
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақта орналасқан мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң сандық және сапалық сипаттамасымен бiрге олардың тiзбесi;
7) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың функционалдық аймақтары және олардың күзет режимi түрлерi, жер учаскелерiнiң аралас меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар, олардың күзет аймағындағы табиғат пайдалану жөнiндегi мiндеттемелерi мен ауыртпалықтары туралы мәлiметтер;
8) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қызметтiң рұқсат етiлген және тыйым салынған түрлерi, сондай-ақ жекелеген қызмет түрлерiне қойылған шектеулер;
9) келiп көру ережесi, жұмыс режимi, рекреациялық жүктеме көрсетiледi.
3. Табиғат қорғау ұйымының паспорты табиғат қорғау ұйымында, өзiнiң қарауында осы табиғат қорғау ұйымы болатын мемлекеттiк органда және уәкiлеттi органда болады.
Мемлекеттiк табиғат ескерткiштерiнiң, мемлекеттiк табиғи қаумалдардың, мемлекеттiк қорық аймақтарының паспорты ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың аталған түрлерiн қорғау бекiтiлiп берiлген ұйымда, өзiнiң қарауында осы ұйым болатын мемлекеттiк органда және уәкiлеттi органда сақталады.
4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың нысаналы мақсаты өзгерген, ол қайта ұйымдастырылған, кеңейтiлген жағдайларда оның паспорты қайта тiркеуден өткiзiледi.
Ескерту. 25-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
26-бап. Табиғат қорғау ұйымын басқару жоспары
1. Табиғат қорғау ұйымдары өз қызметiн мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда, олар қарауында болатын мемлекеттiк орган бекiтетiн басқару жоспарына сәйкес жүзеге асырады.
Табиғат қорғау ұйымын басқару жоспары уәкiлеттi орган бекiткен ережелерге сәйкес бесжылдық кезеңге жасалады.
2. Табиғат қорғау ұйымын басқару жоспары:
1) табиғи және әлеуметтiк-экономикалық жағдайлардың осының алдындағы кезеңдегi өзгерiстерiне жасалған талдауды;
2) табиғат қорғау ұйымының осының алдындағы кезеңдегi қызметiне берiлген бағаны;
3) табиғат қорғау ұйымының осыдан кейiнгi кезеңдегi табиғат қорғау, экологиялық-ағартушылық, ғылыми, туристiк, рекреациялық және шектеулi шаруашылық қызметiнiң әрбiр түрi бойынша iс-шараларды;
4) мемлекеттiк орман қоры жерлерiнде құрылған ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшiн - өткен кезеңдегi орман шаруашылығын жүргiзудiң және орман пайдаланудың кешендi бағасы берiлетiн және алдағы кезеңге арналған осы орман учаскелерiн күзету, қорғау, молықтыру және оларға күтiм жасау жөнiндегi iс-шаралар әзiрленетiн бөлiмдi;
5) басқару құрылымын, нормативтiк-құқықтық базаны жетiлдiру, кадрлармен қамтамасыз ету және олардың бiлiктiлiгiн арттыру, жергiлiктi халықпен және жергiлiктi өкiлеттi және атқарушы органдармен бiрлесiп iс-қимыл жасау арқылы басқару жоспарын iске асыру тетiктерiн қамтиды.
3. Табиғат қорғау ұйымын басқару жоспарын әзiрлеудi ол қарауында болатын мемлекеттiк орган қамтамасыз етедi.
27-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк
кадастры
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастры осындай аумақтардың құқықтық мәртебесi, олардың орналасқан жерi, көлемi мен шекарасы, географиялық координаттары, мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң сандық және сапалық сипаттамасы, экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени, рекреациялық құндылығы, күзет режимiнiң түрлерi, нысаналы пайдаланылуы және рұқсат етiлген қызмет түрлерi туралы мәлiметтер жүйесiн қамтиды.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мемлекеттiк кадастрының деректерi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесiн дамыту, экологиялық желiнi қалыптастыру бағдарламаларын әзiрлеуге негiз болып табылады және биологиялық саналуандықты, бiрегей табиғи ландшафтарды сақтауды ескере отырып, жерлердi ұтымды пайдалану мен өңiрлердiң өндiргiш күштерiн орналастыруды жоспарлау кезiнде пайдаланылады.
Достарыңызбен бөлісу: |