Ғылыми кітапхана Ақпараттық-библиографиялық бөлім



жүктеу 200.11 Kb.
Дата22.02.2016
өлшемі200.11 Kb.


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті

Ғылыми кітапхана

Ақпараттық-библиографиялық бөлім




«Күміс көмей әнші»

Ғарифолла Құрманғалиевтің

туғанына 100 жыл

Библиографиялық көмекші құрал



Орал 2009 ж.

ББК 91.9:85

К 88

УДК 025.5:78


«Күміс көмей әнші» Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 100 жыл: Библиографиялық көмекші құрал. - Орал: М.Өтемісов атындағы БҚМУ баспа орталығы, 2009.- 21 б.

М.Өтемісов атындағы БҚМУ Ғылыми кітапханасының «Ақпараттық-библиографиялық» бөлімі Қазақстан Республикасы мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, әнші (тенор), Қазақ КСР халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 100 жыл толуына орай әнші өмірі, ол туралы жазылған баспасөз беттеріндегі мақалалар, естелік кітаптар тізімінен тұратын библиографиялық көмекші құралын ұсынады.

Көмекші құралды дайындау барысында М.Өтемісов атындағы БҚМУ Ғылыми кітапханасының кітап қоры, газет-журнал мақалаларының картотекасы мен электронды каталог пайдаланылды.

Библиографиялық көмекші көрсеткіш өнер қайраткерлері мен өнер институты мамандарына, студенттерге, сондай-ақ Ғарифолла Құрманғалиев туралы толығырақ танысқысы келетін көпшілік оқырмандарға арналады.

© М.Өтемісов атындағы БҚМУ баспа орталығы, 2009



(1909-1993)


«ДӘСТҮРЛІ ӘНШІЛІКТІҢ ДАРАБОЗЫ»

Қазақ КСР халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің

өмірі мен шығармашылығы
Қазақстан Республикасы мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, әнші (тенор), Қазақ КСР халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиев 1909 жылы 1 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында дүниеге келді. Әншілік өнерге бейімділігі бала кезінен байқалды. Ұлы Мұхиттың шәкірттері Шынтас пен Шайқыдан дәріс алды. 1934 жылы Алматыда өткен халық көркемөнерпаздарының бірінші Бүкіл Қазақстандық слетіне қатысты. Сол жылы Қазақтың музыкалық драма театрының (қазір Қазақтың опера және балет театры аталады) құрамына қабылданды. Құрманғалиев Е.Брусиловскийдің "Ер Тарғын", "Айман-Шолпан", "Қыз Жібек", М.Төлебаевтың "Біржан-Сара", А.Жұбанов пен Л.Хамидидің "Абай" операларында күрделі партиялар мен рөлдерді ойнады. Оның орындауында халық әндері асқақ та әсем әуезімен аспан астын толтыра сорғалай шырқады. Ол әрбір әуенді әуелете салған сайын оған жан мен жүрек бітіріп, дауыс сазына даланың ұланғайыр дарқандығын өз көңіл толқынысымен ұштастыра сиғызып жіберетін. Ғарифолла аңыратып, жамыратып ән төкпелеткен кезде тыңдаушының көз алдына арқыраған арғымақтар мен аса киелі аруаналар даласының кескін-келбеті келеді. Ақтарыла тасыған ақ жарма өзендер мен ағын сулар әуені қыран құстардың қанат қағысы, алып таулар асқақтығы, ақиық ақын Махамбет жырының атойы бар бояуымен, ішкі рух нәр-нақышымен Ғарекеңнің өз жүрек түкпірінен шығып жатырды. Ол өзі негізін салып кеткен әншілік мектептің осындай өзгеше орындаушылық шеберлікті қажет ететін дара қасиеттері бар.

Ғ.Құрманғалиев ән сапарымен төрткүл дүниенің талай елдерінде болып, сан-сан сахналардан ұлттық музыкалық салт-дәстүріміздің байлығын паш етті. 1967 жылдан бастап Республикалық өнер жөне цирк студиясында сабақ берді. Оның отандық мәдениетке сіңірген орасан зор еңбегі әлденеше мәрте мемлекеттік марапаттармен бағаланды.


ҒАРИФОЛЛА ҚҰРМАНҒАЛИЕВТІҢ ӘНДЕРІ
«Нұржамал»

Сөзі Айтжан Байғожаевтікі

Сүйген сәулем Нұржамал, Күтудемін бір хабар. Үш жыл өтті ойыңды, Біле алмай болдым дал.

Қ а й ы р м а с ы:

Жауап тосып өзіңнен,

Әлі үйленбеп жүрмін мен.

Мезгіл өтіп барады-ау,

Айыпты оған жалғыз сен.
Жалғыз сені ұнатам,

Неге, сәулем, нанбайсың.

Жанымды қалай жұбатам,

Жүрегің жоқ па, қандайсың.

Қ а й ы р м а с ы:
Ұмытсам деп сені мен,

Көрсем де болам көрмеггн.

Келбетің сенің әрқашан,

Тұрады кетпей көзімнен.

«Ақ Жайық»
Сөзі Ғафу Қайырбековтікі

Ақ Жайьқ, асыл өзен, дария суым,

Шертілер сенен бөлек бар ма сырым.

Мен өстім толқыныңда аунап сенің,

Жағаңда жатып тыңдап орман шуын.
Күміс өзен күмбірлеп,

Сыр құясың жаныма.

Сіңгендейсің бір-бірлеп,

Туысымдай қаныма.
Жағаңда қалды біздің балалық шақ,

Толқынмен ойнап өттік аударыспақ.

Арман не, өмір-теңіз арнасына,

Сарқылмай құя берсек саған ұқсап.
Туған өзен Ақ Жайық,

Тербет бізді тағы да.

Барып қайтсам, шіркін-ай,

Сонау сәби шағыма.

Ахмет Жұбанов
ҒАРИФОЛЛА
1950 жыл. Қараша айының ортасы. Қытай Халық Республикасының Тұрфан қаласы. Бір қызығы, бұл қала теңіз бетінен 200 метрдей төмен екен. Сондықтан онда ешуақытта қыс болмайды, үйлерінде пеш жоқ. Қылтанақ жоқ тақыр, тасты таумен жүріп отырып келіп, бірден үлкен, бірнеше километрдей қазан шұңқырға түсесің. Міне сол бір төмендікте "қысы-жазы" үнемі көкжасыл ағаш, шөпке бөленіп Тұрфан қаласы тұр. Кеңестер Одағынан келген өнер қайраткерлерінің тобын тұрфандықтар 20 километр жерден қарсы алды. Қытайдың бұрынғы қала салу дәстүрлеріне тән ылғи шикі кірпіштен соққан биік-биік дуалдар, тұрғын үйлерінің негізі бірқатардан салынған. Біз барар алдында ғана салынып біткен үлкен мәдениет үйі бар екен, сол мәдениет үйінің шымылдығын ашуға біз тура келіппіз. Тұрфандықтар қатты қуанысып, мәдениет үйінің сыю шамасынан екі есе адам болып, аса тығыздықта концерт бастадық. Мұнда келген Қазақстанның 45 кісіден құралған концерт тобы болатын — Құрманғазы атындағы оркестрден шағындалған группа, әншілер, бишілер, көркемсөз шеберлері.

Мәдениет үйінің ішкі қабырғасы бойына салынған балконда ылғи әйелдер, ал партерде тек еркектер отырды. Бұл сияқты жасанды түрде еркек-әйелді айырып отырғызу кеңестік адамдардың көзіне бір түрлі оғаш болып керінді. Бірақ қонақтың аты қонақ, ол өзінің жұмысын білу керек, біз концерт бастап, екі жақтан кеш алдында сөздер сөйленіп, ұлы кеңес елінің бостандыққа қолын созған елге әр кезде де демеу екендігі айтылды.

Концерттің екінші бөлімінде республиканың халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиев сахнаға шығады деп жариялағанда залдағылар ду қол шапалақтап, үлкен жылылықпен қарсы алды. Бірақ жаңағы балконда отырған әйелдер баста партердегі еркектерге қарап, ұлықсат сұрағандай кідіріп қалып барып, артын ала қол соғып кетті. Халықтың негізі ұйғырлар екен.

Ғарифолла Мұхиттың "Үлкен айдайынан" бастап, әдеттегісіндей жоғары нотаны шырқыратып көтеріп, домбырасының басын ырғап қойып, кейбір ұзын ноталарды екі жағын қозғап, аузында шайнап отырған сағызы бар адамдай қайзаңдап қояды. Ол Жетісу ақындарының жыр төгер алдында құлақтарын бұрайтыны болғаны сияқты Мұхит әндерін орындағанда кездесетін жәйлар болатын. Біраз айқайға басып ащы терін шығарып алғансын Ғарифолла біркелкі, дауысқа аса күш түсірмейтін, құлаққа жеңіл, еркелегендеу "Ақ Айша" сияқты әндерге көшті. Халық аса жақсы қарсы алып, тіпті әннің аяқталуын күтпей, кейде ән кеудесін бітіріп қайырмаға көшіп болмай да қол үрып жібергендер болды. Екі-үш әннен кейін басын изеп, рахметін айтып, сахна артынан жол тартқан Ғарифолланы қайта шақырған дауыл секунд санап үдей берді. Сахнаға жылдам басып шықты да Ғарифолла концерт жүргізушіге бірдеме деп, орындығына жайласып отырып, аспабының құлақ күйін тексере бастады. Жүргізуші "Он алты қыз" деп жариялағанда оның сөзінің аяғын есіттірмейтін қол соғу тағы ду ете түсті. Ғарифолла жынына жаңа мінгендей, күлім қағып, қасын керіп, әннің кей жерінде көзін ежірейтіп, "Он алты қызды" қыздыра бастады. Қайырмасындағы қыздардың атын санағанда баяғы балконға қарап, сонда оның атаған қыз-келіншектері отырғандай кейбіреулеріне тікелей қарап, басын изеп, өздері үркердей болып, дүниеден белініп отырған әйелдерді еріксіз қозғады. Олар шынында да бізді танып отыр ма дегендей, біреулері орамалдарының үшімен беттерін жауып, көздерін тайдырып, ұялып қалды. Оны көріп ойындағысы болғандай Ғарифолла әннің екінші шумағында тіпті балконды ерсілі-қарсылы сүзіп, аралап, әрқайсысына бір қадалып қарап, басын изеп, көзін қысып, әбден "мазаларын алды". Кейбір партерде отырған еркектер жоғары қарай мойындарын созып, әйелдеріне қарап, Ғарифолланың қалжың оғы дарымады ме екен дегендей, өздеріне жаңын адамдарын түгелдеп те қойды.

Ғарифолла "енді болған шығармын" дегендей тағы да бірнеше рет басын иіп, сахна артына кетіп еді, халық тіпті арқасы қозып, залды сатырлатып, концерт жүргізушіге ауыз ашуға мұрша бермеді. Амалы жоқ, Ғарифолла тағы шығып, енді өзінің жорға мінгендей тымақты алшы киетін "төл аты" — "Термеге" басты.

Мұнда Ғарифолланың аузы әнде, саусақтары домбырада, ал көзі баяғы балкон деңінен төмен түспей, сол жаққа қарап біресе бадырайып, біресе ежірейіп, біресе күлімдеп, біресе қағылып есі-дерті әйелдер тобы болды. "Оның қалай?" — деп кейін сұрағанымызда, ол әйелдердің бөлек отырғанына өзінше "саяси наразылық" көрсеткендегісі екен де, екіншіден, оның наразылығының аяғы төмен партерде отырған еркектердің көзінше ол әйелдерді көтеріп, дәріптеу екен.

Ғарифолла қайда, қандай елде, қай жерде шықса да, оның көркемдік табысы әр кезде де аса жоғары болады. Ол дауысы шалқып жатқан кең дариядай айта қалғандай әнші. Термелеп, желдірмелетіп кетсе алдына қара салмайтын жыршы. Ол халықтың мол ән байлығын, орындаушылық дәстүрін жете меңгерген халықтан шыққан шағында бір кездесетін суреткер. Ол халық әндерін, термелерін, желдірмелерін бабына келтіріп орындаумен қатар операда бейне галлереясын жасаған сахнаның да шебері. Ол тек республиканың бір өлкесінің әндік, орындаушылық дәстүрін ғана қуып қоймай, оның әр бұрышының музыкалық ерекшеліктерін үйреніп баурап алған үлкен еңбек иесі адам. Ол орындаушылығымен қатар халыққа эстетикалық тәрбие беруде өзінің білгенін кеп алдына аямай салып отыратын қоғамдық қайраткер.

Ғарифолла Орал облысы, Қаратөбе ауданы, Ақкөл деген жерде 1909 жылы дүниеге келген. Әкесі Құрманғали кедей шаруа болған адам. Басқа айта қалғандай өнері болмаған Ғарифолла 4 жасқа келгенде әкесі қайтыс болған, ал онға жетер-жетпесте шешесі өледі. Сонымен кішкене Ғарифолла әкесімен бірге туған Ғұбайдұлла, Хамидұлла деген кісілердің қолында еседі. Он жасынан бастап Ғарифолла домбыра тартып, ән салады. Ол өреде Мұхит және одан тараған үлкен әншілік дәстүрінің салқыны Ғарифолланың болашақ музыка қайраткері болуына лебін тигізеді. Буыны қатып, жігіт жасына келе Ғарифолла сол айтылған Мұхиттың жолын қуған адамдармен жақындайды. Ол кезде Ғұбайдұлла, Хамидұллалар Ақкөлдің құмын қыстап, жазды Шұбар құдық, Құмсай, Сарыалжынды араларында көшіп жүретін. Сондықтан бұрынғы қазақтың, жершалғайымен есептегенде Мұхит балалары, айналасы кешіп жүретін Жымпиты маңы алыс болмай, Ғарифолла Шынтас, Шайқымен кездесіп тұратын болады. Бұл екеуі Мұхиттың ән репертуарын да, орындаушылың әдісін де қаз қалпында алып қалған, кейбір жайларда Мұхиттан кем түспейтін музыка қайраткерлері болды. Ғарифолла енді Шынтас пен Шайқыға ән жағынан шәкірт болып, олардың қасына еріп ел аралады. Өзі әнге, домбыраға зирек және аз да болса жасында қазақша сауаты ашылған Ғарифоллаға, оның үстіне келіп жаратылыс берген шалқыған кең дауыспен айтарлықтай қабілет қосылғансын, ол көп ұзамай-ақ белгілі әншілер "тізіміне" енеді. Бір жағынан өздері дем алу үшін, екіншіден үйрене берсін деп, айт-тойда, базар-жиында Шынтас, Шайқы әнді көбіне Ғарифоллаға айтқызады. Домбырада сүйемел жүргізуді жақсы меңгерген, еркін түрде қалай созса да жете беретін, ырыққа кене беретін дауысының арқасында Ғарифолла біраздан кейін ауыларасының шеңберінен шығып, атағы басқа көршілес өрелерге жайыла бастайды. Жоғарыда айтылған әкесімен бірге туысқан адамдардың өз балаларындай етіп қарағанының арқасында жас шағында кемдік көрмей өнер қууға мүмкіншілігі болады. Сөйтіп 1927 жылы Ғарифолла Ойыл ауданында, Берте болыстарында (Орынборға қарасты 1-і және 2-і Берте болыстары деген болды. А. Ж.), Орынбордың қаласында, не бары үш айдай әнмен ел аралады. Одан кейін Гурьев облысында, Қарағашта, Табында болды. Бұл жүрген жерлерінің бәрінде де Ғарифолла аса сыйлы әнші, құрметті қонақ, халыққа өтімді де, сүйкімді де өнерпазы болып қабылданды. Репертуарының негізі Мұхит әндерімен қатар "Қыз Жібекті", Бала Ораз ақынның айтыстарын айтып жүрді.

Ғарифолла 1929 жылы Қаратөбеде қызмет істеп, 1930 жылдан бастап "Ақкөл", "Қанкөл", "Құлшық" ұжымшарларды төраға және ауылкеңестерде төраға болып жүрді. Осы жүргенде де Ғарифолла сүйікті өнерін әнін бір мезгіл де қалдырған жоқ, үнемі халық алдына шығып, репертуарын байытып, орындаушылық дәрежесін көтеріп, шынықтыра берді.

1934 жылы көктемде Жымпитыда, одан аз кейін Оралда халық өнерпаздарының слеттеріне қатысты. Онда ылғи бірінші орындар алып, сол жылдың маусым айында Алматыға келді. Мұнда Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының бірінші слетіне қатысып, қазылар алқасының шешімі бойынша музыка театрында әртіс болып қалдырылды. Ғарифолла театрда "Қыз Жібек", "Жалбыр", "Ер Тарғын", "Айман—Шолпан", ''Абай", "Біржан—Сара", "Бекет", "Аманкелді", "Даиси", "Нергиз" және басқа операларда жиырмадан астам рөл ойнады.

Ұлы Отан соғысы кезінде Ғарифолла үш рет майдандағы жауынгер арасына барып өнер көрсетіп қайтты. Ол концертпен Мәскеуде сан рет, Санкт-Петербургта, Киевте, Орта Азияның барлық қалаларында болды. 1950 жылы Қытайда, 1960 жылы Ауғаныстанда болды.

Ғарифолланың қазақ өнерін дамытудағы үздік еңбегін еске алып, Қазақстан үкіметі оған 1939 жылы республиканың еңбегі сіңген әртісі, 1954 жылы халық әртісі деген құрметті атақтар берді.

Ғарифолла осы кезде де барлық шығармашылық күшінде. Ол әлі де орындаушылар тобының алдыңғы қатарында. Қандай үлкен концерттер, шетелден, орталықтан келген қадірлі қонақтар қатысқан, немесе үкіметтік мәжілістерде болатын концерттер Ғарифолласыз болмайтын еді. Ғарифолла орындаушылық жағынан осы кезде Мұхит және басқа Қазақстанның батысының ән дәстүрін шынайы түрінде үгіттеушілерден қалғанның бірі әрі бірегейі десе де болады. "Қазақконцертте" Ғарифолланың ән орындау дәстүрін меңгергелі жүрген, үйреніп жатқан жастар бар. Ол, әрине, игі жұмыс. Өмірін адам баласының жақсылығы, бақыты жолында, өнерін демократиялық көріністерді алдымен суреттеуге жұмсаған, А. Затаевичше айтқанда "Қазақтың баяны" — Мұхиттың ән дәстүрін кеңес музыка майданында үгіттеуші Ғарифолланың бұл салада еңбегі зор.

Ғарифолла тек орындаушы емес, ол соңғы жылдарда ондаған өз жанынан әндер шығарған талапкер. Оның әндерінде халықтық ырғақ негізгі арқау болып отырады. Оның жаңа әндер "тіліне" еліктеп шығарған туындыларының өзінде де жастайынан қанына сіңген халықтық негіз бадырайып тұрады. Ғарифолла әндерінің тақырыптары сан түрлі, олар біздің заманның бейнесін музыка сәулелеуге бағытталған.

Ғарифолла халықтан шыққан үлкен өнер иесі. Ол өзінің қадірлі дауысын ардақтай, бағалай білгенінің арқасында әлі де күшінде. Қандай концертте Ғарифолла шықса да, халық оны үлкен қошемет, құрметпен қарсы алатын. Ондай сый-құрметке бөленуге Ғарифолланың барлық қасиеттері келетін еді.





Бір топ өнер майталмандарымен бірге
«САЗ СҰҢҚАРЫ»

Ғ.Құрманғалиев шығармашылығы мен өмірі

туралы мақалалар тізімі
Абдрахманов С. Сағындырған саңлақ. // Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық-педагогикалық мұрасы: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. - М.Өтемісов атындағы БҚМУ БАҚ және баспа орталығы. - Орал, 2009.- Б. 33
Алмурзина Р. Ж. Ғарифолла Құрманғалиевтің қазақ өнеріне қосқан үлесі. // Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық-педагогикалық мұрасы: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. - М.Өтемісов атындағы БҚМУ БАҚ және баспа орталығы. - Орал, 2009.- Б. 31

Байгунакова,А. Святая к музыке любовь/А.Байгунакова. // Приуралье.-2009.-№6.-С.8-13.


Базарғалиева С. А. Ғарифолла Құрманғалиевтің халықтық сахна және ұлттық опера өнеріндегі шеберлігі. // Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық-педагогикалық мұрасы: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. - М.Өтемісов атындағы БҚМУ БАҚ және баспа орталығы. - Орал, 2009.- Б.86
Бердібай А. Р. Батыс Қазақстан дәстүрлі әндерінің ырғақтық жүйесі. // Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық-педагогикалық мұрасы: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. - М.Өтемісов атындағы БҚМУ БАҚ және баспа орталығы. - Орал, 2009.- Б.96
Бигалиева Ж. Сеет разумное, доброе, вечное: Человек и его

дело. // Приуралье.-2002.-21 февраля.

Бодаубай, Б. Туа ма енді қайтіп Ғарифолла:Ғарифолла Құрманғалиев туралы Еркеғали Рахмадиев сыр шертеді. // Егемен Қазақстан.-2008.-29 қазан.-Б.7.
Боранқұл, А. Дәстүрлі әншіліктің дарабозы. // Орал өңірі.-2009.-12 ақпан.-Б.5
Гарифулла. // Жубанов Г. Соловьи столетий: Очерки о народных композиторах и певцах.-А.:Дайк-Пресс, 2002.-456 с.
Ғ.Құрманғалиевтің әндері «Ақ Жайық», «Нұржамал». // Ауыл кеші көңілді.-Алматы:Қайнар, 1993.-560 б.
Ғарифолла. // Жұбанов А. Замана бұлбұлдары: Өңделген , толықтырылған. 2-бас.-Алматы: Дайк-Пресс, 2001.- 370 б.
Ерғалиева А.Т. Ғарифолла Құрманғалиев және дәстүрлі домбырашылық өнер. // Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық-педагогикалық мұрасы: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. - М.Өтемісов атындағы БҚМУ БАҚ және баспа орталығы. - Орал, 2009.- Б.89
Есентаева, Д. Мүсіні қойылып, көшеге есімі берілді /Д.Есентаева. // Орал өңiрi.-2009.-15 қыркүйек.- Б.1.
Жақанов І. Гүлжансары: Ғ.Құрманғалиев туралы. // Егемен Қазақстан.-2009.-31 қаңтар
Жапақов, Н. Ғарекең әні жаңғырды: Ғ.Құрманғалиевтің 100 жылдығына арналған кеш болды. // Орал өңірі.-2009.-12 ақпан.-Б.24
Жолдығали, Г. "Ғарекең - әнге айналған ғұмыр" (Бекболат

Тілеуханмен сұхбат) /Г.Жолдығали. // Орал өңiрi.-2009.-5 қараша.- Б.11.

Жолдығали, Г. Әнші атындағы дәрісхана/Г. Жолдығали. // Орал өңiрi.-2009.-31 қазан.- Б.2.

Жолдығалиева, Г. Ән жауһарын ұрпағына қалдырған/Г.

Жолдыгали. // Орал өңiрi.-2009.-15 қыркүйек.- Б.5.
Жубанов А. Соловьи столетий: Очерки о народных композиторах и певцах .-А. :Дайк-Пресс, 2002.-455 с.
Зиятов С. Әнші рухына тағзым. /С.Зиятов. // Орал өңірі.-2009.-21 наурыз.-Б. 6.
Кадыров, Б. Умолк редчайший голос. // Казахстанская правда.-2007.-15 нояб.- С.6.
Кәрменов Ж. Әнім саған аманат. // Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық-педагогикалық мұрасы: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. - М.Өтемісов атындағы БҚМУ БАҚ және баспа орталығы. - Орал, 2009.- Б. 35

Кәртен, Б. Ғарифолла Сал (деректі хикаят пен зерттеулер).-Алматы: М-Талант, 1998


Кәртен, Б. Ғарифолланың таңдайы: Ғ.Құрманғалиев туралы. // Ана тілі.-2007.-15 наурыз.-Б.8-9
Кекілбайұлы Ә. Қазақ даласының орфейі. // Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық-педагогикалық мұрасы: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. - М.Өтемісов атындағы БҚМУ БАҚ және баспа орталығы. - Орал, 2009.- Б. 47
Кетегенова, Н.С. Мукан Тулебаев: (Жизнь и творчество).-А.:Онер, 1993.-208 с.
Қабиева, Б. Ұлы әнші ұмытылмайды: Г:Құрманғалиев туралы/ Б.Қабиева. // Орал өңірі.-2009.-3 қыркүйек.-Б.10.
Құрманбай Ш. Шетелдіктер Ғарекеңнің өлеңіне неге қызықты?. // Айқын апта.-2007.-№13-б.29.
Құрманғалиев Ғарифолла:Өмірдерек // Қазақ мәдениеті: энциклопедия.-А.:Аруана, 2005.-414 б.
Құрманғалиев Ғарифолла:Өмірдерек // Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия.-А.,Арыс, 2002.-373 б.
Құрманғалиев Ғарифолла:Өмірдерек // Тарихи тұлғалар.-Алматыкітап, 2006.-271 б.
Құттымұратұлы К. Бәсі бөлек бес өлең: Ғ.Құрманғалиевтің туғанына 90 жыл. // Орал өңірі.-1999.-20 қаңтар.-Б.4
Қыдырниязова Ш. Құлақ жеген Құрманғалидың баласы. // Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық-педагогикалық мұрасы: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. - М.Өтемісов атындағы БҚМУ БАҚ және баспа орталығы. - Орал, 2009.- Б. 29
Матжанов, Ж. Көзбен көру арман еді /Ж.Матжанов. // Орал

өңiрi.-2009.-24 қыркүйек.- Б.6.

Маулетова С.А., Таудаева Э. Ғ. Құрманғалиевтің авторлық орындаудағы әндерінің құрылымдық талдауы. // Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық-педагогикалық мұрасы: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. - М.Өтемісов атындағы БҚМУ БАҚ және баспа орталығы. - Орал, 2009.- Б.99

Меңешев Е. Естен кетпес кездесулер: Әнші Ғ.Құрманғалиевтің туғанына 90 жыл. // Орал өңірі.-1999.-21 сәуір.-Б.4.


Міркемелұлы С. Қанаты қырқылған қырандар: Әдеби естеліктер.-Алматы: Білім, 2008 .-336 б. (Әдеби мемуарлар).
Мессман, В. Возрождение песни.-Алматы, 1958.-384 с.
Нағымова М.М. Ғарифолла Құрманғалиевтың музыкалық-педагогикалық мұралары арқылы эстетикалық тәрбиені жүзеге асыру жүйесі. // Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық-педагогикалық мұрасы: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. - М.Өтемісов атындағы БҚМУ БАҚ және баспа орталығы. - Орал, 2009.- Б. 56
Нарынұлы, О. Ғарекеңе құрмет: Зеленов ауданы орталығы Переметный ауылында Ғ.Құрманғалиевтің 100 жылдығына арналған шара өтеді. // Орал өңірі.-2009.-26 ақпан.-Б.24.
Наурзин, Г. Ән сұңқары Ғарекең/Г.Наурзин. // Орал өңірі.-2009.-3 қыркүйек.-Б. 10.
Рахмадиев Е. Туа ма, енді қайтып Ғарифолла. // Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық-педагогикалық мұрасы: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. - М.Өтемісов атындағы БҚМУ БАҚ және баспа орталығы. - Орал, 2009.- Б. 66
Рахметжанов С. Ғарифолла тағылымы. // Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық-педагогикалық мұрасы: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. - М.Өтемісов атындағы БҚМУ БАҚ және баспа орталығы. - Орал, 2009.- Б. 74
Рысбеков Т.З. Ақжайық әнінің тұнығы (Батыстың ән-жанартауы, ән саңлағы Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық-педагогикалық мұрасының табиғаты). // Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық-педагогикалық мұрасы: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. - М.Өтемісов атындағы БҚМУ БАҚ және баспа орталығы. - Орал, 2009.- Б. 4.
Сабиева, А. "Ғарекең - тірі энциклопедия"/А.Сабиева: БҚМУ-дағы Ғ. Құрманғаливтің 100 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті. // Жайық үні.-2009.-29 қазан.-Б.2.
Сейтақ, А. Ғарекеңнің әндері шарықтады/А. Сейтақ. // Орал онiрi.-2009.-3 желтоқсан.- Б.23.

Сейтенова А. Ж. «Ғарифолла Құрманғалиевтің қазақ ұлттық опера театрындағы орындаушылық қызметі». // Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық-педагогикалық мұрасы: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. - М.Өтемісов атындағы БҚМУ БАҚ және баспа орталығы. - Орал, 2009.- Б.92


Серікқызы, К. "Ғарифолланың нотаға түспейтін өз қағыстары бар". /К.Серікқызы. // Қазақ әдебиеті.-2009.-№37.-Б.4.
Сердали, Б. "Кең тынысты, бояуы қанық әнші еді"(Бекбосын Қажыбекпен сұхбат)/Б.Сердали. // Орал өңiрi .-2009.-20 тамыз.-Б.14.
Сүндетов, Ж. Көзкөргендер сыр шертті: Ғ.Құрманғалиевтің 100 жылдығына арналған кеш өтті. // Орал өңірі.-2009.-31 қаңтар.-Б.1.
Сүндетов М. Майталман әнші. // Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық-педагогикалық мұрасы: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. - М.Өтемісов атындағы БҚМУ БАҚ және баспа орталығы. - Орал, 2009.- Б. 76
Таудаева С.Ж., Нағымова М.М. Ғарифолла Құрманғалиев мұрасының тағылымдық идеяларын оқу үрдісінде қолдана білудің әдістемелік жолдары. // Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық-педагогикалық мұрасы: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. - М.Өтемісов атындағы БҚМУ БАҚ және баспа орталығы. - Орал, 2009.- Б. 60
Тұрмағамбетова Б.Ж. Ғарифолла Құрманғалиев және мұхит мұрасы. // Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық-педагогикалық мұрасы: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. - М.Өтемісов атындағы БҚМУ БАҚ және баспа орталығы. - Орал, 2009.- Б. 23
Туркпенова Р.С. Наследие золотого голоса Казахстана. К 100-летию Гарифоллы Курмангалиева. // Музыкально-педагогическое наследие Гарифоллы Курмангалиева: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. - М.Өтемісов атындағы БҚМУ БАҚ және баспа орталығы. - Орал, 2009. 81
Хамиди Л.А., Хамиди Р.Л. Жизнь в искусстве.–Алма-Ата: Жазушы, 1974
Шакенова А.Н. Музыканың рухани құндылықтағы алатын орны. // Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық-педагогикалық мұрасы: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. - М.Өтемісов атындағы БҚМУ БАҚ және баспа орталығы. - Орал, 2009.- Б. 102.
Шарабасов С.Ғ. Ғарифолланың әдебиеттегі образы. // Ғарифолла Құрманғалиевтің музыкалық-педагогикалық мұрасы: Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. - М.Өтемісов атындағы БҚМУ БАҚ және баспа орталығы. - Орал, 2009.- Б. 83
Шыңбергенов, Д. Бас иеміз бәріміз. Ғ.Құрманғалиевке 100 жыл. // Орал өңірі.-2009.-12 ақпан.-Б.6.

Шүйіншәлиева М. Саз сұңқары мәңгі тірі Ғ.Құрманғалиевтің туғанына 90 жыл. // Орал өңірі.-1999.-6 ақпан.-Б.4



МАЗМҰНЫ

«Дәстүрлі әншіліктің дарабозы» Қазақ КСР

халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің

өмірі мен шығармашылығы............................................................... 4

Ғарифолла Құрманғалиевтің әндері................................................... 5

А. Жұбанов. Ғарифолла.......................................................................7


«Саз сұңқары» Ғ.Құрманғалиев шығармашылығы

мен өмірі туралы мақалалар тізімі......................................................12



Редакторы:

Таушева Г.З. – Ғылыми кітапхана директоры

Құрастырған:

Ермекқалиева Н.А. – Ақпараттық-библиографиялық және кітапханааралық кітап алмасу бөлімінің меңгерушісі

Көлемі. Таралымы 5 дана. Офсет қағазы.

Тапсырыс №3. Бағасы келісім бойынша.

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің баспа орталығы



Орал қаласы, Сарайшық көшесі, 34. тел.: 50-76-52



©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет