Есенова қалбике өмірбайқызы қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикасы



бет1/4
Дата13.06.2016
өлшемі346 Kb.
#132325
түріДиссертация
  1   2   3   4


ӘОЖ Қолжазба құқығында


ЕСЕНОВА ҚАЛБИКЕ ӨМІРБАЙҚЫЗЫ
Қазіргі қазақ медиа-мәтінінің прагматикасы

(қазақ баспасөз материалдары негізінде)

мамандығы – 10.02.02 – қазақ тілі

филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу

үшін дайындалған диссертацияның


АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы қаласы, 2007
Жұмыс ҚР Білім және ғылым министрлігі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалды.

Ғылыми кеңесшісі: филология ғылымдарының докторы, академик Р.Сыздық

Ресми оппоненттері:

Айтбаев Өмірзақ Айтбайұлы – филология ғылымдарының докторы, академик, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты терминология бөлімінің бас ғылыми қызметкері, мамандығының шифры 10.02.02 – қазақ тілі.

Момынова Бағдан Қатайқызы - филология ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, мамандығының шифры 10.02.02 – қазақ тілі.

Ерназарова Зәуреш Шаршыбекқызы – филология ғылымдарының докторы, профессор, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, мамандығының шифры 10.02.02 – қазақ тілі.


Жетекші ұйым:

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті.

Диссертация 2007 жылы 23 қараша күні сағат 14.00-де ҚР БжҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.06 – түркі тілдері және 10.02.02 – қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53.38.01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).
Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28)

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының докторы, профессор Ж.А.Манкеева



КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Еліміз егемендік алған соңғы он бес жыл көлемінде қоғам өмірінің барлық саласында қалыптасқан стереотиптер бұзылып, көптеген өзгерістер орын алғаны мәлім. Осындай өзгерістер жаңалық жаршысы болып табылатын бұқаралық ақпарат құралдарында ерекше көрініс тапты. Мұның өзі жалпы ақпараттық кеңістікте көптеген тың ізденістер мен шығармашылық тәсілдердің алуан түрде қалыптасуына жол ашты. Бұған жарты ғасырдан астам үстемдік еткен Кеңестік цензураның алынып тасталуы, тәуелсіздікпен қатар қол жеткізілген шығармашылық еркіндік, нарық жағдайындағы баспасөз қызметіндегі жаңаша үрдіс, БАҚ түрлерінің көбеюіне байланысты ақпараттық кеңістіктегі бәсекенің күшеюі бір себеп болса, бұқаралық сананың жаңа деңгейге көтерілуі, бұрынғы ұсынылған нәрсені оқып бас шұлғуға мәжбүр болған тізгіндеулі күйден өткен аудиторияның БАҚ-қа қойылатын талабының арта түсуі, жалпы оқырман, тыңдарман, көрерменнің қабылдаушы ретіндегі талғамының да өсуі екінші себеп болды.

Қоғам өмірінің айнасы болып табылатын БАҚ ондағы саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, спорт, өнер, кино, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы барлық қордаланған проблемаларды жұртшылық назарына ұсынатын да, қандай да бір ғылыми жаңалықтар мен жетістіктерді көпшілікке таныстырып жеткізетін де әмбебап құрал болғандықтан журналистер қауымын ғаламның ақпараттық бейнесін жасаушылар деп тануға негіз бар. Осы топтың жинау, талдау, саралау, іріктеу сияқты сатылардан өткізіп барып көпшілікке ұсынатын түпкі өнімін медиа-мәтін деп атауға болады. Жалпы БАҚ-тың ақпаратты жеткізу формасына қарай үш түрге бөлінетіні белгілі: телевизия, радио және мерзімді баспасөз. БАҚ тілі нысанаға алынғанда лингвистика ғылымындағы негізгі ұғым мәтінге бұқаралық коммуникацияда жаңа мағыналық реңктер үстеледі. Сөйтіп БАҚ арқылы таралатын аудиалды және визуалды түрде қабылданатын хабарламалардың бәрі біріге келіп вербалды және медиалық белгілердің жиынтығы ретінде медиа-мәтін ұғымын құрайды.

Медиа-мәтінді прагмалингвистикалық тұрғыдан қарастырғанда оларды тілдік бірліктердің ғана емес, жалпы білім аясы мен коммуникативтік саланың қосындысы деп санаған жөн. Осымен байланысты соңғы жылдары БАҚ мәтіндерін когнитивті лингвистика шеңберінде қарастыруға айрықша мән берілуде. Онда тіл сырттан келіп түскен ақпаратты репрезентациялаушы және онда кодталған мәліметтерді ашу үшін қолданылатын когнитивті құрал ретінде танылады. Когнитивті лингвистика мамандары үшін БАҚ қалыптастыратын ақпараттық кеңістіктің тақырыптық жағынан ұйымдастырылуы аса маңызды. Өйткені онда орасан зор ауқымды медиа ағынның өзіндік мәдени спецификалық ерекшеліктері көрініс табады. Сондай-ақ медиа-мәтіндердің идеологиялық бағыттылығының қандай тілдік тәсілдер арқылы берілетінін анықтаудың да мәні зор. Бұған қоса сондай вербалды құралдар арқылы жеткізілетін әлеуметтік маңызға ие ақпаратты экстралингвистика факторларымен, атап айтқанда Адам факторымен, кең мағынасында алғанда қоғаммен, тілдік социуммен байланыста қарастыру бүгінгі антропоцентрлік бағытта дамып келе жатқан іргелі ғылым саласының талабынан туындап отыр. Біздің зерттеу нысанамызға алынған медиа-мәтіннің жасаушысы да (журналист), қабылдаушысы да (оқырман), объектісі де – Адам болғандықтан, әрі тақырыптық аясын жалпыадамзаттық проблемалар мен құндылықтар құрайтындықтан жұмысымыздың өзектілігі Адам факторын психосоциопрагмалингвистикалық аспектіде қарастырудан келіп шығады.

Аса ауқымды ақпараттық кеңістікті қамтитын медиа-мәтін бүгінде социумның когнитивтік санасын құрайтын діни, саяси, әлеуметтік, мәдени, тарихи т.б. факторлардың барлығын тілдік санада айшықтай отырып; бұқаралық санаға ықпал етуші қуатты құралға айналды. Бұл жерде медиа-мәтінді бұқаралық сананы реттеп, қажетті идеологиялық бағытқа бейімдеп отыратын саяси тетік деуге де болады. Мұны күнделікті баспасөз бетінде көрініс табатын саяси дискурстан байқауға болады. Бұл пікіріміз бүгінгі ресми басылымдардың тақырыптық-құрылымдық өзегін құрайтын саяси мәтіндерге лингвопрагматикалық талдау жасағанда қуаттала түседі. Сондықтан да ақпараттық және аналитикалық жанрларға бөлінетін газет мәтіндерінің ішінен біз негізінен саяси мәселелерге арналған материалдарға көбірек назар аудардық. Сонымен қатар қазіргі қазақ басылымдарында үлкенді-кішілі орын алатын материалдардың бәрін қоғамымыздың бүгінгі тыныс-тіршілігін айшықтайтындықтан қажетінше қамтуға тырыстық.



Зерттеу нысанасы. Қазіргі қазақ ресми баспасөзіндегі медиа-мәтіннің прагматикалық әлеуеті, ақпараттық, әлеуметтік-реттеуіштік, әсер ету қызметтері және газет бетіндегі саяси дискурс мәселелері.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеуіміздің мақсаты – қоғамдағы саяси-әлеуметтік ахуалға байланысты тіліміздің бүгінгі даму кезеңінде орын алған өзгерістердің қазіргі қазақ баспасөзіндегі көрінісін жан-жақты қарастыра отырып бүгінгі медиа-мәтінді адресанттың өз прагматикалық ұстанымын жеткізуде қалайша пайдаланып отырғандығын анықтау және сол арқылы тіліміздің қазіргі жай-күйіне лингвопрагматикалық тұрғыдан баға беру. Бұл үшін мынадай міндеттер қойылды:

  • қазіргі тіл біліміндегі прагмалингвистика бағытының даму тарихына шолу жасалып, оның антропоцентрлік бағыттағы өзге салалармен байланысы анықталып, өзіндік ұғымдық шеңбері мен теориялық мәселелерін анықтау;

  • БАҚ арқылы жүзеге асырылатын ақпараттық-коммуникативтік процестің маңызды элементі – медиа-мәтінді ақиқат болмысты репрезентациялайтын және интерпретациялайтын аса қуатты құрал ретінде қарастыру;

  • медиа-мәтінді бұқаралық санаға әсер етудің прагматикалық стратегияларын жүзеге асыратын және әлеуметтік-реттеуіштік қызмет атқаратын фактор ретінде зерделеу;

  • прагмалингвистиканың негізгі категориясы – субъектіні адресант-адресат қостағаны аясында жан-жақты қарастыру;

  • адресанттың прагматикалық ұстанымдарының қазіргі қазақ газети мәтіндеріндегі жеткізілу тәсілдерін анықтау;

  • қазіргі қазақ медиа-мәтінінің адресат факторына тигізетін әсерін мәтін интерпретациялануы тұрғысынан саралау;

  • адресант-адресат арасындағы рөлдік қатынастардың бүгінгі қазақ басылымдарындағы көрінісін сипаттау;

  • медиа-мәтіндегі модальділік категориясын мәтін түзуші мен оны қабылдаушы субъектілер арақатынасы аясында қарастыру;

  • газет мәтінінің әсер ету күшін көрсететін прагматикалық интенсификаторларды (қарқындатқыштарды) анықтау;

  • қазіргі қазақ баспасөзіндегі саяси дискурсты айқындау;

  • тәуелсіздік жылдарындағы қазақ баспасөзіндегі жаңа қолданыстарға прагмалингвистика тұрғысынан баға беру.

Зерттеу жұмысының дереккөздері ретінде 2002-2007 жылдары жарық көрген ресми басылымдардың («Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Түркістан», «Алматы ақшамы», «Айқын», «Жас Алаш») және ішінара оппозициялық бағыттағы газеттердің («Жас қазақ», «Ақ жол Қазақстан», «Апта kz») материалдары пайдаланылды.

Жұмыста қолданылған зерттеу әдістері мен тәсілдері. Жұмыста тілдік материалды жинақтау, салыстыру, сипаттау, жүйелеу, талдау, қорытындылау, компоненттік (семалық) талдау әдісі және концептуалды (концептілік), мәтіндік – контекстуалдық, ұғымдық талдау, интерпретациялық талдау, прагматикалық пресуппозиция мен импликацияларды талдау, эксперименттік сауалнама әдістері қолданылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Бүгінге дейін құрылымдық лингвистика тұрғысынан бірнеше ғылыми еңбекте қарастырылған баспасөз тілі жұмысымызда алғаш рет Адам факторының айналасында шоғырланған ақпараттық кеңістіктің материалдық көрінісі ретінде нысанаға алынды. Осыған орай жазба мәтіндегі тілдік және бейтілдік құралдар оларды пайдаланушы субъектілердің мақсат-мүдделері мен прагматикалық интенциясын жеткізуші тәсілдер ретінде қарастырылды. Осындай прагмалингвистикалық талдау нәтижесінде төмендегі өзекті мәселелер бірінші рет өз шешімін тапты:

– бүгінгі БАҚ биліктің төртінші тармағы деген атауға шын мәнінде лайықты, қоғамдағы бұқаралық коммуникацияны жүзеге асырушы маңызды құрал болғандықтан оның бүкіл қызметі мен нәтижелерін көрсететін ауқымды ұғымға медиа-мәтін деген атау берілді;

– медиа-мәтін ақиқат болмыстың қандай да бір үзігін репрезентациялайтын күрделі де құрастырмалы модель ретінде қарастырылды;

– медиа-мәтін таза ақпараттық қызмет атқаратын қатынас құралы ғана емес, сонымен бірге жеке тұлғаның (автордың), кейде басылымның (редакцияның) саяси-идеологиялық ұстанымын да жүзеге асыратын стратегиялық мәні бар құрылым екендігіне көз жеткізілді;

– қазіргі қазақ басылымдарынан жиналған тілдік материал негізінде қазақ баспасөзінде тақырыптық, шығармашылық, коммуникативтік, прагматикалық еркіндіктің (сөз бостандығының) белең алып келе жатқандығы байқалды;

– газет мәтінінің прагматикалық әлеуеті (әсер ету күші) бір жағынан, автордың салалық біліміне, журналистік шеберлігі мен тілдік компетенттілігіне, екінші жағынан, мәтінде кодталған ақпараттың адресат тарапынан адекватты түрде интерпретациялануына тікелей байланысты болатындығына көз жеткізілді. Осымен байланысты газет мәтіні қабылдануының бірнеше деңгейі анықталды;

– мәтін авторы тек редакция тапсырмасын орындаушы ғана емес, кәсіби және энциклопедиялық білім қоры бар, өзіндік азаматтық позициясы мен прагматикалық ұстанымын оқырманға сауатты түрде жеткізе алатын тұлға ретінде танылды. Осымен байланысты қазақ журналистері арасында тілдік тұлға деңгейіне жеткен қаламгерлердің еңбектерін де арнайы зерттеу нысанасына айналдыру мүмкіндігі туындап отырғандығы айқындалды;

– қазақ тіл білімінде «адресант – газет мәтіні – адресат» үштағаны түріндегі дискурс алғаш рет газет материалдары негізінде арнайы қарастырылды;

– жазба мәтін тұңғыш рет бұқаралық коммуникациядағы автор мен оқырманның рөлдік статусын айқындайтын прагматикалық көрсеткіш ретінде танылды;

– тіл біліміндегі модальділік категориясы публицистикалық мәтіндегі прагматикалық қызметіне орай үш топқа жіктелді: бағалау модальділігі, эмоционалдық модальділік және дәйектеуші модальділік. Бұрынғы зерттеулерде негізінен алғашқы екеуі жан-жақты қарастырылған. Біз қосқан дәйектеуші модальділік БАҚ-тың негізгі қызметтерінің бірі болып табылатын сендіру категориясынан туындайтындығы айқындалды;

– газет мәтіндерінде автор қолданатын прагматикалық интенсификаторлар (ақпараттың әсерін күшейтетін тәсілдер) сөз ойнату, контраст, тілдік қайталамалар сияқты үлкен үш топқа біріктіріліп қарастырылды;

– қазіргі қазақ баспасөзіндегі саяси дискурс PR (пиар) ақпаратты таратушы PR-мәтіндегі тілдік манипуляция тәсілдері негізінде ашылды;

– медиа-мәтіндегі ұлттық-мәдени концептілердің берілу ерекшеліктері айқындалды;

– медиа-мәтін жаңа қолданыстарды таратушы және тұрақтандырушы құрал ретінде танылды;

– газет мәтінінің негізгі қызметтерінің бірі – әсер етуді жүзеге асыратын қосалқы факторлар – айдар мен тақырыпат арнайы қарастырылып, олардың рәсімделуіндегі графикалық-айшықтаушы тәсілдер анықталды;

– медиа-мәтіндегі бейлингвистикалық құралдар қолданысын көрсететін айрықша тип – креолды мәтіннің прагматикалық әлеуеті айқындалды;

– газет мәтіндерінің жанрлық ерекшеліктері жеке-жеке сипатталып, олардың әрқайсысына тән ақпараттық сыйымдылық коэффициенті Маттуш формуласы бойынша анықталды;

– медиа-мәтін құрылымдық жағынан қарастырылып, ондағы негізгі ақпараттық мазмұн бірнеше прагматемаға бөліне орналасатындығы анықталды.



Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Зерттеу нәтижесінде жасалған тұжырымдар жалпы тіл біліміндегі және қазақ тіл біліміндегі прагмалингвистика саласының әрі қарай дамуына септігін тигізеді. Сондай-ақ когнитивтік лингвистика, социолингвистика, психолингвистика, мәтін лингвистикасы мен публицистикалық стильге байланысты зерттеулерді толықтырып, тереңдете түсуге өзіндік үлес қосады.

Зерттеу жұмысының практикалық мәні. Зерттеу материалдарын жоғары оқу орындарында «Қазақ баспасөзі тарихының қазіргі кезеңі», «Қазіргі қазақ публицистикасы», «Мәтін лингвистикасы», «Прагмалингвистика», «Сөз мәдениеті», «Журналистік шеберлік» сияқты ғылыми курстар мен арнаулы семинарларда жүргізуге, сондай-ақ қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздігін құрастыру барысында пайдалануға болады.

Зерттеу жұмысы бойынша қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

– медиа-мәтін БАҚ арқылы жүзеге асырылатын бұқаралық коммуникациядағы аса ауқымды негізгі ұғым болып табылады;

– ақиқат болмыстың бір фрагментін репрезентациялайтын күрделі де құрастырмалы модель түріндегі медиа-мәтін аудиторияға әсер етудің прагматикалық стратегияларын жүзеге асыратын қуатты құрал ретінде танылыуы тиіс;

– медиа-мәтін автордың және кейде басылымның прагматикалық ұстанымын жеткізе отырып, әлеуметтік реттеуші қызметін де атқарады;

– медиа-мәтін БАҚ-тағы ғаламның медиа бейнесін қалыптастыратын маңызды фактор болып табылады;

– газет мәтіні ақпараттық қызметімен қатар автордың прагматикалық ұстанымын жеткізуші қызметін де атқарады. Онда сөз болатын проблемалардан бөлек автордың жеке басы, дүниетанымына қатысты әртүрлі мәліметтердің қамтылуы оқырман санасында автор образының сомдалуына себеп болады. Осы образ түптеп келгенде адресант пен адресат арасындағы рөлдік қатынастың да сипатын анықтайды. Ол рөлдік қатынастар «басшы-орындаушы», «оқытушы-оқушы», «ұстаз-рухани шәкірт», «үгіт-насихатшы-күмәнданушы» түрінде көрініс табады;

– газет мәтіні – автор мен оқырман арасын жалғайтын көпір іспеттес, ол байланыс адресанттың мәтін арқылы жеткізгісі келген түпкі ойын адресат адекватты түрде, толық, дұрыс түсінген жағдайда ғана орнайды. Осындағы түсінілім психолингвистикадағы мәтіннің интерпретациялануы мәселесімен сабақтасып жатыр. Сондықтан адресант-адресат арасындағы диалогке оқырманның мәтінді деңгейлеп қабылдауы нәтижесінде қол жеткізіледі;

– медиа-мәтіндегі модальділік категориясы өзара тығыз байланысты бағалау, эмоционалдық, дәйектеуіштік түрлерінен тұрады;

– автор өз мәтінінің прагматикалық әлеуетін күшейте түсу үшін әртүрлі интенсификаторларды кеңінен пайдаланады. Қазіргі қазақ баспасөзіндегі осындай прагматикалық қарқындандырғыштарды контраст принципі, тілдік қайталамалар, сөзойнатым тәсілдері түрінде топтастыруға болады. Мұндай интенсификаторлар біріншіден, тәуелсіздік жылдарындағы баспасөзді Кеңес дәуіріндегі таптаурындық сипаттағы басылымдардан ажырататын басты белгі деп танысақ, екіншіден, бүгінгі қазақ баспасөзінде кеңінен үрдіс алып келе жатқан шығармашылық және прагматикалық еркіндіктің бір көрінісі ретінде бағалауға болады;

– газет мәтінінің прагматикалық әлеуетін әрбір жанр түріне тән ақпараттық сыйымдылық коэффициентін және мәтінде қамтылған экспрессивтік көрсеткіштерін анықтай отырып, салыстыру арқылы ғана ашуға болады. Мұндағы басты назар аударатын нәрсе – мәтіннің прагматикалық әлеуеті онда қамтылатын сөздердің санына емес, семантикалық аясының кеңдігіне, фразеологизмдер мен метафоралық қолданыстардың түрленуге, трансформациялануға бейімділігіне және экспрессивтік мәнінің жоғарылығына тікелей тәуелді болады;

– қазіргі қазақ баспасөзіндегі саяси дискурс негізінен PR-мәтіндер арқылы ашылады;

– тілдік манипуляция – PR-ақпаратты таратудағы аса тиімді прагматикалық тәсіл болып саналады;

– газет – жаңа тілдік қолданыстарды таратушы және қалыптастырушы негізгі және маңызды тетік болып табылады;

– креолды мәтін – оқырман санасына тікелей әсер етуші гетерогенді мәтін типі болып табылатын тиімді құрал ретінде бағалануы тиіс;

– газет бетіндегі айдарлар мен тақырыпаттар ақпараттық, жарнамалық, эмоционалдық және прагматикалық қызметтерді қатар атқаратын мазмұндық –тақырыпаттық кешенді құрайды.

Зерттеудің жарияланымы мен мақұлдануы. Зерттеудің негізгі тұжырымдары мен нәтижелері төмендегідей халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық конференцияларда баяндалды:

Қазақ әдеби тілін зерделеген ғалым // Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Алматы, 2004; Р.Сыздық зерттеулеріндегі прагмалингвистика мәселелері // “Академик Рәбиға Сыздық және қазақ тіл білімі мәселелері ” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция. Алматы, 2004; Қ.Жұбанов зерттеулеріндегі мәтіннің дискурс ретіндегі сипаты // “Құдайберген Жұбанов тағылымы ”атты республикалық ғылыми-практикалық конференция. Алматы, 2004; Прагмалингвистика тіл біліміндегі функционалдық бағыттың құрамдас бөлігі // “Тіл. Қоғам. Заман ” атты республикалық ғылыми-практикалық конференция. Ақтау, 12.05.2005; Қазіргі радио тілі жайында // “А.Байтұрсынұлы және қазақ фонологиясы мәселелері ” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция. Алматы, 2004; Саяси мәтіннің прагмалингвистикалық сипаты // Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университеті. 08.02.2006; Газет мәтіндеріндегі дәйектеуші модальдік // “ Қазақ тіл біліміндегі функционалдық бағыт” атты республикалық ғылыми-теориялық конференция. Алматы, 2006; Мәтіннің тақырыптық ұйымдастырылуы // “ Мемлекеттік тіл: білім және саясат” атты ғылыми -тәжірбелік конференция. Орал, 10-14 сәуір 2006; Газет мәтінінің ақпараттық-мағыналық кескіндемесі жайында // “Жаһандану және тілдік процестер” атты ғылыми-практикалық конференция ( “Парасат” Қазақстандық көпсалалы институты ). Алматы, 2006; Публицистикалық мәтіндегі модальділік // “ Мемлекеттик тилди окутуумун актуалдуу маселелери ” атты проф. Аскар Осмонкуловтың 80 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференция. Бишкек, 2006; 11 Контраст газет мәтініндегі негізгі құрамдас бөлік // акад. Ө. Айтпаевтың 70 жылдық мерейтойына арналған конференция. Алматы, 2007; Медиа-мәтін БАҚ-тағы қуатты құрал // проф. Т.Жанұзақовтың 80 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-теориялық конференция.

Жұмыстың негізгі тараулары бойынша республикалық басылымдар мен ғылыми жинақтарда 30-дан аса мақала жарияланды.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертациялық зерттеу кіріспеден, төрт тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Негізгі бөлім
Диссертацияның І тарауы «Прагмалингвистика – тіл біліміндегі функционалдық бағыттың құрамдас бөлігі» деп аталады. Оның бірінші тармағында Адам факторын түпқазық етіп алған когнитивті лингвистика, психолингвистика, этнолингвистика, социолингвистика сияқты салалармен тығыз байланысты дамып келе жатқан прагмалингвистиканың пайда болып, қалыптасуына шолу жасалып, ұғымдық шеңбері анықталды. Қоғамдағы субъектілер арасында болатын тілдік қарым-қатынас адресант-адресат қостағаны аясында қарастырылды. Біздің зерттеу нысанамыз – жазбаша формадағы газет мәтіні біріншіден, осындағы адресанттың прагматикалық ұстанымын жеткізуші көп қырлы, терең мәнді, имплицитті түрде жеткізілетін астарлы ойға құрылған күрделі прагматикалық бірлік ретінде алынса, екіншіден, социум мүшесі болып табылатын адресатқа психика-эмоционалды тұрғыдан әсер ететін, сөйтіп белгілі бір дәрежеде оның әлеуметтік мінез-құлқын реттеуге қатысатын маңызды прагматикалық құрал ретінде қарастырылды. Өйткені кез келген мәтіннің прагматикалық аспектісі айрықша маңызға ие. Сөйлеу актісінде бұл тіл ұстанушының тілдік бірліктерді өз түпкі ниетіне сай етіп іріктей білуі, қай сөзге баса мән беретіндігі, өз сөзінің тыңдаушыға қандай дәрежеде әсер етуін көздейтіндігі, соның нәтижесінде адресаттың қандай да бір әрекеттерге баруына түрткі болатындығы, сондай-ақ айналадағы адамдарға өз сөзі арқылы өзін белгілі бір қырынан таныстыруға, көрсетуге тырысатындығы т.б. барлығы жинала келе оның түпкі ойының аудиторияға дұрыс, дәл, нақты күйінде жеткізілуін қамтамасыз етеді. Ғылыми тілмен айтқанда, мұны мәтінде алуан түрлі тәсілдермен кодталған ақпараттың адресат тарапынан дұрыс ашылып, адекватты түрде қабылдануы деуге болады.

Алғаш Ч.Моррис еңбегінде сөз болған прагматика мәселелеріне Ю.С.Степанов, Р.Карнап, А ван Дейк, Д.Ф.Алиференко, Г.Г.Матвеева, О.С.Москальская сынды ғалымдар үлкенді-кішілі зерттеу жұмыстарын арнап, прагматика теориясын дамытуға өзінше үлес қосты. Сонымен қатар А.Г.Баранов, Г.Г.Почепцов, С.А.Сухих, М.М.Молчанова, Т.М.Прохорова т.б. ғалымдар мәтінді прагматикалық тұрғыда зерттеді. Олар автордың объективті болмыс пен оның мазмұндық материалына қатысын қарастырып, прагмалингвистикалық бағытты біршама дамытты. Соңғы сипаттағы зерттеулер функционалдық стиль түрлеріне арналып, көптеген ғылыми нәтижелерге қол жеткізілді.

Соңғы жылдары тіл ғылымының дербес саласына айналған прагмалингвистиканың алғышарттары қазақ зерттеушілерінің еңбектерінде бастау алғаны белгілі. Атап айтқанда, М.Оразов сөз семантикасының прагматикалық аспектісін қарастырса, А.Алдашева публицистикалық терминдердің прагматикалық ерекшеліктерін, Б.Момынова газеттік лексиканың прагматикалық аспектісін, З.Ерназарова сөйлеу тілі синтаксисінің прагмалингвистикалық аспектісін, Д.Әлкебаева қазақ тілі стилистикасының прагматикасын, С.Аташев бұқаралық ақпарат құралдарының прагматикасын, Б.Хасанов сөздің лексикалық мағынасы мен прагматикасын, Б.Райымбекова қазақ және орыс тілдеріндегі газет мәтінінің прагматикалық аспектісін, Ф.Жақсыбаева газет мәтінінің прагматикалық функциясын қарастырса, Г.К.Ихсанғалиева тақырыпаттарға прагматикалық талдау жасаған. Т.Ш.Мырзахметова тыныс белгілердің, оның ішінде көп нүктенің қолданысын прагматикалық тұрғыдан зерттеген. Ал Р.А.Омарова неміс тіліндегі газеттер материалы бойынша баспасөз дискурсына прагмалингвистикалық талдау жүргізсе, С.Қ.Ережепова орыс және қазақ тілдеріндегі ресми-іскерлік стильдің прагмалингвистикалық аспектісін салыстыра зерттеді.

Сондай-ақ, соңғы жылдары газет мәтінінің жекелеген жанрларына арналған зерттеулер де пайда болды. Мысалы, М.С.Абишева ақпараттық жазбаның (информационная заметка) құрылымы, семантикасы және прагматикасын диссертациялық деңгейде арнайы қарастырған.

Ал біздің мақсатымыз – қазіргі қазақ газетінің тілін прагмалингвистика тұрғысынан кең ауқымда қарастыру. Әсіресе, тәуелсіздік жылдарындағы қазақ газеттерінің даму бағыттарын анықтау, қазіргі қазақ авторларының публицистикалық шығармашылығындағы ізденістік жаңалықтарды айқындап, аксиологиялық тұрғыдан баға беру. Газет арқылы тіліміздің бүгінгі қоғамымыздағы бет-бедерін, қолданыстық ахуалын көрсету. Өйткені адам өмірінің саяси, экономикалық, мәдени, тұрмыстық т.б. салаларын түгелдей қамтитындықтан газетте алуан түрлі тақырыптар қозғалады. Соған сәйкес газет материалдары да бірнеше жанрда жазылады.

Газет мәтіні – семантикалық құрылысы жағынан, функциясы тұрғысынан, мәтінді қабылдап-түсіну жағынан ерекшеленетін публицистикалық стильдің бір түрі. Ол бұқаралық аудиторияға ақпарат таратып, жеткізудің ерекше құралы ретінде танылып, автордың саяси-прагматикалық позициясын көрсетеді. Зерттеу нысанамыз – жалпы газет мәтіні болғанымен, біз ресми басылымдарда айрықша орын алатын саяси мәтіндерге көбірек көңіл бөлдік. Себебі қоғамдағы бүкіл әлеуметтік қатынастардың өзі саясатқа негізделгендіктен ол тақырыпты айналып өту мүмкін емес. Осымен байланысты қай мәтінді алсақ та онда ашық немесе жасырын түрде көрініс беретін саяси дискурсқа прагматика тұрғысынан баға беріп отырдық.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет