Филология факультеті



Дата21.11.2022
өлшемі20.95 Kb.
#465304
маркетинг 10 апта мож


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Филология факультеті
«7М02309 - Әдебиеттану» мамандығының магистранты
Зағыпар Оралхан
Әдебиет маркетингінің негіздері
МӨЖ: Қазақстан баспаларының нарық талабына бейімделуі. Кітаптану ғылымының даму кезеңдері. Қазақстанда кітаптың туу үдерісі. Кітаптану саласында Ш.Елеукенов еңбектері.

Республикада кітап шығару ісінің ғасырға жуық тарихы бар. Соңғы отыз жылда қазақ кітабы өндірісін нарыққа бейімдеу мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Бір қарағанда күретамыры бүлкілдеп жатқанымен, саланың қарқынды дамуына кедергі келтіретін фактор көп. Бірқатар сарапшы кітаптың өзіндік құнына өндірістің қымбаттығы мен салық салмағы әсер етіп отыр десе, кейбір зерттеушілер қоғам сұранысына ие кітаптардың аздығын алға тартады.


Бүгінде қазақстандық баспалар мен баспаханалардың көпшілігі Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында шоғырланған. Кітап палатасында тіркелген мыңнан астам баспаның барлығы дерлік кітап шығару ісімен айналыспайды. Отандық нарықта санаулы баспалардың ғана өнім­дері сұранысқа ие. Ал кітап нарығының 90 пайызға жуығын көрші Ресейде шыққан өнімдер құрайтын болса, қазақ оқырманы әлі күнге қазақша оқитын кітапқа зәру болып жүр.
Кітап ісіне қатысты «кітаптану» деген термин бар. Бұл терминнің ішіне кітаптың арғы-бергі тарихы, қалыптасуы, кітап ісінің теориясы мен практикасы, зерттеу ұғымы сыйып тұр. Кітаптануға ғалым, профессор Ш.Елеукенов былайша анықтама берген: «Жалпы кітаптану яки кітаптану негіздері – адамзат кітабы дамуының заңдары туралы ғылым. Оның зерттеу объектісіне, айталық, қазақ кітабының тарихы сияқты нақтылы саланың немесе кітап саудасы туралы жалқы ғылымның заңдары жатпақ емес. Жалпы кітаптану яки кітаптануға кіріспе өз аймағындағы арнайы ғылым салаларының, сонымен бірге ұлттық кітаптану деректеріне сүйене отырып, олардың бір-бірімен байланыстарына зер салу негізінде кітаптану теориясын жасайды, түрлі топшылауларға барады. Кітаптану – ғылымның жас бұтағы. XIX ғасырдың аяқ шенін ала тамыр жайып, XX ғасырдың өн бойы толысып мәуеленді. Ол бүгін де үздіксіз өсу, өркендеу үстінде». Сонымен қатар ғалым кітаптану жайлы сөз еткенде ең бірінші Ресей дереккөздеріне сүйенетінімізді атап өткен: «Кітаптану – жас ғылым. Осы аталыммен тұңғыш рет дәріс 1913 жылы 28 қыркүйекте Петербург университетінің студенттеріне оқылған. Мұны еске алу себебіміз, кітаптану ғылымына кіріспе пәні алдымен орыс кітаптанушы ғалымдарының еңбектеріне,тәжірибесіне сүйеніп жасалатынын ескерту еді. Мұның өзі түсінікті де.
Қазақстан тәуелсіздікке қайта қол жеткізгенге дейін Ресей құрамында екі жарым ғасырдан аса бір мемлекет, отандас боп тұрды. Бұл кезеңдегі Ресей тарихы – біздің де тарихымыз. Сондықтан кітаптану ғылымындағы жетістіктерді төл жетістігіміз деп қабылдауымыздың еш сөкеттігі жоқ». Иә, тарихы тамырлас мемлекеттерге бәрі ортақ, ғылым да, білім де, өнер де. Көршілес мемлекетте кітаптандың қалай пайда болғаны, зерттеген А.А.Беловицкая, Н.М.Сомов, М.Н.Куфаев, А.М.Ловягин, Н.М.Лисовский еңбектерінде көрініс табады.
Кітаптану ғылымының ілкі кадамдары Ресейде сәтті басталды. Кітаптанушы оқымыстылар ұйымының құрылуы, кітаптану мәселелерін кѳтеріп талқылайтын баспа орындарының ұйыстырылуы осы іске мұрындық болды. Кітап ici мәселелері «Российская библиография» (1879-1882), «Библиограф» (1884-1914) журналдарында қызу талқыланды. Айтысқа қатысушылар кітап зерттеушілерінің басын біріктіретін қоғам құру керек деген қорытындыға келді. 
Кітаптану тарихы теория және әдістемемен қатар кітап туралы ғылыми білім жүйесінің тең құқықты құрылымдық деңгейі болып табылады.Кітаптану тарихының нысаны – тарихи үдерісті зерттеу және кітаптану білімінің қалыптасу заңдылықтарын және жетекші үрдістерін айқындау. Заманауи кітаптану кітап туралы ғылым спецификасын, оның басқа ғылымдар арасындағы ролін және орнын айқындауға, негізді түрде нысанды, мәнді, әдістерді және ұғымдық аппаратты құрастыруға мүмкіндік бере отырып, тарихи тәжірибені пайдаланады, осы тәжірибе негізінде ол одан әрі дамиды. Тарихи тәжірибені игерусіз тереңдетілген заманауи теориялық зерттемелер мүмкін болмас еді, себебі, Ф. Энгельстің сөзі бойынша, «тарихи даму деп аталатын дамудың жаңа формасы алдыңғыларын өзіне жеткізген сатылар ретінде қарастыруына негізделген».
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек отандық кітап саудасы нарығының, жалпы кітап шығару ісінің заңмен реттелмегенін алға тартады. Бұл мәселе соңғы жылдарда тіптен өзекті бола түсті. «Оқырманға қазақ тіліндегі кітаптар қолжетімсіз. Кез келген кітап дүкеніне бара қалсаңыз, қазақша кітаптар жетімнің күйіндей. Ал орыс тіліндегі кітаптар еліміздегі кітап сауда жүйесінің 80-90 пайызын құрайды. Кітап саудасы – үлкен бизнес һәм ұлттық идеологияның, руханиятымыздың ажырамас бір бөлшегі. Демек, кітап шығару ісі мемлекеттің игілігіне жұмыс істеуі керек» деген А.Елгезек кітап саудасынан түсіп жатқан қомақты қаражаттың шетелге кетіп жатқандығына алаңдаушылығын білдірді. Осы орайда алдағы уақытта қазақ тіліндегі кітаптардың санын арттыру үшін кезінде тілге қатысты талапты орындауда бұқаралық ақпарат құралдарына қойылған 50\50 немесе 70\30 талабын кітап саудасы жүйесіне де енгізу маңызды дейді. А.Елгезектің айтуынша, бүгінде адамзатпен біте қайнасып келе жатқан кітап шығару өндірісінде қазақ авторларының құқығы да қорғалмаған.
Жыл сайын тендерлерге қатысып, қомақты қаржы ұтып алып, есесіне көркемдік сараптамадан өтпеген, оқырманға қажетсіз кітаптарды шығарып отырған баспаларға басқаша көзқарас қажет. Ол үшін баспа нарығында бәсе­келестік орта қалыптастыру керек. Сонда ғана қазақ оқырмандарының сұранысы қамтамасыз етіліп, ауыл кітапханаларына жөнелтіліп жатқан «макулатураға» да, «жастар кітап оқымайды» деген жаңсақ пікірге де тосқауыл қойылған болар еді. Мұның өзі үлкен бір науқанға айналса игі. «Ол үшін облыс, аудан әкімдеріне кітап сататын дүкендер желісін дамыту үшін арнайы тапсырма беріліп, электронды, аудио кітаптар нарығына да көңіл бөлінуі қажет. Осы орайда Алматы облысының Талдықорған қаласында кітап дүңгіршектерінің пайда болуын қуанарлық жағдай деп қабылдаған Ақберен Елгезек «Соңғы бір-екі жылда кітап нарығында тың аудармалар, балалар кітаптары, іскерлік әдебиеттер көптеп шыға бастады. Бұл елімізде кітап нарығының аз болса да дамып келе жатқандығы мен кітап оқу культінің орала бастағанын көрсетеді», деп атап өтті. Бұған дәлел ретінде А.Елгезектің авторлығымен шыққан «Болмаған балалық шақ» кітабының бес мың таралыммен үлкен сұранысқа ие болғанын атап өтуге болады. Бұл қазақ кітабына деген сұраныстың бар екенінің бір дәлеліндей. Алайда «Меломан», «Книжный город» сияқты кітап саудасы дүкендеріне өз кітабымды өткізе алмадым» деп қынжылысын білдірген автор осы тұрғыда электронды кітап сауда жүйесінің де бір ізге түспегендігін, авторлық құқықтың заңмен қорғалмайтындығын алға тартты.
Аккаунт ашып алып, оқылымды авторлардың кітабын әлеуметтік желілер арқылы саудалап жатқандарды сот арқылы жүгендеудің өзі қисынсыз. Осы орайда электронды кітаптар базасы да заңмен қорғалып, оның насихаты жасалуы қажет деп атап өткен автор бүгінде жұртшылықтың интернеттен, әлеуметтік желілерден жалыққанын айтады. Сондықтан да білімді көтеретін құнды дүниелерге жұртшылық мұқтаж болып отыр. Отандық кітап шығару ісін дамытуда шетел тәжірибесіне де көңіл бөлу қажеттігін алға тартқан А.Елгезектің айтуынша, Мәскеу метроларындағы оқырмандардың кітапсүйгіш тәжірибесі бізге де үлгі болса игі. Ал интернеттегі түрлі-түсті безендірілген орыс тіліндегі кітаптардан көз сүрінеді. «Тағы бір ескере кететін жайт, жаңадан өсіп келе жатқан ақын-жазушылар үшін шетелдің үздік қаламгерлерін тану маңызды. Оларға мектеп партасынан шетел классиктерінің шығармалары оқытылмайды. Орыс әдебиетін Еуропа, Азия, тағы басқа елмен бөліп-жарып оқудың қажеті шамалы. Осы орайда орыс әдебиеті мектеп бағдарламасында шетел әдебиеті деген пәннің құрамында жеке бір тараумен беріліп оқытылса, мұның идеологиялық маңызымен қатар, сала мамандары үшін де пайдасы зор болатыны анық, деп атап өтті А.Елгезек.
Бүгінде қоғамда көрнекті оқырман қалыптастырып жүрген баспагер, AmalBooks баспасының жетекшісі, бірнеше кітаптың авторы, Forbes Kazakhstan журналының қазақ нұсқа­сы­ның бас редакторы Бақытжан Бұқарбай елімізде енді ғана дамып келе жатқан тәуелсіз баспагерліктің әзірге бизнестен гөрі ағартушылық бағытының басым екендігін айтады. «Кітаптарын мемлекеттік бағдарлама аясында шығаратын баспалардың қаржылық тәуекелдері аз деуге негіз бар. Ал тәуелсіз баспагерлер әрдайым тәуекелге барады, өйткені әдеби жобаларды дүниеге әкелу үшін өз қаражатын салады. Кітап өтпей қалса, шығының қайтпайды», деп атап өтті Бақытжан Бұқарбай. Оның пікірінше, тәуелсіз баспагерлік бағыттың табысына қазір бірнеше фактор әсер етеді. Ең алдымен, нарықтың аясы тар.
Елдегі оқырмандар нарығы шағын болғандықтан және баспа көбінесе қазақ тілінде кітап шығаруға ден қойып отырғандықтан баспагерлік саласы – маржасы төмен бизнес саласына жатады. Екіншіден, азаматтарымыздың көпшілігінде табысының бір бөлігін білімін шыңдайтын құралдарға жұмсау әдеті әлі қалыптаспаған. «Жеке басым жылына бірнеше жүз мың теңгеге кітап сатып аламын. Өзіме оқуға ғана емес, жақындарыма сыйлау үшін де қажет, – дейді Б.Бұқарбай. – Демек, кітап оқитын адамдардың өзінде тұрақты кітап сатып алу әдеті жоқ. Үшіншіден, бұл масштабталуға келетін кәсіп түрі емес». Бақытжан Бұқарбай атап өткендей, қазіргі кезде қазақ оқырманы қалыптасу үстінде. Өзінің қалауын, талғамын, мақсатын білетін оқырмандар аз. Жанындағылар оқы десе оқитын еліктегіш оқырмандар кітапты мақсатына сай таңдау керектігіне назар аудара бермейді. Бұл тамақты талғамай жегенмен бірдей, мұндай оқырмандарда «ақпараттық гигиена» қалыптаспаған. Оқырман ізденіп өзіне қа­жетті кітаптан гөрі «хайп» болып жатқан, әлеуметтік желілелердегі танымал авторлардың кітаптарын оқиды. Десек те, кітап жазғанның бәрін мықты қаламгер деп айта алмаймыз. Ал қазіргі оқырман жарнаманың құрбаны болып отырғаны таңғаларлық жағдай емес. Дегенмен нарық өсіп келеді, авторлар да көбеюде. Оқырмандар қалыптасып болмады дегенімізбен, алға жылжу бар.
Сарапшылар айтса айтқандай-ақ, отандық кітап шығару ісінің бүгінгі беталысына кедергі болатын себептер көп. Қазақ тіліндегі кітаптар қолжетімсіз. Тың шығармалардың, авторлардың насихаты кемшін. Қалай болғанда да отандық баспа нарығында қазақ тілді кітаптардың көсегесінің көгеріп отырғаны – сала жанашырларының арқасы. Көптеген автор кітаптарын жеке қаржысына немесе демеушілердің қолдауымен шығарып жүр. Дегенмен де экономикалық тұрғыдан мүмкіндігі мол сала авторларды, баспагерлер мен полиграфистерді толғандырғанымен, оның мәселесі мемлекеттің қолдауынсыз шешілмейтіні белгілі.
Республикада «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарыққа шығатын кітаптар биылдан бастап Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына жүктеліп отыр. Осы кезге дейін мемлекет тарапынан басылатын кітап өндірісіне қатысты көптеген сын айтылып келгені белгілі. Осы орайда оқырман мен авторларды толғандыратын мәселе – «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» бағдарламасы аясында әлеуметтік маңызды, оқырман үшін пайдасы бар кітаптардың жарық көруі. Мемлекеттік тапсырыспен бір аталым 5 мың данамен жарық көретін болса, оның барлығын дерлік аймақтардағы кітапханаларға үлестіргеннен гөрі қандай да бір бөлігін сатылымға шығарған әлдеқайда тиімді. Өйткені автор үшін кітаптан пайда табу қиынның қиыны. Ал жекелеген кітап дүкендерінің шарттары авторлар үшін тиімсіз.
Бүгінде отандық баспалардың көпшілігі мемлекеттік бағдарламаларға арқа сүйеп отырғаны белгілі. Ал тендерлерге тәжірибесі жоқ баспаларды қатыстыру да баспагерлерді толғандыратын түйткілді мәселенің бірі. Тендер кезінде жаңадан ашылған, баспа жүйесі жолға қойылмаған баспаларға кітап шығару құқын берудің де арнайы тетіктері қарастырылуы қажет. Тіптен мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптарға мониторинг жасалмауы салдарынан кітап бір атаумен екі жыл қатарынан басылады, ал өңірдегі кітапханалар сол кітапты қайталап алуға мәжбүр. Ал еліміздегі көптеген мектептің кітапханаларына соңғы жиырма жылда көркем шығармалар жетпеген. Бүгінде қазақ кітабын қолдап отырған тек мемлекеттік кітапханалар ғана. Көркем шығармалар жазатын жас қаламгерлердің шығармалары сатылымда жоқтың қасы. Ал балалар әдебиеті бөліміндегі танымдық басылымдар мен оқулықтардың санын арттыру – уақыт күттірмейтін мәселе. Қазақ кітабының қарапайым оқырманға қолжетімсіз болуының тағы бір себебі – бағасының қымбаттығы. Өзіндік құнына 50-60 пайыз үстеме қосылатындықтан, табысы төмен отбасылардың ай сайын кітап сатып алуға шамасы келе бермейтіні анық.
Осы орайда тиісті министрлік, баспагерлер, полиграфистер қауымдас­тығы мен кітапханалар түйісу тетігін таппай, шетел тәжірибесіндегі озық үлгілер негізге алынбай, түптеп келген салаға түбегейлі мониторинг жасалмай, қордаланған мәселелерден арылу қиын. Сапасы жағынан да, мазмұндық тұрғысынан да бәсекеге қабілетті, шетелдік баспагерлердің қызығушылығын туғызатын отандық өнімдерді жоқ деп айта алмаймыз. Түптеп келгенде, қазақ кітабының насихаты төмен. Осылайша, түйткілді мәселесі бір-бірімен сабақтасып жатқан салаға басқаша көзқарас қажет. Оқырман сұранысына қарай кітап шығару, кітап ісінің қыр-сырын зерттеу ісі уақыт күттірмейтін әлеуметтік һәм саяси маңызды мәселе.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет