Еспенбетова айнагүл мейрамбекқызы ХІХ ғ. және ХХ ғ. басындағы қазақ қоғамындағы жаңа сословиелік құрылымның қалыптасуы


Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негізі



бет2/3
Дата25.02.2016
өлшемі477.96 Kb.
#18768
түріДиссертация
1   2   3

Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негізі. Диссертацияда қойылған мәселені шешу үшін жалпы ғылымилық қағидалар - тарихилық, обьективтік, жүйелілік басшылыққа алынды. Фактілік мәліметтерге анализ жасауда арнайы тарихи әдістер: салыстырмалы сипаттау, тарихи-генетикалық, проблемалы-хронологиялық, тарихи-синтез әдістері қолданылды. Нақты әдістерді таңдау түрлі факторларға, яғни пайдаланудағы деректердің мазмұны мен сипатына, диссертацияның мақсатына байланысты болды.

Мәселенің хронологиялық шегі. ХІХ ғ. басында қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымының өзгерісінде басты рөл атқарған реформалардың жүргізілген уақытынан бастап, 1917 ж. сословиелердің жойылуына дейінгі тарихи кезең мәселенің хронологиялық шеңбері болып табылады. Нақтылай түссек, 1822 ж., 1824 ж. ережелердің нәтижесінде қазақ қоғамында дәстүрлі басқару құрылымы жойылды, басқарудың ресейлік шенеуніктік жүйесі орнықты, көшпелі қоғамда жаңа әлеуметтік-сословиелер қалыптасты.

Зерттеудің территориялық аумағы. Зерттеу жұмысының территориялық шегі ХІХ ғ. және ХХ ғ. басындағы әкімшілік шекаралармен анықталған (Орта және Кіші жүз территориясы: Орынбор губерниясының бір бөлігі, Ішкі Орда, Торғай, Орал облыстары). Манғышлақ территориясы 1870 ж. Орал облысынан Дағыстан әскери округы, кейін Кавказ әскери округының басқаруына кіріп, батыс аймақтағы қазақтардың қоныстанған жерлерінен алыста қалады. Осыған орай бұл аумақтың 1824 ж. ереже бойынша Орынбор ведомствосының батыс бөлігіне, 1840 ж. 52 дистанцияға енгендіктен ХІХ ғ. бірінші жартысындағы кезеңі ғана зерттеу пәніне енді.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. ХІХ ғ. және ХХ ғ. басындағы қазақ қоғамындағы жаңа сословиелік құрылымның қалыптасу мәселесі отандық тарихнамада тұңғыш қойылып отыр.

- қазақ даласында дворяндықтың қалыптасу механизмдеріне талдау жасалды;

- Торғай, Орал облыстары және Бөкей Ордасы бойынша қазақ дворяндары, олардың саны анықталып, әлеуметтік-құқықтық мәртебелеріне сипаттама берілді;

- қазақ дворяндарының басқа сословиелер арасындағы орны, саяси-әлеуметтік дамудағы атқарған қызметтері мен рухани мәдениеттің дамуына қосқан үлесі көрсетілді;

- дворяндықтың Ресей империясы құрамындағы түркі тілдес халықтар мен қазақ қоғамындағы қалыптасуы салыстырмалы түрде талданды;

- жаңа сословиелер: құрметті азаматтар, көпестер, мещандардың қоғамдық қызметтеріне обьективті баға берілді;

- қазақ басқарушыларының қызмет атқару кезеңіндегі шендер алу мен марапаттау жүйесіне талдау жасалды;

Зерттеу жұмысының ғылыми-практикалық маңыздылығы. Зерттеу жұмысын жазу барысында қолданылған мұрағаттық құжаттар, тарихи деректер және жасалған тұжырымдар мен қорытындыларды Қазақстанның жаңа замандағы тарихы бойынша жоғарғы, орта, арнаулы орта оқу орындарында арнайы курс ретінде, лекция, семинар сабақтарында пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

- Қазақ даласында жүргізілген әкімшілік-территориялық реформалар қоғамдық өмірдің барлық жақтарын қамтып, қазақтың дәстүрлі әлеуметтік құрылымының өзгерісіне ықпал етті. Нәтижесінде қазақ билеушілерінің қоғамдық жағдайы өзгеріске ұшырады. Енді Ресей әкімшілігі барлық қазақ даласындағы басқарушы қызметкерлерді: аға сұлтан, сұлтан-билеушілер, дистанциялық бастықтар, болыс басқармалары, старшындарды тағайындап отырды. Ресей империясының жалпыға бірдей сословиелік құрылысына қарай бағытталған әлеуметтік құрылымның эволюциялық үрдісі басталды, жаңа сословиелер қалыптасты.

- Жаңа сословиелердің бірі дворяндар болды. Дворяндық сословие Ресей империясы құрамындағы басқа халықтарға тарады. Ресей империясы құрамындағы түркі халықтары (татарлар, башқұрттар) және қазақтар арасындағы дворяндықтың қалыптасу механизмдері түрліше жүрді. Татар дворяндары Ресей дворяндары сияқты құқықтық-әлеуметтік артықшылықтарға ие болды, башқұрт және қазақ дворяндарының Ресейдің жоғарғы дәрежелі сословиесіне кіруінің өзіндік ерекшеліктері болды. Сословиелік құқықтық артықшылықтарға ие болғанмен, башқұрт және қазақ дворяндары басыбайлы шаруаға иелік ете алмады.

- Қазақ даласында басқарушы шенеуніктік аппараттың құрылуында рангалар туралы Табелдің енгізілуінің мәні зор болды. Ол бойынша қазақ қоғамын басқарушылар азаматтық және әскери кластық шендерді иеленді. Әскери қызметте ХІV класс, ал азаматтық қызметте VІІІ класс иегері ата тегінен бергі дворяндыққа ие болды да, төменгі шендерге жеке дворян атағы берілді. Қазақ жерінде дворяндыққа, негізінен әкімшілік басқару қызметтерін атқарған қазақ сұлтандары мен билер, басқа да әлеуметтік топтар қол жеткізді.

- Қазақ дворяндарының саны аз болды, әлеуметтік топ ретінде құқықтық артықшылықтарға ие болды. Ата тегінен бері дворяндыққа қол жеткізгендер әлеуметтік-құқықтық артықшылықтарымен бірге жерге мұрагерлік жолмен иелік етті және ұрпақтарына мұралыққа қалдыра алды. Дворяндық Барқытты шежірелік кітапқа есімдері енгізілді. Жеке дворяндардың да сословиелік-құқықтық артықшылықтары болды.

- Ұлттық интеллигенция өкілдерін құрған дворяндар, құрметті азамат атағын иеленген қазақ билеушілерінің көпшілігі білімді болды, сол кезеңдегі қалыптасқан жағдайға байланысты патшаның әкімшілік-шенеуніктік аппаратында қызмет қылды, дегенмен де, өз халқының мүддесін ұмытпай қоғамның басты дамытушы күші ретінде саяси, әлеуметтік, экономикалық өмірінде белсенді әрекет етіп, оның дамуына белсенді үлес қосты.

- Қалалардың өркендеуі ондағы тұрғындардың сословиелік құрылымын өзгертті. Көшпелі қазақ қоғамы үшін жаңа сословиелік топтар: көпестер, құрметті азаматтар және мещандар қалыптасып, әлеуметтік сословиелер ретінде нығайды. 1832 ж. 10 сәуірде Ресей патшасы Бірінші Николай Құрметті азамат деген атаумен жаңа сословиені енгізу туралы Манивест шығарды. Бұл манифесті қабылдағанда үкімет мынадай мақсаттарды көздеді: көбейіп келе жатқан жеке дворяндардың санын қысқарту және бірінші гильдия көпестері, университет түлектері, жеке дворяндардың балалары, ғылыми дәрежесі бар тұлғалар сияқты тұрғындар категорияларына мейлінше аз құқықтар беру.

- Қазақ қоғамындағы қалыптасқан жаңа сословиелер: құрметті азаматтар, көпестер, мещандар, қоғамдық өмірде белгілі бір рөл атқарды. Олардың қазақ қоғамының әлеуметтік-мәдени және экономикалық дамуында өзіндік орны болды.



Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Зерттеу жұмысының негізгі мәселелері бойынша тұжырымдалған ой пікірлер әр түрлі ғылыми, әдістемелік, қоғамдық-саяси басылымдарда жарық көрді. Барлығы – 10 мақала, оның 5– Жоғары Ғылыми кадрларды аттестациялау комиссиясының ғылыми-әдістемелік басылымдарында, 5 - халықаралық конференцияларда баяндама ретінде жасалып, жинаққа енді.

Диссертацияның құрылымы. Диссертация белгілеулер мен қысқартулардан, кіріспеден, 3 тараудан, қорытындыдан тұрады және пайдаланған әдебиеттер тізімі мен қосымшалар берілген.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Зерттеу жұмысының кіріспесінде тақырыптың өзектілігі, мәселенің зерттелу деңгейі негізделеді, зерттеу жұмысының нысаны, пәні, хронологиялық және территориялық шегі, әдіснамалық негізі анықталады, диссертацияның мақсат міндеттері, ғылыми жаңалығы көрсетіліп, тәжірибелік маңызы, сыннан өтуі, деректік базасы баяндалады.

«ХІХ ғ. және ХХ ғ. басындағы қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымы және оның эволюциялық дамуы» деп аталатын бірінші тарауда ХІХ ғ. және ХХ ғ. басындағы қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымының өзгерісі және оның эволюциялық дамуы қарастырылады. Бірінші бөлімінде ХІХ ғ. және ХХ ғ. басындағы қазақ жеріндегі әкімшілік-территориялық өзгерістердің дәстүрлі әлеуметтік құрылымға тигізген ықпалы талданады.

ХІХ ғ. және ХХ ғ. басындағы қазақ жерінде жүргізілген әкімшілік-территориялық өзгерістер қоғамның барлық саяси, әлеуметтік, мәдени-экономикалық жақтарына ықпал етті. Әлеуметтік құрылымда жаңа әкімшілік мекемелер мен басқару ұйымдарын қалыптастырған реформалық шаралардың жүргізілуін 2 кезеңге бөлуге болады: 1) ХІХ ғ. 20-50 жылдары әкімшілік-территориялық бөліністерге орай сатылы басқару орындары қалыптасты: ауыл, ру, бөлік немесе округ. Ауылды - старшындар, болысты–болыс басқармалары, бөліктерді – билеуші-сұлтандар, округтерді – аға сұлтандар басқарды. Әрбір округте округтық приказ құрылды және оның штаттық кеңсесі, аудармашысы, тілмашы және полициялық, соттық билік құқығы болды. Бөліктер (алқаптар) 1831 ж. «дистанцияларға» бөлініп, олар әкімшілік ауылдардан тұрды. Бұл кезеңде бұрынғы дәстүрлі қазақ хандығы билігі жойылды (тек Ішкі Ордада сақталды. Патша үкіметі сұлтандардан жергілікті халықты басқаруда сүйеніш тапты. 2) ХІХ ғ. 60-90 жж. патша үкіметінің әлеуметтік-экономикалық және саяси ықпалы айқын көріне бастайды. 1867-68 жж. Ереже бойынша облыстық басқарма қызметін билеуші вице-губернатор атқарды. Облыстық басқарманың төрағасы мен шенеуніктерінің құқықтары мен міндеттері жалпы губерниялық мекемелердің негізінде анықталды. Басқарма құрамын бұрынғыдай дәрігер, архитектор және тау кен ісі, орман шаруашылығы бойынша шенеуніктер жасақтады.

Уезді басқарма арқылы уез бастықтары басқарды. Бұл мекемелер ауылдың әкімшілік қызметтерін бақылады және тәртіпсіздік жасалған жағдайда 7 күнге тұтқындауға, 15 сомға дейінгі айып пұл төлеттіруге құқығы болды. Уез бастықтарына ондағы орналасқан әскер, әскери мекемелер, бекіністер бағынды. 1891 ж. ереже бойынша облыстарды дала генерал-губернаторлары басқарды. Жергілікті басқаруды әскери губернаторлар мен облыстық басқарушылар атқарды. Әскери губернатор жанында ерекше тапсырмаларды орындайтын шенеуніктер қызмет атқарды. Облыстық басқарушылар алым-салықты тіркеді, сауданы жүргізді, облыстағы тау-кен өнеркәсібін басқарды. Қаланы губернатор және облыстың басқарма бақылауындағы уез басшылары жанындағы қалалық қоғам депутаттары басқарды. Болыс пен ауылды 3 жылға сайланған болыс басқарушылары мен ауыл азаматтары басқарды, тек ерекше жағдайда ғана сайлаусыз жүрді. Болыс басқармасы міндетіне ауыл старшинасы, сот пен тіркеуде болмаған кез-келген адам сайлана алды.

Тараудың екінші бөлімінде қазақ қоғамының дәстүрлі әлеуметтік құрылымына талдау жасалады және олардың ХІХ ғ. және ХХ ғ. жаңа отаршылдық жүйе жағдайындағы қоғамдық өзгерістері анықталады. Ресей патшасы шығарған заңнамалық актілерге талдау барысында қазақ қоғамындағы әлеуметтік институттар сұлтандар, билер, тархандардың әлеуметтік жағдайының өзгеріске ұшырағаны байқалады. Ресей үкіметі ХІХ ғ. І жартысында хандық биліктің орнына сұлтандар билігін орнатып, оларға қолдау көрсетсе, кейін бірте-бірте сұлтандардың күшеюінен сескеніп, олардың қоғамдағы кейбір артықшылықтарын жоя бастады. Оның дәлелі, 1822 ж. «Сібір қазақтары туралы Жарғыда» округтерді басқаруға тек сұлтандар отырса, 50 жылдарға қарай мұндай билік орындарына сұлтан еместер келе бастады. 1854 ж. 19 мамырда қазақ даласында аға сұлтандарды сайлау тәртібі туралы ережеде патша өкіметі «аға сұлтан» қызметіндегілердің бәрі бірдей сұлтан сословиесінен шықпағаны ресми түрде мойындалды.

«Сібір қазақтары туралы Жарғыда» болыс басқарушыларының құқықтары мен міндеттері де айқын көрсетілді. 96-97 - параграфтар бойынша сұлтан сеніп тапсырған болысты басқарды. Сұлтанның жанында орыс немесе татар тілін білетін іс қағаздарын жүргізушісі болды. Сұлтандар сот және жазалау шараларын шешкен жоқ, тек сот үкімдерін орындады. Болыс басқарушыларын сайлау көбінесе сөз жүзінде, көбінесе шағын шонжарлардың қатысуымен және облыстық басқарманың тағайындауы арқылы жүргізілді

Дәстүрлі қазақ қоғамында билердің сұлтандардан бір ерекшелігі - би құрметіне жеке қасиеттерімен, білімімен, шешендік-тапқырлығымен, ұшқыр ойымен ие болды. Деректерге жүгінсек, билердің материалдық жағдайы жөнінен сұлтандардан кем түспегенін көруге болады. Деректерде 1850 ж. 12 наурызда Орынбор қазақтарының Шығыс алқабында 14 материалдық және ықпалдылығы жағынан жоғары тұрған билер туралы мәлімет берілген. Қазақ билерінің қоғамдық жағдайы сайланбалы қызметтің қалыптасуына орай өзгерістерге ұшырады. Енді бұрынғы билермен қатар жаңа билер пайда болды. Сот билігінің мемлекеттендірілуі билердің қоғамдық қызметін күрделендіріп жіберді. Сөйтіп, билердің көшпелі қауымның басқарушысы, соты, мемлекеттік басқарушы ретіндегі рөлі күшейді. Жоғарғы дәрежелі әлеуметтік топты құраған тархандар мемлекет алдындағы сіңірген еңбегі үшін осы атаққа ие болған еді. ХІХ ғ. ортасына қарай тархандардың қазақ қоғамындағы орны өзгере бастайды. Бұл кезеңде Ресей үкіметінің ерекше әлеуметтік құқықтық артықшылықтарға ие болған адамдарға мұқтаждығы болмады, сол себепті ақыры, тархандар Басқарушы Сенаттың бұйрығымен жойылды.

ХІХ ғ. қазақ қоғамында старшындар деп аталған әлеуметтік топ қалыптасты. Алғашында «старшин» деп қауымдағы жасы үлкен, беделді адамдар айтылса, кейін бұл патша өкіметі немесе хан тағайындаған қызметтік адамдарға, яғни билерге қолданылды. Реформалардан кейін қарамағындағы ауылдардын салық жинай отырып, жергілікті шенеуніктік аппаратқа айналған старшындардың қоғамдық рөлі нығайды. Ауылдар ірі рулық бөлімшелердің құрамына енгендіктен оны басқарушы старшындар да ірі шонжарларға, сұлтандарға, аға немесе сұлтан билеушілерге тікелей бағынышты болды. «Сібір қазақтары туралы Жарғыда» ауыл старшындарының құқық-міндеттері 109-116 параграфтарда көрсетілді. Старшындар институты патша үкіметінің жүргізген басқару құрылымының төменгі звеносы ретінде ХІХ ғ. ІІ ширегінен бастап ХХ ғ. басына дейін өмір сүрді. Әскери топограф И.Ф. Бларамберг былай деп жазады: «При Совете есть канцелярия, состоящиеся отделении: русского и татарского. Родами заведует особые родоправители из султанов или почетнейших ордынцев, иногда из них управляют двумя и более родами вместе отделения и под отделениями заведывают старшины, которых насчитываются до 180». Бұл мәлімдемелерден Ішкі Орданың басқару орындарында старшиндардың елеулі ролі болғандығы байқалады

Кіші жүз қазақтары территориясында дистанциялық бөліктерге бөлу мен дистанция бастықтарының міндеттерінің де нақтылануы қазақтардың орыстарға саяси тәуелділігін нығайта түсті. ХІХ ғ. бірінші жартысында Кіші жүзде 54 дистанция болды. Дистанция бастықтары билеуші-сұлтандарға тікелей бағынды және олардың жанында іс жүргізушісі болды. Дистанция бастықтарына ауылдық басқарушылар мен жергілікті билеушілер бағынды .



«Жаңа әлеуметтік-сословиелік құрылымдар: қалыптасуы, әлеуметтік ерекшеліктері» деп аталатын екінші тарауда жаңа әлеуметтік сословиелердің қалыптасуы, олардың саны, құқықтық ерекшеліктері қарастырылады. Тараудың бірінші бөлімінде жаңа әлеуметтік сословиелер: көпестер, құрметті азаматтар, мещандардың қалыптасуы және олардың, қоғамдық құқықтық ерекшеліктері анықталды. Қазақ қоғамында көпестердің қалыптасуында сауданың дамуы басты фактор болып табылады. Ресей Қазақстанға өз ықпалын жүргізуде көшпелі қазақтардың тұрмысы мен мәдениетінің ерекшеліктері мен тілін білетін татар көпестерін пайдаланды. Мұның айқын дәлелі үкімет тарапынан татарлар мен башқұрттарды қамқорлыққа алған кедендік саясаты еді. 1776 ж. 22 қарашадағы қаулыда татарлар мен башқұрттарға Ресейдің барлық территориясында сауда кәсіпкерлігін еш кедергісіз жүргізуге рұқсат берілген болатын. Бұл олардың арасында ұсақ және орташа кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік берді. Көпестік сословиеге жазылған қазақтарды ынталандыру мақсатында патша үкіметі 1835 ж. 21 қаңтарда заң қабылдады. Ол бойынша салықтан босату құқығы берілді және жан басы алымынан 5 жылға босатылды. Заңнамалық ережелерге талдау арқылы әлеуметтік сословиелердің құқықтық ерекшеліктері анықталды. Көпестер өзара гильдиялық әлеуметтік құқықтары бойынша ажыратылды. 1874 жылғы есеп бойынша Орал облысында 452 көпес, 1728 мещан тізімделген, яғни көпестер облыс халқының 1,2 пайызын құрады.

ХІХ ғ. патша әкімшілігінің қазақ жеріндегі басқару жүйесінің басты тірегі - қоғамның жергілікті билеушілері: сұлтан-билеушілер, болыстар, ауылдық старшындар болды. Олар патша әкімшілігіндегі шенеуніктік аппаратты меңгере отырып, көпшілігі құрметті азамат атағын және дворяндық иеленді. Құрметті азаматтар сословиесі дворяндар мен көпестер аралығында тұрған әлеуметтік топты құрды. Патша үкіметі бұл сословиені енгізуде дәрежесі жоғары дворяндар қатарына басқа әлеуметтік топтардың енуінен сақтау мақсатын көздеді және саудагер кәсіпкерлерге қолдау көрсету жағын да қарастырды. Құрметті азаматтарға жекелеген және тәуелсіз артықшылықтар берілді: жан басы салығынан, рекруттік міндеткерліктерден, қылмыс жасалған жағдайда тән жазасынан босатылды. Қалалардағы сайлауға және 1,2 гильдиялық көпестерден төмен емес қалалық қызметтерге сайланды. Барлық заң актілерінде құрметті азамат атымен аталу құқығы берілді. Құрметті азамат атағын беру куәлікпен расталды. Мұрағат деректерінде Торғай облысы ерекше тапсырмалар жөніндегі кіші шенеунік Бекмұхамбет Қарпықовтың қызметі жөніндегі аттестатта оған 1890 ж. 25 наурызда жеке құрметті азамат атағы берілгендігі айтылады.

Қала халқының арасында саны ең көп - әлеуметтік топ ретінде мещандар ерекшеленді. Мещандарды қала тұрғындарының түрлі топтары: қолөнершілер, ұсақ саудагерлер, ұсақ үй иелері құрады. Әрбір қалада посадтық немесе ерекше мещандық коғам құрылды және оны мещандық староста мен оның көмекшілері басқарды. Зерттеуші М.Н. Сдыков Батыс Қазақстанның демографиялық сословиелік құрылымына талау жасай отырып, қазақ зтносын құраған 31- дворян, 80 - құрметті азамат, 329 - шаруа, 163 - казак, 51 - мещан болған деп көрсетеді.

Тараудың екінші бөлімінде қазақ дворяндарының қалыптасуы және олардың саны, әлеуметтік құқықтық артықшылықтары қарастырылады. Қазақ даласында басқарушы шенеуніктік аппараттың құрылуында патша І Петр енгізген «рангалар туралы Табельдің» мәні зор болды. Ол бойынша қазақ қоғамын басқарушылар азаматтық және әскери кластық шендерді иеленді. Әскери қызметте ХІV класс, ал азаматтық қызметте VІІІ класс иегері ата тегінен бергі дворяндыққа ие болды да, төменгі шендерге жеке дворян атағы берілді. Қазақ жерінде дворяндыққа, негізінен әкімшілік басқару қызметтерін атқарған қазақ сұлтандары мен билер, басқа да әлеуметтік топтар қол жеткізді. «Сібір қазақтары туралы Жарғының» 51-ші параграфында көрсетілгендей, «аға сұлтан» майор шенін иеленді және кейін олар мемлекеттік қызметте иерархиялық жолмен жоғарғы шенге дейін өте алатын болды. Үш жыл қызмет еткеннен кейін олардың «орыс дворянына лайық» деген диплом сұрауға құқығы болды. 54-ші параграф бойынша болысты басқарушы сұлтандар ХІІ кластық шенді иеленді. Ата тегінен бергі дворяндыққа өткендердің артықшылықтарының бірі мұрагерлік жер иелену болды. «Сібір қазақтары туралы Жарғыда» келтірілгендей ата тегінен бергі дворяндық қазақ сұлтандарының ішінде 3 рет үш жылдан «аға сұлтан» қызметіне сайланғандарға берілді. Патша үкіметінің қазақ өлкесін басқаруды жеңілдету үшін білім беру ісін дамытуды қолға алуы да қазақ дворяндарының қалыптасуына оң әсерін тигізді.

Статистикалық мәліметтерге талдау жасау арқылы жаңа сословиелердің саны анықталды. Әлеуметтік артықшылыққа ие тектер; дворяндар, құрметті азаматтар, көпестердің үлестік салмағы қазақтарда - 12,8 пайыз, татарларда - 3,6 пайыз, орыстарда - 77,1 пайыз, ал башқұрттарда болмаған. Ресми құжат болып табылатын 1897 жылғы Бүкілресейлік халық санағы материалдары бойынша ХІХ ғасырдың аяғында қазақтар арасында 876 ата тегінен бергі дворяндар және 94 жеке дворян болған. Олардың ішінде: 752 ата тегінен бергі дворян, 51 жеке дворян Дала қазақтарына тиесілі болса, 124 ата тегінен бергі дворян және 43 жеке дворян Түркістан өлкесіне тиесілі болды. Мұндағы Дала қазақтары облысындағы басымдылықты бұл аймақтың Ресейге қосылу үрдісінің ертерек басталғанымен түсіндіруге болады.

Дворяндық сословиеге енгендер мемлекет тарапынан жақсы қызметтерге ие болумен бірге, түрлі әлеуметтік-құқықтық артықшылықтарға ие болды, білім алуға қол жеткізді, түрлі алым-салықтардан босатылды. Сонымен бірге, төмендегідей әлеуметтік, сословиелік артықшылықтар мен құқықтық ерекшеліктері болды: медальдар мен ордендер, шендік марапаттаулар; ата тегінен бергі дворян екендігін дәлелдейтін куәлік; дворяндық шежіре кітаптарға тіркелу; жерге мұрагерлік құқыққа ие болу; арнайы сыйлықтар (қылыш, семсер, шекпен, тб.), ақшалай сыйақылар алу. Рангалар туралы Табель» бойынша ордендер мен марапаттаулар да шендік кластарға сәйкес берілді.

Мұрағат қорлары мен манивест, жарғыларды саралау қазақ дворяндары мен құрметті азаматтардың әлеуметтік құқықтық мәртебелерін анықтауға мүмкіндік берді. Ата тегінен бергі дворяндыққа өткендер мұрагерлік жер иелену мен губерниялық дворяндық шежіре кітаптарға тіркелді және арнайы сыйлықтарға ие болды. Мұрағат қорларында сұлтан Ибрагим Рысғалиұлы Айшуақовтың, ата тегінен бергі дворян ретінде шежіре кітапқа тіркелетіндігі туралы былайша келтіріледі. «Правительствующий сенат, на основании Св. Зак. Т ІХ Зак.сост. изд 1899 г ст.ст. 905-910, определяет: постановление Оренбургского Дворянского Депутатского Собрания, от 31 июля 1914 г, о внесении Ибрагима Рысгалиевич Баймухамедова во вторую часть дворянской родословной книг-отметит, о чем тому собранию дать знать указом, с возвращением документов. Мая 30 дня 1915 года». Д. Беркімбаев мемлекетке сіңірген еңбегі үшін 1900 жылы 13 желтоқсанда Басқарушы Сенаттың шешімімен Орынбор дворяндық Мәжілісінің (№229 тіркеу) шешімімен ата тегінен бергі дворяндыққа өтті. 1844 жылы патша үкіметі тарапынан Тұрсын Шыңғысовқа дворяндық сословиеге өткендігін растайтын диплом беріледі.

«Жаңа әлеуметтік құрылымдардың қоғамдық қызметтері» деп аталатын үшінші тарауда қазақ қоғамында қалыптасқан жаңа сословиелердің қоғамдық қызметтері талданады. Тараудың бірінші бөлімінде қазақ дворяндарының қоғамдағы әлеуметтік-саяси белсенділігі және олардың рухани мәдениетті дамытудағы үлесі қарастырылады. Қазақ дворяндары отарлық империяның әкімшілік-саяси билік құрылымындағы жоғарғы рангалы шенеуніктер бола отырып, қалыптасқан саяси жағдайға байланысты патшаға қызмет етуге мәжбүр болды, сөйтсе де, өз халқының мүддесін ұмытпады. Олар ру аралық қырқыстарды тоқтатуға күш жұмсады, көшпелі қазақ елінің экономикасы мен мал шаруашылығын өркендетуде, кедейшілікпен күресте отарлық шенеуніктердің озбырлығына қарсы шықты. Қазақ дворяндары қазақ даласында білім мен мәдениеттің дамуына зор үлес қосты. Қазақ дворяндарының бірі - Жәңгірдің өзі басқарған Бөкей ордасында білімнің таралуында үлесі зор. Жәңгір 1841 ж. 6 желтоқсанда Хан Ордасында өз қаражатымен мектеп ашады, Орынбор кадет корпусына қазақ балаларын білім алуға жіберіп отырды. 1844 ж. қазан айында Жәңгір хан Қазан университеті жанындағы ғылыми қоғамның құрметті мүшесі болды. Университеттің проректоры, профессор Ф.Э. Эрдман аталмыш оқу орнының ғылыми кеңесіне жолдаған мәлімдемесінде Жәңгірдің Қазан университетіне әдебиет, тарих, философия ғылымдары үшін араб, парсы, түрік тілдеріндегі кітаптар тапсырғандығын хабарлайды. Жәңгірдің араласуымен Ордаға Ресейдің белгілі интелигенция өкілдері К.Х.Траугот, Ф.Гебель, В.И. Даль, Г.С. Карелиндер келе бастады.

Ғұбайдолла Жәңгіров қазақ халқының арасынан шыққан тұңғыш кавалерия генералы. 1856 ж. Санк-Петербургтегі императорлық Паж корпусын бітірген соң корнет шенінде лейб-гвардиялық казак әскерінде қызмет етеді және князь титулына ие болады. Қоғамдық жұмыстармен айналыса отырып, қазақ өлкесінде емдеу орындарын ашуға, көпірлер жасауға басшылық жасайды. Қазақ жастарына Орталық Ресейдегі жоғарғы оқу орындарына оқуға түсуіне көмектеседі. Ғ. Жәңгіров Ресейдегі Мемлекеттік Думаға сайлау жөніндегі жобаны жасауға қатысады, әрі сайлауға қазақтардың қатысуына бар күшін салады.

Қазақ дворяндары қазақ халқының этнографиясы, шаруашылығы, салт дәстүр, мәдениеті, тұрмысы жөнінде көптеген мәліметтер жинап, ОГҚ мен Ерікті экономикалық қоғамның «Жазбаларында» жариялап отырды. Ахмет Жантөрин сұлтан-билеуші қызметін атқара отырып, қазақтардың шаруашылығын дамытуға үлесін қосты. Ол жүзбасы (Х класс) шенін иеленді. «О разных родах состояний и различии прав, им присвоенных» атты заң ережелерінде азаматтық қызметте ІХ класс иелері жеке дворяндар болып саналды. Ахмет Жантөрин қыстың аязды күндері малды аман сақтау үшін шөпті алдын-ала шауып жинап қоюды ұйымдастырды және өзі басқарған алқаптың тұрғындарына қысқы тұрғын үй салуды үйретті. 1847 жылы ерекше тапсырмалар шенеунігі Л.И. д, Андремен (1819-1849жж.) бірлесіп «Описания киргизских обычаев, имеющих в Орде сил закона, на русском и татарском языках», Орданың шығыс алқабындағы «Сұлтандар мен қожалардың шежіресі» т.б. еңбектер жариялады. М.Таукин қазақ халқының ежелгі дәуір тарихы және этнографиясы бойынша Қазан университеті мен тығыз байланыста болады, халық кәсіпшілігі мен қолөнері бұйымдарын жинастырады. М. Таукин ЕЭҚ-ның мүшесі болып, осы қоғаммен және орыс географиялық қоғамымен бірлесе жұмыс жасады. Кіші жүздің батыс алқабындағы сұлтандар мен қожалардың шежіресін құрастырады. Онда 258 сұлтан, оның 192 Әбілқайыр және оның балалары Нұралы мен Айшуақ және сұлтан Әділдің ұрпақтары, ал қалғаны Әбілқайырдың інісіне арналған. Тізімде сонымен бірге қожалардан 26 адамның есімі берілген.

ХІХ ғ. қазақ интеллигенциясы тобын құраған, қазақ дворяндарының бірі, журналист, талантты этнограф - Мұхамед-Салық Қарауылқожа ұлы Бабажанов. Бабажанов ғылыми жүмыстармен бірге көне заманның тарихи, археологиялық ескерткіштерін жинаумен де шұғылданады. Петербургтің сұрауымен мұражайға көптеген дүниелерді жіберіп отырды. Қазақ әндерін, жырларын қағазға түсіріп жинақтайды. Деректерде, 1862 жылы Нарын құмнан Орыс географиялық қоғамыың этнографиялық мұражайына 1 тас, 6 қоладан жасалған жебенің ұшы тағы басқа да құралдар жіберілгені айтылады. Оның қазақ халқының шаруашылығына, кәсіпшілігіне арналған еңбектері құнды болып табылады. Ә. Сейдалин уез басқарушысы, уездік соты сияқты әкімшілік қызметтермен бірге ғылыми жұмыстармен де айналысты. 1870-75 жылдары ОГҚ Орынбор бөлімшесінде қазақтардың шаруашылығына, ауыз әдебиеті мен этнографиясына арналған зерттеулері жарияланып тұрды. Т. Сейдалин Қостанай, Ырғыз, Торғай уездерінде қазақ жастарының білім алуына көңіл бөліп, Ырғыздағы қыздар оқитын мектепке қамқорлық жасап отырды. Ол оқу орындарында оқитын қазақ студенттері үшін стипендия қорын құруда зор еңбек сіңірді, осы еңбегі үшін штаб-ротмистр шенін иеленді. М.Бекмұхамбетовтың «Қазақ даласындағы қайырымдылық» атты танымдық мақаласы, ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтаған «Жақсы үгіт» (Қазан, 1908) және «Книга о калмыках и киргизах, кочующих в Астраханской губернии» (Астрахань, 1910) атты кітаптары жарық көрді. Оның «Мақаштың Байжұмасы», «Көржорға» т.б күйлері қалды. Ол ел ішінде мектеп ашу істеріне белсене араласады.

Тараудың екінші бөлімінде көпестер, құрметті азаматтар, мещандардың қоғамдық қызметтері қарастырылады. Көпестер қолдарына мол капиталды шоғырландыра отырып, елдің сауда экономикалық дамуында маңызды рөл атқарды. Олар жеке кәсіпшіліктердің дамуымен қатар, қалалардың өркендеуіне өз үлесін қосты. Су, жел диірменін тұрғызды, кәсіпорындар, зауыттар, сауда алаңдарын, дүкендер салды. Көпестер сауда кәсібімен қатар қалалық Дума істеріне де араласып отырды. Қалалық басқарма, Акционерлік қоғамды басқару істерін ірі көпестер атқарды.

Көптеген құрметті азамат атағын иеленген қазақтар ел басқару істеріне белсене араласты. Құрметті азамат атағын иеленген қазақтар қоғамның элиталы топ ретінде білімнің маңызын түсіне білді. Халыққа білім беру ісіне араласып, өз қаражаттарымен Ресейдің қалаларында білім алып жатқан қазақ балаларына стипендиялық қор құрады. Деректерде көрсетілгендей, Ақтөбе уезінің құрметті қазақтары Орынбор гимназиясының пансионына 2423 сом 66 тиын көлемінде ақшалай қаражат көмек береді. Кейін бұл қаражат мемлекеттік Кеңестің шешімімен Ақтөбедегі 2 кластық мектептің құрылысына жұмсалды. Құрметті азаматтар бұдан да басқа оқу орындарына стипендиялық қор жинауды белсенді қолдап отырды. Құрметті қазақтар қоғам өміріне белсене араласа отырып, ағартушылық-қайырымдылық қорларының негізгі ұйытқысы болды. 1903 ж. Торғай облысында Торғай ауыл шаруашылық қоғамы құрылады. Қоғамды құруда С. Нұрмұханбетов, А. Қосуақов, Д.Беркімбаев, С.Кейкин, Қ. Бірімжанов, Б. Карпықов т.б көптеген қазақтың құрметті азамат өкілдері белсене атсалысты. Қоғамның негізгі мақсаты - мал шаруашылығын дамыту, ірі қараның тұқымын жақсарту болды.

Құрамында қолөнершілер, ұсақ саудагерлер, ұсақ үй иелері бар мещандық сословие өкілдері халық санағы мәліметтерінен байқалғандай халықтың басым бөлігін құрады. Қалаларда ХІХ ғ. ІІ жартысында мещандық қоғамдық басқармалар құрылды. Ережелерге сай қаланың шаруашылық өмірі, тұрғын үй құрылысын жүргізу жұмыстары қалалық депуттардың қатысуымен және оны мещандық қоғамның басқаруымен жүзеге асырылды. Мещандар көпестер мен қатар қаланың сауда істеріне де белсенді араласып отырды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет