Эссе Қазақ фольклоры түркі халықтарының ауыз әдебиеті құрамында



Дата08.12.2023
өлшемі13.87 Kb.
#485971
түріҚұрамы
sro(20213653-122050)


Эссе
Қазақ фольклоры түркі халықтарының ауыз әдебиеті құрамында
Қазақ фольклорының түркі халықтарының ауыз әдебиетімен ежелден бері тамырлас болып, біте қайнасқан байланыста екені баршамызға мәлім. Тарихы тағдырлас, тілі туыстас, салттары айна-қатесіз ұқсас халықтың әдебиетінің де, мәдениетінің де ұқсас болуы анау айтқандай жаңалық емес, әрине. Сонда да тарихымыздың түп-тамырын біле жүргеніміз абзал деп санаймын.
Қазақ ұлтының дәстүрі басқа ұлттар дәстүрімен тура «парапар» демесек те, кейбір тұспа-тұс келіп жататын кездері болады. Себебі нәсілден, гениологиялық кодтан асып кету мүмкін емес. Ал қазақ халқының мәдениеті, өнері, халық ауыз әдебиеті сонау көне түркі жазбаларынан-ақ бастау алады. Ұлтымыздағы осыншалықты төл құндылықтарының қалыптасу дәрежесіне жетуіне барынша шекаралас, тілдес, тектес ұлттардың да ықпалы тигені жалған емес.
Туыстас түркі халықтарының ішінде, әсіресе қазақтар мен қырғыздардың тарихи тағдырында тонның ішкі бауын­дай болып кеткен тұстар көп. Бұл екі халықтың туысқандығы, көршілес отырғандығы ғана емес, ұлттық мақсат-мүдделерінің ортақ болуына байланысты рухани өмірлері де екі ел мәдениетінің басты ерекшеліктерінің бірі болып қалыптасқан. Осыған орай, ғасырлар бойы олардың мәдениетіндегі жетекші орынды иеленген фольклорында да ортақ типологиялық нышандар жеткілікті. Әсіресе қазақ-қырғыз фольклорында ортақ сюжеттер көп. Алайда олар фольклор атаулының басты қасиетінің бірі болғандықтан, ол сипатты көрсетуде «Неліктен бірлі-екілі халықтың шығармашылығымен шектелу қажет?" деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Бірақ, мұндағы мәселенің жөні бөлек. Өйткені, қазақ-қырғыз фольклорындағы типологияның мәдени алмасулардың нәтижесінде көбірек қалыптасқаны аңғарылады.
Фольклорлық алмасулардың нәтижесіне үңілер болсақ, сан алуан фольклорлық пішіндердің қазақтардан қырғыздарға көбірек ауыс­қандығы аңғарылады. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Меніңше, оның бір­неше себептері бар. Біріншіден, бұл қа­зақтардың қырғыздарға қарағанда ислам дінін ертерек қабылдауымен байланысты. Исламды қабылдаған соң түркілердің мәдениеті қайта өңделді. Осы өңделу үдерісінің хронологиялық ретімен мәдени алмасу бағыты да сәйкесіп отырған. Екіншіден, көптеген тарихи ахуалды қазақтар қырғыздан бұрынырақ бастан кешірді. Мәселен, отаршылдық езгінің тақсіретін қырғыздардан бұрынырақ татты. Қырғыздар өз бастарына түсер нәубетті қазақтардың кешіп отырған күйінен алдын ала білді. Бұның жарқын мысалын қос халық поэзиясындағы зар заман сарынының ерекшелігінен-ақ байқауға болады.
Қорытындылай келе айтарым, түбі бір түркі жұрты болғандықтан, тек өз әдебиетіміздің ғана емес, көршілес, туыстас халықтардың да тарихы мен тағдырына терең үңіліп, әдебиеті мен мәдениетінің қыр-сырына қанық бола түсуіміз керек. Бұл біздің таным-түсінігімізге әсер етіп, көкірек көзін ашарлық ерекше күш, айрықша сезім деп білемін.
Орындаған: Кәріпбай Аружан

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет