Мейірім төге қарауың ,
Жанымды жалын тербетті .
Көтеріп жастық жалауын ,
Сезімнің күйін селдетті.
Жібектей шашың желбіреп ,
Қиыла қалған қас қабақ .
87.
Жеп қоя жаздап елжіреп ,
Бұл көңіл неге ашқарақ ?
Тұңғиық , мөлдір-қос жанар ,
Қадалған сайын тұншықтым .
Ботадай болдың жасқанар ,
Қырандай төніп, ынтықтым .
Ай дидар , тәтті,алма бет
Ерінің бейне қос жүзім .
Жүрекке жара салмай өт ,
Жаныма жақын жас мүсін .
Кеудемде үлкен ағын ұқ ,
Көркейттің көркем көктемде .
Жүрерсің әлі-ақ сағынып ,
Ауылыңа аман жеткенде .
17.05.2007жыл.
ӘН ҚҰДІРЕТІ.
Ән қандай ,тебірентер әнші қандай !
Жаныңнан бар мұңыңды аршығандай .
Сезімнің селк еткізер сыршыл күйі ,
Өн бойыңды ерітіп жаншығандай .
Сағыныш-ай дір еткен жүректегі ,
Сүйген жанды ойламай күн өтпеді .
Аңсадым ,армандым , аласұрдым ,
Жанымда елесіңді түнеткелі .
Ән қандай елжіретер әнші қандай !
Қиялыңды қияға қамшылардай .
Тұңғиықта таланған тұла бойды ,
Тазартады ақ жауын тамшылардай .
Ән қандай, тебірентер әнші қандай!!!
АҚ ТІЛЕК .
Өміріңе өрнек тіледім ,
Бақыттан бастау алатын .
Ең нәзік әсем гүл едің ,
Жүректе мәңгі қалатын .
Шаттанып жүрші сенімде ,
Үмітің әркез ақталсын !
Жаныңның жайсаң төрінде ,
Шуақты өткен шақ қалсын .
88.
Күліп жүр ,көктем күйге еніп ,
Ажарлым ,аққу ,ақылдым .
Жақсыны бар ел сүйген ұқ ,
Жақсылықтарыңа шақырғын .
Қаламыз енді қол бұлғап ,
Жүректің түбі шым етті .
Сезімнің сырын мол ұрлап ,
Екі апта әсем шын өтті .
Бастады тұнық елесің ,
Көңілдің көркем төріне .
Бұра бер мектеп кемесін ,
Өнердің өршіл өріне .
19.05.2007жыл.
СҰЛУҒА .
Кешіргін мені , түсінбей кеттім өзімді ,
Ренжіп қалдың , жүрегім тағы езілді .
Өзіңе деген өзгеше өлең өріліп ,
Өзіңсіз өмір қызықсыз, мәнсіз сезілді .
Қызулау қаным , ойлантпай опық жегізді ,
Қиналтты мені , сөз емес сөзді дегізді .
Балалық шақтан біріккен бақыт Баяным ,
Адал да арлы ,ардағым сенсің жаны ізгі .
Досым да сенсің , жолыма қарап , күзетіп ,
Қателік кетсем , бойымды менің түзетіп .
Шаңырағымды шаттыққа бөлеп тұрсың сен ,
Бақытқа бастар із етіп .
Өшірмей отын ,түтетіп түзу түтінін ,
Ыстыққа көніп ,суыққа төзген бүтінім .
Айналам сенен , жырақта жүрмін сағынып ,
Ең нәзік , мөлдір , сұлуым , әппақ үкілім .
Кешірші мені , артықтау кетіп қалам да ,
Жүрекке жақын ең жақын жансың санамда .
Ұлымыз біздің жақсылықтарына жетелер,
Бақытты жанбыз ғаламда !
Бақытым сенімен әманда !
Өзіңмен қызық маған да !
29.05.2007жыл.
89.
СЕЗІМІМ СЕНІМЕН , СЕНЕМІН .
Сағынып кеттім , езіліп жаным , жүрегім ,
«Аман болсын»-деп күн түні өзің тілегім .
Қайран да қалдым жаныңның сұлулығына ,
Жүректе өскен гүл едің .
Аңсадым сені , есімде қалған назды өлең ,
Балқытқан бойды сиқырлы сұлу сазбенен .
Алаңдай берем , жүрегім өзі сездіріп ,
Сендей жан мүлдем аз деген .
Естігім келді жаныма жақын дауысыңды ,
Ысыдым , тоңдым , төзімім түгел таусылды .
Күтемін сені,Аралын аңсар аққудай ,
Қарсы алдым жалғыз маусымды .
Келбетің көркем , көргім де келіп тұрады ,
Тағдыр-ай қатал біздерді тағы сынады .
Елесіңменен шайқалып кетем ес түссіз ,
Сағынышпенен мөлдір шық көзде тұнады .
Сағындым сені , шарқ ұрып іздеп келемін ,
Жаныма жебеу , жүрекке демеу өлеңім .
Сағыныш ,аңсау менімен бірге көмілер ,
Сезімім сенімен , сенемін ,
Сезімім сөнбес , сенемін ,
Сезімім өлмес , сенемін!!!
01.06.2007жыл.
ЖАҚСЫ ЖАНДАР ...
Жақсы жандар қоршап мені алыпты ,
Көңіл көркем әсем әнге салыпты .
Жақсылармен жадырайды жаның да ,
Уайым , шаршау , күдік ұмыт қалыпты .
Жақсы жанды аңсап тұрам көргім кеп ,
Сезім сыры , жүрек жыры шертілмек .
Дидарынан шуақ нұр боп тараса ,
Көңіл шіркін күле қарар төркін кеп .
Жақсылықтың мәңгі жасыл желегі ,
Жақсы адаммен жаның нұрға енеді .
Қамқолықты көп сезіндім өмірде ,
Жақсылықты жасай бергім келеді .
90.
Қуанту да ғанибет қой жандарды ,
Сыйластықта құдірет пен мән бар-ды .
Жылы сөздер жанға шуақ қуат , ем ,
Шабытпенен көңіл көкте самғар -ды .
Жақсы жандар өмірді алға бастайды ,
Қарапайым , бір қалыпты таспайды .
Үлкен жүрек біріктірер оларды ,
Асыл арман алға қарай қоштайды !
Мейірімнің адамдарға керегі ,
Қасиетпен жан жұмаққа енеді .
Жақсылардың көп сезіндім құрметін ,
Адамдарды сыйлай бергім келеді !
Өмір қымбат , өмір сүргім келеді !
Жақсы адам көп , әз жақсылық жеңеді !
Ақ жүрегім пәк көңілмен сенеді !
Жақсылықтан тек жақсылық өнеді !
06.06.2007жыл.
КӨҢІЛДІҢ КӨРКЕЙТЕЙІК КӨКЖИЕГІН !
Көңілің қала көрмесін,
Кеудені көтер күлші өзің .
Жылы сөз жанды емдесін ,
Жүректе өнсін гүл сезім .
Ең жақын жанды ренжітіп ,
Алыстау жанды айналдық .
Көрінбес жерде әл бітіп ,
Ерінбес жерде қиналдық .
Әр жанда толы сағыныш ,
Әр қанда молдау аңсау бар .
Бағынбас жерде бағыныс ,
Шаршамас жерде шаршау бар .
Өмір сүру де қызық жайт ,
Тілектес болып , күндеу бар .
Ұлылық бірден ұғылмайды ,
Біліп те тұрып білмеу бар .
Бастағы бақты шайқап-ай ,
Үйінен безген жандар бар .
Талантын ешкім байқамай ,
91.
Ауылда жүрген заңғар бар .
Сағынған жанға жете алмай ,
Сүйетін жаннан безіндік .
Өтетін жолдан өте алмай ,
Иманды болып сезіндік .
Тек баю болды әніміз ,
Қырандай көңіл самғады .
Рухани кедей жанымыз ,
«Өзім»-деп өзге алдады .
Ақкөңіл болып ұрындық ,
Жүрекке салдық көп салмақ .
Адамгершілікті ұғындық ,
Ұлылық мәңгі боп қалмақ .
Сұлулық билеп санада ,
Сағыныш толды кеудеге .
Өзіңе өзің пана да ,
Қорғансың , жанды кеулеме .
Зиянды іс деп білсек те ,
Көбелек болып от құштық .
Жылап та жүріп , күлсек те ,
Жастық шақ жалын , тым ыстық.
Қаншама достар жау болды ,
Шіріген байлар кедей боп .
Қураған қырлар бау болды ,
Құдайға шүкір көңіл тоқ .
14.06.2007жыл.
Ән: Сағыныш сазы .
Үмітті үзбей ,
Өзіңді іздей ,
Сағындым сені ,
Жаз болып күздей .
Аңсадым арман ,
Шығасың ба алдан ?
Жолыңа қарай ,
Көзім де талған .
Қайырмасы:
Қайдасың еркем ?
Жан едің көркем .
Сағыныш күйін ,
Өзіңе шертем .
Жүрекке ұнап ,
Жаныма жұмақ .
Өзгеше едің ,
Көңіліме тұрақ .
Өмір-ай бұлақ ,
Тағдыр-ай сынақ ,
Сағынып келем ,
Аңсаумен шыдап .
20.06.2007жыл.
СЫРЛЫ ӨМІР.
Неден рахат көп көрсең ,
Бір азабын кешесің .
Нысаппенен шектелсең ,
Өркен жайып өсесің .
Ниетің тура болса егер ,
Жақсы жаққа көшесің .
Ынтымақ екен бал шекер ,
Қиындық түссе шешесің .
Көңілің тоқ боп жүргенге ,
Шіркін-ай әсте не жетер ?
Бүгінгі еңбек білгенге ,
Ертеңгі күнді гүл етер .
Ойланбас пенде тас мүсін ,
Жабырқау жанды жүдетер .
Сөздерің сиқыр , басқа ісің ,
Уақытша алдау , күн өтер ...
Өмірден қалды мән сезу ,
Қыран мен қарға бірге ұшты .
Көңілден қалды ән сезу ,
Билеген ақша тұрмысты .
20.06.2007жыл.
ГҮЛ-ҚЫЗ.
Көзіңнен ұшқын сезіліп ,
Дидарың жнды жібітті .
Көз тоймас көркің-сезім , ұқ ,
Ару қыз жақтың үмітті .
93.
Теңселіп кеттім тербеліп ,
Шұғыла шашқан шырайдан .
Көрікті наз бен еркелік ,
Көңілімді ашқан мұңайған.
Қиыла қарап қалдың да ,
Жүректе жақтың жалынды .
Жатқандай гүл-қыз шалғында ,
Сұлусың неткен жағымды !
Алыстау тұрсаң тартылып ,
Жақындау келсең от болдым .
Сезімнің сырын ,шартын ұқ ,
Сағынып келсем жоқ болдың .
Тіл жетпес көркем , сыйладым ,
Сағындым , айқын тілек те .
Аңсадым , тағы қимадым ,
Жазылып қалдың жүректе !!!
27.06.207жыл.
АЛДАНҒАН АРУ СЫРЫ ...
Сені ойласам өртенеді жүрегім ,
Күндіз түні өзің болып тілегім .
Сұлулықтың сиқыры мол болғанмен ,
Сол сұлулық таба алмай жүр бір емін .
Жаным жүдеу ,жылап тұрып күлемін ,
Сені сүйіп ,көзді сирек ілемін .
Сұлулыққа бас игенмен бар әлем ,
Сыры да мол , соры басым , білемін .
Сұлумын мен , қарар маған сынап та ,
Әр ісімді шебер таңар ұятқа .
Көсемсінген көр соқырлар кездессе ,
Бір көз салмай өте алмайды бірақ та .
Сарғайғанмын үміт етіп күзімнен ,
Көп достарым шығарыпты тізімнен .
Қой терісін жамылған бір қасқырдан ,
Алданғанмын , гүлдей болып үзілгем .
Жаралымын , сезінгенмен кінәлі ,
Шын сөзімнің кеткендей ме құнары ?
Миым мұңда қадалады мың ине ,
Қалай болдым сұмпайының сыңары ? 94.
Кінәлімін , мен ғана ма кінәлі ?
Алдау ,арбау,ұрлық ,зорлық мың әлі .
Жақсылықты жаным қалап ұғады ,
Қиянаттан тек қиянат шығады .
Қателессең түзелу де қиын-ақ ,
Бүкіл әлем сұлулыққа сиынады.
Пәк сәбидей иманды да ибалы ,
Болшы Адам , Алла соны бұйырады .
Қателеспе , қата ілессең сор басар ,
Алды артыңнан өсек жала жармасар .
Түні бойы жаныңды жер ұят намыс ,
Күні бойы көлеңкеңдей қалмас ар .
Сені аңсадым ,жалын құшып жүрегім ,
Күндіз түні өзің болып тілегім .
Сұлулықта құдірет мол болғанмен ,
Сол сұлулық таппай жүр ғой бір емін .
28.06.2007жыл.
«Жанындағы адамдарға зиянын тигізбейтін адам , ол-жақсы адам»
АНАМЫЗДЫҢ СӨЗІ.
ӨМІР-САБАҚ ...
Қиындыққа тап болдым мен кенеттен ,
Ақ көңілді , бауырмашыл себептен .
Қызбалық-ай қиындатып хәлімді ,
Ойланбастық өкіндірді өр еткен .
Бір білгенім пайдаң тисе көп келер ,
«Хабарласпай кеттің ғой»- деп өкпелер
Адамдар бар аңқау болып алдыңда,
Жақсы көріп , жалт бұрылып , жек көрер .
Адамдар бар дүние қоңыз , тас -мүсін ,
Бай болғанмен көзі тоймас, аш , түсін .
Туысқан да керек емес оларға ,
Жақынын жау , жат көреді жақсысын .
Жастар өсер , кедей байғұс жетілер ,
Заман кезек , жас қартаяр , өкінер .
Күні түсер күйбің тірлік арқылы ,
Шегіртке де жазда ғана секірер.
95.
Заңдылық бар барлық нәрсе теңелер ,
Қыс артынан көктем келер көгерер .
Жақсылық та , жамандық та адамның ,
Өз пейілінен , ниетінен сене бер !
Заңдылық бар , барлық нәрсе теңелер !
27.08.2007жыл.
ЕРТЕҢГЕ ҮМІТ .
Ертеңге үміт артамыз ,
Бүгіннен мәнді болар деп .
Жақсылықтарға тартамыз ,
Бақыт құс бізге қонар деп .
Ертеңге сенім , күтеміз ,
Мейірім күтіп өзгеден .
Өзімізді алдай бітеміз ,
Жұбатып жылы сөзбенен .
Ертеңмен өмір жалғасар ,
Ұрпақта мәнің күшің де .
Перзентпен адам мың жасар ,
Тектілік қалар ісінде .
Таусылмас сырлы сөз кені ,
Мәнсіз деп бәрін түсінбе .
Сыйлауың керек өзгені ,
Құрметті болу үшін де .
07.09.2007жыл.
ҚАЛДЫРУ КЕРЕК ҰЛЫ ЕСІМ .
Еленгенің де елменен ,
Халқыңмен өмір сүресің .
Шыр етіп жылап келгеннен,
Басталады екен күресің .
Өзіңе сенгін ,өзгерме ,
Жетелер ар мен намысың .
Қиындық түскен кездерде ,
Білінер жақын алысың .
Ата анаң мәңгі бірге емес ,
Туысқан бір-бір үй болар .
Тату көршідей іргелес ,
Аман сау көрсең сый болар .
Баюдың кілті -ынтымақ ,
96.
Бақыт пен бақтың тұрағы .
Перзенттер жарың -гүл құрақ ,
Көңіліңнің өшпес шырағы .
Сыйласаң сыйлы боласың ,
Еңбекте алар үлесің .
Ізденсең күн түн данасың ,
Қалдыру керек ұлы есім .
Болашақ берік білімде ,
Білімсіз қиял бос елес .
Салт дәстүр көркем тілің де ,
Ешқашан оқу кеш емес .
Қызықты өткіз өмірді ,
Әр күнде болсын мағына .
Есепті жандар көңілді ,
Баянды әрбір шағы да .
Адамдық арың- ажарың ,
Адамгершілікті ұмытпа .
Қасиеттілікте ғажабың ,
Ұмтылар мөлдір тұныққа .
Жігіттік нағыз ұлға сын ,
Үмітін елдің ақтағын .
Қырансың ұлан тұлғасың ,
Осыны еске сақтағын .
Нұр құйып жүрсің жаныма ,
Бақытың болсын баянды !
Өзіңді жүрем сағына ,
Жүрекке жақын аяулы !
19.09.2007жыл.
ҚОС АРУ ҚЫЗ .
Қос ару қыз көңілімнің жазы ма ?
Қуанамын табылғандай қазына .
Бір қаладан , бір курста , студент,
Жасы бірдей , аты бірдей Жазира .
Қос аққу құс жанымызда тұрағы ,
Сөнбесінші шаттығымның шырағы .
Кішіпейіл , күн сәулелі жандарды ,
Тас қабырға бізден бөліп тұрады .
97.
Қос қарлығаш алға үміт жаққандай ,
Бар бақытын білімінен тапқандай .
Қашан көрсең кітап оқып отырар ,
Алау жүзі арайланған ақ маңдай .
Жеміс іздер әрбір адам күзінен ,
Бақыт көрдім үлбіреген жүзінен .
Қос сұлу да қарапайым көрінер ,
Тәрбиесі ата салты ізімен .
Қос аруға жүрек жырым тағылды ,
Өткен шақты жаным аңсап сағынды .
Сұлу қыздар бірге ертіп жүргендей ,
Менің нұрлы алтын жастық шағымды .
03.10.2007жыл.
ЖАПАНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ТАЛ .
Бертай Есмаханұлы Төкеев.
(Бәкіржан досының Түлкібас ауданына барып келген әсері бойынша жазылған)
Жапандағы жалғыз тал қарауытты ,
Әлденелер ойға кеп жан ауыртты .
Жапан түзде тұрағы жеке дара ,
Көктем - көңіл құлазып алабұртты .
Шөл далада шөліркеп қайдан келген ?
Сырласады күн түні суық желмен .
Ертеңіңді білмейсің , бұл құдірет ,
Тіршіліктің тағдырын қалай өрген ?
Жалғыз талды төбесі биік еткен ,
Адам дедім тағдырға күйіп өткен .
Жұрт ішінде жабығып , жалғызсырап ,
Елін, жерін алыстан сүйіп өткен .
Жалғыз тал биікте өскен , жол жанында ,
Таң қала мұңаясың мол сағымда .
Анаңды еске аласың аңсауменен ,
Әкеңді сағынасың сол ағымда .
Ынтымаққа жеткізер биік сана ,
Небір сыр бүгіп жатыр бұл мәрт дала .
«Жалғыздықты түсінсін, ойлансын»-деп ,
Арнайы егіп кетті-ау бір қарт дана .
Жалғыз тал үнсіздікте аһ ұрғандай ,
Әр таңын мың уайыммен атырғандай .
«Өмірдің мәнін терең ұғынсын»-деп ,
Бірлікке адамзатты шақырғандай .
Кім ойлар: «Жастық жалын тоңады»- деп ?
«Адамдар бұл өмірдің қонағы»-деп .
Жанарым жасқа толып , жаутаңдадым ,
«Ертеңгі күнім қандай болады»-деп ?
20.10.2007жыл.
ЖАНЫМНЫҢ ЖАНАРЫСЫҢ КӨЗ ІЛМЕГЕН .
Жаным-ау , мені іздеп келермісің ?
Айға да , күн-аруға теңер мүсін .
Өзіңе өліп өшіп ,өлең өріп ,
Ақ таңның атқанына сенермісің ?...
Өтіпті жиырма бір жыл өзіңменен ,
Жүректе жылылық бар сезімменен .
Қасымда жүрсең дағы сағынамын ,
Жанымның жанарысың көз ілмеген !...
Жиырма бір жыл , өзіңмен жанды шырақ ,
«Бақыт» деген әуезді әнді құрап ,
Ұлымыз ұйытқысы боп ұямыздың ,
«Той төбе» бабалардан жайлы тұрақ .
Сыйлаймын жаныңның пәк сұлулығын ,
Аңсаймын жанға жақын жылылығын .
Қостұра алып таудан алып қашқан ,
Мен сері ,сен көрсетші ұлылығын .
Әрбір таң жақсылыққа артық бұрар ,
Ынтымақ біздер үшін шаттық құрар .
Сезімді селк еткізген Сұлусың сен ,
Өзіңе бір алып күш тартып тұрар !
25.10.2007жыл.
КҮЙ - СҰЛУЛЫҚ .
Сұлулық-ай...от жандырдың , жанарда-ай ,
Күй күмбірлер,кеудем әнге салардай .
Сезім-сиқыр ,семсер сұғып санама ,
Дір еткені ,жүрек тоқтап қалардай .
Бас айналды , көз жұмылып ,от шарпып ,
Қара көзің ,назды әуенін қоса артып .
Ажарыңнан , айдай әппақ айналдым ,
Бар әлемді жіберетін жасартып .
Назың балдай ,сазың қандай тартымды ,
Жақсылыққа жаным балқып тартылды .
Сұлулықты сезіндім де санаммен ,
Алаңдадым жоғалтардай алтынды .
05.11.2007жыл.
КЕЛЕДІ АНА СӘБИ ЖЕТЕЛЕГЕН .
Ешкімді жақсы көріп сүймеген жан ,
Отына махаббаттың күймеген жан .
Тағдырдың талқысына таланғанмен ,
Әз басын ешқашанда имеген жан .
Аңыздай арулар бар арамызда ,
Сән берер салихалы санаңызға .
Рухын биік еткен ар намыспен ,
Не дерсіз дана қызға ,дара қызға ?!
Перзентін періштедей қорғап қалып ,
Аққудай жалғыздықта самғапты анық .
Аяулы аналар -ай абыройлы ,
Жүретін арқаланып әруақ танып .
Жанарын жәудіретіп ,жасқа малып ,
Жайнайтын,жадырайтын жаста налып .
Денсаулығын ойламай , ұятты ойлар ,
Баланың бақытынан бастау алып .
Келеді ана сәби жетелеген ,
Қамқоршысы жоқ оның мәпелеген .
Жанарда жанды жеген аңсары бар ,
Сәбиде сағыныш бар әкелеген .
Жан жүйкесін мың уайым талағаны ,
Ұтқаны еркіндік пе , қалағаны ?...
Соғыс жоқ , ай мен күннің аманында ,
Жаралы жан жанымды жаралады ...
19.11.2007жыл.
.
Достарыңызбен бөлісу: |