Ғылыми жұмыс денсаулық сақтауды мемлекеттік реттеу және «Мәңгілік ел» идеясына жету жолындағы адами ресурстың дамуына ықпалы



жүктеу 438.01 Kb.
бет1/3
Дата27.06.2016
өлшемі438.01 Kb.
  1   2   3


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті

Экономика және бизнес факультеті

Бизнес және іскерлік әкімшілік жүргізу кафедрасы



ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫС

Денсаулық сақтауды мемлекеттік реттеу және «Мәңгілік ел» идеясына жету жолындағы адами ресурстың дамуына ықпалы

Автор




Серікбаева Ж.Е., Тоқанова М.Қ.

5В051000 «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының 3-курс студенттері



Ғылыми жетекші




Домалатов Е.Б.,

Бизнес және іскерлік әкімшілік жүргізу кафедрасының оқытушысы, Жас ғалымдар мен студенттер кеңесінің төрағасы


Өскемен қ., 2014 жыл



Кіріспе

Зерттеу жұмысының өзектілігі: Жаһандану жағдайында әлемдегі бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына қосылу және сол деңгейді ұстап қалудың ең негізгі факторлардың бірі халықтың денсаулығы және мемлекеттің адами ресурстардың дамуына әсер ететін мемлекеттік бағдарламаларды зерттеу және денсаулық сақтау саласын мемлекеттік реттеу бойынша негізгі тұжырымдар мен ұсыныстар жасау 2050 жылға қарай әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылам деп отырған еліміз үшін ең маңызды факторлардың бірі болып табылады. Елдің бәсекеге қабілеттілігі оның экономикасымен ғана емес сол елде тұратын тұрғындардың хал-ахуалына, денсаулығына да байланысты. Сол себепті елмізідің Президенті өзінің «Мәңгілік ел – бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» жолдауының алтыншы бөлімінде «Денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық - алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту, мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі - медициналық қызметтің барлық жүйесінің басты қағидаты деп атап көрсетілді, сондай-ақ, тұрғындардың спортпен шұғылдануына, профилактикалық тексерулердің жиі жүзеге асуына барлық жағдайларды жасаудың қажеттілігіне тоқталып өтті.

Зерттеу жұмысының мақсаты: Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтауды мемлекеттік реттеу және «Мәңгілік ел» идеясына жету жолындағы адами ресурстың дамуына ықпалын зерттеу.

Зерттеу жұмысының мақсатына жету үшін келесі міндеттер алға қойылды:

  • Денсаулық сақтауды мемлекеттік реттеу және оның үздік шетелдік тәжірибесін зерттеу;

  • Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтауды мемлекеттік реттеудің ағымдағы жағдайын зерттеу;

  • «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асырудағы денсаулық сақтаудың алатын орнын зерттеу;

  • Денсаулық сақтаудың адами ресурстарды дамытуға ықпалын зерттеу.

Зерттеу пәнi болып Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласының қазіргі таңдағы жағдайы, бұл саланы мемлекеттік реттеудегі мәселелер мен оларды шешу жолдары және денсаулық сақтаудың адами ресурстардың дамуына әсері қарастырылады.

Зерттеу нысаны ретiнде Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесі және адами ресурстардың даму үрдісі.

Зерттеу жұмысының жаңашылдығын келесі тұжырымдамалардан байқауға болады:

  1. Денсаулық сақтауды мемлекеттік реттеу және оның үздік шетелдік тәжірибесі зерттеліп, оны дамыту бойынша ұсыныстар жасалды;

  2. Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтауды мемлекеттік реттеудің ағымдағы жағдайы зерттеліп, тұжырымдама жасалды;

  3. «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асырудағы денсаулық сақтаудың алатын орнын зерттелді;

  4. Денсаулық сақтаудың адами ресурстарды дамытуға ықпалын зерттеліп, ұсыныстар мен тұжырымдамалар жасалды.

Күтілетін нәтиже: аталған тақырып шеңберінде жүргізілген зерттеулер көмегімен «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру барысында ел экономикасының қозғаушы күші – адами ресурстардың жақсы дамуы үшін денсаулық сақтау саласын мемлекеттік реттеу мезанизімін жетілдіру бойынша айтарлықтай ұсыныстар бере алады, сонымен қатар, зерттеу жұмысының ең соңында (зерттеу жұмысы 2014-2016 жж арналған) жасалған ұсыныстар елдегі денсаулық сақтау саласын және оны мемлекеттік реттеуді жетілдіру бойынша, сондай-ақ адами ресурстарды дамыту арқылы әлеуметтік-экономикалық дамуға серпіліс пен әлеуметтік тұрақтылыққа жетуге бағытталған үлгі мен ұсыныстар бере алады.

Ғылыми және қолданбалы мәні: Жұмыстың қорытындылары мен ұсыныстары экономика, қаржы, есеп және аудит, мемлекеттік және жергілікті басқару мамандықтары бойынша студенттерге дәрістер оқуға (дайындауға) немесе оқу-әдістемелік материалдарды дайындауда көмектеседі. Зерттеудің нәтижелері Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы негізгі мәселелердің алдын алу және шешу бойынша ұсыныстар бере алады. Адами ресурстардың дамуының негізгі факторы болып табылатын денсаулық сақтау саласының болашақтағы даму тенденцияларын, сонымен қатар оның ұйымдастырушылық-экономикалық механизмдерін дамыту бойынша айтарлықтай ұсыныс бере алады.

Зерттеу нәтижелерінің сынақтан өткізілуі.

Зерттеу жұмысы тақырыбының негізгі нәтижелері «Интеграциялық процестерді күшейту тұрғысындағы мемлекеттік басқару» ғылыми үйірмесінің отырысында тыңдалды және университетішілік «Жас талап-2013» және «Жас талап-2014» байқауында, «Қазіргі кезеңдегі жоғары кәсіби білім берудің дәстүрлері мен жаңартулары» атты «Уәлиев оқулары - 2013» Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында (26-27 қараша, 2013 ж), «Қазақстан Республикасы ғылымындағы жастар миссиясы» атты IV Республикалық жас ғалымдар мен студенттердің ғылыми-тәжірибелік конференциясында сынақтан өткізілді.

Зерттеу жұмысы тақырыбы шеңберінде жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижелері С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-нің оқу үрдісіне енгізілді.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
1 тарау. Денсаулық сақтауды мемлекеттік реттеу және оның үздік шетелдік тәжірибесі

«Денсаулық – зор байлық» дегендей әрбiр адамның денсаулығы оның толыққанды тiршiлiк етуiн ғана емес, сонымен қатар оның мүмкiндiктерiнiң әлеуетiн анықтайтын факторға айналып отыр. Халық денсаулығы жағдайының деңгейi өз кезегiнде, елдiң әлеуметтiк-экономикалық, мәдени және индустриялық даму шамасын айқындайды. Медициналық көмек көрсетудiң қолжетiмдiлiгiн, уақтылылығын, сапасы мен сабақтастығын қамтамасыз етуге қызмет ететiн бiрыңғай дамыған, әлеуметтiк бағдарланған жүйенi бiлдiретiн денсаулық сақтау саласы халық әл-ауқатының орнықты және тұрақты өсуi тұрғысынан алғанда республикадағы негiзгi басымдықтардың бiрi болып табылады. Халықтың дене және рухани күшінің жан - жақты дами беруіне қолайлы жағдайлар туғызу, жалпыға бірдей, жоғарғы дәрежедегі мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету біздің тәуелсіз егеменді мемлекетіміздің аса маңызды міндетерінің бірі. Жалпы денсаулық сақтау - өмір сапасының ортақ бір көрсеткіші және қоғамның әлеуметтік дамуының белгісі. Халықтың мықты денсаулығы – экономикалық және мәдени өсудің шарты.

Президент Н.Ә.Назарбаев «Жаңа әлемдегi жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында елiмiздiң дамуының жаңа кезеңiндегi мемлекеттiк саясаттың бiр бағыты медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту және денсаулық сақтаудың жоғары технологиялық жүйесiн дамыту болуы керек деп атап көрсеттi. Медициналық қызметтердiң сапасы кешендi ұғым болып табылады және ол көптеген көлемдi себептерге байланысты, олардың iшiнде медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жарақталуын, клиникалық мамандардың кәсiби деңгейiн және оны арттыруға деген уәждемесiнiң болуын, медициналық көмектi ұйымдастыру мен көрсету үдерiстерiн басқарудың қазiргi заманғы технологияларын енгiзудi, медициналық көмекке ақы төлеудiң тиiмдi әдiстерiн енгiзудi бөлек атап өткен жөн.

Денсаулық сақтау жүйесі бұл – қоғамның маңызды әлеуметтік бөлігі, оның жағдайына денсаулық қана емес, тіпті адам өмірі де байланысты болады.

Денсаулық сақтау жүйесінің басты мақсаты денсаулықты жақсартумен

тұжырымдалады. Оған екі жолмен қол жеткізуге болады: медициналық қызметтердің жақсы сапасы мен медициналық көмек мүмкіндігінің əділдігі. Жақсы сапа (ДДҰ анықтамасы бойынша) ең қол жетерлік орташа деңгейді білдіреді, яғни “орташа” жүйе өзінен не күтілсе, соны қамтамасыз етеді; əділдік барлығына бірдей екендігі, кез келген сұранысқа кемсітусіз (алалаусыз) үн қататыны туралы айтады. Бұл ретте, адамдардың жабдықтаушылар жəне медициналық-санитарлық қызметтердің тұтынушылары ретіндегі, денсаулық сақтау жүйесінің қаржы салымшылары ретіндегі, соның ішіндегі қызметкерлер ретіндегі жəне жауапты басқаруға немесе соларға жетекшілік етуге жауап беретін азаматтар ретіндегі ролін, сөзсіз, ескеру керек.

Денсаулық сақтау жүйелерінің нəтижелілігін бағалаудың (ДЖНБ) негізгі қағидаларын соңғы жылдарда дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы əзірледі жəне ол əлеуметтік мəндегі үш мақсатты қамтиды, сол мақсаттарды жүзеге асыруға денсаулық сақтау жүйесі септігін тигізеді, атап айтқанда:


  • халықтың денсаулық жағдайын көтеру (деңгейі жəне бөлу бойынша);

  • денсаулық сақтау жүйесінің қайырымдылығын жақсарту (деңгейі жəне бөлу бойынша);

  • денсаулықты қорғауға əділ қаржы жарнасын қамтамасыз ету.

Денсаулық сақтау жүйесінің алдына қойған мақсаттарға жетуі маңызды төрт қызметке байланысты: көмек көрсету, ресурстармен қамтамасыздандыру, қаржыландыру мен басшылық ету. Денсаулық сақтау жүйесінің белгілі бір түрлері адамдар өз денсаулықтарын қорғауға жəне ауруларын емдеуге əрекет жасаған кезден қолданыла бастады. Алайда осы терминнің қазіргі заманғы ұғымындағы денсаулық сақтаудың ұйымдасқан жүйелері ХІХ ғасырда жоқтың қасы болды. Адамдар ауруханаларға сирек қаралатын еді. Солардың көпшілігі көп балалы отбасыларда дүниеге келді. Нəресте кезінде жəне балалық шақта оларға өте қауіпті толып жатқан аурулар қатер төндірді, олар – қызылша, шешек, безгек, полиомиелит аурулары. Нəрестелер өлімі мен балалар өлімінің көрсеткіштері, аналар өлімінің көрсеткіштері сияқты өте жоғары болды. Болжалды өмір сүру ұзақтығы тым қысқа еді – осыдан жүз жыл бұрын ол небəрі 48 жасты ғана құрады. Əйелдер əдетте үйде босанатын да, оған дəрігердің қатысуы өте сирек болатын. Соңғы жүз жыл бойына денсаулық сақтау жүйелері реформалардың тұтас буынынан өтті, оған денсаулық сақтаудың ұлттық жүйелерін құру мен əлеуметтік сақтандыру жүйелерін кеңейту де жатады. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастырудың негізгі екі түрі бар:

  1. мемлекеттің қолдау көрсетуіне жəне салық көздерінен қаржыландыруға негізделгені;

  2. əлеуметтік сақтандыру жүйесіне құрылғаны.

Денсаулық сақтау жүйесінің функциялық бағыттары, медицина қызметінің өндірісі, өндірістің мақсатымен және бұл мақсаттың әлеуметтік мағынасына қарай анықталады. Денсаулық сақтау жүйесінің әлеуметтік аспектісінің үлкен мағынасы бар, ол халықтың денсаулығын қамтамасыз етуін және адам ресурстарының сақталуын көрсетеді. Денсаулық сақтау жүйесінің әлеуметтік тиімділігін, сонымен қатар, әлеуметтік залалды алдын алу мөлшерімен де анықталады. Олардың болмауы негізінен медициналық шаралармен ескертілген. Еңбек ресурстарының жағдайына және өмірлік деңгейіне медициналық қызметтің көрсетілу мәдениті және сапасы, халықтың медициналық қызметпен қамтамасыз етілуіне қанағаттануы, медициналық көмек алу кезінде уақыттың тиімді пайдалануы әсер етеді. Денсаулық сақтау жүйесінің дамуының деңгейі, қоғамның әлеуметтік – экономикалық жағдайының сапасының негізгі көрсеткіші болып келеді.

Соңғы жылдары негiзгi медициналық көрсеткiштер – туу, өлiм-жiтiм, өмiр сүрудің орташа ұзақтығы тұрақтандыруға қол жеткiздi. Жұқпалы аурулармен ауыру төмендедi. Денсаулық сақтау саласында бiрқатар реформалар жүргiзiлді, олардың бір бөлiгi табысты iске асырылды, басқалары өзiнiң қисынды жалғасына жетпеді. Соңғыларына мiндеттi медициналық сақтандыру жүйесiн құруды, отбасылық медицина моделiне көшуге әрекеттенудi жатқызуға болады. Солардың арасынан саланың нормативтiк құқықтық базасын құруды, денсаулық сақтауды қаржыландырудың елеулi ұлғаюын оң өзгерiстер ретiнде атап өткен жөн, бұл бірқатар қазiргi заманғы клиникалардың құрылысын жүзеге асыруға, медициналық ұйымдарға күрделi жөндеулер жүргiзуге және олардың материалдық-техникалық жарақтандырылуын жақсартуға, емдеу-диагностикалық процесіне жаңа медициналық технологиялар енгiзуге мүмкiндiк туғызды. Медициналық көмек көрсетудің сапасын жақсарту және оның қолжетімділігін арттыру нәтижесiнде бiрқатар жұқпалы және басқа да ауруларға қатысты халық денсаулығының жай-күйінде оң үрдiстерге қол жеткізілді. Алайда республика халқының денсаулық жағдайы өлшемiнiң көптеген бөлігі қанағаттанғысыз болып отыр.

Осыған байланысты түсінетініміз, қоғам және денсаулық сақтау жүйесі тығыз байланысты болып келеді. Қоғам денсаулық сақтау қызметтерімен өздерінің әртүрлі емдік алдын алу көмектерде қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қолданады. Мұндай қатынас көрінісі (1 суретте) көрсетілген. Суретте көрініп тұрғандай: ауру адамдармен жазылған адамдардың денсаулық сақтау жүйесінің қызметтерімен қолдана отырып орын алмасуы, көмек алғаннан кейін қайтадан қоғам тобына қосылуы, және қажеттілік туғанда көмекпен қайта қолдануы бейнеленген.

Сурет 1. Халықтың денсаулығына әсер ететін факторлар және соңғысының денсаулық сақтау жүйесіне әсері.


Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау Ұйымы 191 елдің денсаулық сақтау саласын жете зерттеп, ең үздік деп Францияны атады. Зерттеу мынадай критерийлерге сүйеніп жасалды: тиімділік, қолжетімділік, халық мұқтаждығына сәйкестік. Францияда ең жақсы ауруханалар, ең білікті дәрігерлер, заманауи техникалық жабдықтау және осының бәріне халық толықтай қолжеткізе алады. Екінші орынға Италия мемлекеті орнықса, үшінші, төртінші және бесінші орындарға кішкентай мемлкеттер Сан-Марино, Андора, Мальта табан тіреді. Әрі қарай Сингапур мен Испания орынығып, сегізінші орын Оман мемлекетіне бұйырды. Сондай-ақ, үздік ондыққа Австрия мен Жапония да кірді. Денсаулық сақтау саласына бюджеттен қыруар қаржы бөлетін АҚШ тек 37 орынды қанағат етіпті. БДҰ (ВОЗ) тізімінде біздің Қазақстан 64 орында болса, бұрыңғы кеңес елдерінің ішінен Литва -73, Белорусия -74, Эстония -79, Молдавия -101, Армения -104, Латвия -105, Әзербайжан -109 орындарды иеленді. Рессей болса бұл тізімнің 130-орынына түсіп, 131-орынға Гондурас мемлекеті табан тіреген. Алпауыт Қытайға тек 144 орын бұйырып, осы тізімнің соңғы орнына Сьерра-Леона орныққан.
Commonwealth Fund тәуелсіз ұйымы ең үздік денсаулық жүйесін тек индустриальды дамыған 7 мемлекеттің ішінен анықтады. Бұл ұйым медицина саласының сапасы, емдеудің тиімділігі және қолжетімділігі, өмір сүру ұзақтығы, өмір сүру сапасы сияқты көрсеткіштерге негізделген. Нәтижесінде дамыған елдер мынадай тізіммен орнықты: 1-Нидерланды, 2-Ұлыбритания, 3-Австралия, 4-Германия, 5-Жаңа Зеландия, 6-Канада, 7- АҚШ. АҚШ денсаулық сақтау саласына ең көп қаражат жұмсағанымен бұл тізімде де бірінші бола алмады. Бір американдыққа денсаулық сақтау саласына жұмсалатын 7,3 доллар, голландықтар жұмсайтын 3,8 доллардан тиімдірек бола алмады. АҚШ та медициналық көмектің қол жетімділігі төменгі деңгейде. Себебі Америкада ең қымбат медицина, әлі де қымбаттау үстінде. Нидерландыда денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру және медициналық көмекпен қамтамасыз ету туралы заңнамалар өте жақсы жұмыс істейді. Бұл елде халық жақсы ақпараттандырылған және өзіне ең қолайлы, ең сапалы емнің түрін таңдай алады. Сол себептенде, Euro Health Consumer Index (EHCI) жүйесіде Нидерланды денсаулық сақтау саласын европадағы ең үздік деп біледі.

Американың Newsweek саяси-қоғамдық басылымының рейтингі бойынша өмір сүруге ең қолайлы мемлекет Финдляндия болса, ең үздік денсаулық сақтау жүйесі Жапонияда екен. Жапония азаматының орташа өмір сүру ұзақтығы 82 жас. Азаматтардың өмір сүру ұзақтығы денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігінің бір көрсеткіші болып табылады. Алайда Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымының пікірінше азия аймағындағы ең үздік медицина Сингапур елінде. Әр жыл сайын Сингапурға емделу үшін 500 мың адам келеді екен. Сингапурда медицинаның барлық саласы бойынша өте білікті мамандар жұмыс ісдейді. БДҰ-ның мәліметіне сүйенсек, бұндай ең көп білікті мамандар азия аймағы бойынша Сингапурда ғана бар. Бұл елдің дәрігерлері АҚШ, Европа елдерінен және Жапонияда білім алып, тәжірибе жинайды. Осы арқылы Сингапур денсаулық саласы батыс пен шығыс медицинасының ең жақсы жақтарын жинаған. Европа және АҚШ-пен салыстырғанда бұл елде емделу және диагностика өте арзан, яғни, қол жетімді. Ал Қазақстан денсаулық саласына жаңадан енгізілген Біріңғай Ұлттық Денсаулық сақтау бағдарламасы осы Сингапур медицинасының тәжірибесіне қарап жасалған. Осы уақытқа дейін Сингапурда бұл бағдарлама жақсы нәтижелер көрсетті. Медициналық қызметтің сапасын бұл елде үкімет қадағалайды. Заңнамалық жүйесі жоғары деңгейде жұмыс істегендіктен, кез-келген емделуші өз мүддесінің толықтай қорғалатынын біледі. Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау Ұйымының ең үздік ондықта Оман мемлекеті сегізінші орында тұр. Бұл таңғаларлық жетістік. Осыдан жиырма жыл бұрын Оманда балалардың 23% бес жасқа жетпей өлетін. Ал бүгінгі күні әлемдегі ең үздік денсаулық сақтау жүйесінің бірі болып отыр. Бұл елде 1970-жылдары дәрігерлер өте аз болатын. Науқас медициналық көмек алу үшін төрт күн жол жүретін. Алайда бұл жағдай қазір өзгерді. Мұнай саласының дамуы бұл елде денсаулық сақтау жүйесіне қаражатты көп мөлшерде бөлуге жол ашты. Қазір Оманда жергілікті, аудандық, аймақтық, медициналық мекемелерден құралған үлкен желі жұмыс істейді. Әрбір медициналық мекемеде кадр саны 5 адамнан кем емес.

Франция денсаулық сақтау жүйесіне тоқталатын болсақ, бұл денсаулық сақтау жүйесі өзінің күрделілігімен ерекшеленеді. Бұл жүйеде медициналық көмек көрсету және денсаулық сақтауды қаржыландыру мемлекеттік және жеке секторды біріктіре отырып, міндетті медициналық сақтандыру негізінде жұмыс істейді. Медициналық көмек кең көлемде ауруханалардың деңгейде ғана емес, амбулаториялық деңгейде де жүзеге асырады. Денсаулық сақтау жүйесі Франция халқының сұранысына толықтай жауап береді. Евро Кеңестегі өзге елдерге қарағанда Францияда туылу және өлім деңгейі жақсы көрсеткішке жетті, алайда СПИД індетіне шалдыққандар және алкоголь мен шылым пайдалану деңгейінің жоғары болуы жақсы көрсеткіштерге кері әсер етеді. Медициналық көмекке халықтың бір деңгейде қолжетімділігін Ұлттық медициналық сақтандыру қамтамасыз етеді. Ұлттық медициналық сақтандыру Франция халқының 99% қамтиды. Франция азаматының медициналық сақтандыруына қаржы азаматтың жалақысынан ұсталып отырады. Тіпті зейнеткерлерден де медициналық сақтандыруға ақша ұсталады. Азамат аяқ астынан ауруханаға түскен кезде оның емінің ақысын медициналық сақтандыру төлейді.

Франциямен бірге үздік ондыққа кіретін Австрия мемлекетінің денсаулық сақтау жүйесі сақтандыруымен ерекше. Бұл елдің әлеуметтік саясаты өте тиімді жұмыс істейді. Австрия ден-саулық сақтау саласына жалпы табысының 8,3% жұмсайды. Австриялық дәрігерлер табиғат апаттарының салдарын жою жағынан жақсы жұмысымен атақты, ал Австрияда медициналық жабдықтары ерекше сұранысқа ие. Австрия мемлекеті бірінші болып 2005 жылы электронды медициналық қызмет көрсетуді енгізді. Барлық азаматтарда элетронды карта болады. Бұл картада азамат туралы барлық ақпарат сақталады, оның жеке, әлеуметтік, медициналық сақтандырулардың нөмері. Осы карта арқылы азамат Австрияның кез келген жерінде медициналық көмек алуына, дәріханадан дәрі сатып алуына да мүмкіндік туды. Е-карта арқылы емделуші туралы барлық ақпарат комьпютерлік базада сақталады. Дәрігер е-карта номерін енгізу арқылы науқас туралы толық ақпаратты компьютер базасынан алады. Бұл карта адам дүниеге келгеннен бастап қолданысқа беріледі.

БДҰ-ның стандартына сай Италия ең үздік медициналық қызмет көрсететін мемлекеттер қатарына жатады. БҰҰ-ның деректеріне сәйкес, Италияда орташа өмір сүру ұзақтығы ерлерде 76 жас, әйел адамдарда 82 жас. Бұл елде дәрігерлер өте көп, 160 адамға 1 дәрігерден келеді. Бұл әлем бойынша ең жоғары көрсеткіш. Италия үкіметі денсаулық сақтау жүйесіне жалпы табысының 6% жұмсайды. Италия медициналық сақтандырудан Франциядан кейінгі екінші орын алады. Италияның Ұлттық денсаулық сақтау жүйесі жергілікті денсаулық сақтау органдарымен басқарылып, Евро кеңестің азаматтарына тегін немесе өте арзан медициналық қызмет көрсетеді. Шетел азаматтары да Италия жеріне аяқ басқаннан кейін медицианалық сақтандыруды алуға міндетті. Италия жерінде медициналық сақтандырусыз тұру заңға қайшы келеді. Медициналық сақтандыру жеке және мемлкеттік болып бөлінеді. Әр азамат медициналық сақтандырудың өзі қалағанын таңдауға құқылы. Әлемдегі ең үздік денсаулық сақтау жүйесі ретінде саналатын Испанияның медициналық қызметі БДҰ –ның рейтингінде үздік ондыққа кіреді. Испанияның медициналық қызмет көрсету саласы «көп нұсқалы» болып келеді. Бұл елдің Ұлттық денсаулық сақтау жүйесі халықты түгелдей қамтиды және медицианлық қызметке тең деңгейде қолжетімділік принціпіне негізделген. Денсаулық сақтау саласы салықтың арқасында қаржыландырылады. Қазіргі кезде халықтың 93,9% тегін медицианылық көмек алуына құқылы. Испанияның мемлекеттік медициналық мекемелерінде емделу тегін. Дегенмен, емделуші ішетін дәрілер бағасының 40% төлеуге міндетті. Бірақ қазіргі уақытта зейнеткерлер мен жұмыссыздарға дәрілер тегін жіберіледі. Сонымен қатар Испания үкіметі алкоголь мен темекіге төленетін салықты көбейту арқылы денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражатты арттырды. Испанияда жедел жәрдем қызметі өте жақсы дамыған. Әр бір мемлекеттік медициналық мекемеде міндетті түрде жедел жәрдем қызметі жұмыс істейді. Әр әкімшілік округте білікті мамандар жұмыс істейтін, жоғары сапалы жабдықталған мемлекеттік медициналық мекеме болуға тиіс. Сонымен қатар өзге де европа елдеріндегідей Испанияда да сақтандыру жүйесі жақсы дамыған. Көптеген медициналық сақтандыру компаниялары бар. Компаниялар сан түрлі медициналық сақтандыруды ұсынады. Жеке сақтандырудан бастап, отбасылық сақтандыруға дейін бар.

Канаданың денсаулық сақтау жүйесі үкіметі мақтан тұтатын салалардың бірі. Медициналық қызмет көрсету Medicare деп аталатын денсаулық сақтау бағдарламасымен жұмыс істейді. Бұл бағдарлама бойынша медицианалық қызмет көрсету жергілікті басқару, федаралды басқару органдары арқылы үкімет белгілейтін ортақ принциппен жүзеге асырылады. Қаржыландыру да жергілікті округтің бюджетінен жүргізіледі. Канада десаулық сақтау саласы алғашқы емдеу, яғни, терапевттік жүйесіне негізделеді. Терапевттердің жұмысына ерекше көңіл аударылады. Канадада медициналық қызмет көрсету тегін. Америкамен салыстырғанда Канадада медициналық қызмет қолжетімді.

Ал Европаның саяси тұрақты елдерінің бірі әрдайым сапалы медициналық қызметпен ерекшеленген. Мысалы Швецария мемлекетін қарастыратын болсақ, бұл елде денсаулық сақтау жүйесінің негізі «міндетті медициналық сақтандыру» болып табылады. Аты айтып тұрғандай, медициналық сақтандыруды барлық азаматтар жасауға міндетті. Бұл жерде медициналық сақтандырудың тек жеке түрі ғана бар. Бірақ бұл мемлекетке де, азаматтарға да өте тиімді. Ал медицина Швейцарияда өте қымбат. Мысалы дәрігерге жай қаралу 200 доллар тұрса, толықтай диагностикалық тексеруден өту 2000 доллар шамасында болады. Швейцария нейрохирургия, кардиохирургия, онкология және пластикалық хирургиядан алғашқы қатардан көрінеді. Сонымен қатар Швейцария дәрі шығарудан да әлемдік көшбасшыладың бірі.

Қорытындылай келе, әлемдегі ең үздік Денсаулық сақтау жүйесімен ерекшеленетін мемлекеттер туралы ақпарат болды. Әрбір елдің денсаулық сақтау саласында өзіне тән ерекшеліктер бар. Қазақстан денсаулық сақтау жүйесі Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының тізімінде 64-орында тұр. Отандық денсаулық сақтау жүйесінде соңғы жылдары көптеген реформалар жасалып, түрлі бағдарламалар қабылданды, қаржыландыру да жақсарды. Денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктерді жою арқылы болашақ ұрпаққа жарқын өмір сыйлайтынымызға сенейік. Біздің Денсаулық сақтау саласында «Бірыңғай Ұлттық Денсаулық сақтау жүйесі» бар, «Саламатты Қазақстан» бағдарламалары бар және олардың сәтті жүзеге асырылуы жағдайда еліміздегі денсаулық сақтау жүйесі анағұрлым нығайып, әлемдік денсаулық жүйесі дамыған елдермен керегесі кең, ұлт денсаулығы мықты, экономикасы қарқынды дамуына оң септігін тигізетіне кәміл сенеміз.


  1   2   3


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет