Ф 11-18 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі



бет1/14
Дата14.06.2016
өлшемі1.42 Mb.
#135923
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
мұсаева Н.Р.

ФИЛОСОФИЯ

ШЫМКЕНТ-2008

Ф.7.11-18
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ


м.әУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ

МҰсаева Н.Р.


ФИЛОСОФИЯ

Оқу құралы



Шымкент-2008

ББК 87.3.я 73

М 78
Мұсаева Н.Р.
ФИЛОСОФИЯ: Oқу құралы. М.Әуезов атындағы ОҚМУ. -Шымкент, 2008. 160 бет.

Оқу құралы магистранттар мен аспиранттарға ұсынылған. Оқу құралында оқу бағдарламасына жақында енген «ФИЛОСОФИЯ» өзекті мәселелері баяндалады.




Пікір жазғандар: Алтаев Ж.А. философия ғылымдарының докторы, профессор.

Оразимбетова К.Ш. философия ғылымдарының кандидаты.


Баспаға М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университенің әдістемелік кеңесі ұсынған.

(Хаттама № ___ «____»______ 200__ ж.)


М

ISBN 9965-737-92-4

© Мұсаева Н.Р., 2008 ж.



1.Философияның мәні және қалыптасу ерекшеліктері.

  1. Философияның қалыптасу ерекшеліктері.

  2. Философия дүниетанымның тарихи формасы.

  3. Философиялық білімнің ерекшеліктері.

Философия термині көне грек тілінен аударғанда даналыққа құштарлық, ал көне үнді тілінен аударғанда ақиқатты көру деген мағынаны береді.

«Философ» сөзін ең алғаш рет интеллектуалды білімге ұмтылып, дұрыс өмір сүруге тырысқан адамдарды оқшаулау мақсатында көне грек математигі мен философы Пифагор қолданған.

Философия терминін түсіндіріп, оны ерекше ғылымның түрі ретінде негіздеген Платон.

Көне дүниеде философия деп аталған білім ғылымдардың алғашқы негіздері, практикалық байқаумен, қорытындылармен қатар адамдардың әлем туралы адам тіршілігінің мәні мен мақсаты, өзі туралы мәліметтерді біріктірді.

Философияның қалыптасуы әлем туралы білімдер мен адамдардың өмірлік тәжірибесінің үйлесімділігін іздестіретін ерекше рухани ұстанымның пайда болуын паш етті.

Философия даналыққа апаратын жол, яғни даналық философиядан да жоғары, оған философияның көмегімен көтерілуге болады.

Даналық дегеніміз - әр нәрсенің шегін білу, байыбына бару, себебін түсіну, асықпай, аптықпай шешім қабылдау, яғни ол – адамның интеллектуалдық мүмкіндігінің шыңы, адам армандайтын рухани биіктік.

Алғашқы философиялық теориялар өзінің мағынасы жағынан синкретті, яғни жиынтық білім болды. Өйткені, оның құрамында әлем мен адам туралы барлық білімдер сонымен қатар, математиканың, тарихтың, астрономияның, механиканың, медицинаның, этиканың, эстетиканың бастаулары орын алды. Антикалық философияның кез келген өкілінің әмбебап ойшыл, энциклопедиялық ғалым болғандығы жай ғана кездейсоқтық болмаса керек.

2000-нан астам жыл тарихында философияның пәні ұдайы өзгеріп, дамып отырды. Бірақ оның болмысында жылдар, ғасырлар өтсе де өзгермейтін тұрақты, тек оған ғана тән ерекшеліктері болды. Философияның іргелі сұрақтары дүниетаным мәселелерімен тығыз байланысты.

Дүниетаным немесе дүниеге көзқарас, адамның сыртқы дүние қоршаған ортаға, өзіне - өзінің, басқаларға қарым – қатынасы туралы мәліметтердің жиынтығы. Сонымен қатар, ол адамның бағыт бағдарын, сенімі мен идеалдарын, принциптерін, ұмтылыстарын білдіреді.

Дүниетаным адамның өзі және қоршаған орта туралы білімдерімен ғана шектелмейді. Өйткені, ол дүниенің бейнесі ғана емес, ең алдымен, дүниеге деген қатынас. Адам дүниеге бейжай немқұрайдылықпен немесе қызығушылықпен қарайды, оны не ізгілік, не зұлымдық тұрғысынан бағалайды. Осы қатынастар төңірегінде сыртқы материалдық әлем мен ішкі рухани дүние туралы түсініктер жинақталып, тиянақталынады. Сөйтіп, әлем, табиғат, адам, олардың бірлігі мен адамның дүниедегі орны, болмыс пен болашақ туралы түсініктер қалыптаса бастайды. Дүниетаным - өзін өзі, айналадағы ортаны өзгертетін адамның практикалық іс - әрекетінің тірегі.

Кез келген пенде, жеке адам, ойшыл дүниетанымның субъектісі бола алады. Өйткені әр адамның өзіндік тәжірибесі мен білімдері бар, ол әр нәрсені өзінше қабылдайды, түйсінеді, түсінеді. Қоғамдағы үлкен топтардың да өзіне тән дүниетанымы бар. Ол осы тапқа, топқа тән ортақ белгілерді, бағалау мен идеалдарды біріктіреді. Біз оны тарихи, этнографиялық деректерден, көркем әдебиеттен айқын көреміз.

Дүниетаным – құрылымы жағынан күрделі жүйе. Оның бастапқы және өзекті элементі – білім. Ол қарапайым және ғылыми болып бөлінеді. Білім – керемет күш, оның көмегімен белгісіз құбылысты ашып, игеруге болады. Бұл процесс тереңдеген сайын дүниетаным да екшеленіп, жүйеленіп, тұрақтылық сипатқа ие болады. Білім адамның көкірегіне еніп, санасына ұялап, оның өмір тәжірибесінің елегінен өтіп барып, сенімге айналады. Сенім дегеніміз – дүниеге көзқарастың түп қазығы, бағыттаушысы, адамның өз позициясына, тоқыған ойына, істеген ісіне деген беріктігі. Сенімі берік адамның көзқарасы, дүниетанымы нақты, ісі қонымды, бағыты қашан да айқын.

Адам сенімсіз өмір сүре алмайды. Тек сенім арқылы адам өзінің кім екенін және жарық дүниеде не үшін өмір сүретінін біле алады. Адамның алдына қойған мақсатының айқын болуы, дүниетанымның өмірімен байланыстылығы берік сенімнен туады. Сенім мен дүниетаным қатарласып жүрсе ғана адам санасы нұрлана түседі. Сенімі күшті адамның өмірі де мықты, мәнді, мағыналы болады. Берік сенім жоқ жерде тыңғылықты дүниетаным да, тұрақты мінез-құлық та болмайды. Сенімі қалыптаспаған адамның шындықтың жай-жапсарын дұрыстап айыруға, өмірден өз орнын дұрыс табуға шамасы жете бермейді.

Сенім дегеніміз адамның білімдеріне, айналадағы қоршаған ортадағы іс - әрекеттерінің дұрыстығына деген батылдығын білдіреді. Адамда өзіне - өзінің терең сенімі болуы – оның әлеуметтік өсуінің дәрежесін көрсетеді. Наным – адамның қиялдағы шындықтың болатынына сенім білдіретін ерекше жағдайы психологиялық ұстанымы.

Адамның дүниетанымы оның білімі мен сенімнің бірлігі. Ол әйтеуір бір қуанышты оқиғаны немесе нәтижені білдіретін үмітсіз болмайды. Үміт – адамды болашаққа жетелейді, өмірге деген сенімді одан әрі арттырып, оған ғашық етеді. Үміт – белгілі бір істің, ойдың жүзеге асуына білдірілген сенім, дәме. Адам үмітпен өмір сүреді. Үміт бар жерде өмір де бар. Ол – адам өміріндегі ең маңызды адамгершілік тірегі.

Дүниетанымның құрылымдық жүйесіне адамның негізгі принциптері мен рухани құндылықтары да кіреді.

Дүниетаным дегеніміз – дүниені түйсіну, түсіну арқылы адамның өзіне өзінің, сыртқы дүниеге қарым – қатынасын анықтаудың өзегі, күре тамыры.

Дүниетаным ғылыми, ғылыми емес, прогрессивті немесе реакциялық, оптимистік немесе пессимистік болуы мүмкін. Сонымен қатар, әрбір тарихи дәуірде осы заманның сарынына сәйкес дүниетанымның ерекше типі болады. Мысалы, көне дүниеде мифологиялық, орта ғасырларда діни, ал Жаңа дәуірде адамдардың табиғи құқықтары туралы идеяға сүйенетін, ғылымға бағытталған заңды дүниетаным қалыптасты.

Өзінің мағынасы жағынан дүниетаным әр уақытта көп жақты. Сондықтан оның бірнеше маңызды қабаттарын, аспектілерін ерекше бөліп көрсетуге болады. Ғылыми дүниетанымда табиғат, әлем, оның құрылымы және өмір сүру заңдылықтары туралы мәліметтер ерекше роль атқарады. Дүниетанымның экономикалық қыры адамдардың еңбек етуі мен техника, сауда, ақша, яғни қоғамның экономикалық болмысының барлық қатынастарын білдіреді. Әлеуметтік – саяси, аспект – бұл қоғамның саяси өмірі, үлкен әлеуметтік топтардың өзара қарым – қатынасы туралы мәліметтерді қамтиды. Бұдан басқа адамгершілік, эстетикалық, құқықтық, тарихи, экологиялық, тағы да басқа аспектілері бар.

Жалпы, дүниетаным адамның тану функциясын орындайды. Бұл оның мәнінен туындайтын негізгі ролі. Сөйтіп, дүниетанымның әр түрлі түрі, қыры, типі бар.

Мифологоиялық дүниетанымның негізі – қиял, ойдан шығару. Г.Гегель миф дегеніміз – адам ақылының әлем алдындағы әлсіздігінің көрінісі деп жазған. Мифология ауқымды әрі жан – жақты құбылыс, ол әлем халықтарына түгел қатысты адамзат санасының өте ерекше қабаты.

Миф - алғашқы қауым адамына тән ойлаудың бірінші, бөлінбеген формасы. Азамзаттың мифтері әлемнің қалыптасуы мен дамуы табиғи құбылыстардың мәні, адамның тағдыры, өмірі, өлімі, іс - әрекеті, табыстары, адамгершілік, этикалық ұғымдар тәрізді аса маңызды сұрақтарды қамтыды.

Мәселен, көне грек мифологиясында, әлем хаостан пайда болды делінген. Сонан соң жер, күн мен түн, әр түрлі құдайлар пайда болған. Мифология адамзаттың «балалық» дәуірінің дүниетанымы болып табылады, ол сол кездегі адамдардың дүниеге эмоциональді – бейнелеу көзқарасын білдіреді.

Діни дүниетаным құдыретті күшке, яғни құдайға сеніп, соған табынуға құрылған. Діннің дүниетанымдық принципі негізінде адам мен дүниенің жаратылуы туралы наным жатыр.

Ғылыми дүниетанымның негізін адамның өзі және сыртқы әлем туралы білімдерінің жиынтығы құрайды. Ол үшін ешқандай керемет жоқ, тек қана танылмаған құбылыстар бар. Алғашқы қарапайым ғылыми білімдер антикалық дәуірде пайда болған, алайда жүйелі ғылым XVII ғасырдан бастап қана қалыптаса бастады, ол адамзаттың (ойлау) даму тарихына ерекше әсер етті.

Ғылым, ең алдымен, ұғымдық дүниетаным болып табылады. Қарапайым дүниетаным адамдардың өзі және қоршаған дүние туралы күнделікті іс - әрекетінде пайда болып тұратын жекелеген білімдеріне негізделеді. Ол әркімнің жеке өмірлік тәжірибесінде көрініс табады. Қарапайым дүниетаным халық даналығына сүйенеді.

Философия ерекше дүниетаным және адамның рухани іс - әрекетінің көрнекті саласы ретінде аталған дүниетаным түрлерінің өзара қабысуының нәтижесінде қалыптасты. Бірақ ол олардан жоғары дәрежеге көтерілді, сонымен бірге, алғашқы бастауы, қайнар көзі ретінде олармен байланысын жоғалтқан жоқ.

Философия адамның дүниені тану тәжірибесін жинақтау, әлемнің біртұтас теориялық үлгісін жасау, әлемге қарым – қатынасты білдіру қажеттігінен туындаған ерекше феномен.

Дүниетаным мен философияның өзара қарым – қатынасы қалай өрбіп отырады?

Біріншіден, дүниетаным аясына адамның айналадағы қоршаған ортаға танымдық қарым – қатынасының барлық тәжірибесі кіреді. Ал философия дүние құрылымының жалпы принциптері мен маңызды белгілерін зерттейді. Ол танымдық маңызы бар барлық сұрақтарға жауап іздейді. Өзінің мүмкіндігіне сүйеніп, тек жалпы дүниетанымдық маңызы бар сұрақтарға жауап беруге тырысады. Осындай сұрақтың қатарына «әлем дегеніміз не?», «адам дегеніміз не?» деген сұрақтар жатады. Ал «жарықтың жылдамдығы қандай?», «судың құрылымы қандай?» деген жеке сұрақтарға физика, химия сияқты ғылымдар жауап береді.

Екіншіден, философияның ықпалымен дүниетаным ретке келіп, жинақталу мен теориялықтың жоғары сатысына көтеріледі. Сонымен қатар, ғылым тарихында болған ірі жетістіктер әлем туралы философиялық көзқарастардың өзгеріске ұшырауына әкеледі. Н.Коперниктің, Ч.Дарвиннің, А.Эйнштейннің ғылыми жаңалықтары әлемнің философиялық үлгісіне әсер еткен жетістіктер болып табылады.

Үшіншіден, өзінің мағынасы жағынан терең, ауқымды дүниетаным философиялық көзқарастардың пайда болуына мүмкіндік жасайды.

Төртіншіден, философия дүниетанымның сипаты мен бағытын анықтайды. Мысалы, Қайта өркендеу дәуірінің философиясы антропоцентристік болды, өйткені бұл ғасырларда адам мәселесі алдыңғы қатарға шықты.

Бесіншіден, дүниетаным мен философияны адам мәселесін әртүрлі тұрғыдан шешу қажеттігі және оның табиғаты мен болмысы туралы әртүрлі білімдерді біріктіреді, олар әртүрлі таным көздерінен алынады.

Философия жалпы және абстрактілі білім. Ол шындық қалай зерттеліп жатқандығына ерекше мән береді, оны барлық ғылымдардың негізі немесе ғылымның өзіндік санасы деуге болады. Көптеген өмірлік мәні бар сұрақтарға философия жауап береді.




  1. Философияның мәселелері, құрылымы және функциялары.

  1. Философияның негізгі мәселесі.

  2. Философиялық білімнің жүйелік құрылымы.

  3. Философияның негізгі функциялары.

Гректің әмбебап философы Аристотель шығармаларында «бірінші философия» деген сөз негізгі, іргелі ғылымның синонимі ретінде қолданылған. Философия тарих көшінің өне бойында әлем мен адам туралы ең күрделі сұрақтарға жауап іздейтін ғылым ретінде қарастырылды.

Әрине, бұл жай ғана кездейсоқтық емес, өйткені философиялық ойлау бастапқы кезінен бастап – ақ адамзаттың танымдық тәжірибесін жинақтай отырып, адам, оның төңірегіндегі барлық күрделі мәселелерге жауап іздеуге тырысты.

Сондықтан, көптеген философтардың кең өресі, жоғарғы эрудициясы мен ойлау мәдениеті болған.

Философияның пайда болуының негізгі себебі – танымның жеке түрлерінің (математика, астрономия тағы басқалары) адам мен әлем туралы біртұтас – білім жүйесін жасай алмауы. Оның шығуына ертедегі қоғамда дін мен мифологияға қарама – қарсы рационалдық таным жүйесінің қажеттігін түсіну де әсер етті.

Рационалдық таным аясында «Әлем дегеніміз не?», «Оның бастапқы негізі неде?», «Әлем шекті ме, шексіз бе?», «Адам дегеніміз не?», «Ақиқат дегеніміз не?» сынды сұрақтар қалыптасты.

Философияның қалыптасуына антикалық қоғамда оны өзінің негізгі дүниетанымдық әрекеті ретінде таңдаған арнайы әлеуметтік топтың пісіп – жетілуі де ықпал етті.

«Әлем дегеніміз не?» деген сауал – философияның негізгі сұрағы болып табылады. Ол адамның өзі мен қоршаған ортаға қарым – қатынасының жалпы, тұрақты, біртұтас негіздерін білуге тырысқан табиғи қажеттілігінен заңды туындайды. Философияның негізгі сұрағы – шын мәнінде әлемнің түпкі негіздері мен жүйелік құрылымы, ондағы адамның орны туралы сұрақ болып табылады.

Бұл мәселе жалпы адам өмірінің бастауы, өйткені адам өзі ес жинап, дамып, қатая бастағаннан бері өзінің айналасына қарым – қатынасының мағынасын, мәнін білуге талпыныс жасады.

Осы іргелі сұраққа жауап іздеу барысында екі философиялық ағым қалыптасты. В.И.Лениннің айтуы бойынша, философиялық материализм («Демокрит бағыты») мен философиялық идеализм («Платон бағыты»). Олардың көптеген тарихи формалары болды.

Философия адамның әлем мен өзінің мәнін іздей бастаған уақытта – ақ қалыптаса бастайды. Сондықтан да, философия әлемнің – жалпы теориясы және ондағы адамды теорялық тұрғыдан пайымдау.

Философияны тек әлем ғана қызықтырып қоймаған, ондағы адам, оның мәні, өмір сүру заңдылықтары да оның назарынан тыс қалмаған. Өйткені, адам осы әлемде өмірге келеді, оның аясында қуанады, қайғырады, таным процесінің дәмін татиды, өледі. Философия - өзінің мәні мен мағынасы тұрғысынан адами сипатқа ие болған ғылыми сала. Өйткені, ешбір басқа әлем мен таным формасы «Әлем - Адам» күрделі байланысының барлық байлығы мен мүмкіндігін жан – жақты ашып көрсете алмайды.

Философия - әлем туралы және ондағы адамның орны туралы жалпы ілім. Ол адам мен әлем байланысын қарастыра отырып, әлемді танудың, оны өзгертудің жалпы заңдылықтарын зерттейді.

Философияның пәні басқа ғылымдардан ерекше. Өйткені, философия дегеніміз - өте терең теориялық білім. Оның құрамында онтология, гносеология, даму теориясы, антропология, әлеуметтік философия сияқты өте күрделі салалар бар.

Философияның даму тарихында одан эстетика, этика, психология, саясаттану жеке пәндер болып бөлініп шықты.

Философия пәнінің ерекшелігінен философиялық білімдердің негізгі белгілері туындайды:


    • ол жалпы, теориялық сипаттағы білім;

    • басқа ғылымға негіз бола алатын іргелі ұғымдар мен идеяларды, ұстанымдарды біріктіретін білім;

    • жеке философтардың тұлғалық қасиеттерінің ықпалын бейнелейтін субъективті білім;

    • белгілі тарихи уақыттың объективті білімдері мен ұстанымдарының жиынтығы;

    • танымның нысанын ғана емес, тану тетігін де қарастырады;

    • ой тек нысанға ғана емес, өзіне де бағыттала алатындықтан, рефлексивті сипаты бар;

    • бұрынғы философтардың ұстанымына сүйенеді.

Кез - келген пән қажетті ақпаратты бере отырып, әлемнің салыстырмалы әмбебап үлгісін көрсетеді. Ал философия ойлаудың болмысқа қатынасының түпкі тамырын, негіздерін зерттейтін болғандықтан, ол қоршаған ортада нақты ішкі жағынан біртұтас, жалпы көзқарасты қалыптастырады.

Философия – жүйеленген дүниетаным. Тарихта әлеуметтік өмірді, дәстүрлі көзқарастарды, басты нанымдарды күрделі, түпкілікті өзгерістерге ұшырап отыратын ірі идеялық қозғалыстар кең көлемдегі діни – мистикалық, жаңарту ағымдары көп болған.

Қазіргі уақытта мұндай процестердің кең орын алғандығы соншалық, оның ерекше қарқыны туралы атап айтуға тура келеді. Бұл философияның қоғамдық маңызын жоғарылатады, өйткені белгілі бір дүниетанымға негізделмеген қоғамдық белсенділік өте қауіпті. Жеке адамның еркімен дүниетанымның өзгертушілік күші іске асып, қоғамдық мақсаттың орындалуы мүмкін емес.

Адам, оның еркіндігі мен көзқарасы қоғамдық дамудың қайнар көзі. Әлем бүгін үлкен әлеуметті, техникалық және мәдени өзгерістердің алдында тұр. Техника мүмкіндіктерінің тереңдеп, өмірдің барлық саласына еркін енуі үлкен өзгерістер әкелуде.

Философия адам өмірінің мәні мен адам белсенділігінің мақсатын түсінуге көмектеседі.

Әр адам өзі үшін қандай қиындықтар маңызды екенін өзі таңдайды. Дегенмен, көптеген рухани абсолюттер барлық адамдарға бірдей және ұқсас. Философия тарихында әр түрлі жағдайларда және орындарда көтерілген құндылықтар «теңдік», «еркіндік», «еңбек», «әділеттілік», «өмір сүйгіштік» т.б. жалпы адамзаттың рухани құндылықтары қатарына жатады.

Адам әр уақытта заттар мен құбылыстардың түпкі мәніне бойлауға тырысады. Әсіресе, бұл балаларға тән қасиет. Өйткені, олар мынау не, неліктен деген сұрақты өте жиі қояды. Мысалы: неге жаңбыр жауады, қар түседі?

Дүние күрделенген сайын философияның қоғамдағы маңызы арта береді, оның бірнеше себептері бар:



    • әлемнің ірі жетістіктері философиялық тұрғыдан түсіндіру мен бағалауды қажет етеді;

    • қазіргі өркениетте орын алып отырған діни өрлеу философияға, оның дүниетанымдық мүмкіндігіне тағы да көңіл аударып, оны кеңінен пайдалануға мүмкіндік ашуда. Өйткені, әр түрлі діни көзқарастар мен ізденістер өзара сұхбаттасып, ұшырасу процесінде бұрын онша мән беріле қоймаған тосын жағдайлар туғызып, философиялық талдауға кең өріс бере бастады;

    • антропологиялық өрлеу, яғни адамды, оның мәні мен табиғатын философиялық тұрғыдан анықтау алдыңғы қатарға шығып отырған маңызды мәселе.

Философия қоғамда өте маңызды функцияларды орындайды. Олардыңғ негізгілері мыналар:

    • дүниетанымдық – адамның әлем туралы жалпы білімдерін қалыптастыруы;

    • онтологиялық – табиғи және әлеуметтік болмыстың негізгі принциптерін анықтауы;

    • гносеологиялық – қоғамның, адамның, табиғаттың іргелі заңдылықтарын тану процесін түсіндіруі;

    • методологиялық – адамның танымдық және практикалық іс - әрекетінің жалпы принциптері мен методтарын өңдеуі;

    • гуманистік – адамның азаматтығы мен қадір, қасиетін, еркіндігін мойындауды негіздеу;

    • құндылықтың – моральдық – адамгершілік құндылықтарды жасауы және негіздеуі.




  1. Философиядағы негізгі бағыттар.

  1. Философияның негізгі сұрағы: материализм

  2. Идеализм, дуализм, деизм

  3. Эмпиризм, рационализм

Философияның негізгі сұрағы ойлаудың болмысқа қатынасын іздестіреді.

Материя мен сана болмыстың бір – бірімен байланысқан, бір – біріне қарама – қарсы екі жағы. Сондықтан да философияның негізгі сұрағының екі жағы бар. Оның онтологиялық қыры материя бірінші ме, жоқ әлде сана бірінші ме? деген сұраққа жауап іздейді.

Философияның негізгі сұрағының танымдық қыры дүниені тануға бола ма, болмай ма деген сұрақты қарастырады.

Осы сұрақтарға жауап беру қисынына байланысты негізгі бағыттар – материализм және идеализм, рационализм және эмпиризм қалыптасады.

Философияның негізгі сұрағының онтологиялық қырына жауап беруіне байланысты объективті идеализм, субъективті идеализм, материализм, тұрпайы материализм, дуализм, деизм, ал гносеологиялық қырына жауап беруіне байланысты гностицизм , агностицизм, эмпиризм, рационализм бағыттары қалыптасады.

Материализм (әдебиетте оны Демокриттің бағыты деп атайды) – материя бірінші, ал сана екінші деп есептейтін философиялық бағыт. Оның негізгі ұстанымдары мынадай:



    • материя нақты өмір сүреді;

    • материя адамның санасынан тыс өмір сүреді;

    • материя өзінен басқа ешнәрсеге бағынбайтын, дербес өмір сүретін реалдылықты бейнелейтін философиялық ұғым;

    • материя өз еркімен дамиды және өзіндік заңдарына бағынады;

    • сана жоғары ұйымдастырылған материяның қасиеті;

    • сана материямен қатар қоюға болатын дербес субстанция емес;

    • сана материя, яғни болмыспен анықталады.

Материалистік бағыттың көрнекті өкілдері Демокрит, Фалес, Анаксимандр, Анаксимен, Эпикур, Бэкон, Локк, Спиноза, Дидро, Француз материалистері, Герцен, Чернышевский, Маркс, Энгельс, Ленин болып табылады.

Материализмнің күшті жағы – ғылымға, әсіресе, физика, математика, химия сияқты іргелі білім салаларына сүйенуі, көптеген ұстанымдарының толық дәлелденуі.

Материализмнің әлсіз жағы – сананың мәнін жеткілікті түсіндіре алмуы, сонымен қатар, объективті әлемнің әлі де сипатталмаған, анықталмаған қасиеттерінің болуы.

Фохт, Молешотт негіздеген тұрпайы материализм материяның маңызын біржақты абсолютке айналдырады, сананы, оның ерекшеліктерін түсіндіруге тырыспайды.

Материализм Грецияда, XVII ғасырдағы Англияда, XVIII ғасырда Францияда, XX ғасырда СССРда, социалистік елдерде ерекше дамыды.

2. Идеализм – сананы, идеяны, рухты алғашқы, ал материя оның туындысы деп есептейтін философиялық бағыт. Оның өзі екі түрге бөлінеді.

- объективті идеализм (Платон, Лейбниц, Гегель);

- субъективті идеализм (Беркли, Юм).

Объективті идеализмнің негізін Платон қалаған. Оның іргелі ұстанымдары


    • шын мәнінде идея өмір сүреді;

    • идея алғашқы;

    • барлық шындық идеялар әлеміне және заттар әлеміне бөлінеді;

    • идеялар әлемі о бастан – ақ әлемдік ақылда, яғни Құдайдың жобасында өмір сүреді;

    • заттар әлемі жеке, дербес өмір сүре алмайды, ол идеялар әлемінің түлеуі, іске асуы;

    • әрбір жеке зат жалпы идеяның іске асуы, мысалы, үй – үй идеясының, кеме – кеме идеясының жүзеге асуы;

    • таза идеяның нақты бір затқа айналуында Жаратушы – Құдай үлкен роль атқарады;

    • жеке идеялар біздің санамыздан тыс объективті өмір сүреді.

Субъективті идеалистер (Беркли, Юм) ұстанымдары мынадай:

    • барлық нәрсе тек дүниені танитын субъектің, яғни адамның санасында өмір сүреді;

    • идеялар адамның ақылында;

    • материалды заттардың бейнелері де адамның ақылында;

    • жеке адамның санасынсыз материя да, рух та, идея да болуы мүмкін емес.

Идеализмнің әлсіз жағы – таза идеялар әлемінің болмысы мен олардың нақты заттарға құбылыстарға айналу процесінің қисынды дәлелдерінің болмауы. Идеализм философиялық бағыт ретінде көне Грецияда, орта ғасырларда, батыс Европаның басқа да елдерінде кеңінен тараған.

XIX – XX ғасырда қалыптасып, кеңінен тараған ықпалды философиялық ілімдер экзистенциализм, неопозитивизм, неотомизм, прагматизм, феноменология, постмодернизм, герменевтика идеалистік бағытқа жатады. Мұның өзі идеалистік бағыттың зерттеу нысандары мен ізденіс аясының кеңдігін әдлелдейді.

Соңғы кездері эзотериялық философия деген айдармен шығып жүрген теософия, храм ілімі, жанды этика ілімдері де идеализмге жатады.

Дуализм философиялық бағыт ретінде Декарт шығармашылығында негізделді.

Оның мәні мынада:


    • бір –біріне бағынбайтын дербес екі субстанция бар; бірі – материалдық бастау, екіншісі – рухани бастау;

    • әлемдегі материалдық заттар материалдық бастаудан, ал рухани құбылыстар рухани бастаудан туындайды;

    • адамда материалдық және рухани бастау біріккен;

    • материя мен сана біртұтас болмыстың бір – біріне қарама – қарсы, бірақ өзара тығыз байланысқан қырлары;

    • материя мен сана бірін – бірі өзара толықтыратын болғандықтан философияның негізгі сұрағы жоқ.

Деизм – Құдай дүниені қозғалысқа келтірген, жаратқан бастау, сонан кейін оның дамуына тікелей араласпайды деп есептейтін философиялық бағыт. Ол біртұтас емес, оған материалисті де, идеалисті де жатқызуға болады. Деизмді Англияда Ньютон, Локк, Толанд, АҚШ-та Франклин, Джефферсон, Францияда – Руссо мен Вольтер, Ресейде Ломоносов, Радищев, Қазақстанда Абай мен Ы.Алтынсарин жақтады.

Философияның негізгі сұрағының екінші жағын шешу барысында эмпиризм мен рационализм пісіп – жетілді. Эмпиризмнің негізін Ф.Бэкон қалады. Оның пікірінше, танымның негізінде тәжірибе мен сезімдік түйсіктер жатыр. Рационализмді дамытқан Р.Декарт. Оның негізгі идеясы – шынайы дәлелденген білім ақылдың көмегімен ғана қалыптаса алады, ол сезімдік тәжірибеге бағынышты емес.

Біріншіден, шын мәнінде бәріне күмәндану ғана бар, ал күмән – ой, ақылдың іс - әрекеті. Екіншіден, ақылға түсінікті ақиқаттар ғана бар. Мысалы «Бүгін оның бөлшегінен әруақытта үлкен».

Ерекше бағыт ретінде иррационализмді бөліп көрсетуге болады. Оның өкілдері (Ницше, Шопенгауэр) әлем шым – шытырық, оның біртұтас қисыны жоқ, оны ақылмен ешқашан тануға болмайды деп есептейді.

Гностицизмнің өкілдері әлемді тануға болады, таным мүмкіндіктері шексіз деген ойды жақтайды. Бұған қарама – қарсы пікірді агностиктер білдіреді. Олардың ойынша, әлемді толық тануға болмайды, танымның мүмкіндіктері шектеулі. Агностицизмнің көрнекті өкілі - Иммануил Кант.

Қазіргі уақытта, философтардың мыңдаған жылдарды қамтитын тәжірибесіне қарамастан, философияның негізгі сұрағы әлі де өзінің шешімін тапқан жоқ. Тіпті соңғы кезде өзінің маңыздылығын жоғалта бастады десек те болады.

Ясперс, Хайдеггер, Камю, тағы да басқа философтар болашақта философияның негізгі сұрағы ретінде экзистенциалдық мәселелерді қарастыруға болады деген болжам ұсынды. Мұның негізі бар.

Жаһандану дәуірінің адамы үшін әлемді игеру, өмір сүрудің мәні мен мағынасы, рухани әлемді игеру, таңдау еркіндігі, қоғам мен тұлға қарым – қатынасы мәселері маңызды екені даусыз нәрсе.






  1. Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет