Expo-2017: Қазақстанның инновациялық дамуының жаңа мүмкіндіктері Қазақстан экономикасының инновациялық дамуы



Дата23.02.2016
өлшемі60.5 Kb.
#3332

EXPO-2017: Қазақстанның инновациялық дамуының жаңа мүмкіндіктері

Қазақстан экономикасының инновациялық дамуы


Әрбір мемлекет және оның басшысы ең алдымен алдына коятын мақсат – ел экономикасының дамуы, сонымен қатар басқа мемлекетпен, яғни дамыған мемлекеттермен бәсекелестікке түсе алатындай, елімізде өндірілетін тауарлардың әлемдік нарыққа шыға алатындай жолын іздеу, сол үшін атсалысу болып табылады. Себебі кез келген мемлекет өзінің халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартқысы келетіндігі анық. Бұл мәселе Қазақстанды да айналып өтпеді. Кеңес Үкіметі құлдырап, Қазақстан Республикасы Кеңес Одағының құрамынан шығып, өзінің Тәуелсіздігін иеленген кезде еліміздің алдында өте ауқымды мәселе, яғни Қазақстан Республикасының басқару саясатын, экономикасын түгелдей өзгертіп, нарықтық қатынастарға бет бұру қажеттілігі мәселесін шешу тұрды. Жиырма жылдан астам уақытта Қазақстан Республикасы әлемдік аренада өзінің күшін, мүмкіндіктерін көрсетіп, көптеген жетістіктерге жетті. Еліміз тәуелсіздік жылдарында жаһандық экономикада ілгері дамып, кең байтақ еліміздегі «қара алтын», газ, уран және басқа да пайдалы қазбаларды әлемдік тауар рыногына экспорттап келеді. Осыған сәйкес Қазақстан әлемдік аренада өзінің позициясын нығайтып, экономиканы дамытуда көп жұмыс жасайды. Сонымен қатар, елімізде демографиялық жағдайда да, экономикалық жағдайда да біршама ілгері дамығандығын көре аламыз.

Біздің Елбасымыз, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, Халыққа жолдаған Жолдауларының барлығы дерлік экономикалық тәуелсіз мемлекетті қалыптастыруға бағытталды. «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында да Елбасымыз индустриалды-инновациялық дамуды баса назарға алды.Әлемдік аренадағы ұлы державалар ретінде танылған АҚШ, Қытай және басқа да елдер индустриалды-инновациялық даму жолына бұрыннан қадам басқан болатын. Ал қазіргі таңда әлем елдерінің барлығы дерлік индустриалды-инновациялық даму жолын экономиканы дамытудың басты бағыты ретінде қолға алып жатыр. Қазақстан Республикасы да өзінің басты даму бағыты ретінде индустриалды-инновациялық даму бағытын ұстанып отыр. Осыған сәйкес Қазақстанның даму бағытының негізгі мақсаты – жақсы өмір стандарттарын ұсынатын, өзінің қажетіліктерін жүзеге асыра алуға мүмкіндік беретін қоғам құру, яғни инновациялық типті қоғам құру.

Ең алдымен инновация деген терминге қысқаша шолу жасайтын болсақ, тар мағынада: инновация – жаңашылдық, жаңалық деген мағынаны білдіреді, кең мағынада: инновация – инновациялық процестердің нәтижесі, яғни нарықта жаңа өнім немесе процесс ретінде таралатын және коммерциялық қолдану деңгейіне дейін жеткізілген өнертабыс. Яғни, жаңа технологиялардың қолдануымен қоғамның әлеуметтік-экономикалық қажеттілігінің даму деңгейі. Қазақ елінде экономиканың инновациялық типін дамыту үшін алғышарт ретінде - ғылыми техникалық прогрессті атап өту керек. Себебі озық технологияларды пайдалану арқылы саланың жаңғыруына қадам басады. Қазақстанның ғылыми  техникалық даму дәрежесін білу үшін The World Economic Forum рейтингісіне назар аударған жөн. Бұл рейтинг мәліметтеріне сәйкес «Инновация» факторы бойынша Қазақстан 64 орынды иеленсе (2009-2010), «Инновациялық дамуға жағдай жасау» көрсеткіші жөнінен 50 орынды иеленеді. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингісіне сәйкес 2009-2010 жылдары Қазақстан 67 орынды иеленіпті. Бұл рейтингінің көшін бастап келе жатқан, әрине АҚШ .

Осы мәселеге сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2003 жылдың 17 мамырында №1096 қол қойылған «2003-2015 жылдар аралығында Қазақстанның индустриалды-инновациялық даму стратегиясы» атты Жарлығында барлық негізгі алғышарттар мен көздеген мақсаттары айқындалған. Бұл стратегияға сәйкес жүзеге асыру мерзімін 3 этапқа бөлген, яғни: І этап – 2003-2005; II этап  – 2006-2010; III этап – 2011-2015 жылдар. Осыған сәйкес Қазақстан экономикасының алдында инновациялық даму бойынша күтілетін нәтижелер анықталды. Индустриалды-инновациялық даму саясатын белсенді түрде жүргізу экономика дамуын жылына 8,8-9,2% кем емес көрсеткішке ұлғайтады. Осыған сүйене отырып қарастырғанда, 2000 жылмен салыстырғанда 2015 жылы ЖІӨ-нің көрсеткіші шамамен 3,5-3,8 есеге артады. Еңбек өнімділігін 2000 жылмен салыстырғанда 2015 жылы 3 еседен кем емес көрсеткішке  ұлғайту. Сонымен қатар мұнай өнімдері жөнінде де біршама көздеген мақсаттар болды. Мұнай және газ кеніштерін игеру экономика структурасының түбегейлі өзгерісіне әкелмейтіндігі ескерілді .

Алдағы жылдарға бағытталған жоспар бойынша әлі де жұмыс атқарылады. Соңғы жылдары технопарк және бизнес-инкубаторлардың да маңыздылығы арта түсті.Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған жылдан қазірге дейін көптеген жетістіктерге жетті. «Дамыған 50 елдің қатарына кіру керек» деген басты мақсатқа да қол жеткізді. Келесі көздеген мақсат – дамыған 30 елдің төрінен көріну. Ол үшін Қазақстан экономикасы ғылыми білімге, инновациялық технологияларға, жоғары білікті өндіргіш күшке негізделуі тиіс. Бүгінгі дамудың жалғыз әрі тиімді жолы – инновациялық жол.

EXPO-2017 Инновациялық экономиканы дамытудың маңызды катализаторы ретінде

Соңғы жылдары әлемдік экономи­ка­да білім мен инновацияны маңызды экономикалық ресурстар ретінде пайдалану базасында экономикалық өсудің жаңа типі қалыптасты. Қазір материал­дық игіліктерді жасау көп жағдайда ғы­лымның жалпы деңгейі мен техни­ка­ның прогресіне немесе осы ғылы­мның өндірісте қолданылуына тәуелді. EXPO көрмесі-дәл осы техникалық прогресті қалыптастырудың, жаһандану процесіне қол жеткізудің, инновациялық экономика құрудың қайнар көзі, басты нышаны ретінде айқындалады. Бұл көрменің өзектілігін, бүгінгі таңдағы дамыған қоғамға қажеттілігін  нақты ашып көрсетеді.

Қазіргі кезде Қазақстанның инновациялық белсенділік деңгейі - 4,3 % құрайды, ал Германияда бұл көрсеткіш - 80%, АҚШ, Швеция, Франция елдерінде - 50 %, ал Ресейде тіпті - 91 % жетіп қалды. Қазақстанның Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасымен Біртұтас экономикалық кеңістік құруы, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуға бағыт алуы және жалпы нарықта бәсекенің күшеюі – Қазастанның инновациялық экономикаға ауысудың алғышарттары болып табылады.

2013 жылы Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында көрсетілген жаңа бағдарлар ескеріле отырып, Инновациялық қызметті дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдама жобасына өзгертулер енгізілмек. Сонымен бірге, инновация саласындағы бірқатар бағыттарды дамытуда жоғары белсенділік күтілуде, әсіресе Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің негізгі тақырыбына байланысты. Шетел істері министрі Ерлан Идрисов «Жас мемлекет бола тұра, Евросоюз орталығы Бельгиядан аттап, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқығын алу – біз үшін үлкен саяси мәселе. Бұндай дауыстарды жинау қоғам біздің жеткен жетістіктерімізді бағалап, бізге қолдау көрсетуін білдіреді. Бұл ТМД территориясында ең алғаш өткізілетін ЭКСПО көрмесі» деп атап көрсетеді. Қазақстан алдында перспективалы экономикалық даму тұр, ал ЭКСПО бізді сол даму жолымен жалғайтын көпір.

ЭКСПО-2017 көрмесінің басты мәселесі – «Болашақ энергиясы», бұл тақырып бүгінгі таңдағы қоғам арасында актуалды мәселе. БҰҰ статистикалық есебі бойынша, 1,6 млрд адам электр тоқтарына жете алмай отыр, ал 2,4 млрд адам тамақ жасау және үйді жылытуға арналған шикізаттарға қол жеткізе алмауда. ЮНИДА бас директоры Кендэ Юмкела айтқандай: «Энергия бұл қоғам үшін маңызды экономикалық және экологиялық проблемалардың жүрегінде орналасқан мәселе». ЭКСПО-2017 осыған дейін өткен барлық көрмелердің қорытындысы сияқты (2010 жыл Шанхай – «Жақсырақ қала, жақсырақ өмір»; 2012 жыл Ёсу (Корея) – «Мұхит және жағалау», 2012 Милан – «Планета азығы – Өмір үшін энергия»). Бұл «Жасыл экономика», «Жасыл көпір» бағдарламаларын жүзеге асыруға негіз болды, олар жайлы төменде анығырақ жазылады.[

Жалпы, ЭКСПО-2017 Қазақстан Республикасына қандай пайда әкеле алады?

Біріншіден, Қазақстанға инвестициялардың тартылуы қарқынды жүреді. БАҚ мәліметтері бойынша Астанадағы көрме шығындары 1,6 млрд долларды құрайды: оның ішінде 250 млн доллар мемлекеттік бюджеттен алынып, қалғаны жеке инвесторлардың салымдарымен жабылуы көзделуде. Бірақ біз осындай шығындарды кетіре отырып, міндетті түрде одан асатын пайдаға ие болатынымыза сенімді болуымыз керек. Алдыңғы жылдары өткен Ванкувер (Канада), Ганновер (Германия) қалаларындағы көрмелер залалдары түскен пайдадан асып кетті. 2010 жылғы Шанхайда өткен көрме ғана мақтанарлық нәтижеге жетті – оперативті табыс 157 млн долларды құрады. Әрине Қытайды Қазақстанмен салыстырмаймыз, олар экономикасы, халқы, ауданы жағынан бізден ірі. Бірақ біз, өзіміздің экономикамыз шеңберінде табысты нәтижелерге немесе экономикалық дамуда ілгері қадам жасауға бағытталуымыз қажет, яғни ақшаны орынды жұмсау.

Екіншіден, Астана қаласында ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыруға 113 га бөлінді, оның 25 га-да павильонды комплекс орналасып, қалған 88-де сәйкес инфраструктура: қонақ үйлер, паркингтер, асханалар пайда болады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс күшін тартуға ықпал етежі, яғни жұмыссыздық деңгейінің азаюы мүмкіндігі бар. Ал, егер жұмыссыздық азайса бұл экономиканың дамуына жағымды әсер тигізері сөзсіз.


Қазақстанның инновациялық дамуының жаңа мүмкіндіктері

Қазақстанның   «EXPO-2017»  дүниежүзілік көрмесін өткізу   құқығына  ие  болуы Қазақстанды    әлем елдеріне  танытудың  жаңа кезеңі ғана емес,   инновациялық  дамудағы   қуатты серпінге  негіз болады.

«ЭКСПО көрмесі – жаһандық ауқымдағы оқиға. Ол маңыздылығы жағынан ірі экономикалық форумдармен, туристік  тартымдылығы бойынша әлемдегі ең танымал спорттық ойындармен салыстыруға болады. Көрме біздің елімізге ірі инвестиция тартуға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы Қазақстан «жасыл экономиканы» дамытуға тікелей септігін тигізетін жаңа технология мен инновация алады» - деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде.

Қазақстан  соңғы жылдары     орнықты  өсу үшін ноу-хау секторын дамытудың маңыздылығын   түсіне отырып,    ұлттық экономиканың   сенімді  және ұзармерзімдік дамуына   жағдай   жасауда, мүмкіндіктер  қалыптастыруда.

Ұлттық   инновациялық  қордың  мұрагері Технологиялық   даму жөніндегі   ұлттық агенттік   бүгінге   инновациялар енгізу саласындағы   жобаларды  қолдаудың   түрлі тетіктерін ұсынуда.

Технологиялық инновациялық  бизнеске   қаржы салып отырған  қазақстандық  және  шетелдік капиталдарына ие венчурлық  инвестициялық институттар    құруға  атсалысу  мүмкіндігі  қарастырылуда.

Осылайша,  отандық   инноваторлар   алдыңғы  қатарлы батыс технологияларына қол  жеткізіп,   оларды Қазақстанға трансферттемек.

Технологиялық   даму жөніндегі   ұлттық агенттік 2012  жылдың басында ғана  бұрынғы  жетекші    инновациялық  құрылымның   мұрагері    атанғанын  ескерсек,   әзірге  Израиль,  Германия,  Малайзия, АҚШ және  Ресей  елдерінің   бірқатар верчурлық  қорларымен    ғана   байланыс  орнатылғанын  айта аламыз.

Агенттіктің ірі  венчурлық  жобаларға  инвестор  болуы  отандық инноваторлардың  осынау тәуекелі  мол, бірақ  табысты  нарықтағы  белсенділіктерін   арттыруға  деген ниеттерін   паш  етеді. Егер   қолдау тетіктері  туралы  айтар болсақ, бүгінгі таңда екі   негізгі ұсыныс  бар – технологиялық бизнес-инкубациялау  және инновациялық   гранттар   беру.

Бірінші  тетік - индустриялық-инновациялық   субъектілерге   бастапқы  кезеңде   8  өңірлік технопарк  тарапынан  жаппай  қолдау көрсетуді  қарастырады.

Ал екінші  тетік - 9 бағыт бойынша (агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау,  кен өндіру өнеркәсібі, жеңіл және  ағаш өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдарын және  басқа металл  емес минералдық өнімдерді  өндіру,   көлік және  қойма,  ақпарат және байланыс, химиялық  және  фармацевтикалық  өнеркәсіп,  өнеркәсіптің басқа салалары)   инновациялық  жобаларды  тең қаржыландыруға  мемлекеттің    атсалысуы.2012 жылы  мемлекет   инновациялық   гранттарға 3,5 млрд. теңге  бөлді.    Бірлескен  жұмыстың  негізгі   ерекшеліктерінің бірі сол, мемлекет     инновациялық гранттың    орта есеппен 57%  қаржыландырады,  ал  жобаның 43%  өтініш беруші тараптың есебінен  болады.

Мемлекет   әсіресе  инновациялық  жобаларды  патенттеу және  коммерцияландыру   процестерін  белсендірек қаржыландыруға       дайын.  Сондай-ақ,  қаржы қалдықтарын   келесі қаржы  жылына ауыстыру және өтініштерді   үздіксіз  қабылдау режимі,      өтініш берушілердің    құжат тізімдерін  және    құжаттарды  қарау мерзімдерін  қысқарту  сияқты  жаңалықтар  енгізіліп отыр.

Осы    және  басқа   шаралар  мемлекет пен  инноваторлардың   өзара  қарым-қатынастарын     оңтайландыру  және    жаңа    инновациялық жобалар мен   ұсыныстарды  іске  асыру  үшін қосымша  ынталандыру   шараларын    жасауға мүмкіндік береді.

Қазақстанның ресурстары да, мүмкіндіктері де, оның ішінде  қаржылай мүмкіндіктері де бар, оған  танымал қазақстандық  кәсіпкер Кеңес Рақышевтың ресейлік Fastlane Ventures  провайдерінің  онлайн-стартаптарына   $13 млн. доллар   инвестициялау   туралы шешімі    туралы соңғы хабар   дәлел.

Мәлім етілгендей,  инвестициялар Fastlane Ventures компаниясының ресейлік интернет-нарықтағы   ұстанымын  нығайтуға,  жаңа онлайн-бизнестерді іске қосуға,   Fastlane Ventures портфель компанияларын  ынталандыруға жұмсалады,  сондай-ақ іріктелген  бизнес-модельдерді ағымдағы нарықтық жағдайларда сынақтан  өткізуге мүмкіндік береді.  Кеңес Рақышев «ВТБ Капитал», Direct Group and e.ventures.   сияқты стратегиялық   әріптестермен бірге Fastlane Ventures директорлар кеңесінің құрамына кіреді.

Интернет қазір –  ресейлік сектордың ең перспективалық секторының бірі, ал  Fastlane Ventures –  онлайн-индустрияның   жетекші ойыншысы.  Компания командасы саланың  танымал   сарапшыларынан  тұрады. Fastlane Ventures қолындағы бар  мүмкіндік  мен  идеяларды   табысты  онлайн-бизнестерге    айналдыра  алатындығына сенімдімін, - деді Кеңес Рақышев     өз шешімі туралы.

«Болашақтың энергиясына» көшуге мүдделілік идеясын елдің өзі көрсете білуі тиіс. Үкімет біздің елімізде бұл бағыттың тиісті деңгейде дамуы мәселелерімен жұмыс істеуі керек. Алдағы бес жыл ішінде Қазақстан таза энергия түрлерінің әзірлемелері мен енгізілуі саласында инновациялық серпіліс жасауы қажет. Сондықтан болашақ энергиясын дамытудың 2013-2017 жылдарға арналған тиісті кешенді жоспарын қабылдау жайын анықтап алуды тапсырамын. Ол жоспар барлық өңірді, ұлттық холдингтерді, зерттеу институттары мен әлеуетті отандық және шетелдік инвесторларды қамтуы тиіс. Бағдарламалық барлық құжаттарды үйлестіру керек, - деп тапсырды Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде.



Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Байгісиев «Экономиканы мемлекеттік реттеу»

  2. Байдаулетова Г.О. Развитие финансовой системы в современных условиях//Аль-Пари 2010.№3

  3. 2012 ж. «Айқын» газеті




  1. «Егемен Қазақстан» газеті 2011ж.




  1. news.kz


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет