Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!



Дата21.06.2016
өлшемі206.61 Kb.
#151531
Ермұхан Бекмахановқа
Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!

Бұл суық хабар сыймайды сайыз санама.

Ересен ойлы еркесі едің еліңнің,

Ұқсайтын ерек үздік бір туған данаға.


Саған да төнді ажал ашқан аранын,

Қазағың – халқың деуші еді сені: «Қарағым!»

Түн келіп құшып, жүрегім ісіп, ауыр ой –

Пәршалап жыртып, ұлғайтты аузын жараның.


Шоқаным едің дәуіріме сәнді түр берген.

Көркі едің күлген елімнің мынау гүлденген.

Теңіздей тасып, қияға асып, тік басып,

Надандық бұлтын серпе бір қуып, нұрға енген.


Қанышым менің, Мұхтарым едің самғаған,

Елінің ескен даңқына даңқын жалғаған.

Өріне өрлеп өркенді мынау өмірдің,

Ойпанда өткен бұтаға көзін салмаған.


Арманда кеттің, зарлауда өтті, асыл ең,

Бәстескен елдің бәрінен де өзің басым ең,

Аспанда көлбеп, рсқарға өрлеп, білімнің

Көз жетпес заңғар шыңына шырқап асып ең.


Мәңгіге қош бол, еңірейін енді, бауырым,

Азалы халқың шегуде бастан ауыр күн.

Шерменен жүріп шежіресін шерттің еліңнің,

Шежіреде сол бір мәңгі айқын енді қалуың!


Хамза Абдуллин

08.05.1966 ж.

Алғысөз
Қазақ халқының дарынды тұлғасы тарих ғылымының докторы, ұлағатты ұстаз Ермұхан Бекмаханов 2015 жылдың 15 ақпанында 100 жасқа толар еді.

Жарық жұлдыздай ағып өткен қасқағым өмірінде ол өзін халқының адал перзенті ретінде көрсете білді. Дүниеге келген әрбір пенде өз қалауынша өмір сүруге ерікті. Ермұхан Бекмахановта мейірімді Алланың пешенесіне жазған дарын-қабілеті арқасында өз қатарынан қара үзіп шығып, ел тарихының қатпарлы сырларын тереңдете қазып, туған халқына елеулі еңбектер беруге құлшынған білімпаз еді. Амал қанша, батыл ойға тұсау, еркін көңілге кісен салған қатыгез заман оның ең алғашқы қарымды еңбегіне тыйым салып, қазақ тарихнамасының төрі түгел босағасынан да орын бермей, үнемі қуғын көріп, нағыз дер шағында өмірден өтіп кетті.

Оқырмандарға ұсынылып отырған осы әдістемелік ұсыныс сталинизмнің құрбаны болған, тұңғыш кеңес тарихшыларының бірі әрі бірегейі, тарих ғылымында қазақстан доктор атағына ие болған азаматымыз, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ермұхан Бекмахановтың өмірі мен қызметіне арналады.

Осыған орай Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы «Тарихтағы қаһарман тұлға» атты әдістемелік құралын ұсынып отыр. Әдістемелік ұсыныста тарихи тұлғаның өмірі мен қызметі, ғылыми зерттеу еңбектері, зиялы қауымның ой пікірлері, кітап көрмесінің үлгісі, арнау өлеңдер мен әдебиеттер тізімі берілген.

Өткен тарихымызға зер салған өскелең ұрпақ үшін Ермұхан Бекмахановтың өмірі өнеге, жас буынды ерлікке, елдікке тәрбиелейтіні сөзсіз.

Өмірбаяндық деректеме


Ермұхан Бекмаханов 1915 жылдың 15 ақпанында Павлодар облысы, Баянауыл ауданында №10 ауылда Жасыбай деген жерде дүниеге келді.

Ермұхан Бекмаханов Баянауылдағы 7 жылдық мектепті тәмәмдаған соң, 1932 жылы Семейдегі жоғары оқу орнына даярлайтын бір жылдық курсты оқып шығады. 1933 жылы Қазақ Оқу – ағарту халық комиссариатының жолдамасымен Воронеж қаласындағы мемлекеттік педагогикалық институтқа қабылданып 1937 жылы тарих факультетін бітіреді. Бекмахановтың педагогтық қызметі Алматыдағы №28 мектепте, 1937 жылы педагогикалық ғылыми зерттеу институтында басталды. 1939-1940 жылдары осы институттың директоры қызметін атқарды. Соғыс жылдары халық ағарту комиссариатының басқармасын басқарды, сонымен қатар Қазақстан КП Орталық комитетінің лекторы болып 1941-1946 жылдары қызмет істеді. 1943 жылы 28 маусымда Мәскеуде «қазақтардың Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт – азаттық күресі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Ал 1946 жылы Е.Бекмаханов «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген атпен докторлық диссертация қорғап оны 1947 жылы кітап етіп жарыққа шығарды.

Кенесары Қасымұлының көтерілісін (1837-1847) қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы ретінде бағалағандығы үшін саяси қуғын-сүргінге дұшар болды.

1952 жылы бас бостандығынан айырылып 25 жылға сотталып кетті, 1954 жылы ақталып шықты. Қазақ Ұлттық университетінде өзі ұйымдастырған Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 1957 жылы Мәскеуде «Ғылым» баспасы оның көлемді жаңа монографиясын «Присоединение Казахстана к России» жарыққа шығарып, кітап болып шықты. Осыдан кейін оның докторлық дәрежесі мен профессорлық атағы қайтарылды.

1962 жылы Бекмаханов Қазақ ССР Ғылым академиясына корреспондент мүшесі болып сайланды.

«Қазақ ССР тарихының хрестоматиясын», «Очерки истории Казахстана ХІХ века» атты жоғарғы оқу орында оқытылатын оқулықтар шығарды.

Асыл азамат Ермұхан Бекмаханов 1966 жылы 6 мамырда 51 жасқа қараған шағында ауыр науқастан дүние салды.

Дарынды ғалым, үлағатты ұстаз

(Ермұхан Бекмахановтың туғанына 100 жыл толуына

арналған кітап көрмесінің үлгісі)


І бөлім: «Тамыры терең бәйтерек»

(Бұл бөлімде тарихшы ғалымның өмірі, қызметі, әр жылдары жазған зерттеу еңбектері қойылады).


Дәйексөз: Әй, Ермұхан, Ер мұхан,

Егескенде өр Мұхан!

Тарих көшін барласа,

Толағайдай зор Мұхан!

Сәл нәрсеге қитықса,

Шамдана кетер кер Мұхан!

Төлеген Тәжібаев
П бөлім: «Елдік туын көтерген ер!»

(Бұл бөлімге тарихшының еңбектерінің зерттелуі, тұстастарының естеліктері қойылады).

Дәйексөз: «Жақсының ескерткіші – жақсылығы» - деп ақын айтпақшы, еліне еңбегі сіңген Ермұхан Бекмаханов менің есімде емес, бүкіл халық жадында, әлеумет жүрегінде.

Сәлкен Суханбердин

Тарихтағы қаһарман тұлға

(тарих ғылымының тұңғыш докторы Ермұхан Бекмахановтың

мерей тойына арналған танымдық сағат)
Безендірілуі: кітап көрмесі, тарихшы туралы ой-пікірлер мен сахнаның ортасында «100 жас деген гүлдермен безендірілген портрет, слайдтар арқылы шығармалары көрсетіледі. Музыкалық орталық, дауыс үндеткішпен қамтамасыз етіледі.
Жүргізушілер: кітапханашы, бозбала мен бойжеткен.

Қатысушылар: қонақтар, оқырмандар, тума-туыстары, көз көргендер.


Мүмкіндігіне орай туыстары, тарихшының еңбектерін зерттеуші ғалымдарды шақыруға болады.
Ескертпе: кітапхана мүмкіндіктерін ескере отырып кітап көрмесінің, танымдық сағаттың атын өзгертіп, түрлендіріп алуға болады.

Кітапханашы: Құрметті оқырмандар!

Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, тарих ғылымының докторы, профессор Ермұхан Бекмахановтың туғанына 100 жыл толуына арналған танымдық сағатқа қош келдіңіздер!

Өзінің саналы ғұмырын ғылым жолына арнаған дарынды ғалым, үлкен парасат иесі Ермұхан Бекмаханов небәрі 50 жыл ғана өмір сүрді. Тарих жылнамасы бойынша өлшер болсақ бергенінен берері мол біртуар ғалым үшін осынау жарты ғасырлық ғұмыр жарқ еткен жасындай ғана уақыт екені даусыз. Дегенмен өзінің қамшының сабындай қысқа ғұмырында сонша іс тындырып, Қазақстан тарихына қайталанбас үлес қосып кеткен аса ірі ғалымның теңдессіз еңбегі бүгінде баршамыздың баға жетпес құнды қазынамызға айналып отыр.


Бозбала: Ермұхан Бекмаханов 1915 жылдың 15 ақпанында Павлодар облысы, Баянауыл ауданында №10 ауылда Жасыбай деген жерде кедей шаруа Бекмахан Бегенұлының шаңырағында дүниеге келді. Кедейлер тобына жататын бұл отбасында әкесі Баянауыл өңіріндегі атақты бай Шорманның Мұстафасының малын бағып күнелтсе, анасы байдың бәйбішесіне көмек көрсетіп сол үйдің тамағын әзірлеген. Бірақ Ермұхан бала ешқашанда байларды жамандаған емес. «Қайта біз солардың арқасында ешқандай мұқтаждық көрмей өстік»- дейтін. Әкесі Ермұхан 6 жасқа келгенде дүние салды, бұл 1921 жыл еді. Анасы Бәпіш отбасының ауыртпалығын бір өзі көтеріп үш баласының қамқоршысы болды, 1932 жылы қайтыс болды. Шындығында анасы мен қарындасы ашаршылықта өліп, денесі қайда қалғаны да белгісіз. Тарихшының жары Халима апайдың айтуынша әкесі Бекмахан өте момын, ал шешесі Бәпіш өжет болған, тарихшыға батылдық сол анасынан дарыған. Ермұхан ағасы Діншенің қолдауымен ғана мектепте білім алады. Ағасы Дінше 1931 жылы дүние салып, тұлдыр жетім қалды. Ермұхан Бекмаханов арабша хат таныған, жазуы өте әдемі болыпты. Фармацевт – ғалым балалық шағынан бірге өскен Сәлкен Суханбердин (белгілі банкир Нұржан Суханбердиннің әкесі) екеуі Баянауылда мұсылман мектебінде молдадан дәріс алған. Содан кейін орыс мектебінде оқыған. Сол кезде бірге оқығандардың айтуынша ол келесі сыныптың әрқайсысынан аттап өтіп отырған.
Бойжеткен: Баянауылдағы 7 жылдық мектепті тәмәмдағаннан кейін 1932 жылы Семей қаласында жоғары оқу орнына даярлайтын 1 жылдық курсты оқып шығады. 1933 жылы Қазақ оқу-ағарту халық комиссариатының жолдамасымен Воронеж қаласындағы мемлекеттік педагогикалық институтқа қабылданып, 1937 жылы тарих факультетін бітіріп шықты.

Ермұхан Бекмахановтың педагогикалық қызметі Алматыдағы №28 мектепте, 1937 жылы педагогика ғылыми зерттеу институтында басталып, ал 1939-1940 жылдары осы институттың директоры болды. Ұлы Отан соғысы жылдары жас тарихшы өзінің білімін толықтыру мен қоса тікелей ғылыми зерттеу жұмысымен де толассыз айналысады, әр түрлі оқу орындарында да дәріс береді. 1941 жылдың күзінде Мәскеу түбіндегі қауіпті жағдайларға байланысты Алматыға Ресейдің ірі тарихшыларының бір тобы эвакуацияланады. Бұл идеяның басы қасында сол кезде Оқу халық комиссариатында істейтін Ермұхан Бекмаханов жүреді. Осылайша құрылған Ресей мен Қазақстан ғалымдарының үлкен шоғыры мектеп оқушылары үшін тарих пәнін оқыту методикасын жасап шығарды, «Қазақ ССР тарихы» оқулығын орыс, қазақ ғалымдары дайындады.


Бозбала: 1943 жылы жазда ежелгі дәуірден сол кезге дейінгі кезеңді қамтитын тұңғыш «Қазақ ССР тарихы» Алматыда жарық көрді. Кеңес Республикаларының тұңғыш дербес тарихын жазудың алғашқылары болғандықтан, соншама беделді ғалымдар күш салғандықтан бұл кітап бірден көзге түсті. Кітап Сталиндік сыйлыққа ұсынылып, сарапшылардың алғашқы сынынан мүдірмей өтті. Бұл қуаныш көпке ұзамай бітпес дауға айналды. Ермұхан Бекмаханов үшін трагедияға ұласты. КСРО Ғылым академиясының корреспондент мүшесі А.Яковлев «Қазақ ССР тарихы» орыстарға қарсы жазылған зиянды кітап деген жөнсіз пікір айтты. Орыс ғалымы Анна Михайловна Панкратова Орталық комитетке хат жазып ақтап шықты.

1943 жылы 28 маусымда Мәскеуде «Қазақтардың Кенесары Қасымұлы басқарған азаттық күресі» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Бұл тақырыпты таңдауына Воронеж қаласында студент кезінде танысқан Халел Досмұхамедов себепші болып еді.Ресейде оқыған Ермұхан Бекмаханов Кенесары туралы бейхабар еді. Халел дәрігер болсада қазақтың әдебиеті мен тарихына бей-жай қарамаған кісі. Воронежде жер аударылып жүрген Халел Досмұхамедов болашақ тарихшыға ғылыми тақырыпты осылай тауып берді. Ал 1946 жылы «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген тақырыпта докторлық қорғап 1947 жылы кітап етіп шығарды.


Бойжеткен: Кенесары Қасымұлы есімі тарихта атасы Абылай ханның ісін жалғастырушы ретінде қалған. Қазақ халқының аса көрнекті ұлдарының бірі Кенесарының қайғылы тағдырының себебі патша үкіметінің далалық жерлерді жаппай отарлауы салдарынан қазақ хандығын қалпына келтіру мүмкін болмағандығында еді. Көтеріліске шыққан сұлтанның басты мақсаты айырылып қалған Қазақ жерлерін қайтару, сонымен қатар әкесі мен атасынан мұраға қазақ хандығын іс жүзінде және заңды түрде қалпына келтіру болды.

Арқада Бурабайға жер жетпейді,

Алашта Кенекеме ер жетпейді.

Көкшеде күңіренген Кенем қайда?!

Дариға жүрегімді дерт өртейді. –

деп Мағжан ақын жырлаған.

Бұл халықтың басын біріктірген мемлекеттік статус жойылып, ел тұтастығының ойраны шықты деген сөз еді. Патшалық отарлаушылар қазақтың ежелгі шұрайлы жерін тартып алды. Халық басына күн туды. Осы уақытта ел қамын қорғаған, халық бірлігін ойлаған Хан кене тарих сахнасына шықты.

Кене хан Сарыарқада тұра алмаған,

Салтанат, ойын-сауық құра алмаған.

Жортуыл сай өрлеген бір суық жел

Құйындай құм ұшырып бұраңдаған.
Хан Кене бұл алыптан кете берген,

Талай тау, нелер көлден өте берген.

Алды-артын орағытқан қуғыншы көп

Қайда ажал, Бейнетіңе жете берген.


Кенехан ағып-жосып кете берген,

Киіктей от іздеген, қына терген.

Жел қуған қаңбақ-құрай қалың тобы

Қамалып тығырыққа соңына ерген.

Ж.Бектұров
Бойжеткен: Патшаның отарлау саясаты Қазақ халқын жанқиярлық күреске шығуға мәжбүр етті. ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында қазақтың ұлт азаттық қозғалысының ең ірі қарсылығы Кенесары Қасымов бастаған көтеріліс бұрқ етті. Бұл қозғалыс 10 жылға созылды, қазақтың үш жүзін түгел қамтыды. Сөйтіп халықтың қалын бұқарасын күреске тартты. Бұл көтерілістің айрықша көңіл аударарлық жері сол, қазақ елінің саяси дербестігін сақтап қалу мақсатында біртұтас қазақ мемлекетін құруға соңғы рет талпыныс жасағаны еді. Ермұхан Бекмахановтың Кенесары қозғалысы туралы ғылыми еңбегі көп сынға түсті. Үстінен қара бұлт үйірілген тоталитарлық заманда ата тегін таратуда қиын еді. Ермұхан Бекмаханов – Абылайдың ұрпағы. Аты алашқа мәлім тұңғыш қазақтан шыққан тарих ғылымының докторы Ермұхан Бекмаханов Шоқанға іні екендігін бұрын айта алмай келді. Үстінен қара бұлт үйірілген тоталитарлық заманда ата тегін тарата бергенді қаламаса керек.
Бозбала: Абылайханның баласы Үәлидің кіндігінен он төрт ұл ұзағаны белгілі. Соның біреуі – Тәуке. Тәукеден – Жанпейіс, одан Жанбөбек тараған. Жанбөбек үш ұл көрген: Бегедей, Беген, Жошы. Бегеннен – Бекмахан мен Жармұхамед тарайды. Бекмаханнан – Тоқаш, Дінше, Ермұхан туған. Атақты Абылай ханның Ермұхан Бекмаханов 7-ші ұрпағы. Ғалымның осы тақырыпты ғылыми жұмысына өзек етуі де тегін емес...

Кенесары Қасымұлының (1837-1847) жылдары жеңіліске ұшырауы қазақ даласын тездетіп жаулап алуға жол ашты. 1850 жылдардың басында бүкіл Қазақстан атырабы патша өкіметінің қарамағына көшті. Осыдан кейін Ресей империясы Орта Азиялық саясатының келесі кезеңіне едел-жедел кірісіп, Қоқанға, Бұхараға және Хиуаға шабуыл жасап, оларды да өз иелігіне қосып алды...( Ермұхан Бекмаханов. «Қазақстан ХІХғасырдың 20-40 жылдарында» кітабынан). Ал Кенесары Қасымовтың қозғалысы әділет жолындағы майдан болды. Оны халық жауы, қаскөй, зұлым ретінде көрсетуге тырысушылық қазақ тарихына жасалған әділетсіз көзқарас, ақиқатты бұрмалау еді.

«Мен өзімнің батырлығымнан ешқашанда қайтпаймын және керемет ерлік көрсетіп барып өлемін» - деген ел аузында қалған Кенесарының сөзі расқа айналды. Осы тарихи оқиға хан ұрпағы Ермұхан Бекмахановтың ғылыми тұрғыда зерттелуімен қағазға түсіп тарихта қалды.
Бойжеткен: «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітабына тиісу тағы басталды. Кенесары қозғалысы ұлтшылдық сипатта деп пікір тудырып қарсыластар 1950 жылы 26 желтоқсанда «Правда» газетіне мақала жазды. Іс өршіп 1951 жылы 15 мамырда «ірі саяси қателіктері үшін КазМУ-ден КСРО тарихы кафедрасының профессорлығынан шығарылды». Бекмаханов Ермұхан Алматы облысы Нарынқол ауданындағы мектепте тарих пәнінен сабақ берді, кешікпей Жамбыл облысы, Шу ауданындағы Новотроицк селосындағы мектепке ауыстырды. Ондағы ойлары Нарынқол Қытайға жақын, қашып кетеді деген пиғылдары еді. Осы мектепте сабақ беріп жүргенде 1952 жылы 5 қыркүйекте тұтқындалды. 1952 жылы 4 желтоқсанда Қазақ ССР Жоғарғы соты Бекмахановты 25 жылға соттап, ГУЛАГ лагеріне айдады.

Иркутск облысы, Бодайбо қаласының түрмесінде қапастағы күндері өтті. Жігерлі ғалым болашағынан үміт күтіп, намысын қайрап, ден саулығын күтіп түрмеде қара жұмысқа таңылып еңбек етті. Аяулы жары Халима Адамбекқызы үзбей хат жазып, азын аулақ сәлем сауқатын салып тұрды. Колымада бір күнің үш күнге саналады дегенге шахтаға түсіп, бір жұмадай жұмыс істеп, денсаулығы көтермеген соң ол жұмысты қойды. 25 жыл лагерь құрсауын өтеп елге оралу үшін қаншама азапты күндер, түндер, айлар, жылдар керек. Лагерьде жүріп жоғарғы орындарға бірнеше рет арыз жазды.


Бозбала: Бекмаханов тағлымы ғылымда ойлау-зерттеу бостандығы болмағанын, күншіл ғалымсымақтардың дегені болып тұрғанын өз ойын ашық айтатын авторлардың құдалануын айқын дәлелдейді. Бекмаханов ісі ірі ғалымдар арасында адамгершілігі асыл қасиеттің де бар екенін көрсетті. Олар: Бекмаханов көзқарасы бәрімізге ортақ көзқарас, оны ғана айыптау әділетсіздік деп адалдықтың ала жібін аттамаған мәскеулік тарихшылар болды. Солардың келісімімен Панкратова А.М. Н.С.Хрущевқа кіріп Бекмахановты босатуды сұрады. Ермұхан Бекмахановтың ісі қайта қаралып 1954 жылы 16 ақпанда қылмысты іс тоқтатылып, ақталып шықты.

16 ақпанды Ермұхан Бекмаханов туған күні санап, отбасында 1954 жылдың 16 ақпанынан бастап туған күнін атап өтетін болған. «Нақ сол күні әділдікке қолым жетіп, жарық дүниеге екінші мәрте келдім, сол себепті оны туған күнім деп есептеймін. Ал сол қуанышты маған сыйлаған Анна Михайловна – екінші анам!...» деген Ермұхан Бекмаханов естеліктерінде. Түрмеден босанып шыққан ғалым бірден Анна Михайловнаға Мәскеуге барады. Анасындай болған жан бір қалта ақша беріп: «Тап қазір дүкенге барып жаңадан киін, сенің жер басып жүргеніңді көре алмайтын қас дұшпандарың Алматыда аз емес. Түрмеден жүдеп-жадап қайтқаныңды оларға көрсетпе» - депті. Осылай тарихшы елге оралды. Ермұхан Бекмаханов Мәскеуге барған сайын Новодевичья қабіріне барып Анна Михайловнаның зиратына гүл қойып жүрді. Е.Бекмаханов қайтыс болғаннан кейін зайыбы Халима Адамбекқызы Мәскеуге барған сайын гүл қойып жүр.

Ғылыми атағын, профессорлығын, КАЗМУ-дағы жұмыс орнын қалпына келтіруде де талай пендешіліктер болды, бірақ бәрі орнына келді. «Қазақстанның Ресейге қосылуы» атты көлемді монография кітап болып шықты.
Бойжеткен: Ермұхан Бекмахановтың «Тар жол тайғақ кешуден өткен өмірінде жан жары Бекмұхамедова Халима Адамбекқызының еңбегі зор. Қайғысын бөлісе білді, қолдап, қорғап жүрді. Екі баласын асырап екі-үш жерде еңбек етті. Енді Ермұхан Бекмаханов ағайымыздың отбасылық өмірінен оқушы қауымға азды-көпті бір үзік сыр білдіргіміз келеді. Халима Адамбекқызы апайымыздың асыл жарына арнап жазған ғұмырнамалық «Жиырма жыл бірге» атты кітабынан сыр тартпақпыз: Ермұханның алғашқы жары татар ұлтының өкілі Губеева Әмина Зарипқызы. Алматыдағы Мәншүк Мәметова атындағы №28 мектепте тарих пәнінен сабақ беріп жүріп танысқан. Екі жас отбасын құрып өмірге Нәйля, Нәдия, Нұрия атты қыздар әкелді. Бірақ жас отбасы өмірдің қиын қыстау тұстарына төтеп бере алмай, ортақ тіл табыса алмай ажырасты.

Ал, екінші жары Халима апаймен Өзбекстан астанасы Ташкенттегі Әлішер Науаи атындағы республикалық кітапханасының оқу залында танысқан. Осы оқу залында қос бұрымы иығына төгілген, сәнді киінген қара көз қыз сабаққа әзірленіп отырды. Не де болса қазақ қызы деп ой түйді. Себебі өзбек қыздары шаштарын сан тарам қылып өреді, ал бұл қызда қос бұрым. Докторант жігіт оқу залында қасынан өтіп, қызға барлай көз салды: «Бәрекелді қаракөз қарындасым, сені тапқан анаңнан айналдым, маңдайы айдай жарық қандай жігітке бұйырар екенсің? Кімге бұйырсаң да бақытты бол, сүйкімді қыз! – дегенді айтып орнына жайғасты. Ермұхан Бекмаханов ғылыми жұмыстарына керекті газет журнал тігінділерін, сирек кітаптарды ақтарып оның бүге-шігесін қалдырмай көшіріп алу жұмысымен айналысып отыратын.


Бозбала: Халима Орта Азия университетінің филология факультетінде оқитын. Екеуінің сөздері жарасып, ортақ ойлары үйлесіп отау тікті. Халима апайдың анасы Айша Бидахметқызына Ермұханның білімділігі, сымбатты көркі, ұстамдылығы ұнады. Айша апай Зайсан жерінен Тәшкенге қоныс аудару тарихын, ата-тегін, алаш офицері болған Халиманың әкесі Адамбектің қудаланып көшуге мәжбүр болғанынан Ермұхан хабардар болады. Бұл отбасы Тәшкенде әжептеуір үй жай алып орысша сауатты Халима апайдың анасы Айша Ташкент Ирригация институтының директорының көмекшісі болып қызмет атқарады. Халима апамыздың әжесі Гүлсім атты кейуана жаман шапанын жатса да тұрса да үстінен тастамайды, сөйтсе жамау шапанның тігісінің асты патша заманында «Николаевка» атанған алтын теңгелерге толы екен. Осы ақшалардың арқасында Тәшкеннің орталығынан үй-жәй алған.Зайсан елінің ауқатты тумасы Халима апайдың атасы Бидахметтің өзбек еліндегі тірлігі енді-енді оңалып келе жатқанда, Алаш әскерлеріне ат мінгізіп, көмек берді деген сыбыс жүріп, ұсталып кеткен. Бұл сыбысты өзбек ағайындар емес, Зайсаннан өздерімен бірге көшіп келген өз ауылдастарының бірі шығарған екен. Бірін-бірі көре алмаған ауылдас деген осы. Ермұханмен танысқанда Айша апайдың айтқан әңгімесі, сыры осы еді. Халима мен Ермұханның бір-біріне деген ыстық сезімінің шынайылығына көзі жеткен аяулы ана батасын беріп тілеулерін тіледі. Бойжеткен қызының өзбек жігітіне күйеуге шықпай, қазақ азаматын қалауы ананың да көңілінен шықты.
Бойжеткен: Халима Адамбекқызы 1946 жылы Мәскеу қаласында докторлық диссертация қорғау салтанатына келді. Кеңес төрағасы – Б.Д.Греков, КСРОға мәшһүр ғұламалар А.М.Панкратова, профессор

М.П. Вяткин және т.б. 15 тарихшы залға жиналды. Халима Адамбекқызы «Жиырма жыл бірге» атты естелік кітабында осы сәтті кинофильм көрінісіндей суреттеген. Мәскеудегі тарих институтының үлкен залы. Залдың ортаңғы тұсында атақты биолог Кәрім Мыңбаев, химик Ерден Әзербаев, Кеңес Одағының батыры, ғалым-әдебиетші Мәлік Ғабдуллин, Мәскеу тарихшысы А.М.Панкратова, Ұлы Отан соғысының майдангері Бауыржан Момышұлы және Мәскеуде оқитын қазақ жастары отырды. Қазақ ҚСР Ғылым академиясының президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевта қатысты. «Кенесары қозғалысының прогрессивтік және ұлт-азаттық мәнін, дала халқының қолдауымен қаһармандық күрес болғанын диссертант Бекмаханов асқан жігерлікпен баяндады. Ресей тарихының білгірі Н.М.Дружинин, Қазақстан тарихымен көп жылдан айналысып жүрген М.П.Вяткин, заң ғылымының докторы С.В.Юшков үшеуіде қолдап докторлық атаққа лайық деп тапты.


Бозбала: 1947 жылдың мамыр айында Халима апайдың анасы дастархан жайып аралас-құралас достарын шақырып, үйлену тойына ұқсатып рәсім жасап екі жасқа бата беріп Алматыға аттандырды. Алғашқы кезде Бекмахановтар Ғалия деген туысының үйінде тұрды. Көп ұзамай ғылым академиясы Панфилов көшесіндегі 106 үйден пәтер берді дейді Халима апай. Халима Адамбекқызы Бекмұхамедова апай ғылыммен айналысқан ұстаз, бала тәрбиелеген ана. Күйеуінің жағдайын жасап, денсаулығына, қас-қабағына қараған аяулы жар. Ермұхан екеуінен үш бала дүниеге келген. Тұңғышына Ермұхан деп өз атын қойған. Қазақта өз атын өз баласына қою үрдісі жоқ болса да, атым өшпей ұрпағым жалғаса берсін деп ойлаған. Екінші ұлы Сермұхан, кенжесі Қарлығаш. Әкесімен аттас ұлы Ермұхан 57 жасында өмірден озды. Қалған бес баласы аман-есен, бір-бірімен араласып тұрады дейді Халима апай. Нәйля Ермұханқызы Бекмаханова тарих ғылымының докторы, Мәскеуде тұрады. Нұрия – филология ғылымының кандидаты. Нәдия – биология ғылымының докторы. Орта мектепті күміс медальмен тәмәмдаған Ермұхан КазМУ-дің математика факультетін бітірген соң кинорежиссер өнерін игерді. Ал алтын медаль иегері Сермұхан Мәскеудің Д.И.Менделеев атындағы химия технология институтын силикат мамандығы бойынша тәмәмдап, техника ғылымының кандидаты атанды, Қарлығаш – КазПи-ден диплом алып, психология пәнінен сабақ беретін ұстаз. Алты шаңырақ түзеп өсіп-өнген Бекмахановтардың бәрінен де ұрпақ бар. Бәрі де өз бетінше отау үй құрып, жұрт қатарлы еңбек етуде.
Кітапханашы: Құрметті оқырмандар!

Ермұхан Бекмахановтың өмірі мен қызмет жолына, зерттеу еңбектеріне арналған тарихи танымдық сағатты аяқтағалы отырмыз. Тарихи тұлғаның өмірінен, еңбек жолдарынан азды-көпті мәлімет беруге тырыстық. Ермұхан Бекмахановтың 100 жылдық мерей тойы Қазақстанда кең көлемде өткізіледі, сол кезде осы әдістемелік ұсыныс керекке жарар деген ниеттеміз.

Танымдық сағатқа қатысып ат салысқандарыңызға алғысымызды білдіреміз.

Көріскенше сау болыңыздар!

Ермұхан Бекмахановтың әсерлі ойлары...
1.Қиянаттың үлкені халықтың өз тарихын өзінен жасыру екен. Бұл ұлттық сананы жоюдың төте жолы ғой. Ал, ұлттық санадан айырылған ел ұлт болудан қалады. Осыны біздің көп тарихшыларымыз түсінсе де, түсінбеген түр танытып жүр.
2.Осы күнгі шерлі тағдырыма мен уақытша сәтсіздік деп қараймын. Еңсемді түсірмей, бостандыққа шығар күнді арман етіп, өзіңмен қайта табысар сәтті аңсаймын. Өмір сүруге құштармын. Туған елім мені аяусыз жазалады. Отаныма пайдалы қызмет етер, қыруар еңбектер берер ең қызу, ең шабытты шағымда қанатымнан қырқылып қалғаным жаныма батады, амал қанша?!
3.Орыс патшасының отарлау саясаты қазақ халқын жанқиярлық күреске шығуға мәжбүр етті. Сол себептен де ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының ең ірі қарсылығы – Кенесары Қасымов бастаған көтеріліс бұрқ етті.
4.Мен өзімді ешқашан халық жауымын және ұлтшылмын деп есептеген емеспін, әрі ешқашан олай деп есептемейтінімді де мәлімдеймін. Қандай шексіз азапты бастан кешсем де мен еш бұлтарыссыз адал совет адамы болып қала беремін. (Н.С.Хрущевке жазған хатынан).


  1. Не жазды Бәпіш анам, қарындасым,

Қаракөз бүлдіршіндей Қамияшым.

Жазмыштың жазуы сол деседі

Қалдырған қар астында ғазиз басың!

Е.Бекмахановтың дәптерінен




  1. Мені көрсе жүгіреді алып ұшып,

Күзеткен қорамызды ала күшік.

Содан соң қызыл сиыр асыраушы

Ержеттім ертелі кеш сүтін ішіп.

Е.Бекмахановтың дәптерінен


7.Біздің қазақтың балалары ғылымға, білімге ұмтыла бастады. Бұл деген қазақтың болашағы бар деген сөз.

Есте жүрер естеліктер...


Ғылым саласындағы мақсатты орындау ой тереңдігі мен іздену кеңдігіне байланысты ғой. Оның үстіне өз пәніне жан тәнімен берілсе, талапты жанның өресі биіктей беретіні қақ. Ермұхан тап осындай ғалымның бейнесін көз алдыңа алып келеді.

Хамза Есенжанов


Менің бір таңқалатыным: «Абылайханның ұрпағы бірінен бірі жалғасып жатады. Әр заманда, әр қиырда шырақтары сөнбей, жанып тұрады. Шоқан соның куәсі. Міне, бүгінде Ермұхан Бекмаханұлы да сол ұлы шаңырақтың тумасы екендігі белгілі болып отыр. Және қандай бір туар өкілі! Жан жағына әлі күнге шұғыласы түсіп тұрғаны қандай?!»

Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлиханов


Талаптыға нұр жауар дегендей Ермұхан талапты, дарынды, өрісі кең, өрелі жан еді. Қазақ тарихшыларының ең алдыңғы сапындағы бірінші орындағы жүлдегері еді. Серікбай Бейсенбаев
Менің досым көпшіл еді өзінен бұрын өзгенің қамын көп ойлайтын. Мұнтаздай таза киініп, жұтынып тұратын. Ермұханның сырт тұлғасы ішкі жан байлығына үйлесе кететін.

Сәлкен Сұханбердин


Ермұхан шынында да мықты тарихшы еді. Өзі қазақ тарихының маманы болғандықтан ғой деймін, қазақ халқының тарихына қатысы бар фактілер мен материалдарды өте көп білетін және оларға әдемі талдау жасайтын. Осыған байланысты кейбір айтқандарын дәлелдеу үшін қазақ әдебиетінен де мысалдар келтіретін. Сөйтіп әдебиетті де жақсы білгендігін аңғартатын.

Ермұхан жолдастарына көңіл бөлу, көмек беру дегенді ең бірінші парызым деп білетін. Тарихшыларды былай қойғанда одан әр мәселеде талай әдебиетшілер мен ақын-жазушылардың ақыл-кеңес алып жүргенін сан рет көргенім бар.

Мәлік Ғабдуллин
Москваның атақты үлкен тарихшылары оны шын пейілімен құрметтеп, сыйлайтын. Онымен ашық пікірлесіп, сырласатын, санасатын. Бұл – үлкен жеңіс! Мен оның сыртынанда жылы лебіз білдірген туысқан республикалар тарихшыларын талай кездестірдім.

«- елу жас деген не, Бауке?.. Көп ой-арманымды үлгере алмай кетіп барамын. Кешіріңіз!.. – деді тарихшы.

Ермұханнан естіген ең соңғы сөзім осы. Ол тарихтан берерін үлгермегеніне кешірім сұрап дүниеден аттанды...

Бауыржан Момышұлы


Ермұхан жас шағынан музыканы сүйетін. Өзі рояль, пианинода ойнайтын. Қоңыр дауысымен әнде салатын.

Дихан Әбілев


Менің Ермұхан Бекмаханұлын жақыннан тануым, яғни ол кісімен тікелей араласуым жеті-ақ жылға созылыпты. Сол жылдары өзімнің және мен сияқты ғылым жолына енді ғана түскен жастардың Ерекеңнен байқаған қасиеттері мен ерекшеліктері дегенде алдымен ол кісінің жастарға жасаған ағалық қамқорлығын айтқан жөн.

Тотай Тұрлығұлов


Ерекең заман таршылығынан әділетсіздікті көп көріп, ғұмыры ұзақ болмады, ұзағырақ жасағанда қазақ тарихының небір жарқын беттері қайтадан жазылып, немесе бұрыңғы жазған ақиқаттар қаз-қалпына келтірілер еді-ау деген ой келеді.

Жаппар Өмірбек


Өмірге құйрықты жұлдыздай жарқ етіп келіп, артына сәулелі із қалдырған Ермұхан ағамыздың жарқын бейнесі қазіргі тәуелсіздік заманының жас талапкерлеріне тағылымды үлгі болсын!

Жұмағали Ысмағұлов


Тарихты өзінше бұрмалаушыларды, жалған ақша жасаушыларды соттағандай қатаң жазалау керек!

Мигель де Сервантес


Ермұхан кинода ойнайтындай көрікті азамат.

Евгений Брусиловский

Әдебиеттер тізімі
Бекмаханов Е. Бекмаханова Н. Қазақ ССР тарихы: УП-УШ кластарға арналған оқу құралы.-19 бас.- Алматы: Мектеп, 1980.- 112 б.
Бекмаханов Е. Қазақ ССР тарихы: 9-10 кластарға арналған оқу құралы.-12 басылым, өңделіп толықтырылған.- Алматы: Мектеп, 1984.- 196 б.

Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында.- Алматы: Санат, 1994.-416 б.


Бекмаханов Ермұхан //Қазақтар: Көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық.-Алматы, 1998.- Т.2.-240 б.

Бекмаханов Ермұхан //Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы /Құрастырған: Қ.Жарықбаев, С.Қалиев.-Рауан, 1998.-Т.2.-339 б.


Бекмаханов Е. // «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия.-Алматы, 2002.-Т.2.-257 б.
Бекмаханов Ермұхан туралы естеліктер.- Алматы: Білім, 2005.-224 б.
Сәрсеке Медеу. Ермұхан Бекмаханов: Ғұмырнама.-Астана: Фолиант, 2010.-672 б.
Х Х Х
Бекмаханов Е. //Қазақстан тарихы: Энциклопедиялық анықтамалық.- Алматы: Аруана LTd ЖШС, 2006.- 768 б.
Бекмаханов Е. //Қазақстан. Ұлттық энциклопедиясы /Бас ред. Б.Алған.-Алматы.-Т.2.- Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы, 2005.-257 б.
Х Х Х
Омарбеков Т. Ермұханның ерлігі: [Е. Бекмахановтың тарих ғылымындағы жанкешу күресі туралы әңгіме] //Ақиқат.-1998.-№9.-35-40 б.
Аспандиярова Б. Ел соңынан ерген ер //Парасат.-2002.-№4.-47 б.
Сәрсеке М. Бекмаханов Ермұхан: Деректі ғұмырнама //Жұлдыз.-2009.-№9.- 3-56 б.
Сәрсеке М. Бекмаханов Ермұхан: Деректі ғұмырнама //Жұлдыз.-2009.-№10.- 9-120 б.
Сәрсеке М. Мәскеу «ЖЗЛ» сериясы.-9 кітап: Тарихшы ғалым Ермұхан Бекмаханов туралы //Егемен Қазақстан.-2000.-29 желтоқсан.-13б.
Ысқақұлы Д. Зобалаң немесе қапасқа қамалған рух: Тарихшы ғалым Ермұхан Бекмаханов туралы //Егемен Қазақстан.-2011.-тамыз.-5 б.
Баймұрат О. Тағдырға мойынсынбаған тұлға: [Саяси қуғын-сүргін құрбаны тарихшы Ермұхан Бекмаханов туралы] //Жас қазақ.-2012.-25 мамыр.- 10 б.
Бекмаханов Е. Кенесары Қасымов: [Қаза тапқанына 210 жыл] //Түркістан.-2012.-20 желтоқсан.-8 б.
Бекмаханов Е. Қырғыстандағы күрес: Кенесарының қаза табуы: Кенесары-210, Наурызбай – 190 //Түркістан.-2012.-5 қаңтар.-9 б.

Мазмұны


Е.Бекмахановқа Арнау 1 б.
Алғысөз 2
Өмірбаяндық деректеме 3
Дарынды ғалым, ұлағатты ұстаз – Е.Бекмахановтың

туғанына 100 жас толуына арналған кітап

көрмесінің үлгісі 4
Тарихтағы қаһарман тұлға атты танымдық 5

сабақ
Ермұхан Бекмахановтан қалған әсерлі ойлар 12


Есте жүрер естеліктер... 13
Әдебиеттер тізімі 15

Құрастырушы: Пазылова Р.Н. – кітапхананы дамыту және

әдістемелік жұмыс бөлімінің кеңесшісі
Редакторлар: Бекмұхамедова Х.А. – тарихшының зайыбы
Бекмағанбетова С.Б. – оқу залдары бөлімінің

кеңесшісі








Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет