Expo-2017: болашақҚа бастар жол



Дата03.07.2016
өлшемі78.29 Kb.
#174410
Досанов Шалқар Манапұлы

ҚР Президентінің жанындағы

Мемлекеттік басқару академиясы

Білім трансферті секторының ғылыми қызметкері


EXPO-2017: БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ
EXPO – таза әрі ашық бәсе­ке­­­­лестікке арналған әлемдегі беделді алаң. Оның басты мақсаты – қатысушы мем­лекеттердің адамзат өміріне қажетті барлық саладағы жаңа зерттеулері мен тың жаңалықтарын барынша насихаттау. Әлемдік тәжірибеде халықаралық көрмелер экспозиция ерек­ше­лігіне байланысты екі түрге бөлінеді: дү­ниежүзілік әмбебап көрмелер және мамандандырылған халықаралық көрмелер. Дүниежүзілік әмбебап көрмелер тақы­­рыбы жағынан шек­­­теулері бар, бес жыл са­йын алты ай көлемінде өткізіледі. Еліміз 2017 жылы мамандандырылған көрмені сәтті өткізсе 2020 жылы әмбебап көрмені өткізу мүмкіндігін иеленеді. Мамандандырылған халықаралық көр­­ме­лерге келесідей талаптар белгіленеді: көрме алаңы 25 гектар­дан аспауы тиіс, көрме тақырыбы алдын ала анықталып ұйымдастырушыларға ескер­тілуі, және көрменің өту мерзімі ең көп дегенде үш айға созылуы тиіс. Негізінен, көрме тақырыбында оны ұйым­дастырушы мемлекеттің белгілі бір са­лалардағы, соның ішінде гума­нитарлық, әлеуметтік және экологиялық аспек­тіде қол жеткізген ғылыми тех­нологиялық және экономикалық жетіс­тіктері қамтылуы тиіс [1].

Осыған орай Қазақстан ұсынған «Болашақ энергиясы» тақырыбы адамзат үшін энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану мәселелерінің өзектілігін көрсетеді. Ал оның шешімін табу көптеген елдер үшін стратегиялық міндет болып табылады. Тақырыптың өзегінде электр энергиясына қолжетімділіктің болмауына қатысты, сондай-ақ кедейлік деңгейін төмендету секілді ғаламдық проблеманы тиімді шешу мәселесі жатыр. Өйткені, әлем үшін дамудың жаңа бағыты - «жасыл» экономика, экологиялық қауіпсіз даму жолы аса қажет. Бұл ретте қуат өндіру үшін шикізат көздеріне бай елдің бірі саналатын Қазақстан жаһанның ортақ мүддесі мен ұмтылысынан еш шет қала алмайтындығын көрсетіп отыр. Жалпы жер жүзінде дәстүрлі энергия көздерінің таусылуы тәуекелдері жоғары, сондай-ақ ондай энергияны пайдалану салдарының қоршаған ортаға залалы да ауқымды екені белгілі. Дәл осыған байланысты Қазақстанның халықаралық көрме арқылы бірлесе шешімдер қабылдауға әлемдік қауымдастықты жұмылдыру ниеті көрініс таппақ [2].

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 30 мамырдағы № 577 Жарлығы негізінде "Қазақстан Республикасының "жасыл экономикаға" көшуі жөніндегі тұжырымдама" бекітілді. Бұл тұғыры биік Тұжырымдама Қазақстан халқының әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттыру және елдің әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіруі арқылы қоршаған ортаға түсетін жүктеме мен табиғи ресурстардың тозуын барынша азайта отырып, жаңа тұрпаттағы экономикаға көшу мақсатында терең жүйелі жаңартулар үшін негіз қалайды.



Ел алдында тұрған «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі негізгі басым міндеттер:
      1) ресурстарды (су, жер, биологиялық және басқа) пайдалану мен оларды басқару тиімділігін арттыру;

2) қолда бар инфрақұрылымды жаңғыртып, жаңаларын салу;

3) қоршаған ортаға қысымды жұмсартудың рентабельдік жолы арқылы халықтың әл-ауқаты мен қоршаған ортаның сапасын арттыру;

4) ұлттық қауіпсіздікті, соның ішінде су қауіпсіздігін арттыру болып табылады.

Қазақстанның бұл бастамасын энергетика саласының алдыңғы қатарлы сарапшылары, ғалымдар мен қоғамдық және мемлекеттік емес ұйымдар жетекшілері қолдап отыр. «Энергияның экологиялық таза көздерін пайдалануға көшсек, қомақты экономикалық табысқа жете аламыз. Технологиялар трансформация процесінде маңызды рөл атқарады. Ол үшін нақты саяси қадамдар жасалу керек» деді өз сөзінде Халықаралық энергетика агенттігінің бас сарапшысы Маркус Врейк[3].

Біріншіден, Қазақстанға инвестициялардың тартылуы қарқынды жүреді. БАҚ мәліметтері бойынша Астанадағы көрме шығындары 1,6 млрд долларды құрайды: оның ішінде 250 млн доллар мемлекеттік бюджеттен алынып, қалғаны жеке инвесторлардың салымдарымен жабылуы көзделуде. Алдыңғы жылдары өткен Ванкувер (Канада), Ганновер (Германия) қалаларындағы көрмелер залалдары түскен пайдадан артып кетсе. 2010 жылғы Шанхайда өткен көрме ғана мақтанарлық нәтижеге жетті – таза табыс 157 млн долларды құрады. Әрине Қытайды Қазақстанмен салыстырмаймыз, олар экономикасы, халқы, ауданы жағынан бізден ірі. Бірақ біз, өзіміздің экономикамыз шеңберінде табысты нәтижелерге немесе экономикалық дамуда ілгері қадам жасауға бағытталуымыз қажет, яғни бөлінген қаражатты орынды жұмсау, экологиялық таза құрылыс материалдарын қолдану, мамандардың алдыңғы қатарлы тәжірибесін қорыту негізінде жаңа технологиялар мен жаңа шешімдерге қол жеткізу қажет.

Екіншіден, Астана қаласында ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыруға 113 га жер алқабы бөлінді, оның 25 га-да павильонды кешен орналасып, қалған 88-де сәйкес инфраструктура: қонақ үйлер, паркингтер, асханалар пайда болады. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс күшін тартуға ықпал етеді, яғни жұмыссыздық деңгейінің азаюына мүмкіндік туғызады. Жұмыссыздық азайса, жаңа технологиялар игерілсе, бұл экономиканың дамуына жағымды әсер тигізері сөзсіз.

Үшіншіден, Қазақстан Республикасының туризм саласы дамиды. Елімізде, өкінішке орай бұл сала «Азиада 2011» өтуіне де қарамастан, әлі де артта қалуда. Бүкіл жылдар бойы өткізілген көрмелерге жалпы саны 8 млн. астам адам қатысып, көрді. Рекордты қатысушылар саны 29 шілдеде Кореядағы Ёсу қаласында болған көрмеде жиналды – 272 527. Сонымен қоса, Digital EXPO бағдарламасы арқылы Қазақстан Республикасын 2 млрд. интернет-қолданушылары өз компьютерлерінде көре алады. Нәтижесінде Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі артып, танымал елдер қатарына қосылды[4].

Көрменің ең басты бастамасы – бұл әрине «жасыл технологияларды» ендіру. Бұл орайда қазіргі уақытта атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық. Мәселен, Жамбыл облысының Қордай ауданында «VISTA-INTERNATIONAL» ЖШС жел энергиясы негізінде электр энергиясын өндіретін жел турбиналарын орнату жөніндегі жобаны іске асыруды. Жобаға сәйкес Қордай ауданында 21 жел турбинасы орнатылады, ал бүгінгі таңда олардың 11 іске қосылып энергия өндіруге қатысуда. Қордай өңірінде өндірілген баламалы электр энергиясын «KEGOC» АҚ сатып алып, ортақ желіге қосады.



Таулары мен қыраттары жоққа тән жазық далада орналасқан Атырау облысы жел мен күннен қуат жинауға таптырмайтын өңір. Қазірдің өзінде Атырау облысында да желден энергия өндіретін қондырғылар қолданылуда. Қазіргі уақытта Жылыой ауданының аумағынан күн сәулесінен қуат өндіретін арнайы станция салу ісі қолға алынып отыр. Сонымен бірге Балхаш өңірінде күн сәулесінен энергия алушы станция салу жобасы іске асырылуда.

«Жасыл экономика» стратегиясының негізінде еліміздің бірқатар қалаларының аулалары да күндіз күннен энергия алып түнде жарық беретін арнаулы көше лампаларымен жабдықталған.

Қазақстанның экологиясында қиыншылық туғызатын мәселелер әлі де болуда, бұл тұрғыдан «Невада-Семей» полигоны мәселесін ескеру керек. Ғалымдардың зерттеуінше «Невада-Семей» өңірінде өндірістік қалдықтар көлемі 23 млрд. тоннаға жетіп қалды, бұл өз кезегінде судың тапшылығына әкелуі мүмкін. Сондықтан, «жасыл экономика» түсінігі міндетті түрде ендіріліп қана қоймай, жүзеге асырылған іс-әрекеттері қоғамда көрініс табуы керек.

«Жасыл экономика» стратегиялық бағдарламасының негізгі қағидаларын қарастыра отырып бұл стратегиялық бағдарламаның біз үшін қаншалықты маңызды екендігін көре аламыз.

Табиғи ресурстарды рационалды пайдалана отырып кедейлікті жою немесе экономиканы «көгалдандыра» отырып толық жұмысбастылыққа қол жеткізу- бұлар өзара байланысты, әрі шынымен-ақ мүмкін боларлық категориялар. Бүгінгі таңдағы жұмыссыздық проблемасы-ең өзекті мәселелердің бірі болып табылмақ. Қазақстанның өзінде жыл басынан бері жұмыссыздар армиясын 40 мың адам толықтырған. Жұмыссыз жүргендердің есебі, шамамен, 600 мыңдай, немесе экономикалық белсенді халықтың 7,4%-ын құрайды. Кәсіподақ федерациясы таяу арада тағы да 600 мың адам жұмыссыз қалады деген қаупін жасырмайды. 600 мың жұмыссыздың үстіне өз бетімен күн көріп жүрген жұртты қосыңыз. Олардың саны 2,5 млн. адам, мұның ішінде 1 миллионы әзірге жан сақтап отыр, қалған 1,5 млн. халық табыс көзінен айрылудың аз-ақ алдында. Қазіргі уақытта 627 кәсіпорын толықтай және біртіндеп өз жұмысын тоқтата бастаған. Бұл айтылғанның барлығы-«Қоңыр экономикалы» елдің бүгінгі таңдағы сипаттамасы. Еліміздің «Жасыл экономикаға» өтуі бұл проблеманың шешімін табуға көмектеседі деген сенім артамыз[5,17 б].

Н.Ә. Назарбаевтың ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін Астанада өткізу туралы шешім қабылдануына байланысты Қазақстан халқына Үндеуін айта кетуіміз керек: «Біз елеулі үміткер, осындай халықаралық форум өткізуде тәжірибесі бар бельгиялық Льеж қаласын жеңіп шықтық. Бұл Қазақстанның зор табысы. ЭКСПО көрмесі – бұл мәні жағынан бүкіләлемдік экономикалық форумдармен, ал туристік тартымдылығы жағынан әлемнің ең кең танымал спорт жарыстарымен теңдес жаһандық ауқымдағы оқиға. Халықаралық көрмелер өткен 160 жылдан астам уақытта олар негізінен экономикалық алыптар саналатын – АҚШ, Франция, Германия, Жапония, Бразилия, Канада, Ұлыбритания, Испания, Қытай және басқа елдерде өтті. Енді олардың қатарына Қазақстан да еніп отыр. Біздің осынау жаңа табысымыз біздің бүкіл әлемде құрметті елге айналғанымызды тағы да көрсетіп беріп отыр. Біз үшін Халықаралық көрмелер бюросына мүше 160 мемлекеттің басым көпшілігі дауыс берді. Іс жүзінде Астананы бүкіл әлем таңдады! Сондықтан ЭКСПО-2017-ні өткізу– бұл, сонымен бір мезгілде, Қазақстанның бүкіл әлем алдындағы орасан зор жауапкершілігі. Біз небары бес жылда Көрме орталығын тұрғызып, жаңа қонақүйлер, жолдар салып, көлікті дамытып, қонақтарды қарсы алуға даярлықты қамтамасыз етіп, үлкен дайындық жұмыстарын жүргізуіміз керек. Бұл міндеттің ауқымы аса зор. 3 ай ішінде ЭКСПО-2017 көрмесін шамамен 5 миллиондай шетелдіктер келіп көретін болады. Бүкіл елдер өз павильондарын көрме тақырыбы – «Болашақтың энергиясына» сәйкес дайындайды. Өткеннің тәжірибесі көрсеткендей, мұндай көрмені өткізу олар өткен қалалар мен елдердің дамуына зор ықпалын тигізеді. Бұл біздің еліміз үшін жаңа энергетикалық және «жасыл» технологиялар алуда аса зор мүмкіндік. Бұл ЭКСПО-2017-ні дайындау мен өткізу уақытында, сондай-ақ оның нысандарын одан әрі пайдалануда Қазақстанға келіп түсетін миллиардтаған доллар инвестициялар. Көрмені дайындау мен өткізудің барлық мәселелерін шешу үшін мен Мемлекеттік комиссия құрдым. Астанада жаңа Көрме кешенінің құрылысы үшін жер белгіленді. Бұл Қазақстандағы тағы бір «халықтық құрылыс» болмақ. Бес жыл тез өте шығады. ЭКСПО-2017-ні өткізу құқығы жолындағы күрестегі Астананың табысы – ол бүкіл Қазақстан халқының табысы. Бүкіл қазақстандықтардың Халықаралық көрмені өткізуге белсенді атсалысатынына менің ешқандай күмәнім жоқ. Мен ЭКСПО-2017-нің біздің тарихымыздың тағы бір алтын парағы болатынына сенемін. Мен бүкіл отандастарымды топтасуға және біздің елімізді осынау кең ауқымды халықаралық оқиғаға белсенді дайындауға шақырамын» [4].

EXPO-2017 жобасынан еліміздің алар пайдасы зор болмақ. Мәселен, бір жарым ғасырлық әлемнің дәстүрі атанған көрме біздің мемлекеттің негізгі басымдықтарын жүзеге асыруға қуатты импульс береді: экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылым (транспорт, құрылыс, жұмыс орын­дары); шағын – орта бизнесті дамыту; үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы нәтижесін EXPO-2017-де көрсетуге мүмкіндік аламыз; Қазақстан жастарының инновациялық дүниетанымын қалыптастыру.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Бас редактор Ә. Нысанбаев.- «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия // Алматы.- V том

2. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауы // Алматы.- 2014.-11 қараша.

3. «Литер» ежедневная республиканская общественно-политическая газета// статья «Актуально: Зеленый свет» // Алматы.- 2013.-9 сәуір.



4. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін Астанада өткізу туралы шешім қабылдануына байланысты Қазақстан халқына Үндеуі.

5. Нурсултанова С.Н. Методика поисков и разведки месторождений полезных ископаемых (нефть и газ): Учеб. Пособие // Астана.-Фолиант.- 2008.-17б.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет