21 науырыз. Анкара: Ескішаһар. Бұл Түркияның өткенін де, бүгінін де қойындаса сезінген күн болды. Түске дейін қалалық майданда (мәдениет сарайында) халықтық наурыз шеруі өтті. Біздің арабадан түскен өнер иелері он төрт ұлттың киімімен шыға келгенде қаумалаған жұрттың көңілі көтеріліп сала берді. Түрік пен әзірбайжандар науырыз мерекесін от жағып, соның үстінен секіріп өтуден бастайды. Бұл өте ықылымнан қалған, көне түркі дүниесінің сарқыны. Қазақшасы – отпен аластау. Президент пен бас башқанынан басқа Түркияның бар сайындары келіп, сөйлеп, оттан секрудің рәсімін жасап, құтыға егілген көк майса бидайды қолына ұстап, шашудың ырымын жасады. Қалың қауым қаумалап суретке түсіп жатыр. Татар жазушысы Марсел екеуміз ашылуын күтіп тұрмай бірден кітап көрмесіне кірдік. Негізінен ирандық басылымдар екен. Рашид-ад диннің, Ат-Табаридің, Фирдаусидің, Маулананың (Румидің), Сағдидің, Омар Һаямның басылымдары мен ежелгі түркі суретшілерінің туындылары қойылыпты. Әттең, сатылмайды екен. Ал түріктердің кітап көрмелерінде жоқ кітап жоқ деуге болады... Әрине, қымбат. Ойлана келіп Стмболдан аламыз дестік. Мұнымыз дұрыс та болған екен. Көрме ашылысымен өнерпаздар басқа бір жерде концерт қоюға асығып кетті. Біз Марсель екеуміз қонақжайға қайтып келдік.
Теледидар демекші, сол күні таңертеңгі наурыз хабары Қазақстанмен, оның ішінде Роза Рымбаеваның «Науырыз» туралы әнімен ашылды. Біздің кездесулерімізді де берді. Дүйсекең қабылдаудан асығып кетіп еді. Біз қонақ үйге келсек Мәдениет министрі екеуі теледидардан тікелей эфир арқылы сұхбат өткізіп отыр екен. Анкараның кептелісіне бөгелмей хабарға үлгеріпті. Көңіліміз көтеріліп қалды. Әсіресе, қонақүйдің қызметкерлерінің қабағы жазылып сала берді.
Дүйсекең «Түріксойдың» бұрынғы қызметкері Ғалым деген жігітті жолсеріктікке шақырыпты. Құдайға қараған, иманжүзді, аздап орысшасы бар, Ресейде колледжде дәріс берген, бұрынғы әйелі бурят екен, қазіргі әйелі де мұсылмандықты қабылдаған орыс көрінеді. Жалпы осы жолы танысқан он жігіттің сегізінің әйелі – бұрынғы кеңес кеңістігіндегі ұлттан болса, соның алтауы қазақ қыздары екен. Түріктермен өзге байланыстың деңгейі қандай екенін кім білсін, әйтеуір, күйеу бала жағы жолға қойылған екен. Өзгесін қайдам, кешеден бері қолды болған Бекарыстың жеңгетайлығымен қазақ қызына үйленген сабақтасы Уфук Түзман Түркия радиосының қазақ бөлімінің редакторы екен, қазақшасы өзгені білмеймін, әйтеуір Бекарысты жаңылдырады. Сонымен, Ғалым бауырымыз Марсель екеумізді мұражайды аралатуға алып шықты.
Анкарадағы мәдениет майданында және қарауылтөбеден қарағандағы Анкара.
Мен бірден кешегі ту тігілген ескі қаланың қарауылтөбесін көрсетуді өтіндім. Тілеуімізді бергенде, Түркия жеріндегі Адам ата Хауа анадан басталған адамзат өркениетінің бар жәдігері жинақталған «Анадолы мәдениетлерінің мұражайы» да сол төбенің белортасына 1464 – 1471 жылдары османлы сұлтаны Фатих дөнемінің тұсында Махмұд паша уәзір салдырған сарайға орналасқан екен. Кезінде бүкіл Анкара алақанында көрінетін қамал болыпты. Оның көне болмысы Амстредам мұражайында сақтаулы тұрған ескі Анкараның суретінен анық танылады. Ал қамалдың ішіндегі қамал сонау Бизан дәуірінде тұрғызылса керек. Екі өркениеттің басын тоғыстыра қалған сәулет мұрасы. Ғимарат исі түркі әлемі еуропалықтардың қарауылына ілінген ХІХ ғасырдың екінші жартысында тоқырап, 1886 жылдан бері қаңырап бос тұрыпты. Қазір шетінен қалпына келтіріліп жатыр екен. Мына мұражай 1946 жылы қолға алыныпты. Алғашқы қауымдық құрылыс, тастағы таңбалар, грек пен рим, бизан өркениеті, күйдірілген қышқа жазылған ежелгі сына жазулар, мүсіннің неше мәнердегі ықылым үлгілері, өзіміз «Дулыға» атты әфсанамызда жанай тоқталған «иш оғыздың патшасы» Ишпақай мен оның мұрагері Мәди дәуіріне қатысты Үрмия қазбалары да қойылыпты. Антика әлемінің таңдандырмайтын ескерткіші жоқ. Қызыл жосамен салынған өгіздің бедерлері, таңбалар бізге таныс. Ал бүкіл бір жартасты қиып алып келген көне ассириялық сына жазуларды танымасамда қасынан шыға алмадым. Мәтіні оқылған, бірақ қолыма түспеді. Мұнда Олжастың қаржауына жарайтын қаншама сөз бен оқиға бар десеңші! Ықылым заман туралы зерттеулерден ала алмаған мағлұматымды Олжастың «Қыш кітабы» дастанынан тауып, орын-орнына қойғаным бар. Тарихи көркем шындықтың қуаты, әне, сонда! Мына сына жазуларды тірілтсе тек қуатты да сесті көркем қиял ғана тірілте алады. Осыншама қияметтердің сырын ашқан тарихшылардың жазғандарынан жалпы қауымның жалығып кететіні сондықтан (Осы жазып отырған «Күнделігім» де сондай таптауырыннан қашудың бір әдеби әдісі ретінде толтырылып отыр. Әйтпесе, қанша жолы болған жолаушы болсаң да, шаршап келген соң, құдайдың түнімен жарыспай, демалғанға не жетсін. Кейде, алған әсеріңе тоғайып тыныш жатқың келеді. Бірақ өзіңе берген ішкі уәдең бар. Саусағыңды сыздатса да қаламға қол созасың).
Анадолы мәдениетлерінің мұражайы. Мәңгілік өмір ағашының нысаналық бейнесімен астасқан дүниені көтеріп тұрған көк өгіздің қола құймасы және 1178 жылы әлемнің жаратылысы өрнектелген миһарбтың оюы.
Сына жазумен қоса, менің назарымды Алақойлықтан (Алакүйіктен) табылған – жерді көтеріп тұрған көк өгіздің және аспан мен жерді және жер асты кеңістігін байланыстырған бұғының мүйізімен астастыра бейнеленген «Мәңігілік өмір ағашы» – байырғы түркілердің Мықан ағашы ерекше аударды. Дүниенің жаратылуы мен мәңгілік өмір туралы әсіреәфсананың (миф) ең тұтқалысы болғандықтан да отыз жыл бойы Мықан ағашы туралы деректерді жиыстырып жүруші едім. Тіпті оның қазақ ертегілері мен тарихи әфсанадағы, діни аңыздар мен қиссалардағы, соның ішінде қытай, монғол, парсы, жалпы түркі тектес жұрттың тәмсілдері мен пайымдауларының суреттері де бар еді. Ал енді мына ескеркіштер солардың басын қосып, жалпы дүниенің жаратылысы туралы исі түркі танымының тамырын қосып тұр. «Дулығада» скифтердің «ханиемі» Мәдидің тұсындағы Матай (Медея) мемлекеті мәдениетінің Үрмия көлінен табылған қазбалары туралы жанай айтқаным есімде. Енді, міне, соның заттай айғақтарын көріп тұрмын. Әрине, қазба жұмыстарын жүргізіп, мұражай жарақтарын жасақтауға араласқан еуропалық ғалымдардың ықпалы білінеді. Ежелгі мәдениеттің мамандарынсыз мұндай мұражайды жасақтауға тағы да болмайды. Бірақ осы құндылықтарды түркі өркениетімен байланыстыратын танымдық түсінік жетпейтін сияқты. Мұндағы ескерткіштердің тарихи сипаттамасы жасалған ғылыми әдебиеттер де дүңгіршекте сіресіп тұр. Әттең, «әттең... тонның келтесі-ай»! Өте қымбат. Көзі қарақты адам кітапхананы пайдалана отырып бұл көрмені екі-үш ай зерттесе, ықылым дүниенің біраз сырына қанығары анық. Көз бен көңілді, оқыған мен тоқығанды қанша сәйкестірсең де, оның барлығы құр долбар болып шығады. Шіркін, қасымда бір маман болса ғой, жай маман емес, дүние өркениетін еркін пайымдай алатын ойы аялы оқымысты.
Қиып қоштасатын ғимарат емес, бірақ Ғалым: ескі қорған мен ежелгі Анкараны көрсетемін – деген соң төбеге қарай бет алдық. Адымдай бергеннен бастап көз алдымыздағы көріністер көнеленіп сала берді. Бағзы ғимараттар шеркеттер мен дәмханаларға айналыпты. Бизан дәуіріндегі қорғанға кіргенімде османлы дәуіріндегі түріктердің тұрмысына тап болдым. Ескі қорғанның көне тұрғындары табан аудармапты. Көне құжыралардың ішкі беті көне заттар сатылатын дүкендер. Әрине, түпнұсқа емес. Алайда базар бағасы шет елдік саяхатшылардың қалтасымен өлшенетіндіктен де қымбат. Мәңгілік ағаштың жапырағын мүйізіне ілген бұқалар мен бұғыларға, үш кеңістікті дүниенің өлшемінің құймасына қатты қызықтым. Сұрастырсам, оның нарқы менің осы сапарымның құнына пара-пар екен. Саудаласып жарты құнына түсіргеннің өзінде де жамбасқа батады. Көне құжыралардың бойымен өрлей отырып, баспалдақтап ең биік шоқыдағы қамалға келдік. Сонда аңғардық: бұл біздің жыл қайыруымыздың басында, қиджырадан бұрын салынған шығыс римдік, бизандық дәуірдегі қамал болып шықты. Ескендір Зұлқарнайынмен байланыстырды. Мүмкіндігі дүдәмалдау қисын. Тіпті содан кейін салынса да екі мың жыл күн қақтаған сәулет өнері. Қабырғаларында арыстанның, тағы да басқа тағы мақұлықтардың кейпі бедерленген. Ежелгі өнердің ысылған мәрмәр мүсіндері кейіннен қалпына келтіріліпті. Бірақ көне тас кірпіш пен тас тақталарды барынша сақтапты. Бұл аса ұқыптылықпен жартастың үстіне қиылып салынған қамал ғана емес, сонымен қатар ғибадат шіркеуі де екен. Күмбезді, таушалы, өрнекті, мүсінді, иконды ғимарат. Дегенмен де қорғаннан көрі Иса пайғамбардан бұрынғы ежелгі көп құдайларға тасаттық беретін ғимарат па екен деген ойға жетелейді. Бұратылған баспалдақпен қамалға көтерілдік.
Міне, ғажап! Анкара алақаныңызда! Ойлы, қырлы, төбелі, шоқылы, құз жартасты, құламалы, түйетайлы үлкен аңғарға орналасыпты. Жиырма – отыз шақырым айналасында Шымбұлақ деңгейлес басы қарлы таулар қоршап тұр. Қызыл қыш шатырлы қала үйлері қыбыр-жыбыр, иір-иір, шоқы басындағы бір қабатты ескі үйлер аспанмен тілдескен зәулімдердің күнқағарына ұқсайды. Тас дауалдың үстіне шыққанда бас айналады. Дегенмен де мен әуежай орналасқан Есенбұға ойпаты жақтан көз алмадым. Қарлы шың мен шым бұлақтардың арасындағы шоқыларға көз жібердім. Өйткені сол құз арасындағы қыспақтың бірінде Ақсақ Темір көреген Баязид сұлтанды қолға түсірген. Сол арқылы Ресейден бастап бүкіл батыс әлеміне бодандық қақпасын ашып, исі түркі тұқымының отарлануына себепкер болған... Иә, османлыларға кең Аңғар – Түркияның астанасы Анкараға тарлық жасап тұр екен. Екі-жарым – үш миллион тұрғыны бар шаһар Түркия үшін қатардағы қаланың бірі ғана. Бір сағаттан астам уақыт ескі қаланың қарауыл төбесінен түспей мынау көріністі кеудеме құйып алғым келді. Қарауылтөбенің айналасындағы осыдан бес ғасыр бұрынғы үйлер қазір де көз алдымда (Кейін білгенім, көне жайларды сол күйінде сақтап, көбіне дүкен ретінде пайдаланады екен). Анкарада аттаған сайын татарларды жолықтырған Марсель абзи шүйіркелесіп қалды.
Ғалым екеуміз қамалдың қабырғасынан баспалап мешітке түстік. Бизанның шіркеуін селжүк сұлтаны Аладдин Кейқуат 1178 жылы мешітке айналдырған екен. 1361 жылы османлы уәлиі, 1433 жылы Махмұт сұлтанның тұсында Сүмбіл қатын, содан кейін 1956, 1960 1984 жылдары мекемелер тарапынан жөндеуден өтіпті. Іргесінде осыдан мың жарым, бәлкім одан да арғы дәуірдегі бағаналар мен ескерткіштер жатыр. Ғалым намаз оқығысы келді. Біздің де мұсылман екеніміз еске түсті. Дәрет алып, ішке кірдік... Бізді орта жастағы қазақ жігіті қарсы алды. Әрине, қазақ емес, ноғай ма дедім. Намаз оқылған соң бізді бірден мінберге апарды. Бұл мінбер – Түркиядағы ең көне, 1178 жылы өрнектелген миһрап екен. Ағаштан түйілген өрнегіне он сегіз мың ғаламның барлық сипаты бейнеленіпті. Арғы-бергі ғалам, ғарыш, арсы-күрсі... бәрі-бәрі де. Мешіт имамының әр оюды жанын сап түсіндіргені сондай, түсінбедім деудің өзі ұят. Шыға бере жөн сұрағанымызда «Біз еуропалықтармен араласпаған түрікпіз.Түрімнен көріп тұрсыз ғой. Арғы тегім – қазақ. Қазақ даласынан Х ғасырда бері ауғанбыз. Анкарадан бастап шығыс оңтүстікке қарай қанымыз тазара береді», – деді.
Шындығында да солай екен. Оған қамалдың түбіндегі Ескішаһарды аралағанда анық көзіміз жетті. Түрлері де таныс, сөздері де ұғымды. Бір кездегі ата-бабасының жеке меншігіндегі құжырадан шайхана жасап отырған отбасының қолынан шай іштік. Меймандарға шайхана туралы пікір жаздырып алатын дәптері бар екен. Араб қарпімен өлең жазып, асықпай әңгімелестік. Мен оларға: «Енді Түркияны араладым, түріктерді білдім деп айта аламын», – деп ағымнан жарылдым. Османлының архивін ақтарып, ғасыр бұрын жер ауған татарлардың ортасында жүрген Марсель де бұған қосылды.
Ескі шаһарды аралай қалаға беттедік. Түріктердің ескі дәстүрлерін көңілге түйдік. Сөйтіп, орталық сарайдағы концертке кешігіп бардық. Тарқаған кезде бір қырғыз келіп амандасты. Бұл атақты Рахманқұл ханның немересі екен. Қырғыздар қасынан қабағын түйіп өте шықты. Мен біраз әңгімелескен соң, қырғызым келіпті деп құмартып келген мына ханзадаға сырт айналып кеткен «тайкелеріме» қабағымды түйе: «Қырғызды уысында ұстаған, елінің азаттығы үшін соғысып ауған асып, түркияны мекен еткен Рахманқұл ханды менсінбесеңдер де, мына шикіөкпенің жазы не, елім деп концертке келді ғой. Ертең қалың қырғыздар естісе, не деп жауап бересіңдер?», – деп едім манасшы қырғыз: «Білмей қалыппыз», – деп бұрыла берді. Кібірістің (Кипрдің) өкілімен әңгімелестім: түріктер де, гректер де шекараның ашылғанын қалайды. Бірақ та шекаралық белгі алынса бітті, тағы да қантөгістің басталатыны анық екен. Осы жолы сапардың Кипрге түспегеніне өкіндім. Бұл да бір түркі дүниесінің теміреткесі.
Қоштасу кеші абыр-сабырмен өтті. Гагауыздар өздерінің христиан екенін танытып, Дмитрий бастатқандар көңілденіп алды: «Сендер орысты ұмытайын деген екенсіңдер. Естеріңе саламыз! Біз қайтып ораламыз», – деп қалды. Қабағымды түйе: «Борзеть то борзей, но не хами!» – дегенді ұмытқан жоқсың ба! Әлде Днестрді қимай жүрсің бе?, – дедім. Жасып қалды. Иә, олардың қыжылы қайтпайтын қыжыл! Әзірбайжандық әнші жігіт тіпті шалқып та, шалқалап та жүрді. Түркиялықтар аяқдоп десе асын ұмытып, еркек-әйелі кафеге жиналып, шай ұрттап кешін өткізеді екен. Ертең ерте қазақ өнерпаздары Ақсарай арқылы Недия аймағына жүреді. Онда қазақтар мекендеген Алтайкөй – Алтай ауылы бар. Бекарыс, күйеу бала Уфук үшеуміз біраз шүйіркелестік. Енді Анкарамен қош айтысып, ертең Түркияның шығыс оңтүстігіне – атақты Қайсар жотасына жол тартамыз. Бұл «бөз құрттардың» – көк бөрілердің отаны. Бүгінгі Ескішаһардан алған әсерім келген мақсаттың өтеуі сияқты көрінді.
23 науырыз. Анкара – Ақсарай – Алтайкөй – Недия. Таң бозынан оянып, жеделдете көлікке отырдық. Біздің өнерпаздар бес жүз шақырым жол жүріп, түсте Алтай ауылында науырызды тойлап, кешке аймақ орталығы Недия шаһарында өнер көрсетпек. Қырат-қырқадан арылып ойпатты жазыққа қарай ойыстық. Барған сайын жер бедері біздің арқаға ұқсай бастады. Жол шетіндегі көне үйлер бұзылып, жаңарып жатыр екен. Төстабаны ғана қалған. Станболдан, Анкарадан алыстаған сайын бұзылған қыстаулар мен қой қоралары біздің ауылдарды еске түсіреді. Тек майтабан жол ғана сүйсіндіреді. Түркияның солтүстігі мен оңтүстігіндегі өзен-судың қоймасы сияқтанған ұзындығы жүз елу шақырымдай Тұзкөлді жағалай жүріп келеміз. Тау қойнауындағы жайылған қой, көгерген егін көзге ыстық. Ойпатты жазық болғандықтан да алыстан ақ күркеге ұқсаған жалғыз шоқы, Қайсары жотасынан тұмсықтана оқшауланған біткен қарлы тау мұнарлана көрінді. Ақсарай уәлаятының орталығынан өттік. Жеңіл салынған, сергек қала. Әлгі басына бұлттан сәлде ораған мұнарлы қарлы шоқы тура қасқа маңдайымызға тірелді. Жүргізуші бұл таудың атын «Хасан ата» деп таныстырды. Демек: Асан ата, Асанқайғы тауы – дегеніме жетекшіміз Асқар да, ақынымыз Бекарыс та сенген нышан танытпады. Алайда сол тауды екі сағат бойы шыр айналдық. Әуелі иықтасты, одан кейін желкемізге шықты да көз ұшында ағараңдап отырды. Жазықтағы төбелерге қазақтар Қыземшек, Келіншектау, Жалғызтау, Жауыртау, Жайтөбе, Жалғызтөбе деп ат қояр еді. Мүмкін, түрікше аты Басыбиік, Кесікбас, Малтөбе ме екен? Сол қапталда Қайсары жотасын қаусыра орап келеміз. Нағыз қаншыл түріктердің – көк бөрілердің отаны. Жыл сайын «көк бөрілер» Қайсарыда бас қосып, ұрандатып, «Бозқұрт» партиясының құрылтайын өткізеді. Әскери үкімет тұсында «Бозқұрттардың» өкілдері қудаланып, саяси түрмеге қамалыпты. Солардың қатарында түрікшіл қазақтар да болыпты. Олар мұны мақтан тұтады екен. Қазір үкімет басына келуге үміткер партияның бастысы. Бас бармағыңмен атсыз саусағыңды ортаншыға қосып, сұқ саусақ пен шынашағыңды едірейте қойсаң кез-келген түрік құшағын жая ұмтылады. Өңіріне көкбөрінің белгісін таққан белсенділер мен жастарды жиі көресің. Ал бұл дегеніңіз Қайсары жотасының киесі болып саналады. Біз де естелікке алдық. Недияға келген соң білдім, әлмисақтың тұсында көміртауды жонып жасаған адамзат тұрағы атақты Каппадоки, түрікше Әсемкүйік қонысы Ақсарайдың өкпе тұсында, Асан таудың желкесінде, Недиядан жетпіс шақырым жерде қалып қойған екен. Енді оған жете алмайтынымыз анық. Алтайкөйден Кірқалаға (бізше Шымкент) қарай жоталасаң көк бөрілердің жыл сайынғы әлемдік бас қосуы өтетін қыратқа .шығады екенсің. Бұл –түркілік салт-сананың барынша сақталған мекені.
Реті келгенде осы арада айта кетейін, жаңағы аспанмен тілдескен қарлы шыңды жалғыз шоқының аты, шынында да, Асан ата екен. Оның жөнін сұрағанымда жергілікті жұрт: «Ежелгі заманда түркілерге жақсы жер іздеген Асан әулиенің ақ маясы бұлтпенен араласып келіп осы таудың басына шөгіпті. Асан әулие де сол шоқыда дүниеден қайтыпты-мыс. Біздің, түріктер сол әулиеге ілесіп ат басын кіші Азияға тіреген екен», – деп түсіндірді. Демек, Жиделібайсынды іздеп шыққан бабамыз Қайсары жотасына кеп желмаясын шөгерген. Арада он ғасыр өтсе де аңыз ұмытылмаған. Бұл, енді, түбіміз бір екендігіне тарихи дәлел. Сөйтіп, Асан қайғы атамыздың да әфсаналық зиратын көрдік деп есептейміз. «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында Қалбан Ынтыханұлының аударуымен «Фолиант» баспасынан жарияланбақ қытай ғалымы Гайшан Лидің «Бағылық оңғыттары» атты зерттеуінде: ХІІ ғасырда Асан ата әулие ханға сәлем беру үшін бес жүз ісек айдап Көкотқа келді – деген тарихи шежіре дерегі келтірілген. Сонда, күншығыста қытай қорғанынан басталған Асанқайғының сапары Кіші Азиядағы Қайсары жотасындағы Асан ата шоқысында үзілген боп тұр ғой. Мұның өзі кез-келген жазушы, тарихшы, этнограф үшін үлкен жаңалық. Бұл аңыз мені қатты тебірентті әрі таңдандырды. Бір өкініштісі, үйде немерелерімнің ойыншығы боп жүрген фотоаппарат пен камераны алып шықпаппын. Басын бұлт шалған Асанқайғы әулиенің тауын енді көрудің мүмкіндігі бола қоймас, сірә. Әй, қазақы қамсыздық-ай!
Бұл аңызға қанаттанған менің тілім шығып, көліктегі бауырларым мен қарындастарымның бойын жазғым келді. Бір аптаға созылған үздіксіз жүріс пен күніне берілетін екі-үш концерт оларды әбден титықтатқаны анық. Талай «жын-ойнақты» көріп жүрміз-ғой, мына Ғазиз жетекшілік еткен «Аққудың» бишілері тәртіпті балалар екен. Жол ұзақ. Олар да бір мызғып алып, еріге бастаған сияқты. Асқар мен Бекарыс, Ғазиз үшеуін қағыта бастадым. Шіркін, қазақы тәрбиенің жөні бөлек қой. Арамыздағы монғолиядан келген әнші Меруеш өзінің жайдары мінезімен, жеңіл әзілімен, жөнімен еруліге қару қайтарып отырды, сөйтіп, жол қысқарттық.
Тура талтүсте осыдан алпыс жыл бұрын азаттық іздеп шыққан қазақтардың көші ат басын тіреген, босып барып, шоғырлана қоныстанып, боталы елге айналған Недия аймағындағы «Алтай» ауылына да көңілді жеттік. Бедері қағыр, өкпек жел өтін тіле есетін, сұйық бетегелі, қырқалы жер екен. Тасығанда – мінезді, жаз шыққанда – момын жыланшық өзенді жанай қоныстаныпты. Естіп-білуімше, кезінде батпақты, шымды жер болыпты. Соның ебін тауып құрғатып, егін салыпты. Мыңғыртып мал өсіріпті. Естерін ерте жиып, тез кеуделеніп, қоңданып алыпты. Алғаш салынған ретті үйлер кәдімгі қазақ кеңшары сияқты. Алтайкөйге 300 үй қоныстанып, бәріне жер беріліпті. Мұндағы қариялар алланың аманатын беріп, сиреп қалыпты. Ал жастардың барлығы қалаға, оның ішінде негізінен Францияға қоныс аударған екен. Үш жүз үйден отыз үй қалыпты. Мектебі болыпты, баланың аздығынан ол да жабылыпты. Соңғы екі-үш жылда қуаңшылық болып, егін шөп шықпапты. Жер тақырланыпты. Сондықтан да күнкөрісін айырып отырған үш отар қойды былтыр сатып жіберіпті. Қазір аттарын ерттеп, елпілдеп отырған алакөңіл күйде көрінеді. Тек кәрі тамырлар ғана жер тістеп, тамырын қопартқызбай отыр – деп естігемін. Сондықтан да көңілде алаң бар еді.
Бізді қалың қауым қарсы алды. Бәрі де жайдары. Ақшанқан қазақ үйі мен мешіттің арасындағы шағын алаңқайға жиналған жұрттың қарасы недәуір. Сөйтсем, сонау Кония университетіндегі қазақ студенттері де науырызға осында келіпті. Ішінде біздің алдымызды көрген шәкірттер де бар екен. Ақ жаулықты, кимешекті кейуаналар шашу шашты. Өзіміздің ауылдағы арқа-жарқа тойдан айырмасы аз. Сол баяғы қаз-қатар тігілген киіз үй, қазан-ошақ, үйтілген қойдың бас-сирағы, бүлкілдеп пісіп жатқан бауырсақ пен шелпек, оқтаулата жайылған еттің жаймасы, ағаш табақ, кәрлен кесе, демін ішіне тартқан сұрғылт шай...
Қазақстанның елшісі Бағдат Әміреев пен Дүйсен Қасейінов, қытай елшісінің орынбасары (қазақтардың ата мекенінің өкілі ретінде) бізден бұрын жетіпті. Қастарында аймақтың уәлиі бар. Бұл төрт адам және оған қосылып мен мейраммен ресми құттықтап болғанымызша біраз уақыт өтті. Шығыс Түркістанды еске сала отырып Қытайды да, Түркияны да, Қазақстанды да қабыстырып, жандарына қан құя еркін сөйледім. Соның ішіндегі басты пікірім – жер, жер және жер туралы болды: «Қиямет қайымға дейін дүние сан төңкеріледі. Енді сендерге Өр Алтайдан бұшпақтай жер бұйырмайды. Қазақстанның жері де пұшпақталып, бөлініп бітті. Сол ұзақ сапарда сендердің тамырларыңды осы жер көгертеді. Ұрпағыңды жерсіз қалдырсаңдар, нағыз отансыз сонда боласыңдар. Түркілік тамырыңды тереңдете беріңдер», – деген емеуірінді мазмұнда тілек білдірдім. Бұл тілегім – шын тілек. Бұл ұрпақтың ертең не қаладан, не даладан ізі табылмай қалып жүрмесін дегенім. Енді қайтып түрік елі тегін жер бермейтіні айдан анық.
Алтайкөйдің Мұстафа деген мұхтары (ауыл әкімі) елшілер мен әкімдердің қабағының сызылған көлеңкесімен жүрді. Әуелі Алтайкөйдің қазақ қыздары би биледі. Жарасты, қаншыл балалар екен. Алыста жүрген адамның отанға деген сағынышы да ерекше емес пе. Қарағанды облыстық Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Аққу» бишілер тобы мен әдемі дауысты ару Меруеш Башайдың, Гүлбану Серіктің, Ержан Найманбайдың, Дәуренбек Әркеновтің, домбырашы Балқан Смағұлдың өнерін азаттық аңсаған ардагерлер мен олардың үрім-бұтақтарымен бірге арасы бес жүз шақырым Кония, Недия қалаларында оқып жүрген қазақ өренжілері (студентері) де тамашалады. Мың шақырым алыстыққа қарамастан осы мейрамға Станбул мен Анкарадағы қандастарымыз да қатысты. Ресмияттан құтылысымен алтайлықтармен әңгімелесуге асықтым.
Бір кезде азаттық іздеген көштің жауынгері, қазіргі тоқсанға тақаған кейуананың (...?) қасына барып отырып, сыр суыртпақтадым. Ескінің соңғы екі тамшысының бірі осы анамыз. Әттең атын ұмыттым. Жаулықты аналар мен келіндердің жел қаққан жүздерінен иман нұры еседі. Түрік пен қазақ құдандаласып кетіпті. Түрік жеңгейлермен де сөз қағыстырып үлгердім. Қайын мен жеңгенің әзілін түсінеді екен. Шешесі пакстандық Сұлтан Махмұт Секпан деген қатарласым осы науырыз мейрамы үшін сонау Станболдан келіпті. Түрі – түрік, тілі – қазақ, молланың баласы болғандықтан да иманы ауызында. Еркін сөйлесіп, жөн сұрасып, жай-жапсарға қанықтым. Ол мені Алтайкөйде ең бірінші салынған үйге алып барды. Қаңырап бос тұр. Мұндай үйдің қатары біразға дейін созылады екен. Ауқаттылары қызыл кірпіштен үй көтеруге ауысыпты. Бізге жақсы таныс Әбууақап Қара да Станболдан осында келіпті. Мұстафа Шоқай туралы кітап шығарған, Нұрғожа батырдың жазбасын баспаға дайындаған машһүр ғалым. Осы ауылдың аз оқыған түлектерінің ішіндегі көп оқығаны. Қазақ арасына аты бегілі азамт. Қариялар аз. Азаттықтың көшін бастаған батыр әрі шежіреші Әтейхан атты ақсақал бар екен. Қалайда жолықтыруларын өтіндім. Бірақ: естуі қиын, сөзден қалды, жүре алмайды, қаізр шамасы жоқ – десті. Соған қарамастан Сұлтанмахмұт екеуміз құлшынып едік, кететін уақыт болды – десті. Амал қанша, наурыздың көжесін ішіп, Алтайкойдің дәмін татып, асығыс тез аттандық.
Біз орнымыздан қозғалғанда ауыл мұхтары (әкімі) әлгі ақсақалдың үйіне қарай кетіп бара жатты. Демек, Әтейхан ақсақалдың сәлем аларлық шамасы болғаны ғой. Шежіреші, сауатты, парасатты, әділ адаммен ақыры кездесе алмадық. Әбууақаптың жездесі екен, естелігі болса бізге жеткізуді аманаттап тапсырдым.
Недия қаласының кіреберістегі үлкен көшесінің біріне Абылайдың ескерткіші орнатылыпты. Алтайкөйге келген кониялық студенттер қайтып кетті. Ауылдағылар қалаға уақытында жете алмады. Недияда бозқұрттардың сайлау алдындағы митингісі өтіп жатыр. Сондықтан да университеттегі көрерменнің шырқы келмеді. Қытай елшісінің хатшысы Пекиндегі ұлттар университетінің профессоры, декан Жан Дин жиңнің досы екен. Менің онда сабақ бергенімді естіп, біраз шүлдірлестік. Өзі түрікшеге ағып тұр. Ол зиялы он қытайдың біреуі білетін «Дударай» әнін айтты. Елші Бағдат ағамыз шүлендік танытып, дастархан көңілді аяқталды.
Бүгінгі олжа Асанқайғы әулиенің шоқысы. Екі өкініштің бірі – Әсемкүйікке түспеген жол, екіншісі – Алтайкөйде аяқталмай қалған концерт пен Әтейхан қарияға берілмей қалған сәлем болды.
24 науырыз. Недия – Ережли – Қарапынар – Кония – Афион – Ұшар – Салихлы. Бизан мен Түркияға қатысты әскери жорықтардың қанды жолы болған, тарихтың таңбасы мен ат тұяғының тебінінен, жүздеген мың әскерлердің жүздеген рет ары-бері сарсылуынан тықырланған осынау ойпатты көктей өту ойымызда болған шығар, бірақ түсімізге кірген жоқ. Енді, міне, Қайсарыға жонымызды беріп, өзіміз мың рет үңілген картаға қайта-қайта үңіліп, әр шақырымды санап келеміз. Арысы жыл қайыруымыздан бұрынғы ҮІІІ ғасырдағы «ишгуз Ишпақайдан» бастап, Селжүк, Бейбарыс, Қараман, Османлы, Ақсақ Темір, Баязид, Махмұд дәуірлеріне дейінгі барлық жорықтар осы ойпатта шешімін тапқан. Оның қайсыбірін тәпсірлеп тауысасың? Ойдым ойпаттың алдынан оқыстан жұдырықтай түйілген жұмыр шоқылар шыға келеді. Не алыстан мұнарланып иықтасып отырады. Өйткені соны айнала жүресің. Оңтүстікте тарихтағы тағдыры бұлтаң, бірақ күні бүгінге дейін тұздығын сақтаған Қараман хандығының байтағы Қараман қаласы Ережлиден жүз шақырымдай екен. Тауды етектей мұнар жамылып қалып барады. Қараман – ғазынауилердің де, селжүктердің де, монғолдардың да, яғни, әскербасы Кетбұғаның да, мәмлүктердің де, яғни, Бейбарыстың да, османлылардың да, арабтардың да көңілін тауып дербестігін сақтап қалған сұлтанат. Қазір де қарамандықтардың тәртібі мен ұстанымы өзге түріктерден оқшау. Сұлтанаттық дәстүр қатты сақталған. Қайсары, Недия, Қарапынар, Конияның түрікшілдігінің тумысы бөлек. Әйтеуір осынау ойпаттың жер бедерін жанарыма сиғызып, жадымда ұстауға тырыстым.
Түнемеліміз – батыстағы Маниса уәлаятының Салихлы қаласы 800 шақырым. Кешкі сағат жетіге үлгеруіміз керек десті. Аспанмен ұшатын емес, Ал жүргізуші сағатына 80 шақырымдық жылдамдықтан асса, айып салынады. Айыппұл екі жүз доллардан кем емес. Ойпатты ойсырата отырып, еш бөгелместен Қарапынарға көз қырын ғана салып, Конияға бет бұрдық. Жолбасшысы Асқарға: «Дегеніңе көнейік. Ораза ұстайық. Бірақ Конияға соқпай, Мәуланаға тәу етпей, Қожанасырдың бейітін көрмей, аттап баспаймыз. Не Бекарыс екеумізді қалдырып кет», – дедім. Бұл сөзге Асқардың уәж табуы қиын еді. Өзгелер де қосылды. Бүкіл Түркияны үш рет көрсең де Конияны көрмесең Түркияны көрмедім деп есептеу керек. Тарихи оқиғаларды былай қойғанда, Конияда барша түркі жұртының түп-тұқиянынан бастап өзіне дейінгі барлық тұқымының түбірі табылады. Сауылдап келіп жатқан ұлы көшпелілердің бәрі осы қоңыржай белдеуде орналасқан Конияның қолтығына тығылған. Софылықтың, яғни, түркі даналығының ұйыған мәйегі. Ойымды қалай жеткізерімді білмей тұрмын. Бұл – аңызға айналған паша Аладдиннің, Муәлана атанған Жалаладдин Румидің және ... өзіміздің Қожанасырдың отаны! Енді оған бас сұқпай өтіп көр. Өзіңді өзің өмір бойы кешірмей өтерің хаҺ.
«Даналық ойдың ұйытқысы» Мәулана (Руми) және османлы ханымының суреттері.
Түркияның барлық үлкен шаһарлары сияқты Конияда да көлік кептелісі бар. Бірақ бүгін сайлау алдындағы жиналыстар көшеге шыққан күн екен. Ортада тұрған Аладдиннің сарайтөбесін төрт айналып, есік пен төрдей жердегі Мәулананың мавзолейіне әзер жеттік. Екі тұтам көшеге екі сағат уақыт кетті. Бекарыс пен Асқар бұрын көріпті. Жол бастады. Соның өзінде қақпаның алдына тоқтаған көліктен қақпаға жетіп үлгергенше үш адам сәлемдесіп, жөн сұрасты. Ноғайлардың алдыңғы көшімен келген қыпшақтар, ноғайлының екінші көшімен келгендер, кеңес тұсында көшкен ноғайлар... Бәрі де өздерінің ең жақын туысы қазақтар екенін біледі. Сол үшін де тоқтатып сәлем беріп, жөн сұрасып тұр. Сөздері де сондай түсінікті. Ауылына, үйіне шақырады. Домбыралары да бар көрінеді. «Түріктендік, бірақ ноғайлығымызды ұмытқамыз жоқ», – дейді. Міне, қаншыл деп ноғайларды айт! Сөйтсек, Конияда тұқымы жоқ түркі елі жоқ екен! Жә!.. Мәулана! Мәулана! Мәулана!
Мәулана – исі түркі дүниесінің көркем ойлау жүйесінің отаны. Ән, әуен, сөз, сурет, би, сәулет өнерінің ұйытқысы. Он сегіз мың ғаламның сырын білген «толық адамдардың» даналық ұясы. Барлық софылық ой тоғысқан тоғыз тарудың өрім басы. Қазақтың Абайға дейін де, Абайдан кейін де нәр алған тұнығы. Нақшбанди, Яссауилердің тассауыптарының тамыры. Жалаладдин Румидің тұсында Конияға жиналған софылар өзінің көркем ойлау жүйесін бүкіл түркі жұртына түркі тілінде таратқан. Сөздің әр һарпінен, музыканың әр тактісінен, әр саусақтың қимылынан, әр суреттің сызығынан мағына іздеу және мағыналандыру осы Мәулана деңгейіне көтерілген Румидің даналық мектебінен бастау алған. Ойға ұйыған кезінде бір орында екі сағат шыр айналып билеу олар үшін қалыпты көрініс. Өзгені былай қойғанда, сол көп софылардың бірі Қожанасырдың көркем ойлау жүйесін алыңызшы. Өзі теріс біткен бұтақты теріс отырып кесуі қандай қисынсыздық! Иә, ол сол арқылы мынау бетін теріс берген, жалғанын жарыққа қалдырып, ақиқатын ішіне сақтаған жалғанды мазақ қылып тұр емес пе? Ауласына кіріп, құран оқыдық. Ал ішіне кіргенде ... дымым шықпай қалды. Даналықтың мысы басып, өзіңді ойға жетелейді. Мәулананың өзінің қабірі оң қапталда, биік алып тас қабір. Қабір тасының барлығы ғұсни хатпен жазылған. Бас жағында үлкен екі сәлденің сүлбесі қойылған. Өзгелерінде бір-бірден. Ұзына бір сарын естіліп тұрады. Егер уақыт қыспаса мен осы күйі үш күн, үш түн тізерлеп тағзым етуге пейілді сияқты көріндім. «Яссауи» ән тобына арнап Светқали бауырым аударған Мәулананың «Мәңгілік өмір ағашы» туралы:
Ей, бақыттың иесі! Болсын сенің тілеуің,
Екі жол тұр алдыңда, таңда, қане, біреуін.
Бірі – фәни дүниеде жасыл желек жамылып,
Бар тіршілік жетеді жемісіңді сағынып!
Екіншіс – Жәннатта, дәмің тілді үйіріп,
Дарақ болып тұрасың, бұтақтарың иіліп!».
Ұстын сонда зар етті, мас қып шаттық шарабы:
«Болайын, – деп, – мәңгілік Ақыреттің дарағы!».
Ғафыл қалма, біл, таны, ей, адамның ұрпағы,
Кемсің бе осы ағаштан, айналаңнан сыр таны.
Жансыз ағаш зарлайды, көрсем деп ХаҺ дидарын,
Халифасы құдайдың, қайда сенің иманың?, –
деген өлең жолдарын еске түсірдім.
Мавзолейдің ішінде мауланалардың кітаптары, қолжазбалары, ғаламды түсіндірген сызбалары, би мақамын білдіретін саусақтардың сызбалары, ең соңында пайғамбардың бір тал сақалы сақталыпты. Алтын жалатқан кітаптарға біз түгілі еуропалықтардың өзі бас көтермей қарап қалыпты.
Асыққан Асқар сүйрегендей етіп шығарды. Ал Қожанасырдың ауылы: «Ақшаһар» деп аталады. Зираты қияға қойылып, еңіске қарай құлап бара жатқан қабырғасының жоғары жағынан сүйеу қойылған. Есекке теріс мініп тұрған мүсіні, «Өлген қазан», «Алтын құмалақтайтын есек» туралы тәмсілдер бейнеленген айкелдер бар. Жыл сайын мында дүние жүзіндегі қожанасыртануш ғалымдар келіп, ғылыми конференция өткізіп тұрады. Кония университетіндегі көне түркі ескерткіштерінің көшірмелерінің өзі де бір тарихи галерея, – дегенді естуіміз бар еді. Оған уақыт мұрша бермеді.
Осыдан кейінгі жол Станбол мен Анкараның арасын еске салды. Қайтадан үстіртке көтеріліп келеміз. Бір төбенің астынан – қар, келесі қойнауда – жаңбыр, үшінші асуды асқанда – бұршақ жауып, келесі тұмсық құп-құрғақ болып, алмасып отырды. Ойпат бітіп, асуға шыққан соң, алдымыздағы – теңіздің, артымыздан – шөлейттің ауасы аңғарда тоғысып, арпалысқан ауаның майданынан айналды. Қайшыалысқан ауа райымен осылай арпалысып әйгілі ақ мәрмәрдің отаны Афионнан өттік. Афионы да, мәрмәрі де Шығыс Рим мен ежелгі Бизан заманында аңызға айналған. Мәрмәр оймаларының шеберханаларын жол шетінен шолып келеміз. Әскери ұшқыштардың қосыны орналасқан Ұшар қаласының қызылды-жасылды оттары да қыр желкемізде қалды. Он екі сағат аяқ жазбай жүріп келеміз. Салихлыдағылар да тынышсызданып жатыр. Мен де жағаласып оларға тапсырма беріп жатырмын. Қойшы, асу-асу белдерден асып Салихлыға да түнгі сағат онда жеттік-ау! Менің меншікті «пәледием» Шүкірәли тосып алды. Бірден: «Тапсырма орындалды ма?», – дедім. «Салихлыдағы бар термосты жиып, ыстық, қызыл, қою және тегін шәй дайындап қойдым», – деді. Жеделдете құшақтаса танысып, табысып, дәмханаға кірдік. Аялдайтын несі бар, бірден төрге озып: «Ал, құй!..», – дедім. «Аққулардың» да таңдайлары қаңсып қалған екен. Меруеш пен Дәуренбек, Ғазиз: «Ағамыздың қасына өзіміз де бір отырайықшы», – деп жайғаса бастады. Дәуренбектің көзі қысылса, ар жағында не дейтінін білем, білем. Бес минуттың ішінде бес термостың да түбі көрініп шыға келді. Көпшілікті сусатқан самауырда арман не? Бізді тау ішіндегі арасанға орналастырды. Арасанның суы бойды балбыратып, буынды босатып, сыздаған балтырды тыныштандырып, ұжымақтың ұйқысының құшағын кіргізе берді. Бекарыс көкем қазір үрдің қыздарының ортасында жүрген болуы керек, рахаттана пысылдайды.
Достарыңызбен бөлісу: |