Евней Букетов:…қазақи қалпымда ойланамын



жүктеу 104.93 Kb.
Дата15.07.2016
өлшемі104.93 Kb.
http://www.arka.medialaw.kz

Евней Букетов:…қазақи қалпымда ойланамын

Жалпы Е. Букетовтің публицистикалық мұрасын тым ұсақтамай, күрделі үш топқа бөліп қарастырған дұрыс:

Біріншісі — оқу, білім-ғылым саласы,

Екіншісі — әдебиет, өнер, тағылым хақында,

Үшіншісі — өнеркәсіп, өндіріс, экология.

Осы ауқымды үш тақырыптың қай саласы болмасын Е. Букетов үшін ешқайсысының жаттығы болған емес. Сегіз қырлы, бір сырлы бірегей талант иесі Евней Арыстанұлының бойынан осы қасиеттердің барлығы жарқырай керінеді. Ол өзінің публицистикалық шығармалары мен деректі хикаяттары мен естелік эсселерінде, түрлі зерттеу мақалаларында осының бәрін жетік білетіндігін көрсетті.

Ахат Жақсыбаев айтқандайын, біліп жазудың басты қасиеті Е. А. Букетов шығармаларының ең негізгі ерекшелігі болып табылатындығы да сондықтан.

Ғасырлар бойы отарлау саясатының қанды сойылы қазақтың тілі мен дәстүріне айрықша соққы болып тиді. Соның зардабы XXI ғасыр таңы атса да әлі жойыла қойған жоқ. Қылышынан қан тамған, қызыл империяның нағыз кәріне мінген шағы жетпісінші жылдар тұсы еді. Қазақ тілінің тағдыры тұрмақ, халық өзінің тәуелсіз ел болуын ойлау ол кезде өңі түгілі, түсіне де кірмейтін. 37-інші жылдың ойранынан кейін қазақ зиялылары да әр сөзіне, әр ісіне сақтықпен қарайтын үркеншек халде еді. Екі сөзінің бірі ұлы Ленин, ұлы орыс халқы, коммунистік партияның арқасында деген сөздермен тұздықтап отыру қазақ зиялыларының әдетіне айналды. Сол жылдардың баспасөзі мен әдебиетін парақтап отырсақ, мұны кез келген жанның аңғарары сөзсіз. 1974 жылдың 20 қазаны күні шыққан «Правда» газетінің «Простор» атты бас мақаласы академик-жазушы Евней Букетовпен интервью негізінде беріліпті. Белгілі публицист-жазушы Сергей Никитиннің қандай оймен екендігі белгісіз:

— Евней Арыстанұлы, қай тілде ойланасыз, — деген сұрағына Евекең, терең ойға бата отырып былай деген екен: «Ғылым, педагог ретінде әрине орысша ойлануым мүмкін. Ал, туған жер, өскен ортам, халқымның тағдыры еске түскенде әрине қазақи қалпымда ойланамын. Орыс тілі қазақтар үшін екінші тіл ғой».

Евней Арыстанұлының ұзақ үнсіздіктен соң осылай деп жауап беруі, ұлы жүректің туған халқына деген қалтқысыз сүйіспеншілігін танытса керек. 1974 жылы «Правда» газетінің бірінші бетінде орыс тілі екінші тіліміз деп айту дәл сол кезде екінің бірі айта алмайтын батылдық еді. Өз ұлтының тілі мен дәстүріне деген Е. Букетов көзқарасы кеңестік баспасөз беттерінде еш бұлтақсыз ашық-айқын айтылуы оның азаматгық позициясының беріктігін танытады.

Осы тұрғыдан қарар болсақ, Евней Арыстанұлының тағдыр-танымы қазақтың біртуар ғалымы Шоқан Уәлихановтың болмысын еріксіз еске түсіреді. Белгілі ғалым Б. Кенжебаев Шоқан туралы зерттеу мақаласында: «Шоқан өзінің туған елін, туған жерін мейлінше сүйгені туралы жолдастары сұрағанда айтады екен: «Мен алдымен өзімнің қазақ халқымды, онан кейін Сібірді, онан кейін Россияны, онан кейін бүкіл адам баласын сүйемін». Шоқан өз халқын мейлінше сүю арқылы онымен көрген күні, тілек-арманы, тарихи тағдыры бір халықтарды сүйді, халқына үлгі боларлық, туысқандық жәрдем қолын созарлық ұлы орыс халқын сүйді».

«Білім жөне еңбек» журналының 1972 жылғы 12 санында Е. А. Букетовтің «Қараша үйден Қарағанды университетіне дейін» атты публицистикалық мақаласы жарық көрді. Мақаланың аты айтып тұрғандай, қараша үйдің жабығынан жасқана сығалаған қазақ баласының Қарағанды университетінің босағасын аттағанға дейінгі қилы тағдырға толы кезеңіне ойша шолу жасай отырып, бүгінгі таңдағы білім мен ғылымның өркен жайған өрелі істеріне жан-жақты тоқталады.

Қай қаламгер болмасын, ол ең алдымен — өз дәуірінің, өз ортасының перзенті. Ол жазған шығарма арқауы да сол замана шындығы болып табылады. Халқының мәдени, рухани өмірінің болмысын сол уақыт үрдісімен бағалайды, суреттейді. Ешқандай жазушы-публицист болашаққа арнап, немесе келер күннің еншісіне лайықтап шығарма жазып қалдырған емес. Келер ұрпақ өзіне керегін өткен күннің шындығынан алады.

Е. А. Букетов шығармаларындағы уақыт шындығы сол шындыққа берген пайым-парасаты бүгінгі ұрпақ үшін таптырмас құнды дүние. Сондықтан да Е. А. Букетовтің ғылыми-публицистикалық шығармалары көрегенділікпен жазылыпты деген әсіре марапаттаудан аулақпыз. Мысалы: «Иә, бүгінгі аға ұрпақтың өмірі қараша үйден басталған. Қара сирақ балалар қараша үйдің жабығынан сығалап, айналаға елеңдей қарап жүргенде ұлы Октябрьдің нұрлы таңы атты. Бүтін ел тарихында болмаған ғажайып зор бақыт қазақ даласын сілкінтіп өтті. Қазақтың бар баласы мазмұны терең, еркін өмірге жаппай араласып, революциялық романтикамен жалындап ер жетті. Содан бері елу бес жылдан сәл астамдау ғана уақыт өткен екен. Ал сондағы балалар бүгінде ғылымның алтын баулы ірі-ірі шаңырақтарын көтеріп, ғалымдар тарихын жасап отыр» — деген жолдар сол дәуір көзқарасы мен пайым-парасатынан хабардар етіп тұрған жоқ па?

Жалпы, ғылым мен техника, экономика мен психология, адам мен қоғам ғылыми-техникалық прогресті дамытушы күш ретінде қарастырылады. «Ғылым өмірге өндіргіш күш болып араласып, өндірісті өзгертеді, адамдардың психологиясына қозғау салады, сезімін ұштайды».

Осы айтылған ғылыми тұжырымдарға Е. Букетовтің публицистикалық шығармалары толығымен жауап береді десек қателеспейміз. Ғылымның қоғамға қажеттілігі мен оның атқаратын рөлі туралы Е. Букетов баспасөз беттерінде аз айтқан жоқ.

«Біз қазір ғылыми-техникалық революция кезінде өмір сүрудеміз. Ғылым, партиямыз айтқандай, өндіргіш күшке айналып, тікелей іс-әрекетімізге араласып отыр ғой. Бұның сырт көрінісі, ғылымның кеңінен өсіп-өрбуінен, ғылыми қызметкерлердің көбеюінен байқалады.

Сондықтан болашақта ғылымға құлаш сермеуге ұмтылған жастарға жемісті еңбек тілеп, ғылыми қызметтің өзгешелігі туралы бір-екі ауыз сөз айтуға бола-ды».

Ғылыми-техникалық прогресс проблемасы Е. Букетов публицистикалық шығармаларының негізгі арқауы десе де болады. Өйткені бұл ғалым-публициске таныс, жақсы білетін тақырып. Сондықтан да оның ғылыми-публицистикалық мақала-очерктері, түрлі аудиторияларда оқыған баяндама-лекциялары, жоғарғы орындарға жазған ғылыми хаттарында аталмыш мәселе күн тәртібінде тұрады. Тағы да айрықша атай кетеріміз, жәй проблема ретінде емес, соған қол жеткізудің ғылыми концепциясы нақты түрде көрсетілуі. Мысалы, Қарағанды обкомының екінші хатшысы Н.Ә. Назарбаевқа «Қарағанды кен-байыту комбинаты» жұмысындағы кейбір кемшіліктер атты хатында сол тығырықтан шығудың жолдарын атап-атап, нақты фактілермен ғылыми тұрғыда талдау жасай отырып көрсеткен. Немесе мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының II съезінде оқыған баяндамасы мен «Табиғат ананы аялай білейік» атты мақаласында елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын салалап, саралап, тұжырымды пайыммен, ғылыми-публицистикалық негізбен жазады. Осы жерде Е. Букетов публицистикасындағы тағы бір ерекшелік цифрлы материалдарды жүйелеп жіктеп бере отырып, мақала маңыздылығын айшықтай түсуі деп бағалауға болады.

«Адам күші аса қуатты. Ол қазір жер шарындағы құрлықтың 55 процентін, өзен-суының 12 процентін, орман-тоғайдың жыл сайынғы 50 процент өсімін пайдаланып, құрылыс пен кен қазбалары үшін 4 мың шаршы километр парода алуда. Қазір жер қойнауынан жыл сайын 100 миллиард тонна руда алынып, шамамен 7 миллиард тонна отын шығарылады. Сөйтіп жыл сайын өзен аңғарына 600 миллиард тонна өнеркәсіп пен тұрмыстық орындардың қалдық сулары құйылады. Орташа есеппен 800 миллион тонна әр түрлі металл қортылып, жер бетіне 300 миллион тонна минералдық тыңайтқыш сіңіріледі, төрт миллион тонна улы химикатгар себіледі. Атмосфераға 23 миллиард тонна көмір қосынды тотығы, бір миллиард тонна басқа да қосынды тарайды. Бұл цифр екі мыңыншы жылға дейін дүние жүзі бойынша төрт-бес есе өспек.

Осы жерде ойымызға Н. Г. Левиновтың: «Цифрлы материал дәлелдеу құралы ғана емес, сонымен қатар құбылыстың сандық жағын зерттеу арқылы және сандық өзгерістердің сапалық өзгерістерге ауысуы ықпалымен шындықты танудың қуатты құралы да» деген тұжырымы оралады.

Жоғарыда біз Е. А. Букетов публицистикасын үш топқа бөліп қарастырған едік. Соның бірі оқу, білім-ғылым саласы. Бір ғана ғылым тақырыбының аясында Е. А. Букетовтің көптеген мәселелерге қалам тербеп, онда өз үнін, парасат-байламын танытқаны белгілі.

Артында қалдырған публицистикасының негізгі арқауларының бірі — жалпы адамдық, азаматтық жайлар, жастарды патриотизмге тәрбиелеу, ғылыми прогресс, экономика және экология мәселелері болды. Бұл тұрғыдан алғанда Е. Букетовтің публицистикалық мұрасы аз болса да мәнділігімен ерекшеленеді.

Қай тақырып болмасын ол Е. Букетов шығармаларында міндетті түрде ғылыммен астасып, сол салада өріліп, өзектес болып жатады. Өзінің жазушы Сейдахмет Бердіқұловқа жолдаған «Жастардың болашағын ойлай түссек» атты мақаласында да оқу-білім жолының оңай еместігін, сол жолға кездейсоқ келе салмау керектігін, тілге тиек ете отырып, өзінің көкейтесті мәселесін былайша түйіндейді: «Заманымыз ғылыми-техникалық революция заманы болса, физика, химия, биология сияқты жаратылыстанудағы іргелі ғылымдардың бүгінгі күнге дейін ашылған заңдылықтары мен ақиқаттарын адам игілігіне техника арқылы мейлінше пайдаланып, табиғаттың жаңа заңдылықтарын ашып, соларды дереу тіршілік мүддесіне жаратуға жаппай ұмтылыста болсақ, Отанымыз бұл ұмтылыс үшін барлық мүмкіншілікті туғызып отырса, болашақта осы бір іске қолқабысы тиер деп үміттендіретін қабілетті жастардың адасуына жол беріп қоюымыз, қоғамымыз бен еліміз үшін орны толмас, қайтпас шығынның бірі болатын түрі бар».

Кезінде жоғары оқу орнының ректоры болған Е. А. Букетовтің осы пікірі әлі де маңызын жойған жоқ. Тек жоғарғы білімді деген атақ үшін ұрпағын қаласын-қаламасын кез-келген мамандыққа итермелеген, еріксіз оқыту, ел болашағы оның ғылымы мен өнерін экономикасына тигізер зияны аса қауіпті.

«Адамның бойындағы асыл қасиет-оның ойлары, сол ойларды туғызатын білімі, — дейді публицист, — сол ойлардан туатын сөздер, жүзеге асатын әрекет-қимылдар — оны қуанышқа, табысқа, бақытқа жеткізетін құрал, жол күш». Е. Букетов публицистикасындағы пайымдауды осы тұжырым да қуаттап тұр.

Е. А. Букетовтің публицистикалық шығармаларындағы өзіне ғана тән ерекшеліктерінің бірі әдебиет пен жаратылыстану ғылымының арасындағы дәнекерлігі. Жалпы, ғылым мен әдебиетті егіз ұғым деп бағалаған Е. Букетов оны өз шығармаларында үнемі тілге тиек етіп отырады. 1975 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген ғылым, өнер туралы ойлары топтасқан «Атан қомында туған адам» атты кітабындағы «Селен мен өлең» атты алғы сөзінде З.Қабдолов: «Евнейді — Евней еткен көркем әдебиет. Білеміз, Евней Букетов — алдымен ғалым, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі. Бірақ ол оқымыстылығының өзімен де бәрінен бұрын Пушкин мен Абайға, Әуезов пен Маяковскийге қарыздар» деген еді.

Ғылым мен көркем өдебиет туралы Е. Букетовтің өзіндік пікірлері төмендегіге саяды: «Бұл сұраққа мен А. М. Горькийдің сөзімен жауап берер едім: «Ғылым мен көркем әдебиетте екеуіне де бірдей тән қасиеттер көп: екеуі де зер салып бақылауды, салыстыруды, зерттеуді тілейді, көркем суреттерге де, ғылымға да болжампаздық пен тапқыштық, яғни «интуиция» қажет немесе Альберт Эйнштейн тамаша айтқан: «Ғылыми ойланып-толғануда қашанда поэзия элементі бар. Шын ғылым мен шын музыка біркелкі ойланып-толғану процесін тілейді» деген пікірлер Е. Букетов үшін өмірлік тәжірибе теориясына айналған.

«Алып адым» атты мақаласында мынадай қызық ойлар келтірген. «Қыз Жібек» қиссасында Базарбайдың Төлегені қыз іздеп, Ақ Жайыққа аттанбақ болғанда,

Жаратты бір қара көк тұлпар атты,

Өзі жорға жануар құс қанатты.

Тұрманының барлығын алтындатып,

Күміспен төрт аяғын тағалатты, — деген сөздер бар. «Әрі әдемі, әрі мәнді сөздер. (Мұның зерттеуге қандай қатысы бар деп кез келген адам ойлауы мүмкін. Бірақ әрі қарай оқып көрелік А.Қ.). Бір жағынан, Базарбайдың байлығы мен Төлегеннің салдығы көркем сипатталса, екінші жағынан, алыс жолға шығатын жолаушының аты тағалы болуы ескерілген. Бірақ, Төлегеннің алыс жорықта игеріп, қыз Жібектің көшіне жеткені шын болса, Бозжорғаны күміспен тағалауы бекер ме деп ойлаймыз, өйткені, күміс таға бірінші шақпақ таспен кездесуге шыдамай, жаншылып, шелісі үзіліп, түсіп қалар еді де, жорғаны бірден ақсатып, Төлегенді Жағалбайлыдан шықпай жатып, жаяулатар еді. Біздің елде Мешелдің Жаналысы дейтін болыс, қыз Жібек қиссасының осы бір сөздеріне сеніп, өзінің бәйгіге қосып жүрген тұлпар атын қаладан шақыртып, зергер жалдап, осы Төлегенше әшекей күміспен тағалатам деп, ақыры ақсатып алғанын ауыл ақсақалдары осы күнге дейін аңыз етіп айтады. Әшекейге лайықты алтын мен күміс, ауада тотықпай, жалтырап көз тартып тұрса да, табиғатынан жұмсақ, майысқыш болып келеді де, қаттылық пен беріктікті тілейтін істерге жұмсағанда осалдық білдіреді».

Қыз Жібек жырындағы бір шумақ өлең астарынан осылайша ғылыми ой түйген Е. Букетов жалпы әдебиеттегі зерттеуді қажет ететін кейбір тылсым сырлар ұштығын ұстатқандай әсер береді. Көп жазушыларға тән қасиет Е. А. Букетов бойында да болған. Евекеңде жасынан ауыз әдебиетінің нәрімен сусындап өскен. Ескіден келе жатқан ертегі-қиссаларды зерделеп, жатгап өскен бозбалаға ең бірінші өлең өлкесі есігін ашқан.; Бірақ селенмен айналысқан азамат үшін өлең тек жан сергітер серігі болып қала берген. Жаратылыс тануды өлеңмен сөйлеткен Евней таланты тағы да бір қырынан көрінгендей. «Әр іс өзі бір жүйе» атты өлеңі жаратылыс тануды поэзия тілімен өрнектейді. Онда мынадай жолдар бар:



Күкірт, темір әм селен

үшеуі де халькоген!

Бұл үшеуі, жобасы,

Нәзік жыныс болғасын

Жүрмесе тек біреумен

құшақ тасып, қолдасып,

Сезеді ешбір оңбасын

Темір, мырыш, қорғасын.

қалайы, мыс, никелъдей

Мықтылармен табысып,

Жанын алып, жабысып.

әл — перідей арбасар, — деп, химиялық қосылыстардың ерекшелігін өлеңмен баяндайды. Зерттеу объектісіне жатпағанымен бұл мысалды Е. Букетов шығармасына тән аталмыш ерекшелікті нақтылай түсетін болғандықтан келтіріп отырмыз. Кейде Букетовтің ғылыми-публицистикалық мақала зерттеулерінің жазылуына әдебиет пен өнер, поэзияның түрткі болып, шығармашылығына шабыт ашып жататыны бар. Қай ғылыми мақаласын оқымаңыз онда көркем әдебиеттің нышандары қайтсе де қылаң беріп тұрады. Әдебиеттен жаратылыс тану ғылымының сонарын танып, соны ғылыми тұрғыда кеңітіп зерттеу Е. Букетов публицистикасына тән қасиет. «Зерде» журналының 2000 жылғы 3—4 нөмірінде: «Букетовтің ертеректе жазылған көлемі 50 мәшеңкелік беттей «Көмір мен судан: мұнай, бензин, керосин және басқалары» атты мақаласының редакция архивінен табылғанын, журналға жариялауға келетін танымдық мәні зор дүние екендігін, оның үстіне Евней Букетов «Білім және еңбек» — «Зерденің» ең алғашқы редакциялық алқасының мүшесі, әрі белсенді авторы және жанашыры болған. Сондықтан журналымыз 40 жасқа толған мерейтойға орай кездейсоқ табылған бұл дүниені ықшамдап, қазақшалап, бір-екі нөмірге жариялауды жөн көргендерін айтады.

Бірден айта кету керек, бұл көлемді мақаланың жазылуына да тағы да Е. Букетовтің әдебиетшілдігі, поэзияға жақындығы себеп болғанға ұқсайды. Өйткені мақала әлқиссасы Сергей Есениннің драмалық поэмасы «Пугачевте» шаруалар көтерілісінің көсеміне жақын жүретін күрескердің бірінің:



Я хотел бы вернутъ и поверитъ снова,

Что вот эту луну,

Как керосиновую лампу в час вечернии,

Зажигает фонарщик из города Тамбова, — деп айтатын бір шумақ елеңімен басталады. Ақын Кавказда болып, 1924 жылы біраз уақыт Бакуде тұрған. Сонда оған отандық керосиннің шыққан жерінде біреу-міреудің мұнайдың өндірілу тарихы мен пайдаланылуы туралы әңгімелеп беруі, сол арада ақынның әбестік жібергенін бір-ақ білуі ықтимал. Өйткені әлгі айтып отырған керосин лампа (шам) Пугачев кетерілісінен кейін сексен жылдай өткен соң, яғни 1853 жылы поляк Игнатий Лукасевичтің жасауымен дүниеге келген еді» — дейді.

Сөйтіп, С. Есениннің бір шумақ өлеңі дүниеге ғылыми-танымдық мәні зор публицистикалық зерттеудің келуіне себепкер болады.



Оның үстіне ғылымға тән кіршіксіз таза көңілінің, адамгершілік қасиетінің болмысындай зерттеу эпигрофына академик В. И. Вернадскийдің «Барлық ғылым тарихы дәлелдейді. Уақыт іргерілеген сайын ғылым өзінің бұрынғы әріптесі көре алмаған, біле алмаған жаңалықтарды аша береді» деген сөзді келтірген. Вернадскийдің осы тұжырымы Е. Букетовтің ғылым жолында орасан зор жаңалықтар ашса да кешегісі мен ертеңіне деген сенімін, үмітін, адалдығын үнемі жадында ұстап өткендігін көрсетеді.

Қойлыбай АСАНОВ,

Қарағанды қаласы



©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет