Қазіргі қазақ поэзиясының жанрлық-тақырыптық ерекшеліктері, жас ақындардың шығармашылығы.
Жастар шығармашылығы туралы сөз болғанда әуелі есімізге Мағжанның «Мен жастарға сенемін» деген өлеңі оралады. Онда ақын: Арыстандай айбатты. Жолбарыстай қайратты - Қырандай күшті қанатты. Мен жастарға сенемін! Көздерінде от ойнар, Сөздерінде жалын бар, Жаннан қымбат оларға ар, Мен жастарға сенемін! - деп ағынан ақтарылған болатын. Ал сол жастар үмітті ақтады ма?
«Біздің жас ақын-жазушыларымыз әдебиетке біз жастар тақырыбымен келеміз деп еді. Асыл тастан, ақыл жастан деген халық қағидасы бойынша үлкендеріміз үлкен үміт еткенбіз. Ол үміт әлі ақталған жоқ». Бұл сөз Ғабит Мүсіреповтың 1984 жылы Жазушылар одағында 82 жасында айтқаны. Қазірде құнын жойған жоқ. Алдыңғы буынның соңғыларға көңілі толмаушылық өткен ғасырдың соңына келгенде талай данамыздың өкпесін қара қазандай қылған түрі бар. Десе де барға қанағат жасайтын, алғы күнімізге үмітпен қарайтын халықпыз ғой. Әуезов 1960 жылы «Жыл келгендей жаңалық сеземiз» атты мақаласында: «...Сол жайды бiз өзiмiздiң жастар туғызып жатқан қазақ поэзиясы, қазақ лирикасы жайында айтқым келедi. Осы үш саланың табыстарын жаңа жыл келгендей өнердiң жаңа, жас қайраткерлерi келiп, қазақтың музыка, живопись, поэзия өнерiне жаңа бiр жыл келгендей жақсылық әкеле жатқан сияқты» - деген болатын. Ескерте кетерлігі мұнда Мұхаң прозамыз жайында емес тек «қазақ поэзиясы, қазақ лирикасы жайында» сөз қозғап отыр.Онан кейінгі толқында да Жастар жағына мойын бұрып, олардың шығармашылығы туралы сөз қозғағандар аз болған жоқ.
Жастар және олардың поэзиясы төңірегінде Әбіш Кекілбаев: «...Жасырақ кездеріңізде, бойларыңда қуат бар кезде көбірек оқып, көру жадыларыңызбен қоса миларыңыздың жұмыс жасауын құлпыртыңыздар... Қазіргі жігіттер әдемі сөйлейді, ал, жазған кезде қате-қате жазады...қазақтың поэзиясындай мықты поэзия жоқ. Мен өзге ұлттардың әдебиетін біршама білемін, осының ішінде қазақтың өлеңіндей өте мәнді, өте әдемі, барлық жағынан жетілген өлең өте аз. Әсіресе, жастар поэзиясы. Осы поэзияның деңгейіне әдебиеттің қалған жанрлары да жетер болса - қазақ әдебиеті ең бір дамыған, оқсаулы әдебиет боп шығар еді... Қазақтың таланттыларының бәріне ортақ бір кемшілік - өзінің жеткен деңгейінде тұра алмайды. Бұл жағынан олар алдындағы Жұмекен сияқты ағаларынан үйрену керек альпинист сияқты... алған шыңында қадалып тұра алған», - деп үміті мен талабын қатарынан білдірсе, Асқар Сүлейменов: «Ұрпақ - ұрпақпен ұрпақ. Аға буын ағалық қамқорлығын көрсетсе, рухани мұраның тарих қоржынында қабаттасып қала бермейтініне есеп беріп отыр. Қазіргі жас - тарихтың мұрагері, сондықтанда сол мұраны жетпек жеріне жетелеп кетеді деп, соның азабына да, ауыртпалығына да таймай барады деп үміт артады. Бұл - сенім, бұған қоса жауапкершілік. Аға үміті ақ үміт, оны ақтамағаның өзіңді ойға, етекке тастағаның. Кім өзін тау табанынан көргісі келеді дейсіз? Әдебиеттің жаңа буынына, ең жас буынына бұл туралы әбден ойлану керек. Әншейін көкірек қағып, құрғақ мақтанудың жетегіне еріп емес, өздерінің табысына да, табыс көріне бермейтін тайыздығына да шын суреткерше асықпай, аптықпай, байыпты қарап ап ойланғаны шарт... Жаңа буын жаңаның жасаушысы болуға шамасы жетпесе, үлескері болуы керек» - деді.
Алдыңғы буын аға толқындарға бір көз тастасақ, өткен ғасырдың соңында қазақ әдебиетінің аспанына көтерілген жарық жұлдыздар аз болған жоқ. Олардың шоғырында Т.Айберген, Ж.Нәжімденов, М.Мақатаев, Қ.Аманжолов, С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков, С.Жиенбаеав, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ж.Жақыпбаев, О.Сүлейменов, М.Шаханов, Ф.Оңғарсынова, Е.Раушан, Т.Медетбек, И.Оразбек, Ж.Әбдіраш, И.Сапарбай, Т.Медетбек, Ж.Бөдеш, М.Айтқожина, Ұ.Есдәулет, Ғ.Жайлыбай, С.Ақсұңқар, Н.Айт, М.Ақдәулетов, Т.Әбдікәкім ... жұлдыздары бар. Олардың ізін басқан жас буын өкілдерінен ғасырлар өларасында жарқырап көзге түскен Гүлнар Салықбаева, Сабыр Адай, Бауыржан Жақып, Светқали Нұржанов, Маралтай Райымбек, Жарас Сәрсек, Танакөз Толқынқызы т.б. секілді жалынды жастарды атауға болар еді. Ендеше, «енді кіміміз бар?» деген сауалға толық жауап бере алмасақта, талпыныс жасап жаңа ғасырдан жаңа есімдерді іздеп көрейік. Осы арада жас ақын анықтамасы туралы ой білдіре кетсек, өнердің жаспен өлшенбейтігін айтар едік. Әрине, талант жаспен емес, еңбекпен көрінеді. Өз халқына ғана танымал болып қалмай, аты әлемге машһұр болған Байрон, Петефилер жиырма бес-жиырма алты жыл ғана ғұмыр кешіпті. Пушкин, Шоқан, Сұлтанмахмұт, Төлегендер отызға жетер жетпесте-ақ талантын танытып үлгерген екен.Осыған қарап бүгінгі жастарды «жастар», «жас ақындар» деп бөлгеннен көрі әдебиетіміздің «жаңа легі» деп атаған да теріс болмас еді. Шын мәнінде мәселе олардың атында емес, затында - өлеңінде екенін ескерсек, жайқалған жас майсаның көркінен көрі, күзде беретін дәніне үңілетінімізде де рас. Олай болса бүгінгі «қазақтың қара шаңырағында қайнап жатқан жыр қазанына қарап тоқтықпен марқаюымыздың» себебі неде?
Қазақ өлеңінің бастауы қара өлең болғанмен жыраулар жырымен есейіп, өзге ұлт әдебиетімен қанаттанған Абай және Абайдан кейінгі озық ойлы ақындар легінің поэзиямызды ғарышқа көтергенін мақтаныш етуіміз керек. Қазақ әдебиетінің додалы дүбірінде бір-бірімен үзеңгілесе, аузынан ақ көбік бұрқап, ентелей шапқан дүлдүлдер тобы көп болды. Алды тізгін ұстатса, арты қарадан қалысқан жоқ. Осылайша оңымыздан айымыз жарқырап, солымыздан жұлдызымыз туды. Поэзия байырлылығымен бе, шағын, өткір жанырлығымен бе өсу, биіктеу жағында ежелден ақ марқалығын көрсетіп келді. Прозамыздан да оқ бойы озып отырды. Көркем әдебиет дегеніміз сөз өнері. Демек, сол сөзді «тілге жұмсақ, жүрекке жылы тигізетін» нағыз ер, дана болу үшін отқа күйіп, суға малтыққаннанда ауыр сынаққа түсуіңе тура келеді деген сөз. Мың ойланып, тоқсан толғанып, содан тобықтай түйін тапқанда ғана ол өлмес құндылыққа ие бола алады. Арзан атақ үшін көппен бірге далбасалаймын деп қасиетті өнерді - киелі сөзді былғауға әсте болмайды.
Ұлт ұстазы атанған А.Байтұрсынұлы: «Сөзі аз, мағынасы көп, терең.... Не нәрсе жайынан жазса да, Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларды сынайды» дегенді айтады. «Өнердің ең алды - сөз өнері деп саналады. «Өнер алды - қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз қадірін білгендіктен айтқан», - дейді тағы да сол дана. Қазақтар «буынсыз қызыл тіл» дегенді бекер айтпайды. Оны өз қалауыңша қалай толғауыңа да болады. Бірақ оқырманның қалауындағы сөзді табу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мысалы: «Жапырақ қурады» мен «жапырақтар жаназаға жиналды» дегенді алайық. Қайсысы тірі сөз. «Жылады» дегенмен «кірпіктерінің ұшына ілінген шық тамшысындай мөлдір жас домалап кетті» дегенді салыстырып көріңізші.
Жазушы Асқар Алтай жастар жайына тоқталғанда: «Қазіргі жас қаламгерлерде нағыз қазақы тілдің байлығы жоқ. Кейбір кітаптарды оқу мүлде ауыр. Соңғы уақыттарда біраз жас авторлардың шығармаларын оқып шықтым. Сөйлемдердің дұрыс құралуы былай тұрсын, ондағы идеялық құрылымның жоқтығы қарын ашырады», - деп қамығады.Өзгелер табынған өзіміздің қанатты жырларымыздан, қасиетті өлеңімізден, аузынан інжу, маржан, лағыл төгілген қазақ деген дана халықтың ұл-қызынан біз қалай жериміз. Сол бақытты поэзиямыздың өркендеп, өсіп, жалындап-жанып келе жатқанын көріп марқайып отырған жоқпыз ба!? Отты жырлардың алтын асықтай иесі болған ақын іні-қарындастарымыз тұрғанда біздің қазақ әдебиетінің жазиралы көші қоңыраулы керуенге айналып, ғасырлар белесінен салтанатымен өтетіні даусыз. Сүтпен бітіп, сүйекпен қайнасқан ата-бабамыздың асыл рухы бағзы көкбөрілігімен даралана жосылып, әлем әдебиетінің алдына шықпаса артында қалмайтындығына сендіреді. Бүгінгі жаңа есімдердің ертеңғі жарық жұлдыздар шоғырын құрайтынында күмән жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |