Ф.ғ. к., доцент, ЕҰУ профессоры «Қазақ» Өзін-өзі қаржыландырған газет апталықтың зерттеу жүзін көрмей, көлеңкеде қалып келе жатқан мәселелері баршылық. Соның бірі–



жүктеу 52.23 Kb.
Дата02.07.2016
өлшемі52.23 Kb.
Сақ Қайрат Өмірбайұлы.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

ф.ғ.к., доцент, ЕҰУ профессоры

«ҚАЗАҚ» - ӨЗІН-ӨЗІ

ҚАРЖЫЛАНДЫРҒАН ГАЗЕТ
Апталықтың зерттеу жүзін көрмей, көлеңкеде қалып келе жатқан мәселелері баршылық. Соның бірі–«Қазақтың» қаржылық көзі. Бұл турасында біріне-бірі кереғар әртүрлі пікірлер ғылыми айналымда жүр. Біз соларды сын тезінен өткізіп,ой толғамдарымызды ортаға салғанды жөн көрдік.

Кешегі кеңес заманында жарық көрген еңбектерде «Қазақ» газеті, ең алдымен, «байшылдығымен» айыпталынып келгені баршамызға белгілі. Ондай пайымдауға сенсек, бұл басылымды қазақтың жекелеген қалталы байлары қаражат шығындап, жарық дүниеге әкелген болып шығады. Осы пікірді алғаш қоздатқан белгілі жазушы Сәбит Мұқанов екенін қолымыздағы дерек алдымызға жайып салады. Ол 1932 жылы жарық көрген «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» деген кітабында: «1913 жылы февральдан бастап Орынборда «Қазақ» газеті шықты. Бұл газетті шығару үшін қазақ байлары 7 жыл даярлық жасады. Оған мынадай дерек бар»– деп «Айқап журналының1911 жылғы 11-санында жарияланған басылым басқармасының ашық хатына жүгінеді. Бұл хатта 1906 жылы 28 мамырда бірінші мемлекеттік думаға депутат сайлау үшін Ақтөбе шаһарында Торғай облысының сайлаушылары маслихат құрғандығы, осы жиында газет шығару үшін қаржы жинау туралы келісім болып, бұл іс Смайыл қажы Жаманшаловқа тапсырылғандығы жөнінде мәлімет бар. Осыған арқа сүйеген жазушы сонда жиналған қаржы (ол аз да емес, 5000 сом мөлшерінде) осы «Қазақ» газетін шығаруға жұмсалынды дегенге әкеп тірейді.

Осы пікірді белгілі қоғам қайраткері, тарихшы С. Аспендияровтың 1936 жылы жарық көрген «Национально-освободительное восстание 1916 года в Казахстане» деген еңбегінен кездестіреміз. Ол жоғарыдағы деректі қайталай отырып: «Узнав об этом, а также о том, что Жаманшаловым (известный казахский миллионер гор. Троицк) собрано несколько тысяч рублей, Сералин обратился к нему с просьбой отпустить ему эти деньги на издание журнала. Жаманшалов не дает определенного ответа и наконец, после долгих проволочек, объясняет, что решено издать газету не в Троицке, а в Оренбурге, а потому он денег Сералину дать не может (с.55)»- деп жазды. Рас, мұнда осы қаржы анық «Қазақ» газетін шығару үшін жұмсалынды деген сөз жоқ. Бірақ солай болуы ғажап емес деген автор емеурінін тану қиын емес.

Бір көңіл аударарлығы – осы деректер біздің алдымыздағы зерттеушілердің назарынан тыс қалып келгендігі. Ал оның анық-қанығына жетуді ғылым талап етеді. Онсыз «Қазақ» газетінің дүниеге келу тарихы мен оның сан салалы қызметінің мән-мазмұны ашылып, ақиқаттың салтанат құруы қиын. Осы себептен де жоғарыдағы пікірдің, яғни бұл басылымды шығаруға «Троицк қаласында тұратын қазақтың атақты миллионері С. Жаманшалов жинаған қаражат жұмсалынды» деген болжамды ойдың қаншалықты шындық екендігіне тоқталмай кетуге болмайды.

Олай десек, алдымен, ол еңбектердің жазылған уақытын еске түсіре өткенді артық көрмейміз. 1932және 1936 жылы жарық көрген бұл кітаптардың 1928 жылдан басталатын бай-кулактарға қарсы күрестің қаулап тұрған мезгілінде баспаға дайындалғаны бекерден-бекер болмаса керек. Бұдан осы бір саяси науқанның идеология саласында да өрт болып, жалын құшып тұрғанын байқауға болады. Осындай «күйіп» тұрған уақытта жоғарыдағы зерттеушілердің партия сойылын соғудан басқа амалдары да қалмаған. Осы себептен де өздерінің зерттеу еңбектерін 1929 жылғы Қазақстан өлкелік партия комитеті Ү пленумының шешімдеріне сәйкес жазып шыққандары көзге ұрып тұр. Жазушы Сәбит Мұқановтың жоғарыдағы кітабында жазылғандай онда «Қазіргі қазақ әдебиеті – негізін де ескі байшыл, ұлтшылдардың, алашордашылардың әдебиеті. Сондықтан байшыл, ұлтшыл әдебиеттің сырын ашып, әдебиеттегі, жалпы көркем өнердегі оның ықпалымен қатты күресу керек» – деген нақты нұсқау берілген-ді. Оны орындау үшін, әуелі, қазан төңкерісіне дейінгі қазақ баспасөзіне тағылған нақақ жала, кінәларды (байшыл, ұлтшыл деген) дәлелдеп, жұрттың көзін жеткізу керек емес пе? Осы мақсаттарын орнына келтіру үшін қолдарына түскен деректердің анық-қанығын анықтамай жатып, оңды-солды қажеттеріне жаратуға асыққандары байқалады. Соның нәтижесінде «Қазақ» байлардың қаражатымен жарық көргендіктен солардың сөзін сөйледі, сондықтан байшыл басылым болды деген қорытынды келіп шығады. Оның соңы «байлар, байшыл оқығандар кеңес өкіметіне қарсы шыққанда таптық мақсаты қайшы келген соң қарсы шықты» деген пікір туғызбай қоймайды. «Қазақ» газетінің жарты ғасырдан астам уақыт қараңғы қапаста үні туған халқының құлағына жетпей «құлыпталынып» ұсталынып келгендегі тағылған айыптаудың бірі – міне, осы «кінәсі»

Бүгінгі күні арамызда осындай пікірді, яғни «Қазақ» қалталылардың қаражаты негізінде шығып тұрған деген ойды қолдап қана қоймай, оны тірілтуді мақсат тұтқан зерттеушілер жоқ емес. Мәселен, 1993 жылы қайта тірілген «Қазақтың» 266-санында жарық көрген, Оразайдың Ахметінің Мұхамедрахымы қол қойған «Газеттің шығу тарихынан» атты мақалаға сенетін болсақ, «Қазақ газеті»...жеке кісілердің жиған қаржы-қаражаты есебінен шығып тұрған. Газеттің шығуына өзге ел игі жақсылары да өз шама-шарқынша үлес қосқан болар, бірақ оның мөлшерін нақты айта қою қиын. Ахмет ишан Оразайұлы берген қаржы бір мың сомның көлемінде» болып шығады. Бұл – бұл ма, осы ой одан әрі өрбіп, екінші бір автордың айтуы бойынша, «Қазақ» газетін шығару идеясы Ахмет Оразаевтікі болғанын, сол Ахмет ауылында Міржақып Дулатов болғанда осы кісі тарапынан идеяның мақұл тапқанын және Оразаев Ахметтің газетті шығаруға қаржы беріп, құрылтайшылық еткенін газет тігіндісі де, Орынбор генерал губернаторлығының құжаттары да дәлелдеп отырғанға»1 ұқсайды. Бір әттеген-айы, мұны газеттің қайсы тігіндісіне және қандай құжатқа сүйеніп жазып отырғандығын автор нақты ашып айтпайды. Нәтижесінде өзге зерттеушілерді де шатастырып, тура жолдан адастырмай қалмайды. Осыдан келіп «...негізінен «Қазақ» газетінің тікелей дайындығының ауырпалығын көтергендер Мұстафа Оразаев пен Ахмет Байтұрсынов. Газеттің шығаруына алғашқы дайындықтар басталып, жұмыс қызған шақта Әлихан Бөкейханов Самараға жер аударылған болатын (1909), ал Міржақып Дулатов Семей түрмесінде жатқан-ды»,2 - деген күмәнді қорытынды келіп шығады.



Осы пікірлер шындыққа жанаса ма? Жоқ. Қолымыздағы мәліметтер оларды құптай қоймайды. Әсіресе, газеттің қаржы көздері туралы мүлде бөлек тұжырым жасауға негіз береді. Бір әттеген-айы, әлгіндегідей «Қазақ» қазақ қалталыларының қаражатымен жарық көріп тұрды деген пікір қазанын қайнатушылар, тым болмаса, басылым тігінділерінің өзі бұған не дейтініне мән бермеген. Соның салдарынан газет тігінділерінің материалдары мен оны зерттеушілердің (жоғарыдағы) пікірлері, бірінің сөзін бірі қолдамай тұрғандығын байқау көп қиындыққа соқпайды. Бұған көз жеткізу үшін енді деректерге жүгіне отырып әңгіме өрбітейік: «Қазақ» газеті – әуелі, тез ойланып, тез дүниеге шыққан істің бірі. Шығаруға бел байлағанда қолдағы пұлымыз небәрі 750 сом еді», - деп жазады А. Байтұрсынов «Газеттің бірге толып, екіге аяқ басқан күні» басылым басқармасының атынан оқырманға арнау сөзінде. Мұнда, яғни апталықтың 1914 жылғы 2-ақпанындағы санында жарық көрген бас мақалада жоғарыдағы қалталылар қосты деген қаражат туралы бір ауыз сөз жоқ. Газетке көмек берушілердің әрдайым есімдерін атап, алғыс сезімдерін білдіріп, қолдағы қаржының бір тиынына дейін есеп беріп отырған алаш азаматтарының оларды ұмыт қалдыруы мүмкін емес қой. Олай деуге ешқандай негіз жоқ. Мұны архив деректері де растайды. 1916 жылы Ресей ішкі істер министрлігі рухани істер департаментінің вице-директоры ерекше тапсырмалар чиновнигі Тарановский құпия қатынас хатында «Каспий» газетінің хабарлауына сүйеніп, қазақтар «Қазақ» газетіне өткен жылы 1600 сом ақша жинап беріп, материалдық қолдау жасаған көрінеді деп, бұл деректің қаншалықты шындыққа сәйкес екендігін анықтап, департаментке баяндауын өтінеді. Осы қатынасқа жауап ретінде жазылған құжатта: «Уведомляю Ваше превосходительство, что редактор газеты «Қазақ» Ахмет Байтурсынов начал издавать свою газету 2-го февраля 1913 года имея в своем распоряжении капитал лишь в сумму 750 рублей»3, - деп көрсетіледі.

1 Оразаев Ф.М. Қазақ қайта шыға ма? // Қазақ әдебиеті, 1993, 29-қаңтар.


2 Әбдіманов Ө. «Қазақ» газеті. – Алматы: Қазақстан, 1993, 36-бет.

3 Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы, 151-бет.





©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет