BilimLand – платформаны 2011 жылы Bilim Media Group компаниясы құрды. Электрондық оқыту бойынша әлем көшбасшыларының алдыңғы қатарлы жетістіктері негізінде жасалған цифрлық білім беру платформасы. Бұл – заманауи білім беру контентінің ірі сандық кітапханасы, қазақша, орысша, ағылшын тілдерінде барлық пәндерді қамтыған 30 мыңға жуық электрондық сабақ, тренажер, интерактивтік жаттығулар, оқытуға арналған видео, анимациялық фильмдермен қамтылған жиынтық. Қызықты электрондық сабақтар балаларға мектепке дайындалуға көмектеседі әрі бастауыш сынып оқушыларының оқуға деген қызығушылықтарын оятады. Сондай-ақ, математика, физика, химия, биология және басқа да мектеп пәндері бойынша ең қиын тақырыптарды қарапайым және қолжетімді тәсілмен түсіндіре отырып, жоғары сынып оқушылары үшін таптырмас көмекші құрал болып табылады. Цифрлық оқыту ресурстарына шектеусіз әрі тегін қолжетімділік – білім берудің сапасын арттыруға бағытталған.
Платформаға оқушылар логин және құпиясөз арқылы кіреді, кестедегі сабақты таңдап, алдымен сабаққа шолу, яғни, сабақ мазмұнымен және мақсатымен танысу қажет. Кейін "Алға" батырмасын басып, теориялық бөлімге көшеді. Теориялық бөлімде бейнетүсіндірме, конспект немесе өзге материалдар болуы мүмкін. Теориялық бөліммен танысқаннан кейін оқушыға әртүрлі қиындықтағы жаттығулар беріледі. Оқушы қате жауап берсе, қатемен жұмыс жасауға мүмкіндік бар. Барлық тапсырма орындалғаннан кейін әрбір бөлімнің нәтижесін, ал оң жақтағы "Сабақ қорытындысы" бөлімінде алған бағаны көруге болады.
Оқушылар үй тапсырмасын платформада орындай отырып, когнетивті әлеуметтік қабілеттіліктерін арттырады. Үй тапсырмасын орындау үшін сабақ кестесіндегі "Үй тапсырмасы" бөлімін таңдап, "Көшу" батырмасын басады. Сол жақ мәзірдегі "Үй тапсырмасы" бөлімінен де барлық үй тапсырмасын, орындалған-орындалмаған тізімді көруге болады. Бұл жерде сабақтың тақырыбы, пән және орындаудың соңғы мерзімі берілген. "Өту" батырмасын басып, үй жұмысын орындау керек. Мұғалімнен келіп түскен үй тапсырмасымен толық танысып, сабаққа қайта өтуге мүмкіндік бар. Төменде үй тапсырмасын орындау терезесінде оқушы тапсырма жауабын жазады. "Файл қосу" батырмасы арқылы қосымша файлдарды жүктеп, "Жіберу" батырмасын басады. Үй тапсырмасын жібергеннен кейін қайта өзгеріс енгізуге болмайды. Топтық жұмысты дамыту үшін, сыныптастарымен ортақ және жеке чатта тілдесе алады. Оқушы өз үлгерімін бақылау үшін күнделікке кіріп оқу процесін басқара алады.
Мұғалім "Чат" бөліміне кіріп, сынып оқушыларына хабарлама жаза алады. Одан бөлек, белгілі бір оқушыны таңдап, "Жеке хабарлама" батырмасын басу арқылы жеке хабарлама жібере алады. Сол жақ мәзірдегі "Оқушымен байланыс" бөлімшесінде жеке оқушыны таңдап, кері байланыс жасауға болады.
Ал оқушы мұғаліммен байланысу үшін сабақ кестесінен сол мұғалім сабақ беретін пәнді таңдап, "Чат" бөліміне кіру арқылы хабарлама жазады. Сондай-ақ, сол жақ мәзірдегі "Мұғаліммен байланыс" батырмасын басып, қажет мұғалімді таңдап, жеке хабарлама жібереді немесе жаңа хабарлама батырмасын басып, мұғалімді таңдау арқылы жеке хабарлама жазу мүмкіндігі бар.
BilimLand жаңа оқу жылында платформаға Zoom баламасын қосты. Енді мұғалім сабақ кестесінен сабақты таңдап, "Видеоконференция" батырмасын басу арқылы бір уақытта 45 адамға синхронды сабақ өткізе алады. Ол жерде сабақты өту уақытын көрсету керек. "Құру" батырмасын басқан соң шақыру сілтемесі шығады немесе "Видеоконференция" бөлімінде "Сабақты бастау" батырмасын басу керек. "Чат ашу" батырмасы арқылы оқушылармен жеке хабарлама алмасу мүмкіндігі бар. Оқушылар шақыру сілтемесіне өту арқылы сабаққа қосыла алады.
Достарыңызбен бөлісу: |