Ғылыми жетекші: Омарова А. К. «Қаржы» кафедрасының аға оқытушысы



Дата03.07.2016
өлшемі42.45 Kb.
#174113
М. Қанатұлы, С.Н. Нұрланова

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, Семей қ.

Ғылыми жетекші: Омарова А.К.

«Қаржы» кафедрасының аға оқытушысы
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Туризм - даму көрсеткіштері әртүрлі кез-келген мемлекеттің экономикасының, мәдениетінің дамуында ерекше орынға ие күрделі әрі көпжақты құбылыс болып табылады. Дүниежүзіндегі жалпы ішкі өнімнің 10%-ы, сонымен қатар қызмет көрсетудің 30%-ы, дүниежүзілік ақша салудың 7%- дық үлесі осы туризм саласына келеді.

Дүниежүзілік туризмнің, қазіргі жағдайына көз жүгіртер болсақ белгілі бір территорияны туристік мақсатта пайдалану үшін басты фактор ретінде табиғи жағдайлар мен табиғи ресурстар қарастырылады. Рекреациялық әрекет жасанды ресурстарсыз - ақ жұмыс істей берсе де, табиғи ресурстарсыз ешқандай жұмыс атқара алмайды, себебі адам ағзасындағы көптеген физиологиялық процестер функционалды түрде айналадағы қоршаған ортамен және оның элементтерімен тікелей байланысты.

Табиғи ресурстар туристтердің сұранысын қанағаттандыратын өнім ретінде туристтік саланың әрекет етуіне тікелей әсерін тигізеді. Табиғи ресурстар мен жағдайлар Еуропа, Азия, Америкада туризм орталықтары мен көптеген курорттардың қалыптасуында шешуші фактор ретінде қарастырылады. Соңғы жылдары қарқынды түрде айрықша табиғи жағдайларымен және ресурстарымен ерекшелінетін жаңа туристтік зоналардың қалыптасу үрдісі жүріп жатыр.

Біз қарастырып отырған Шығыс Қазақстан облысында, алуан түрлі табиғи жағдайларымен және ресурстарымен ерекшеленетін, туристтік саланы дамытуға қолайлы болып Қатонқарағай ауданы сипатталады. Күрделі таулы рельеф, көптеген айрықша табиғи объектілер, жергілікті ландшафтылардың сантүрлілігі, Алтайдың алуан түрлі жануарлар мен өсімдіктер дүниесі түрлі туристтік бағыттағы белсенді демалу формаларын: сауықтыру, танымдық бағдарламаларды, альпинизмді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Қатонқарағай территориясы геологиялық тұрғыдан да қызықты, сондықтан геотуризмді дамытуға барлық жағдайлар бар. Жоғарыда қарастырылып отырған туризм бағытын дамытуға айрықша геологиялық және географиялық объектілер негіз бола алады. Оларға табиғи объектілерге тамаша көрініс беретін тауларды, көптеген емдік қасиеті бар бұлақтар мен суы мөлдір көлдерді, биік терассалары бар Бұқтырма өзенінің аңғарын, Белуха тауының маңайындағы мұздықтарды т.б. жатқызуға болады.

Қазақстан ғалымдарының айтуынша, бұл өңірде 24 тарихи, 11 табиғи, 1 мәдени ескерткіштің әлемдік маңызы бар екен. Соның ішінде әлемдік археология ғылымының ірі жобасы «Берел қорғанының» маңызы ерекше. Соңғы 2-3 жылда «ашық аспан астындағы мұражай» , «Берелдегі патшалар қорғаны» , «Көккөл су құламасы», «Ұлы Жібек жолының солтүстік желісі», «Тау барысының мекені» сияқты табиғи нысандар зерттеліп жатыр. Қазіргі уақытта археологиялық туризмге ерекше көңіл бөлінуде. Археологиялық туризм халықаралық байланыс жүйелерін дамыта отырып, халықтың мәдениетімен танысуға және ұлттық әдет - ғұрпын дамытуға әсерін тигізбек.

Шығыс Қазақстандағы археологиялық туризмді дамыту жолдарын ұсынатын болсақ 1998 жылы ҚР ҒA-ның Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының қазақ-француз біріккен археологиялық экспедициясы (ҚФАЭ) қазақ Алтайының биік таулы аңғарындағы ежелгі көшпенділердің жерлеу ескерткіштеріне кешенді археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Міне, осындай ғылыми ынтаның жетегімен ҚФАЭ-сы өзінің 1996-1997 жылдары жүргізген барлап-тексеру жұмыстарының негізінде Шығыс Қазақстан облысының Ресей, Қытай және Моңғолия елі шекараларының түйісер тұсына орналасқан Қатонқарағай ауданына қарасты Берел қорымында екі обаға 1998 жылдың тамыз-қыркүйек айларында қазба жұмыстарын жүргізді.

Берел қорымы Бұқтырма өзенінің оң жақ жағасындағы биік таулы аңғарға (1100 м), Ақ Берел өзенініғ Бұқтырмаға құяр мүйісінен орын тепкен Берел ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 7-8 км жерге орналасқан. Солтүстік- шығыстан оңтүстік-батысқа қарай созылып жатқан аңғардың ені 2 км-ден асады. Аңғардың бас-аяғы қайың, балқарағай, самырсын, шырша аралас орманмен көмкерілген. Алтайдың Кемпір, Қайнар, Қарашоқы, Бетеу деп аталатын жоталарымен қоршалған.

Жоғарыда келтірілген географиялық объектілер ғылыми экскурсиялар мен фундаментальді зерттеудің объектісі бола отырып, жаратылыстану және ғылыми білімдерді насихаттауға сонымен қатар, студенттер мен окушылардың оқып білім алуындағы тақырыптарының бірі бола алады. Дегенмен туристтік саланы дамытуда табиғи ресурстар мен қатар әлеуметтік- экономикалық ресурстардың да қажет екенін ұмытпауымыз қажет. Әлеуметтік-экономикалық ресурстарға тарихи мәдени объектілер (ескерткіштер мен ескерткіш орындар, мұражайлар) және әлеуметтік құбылыстар (этнографиялық, саяси, өндірістік) жатады. Сонымен бірге осы ресурстарға қаржы, материалдық және еңбек ресурстары да керек. Қатонқарағай территориясында геотуризмді дамыту мақсатында пайдаланатын түрлі кезеңдер мен мәдениеттерге жататын археологиялық ескерткіштердің де маңызы ерекше.

Батыс Алтайдың өзіндік қайталанбас ерекшеліктеріне байланысты бәсекеге төтеп бере алатын туризм индустриясын құруга барлық мүмкіндіктер баршылық. Дегенмен туризмді дамытуға кедергі болып тұрған көптеген себептер де жоқ емес. Солардың ішінде ең негізгісі жалпы Қазақстанға тән фактор материалдық - техникалық базаның болжанатын сұранысқа сәйкес болмауы.

Сонымен қатар, Шығыс Қазақстанның табиғи жағдайлары жайында шет елдерде ақпараттың болмауы, бір сөзбен айтқанда жарнамаланбай қалуы.

Туристтік өнімді стимуляциялауға арналған шығындардың басқа да формалары- көрмелер, ресми сапарлар, туристік өкілдіктер жаңа туристтік ағындардың қалыптасуына септігін тигізері сөзсіз. Ұлттық туристтік өнім ерекшелігін ескеріп, тұрақты туристер ағынын қамтамасыз етуге қабілетті елдің туризм инфрақұрылымын дамыту үшін мына шаралар іске асырылуы қажет:

- жалпы пайдалану және туристтік мұқтажды қанағаттандыру үшін жол көлік инфрақұрылымын дамыту;

- ілеспе инфрақұрылымды: қолданыстағы және ықтимал туристтік аймақтардағы сумен, электрмен жабдықтау, қатты қалдықтарды жою жүйесі мен телекоммуникацияларды дамыту;



- туристтік кешендерді, этнографиялық мұражайларды және демалыс аймақтарын құру; тарихи мэдени және этнографиялық ескерткіштерді қалпына келтіру және мұражайға айналдыру.

Аталған шаралар іске саналы түрде асырылатын болса, аймақтағы туризмді дамытуға нақты қадамдар жасалатыны сөзсіз.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет