Фразеологизмдердің баспасөз құралдарында қолданылу ерекшеліктері Особенности применения фразеологизмов в сми



Дата16.06.2016
өлшемі118.33 Kb.
#139923
Фразеологизмдердің баспасөз құралдарында қолданылу ерекшеліктері

Особенности применения фразеологизмов в СМИ

Peculiarities of use of phraseologies in mass-media

ӘОЖ 801.288:94.34.2:070

Күлдірсін Сарышова - ф.ғ.к., қазақ тілі мен әдебиеті

және журналистика кафедрасының аға оқытушысы


Адамдардың қоғамда өмір сүру нормалары мен салт дәстүрлері қоғамдық әлеуметтік өзгерістерге қарай өзгермелі болады. Көшпеліктен отырықшылыққа ауысу, қала өміріне дағдылану, жаңа қоғамдық формацияны қабылдау, мәселен, қазақтар үшін қазіргі нарық заманы, соңғы кезде айтылып, насихатталып жүрген жаһандану (глобализация) т.б. толып жатқан жаңа өмір беттері тілде өз ізін қалдырады. Алайда, олар бірден тұрақталмайды, бұрыннан қалыптасқан тұрақты тіркестерді пайдалана келе, жаңа тіркестер жасалуы мүмкін. Әзірше қазақ мәдениетінде күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарының қолданылуы, тыңдаушысы мен оқушысына әсері ерекше. Сол себепті БАҚ-тың тіліндегі лексика-фразеологиялық тіркестердің жайы тілшілер үшін ғана емес, жалпы көпшілік үшін қажет.

Ата-баба дәстүріне сай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдердің тілімізде алатын орны ерекше құнды. Әдетте, әр адам мейлі тілші, журналист болсын күнделікті өмірде өзін толғантқан келелі ой-пікірлерін тыңдарман, оқырман қауымға жеткізуде небір құлақ құрышын қандырар, көңілін селт еткізер тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдерді қолданады. Қазақ тілінің фразеологиялық қоры тілді жаңа, ерекше бейнелі көркемдік белгілермен толықтырып отыратын таусылмас қазына жетістігі болғандықтан, ол тілдің қайталанбас ұлттық бояуларын айқындайды. Тұрақты тіркес, мақал-мәтелдеріміз сөздік қор байлығын танытып қана қоймай, халықтың бүкіл тыныс-тіршілігін паш етері анық. Дана халқымыз “Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады”, “Таяқ еттен, сөз сүйектен” өтеді деп бекер айтпаса керек. Ойың әрі көркем, әрі нақты болсын десең, “сөз тапқанға қолқа жоқ” деп дер кезінде қолдана білген нақышты сөзге не жетсін? Мұны бұқаралық ақпарат құралдарының қызметінен анық байқаймыз.

Бүгінгі таңда тіліміздегі көркемдік тәсілдердің бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде күнделікті баспасөз бетіндегі орны, олардың қолданылу ерекшеліктерінің маңызы өте зор.

Жалпы алғанда қазіргі баспасөз бетінің кез келген салаларында тұрақты тіркес, мақал-мәтелдердің мәтіндерде жиі орын алуы көрнекілікпен қатар, қажетті көркемдік әдістер қатарынан саналады. Осыған орай, оларға тоқталу үшін баспасөз бетіндегі мақалалар мен тұрақты айдарларға назар салсақ, құптарлық өзгерістерді байқаймыз. Бүгінде “Алтын бұйым қолды болды”, “Көзден ғайып болды”, “Алаяқ директордың ақыры”, “Аузы күйген үріп ішер”, “Кедейшілік құрығынан құтқару” т.б. көптеген мақалдарға тақырып болған сөз айшықтарын кездестіруге болады. Бұл – еліміз тәуелсіздік алып, тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болған шақта сөз мәйегін теруге құлшыныстың арта түскендігінің айғағы.

Кез-келген газет айдарының немесе мақаланың тақырыбын түсіну үшін, автор мен оқырманның ұлттық-мәдени, фондық білімдері болу керек. Бұл фондық ерекшеліктер тек әрбір жеке ұлт өкілдеріне тән болып келеді. Сол тілдің мәдени қорын құрайды. Сондықтан тақырып оқырманға тек хабар беріп қана қоймай, сонымен бірге автор мен оқырман туралы мәлімет береді. Автор мәтін арқылы өзінің мәдени потенциалын, яғни әлеуметтілігін көрсетсе, оқырман оны қабылдай отырып, өзінің тілдік компетенциясын көрсете білу керек.

Жалпы, тақырып газет материалының аты ғана емес, оның қысқаша мазмұны да деген сөз. Тақырып пен материалдың мазмұны егіздің сыңарындай бір-бірін толықтырып тұратындықтан, оқырман тақырыпқа қарап мақала қандай мәселенің сөз болатынын бірден аңғаратындай болу керек. Мәселен, тартымдылық, нақтылық, қысқалық, ұстамдылық, сауаттылық сияқты тақырып қоюдың негізгі принциптерін ескерсек, тақырып қоя білу де үлкен тапқырлық пен білімділікті қажет етеді. Қазір газет беттерінде өзара тақырыбы жағынан мазмұндас мақалалар да орын алған. Ол – еліміздегі экономикалық, нарықтық өзгерістерге байланысты болса керек.

Адамның ішкі дүниесіндегі қынжылыс, қиындық, ренішті білдіретін “жанайқай” – сөзінің қазіргі баспасөз бетінде мағыналық жағынан кең өріс алғаны, сондай-ақ, “жанайқай” сөзінің тіркесімділік қабілетінің тереңдегені байқалады. Мәселен, аналардың балаларына төлемақы төлеуді талап етуіне байланысты “Аналардың айқайы” («Жас Алаш», №17,1-б.) “Ашынған аналардың жанайқайы” («Жас Алаш», №9, 1-б.), біздегі әуе кемелерінің 75 пайызының пайдалану мерзімі әлдеқашан өткені туралы “Жар жағасындағы жанайқай” («Жас Алаш», №51, 2-б.), сол сияқты Шалқардағы “Жылу жүйесі” акционерлік қоғамының бір топ жұмысшысы өздерінің маңдай терімен тапқан жалақыларына қолы жетпей жүргені туралы “Жалақы жанайқайы” («Айқын», №17, 1-б.) атты тақырыптармен жарық көрген мақалалардың негізі еліміздегі экономикалық жағдайдың қиындық сәттерінен туындаса керек.

Сонымен бірге:



  • “Мәдениетке қарсы мылтықсыз майдан қашан тоқталады («Айқын», №11, 1999.);

  • “Табан ет, маңдай терімнің ақысы қайда кетті” («Жас Алаш», №6, 1999.);

  • Кедейшіліктің құрығынан құтқару («Жас Алаш», №39, 1999.) деген мақалалардың да өрнекті сөзбен көмкерілуі, сапа жағынан тілдің қызмет аясының тереңдеуі деп ұғу керек.

Көшедегі қате жазуларға орай “Орыс тілінің де шекесі шылқып тұрған жоқ” («Жас Алаш», №8, 1999.), ал шикізатты өңдеп сатудың жолын неге игермейміз деген сауалмен “Шикізатпен шекеміз шылқи қоймас” («Жас Алаш», №53, 1999.) деген мақалалар шығуда. Яғни, мұндай мақалалар тақырыптарында тіліміздегі тұрақты тіркестердің сол мақалаларға сай қолданыстары қуантарлық жайт.

“Сөздің көркі – мақал”, “Мақал – сөздің мәйегі” демекші, бүгінгі таңда мақал-мәтелдер де ұлт болмысының бүгінгі тұрмыс тіршілігін сипаттауда таптырмайтын көркемдік құрал ретінде жұмсалуда. “Жақсы сөз жарым ырыс” (“Қазақ әдебиеті”, №47, 1999.), “Жығылып жатып сүрінгенге күлмейік” (“Жас Алаш”, №57, 1999,), “Аузы күйген үріп ішер” (“Қазақ әдебиеті” №12, 1999,), “Кеңесіп пішкен тон келте болмас” («Айқын», №8, 1999.) т.с.с. тақырыптардағы мақалалар кеңінен орын алған. Сонымен қатар қазіргі қолданыста мақал-мәтелдердің әлеуметтік жағдайға байланысты өзгертіліп қолданылған түрлерінде кездестіруге болады. Мәселен, “Өз үйім- өлең төсегім” мақаланың “Қайран өз үйім - өлең сахнам” («Қазақ тілі мен әдебиеті», №3, 1999.) деп өзгертіліп алған түрі ұшырасады. Мұны осы күнгі жер-жердегі әртүрлі мәдениет ошақтарының жабылып, қайсы бірі жекешелендіріліп, өнер өрісі тарылып бара жатқан замандағы өнер сүйер қауымның жанайқайы десе де болады.

Сонымен қатар, газет беттерінде ақша мәнінде қолданылатын “қалта” сөзіне байланысты тақырыптар да көп кездеседі. “Қалталылар қазақ мектептеріне қарайласып тұра ма екен” («Айқын» 1997, №32 ), “Қазақтың қалтасы көтере ме” («Жас Алаш», 1997, №29).

«Қалтаға» байланысты туған фразеологизмдер ішкі мағынасынан “ақша” символ ретінде көрінеді. Ақша - байлық, оның орны - қалта. Сонымен дағдылы қайталану, образға үлгі ретіндегі бейнелердің ситуациядағы орны мен маңызы оны санада баламалық қасиетке, яғни ассоциациялануға әкеледі.

Қазақ тілінде «қалта» сөзіне байланысты кейінгі кезде коннотациялық мағына әр түрлі семантикада көрініп жүр. Қазақтың ұлттық киім үлгілерінде қалта пәлендей назар аударатын деталь емес. Оның қызметі, әсіресе кейінгі шыққан киімдерде (еуропалықтарша) қатты байқалады. Жан қалта, төс қалта, ішкі қалта сияқты орындары көбейе бастады. Қазақтар киіміне қалта тіккенде, сірә ақша саламын деп ойламаған да шығар. Тіпті есікті бекітетін құлып болмағанда, кілті қайдан болсын. Қалтаға кілт те кейін салынды. Қалта сөзінің қолданыс ыңғайы фразеологиялық мағынада тым кеңейіп, мағыналық ауқымы күрделене түсті [1,159 б.]. Мысалы, ҚТФС-де келтірілген фразеологизмдер:



  • қалтасы қалың;

  • қалталы кісі;

  • қалтасы жұқару;

  • қалтаның түбі саяз;

  • қалтасын сөгу болса; соңғы кезде байлық, кедейлік ұғымдары туралы қалтасы қағылу (кедейлену), қалтаға басу (ұрлау), қалтасы көтермеу (жетпеу) сияқты фразеологизмдер жиі қолданылады.

Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мазмұнының кеңдігі, тілінің өткірлігі, мағынасының тереңдігімен ерекшеленетін тіліміздің сарқылмас қазынасы мақал-мәтел, тұрақты тіркестердің ақпарат құралдарында орны ерекше екені сөзсіз. Өйткені сөз өнері - уақыт озған сайын құны артпаса, арзымас асыл мұра.

Баспасөз адамды рухани байытады, сондықтан газет материалдарын адал айтып ақ сөйлеп, қара қылды қақ жарған әділ, сөзге сараң, мазмұнға бай етудің бір жолы - халық даналық сөздерін білгірлікпен, өз жүйесін тауып қолдана білу. Өйткені, газет бетін ең алғаш ашқанда, оқырманның назарын, көңілін аударатын тұс - мірдің оғындай өткір, нысанаға дәл тиетіндей сәтті, табылған тақырып. Ал тақырып ретінде асыл қазына, ұшан-теңіз байлығымыз тұрақты тіркес, мақал-мәтелдерді орынды пайдалана білу жұрт назарын бірден аударады. Мұнан ақпарат құралдарының еш ұтылмасы анық.

“Мәртебелі тіліміздің қажеттілік категориясы қанша шектеулі болып келді десек те, ұлттық басылымдар өз есесін жіберіп жатқан жоқ. Барлық басылымдарда айдарлар қазақшаланған жоқ, бүтіндей қазақыланды” [2, 375 б.] деп журналист С. Шүкірұлы айтқандай, өткен ғасырдың соңғы онжылдығынан бастап қазақ басылымдарының саны жағынан да, сапасы жағынан да көп өзгергені, көп өскені байқалады. Сол өзгеріс, сол өсу неден байқалады?

Еліміздің егемендік алуына байланысты қазақ басылымдары бұрынғыдай санаулы емес, тәуелсіз басылымдармен толыға түсті. Кеңестік кезеңде “Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!” деген ұранмен шығып, орталықтың идеологиясын насихаттаған қазақ баспасөзінің әрқайсысы бүгінгі күні өздерінің арқалаған жүгі, айтар ойына байланысты сырт келбетін де өзгерткен. Бұрынғы “Социалистік Қазақстанның” “Егемен Қазақстан” болып, республика елтаңбасымен шығуы, “Лениншіл жас” газетінің “Жас алаш” атына иеленуі, “Қазақ әдебиеті” газетінің әдебиетіміздің атасы Абай бейнесімен, “Ана тілінің” Ахмет Байтұрсыновтың бейнесімен қатар лингвист-ғалымның тіл туралы қанатты сөзімен, тәуелсіз басылым “Заң” газетінің - “Тура биде туған жоқ” нақыл сөзімен, халықаралық басылым “Түркістанның” Мағжан Жұмабаевтың әйгілі “Түркістан - екі дүние есігі ғой” деген жолымен өлеңі шығуы басылымның ішкі мазмұнынан, айтар ойынан хабар беріп тұрғандай. Мұның өзі басылымдардың сырт келбеті (дизайн) мен ішкі дүниесінің үндестігін көрсетсе керек.

Газеттің ішкі мазмұнынан хабардар етуде газет айдарларының маңызы ерекше. Қазіргі басылым беттерінен “Толғауы тоқсан қызыл тіл”, “Тіл-қазына”, “Тәржімәлік тәжірибелер” (“Қазақ әдебиеті” газеті), “Оймақтай ой”, “Дүбірге толы дүние” (“Жас Алаш” газеті), “Қыжыртпа сөз”, “Алдаспан” (“Жас алаш” газеті) т.б. көптеген “қазақы” айдарларды кездестіруге болады. Бұл - журналистердің не нәрсені болса да ұлттық ұғыммен беруге деген ұмтылысын көрсетеді.

Ақпарат көзі болып табылатын басылымдардың көпшілікке ақпаратты жеткізіп қана қоймай, тілдік қорымызды соны сөздер, жаңа қолданыстармен толықтыруда да қызметі ерекше. Оған баспасөз арқылы тілімізге кейінгі жылдарда еніп, сіңісті болып кеткен отбасы, құжат, елбасы, ұшақ, әнұран, елтаңба, бағдарлама, өркениет сияқты көптеген сөздерді мысалға келтіруге болады.

Баспасөз санының көбейіп, еліміздің нарықтық экономикаға өтуі баспасөз арасында бәсекелестікті туғызды. “Публицистикалық шығармалардың мақсаты - белгілі бір оқиғаны тартымды фактімен, білімдарлықпен шебер суреттеу және оқырманға мәнерлі тіл өрнегімен эмоциялық әсер етуі белгілі” [3, 132 б.] дегендей кейінгі жылдары басылымдардың оқырманды өзіне көбірек тарту мақсатында ақпаратты әсерлі етіп жеткізуге бұрынғыға қарағанда әлдеқайда көбірек көңіл бөле бастағаны байқалады. Мұндай жағдайда журналистер үшін “сөзді жандырып, тілімізге өткірлік сипат, ұлттық ажар беретін” [4, 94 б.] фразеологизмдер, мақал-мәтелдер – таптырмас құрал. Сондықтан да болар, қазіргі басылым беттерінен тіл қазынасы – фразеологизмдерді, фразеология аясында қарастырылып жүрген мақал-мәтелдерді де көбірек кездестіруге болады.

Зерттеушілер тілімізде фразеологизмдерді қолданудың екі түрлі тәсілі бар екенін айтады:



  1. Фразеологизмдердің жалпыхалықтық формада қолданылуы.

  2. Фразеологизмдердің өзгертіліп, авторлық өңдеумен қолданылуы [4, 95 б.].

Қазіргі баспасөз беттерінде жалпыхалықтық формадағы фразеологизмдер жиі қолданылады.

Мысалы 1.Астана қаласы құрылысы Қазақстан экономикасының тамырына қан жүгіртті. 2. Қазақстанға табан тіреген оралман қазақтар саны 500 мың көрінеді (“Жас Алаш” газеті, 15.12.01ж.). Кейде бір сөйлем ішінде мағынасы бөлек фразеологизмдердің қатар келуі де кездеседі. Мысалы: Ақыры Сеулге жетіп сан соғып, қожайындарының қанжығасына байланды (“Жас Алаш” газеті, 15.12.01ж.).

Жоғарыдағы мысалдардан басқа да жалпыхалықтық формадағы фразеологизмдердің баспасөзде жиі кездесуі олардың өміршеңдігін, баспа сөзде ақпаратты ұлт ділі, ұлт болмысы тұрғысынан берудегі тіл құралының ең бір тиімді тәсілі екенін көрсетеді.

Әдетте, фразеологизмдердің өзгертіліп қолданылуы көбінесе ақындардың өлең өлшемдерін құруда, жазушылардың кейіпкер образын ашуда қолданатын тәсілі көркем шығармаға ғана тән деп саналатын. Бірақ қазіргі кезде баспасөздің ақпараттық қызметінен гөрі әсер ету қызметі асып түсіп жатқан бәсеке заманында нақты бір стильдік мақсатқа байланысты фразеологизмдер мен мақал – мәтелдердің әр алуан өзгеріспен берілуінің жиі кездесуі бұл тәсілдің баспасөзге де тән құбылыс екенін көрсетеді.

Сонымен, баспасөзде фразеологизмдерді өзгертіп беру тәсілдеріне толығырақ тоқталайық.

Фразеологизмдер “ешқандай артық сөзді көтермейтін, бас-аяғы бүтін” сөз тіркесі дегенмен де, кейінгі кезде қалыптасқан фразеологизмдердің арасына сөз сыналату, сөз салу тәсілі жиі кездеседі. Мысалы: 1. Егемендігіміздің алғашқы кезеңіндегі әрі-сәрі шақтан қалып, аяқ шырмауықша оралған кедергілер де бар (“Айқын” газеті, 17.09.01).

Автор осындағы қалыптасқан “аяққа оралу, “төрт аяғынан ақсау” тіркестерінің арасына “шырмауықша”, “бірдей” сөздерін сыналата отырып, айтар ойын әсерлі жеткізе білген. Сондай-ақ фразеологизмдердің соңғы сөздерін немесе екі компоненттерін өзгертіп беру де кездеседі. Бұл- әсіресе, фразеологизм аясында қарастырылып жүрген мақал-мәтелдерді өзгертіп беруде жиі кездесетін тәсіл.

Мысалы: 1. Төртеу түгел болса, төбедегі қаржы түседі («Айқын» газеті, 1997). 2. Құда – мың жылдық, депутат қанша жылдық? (“Жас Алаш” газеті, 6.07.04). Автор халыққа белгілі “төртеу түгел болса, төбедегі келеді” және “құда-мың жылдық, күйеу-жүз жылдық” дегендерді айтар ойына байланысты соңғы сөздерін, яғни екінші компонентін өзгертіп берген. Баспасөздегі фразеологизмдерді өзгертіп, жаңартып беруде ой дәлдігін арттыра түсуде бұл тәсілдің орны ерекше.

Фразеологизм компоненттерінің бірін мәндес сөзбен беру тәсілі де кездеседі. Мысалы: Осы жәйттер арқаңды аяздай қариды (“Айқын” газеті, 8.09.01). Ал осындағы “жанына батты” деген мағынаны білдіретін тіркес қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде (ҚТФС, 46-бет) “аяздай батты” деп берілген.

Ал енді “Дұшпан не бермейді, түске не кірмейді” (“Айқын” газеті, 2001) дегендегі алғашқы тіркес көпшілікке белгілі. Екінші тіркестің қалыпты үлгісі – “тауықтың түсіне тары кіреді”. Автор осы тіркесті алдыңғы тіркестің екінші сыңарының орнына дұрыс қолданып, дұрыс икемдей білген. Екі тіркес бірігіп, ұласып, бір мағынаны білдіріп тұр. Баспасөзде авторлардың үнемдеу, ойды ықшам беруде өз алдына жеке мағынасы бар тіркестерді біріктіріп беру тәсілі де жиі кездеседі.

Баспасөз беттерінен фразеологизм мен мақал-мәтелдердің негізгі идеясын ала отырып, өзгертіліп қолданылған түрін де кездестіруге болады. Мысалы: Ұрлық етсең қорықпай, тояды қарның торықпай (“Жас Алаш” газеті, 1998) дегеннен автор ұрлыққа шақырып отыр деген ой тумаса керек. Керісінше, автор мақалада айтылар ойға байланысты “ұрлық түбі-қорлық” дегенді мысқыл, кекесінмен жеткізе отырып, онан да “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” (Абай) деген ойды айтады.

Жоғарыда келтірілген мысалдар белгілі бір стильдік мақсатқа орай фразеологизмдердің мағына тұтастығы, тіркес тиянақтылығы, қолданылу тұрақтылығы қасиеттерін сақтай бермейтіндігін көрсетеді. Фразеологизмдердегі өзгеріс әр түрлі стильдік мақсатқа байланысты. Мысалы, кейде фразеологизмге қосымша мағыналық реңк, кейде, ойды әсерлі етіп жеткізу үшін, енді бірде фразеологизмдердегі жаттандылықтан қашып, өзгеше өң, басқаша сипатпен беруге байланысты мақсаттан туындайтынын көрсетеді. Ал енді фразеологизмге өзгеріс енгізіп айтар ойды дәл, ұтымды, әсерлі жеткізе білу автордың шеберлігіне байланысты.

Өкінішке қарай, баспасөз беттерінен ешқандай стильдік мақсатқа сай келмейтін, орынсыз өзгертілген фразеологизмдерді де кездестіруге болады. Мысалы: “Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса” деген мәтелді “Жас алаш” газеті “Кеденшінің еркі бар қайдан құлақ шығарса” деп беріпті. Кеден қызметіндегі келеңсіздіктерді көрсету, сынау дұрыс шығар, бірақ осындағы “қазаншының” деген сөзді барлық мамандыққа байланысты өзгерте берген дұрыс бола қоймас.

Шығындап шетел асып, тас маңдайы тақтайға тиіп жатқандар жайлы жазылып жатыр (“Жас Алаш” газеті, 15.12. 01) деген сөйлемде автор көрсетілген қос фразеологизмдер, яғни “тас маңдай”- сорлы, бақытсыз және “маңдайы тасқа тиді”- беті қайтты, тауы шағылды, қиыншылыққа тап болды деген тіркестерден бір тіркес жасап отыр. Мұнда автор қайталаудан қашқанмен де “тақтайға” сөзін жөнсіз қолданып отыр. Осы сөз (“тақтайға”) арқылы автор қалыпты тіркесті бұзып қана қоймай, айтар ойын да әлсіретіп алғандай.

Жоғарыда келтірілген мысалдар фразеологизмдерді өзгертіп беру тәсілінің кейінгі кезде баспасөзде кең өріс алғанын көрсетеді. Бұлардың ішінде арқалар стильдік жүгі бар орынды өзгертулер де, тілдік нормаға сай келмейтін орынсыз ауытқулар да кездеседі.

Ал “фразеология – тіл мәдениетін арттырып, шеберлікке үйрететін сөз өнерінің асылы” дейтін болсақ, фразеологизмдерді айтар ойына байланысты ұтымды қолдану журналистерден үлкен жауапкершілікті талап етсе керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:


1. Сыздық Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: Арыс, 2004. – 283 б.

2. Болғанбайұлы Ә., Қалиев Ғ. Қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. – Алматы, 1991.

3.Серғалиев М. Синтаксис және стилистика. – Алматы, 1997.

4. Қайдар Ә. Тысяча метких и образных выражений. – Астана: Білге, 2003.

–367 с.

Резюме
Особенности применения фразеологизмов в СМИ
В условиях информационного рынка, жесткой конкуренции, борьбы за читателя СМИ стремятся как можно привлекательнее «упаковать» свою продукцию, т.е. преподнести информацию наиболее яркой, характерной, запоминающейся форме. Таким образом, целью нашей статьи является выявление закономерностей и характерных особенностей употребление фразеологизмов в языке газет и журналов.
Summary
Peculiarities of use of phraseologies in mass-media
Due to development of science and technique the different kinds of changes happened in society has left its track. In this connection the phraseologies commonly familiar to people are under using in specific way in mass-media.

Nowadays the importance of peculiarities in use of artistic methods in mass-media including its everyday role in mass-media is great.



The article touches upon methods of the particular use of phraseologies. It also considered their kinds by means of examples.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет